Главная страница

Достық мектебі Тасқала ауд. Ғылыми жоба-2020 Ай санау. Адатпа азаты зіні жыл айыру, айкн санау жйесі бар. Халымызды айды тоысы мен амалын есептеп, ауарайын алдын ала болжай білген дстріні біз жете білмейтін, таныспаан жатары кп екендігі белгілі.


Скачать 137 Kb.
НазваниеАдатпа азаты зіні жыл айыру, айкн санау жйесі бар. Халымызды айды тоысы мен амалын есептеп, ауарайын алдын ала болжай білген дстріні біз жете білмейтін, таныспаан жатары кп екендігі белгілі.
Дата20.02.2023
Размер137 Kb.
Формат файлаdoc
Имя файлаДостық мектебі Тасқала ауд. Ғылыми жоба-2020 Ай санау.doc
ТипДокументы
#945998

Аңдатпа

Қазақтың өзінің жыл қайыру, ай-күн санау жүйесі бар. Халқымыздың айдың тоғысы мен амалын есептеп, ауа-райын алдын ала болжай білген дәстүрінің біз жете білмейтін, таныспаған жақтары көп екендігі белгілі. Соған байланысты жобаның тақырыбы ай санау қағидасының қыр-сырын зерттеп білуге деген құлшыныстан бастау алды.

Аннотация

У казахов издревле был свой календарь (восточный), своя система летосчисления. Недостаточно изучены многие моменты того, как казахи по рождению луны прогнозировали погоду. В своем проекте учащийся постарался исследовать определенные закономерности счисления месяцев и их особенности, изучая и используя наблюдения наших предков.

Мазмұны

Кіріспе________________________________________________ 3

1. Теориялық бөлімі

1.1. Ай санау_______________________________________________ 4

2. Ай есебі ___________________________________________ 4-7

2.1. Табиғат теңеуі __________________________________________ 7-9

3 Зерттеу бөлімі

3.1. Ай амалдары. Әдебиет оқулығындағы ай мезгілдері______ 9-11

3.2. Айың тусын оңынан_____________________________________ 12

3.3. Ай аттары. Арабша ай аттары____________________________ 12-13

4. Қорытынды____________________________________________ 13

5 Ұсыныс_________________________________________________ 14

6. Глоссарий _______________________________________________ 15

7. Пайдаланған әдебиеттер___________________________________ 16

Кіріспе



Халық уақытты анықтауда өзіндік бай тәжірибе жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын, соған лайықты сөз өрнектерін де таба білді.Жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын да ойластыра келтіре білді. [4]

Қазақтың өзінің жыл қайыру, ай-күн санау жүйесі бар. Қазіргі қолданыстағы күнтізбелердің талайынан артық. Сан ғасырдың тезінен өтіп, бек жетілген һәм қазақтың тұрмысы мен жер ыңғайына бейімделген ғажап жүйе! Осыны айдың-күннің аманында ұмыта бастадық. Ұлттық күнтізбенің бертін заманда – 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін халқымыздың күнделікті тұрмысында қолданылып келгені туралы деректер жеткілікті. Қазіргі кезде Айдың тоғысы мен амалын есептеп, ауа райын күнілгері білген былай тұрсын, «ұзын сары» мен «бес қонақтың» қашан келетінін біле бермейтін, білгеніміз елең қылмайтын болдық. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетелік, ай тоғысын қазақтың шаруашылық күнтізбесі десек, қателеспейміз. [1]
Жұмыстың мақсаты:
Далалық білімді адамдар айлардың шаруашылыққа, тұрмыс қажеттілігіне жұлдызнамалық маңызы бар деп есептеген. Айдың туу, тоғысуы, аралық шағын байқап, бағамдап отыратын қазақ халқының көріпкелдері, жұлдызшылары қай кезде ауа-райының қандай болатынын дәл тауып, айтып берген. Сол дәстүрді ұмытпай, қайта жалғастыру – біздің мақсатымыз.



Жұмыстың міндеттері:

  1. Ай санау тарихына зер салу

  2. Ай амалдарын бір-бірінен ажырата білу

  3. Әдебиет оқулығынан ай есебі туралы тақырыптарды тауып, талқылау

  4. Ай санаудың пайдасын білу

  5. Халықтың ұғымы мен салт санасына сай дәстүрді насихаттау


Зерттеу жұмысының өзектілігі :
Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға сәйкес болжамдар мен атаулар жөнінде ізденіп, талдау жасау, үйрену.
Зерттелетін зат:
Қазақ халқының ай санау (ай есебі) дәстүрінің қазіргі өмірімізге, шаруашылығымызға пайдасын зерттеу.


