Главная страница
Навигация по странице:

  • Түркістан автономиясы

  • 2 Алаш автономиясы

  • 1 Ақпан төңкерісі

  • 3 Тркістан Автономиясы немесе оан автономиясы


    Скачать 31.81 Kb.
    Название3 Тркістан Автономиясы немесе оан автономиясы
    Дата25.12.2021
    Размер31.81 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файладәріс 3.docx
    ТипДокументы
    #317553

    3 Түркістан Автономиясы немесе Қоқан автономиясы — Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында 1917 жылы 28 қарашада Ресей мемлекеті құрамында құрылған автономиялы мемлекет. Оның өмірге келуіне кеңестік биліктің Түркістан халықтарының өзін-өзі басқару құқығын мойындамауы түрткі болды. 1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні Ташкентте өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі өлкеде кеңес билігінің орнағанын, соған байланысты Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесінің құрылғанын, өлкедегі биліктің ендігі уақытта соның қолына өтетіндігін мәлімдейді. 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің отаршылдық сипатын танытқан оқиға болатын. Бұған жауап ретінде қүрамында Мұстафа ШоқайМахмұд Бехбудий, т.б. бар "Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі" 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды. Үш күнге созылған съезд 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұра¬тын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар болатын. Кеңес құрамында, сондай-ақ мұсылмандар съезі сайлаған өкілдермен бірге, каланың өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік "еуропалық" ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. Түркістан Уақытша Кеңесі 12 орыннан тұрған Түркістан автономиясының Уакытша үкіметін бекітті. Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылман, орыс, т.б. тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Сонымен, 1917 жылы қарашада Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндігін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық негізде құрылып, жергілікті халықтардың өзін-өзі бас¬қару құқығын баянды ету басты мақсаты екендігін жариялады. Түркістан Уақытша үкіметінің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышпаев, Ӏшкі істер министрінің орынбасары болып заңгер Ә.Оразаев бекітілді. Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Көп ұзамай Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен карсы алып, оған қолдаушьшық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Алаш автономиясы жарияланғанға дейін Түркістан автономиясы құрамында болатындығын білдірді. Халық зор үміт артқан Түркістан автономиясын 1918 жылы 2 ақпанда Кеңес үкіметі қарулы күшпен таратып, оның бірнеше мүшелерін тұтқынға алды.[1]

    2 Алаш автономиясы (Alaş avtonomïyası) (1917—1920) — 20 ғ. басында қазіргі Қазақстан Республикасы жерін мекендеген қазақ республикалық мемлекеті.[1]

    Алаш автономиясы — 1917 ж. 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде жарияланған қазақ халқының ұлттық-терр. мемлекеттігі. Съезд қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын ... және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуін мүмкін деп ойлап ... съезд бір ауыздан қаулы қылады:

    • Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;

    • Қазақ автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;

    ... Қазақ арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады ...

    Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады (“Сарыарқа” газеті. Семей. 1918, 25 қараша). Съезд Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) Ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Милицияны құру мақсатын съезд былай деп анықтады: “ ... осы күнде мемл. ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін ... ешбір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісуі тиіс ...” (“Сарыарқа”. 1918, 25 қаңтар, 29). Сонымен, съезд Алаш автономиясын құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Алаш автономиясының бастау көздерінде тұрған, 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков бұл туралы былай деп тебірене жазды: “... желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. (“Сары арқа”, 1918, 22 қаңтар).

