Главная страница

Бауыржан Момышұлы. БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ. Бауыржан Момышлы шыармалары патриотты трбие негізі


Скачать 17.65 Kb.
НазваниеБауыржан Момышлы шыармалары патриотты трбие негізі
АнкорБауыржан Момышұлы
Дата31.08.2022
Размер17.65 Kb.
Формат файлаodt
Имя файлаБАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ.odt
ТипДокументы
#657584

Бауыржан Момышұлы шығармалары патриоттық тәрбие негізі.

Қазақтың киелі топырағы талай-талай ақиық ақындарды,ержүрек батырлармен атпал азаматтарды дүниеге келтірген.Осындай азаматтардың бірі,қазақ халқының сүйікті ұлы,белгілі жауынгер жазушы даңқты қолбасшы,Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы.Ол кісі ұлтын сүйген патриот болумен қатар қазақ халқының рухын жоғары көтерген қайраткер жазушы.Даңқты жауынгер жазушы 1910-жылы қазіргі Жамбыл облысы,Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында дүниеге келген.1928 жылы Шымкенттегі жетіжылдық мектеп интернатты бітірген соң біраз уақыт мұғалім болып істейді. 1932 жылы әскер қатарына шақырылады. Міндетін өтеп, запастағы командир атағын алып ауылға оралғасын қаржы орындарында жұмыс істеген.1935 жылдың қараша айында Ташкенттегі машықтандыру орталығына запастағы командир ретінде шақырылып,полковник П.Вахаловтың қарамағында бірнеше ай әскери дайындықтан өтеді. 1936 жылы полковник П.Вахаловтың шақыруымен қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде қызмет еткен, взвод, рота командирі болған.Бұл туралы жазушы өзінің"Олар менің есімде"әңгімесінде егжей-тегжейлі баяндайды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басқаруымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанған. Соғыс жылдарында батальон, полк, дивизияны басқарды.Соғыс кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен,тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті.Соғыста көрсеткен ерліктері,батырлық атақ-даңқы ел ішінде аңызға айналды. Б.Момышұлының жауынгерлік ерлігі туралы белгілі орыс жазушысы А.Бек"Арпалыс"повестінде жан-жақты суреттеп жазды.

Б.Момышұлының әскери өмірбаянында Москва түбіндегі шайқас ерекше орын алады. Одан басқа да ерліктері аз емес. Тек 19-гвардиялық атқыштар полкінің батальон командирі ретінде Москва түбінде 27 сәтті ұрыс жүргізді. Волоколом бағытында Крюково қонысы үшін шайқаста 19-полкты басқарып, сол жерде ауыр жарақат алғанына қарамастан, күресті әрі қарай жалғастыра береді.Б.Момышұлының осындай көптеген ерен ерліктерін ескеріп, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі полковник И.И.Серебряков 1942 ж. тамызда оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бірақ бұл наградтау қағазы жоғалып кетеді.1944 ж. шілде айында Серебряков КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына үндеу хатында: «Жолдас Момышұлына құрмет көрсетуді... өтінемін және мұны жеткізуді өзімнің парызым деп білемін... әділдік менен осыны талап етеді», - деп жазды.Бірақ Серебряковтың бұл ұсыныс хаты да аяқсыз қалады. Жерлесіміздің одан кейінгі ерліктері де ескерусіз қалады. Момышұлы полк командирі, кейін дивизия бастығы бола жүріп, Калинин майданында, Курляндиядағы неміс басқыншыларын талқандау операцияларына белсене қатысады.Соғыстан кейін Совет Армиясы Бас штабының Жоғарғы әскери академиясын бітіріп (1950ж.), сонда әскери педагогикалық қызметпен айналысты. Тактика төңірегінде оның идеяларының батыл да жаңашыл болғандығына қарамастан, 1956 жылы гвардия полковнигі Б.Момышұлы отставкаға жіберіледі. Баукең әдебиет майданында да әскери ерліктерінен еш кем емес қаһармандық іс тындырған қаламгер екені баршаға мәлім. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуы, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды Отан қорғауға дайын тұру рухында баулу, әскери-патриоттық тәлім-тәрбие болып табылады. Бауыржан Момышұлының басты шығармалары: "Офицер күнделігі", "Бір түннің оқиғасы" (1956), "Москва үшін шайқас" (1958), "Майдандағы кездесулер"(1962), т.б. Кеңес Одағының батыры И.В.Панфилов жайында "Біздің генерал" деген ғұмырнамалық хикаят жариялады. Ал "Ұшқан ұя" романы 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Мектеп оқушыларының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып патриоттық тәрбие беруде, Бауыржан Момышұлы ағамыздың кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерінің және ерлікке толы шығармаларының алатын орны ерекше. Мысалы, соғыс жылдарында Бауыржан Момышұлы ағамыз