Теориялық бөлімі

Ай санау

«Көшпенді өмір сүретін, мұсылман болмаған түркілер жылды төрт маусымға бөліп, әр үш айды бір атпен атайды. Жылдың өтеуін сол тәсілмен белгілейді... Ай – отыз күннен тұратын уақыт өлшемі.» (Махмұт Қашқари). [4]

«Жылым – қой, жұлдызым – июль» (Шәкәрім). Халық жылды он екі айға бөледі де оны «ай санау» - деп атайды. Бұл тым ертеде қалыптасқан дәстүр. Әр айдың атаулары жыл мезгіліне, табиғат құбылыстарына, халықтың ұғымы мен салт-санасына сай белгіленген. Мұның шаруашылық, экономикалық, астрологиялық жағынан да маңызы бар екенін дала ғұламалары тағы ескерген. Ежелгі астрономиялық бағдарда әр айға сәйкес жұлдыз аттары да бар. Ол «Жұлдыз, ай» деп аталады. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазіргі айларды жұлдыз, ай атымен де атай береді. Әр айда табиғат құбылыстары мен өзгерістері де жиі болады. Халық оны «ай амалдары» немесе «амал» деп атап, желді, суық айларда қауіптеніп, оған қарсы күтініп отырады. Оны білетін халық есепшілері болған. Олар ауа райын дәл болжап, біліп, хабарлап отырған. Елімізде ай да, жыл да наурыз айынан басталады. Қазақтар қыркүйек, тамыз, желтоқсан, мамыр тағы басқа ай аттары сол мезгілдердің өзіндік қасиеттеріне сай келеді. Халық әр айға сәйкес ұлттық ұғымдар, наным-сенімдер, мақал-мәтелдер қалдырған. Мысалы « сәуір болмай – тәуір болмас», «қараша-қауыс, кәрі құртаңды тауыс», «күн қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады», « сүмбіле туса – су суыр», [5]
Сәуір болса, күн күркірер,

Күн күркіресе, көк дүркірер.
Кешкі күн құлақтанса,

Қатының ұл тапқандай сүйін

Ертеңгі күн құлақтанса,

Еліңді жау шапқандай күйін. [6]
Ай есебі
Ай есебі (Ай санау) – дәстүрлі ортада таралған күн қайырудағы, уақыт санаудағы халықтық астрономияға негізделген бірлік атауы. Қазақ есепшілерінің үш түрлі төлтума күнқайыруы болған: оның екеуі – ай есебіне негізделген күнқайыру – Қамбар тоғысы мен Үркер тоғысы. Ал, үшіншісін жұлдыз есебіне негізделген күнқайыру немесе Үркер есебі деп аталады.

Үркер есебіне негізделген күнқайыру күллі қазақ жұртшылығына ортақ ай есебі қалыптастырды. «Ай-айдың оты басқа» деген қазақ әр айдағы табиғат құбылыстары мен шаруашылық қарекетіне қарай туындайтын сипатына байланысты және уақыт өлшеудегі басты объект Ай мен Күннің шығуы, батуы, Күн аясындағы уақыттың (жарықтың) ұзынды-қыскалы болуына қарай атаулар қалыптасты. Бір жылдағы ай есебі отамалы, сарша, тамыз, қыркүйек, желді (қазан), қараша, тоқсан (желтоқсан), қаңтар, ақпан, тоқпан (екі ағайынды), көкек, мамыр (құралай) деп аталды.

Жылдың бас айы - отамалы болып саналған. Мерзімі жағынан қазіргі мамыр айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні түркі тілдерінің барлығында дерлік кездесетін «от», яғни шөп деген мағынаны білдіреді. Әдетте, отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ал, одан кейінгі ай - саршада көкорай шалғын өсіп, толады да, айдың аяғына қарай шөп басы сарғыш тартып пice бастайды. Ал, тамыз сөзі «күйдіру» деген мағынаны аңғартады. Б.А.Куфтиннің тамыз сөзін «жағу», «тұтату» мағынасындағы етістік, одан тамызық сөзі туындаған дейді. Бұл айда күн аптап болып, шөптің басы қурай бастайды. Тамыздан кейінгі ай қыркүйек, әуелде қошқарға, текеге күйек байлана бастайтын кез дегенді білдірген. Желді немесе қазан - алғаш өсік жүріп, күннің суыта бастайтын шағы (қазан парсы тілінде күз дегенді білдіреді). Қарашада жердің оты кетіп, бет-бедері коңыркай тарта бастайды, атауы да соны меңзейді. Желтоқсан, кейде тоқсан деп те аталады. О баста күз айлары желдіден басталып, тоқсанмен аяқталған. Кейінірек осы екі сөз біріге келіп, күздің соңғы айының атауы болып қалыптасты.