    Ұлттық-терр. қазақ автоном. мемлекетін құруда съезд делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде алауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемл. құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді. Бүкілқазақтық 2-съезде автономияны жариялау мерзімі жөнінде қызу айтыстар болды. Бұл айтыстардың негізінде қазақ автономиясын жариялауға байланысты өлкені мекендеген қазақ емес халықтардың (ең алдымен орыстардың) пікірін білу және жариялауға тиісті автономияға Түркістан өлкесін мекендеген оңт. қазақтарының қосылу-қосылмау мәселесін нақтылы шешу қажеттігі жатты. Бұл мәселеде бір-біріне қарама-қайшы екі бағыт қалыптасты. Бір бағытты Ә.Бөкейханов басқарды. Оны жақтаушылар съезде өкілдері болмаған Қазақстанды мекендейтін орыстардың еркін білмейінше автономия жариялауды кідірте тұру қажет деді. Ж.Досмұхамедов бастаған Орал облысы мен Бөкей Ордасының өкілдері автономияны дереу жариялауды қажет деп санады. Дегенмен ұлттық, жалпыхалықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Ә.Бөкейханов пен Ж.Досмұхамедовтың жақтастары Алаш автономиясын жариялау мерзімі туралы ортақ, ымыралы келісімге келді. Екі жақтың көзқарастарын жақындатуға алғашында бүкіл қазақ жерін Түркістан (“Қоқан”) автономиясының құрамына енуін жақтаған, ал соңынан бұл пікірінен бас тартқан Мұстафа Шоқай оңды рөл атқарды. Съезд қабылдаған ымыралы қаулының негізгі баптары мыналар еді:

    1. Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып алса-алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді...

    2. Егер бір айдан кейін Алаш баласы (қазақтар - К.Н.) қосылмаса һәм қалған Алашқа иғлан (жария - К.Н.) етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді.

    3. Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін.

    2-бүкілқазақ съезі Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмау мәселесін талқылау үшін Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тапты және оған өз өкілдері ретінде Бақыткерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Тұрағұл Құнанбаевты жіберуге ұйғарды. Осы мәселеге байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай біріккен мәлімдемеге қол қойды. Мәлімдеме “Қазақ” газетінің 1917 жылғы желтоқсанның 18-індегі 255-і санында жарияланды.

    Большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметі ұлттық-мемл. құрылыс мәселелерін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше ұлттық бірлік, терр. тұтастық принциптерін таңдады. Ә.Бөкейханов 2-жалпықазақ съезінің қазақтың автономиялы ұлттық-терр. мемлекетін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп кейінірек (1919 жылғы 11-і ақпан) былай деп мәлімдеді: “съездің бұл шешімдері қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады ... Сол кезде Россияда орын алған жағдайда қазақтардың жариялаған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы — большевизммен күрес тұрды”. Азамат соғысы жылдарында большевиктер басқарған Кеңес үкіметіне қарсы күресте Алашорда үкіметі жеңіліс тапты. Нәтижесінде жеңіске жеткен Кеңес үкіметі Алаш автономиясын және оның үкіметі Алашорданы тарих сахнасынан күштеп кетірді.[2]

    1 Ақпан төңкерісі — 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша үкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан төңкеріс. Ақпан төңкерісінің жеңісі саяси жүйенің жоғарғы сатысы — республикалық құрылысқа көшуге жағдай туғызумен қатар отаршыл жүйенің күш-қуатын әлсіретуге де мүмкіндік берді. Ақпан төңкерісі нәтижесінде ресми билікті қолына алған Мемлекеттік Думаның шешімімен құрылған Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы өзін-өзі билеуге құқықты болғандығын мойындады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау экспедицияларының әрекеттері тоқтатылды. Ақпан төңкерісінің жеңісінің ең маңызды нәтижесі бұрынғы Ресей империясы аумағында кең көлемде саяси бостандықтар орын алып, бүкіл қоғамдық өмірдің демократиялануы болды. Бүкіл аймақта буржуазиялық мәндегі бостандықтар (саяси ұйым құру, сөз, баспасөз т.б.) жүзеге асырыла бастады, жасырын түрдегі партиялар жариялық жағдайға шықты, жаңа партиялар мен басқа да саяси ұйымдар құруға рұқсат етілді. Алайда Ақпан төңкерісі жеңісі қоғамдық өмірдің барлық мәселелерін шеше алған жоқ (мысалы, соғыс және жер мәселелерін). Ақпан төңкерісі монархияны құлатқанымен жер-жердегі ескі басқару аппаратын түбегейлі жоя алмады. Жаңа үкімет органдарын құру үшін күрес күрделі болып, ұзаққа созылды. Жер-жерлерде буржуазияшыл Уақытша үкіметтің органдарымен қатар орталықта Петроград кеңесі басқарған жұмысшы, солдат және шаруалар Кеңестері құрылды. Революция жеңісіне жеткеннен кейінгі алғашқы күндерде Кеңестердің қолында айтарлықтай күш болды. Елде қос үкіметтілік (ресми Уақытша үкімет және оның жергілікті жүйесі мен нақтылы күшке ие болған Кеңестер) жүйесі қатар орын алды.

