текст. Алаша хан туралы аызды постер арылы тсіндірііздер
Скачать 22.1 Kb.
|
2- топ: “Алаша хан” туралы аңызды постер арқылы түсіндіріңіздер. Ұлытау өңіріндегі бітім-тұлғасымен де, көркемдігімен де ерекшеленіп тұратын еңселі ескерткіштердің бірі әрі бірегейі – Алаша хан мазары. Кейбір ғалымдар монғолға дейінгі кезеңге, яғни ХІ ғасырға жатқызса, кейбіреулері Хақназар ханмен байланыстырады. Бұл кезең Қазақ хандығының құрылған уақыты. Әлкей Марғұлан ХІІІ ғасырды меңзейді. «Осы уақытта солтүстік және оңтүстік облыстармен Мәуереннахр арасындағы керуен жолдары мен сауда қатынастары қалпына келтірілді. Алаша ханның кесенесін салу кезінде осы облыстардың мәдениеті арасындағы қарым-қатынастың туындауымен Қарахан заманы ескерткіштері — Айша-Бибі, Қарахан, Бабаджа-Хатун кесенелерінің мотивтері қолданылды» дейді академик. Сонда Алаша хан деп отырғанымыз кім? Бұған жауап беру үшін аңызға жүгінбесек тағы болмайды. Өйткені ұлы даланың тарихы аңыз, болжам арқылы жеткені белгілі. Аңыз дегенде баршамызға белгілі, тарихта аттары қалған ұлыларымыздың айтқандарына жүгінетініміз анық. «Ерте ертеде, Тұранда Абдулла есімді хан болыпты, басқа бір аңыздарда оны Абдул-Әзиз хан деседі, осы ханның алапес ауруына шалдыққан Алаша есімді ұлы болыпты. Осы жұқпалы аурумен ауырғандардың барлығын елден аластататын көнеден келе жатқан салтты орындай отырып, әкесі алапес баласын елден аластайды. Сол заманда, Абдулла ханның асқан қаталдығына төзбеген ашыққан адамдар Сыр өзенінің солтүстігіндегі далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына кетіп, қазақылық жасай бастады. Олардан шыққан батыл да ержүрек батырлардың саны үш жүзге жетіп, тез арада қуатымен және байлығымен танымал болды. Бірнеше жылдар өтіп, күйзеліс басталады: қазақтардың қонысы көршілермен ұдайы болған соғыстарда жеңіліс табады. Даланың еркін елі аштықты сезініп, ағайын арасында бассыздық пен алауыздық оларды ыдыратып, өзара соғысқа алып келеді. Ыңғайлы уақытты пайдаланып Абдулланың өзі бейбақтықты соңына жеткізудің жолын қарастырды, оларды біржола құрып кетуден көрегендіктің күші ғана құтқарды. Осындай қиын-қыстау жағдайда екі жүздіктің ішінен Алаш (жат жұрттық) деген дана қарт шығып, соншалық көңілге қонарлық сенімді, ақылды сөз айтқаны сондай, қазақтар оны өздерінің рубасы, қазысы етіп сайлайды және оның ақыл-кеңесімен Абдулла ханның елден аласталған алапес ұлы Алашты шақырып хан сайлайды. Осылайша, даланың кезбе қазақтары енді салауатты қоғам мен ұлтқа айналады, өздерінің жеке тәуелсіздігі құрметіне өздерінің ханы Алаш пен рубасы әрі қазысы Алаштың есімдеріне естелік үшін Алаш немесе жүздіктің санына (үш жүз) қарай Үш Алаш атанады (Алаштардың тым шебер қосылуы). Бірақ олардың сырттай қайта құрылуына қарамастан, көршілері мен Абдулланың өзі де әлі де болса оларға кезбе қарақшылар сияқты қарады. Алаш, Алаштың ұлы, тұтастай үш жүз барлығы Абдулла еліндегі аштық пен ауруды пайдаланып, өздерінің тәуелсіздігін жазбаша мойындатқан уақыттан қазақ деген олардың атауы қалған. Осылайша, Алаш ел болды, Алаша сол елдің ханы болды». Бұл мәтін Ш.