Қаңтар - «күннің қаңтарылып байланатын, одан әрі тұқырып, қысқара алмайтын айы» болғандықтан айдың аты да осылай аталған. Татар тілінде тат. күзе кантар («күзгі қаңтар») орыс. октябрь-ноябрь, тат. язғы кантар («жазғы қаңтар») орыс. март-апрель, башқұрт тілінде башқ. буре кантары (бөрі қаңтары) «наурыз айының басқы кезі», ал қырғыз тілінде қыр. аю кантары «қыстың бір мезгілі» дегенді білдіреді. Осындай салыстыруға қарағанда, аңшылық күнқайыруда қаңтар сөзі «аңшылықтың тоқтайтын шағы, яғни аңдардың көй ойнаққа төсетін кезі» дегенді білдірсе керек.

Мұндағы отамалы, сарша, тамыз, қазан, қараша және тағы басқа деген мерзімдеу - ай есебінің мән-мағынасы да көк атаулының өсіп, өнгенінен бастап, солып қурағанға дейінгі мерзімді білдіреді. Халқымыздың ұғымында көкек жағымсыз құс емес, керісінше, «Көкек - киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды», - деп жазады Ш.Уәлиханов. Кей өлкеде көкек наурыз айына сәйкес келеді. Бұл кезде көкектің жылы жақтан келе қоймайтыны белгілі. Сондықтан болу керек, Б.А. Куфтин өзінің мақаласында бұл айдың атын көк-көк (орыс. едва зеленый) деген сөзбен ұштастыра қараған. Олай болса, көкек сөзі «көк әлі көк», «өсіп жетілмеген» деген мағынаны білдіретін сөз тіркесі болып шығады. Мұндай жорамалдың да негізі бар (Мәселен, алтайлықтар сәуірді көк ай, шұлым татарлары майды көк ай деп атайды. Бұл тілдерде ай есебі көктің қаулай шығатын мезгіліне орай айтылғаны айқын байқалып тұр.) Көкектен кейінгі айдың аты - мамыр. Бұл жыл құстарының мамығын төгіп, көл жағасына ұя сала бастайтын кезі. «Көл eт, көп eт, көлді мамыр eт; не тілегенін әзір ет» делінеді байырғы баталарда. Б.А. Куфтин: «Сәуірдің 20-на дейінгі (қазіргіше мамырдың 3-і) 27-28 күнді мамыр деп атайды, мал оңала бастайды, шүкіржапырақ жеп, қыстайғы жеген жемінің қалдыгынан іші-қарнын тазартады», — десе, Л.Будагов: мамыр ат «аяғы ауру ат», мамыр «семіздіктен немесе күзгі шыққан қауырсыны әлі қатаймағандықтан ұша алмайтын құс, сондықтан, айдың да аты осылай аталған», - дейді. Ай аттарын саралай келе қазақтардың дәстүрлі күнқайыруында ай аттары басқа халықтардағыдай бір қиялдағы бейнелердің немесе патшалардың есімімен аталмағаны байқалады.

Үркердің белгілі бір жылдағы батуынан келесі жылғы батуына дейін 365 астрономиялық күн бір астрономиялық жылды құрайды. Ал, шындығында, Үркердің батуынан келесі жылдағы батуына дейінгі уақыт 365 күнге және 6 сағатқа, яғни соңғы уақыт тәуліктің төрттен біріне тең келеді. Сөйтіп, осы алты сағат немесе тәуліктің төрттен бірі жинала келіп, төрт жылда 1 күн, қырық жылда 10 күн, сексен жылда 20 күн, жүз жиырма жылда 30 күн болады. Әуелде отамалы мамыр айына сәйкес болған, бірақ, әр жылдағы алты сағат айырма жинала келіп, жүз жиырма жыл өткен соң, отамалы сәуірге, екі жүз қырық жыл өткен сон наурызға, төрт жүз сексен жылдан соң ақпанға айына ауысып отырған. Сонымен, отамалының кейбір деректерде «мамыр», қайсыбір мағлұматтарда «ақпан» болып жүруінің осындай себебі бар. Көкек айының да бірде «мамыр», бірде «сәуір», бірде «наурызға» сәйкес болуы да осы тәрізді. Міне, ай есебінің осындай «қыдырысына» қарағанда есепшілердің Үркер күнқайыруын қолдана бастағанына бес-алты ғасыр шамасындай уақыт өткен деп жорамалдауға болады.