    Уақытша үкімет Ресей империясының Қазақстан сияқты отар аймақтарында кадеттерден, эсерлерден және өзінің саяси бағытын жүзеге асыруға сенімді деп табылған қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының жекелеген өкілдерінен өлкелік, облыстық және уездік комиссарларын тағайындады. Мысалы, Ә.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы, М.Тынышбаев Жетісу облысындағы комиссарлары болып тағайындалса, М.Шоқай, А.Бірімжанов, А.Кенесарин Түркістан өлкесі мен Торғай өңіріндегі Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жауапты қызметтер атқарды. Қазақстанның облыс, уезд орталықтарында Уақытша үкіметтің жергілікті органдары — атқару катеттер, коалициялық катеттер, азаматтық катеттер жүйесі қалыптасты. Олар негізінен жергілікті орыс буржуазиясының, кәсіпкерлердің, банкирлердің өкілдерінен құрылып, кадеттердің, эсерлердің және соларға жақын саяси партиялар мен қозғалыстардың мүшелері болды. Уақытша үкіметтің өлкедегі ұлттық тірегі 1917 жылғы наурыз айынан құрыла бастаған қазақ және мұсылман катеттері болды. Олар негізінен сол жылғы шілде айында қазақтың ұлттық Алаш партиясын ұйымдастырған Ә.Бөкейханов басқарған ұлттық-демократиялық интеллигенцияның жетекшілігімен құрылды.

    Ақпан төңкерісі жеңіске жетісімен ұлттық-демократиялық қозғалыс (1917 жылы шілдеден — Алаш қозғалысы) басшыларының халыққа ұсынған саяси бағдарламасы жалпы алғанда түбірлі түрде Уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болған кадеттер партиясының ел басқарудағы бағытына қайшы келген жоқ. Сондықтан да ұлттық-демократиялық интеллигенция басшылары Уақытша үкіметке қайшы келетін жолды ұстаған кеңестерге әуел бастан-ақ оң көзқараста болмады, олардан өз іргесін қашығырақ салды. Кейінірек, Кеңестер жаппай құрылып, Уақытша үкіметке ашық қарсы шыға бастаған кезде қазақтың ұлттық-демократиялық қозғалысы күрделі жағдайға душар болды.

    Қосөкіметтілік өзінің дүниеге келуі арқылы 1917 жылы Ақпан төңкерісінің ішкі қайшылықтарын бейнеледі, елдің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақсыз екенін көрсетті. Мұндай жағдай ұзаққа созылмайтын еді: ерте ме, кеш пе, қосөкіметтілік жойылып, барлық билік буржуазия мен оның одақтастарының мүддесін қорғайтын Уақытша үкіметтің немесе 1917 жылғы көктемде әлеуметтік және ұлттық езгінің ауыртпалығын көтерген халықтың басым көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардың айтарлықтай бөлігінің сеніміне ие болған Кеңестердің қолына көшуге тиіс еді. Ақырында Ақпан төңкерісінен басталған саяси тұрақсыздық Қазан төңкерісіне ұласып, Уақытша үкімет биліктен тайдырылды.[1]


    написать администратору сайта