Ата мекен жер үшін,

Қасиетті ел үшін,

Әзиз ана, қарт ата,

Ботакөз сұлу қарындас

Күң, құл болмасын, - деген жыр жолдары арқылы жауынгерлерге рух беріп, ерлік істерге шақырады.

Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында патриотизмге, ерлікке, батырлыққа байланысты біршама терминдерге анықтама берген. Енді соларға тоқталып өткім келеді:

Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман– саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді.

Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға - қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу.

Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.

Табандылық – батырлардың қалқаны.

Өжеттілік, қайсарлық – адамның тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс.

Сондай-ақ Бауыржан ағамыз халықты ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеуде артына көптеген мақал-мәтелдер, жақсы сөздерін қалдырған.

Мысалы:

• Намысты нанға сатпа.

• Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындық.

• Именіп жүріп көрген игіліктен - қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.

• Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше - шындықтың уын ішін өлген артық.

• Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті.

• Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.

• Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.

• Ерлік - тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.

• Өршіл рухтан - өлмес ерлік туады.

• Белдескеннің - белін сындыр, тірескеннің - тізесін бүктір.

• Ептілік те - ерлік.

• Қолбасшы болсаң сондай бол - жосылып жатқан жолдай бол.

Осындай тағы да басқа батырлық, ерлік, тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы біздерге өсиет сөздер қалдырған.

Батыр атамыздың қайсы шығармасын алсақ та,жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде ерекше орын алатынын байқаймыз.

Б.Момышұлының шығармашылығында жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше орын алатын туындысы "Ұшқан ұя" шығармасы.Бұл шығарма Б.Момышұлының балалық шағын,тәрбие алған ортасын суреттеген өмірбаяндық шығармасы.Шығармада қарапайым жанұяда туып өскен,жастай туған шешесі қайтыс болып,қарт әжесінің қолында тәрбиеленген Бауыржанның жасынан сезімтал,елгезек,ойшыл болып өскендігін байқаймыз.Жазушы бұл шығармасында балалық шағында,көрген куә болған,есте сақталған оқиғалары арқылы жалпы сол тұстағы әлеуметтік кезеңді,қоғамдық өмірді суреттеу мәселелерін басты міндет етіп қояды.Әсіресе жазушының әжесін суреттеген тұстары өте сәтті шыққан.Мысалы»Әжем малдың тілін ұғуды үйретуші еді.--Қозы маңырайды,бұзау мөңірейді,құлын кісінейді,бота көзі мөлдіреп аңсайды,қодық ақырады...