Наурыз күнқайыруын кезінде қазақ есепшілері де қолданып, айлардың өз «тұғырынан» жылжып кетуі тәрізді кемшілікті ендігі жерде кібісе жыл әдісімен ретке келтіре бастады. Наурыз күнқайыруы бойынша кібісе жыл есебін негізге ала отырып, есепшілер өз стилін жасауға тырысты. Мұндай әрекет, әлбетте, күнқайыруды халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бұрыннан келе жатқан салт-дәстүріне бейімдеу ниетінен туса керек. Кейбір есепшілер, біздің байқауымызша, шілденің шығуы мен кіруін астрономиялық жылдың межесі етіп алған. Шіллә, шілде парсы тілінде қырық деген мағынаны білдіреді. Алайда, Наурыз күнқайыруының парсы стилі бойынша шілде жазғы және қысқы шілде болып екіге бөлінеді. Ал, жазғы шілденің өзі кіші шілде (5 шілде - 25 шілде) және үлкен шілде (25 шілде - 5 тамыз) болып тағы екіге жіктеледі. Қысқы шілде де тап осы тәрізді: кіші шілде (5 желтоқсан - 25 желтоқсан), үлкен иіілде (25 желтоқсан - 5 ақпан) деп аталады. Ал қазақ есепшілерінің шығарған шілдесінің парсы күнқайыруындағы шілдеден едәуір айырмасы бар.

«Қысқы шілде де қу сақта, жазғы шілдеде су сақта» дейді халық мәтелі. Жаз тоқсандағы шілде кіші шілде және ұлы шілде деп екіге бөлінеді. Кіші шілде мамырдың 24-25- інде кіріп, шілденің 7-8-інде шығады. Ал, ұлы шілде немесе кәдімгі шілде шілденің 8-9-ында кіріп, тамыздың 17-18-інде шығады. Қыс тоқсанындағы шілде де осы тәрізді: кіші шілде 24-25-інде кіріп, қаңтардың 6-7-інде шығады, ал, ұлы шілде қаңтардың 7-8-інде кіріп, ақпанның 17-18-інде шығады. Бұл кезді шілде тоқсан айы деп атайды. Шілде тоқсан айы деген тұрақты сөз орамы байырғы мұралар тілінде де кездеседі:

Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар, 

Шудасы шөгіп жатса, шаңға батар. 

Қауыста қарашамен қаймақшиды, 

Шілде тоқсан айында дария қатар.

                               («Ұлбике мен Кұдері қожаның айтысы»), 

Қысқы ұлы шілденің шығуымен қыстың соңғы зәрі кетеді де, табиғат көктемгі тіршілікке қарай бет бұрады. Осы кезде, ақпанның 17-18-інде, Жетісу өлкесінде наурыздама өткізіледі. Сөйтіп, есепшілер уақыт жағынан бұл мейрамның байырғы кездегі Қызыр Ата немесе Қарт Наурыз мейрамына сәйкес болуына ерекше көңіл бөлген тәрізді. Кейбір деректерде Наурыздың ақпан айына тура келуі күнқайырудың осы аталған шілде стиліне байланысты екенін байқатады. Мұндай өзгерістердің себебінен отамалы тәрізді дәстүрлі ай атының орнына наурыз сөзі қолданылды. Сөз мағынасындағы іргелестік пен қызметіндегі ұқсастық деп аталатын заңдылық бойынша наурыз, шілде сөздері өздерінің негізгі мағынасына қосымша ай есебі болып та жұмсалды. Сөйтіп, кейбір дәстүрлі ай есебі санаттан шығып қалса, қайсыбірі өз «тұғырынан» ығысып, басқа айдың атауына айналды. Шындығында, наурыз - айдың аты емес, жыл басы мейрамының атауы.

Әдетте, жазғы шілде сарша мен тамыз айларында өтеді. Бүл екі айдың атын қосарлап, саршатамыз деп те атаған. Бертін келе, кей жерлерде шілде сөзі июнь айының атына көшті де, июль айын тамыз немесе саршатамыз деп те атады. Бір есептен, шілде атауын ай санатына қосудан гөрі «жазғы жэне қысқы қырық күндік мезгіл» мағынасында қалдырған жөн тэрізді (толығырақ қ. Тогыс). Дәл осы сияқты ақпан-тоқпан атауының да қосарлана айтылуы тегін емес: әуелде ақпан «январь», тоқпан «февраль» деген жеке-жеке айлардың аты болған. Демек, бұл екі сөз де қосарлана келіп, қысқы шілденің баламасы болып жұмсалған. А. е.-нің өз «тұгырынан» ығысуы мен күнқайыру жүйесінің жаңғыруына байланысты тоқпанның орнына ай аты болып наурыз сөзі қолданылды. Бірақ ай санатынан шығып қалған мұндай атаулар мүлде ұмыт болып кеткен жоқ, басқаша мағына алып, амал атауына ойысты. Осымен байланысты тіліміздің күнқайыру лексикасына едәуір өзгерістер енді. Наурыз, шілде, шілде тоқсан тәрізді арнайы атаулар күнқайыру жүйесінде тұрақты қолданыла бастады. Осылайша А. е.-нің көпнүсқалығы пайда болды. Сонымен, есепшілер кібісе жыл әдісін қолдана отырып наурыз күнқайыруының бірнеше стилін жасаған: мысалы, жыл басы февральдың 18-19-дарында басталатын шілде стилі, жыл басы марттың 9-10-дарында басталатын есепші Байбақты Қазыбек стилі т.б. Көптеген аймақта бұл аталған стилдер жүйелі қолданылган. Алайда есепшілердің басым көпшілігі дерлік жылдың шығуы мен кіруін парсы стилі, яғни Жас Наурыз бойынша марттың 22-24-і етіп алды. [3]
Табиғаттың теңеуі

