Главная страница
Навигация по странице:

  • "Абайдың алдына барғанда дауыңды ұмытып, оның сөзінен жаныңа дауа тауып қайтасың" дейді екен замандастары.

  • Теріс пікір ( Абай шешен емес )

  • Абай шешен ба. Абай шешен ба О пікір (Абай шешен)


    Скачать 20.28 Kb.
    НазваниеАбай шешен ба О пікір (Абай шешен)
    Дата27.12.2022
    Размер20.28 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаАбай шешен ба.docx
    ТипДокументы
    #866170

    Абай шешен ба?

    Оң пікір (Абай шешен)

    Абайдың ұлы ақын екенін қазақ та, басқа да мойындайды. Ал енді бір аян жағы - Абайдың шешендігі туралы пайымдаулар олқы жатқан жоқ па? Ақынның бәрі - шешен бе, шешеннің бәрі - ақын ба? Арғы-бергіні шолып көрелікші. Бұл сұраққа жауап біреу: басқаны білмеймін - Абай әрі шешен, әрі ақын. Айыптап, талдап көрсек, Абайдың шешендігі озық тұрғандай. Оның әр өлеңі - ғақлия, әр ғақлиясы - өлең, Абайдың ақындығы - оның шешендігінің көрінісі. Абайша төгілдіріп айтатыны, сөзінің салмақты ырғағы, ұйқасы қиналмай, еркін келетіні - ақпа шешендігі.

    Реті келгенде, Ахмет Байтұрсыновтың Абай ақындығы туралы пікірін еске салайық: Ахаң Абайдың ақындығына шек келтірмей, жоғары бағалай тұрып, "ұйқас жағынан кемшіліктері бар" демеуші ма еді? Бұған дау айтпайық. Ұйқас кемшіліктерін ой басып кетіп отыратыны шешендіктің құдіреті ғой. Шешендік ойлантпайды. Көмейге келген сөз бұғып қалмайды, айтылып қалады. Абай дәстүрінде жазылып қалады.

    Абай - шешен. Абай - әлденеше қым-қуыт дауды қыздырмаға жеткізбей тап басып шешімін тапқан әділ қазы. "Абайдың алдына барғанда дауыңды ұмытып, оның сөзінен жаныңа дауа тауып қайтасың" дейді екен замандастары. Абайдың шешендігі талай топтағы билігі жөнінде М. Әуезов те, басқалар да аз айтпаған.

    Нағашым "Ер Қазыбек" дейді Ақылбай. Нағашысы Қаз дауысты Қазыбек екенін Абай да біледі. Міне, Абайдың шешендік қасиетінің нәрі қайда жатыр.

    Абай мен Қазыбекті, Қазыбек пен Абайды қиыстыру әрі оңай, әрі қиын. Оңайы - Абайдың арғы нағашысы Қазыбек. Қиыны - Абай жазып қалдырған мұраларда Қазыбек есімі аталмайды. Билер мен хандар қаѕарға ұшыраған коммунистік сенім-наным заманында бұғып қалған бұл ақиқатқа дл қазір неге жарық сәуле түсірмеске?! Демек, Абай нәрленген шығыс, батыс, тағы басқа қайнарлардың ішінде ерекше бір қастерлісі, ана сүтімен келген қасиеті - Қаз дауысты Қазыбектен!

    Абайтану ғылымының білгірі Мұхтар Әуезовтің сөзінше, ұлы Абай тек қана халық арасында кең тараған ертегі, жыр-дастандарды тыңдап, өз дәуірінде жарық көрген кітаптарды оқумен шектелген жоқ. Өз заманына дейінгі би-шешендердің де сөзін құлағына құйып өскен. Сондай сөзге ділмар, өзі дүлдүл шешеннің бірі – Жанқұтты Ботантайұлы. Сонымен, атақты Шабанбай биден бата алған Жанқұтты кім? Жанқұтты Құнанбайдың замандасы әрі жақын сырласы болған. Енді осыған тоқталсақ, көненің көзіндей, көмескіленген сөзіндей болған тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарсақ…

    Жанқұтты шешен бірде Құнанбай ауылына қонаққа келгенінде Абаймен жауаптасып, бала Абайдың болашағын болжап, батасын беріпті деседі. Ел ауызында кең тараған әңгіме былай өрбіпті: «Аға сұлтан Құнанбайдың үйінде мейман болып отырған Жанқұттыға ауыл молдасынан сауат ашқан, өзі алғыр бала Абай сәлем бере келеді. Құнанбайдың өзі тапқыр, өлең шығаратын баласы туралы естіп жүрген Жақсы Жанқұтты баланы шақырып, қасына отырғызып алғаннан кейін сауал тастайды:

    Шырағым, дүние неге сүйенеді?

    – Дүние үмітке сүйенеді.

    Көздің көрмесі бола ма?