Әжем бұған зұлым қасқыр,жымысқы түлкі,дәрменсіз қоян,сүйкімді құс,сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын...--дейді автор.[6-310]Сонымен бірге шығармаға жазушы әжесінен естіген бірнеше аңыз әңгімесін кіргізген.Соның бірі қазақша жыл қайыруға байланысты аңыз әңгіме.Мұнда жан-жануарлардың жыл басы болуға таласқандығы жайлы сөз болады.Әрқайсысы өз артықшылығын айтып,таласады.Соңында жаңа шығып келе жатқан күн сәулесін кім бірінші болып көрсе сол жыл басы болады,екінші көргендерің екінші жылға ие боласыңдар,осылайша он екі жануар он екі жылға иеленеді--деп бәтуаға келеді.Мұны естіген түйе қатты қуанады,өзінің жыл басы болатынына әбден сенімді болып,алаңсыз ұйқыға кетеді.Ал тышқан болса не істерін білмей,соңында түйенің төбесіне шығып кетеді.Сөйтіп жаңа шығып келе жатқан күн сәулесін бірінші болып тышқан көреді де,жыл басы болады.Басқа жануарлар өз ретімен қалған жылдарды иеленеді.Бойына сенген түйе жылдан құр қалады.Мұндай аңыздардың бала тәрбиесінде алатын орны ерекше.Шығармадағы жазушының әжесі Қызтумас образы өте бір сәтті жасалған,тамаша образ деп айтуымызға болады.Бала Бауыржанның ең алғаш дүние тануына,мінезінің жастай қалыптасып,адал,табанды,ержүрек боп өсуіне жақсы әсер еткен осы әжесі болып саналады.Қызтумас әже небір қиындықтарды бастан өткізіп,талай азаптарды көрсе де,соның бәріне төтеп берген қайсар ,ақылды,саналы әйел.Міне сол асыл қасиеттерін немересінің бойына сіңірген,достық пен бірліктің,адамгершілік пен адал жанұяның қадірін,табандылық пен батылдықты сүйікті немересінің бойына бала кезінен бастап қалыптастырған ғазиз ана.

Жазушының 1981 жарық көрген "Адам қайраты"шығармасында Б.Момышұлының соғыста дивизия командирі болып жүрген кезіндегі бір оқиға суреттеледі.Бұл шығарманың жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде ерекше орны бар.Бұл әңгіме адамның табандылығын,шыдамдылығын,мол қайратын көрсететін туындыларының бірінен саналады.Әңгіменің басты кейіпкері старшина Андрей-Әкімгерей деген қарапайым қазақ азаматы.Ол өзінің Андрей атану оқиғасын былай баяндайды.—Әскерге мені шақырғанда байүкіметтің (военкоматтың) байсары(писарі)бір қарт орыс екен.Маған кезек келгенде ол менен атың кім деп сұрады.Мен Әкімгереймін дедім.Әлгі шалдың құлағы мүкістеу ме,қайдам...Сол кісі менің книжкама Андрей деп жазыпты.Содан Андрей болдым да кеттім...—дейді.[5-117]