Қазақтар табиғаттағы кейбір құбылыстарды теңеулі түрде айтып, оларға қызықты атаулар қойған. Соның ең бастылары: 
1. Алтын күрек – көктемде соғатын жылы желдің атауы.
2. Өкпек жел – жазғытұрым соғатын желді осылай деп атайды.
3. Қарасуық – күздегі өңменіңнен өтетін суық күндер.
4. Соқыр жаңбыр - күн шығып тұрғанда сіркіреп жауатын жылы жаңбыр. 
5. Қысыр бұлт – түнеріп келгенімен жаңбыр жауғызбайтын бұлттың атауы.
6. Ұзынсары – наурыз айында күннің ұзаруы. Оны халық «Ұзынсары келгенде» деп бейнелеп айтады. Ұзынсарыға байланысты қазақта қызық әңгіме бар... 
2. Жан – жануарларға 
байланысты
Біздің дана халқымыз жан-жануарлардың мінез-қылығына, іс-әрекетіне қарап та келесі күннің, көктем, жаз, күз, қыстың қандай болатынын алдын-ала болжаған. Бір ғажабы, бұл болжамдардың қай-қайсы да шындыққа айналып, дәл келеді. 
Қыста торғайлар ұясына мамық тасыса, күн кенеттен қатты суып кетеді.
Қыстыгүні әтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз басталады. 
Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады. Аязды күні қанатын желпінсе, аяз басылады.
Ит арқасынан түлесе, қыс жайлы, бауырынан түлесе, қыс қатты болады, - дейді. 
Құр, шіл қардың астына тығылса, ұзамай боран басталады, - деп болжам жасалады.
Қырғауыл мазасызданып, қатты айқайласа, жер сілкінетін көрінеді...
Қыста қаздар қаңқылдаса, күн жылиды, аяқтарын бауырына тығып жатса, күн суытады немесе боран ұйытқиды, - дей беріңіз. 
Құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауын-шашынды болады деп күткен жөн. 
Қарлығаштар аспанда самғап, биік ұшса – күн ашық, төмендеп ұшса – жаңбыр жауып, жел тұрады. 
Қатты жел, дауыл алдында құмырсқалар әбігерленіп, мазасызданады. 
Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса боран немесе дауыл тұрады.
Қараторғайлар топтана ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күз ұзаққа созылады. 
Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады. 
Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл соғуға тиіс.
Мысық пешке тығылса – аяздың алды, ит аунаса – жаңбыр жақын. 
3. Табиғатқа байланысты
Халқымызда жұлдызшылар да, табиғат тамыршылары да аз болмаған, қазір де бар. Олар әрбір күннің атуы мен батуына, ай мен жұлдыз, күннің қалай көрінуіне, тіпті қардың қалай түскеніне сәйкес те алдағы ауа-райынан хабардар болып отырған. Оның ел есінде сақталған түрлері мен тәсілдері көп. Соның бір тобы мынандай: 
Жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін басылмайды. 
Қыста күн құлақтанса, ол – қатты аяздың белгісі. 
Жазда күн кенет ысып кетсе, көп ұзамай жаңбыр жауатыны белгілі. 
Жазда құйын көп болса, қыс боранды. Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы. 
Күн бұлтқа батса, келесі күн жауын-шашынды. 
Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады, - деп ырымдайды. 
Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады. 
Бұлт ортасынан ыдыраса, ауа-райы бұзылады, шетінен ыдыраса, күн жылынады. 
Қызара батқан күн – желдің, ашық сары болып батқан күн – жаңбырдың белгісі. 
Ай қызыл түспен қораланып, сол шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер көрінсе, ол - қатты суық болады деген хабар.
Желсіз түні түтін жерге қарай шалқыса, қыста – қар, жазда – жаңбыр жауады. 
Қораланған күннің шеңбері тар болса, ауа-райы тез бұзылады. 
Көктемде жауған қар үстіндегі құмалақ батып кетсе, көктем ерте туады, батпай тұрса, көктем кеш туады. 
Наурыз күні қар жауса, ол жылы жақсылық көп. 
Көктем туғанда таң шашырап атса, ол жылы молшылық, береке көл-көсір.
Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады, жазда терлесе, ауа-райы бұзылады. 
Шолпан жарқырап туса, егін, шөп, жеміс бітік шығады. 
Жазда жұлдыздар жарқырап тұрса, келер күн ыстық. Қыста жарқырап көрінсе, келер күн аязды. 
Ай қораланса, жаз жаңбырлы, қыс қарлы, боранды. Күн қораланса, қар қалың жауады. 
Қыста кемпірқосақ туса, жыл берекелі, жайлы, мал төлді, егін, шөп бітік, қуаныш көп болады, - деп жориды. [9]