    – Көз қабағын көрмейді.

    Шам жарығының түспесі бола ма?

    – Шам жарығы түбіне түспейді.

    Болат пышақтың кеспесі бола ма?

    – Болат пышақ өз сабын кеспейді.

    Тамағына тартпайтын махлұқат бола ма?

    – Өз тамағына тартпайтын махлұқат болмайды.

    Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрайды. Сонда Абай:

    Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,

    Талпынған мен балапан ұядағы.

    Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,

    Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

    Көз көруі жетпейді қабағына,

    Шам жарығы түспейді табанына,

    Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,

    Махлұқат тартпай қоймас тамағына, – деп жауап береді. Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін, Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті».

    Ұлы Абай – би әрі дала заңгері. Абайдың 15 жасынан бастап сот талқылауларына қатыса бастағаны мәлім. 20 жасында от ауызды, орақ тілді шешен және дала әдет-ғұрыптарын жетік білетін ділмар атанады. Кейіннен көп жылдар бойы би болып, болыс қызметін атқарды. Сонымен қатар Абайдың бірнеше рет уездердің өкілдері арасында делдал-бітімгер, яғни Төбе би болып сайлануы – оның беделді би болғандығының бірден-бір дәлелі.

    Би ретінде істі қарау кезінде Абайдың әдет-ғұрып құқығын жетік білетіні танылды, ол істі егжей-тегжейлі қарауға және оған әділ төрелік айтуға тырысты.

    Абай өз заманында заң шығарушы ретінде де танымал болды. Демократ, жаңашыл ақын әдет-ғұрып құқығы реформасының жобасын ұсынды. Оны Орта жүздің барлық ру басылары қолдады.

    Баянауыл өлкесіндегі белгілі шежіреші, әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ақыл кеңес алу үшін келіп тұрды. Бұл туралы М. Әуезов: “Әділдігі сонша, Абайға досынан гөрі, дұшпаны көбірек билік айтқызған”, – дейді. Сонымен қатар, Абай әйелдердің құқықтарын қорғаған. Абай ешқандай да ресми тұлға болмай тұра, үшінші би ретінде қиын дауларды шешуге қатысқан. Ол мұндай істерге кінәсіз, қарапайым халықты құтқару үшін, осы күрес отына май құйып отырғандарды басу үшін барды. Абай руластарымен дауға түскен кейбір рубасылары төрелік сұрап Абайға келген. Абай заманының ең әділ төрешісі саналған.

    Шенеуніктер арасындағы беделі. Сол кездегі Семей облысының губернаторы, генерал майор Карповтың 1893 жылғы 11 қыркүйектегі №55 бұйрығына сәйкес Шыңғыс болысына болыстық қызметке Абай Құнанбайұлы 1893-1896 жылдар аралығына тағайындалған. Бұл құжат 3 тармақтан тұрады. Үшінші тармағында Шыңғыс болысына болыстық қызметке Ибрагим Құнанбаев, кандидаты Әзімбай Тәнірбердин сайланды делінген. Орыс әкімдері де ел ішінде беделді Абаймен санасқан.

    Теріс пікір (Абай шешен емес)

    Енді Абайдың сөз саптау, шешендік өнеріне терең үңілсек деймін. Абай айтқан әрбір сөз қазір де өзінің құндылығын жойған жоқ. Ақынның әрбір сөзін ой елегінен өткізе отырып, Ұлы ойшылдың құдды бір болашақты болжай алатындай қасиеті болды ма екен деген ойда қаласың. Иә, Абай айтқан әрбір сөз сүйегіңді сырқыратып жіберетіні хақ. Әсіресе, еңбектенуге, білім алуға, бірлікке үндейтін сөздері терең ойға еріксіз батырады. Дегенмен, сөзге шешен бола тұра Абай да сөзден жеңілгенін біреу білсе біреу білмесі анық.

    Кезінде би әрі болыс болған, шешендік өнері өз алдына бір төбе хакім Абайдың басынан ондай да жағдайлар өткен. Бірде Абай өзінің нағашыларына бармаққа бекінеді. Сонда әкесі Құнанбай Абайға нағашыларының тапқыр, сөзге шешен екенін айтып, әр сөзіне абай болуын өтінеді.

    Бір күні нағашысы Тонтай екінті намазын обың-күбің оқып тез-тез бітіргені, әрі діни қағиданы бұзып аяттарын шатастырып оқығаны Абайға өрескел көрінеді де: – Нағашы, намаздың шариғат белгілеген қағидасын бұзып, төте тартатын жолы да болады екен-ау», — деп мысқылдап қойған сауалына нағашысы:

    – Иә, балам, бұл сұрауың өте орынды. Әрі сенің бұл айтқаның Имам шафиғының тар жолына жатады. Бірақ біз пір тұтатын Имам ағзамның жолы біреу-ақ, яғни әлем қандай кең болса, оның шариғаты да сондай кең. Анау-мынау ұсақ-түйек қателіктер кешіріле береді. Өйткені, ол қағида «аттың жалы», «түйенің қомы», «садақтың оғы» сияқты қатал, қатыгез емес, — деп көзін сығырайта, көлгірси, күле жауап беріпті. Абай ауылына қайтқан соң әкесіне: — Тонтайдың осынау ойланбастан айтқаны, әрбір атаумен атаған өте кескінді, әм зәрлі сөзі өкпеме найзадай қадалды, — депті.