Уәлихановтың еңбегінен келтірілді. Ғалым осы жазбасында «Алаша хан туралы аңыз кейінірек пайда болса керек, қатты өзгеріске ұшыраған» деген ескертпесін келтіреді. Алаша хан туралы аңыз атақты ғұлама Мәшһүр-Жүсіптің еңбектерінде де кездеседі. Шыңғыс ханнан көп бұрын, Қазақ пен үш жүз бар атау. Сөзіме нан, жамағат, Болмасын көңіл еш жадау. Шыңғыс ханнан көп бұрын, Алаша деген хан өткен. Алашаның тұсында, Дұшпанын түрік тітіреткен. Алаша хан көсем боп, Тұранның жұртын көгерткен. Барша қауым есен боп, Түріктің елін гүлдеткен. Алашаның даңқына, Шыңғыс та тең келмеген. Алаша ханның қорымына, Жошыны Шыңғыс жерлеген. Алаша ханға табынып, Аруағына бас иген. Қанішер Шыңғыс жұмсарып, Кесегін оның үш сүйген. Кей шежіреші жазыпты, Алаша ханды Алаш деп. Бұл екеуі жайында, Жүйріктерде талас көп. Түріктің ханы Алаша, Шыңғыстан бұрын өткені. Ол туралы шежіре, Белгілі жұртқа жеткені. Алаша ханның бейітін, Әмір Темір жаңғыртқан. Кесегі тозған жерлерін, Қайтадан қалап, салдыртқан. 1-топ: “Ақсақ құлан күйінің тарихы туралы көріністі баяндаңыздар. КЕТБҰҒА КҮЙШІ МЕН ЖОШЫ ХАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ. «Ақсақ құлан» күйі Шыңғыс ханның Жошы деген баласы жабайы құлан аулап, өзін қаумалаған нөкер серіктерінен тым ұзап кеткенін сезбей де қалады. Ханзада жүйткіген құландарды өткір жебемен дәл көздеп құлата береді, оның жүрегінде бейшара жануарларға деген аяушылық болмайды. Жабайы құландар үйірінің «Ақсақ құлан» атымен мәшһүр, тіпті қасқырдан да тайсалмайтын (оның бір аяғы нақ осы сұр жыртқыштармен шайқаста зақымданған екен) өжет әрі күшті айғыры кенет жалт бұрылып, аңшыға қарсы ұмтылады. Ақсақ құлан шабуылының жойқын да тегеурінді болғаны сондай, Жошы атынан ұшып түсіп, сол бойда мойыны үзіліп, жан тәсілім етеді... Қуғыннан құтылған құлан үйірі қыр асып, еркін құйғыта жөнеледі. Нөкер серіктерінің Ұлы ханға Жошының өлімін естіртуге жүректері дауаламайды. Көне ғұрып бойынша жаман хабар әкелген адамды өлімге бұйыратын. Сол кезде даланың Ұлы жыршысы, абыз қарт Кетбұға қайыңнан домбыра шауып, ішек тағып, Ұлы ханның сарайына келе, алтын тақтың алдына тізерлей құлайды. Өзіне абыз карттың жақсылықпен келмегенін сезген әмірші түнерген жүзбен: «Уа, Ұлы жырау, не датың бар?» деп сұрайды. Бірақ Кетбұға ләм-мим деп тіл қатпастан, домбырасымен бір қайғылы әуенді тарта жөнеледі. Бұл күйдің сиқырлы дыбыстарынан Ұлы ханның көз алдына жас ханзада Жошының аңға шыққаны, оған көктемгі көк майсада жайылып жүрген құлан үйірінің кездескені һәм ханзаданың аң аулап еліккені елестеп, тізіліп өткендей болады... Қарт жыршы зарлы күйін аяқтайды. Бірақ Ұлы хан да, басқалар да күй тілінен болған окиғаның бәрін түсінеді: домбыра шапқан аттардың дүбірін де, әлжуаз жас құлындарды аяған құландардың беймаза үрейін де, өз үйірін қорғаған ақсак құланның ақылы мен кайратын да жеткізіп айтты. Әсіресе, ақсақ құланның ханзадаға қарсы шапқан тұсын зарлата қайырды... Хан үн-түнсіз ұзақ отырды. Ақыры, Ұлы хан тіл қатты: «Сен маған ұлымның қазасы жайында қаралы хабар әкелдің. Домбыраңның күйін тыңдап, бәрін ұқтым. Мұндай хабар үшін өлім жазасына лайықтысың. Бірақ өзің бір ауыз тіл қатпағандықтан, жазаны домбыраң тартсын. Оның сағағына қорғасын құйыңдар!» Осылайша Ұлы жырау - дана Кетбұғаның арқасында моңғолдардың қаһарлы әміршісіне жас ханзаданың өлімі естіртіліпті. Бірақ сұмдық ғұрыпқа қарамастан, ешбір адам зардап шекпепті. Тек қаралы хабарды жеткізген домбыраның көмейіне