Зерттеу бөлімі
Ай амалдары. Әдебиеті оқулығындағы ай мезгілдері.
Түрлі өзгерістер мен құбылыстарға байланысты халқымыз жылдың әр айы мен тоқсанында болатын ауа-райындағы, табиғаттағы өзгерістер мен құбылыстарды алдын-ала болжап, оған ат қойып, айдар тағып отырған.

Өліара. Бұл – екі айдың арасындағы уақыт. Халқымыз: «Өліарада жауын-шашын болса, жаңа ай (келесі ай) жауынды-шашынды болады», - деп, өліара арқылы ауа-райына болжам жасаған. Ол дәлме-дәл келген.
Амал. Бір жылдың ішінде ыстық пен суық, қар мен жаңбыр, жел мен боран айналып келіп отырады. Халық оны осылай деп атап, жылдың әр мезгіліндегі өткінші әрі тосын, аз уақытта болып өтетін табиғат өзгерістері мен көріністерін жеті амалға балап, оларды былай түрлеп, түстеген: 
1. Күннің тоқырауы.

2. Қарашаның қайтуы.

3. Үркердің батуы.

4. Мұздың қатуы.

5. Киіктің матауы.

6. Қыс тоқсан.

7. Ай тоғамы.



Жылдың он екі айындағы табиғат құбылысына байланысты халықтық қағидаларға сәйкес болжамдар мен атаулар наурыз айынан бастау алады. 

Құс қанаты. Наурыз айының соңына қарай жылы жақтан құстар ұшып келе бастағанында қар аралас жаңбыр, суық жел тұрып, ауа райы бұзылады. Оны халық құс қанаты дейді. Бейне - бір суық құс қанатымен келгендей.
Аласапыран. Наурыз, сәуірде қардың күрт еріп, айналаның лайсаңға айналуын осылай деп атаған, - дейді аталарымыз. 
Бесқонақ. Наурыздың 17-21 аралығында жауын-шашын болады. Жыл сайын осылай қайталанып тұрады. Бес күнге созылатын суық әрі лайсаң күндерді қазақ бесқонақ деп атап, бұл кездері көшпей, жолға шықпай, сақтық шараларын жасаған. 
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен кейін алғаш рет найзағай ойнайды, жаңбыр жауып, жер бусана бастайды. Бұл атаудың найзағайдың жарқылына байланысты қойылғаны анық. 
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндеріндегі 2-3 күн болатын суық желді осылай деп атайды. Халық осы күннен бастап тобылғы бүршік жарады, өсімдіктер тамыр жаяды, алғашқы көк шығады деп ойлайды. 
Қызыл жұмыртқа. Дала (су) құстары мамыр айының алғашқы онкүндігінде жұмыртқадан балапан шығара бастайтын мезгіл. Ол 1-2 күнге созылады. Күн суытады.
Құралайдың салқыны. Мамыр айының соңына қарай бірнеше күн суық жел соғады. Жер сыз, ықтасын болмаған соң киіктердің төлі орнынан тұрып, енесіне еріп, аяқтанады. Киіктердің төлін өргізетін осы мезгілдегі ызғар-құралайдың салқыны. Ақбөкендерге тән қасиет – олар құралайын жетім қалдырмай, енесі жоғын емізіп, бауырына салып, аман сақтайды. 
Үркердің батуы. Маусым айы туғанда үркер мүлдем көрінбей кетеді. Осыған орай осылай аталған мезгіл. Оны үркердің жерге түсуі деп атайтындар да бар. Бұл мезгілден кейін 40 күн шілде басталады. Біздің ата-бабаларымыз соған сәйкес: «Үркер жерге түспей жер қызбайды», - деген. 
Қырық күн шілде. Маусым, шілде айындағы ыстықтың 40 күнге созылатын мезгілі. Сол себепті ол осылай аталып кеткен.
Үркердің толғағы. Шілде айының орта кезінен басталатын, мал-жанға қолайлы мезгіл. Бұл кезде үркер туады, жер құрғайды, шөптің буыны қатаяды, сарғаяды. 
Таразының тууы. Халқымыз: «Таразы туса таң суыр», - деген. Себебі, тамыз айының ортасында ауа райы суытады, қою бұлт пайда болады, күз нышаны көрініс береді.
Мизам шуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталып, жаңбыр жауып, түнемелік шөп басына шық түскенде, күндіз шуақты сәттер пайда болады. Сол кезде далада ұзыннан – ұзақ мизамдар шұбатылып көрінеді. Соған байланысты қойылған мезгіл атауы. 
Сүмбіленің тууы. Халқымыз: «Сүмбіле туса – су суыр», - деп те айтқан. Өйткені, қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келіп, суық, жаңбырлы күндер жиілейді. 
Қарашаның қайтуы. Бұл айда алғашқы қар түсіп, құстар жылы жаққа қайтады. Соған байланысты осылай деп аталса керек. 
Қырбастың қызылы. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аяздың атауы. Қазақстанның солтүстігінде қыс ерте түседі, қатты аяздар басталады. 
Текенің бұрқағы. Желтоқсан айының соңғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғып, киік текесі маталады (ұрғашы киіктерді қашырады). 2-3 күн ішінде маталу толық аяқталатын мезгілдегі осы боранның атауы – «Текенің бұрқылы». Оны «Текенің бұрқағы» деп те атайды. 
Күннің таласуы. Халықтың таным-түсінігінде қаңтардың алғашқы күнінде күн бой көтереді, сол кезде ауа-райы өзгеріп, қар жауады, сырғыма жүреді. 
Қыс шілдесі. Бұл – қаңтардың соңғы күндеріндегі қыстың күшіне енетін кезі. Сол уақытта сақылдаған сары аяздар туады. Осы аязды уақытты қазақтар «Қыс шілдесі» деп бейнелі түрде атаған. Тек, «Қыс шілдесінің» адамды жылытпайтыны жаман. 
Бөрі сырғақ. Ақпан айында ат құлағы көрінбейтін борандар соғып, айдың соңында сырғақ пен қатты боранды күндері қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ – бұршақтан кіші, мұзды қар түйіршіктері. Көнекөз қариялар қасқырлардың жұптасуына орай ақпанның соңғы сырғақ пен боранды күндерін «Бөрі сырғақ» деп атайды. [9]