    Құнанбай: – Я, бұл жұмбақ сөзді қалай түсіндің? — деп ызғарланған екен. Сонда Абай:

    – Шешімін әділдікпен тура айтсам, «Аттың жалы» дегені — Еңлік-Кебекті атқа сүйретіп өлтірткен қатыгез Кеңгірбай бидің билігі. «Түйенің қомы» дегені — Қодарды келінімен түйеге теңдеп өлтірткен билердің үкімі. «Садақтың оғы» деп өкіне айтқаны — Қалқаман-Мамырды садақпен тартқан Көкенайдың қаталдығы деп түсіндім. Бұл сөздер Тобықты еліне таңба боп басылғандай сезіндім, бармағымды тістей-тістей аттандым, — депті.» деп келтіреді ғалым өз жазбасында. Міне байқап отырғандарыңыздай, Абай осы сәтте нағашысына қарсы сөз айта алмай, сөзден жеңілгенін, Құнанбайдың ескертуі орынды болғанын аңғаруға болады. Құнанбай демекші! Абайды сөзден жеңген екі адам болса, соның бірі – Құнанбай. Әке баласын сөзден жеңгенін айтыскер Айтақын Бұлғақовтың мына бір өлең шумақтарына зер салып, әбден көз жеткізуге болады.

    Бір кездегі бала Абай Құнанбайға, өзінің ойын айтып келеді екен.

    — Әке, сізден оздым ғой білім алып,

    Сізден менің зейінім зерек екен.

    Құнанбай ашуланбай, жауабын салмақты түрде берген екен.

    — Құлыным, Құанбайдай болу үшін, Абайдай бала таптыр, деген екен. Бұл өлең жолдарынан да Абайдың сөзден жеңіліп, әке алдында ыңғайсыз жағдайға тап болғанын түсінуге болады. Сөздің төркінін алыстатпай, ақынға қатысты тағы да бір дәйекті сөзді келтіріп, ойымды қорытындылауға тырысайын. Бірде хакім Абайдан: — Бұл өмірде кімнен, неден жеңілдіңіз, — деп сұраған екен. Сонда ұлы Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деп ойланбастан жауап беріпті.

    Қорытынды

    Абайды күні бүгінге шейін ұлы ақын деп қарап келдік. Бұл орынды. Орынды болса да, жеткіліксіз. Ұлы ақын өлең сөзбен бейнелеген жүрек сырын, терең ойын тек арманы етіп қалдырмаған. Сол үшін күрескен. Шешендік, билік жолы оның халықтық сана-болмысты биіктетудегі негізгі құралы саналған. Абай – тұтас тұлға. Оның би атануы, биліктері – тұтас тұлғаның күрделі болмысының бір қыры. Ол «Ұлы дала» заңын үлкен қоғамдық күш деп санады. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп жазды.

    Абайдың ақындығын билік, шешендік өнерімен ұштастыра қарау міндет. Сонда ғана ұлы адамның ұлылығы биігінен көрінбек. Абайдың өмірбаянын, тарихтағы орнын оның би болып атқарған қызметінен бөліп қарау біржақтылық екендігі айқын. Абай биліктері мен билік шешімдерінен қазақ әдет-ғұрып ережелерінің сыр-сипаты, қасиеттері туралы, шешендігі үлкен іргелі билердің үлғісін, төртібін ұстаған Абай сияқты сырлы асыл сөздің иесі атанған, әділдігі мен адалдығы арқасында, ел намысын жоғары ұстаған жеке адамдардың – билердің тұлғасы көз алдымызда елестейді. Қаймағы бұзылмай тұрған ерікті, ерлікті, адам басын сыйлайтын ерте замандағы қазақ әдет-ғұрып заңдарының қоғам өміріндегі алған орнын сипаттайды.

    Сұрақ

    Бірде хакім Абайдан: — Бұл өмірде кімнен, неден жеңілдіңіз, — деп сұраған екен. Сонда Абай: «Сөз ұқпайтын ақымақтан күнде жеңілемін» деп ойланбастан жауап беріпті. Егер де сіздің ойыңызша дәл осы сұрақ Абай атамызға бүгінгі күнде қойылар болса, ол кісі «сөз ұқпайтын ақымақ» деп кімді меңзеген болатын еді?


    написать администратору сайта