балқыған ыстық қорғасын құйылады. Сол кезден бері домбыраның шанағында тілік тесік пайда болыпты. «Ақсақ құлан - Жошы хан» күйі осылай туыпты-мыс. 3-топ: “Қобыланды батыр” жырына қатысты деректерді тірек-сызба арқылы сипаттаңыздар. Қобыланды батыр, Қарақыпшақ Қобыланды – аты аңызға айналған халық батыры, қолбасшы. Шамамен XV ғасырда өмір сүрген. Қыпшақ тайпасының қарақыпшақ тармағынан шыққан. Халық жадында сақталған әңгімелерде оны көбіне «Қарақыпшақ Қобыланды» деп атайды. Сондай-ақ, Қобыландының ірі қолбасшысы болып, талай шайқастарға қол бастап барғаны жөнінде де баяндалады. Ол жас кезінде Көшпелі өзбектер мемлекетінің билеушісі Әбілхайыр ханның жанында жүреді. Қазан қаласына жасалған жорыққа қатысқан.Едіге бидің төртінші ұрпағы Әлшағырмен соғысқан. Өзі де Әлшағырдың ұлы Орақ батырдың қолынан қаза табады. Бейті қазіргі Ақтөбе облысы аумағында. "Қобыланды батыр" - қазақ халқының батырлық, отаншылдық жайлы мазмұны терең эпостарының бірі. Жырдың дүниеге келуін ғалымдар әр түрлі дәуірлерге меңзейді. Дегенімен ерте замандарда дүниеге келгені даусыз. Сол себептен де жырдың айтушы жыршылары да, варианттары да көп. Жырдың 29 нұсқасы болса, солардың ішіндегі ең мазмұндысы Марабай жырау нұсқасы. Жырдың негізгі арқауы сырт жауларға қарсы күреске негізделген. Басты кейіпкері Қобыланды батыр. Қобыланды тоқсандағы Тоқтарбай мен Аналықтың қартайғанда көрген жалғыз баласы болып суреттеледі. Жырдың қысқаша мазмұнын былайша өрнектеуге болады: Қобыланды қият батыры Қараманға еріп, Қызылбас ханы Қазанды, одан соң Көбіктіні жаулап, өлтіріп, Қарлыға қызды олжалайды. Ең аяғында өзі жорықта жүргенде елін шауып кеткен Алшағыр ханмен соғысып, ел-жұртын азат ету оқиғалары суреттеледі. Жырдың басында Қазанға аттанып бара жатқан Қараманға Қобыланды: менің барар-бармасымды Құртқа біледі" деп аңғалдыққа жол береді. Ал Қараман "Қатынның тілін алған батырға не жорық" деп батырдың намысына тиеді. Дегенімен мәселе батырдың өзінде емес, мінетін аты Тайбурылдың баптау мерзімінің жетімсіздігінде еді. Құртқаның баптауынан өткен Тайбурыл желдей жүйрік шабысымен бірнеше күн бұрын озып кеткен Қараманды басып озып, қырық күндік Қазанға бір күнде жетеді. Қият әскері жеткенше ол Қазан батырды да, оның қырық мың қолын да жайратып салады. Сөйтіп, Қобыланды батырлықтың сұрапыл үлгісін көрсетіп, тілмар, ілгіш Қараманға кім батыр, кім қорқақ деген сөздің айырмасын танытады. Жырдың келесі бөлімінде Қобыланды мен Қараман озбыр жау Көбіктімен айқасқа шығады. Бірақ Көбікті өз серіктерінің көмегімен екі батырды айламен тұтқындап, зынданға тастайды. Көбіктінің қызы Қарлыға Қобыландыға ғашық болып, қыздың көмегімен батыр тұтқыннан босап шығады. Қобыланды ең айлакер жауы Көбіктіні жеңгеннен кейін өз елін шапқан Алшағырға аттанады. Қобыландының үш ай, үш күн соғысып, Алшағырдан елін азат ететін жері - жырдың ең шешуші сәті болып табылады. Жыр қоштасу монологтарына, азаттықты арман тұтатын халық толғауларына бай (Тоқтарбай, Аналық зары). Қобыландының Алшағырмен соғысып, өз жұртын, ата-анасын, қарындасы Қарлығаш пен әйелі Құртқаны жау қолынан азат ету оқиғаларының мәні өзгеше. Жырдың ең түйінді, драмалы бөлімі де осы. Алшағыр соғысы болмаса, Қобыландының халықпен байланысы жеткілікті түрде ашылмас еді. |