Ал,Әкімгерей туралы капитан Ложкин—Иә,жолдас полковник,оның омырауындағы белгілерге қарағанда он алты жарақаты бар,алтауы ауыр...Қайранмын.Адам жаны қандай сірі десеңізші!...-дейді.[5-118]Мұндай сөздерді санитарлық дивизияның жетекшісі де айтады.Тіпті онымен қоймай,рентгенге де салып,денесінде жүрген бір оқ,бір жарықшақ бар екендігін де анықтайды.Онан қала берсе бір бүйрегін,екі оң сүбе қабырғасын алып тастағандығын таң қала отырып,әңгімелейді.Міне осының бәрі Бауыржан ағамызды да таңғалдырады.Мұнан кейін ол Әкімгерейге "Жауынгерлік ерлігі үшін","Ерлігі үшін" медалдарын "Даңқ","Қызыл жұлдыз" ордендерін табыстайды.Старшина әскери атағын береді.Сонымен қатар оған—Сізді он жетінші рет жаралануға жіберуге болмайды,ал әскерден босатуға правом жоқ.Сіз дивизияның наубайханасына барып өз мамандығыңызбен жұмыс істегеніңізді дұрыс көріп отырмын.Қанша айтқанмен,ол алдыңғы шептен 40-50 километр жерде ғой.Дұшпанның самолеті бомбаламаса,оқ,снарядтары жетпейді...-дейді.[5-125]Мұнымен қоймай елге барып келуі үшін демалыс та береді.Бұл әңгімеден біз Әкімгерей бейнесі арқылы өзінің жауынгерлік борышын аянбастан орындауға әрқашан даяр,патриот,табанды да төзімді қарапайым да қахарман қазақ азаматын танимыз.Ал,әңгіме авторы Б.Момышұлы ағамыздың ержүрек батыр қолбасшы ғана емес,үлкен ақыл иесі,адамгершілігі мол,қамқоршы азамат екендігін байқаймыз.Бұл қасиеттердің барлығы ұрпақ тәрбиесінде ерекше орны бар екендігін атап өткім келеді. Жауынгер жазушының "Ұстаз" әңгімесінде Бауыржан атамызға әскери өмір мектебінің алғаш рет есігін ашып,әскер өнерінің алфавитін үйреткен ұстазы Николай Редин туралы сөз болады.Ол кісі Бауыржан атамызды алғаш рет 1932 жылы әскерде болған кезінде командирі болып,мергендікке баулыған.Арадан он жыл өткенде Б.Момышұлы басқарған дивизияның өрісінде елуден аса дұшпан танктері жайратылады.Олардың алтауын старшина Рединнің қиратқанын естіген Б.Момышұлы оны шақыртады.Сөйтсе старшина Редин дегені баяғы өзінің ұстазы екен.Алғашында Баукең оны танымай қалады.Бұл жөнінде ол былай дейді "Көзіме қарт көрінді.Гимнастеркасының оң омырауында екі рет жеңіл, төрт рет ауыр жараланғанның белгілерін көрдім.Менің ұстазым,менің бірінші командирім алдымда тікесінен тік тұр".[5-140]Оны таныған соң Баукең өзінің шені,лауазымы жоғары болса да Рединнің алдында құрақ ұшады.Бұл жерде біз Бауыржан атамыздың кішіпейілділігін,ұстазына деген үлкен құрметін байқаймыз.Сонымен бірге"Ұстаз атаңнан ұлы"-деген нақыл сөздің мәнін ұққандай боламыз.

Даңқты жауынгер жазушы,батыр қолбасшы туралы оқырман қауымға Ә.Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз", З.Ахметова "Шуақты күндер", Бақытжан Момышұлы "Қасымда сен барда", "Әкеге құрмет", М.Қалдыбаев "Ұмытылмас кездесулер" атты шығармаларын ұсынса, режиссер М.Бегалиннің "Артымызда Москва" кинофильмі, В.Щацковтың МХАТ сахнасында қойылған "Волоколам тас жолы" пьесасы Момышұлының әскери өмірбаянын суреттейді. Оның соғыстағы ерлігін бейнелеген белгілі орыс жазушысы Александр Бектің "Арпалыс" повесі әлемді шарлап кетті...

Бауыржан Момышұлы әлденеше ордендермен, медальдармен марапатталды. Дүние салғаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (1990 жылы). Сөйтіп, ұзақ жылдардан соң, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, қалың жұртшылық талабымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауы арқасында, халқымыздың ардақты ұлы көзі тірісінде-ақ аңызға айналып кеткен осынау даңқты жауынгер, дарқан ойлы қолбасшы турасындағы тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп еді. Бүгінде Бауыржан батыр есімін иеленген мектептер, көшелер, елді мекендер,ұжымшарлар егеменді елдің қала-даласында көптеп кездеседі. Оңтүстік астанада ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған, әскери мектеп-лицей бар.

Әдебиеттер тізімі

1.Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы 2006 жылғы 10 қазан №200 // Қызылжар нұры – 2006 - 24 қараша.

2.«Әдеби әлем» Қазақстандағы алғашқы әдебиет порталы.

3.Жастарды патриотизмге тәрбиелеу - мұғалімнің басты міндеті // Қазақстан орта мектебі – 2005 - №9 – 7 - 9 бет.

4.Патриоттық тәрбие және Б.Момышұлы // Қазақстан мектебі – 2005 - №8 – 72 - 73 бет.

5.Б.Момышұлы «Адам қайраты»

6. Б.Момышұлы Екі томдық шығармалар жинағы.


написать администратору сайта