Алтыншы және жетінші сынып әдебиеті оқулығындағы ай мезгілдері туралы жазған ақын-жазушылар шығармаларына көңіл аудардым. Мысалы Ж.Жабаевтың «Зілді бұйрық» өлеңінде «Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз» деген өлең тармақтары кездеседі. [2] Енді «шілде», «сарша тамыз» сөздеріне мынадай түсініктер беріледі: «Жазғы шілде сарша мен тамыз айларында өтеді. Бұл екі айдың атын қосарлап, саршатамыз деп те атаған. Бертін келе, кей жерлерде шілде сөзі июнь айының атына көшті де, июль айын тамыз немесе саршатамыз деп те атады». [3]

Сонымен бірге 6-сынып әдебиетіндегі Қ.Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» хикаятында «Ақпан-қаңтардың сақылдаған аязы» деген сөйлемдер кездеседі. [2] Бірінші және екінші мысал ай амалдарында «Қарашаның қайтуы. Бұл айда алғашқы қар түсіп, құстар жылы жаққа қайтады» деген, үшінші мысал «Бөрі сырғақ. Ақпан айында ат құлағы көрінбейтін борандар соғып, айдың соңында сырғақ пен қатты боранды күндері қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады» деген түсінікке дәл келеді. [9] Оқулықта бұлардан басқа ай мезгілдері туралы бірнеше мысалдарды келтіруге болады.
Айың тусын оңынан
Қазақ халқында: «Ай көрдім – аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа!», - деп бата жасау да салты бар. Ол біздің ата-бабаларымыздың әр айдың тууын жіті бақылап, қадір-қасиетін талдап, талғамдап отыратындығынан. Айдың туу, тоғысу, аралық шағын байқап отырған қариялар тіпті кезінде шалқалап туған Айды көрсе: «Өзіне жайлы, шаруаға жайсыз», деп, Айдың тік туғанын көрсе: «Шаруаға жайлы, өзіне жайсыз», - деп айтып та отыратын еді-ау, жарықтықтар. Ал олар жаңа Ай туғанда келін түссе: «Жаңа Ай туғанда түскен келіншек баланы көп туады» деп те ырымдайтын. Әйтеуір, қазақтың Айға байланысты уақыт өлшемдері, ауа-райын болжаулары, салт-дәстүр, ырым-сенім, мақал-мәтелдері көп. Зерттеу барысында аспандағы жарты ай, толық айды бақылап, фотосуреттерге түсіріп алдым.
Ай аттары. Арабша атауы
Наурыз. Жыл басы, жаңа жыл. Жыл құсы мұнда науpыздан кейiн келедi (Аймауытов). 

Көкек. Қазақша жыл санаудағы науpыздан кейiнгi ай (апpель).

Мамыр. Көктемнiң соңғы айы; май. Мамыpа-жай, жайма-шуақ; бейбiт. 

Маусым. Жаздың алғашқы айы; июнь. 
Шілде (лат. Julius) — қазіргі Грегориус күнтізбесіндегі 7-ші келетін июль

айына сай қазақша атауы.

Тамыз. Жаздың шыжыған ыстық кезi, жыл мезгiлiндегi 8 ай аты;

август. Саpша тамыздың тоpғын кешiнде.

Қыркүйек. Күздiң алғашқы айы; сентябpь.

Қазан. Күздiң екiншi айы; октябpь. Қазан соқты аяз ұpды, суық шалды. 

Қараша. Күздiң соңғы айы; ноябpь.

Желтоқсан. Қазақша он екiншi айдың аты:декабpь. Қаpаша, желтоқсанмен сол бip екi ай (Абай).

Қаңтар. Қыстың екiншi айы; янваpь.

Ақпан. Қаңтаpдан кейiнгi ай; қыстың үшiншi айы. Күн ақпандатқан боpан (Әуезов). [8]



Арабша атауы және мерзімі
(қазіргі азаматтық күнтізбесімен)

Жамал (әл-Жамал) (наурыз — сәуір)

Сәуір (ай) (сәуір — мамыр)

Зауза (мамыр — маусым)

Саратан (маусым — шілде)

Әсет (шілде — тамыз)

Сүмбіле (тамыз — қыркүйек)

Мизан (қыркүйек — қазан)

Ақырап (қазан — қараша)

Қауыс (қараша — желтоқсан)

Жади (әл-Джади) (желтоқсан — қантар)

Дәлу (қантар — ақпан)

Үт (үт-Хүт) (ақпан — наурыз) [7]



Қорытынды
Ата салтың – халықтық қалпың
Ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс. Ай санау дәстүрін зерттей келе, оның шаруашылықта, күнделікті өмірдегі алатын орнының маңызды екенін көңілге түйдім. Сонымен қатар бұл зерттеу еңбегімді одан әрі жалғастыра беремін.

Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған салт- дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек.

Қазақ - өз ұғымында аспан әлемінің қыры мен сырын жетік білген жер бетіндегі бірден бір халық. Оған дәлелдер көп-ақ. Алдағы жылдың жағдайы, болашақтың бағдары, ауа райы құбылыстарын малы мен аспан мінезіне қарап болжай білген бабаларымыздың бұл қасиетіне бас иіп, сол дәстүрді жалғастыру - кейінгі ұрпақтың парызы.







Ұсыныс
Егер ай тоғысы мен ай амалдары есебін ресми түрде жүргізіп отырар болсақ, кей жылдары болып отырған апаттардың алдын ала алар ма едік? Егін шаруашылығы да жыл сайын қыруар шығынға батпас па еді? Құрғақшылықты да, жаңбырлы маусымдарды да ай амалдары мен тоғыстарына, жұлдыздарға қарап отырып, болжап отыруға әбден болатынын өз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы дәлелдеп өтті. Енді неге сол дәстүрді ел игілігіне жаратпасқа?!

Қазақтың ай санау дәстүрін дәріптейтін жеке кітаптар шығарылса, жиі хабарлар таратылып, дәрістер жүргізілсе деген ниетте ортаға ой тастаймын.

Глоссарий



  1. Кәрі-құртаң – бұл жерде қарт мал




  1. Күн құлақтанды – қызыл күрең түске бөленiп, мұнарланып тұрды.




  1. Ай қораланды – айдың бетi мұнартып, төңiрегi шеңберлендi.


Пайдаланған әдебиеттер:
1Алаш айнасы. Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

      1. ж. Автор: Жандос Бесбоғда

2.Әдебиет (86- бет) 6-сынып, (76-бет) 7-сынып

3.El.kz Ай есебі

4.Жеті қазына «Ана тілі» баспасы 2001ж.ЖСШ, С.Кенжеахметұлы

5.kk.wikipedia.org/wiki/Ай_санау

6.Қазақ мақал-мәтелдері. Алматы «Ана тілі»1993

7.http://kk.wikipedia.Қазақ күнтізбесі

8.http://mtdi.kz/ Ай аттары

9.www.info-tses.kz/ Ай амалдары




написать администратору сайта