Қызылша. ызылша ызылша балаларда жиі кездесетін те жпалы ауру
Скачать 16.4 Kb.
|
Қызылша Қызылша — балаларда жиі кездесетін өте жұқпалы ауру. Егер қызылшамен бала жас кезінде ауырмаса, онымен адам үлкейгенде де ауыра береді. Бұл ауруды вирус қоздырады, ол ауру баладан сау балаға ауа арқылы жұғады. Қызылша (корь). Бұл аурумен сырқаттанған баланың халі қатты нашарлайды. Дерт жұққан алғашқы күндері баланың тамаққа зауқы соқпай, мұрнынан су ағып, жөтеледі. Көзі жасаурап, былшықтанады. Температурасы көтеріліп, жөтелі күшейе түседі. Көзі қызарып, жасаурап, жарыққа қарай алмайды. Еріндері кезеріп, тамақ ішкісі келмейді. 3—5 күн өткен соң ұртында ұсақ ақ теңбілдер пайда болады. Тамағы қызарады. Күннен-күнге баланың жалпы жағдайы нашарлап, денесінің қызуы көтеріле береді. Ауырған күннен бастап арада 6—7 күн өткенде бетіне, құлақтарының сыртына, мойнына қызыл бөртпелер шығады, ал келесі күндері дәл осындай бөртпелер көкірегіне, қарнына, қолдарына, аяқтарына шыға бастайды. Егер ауру асқынбаса, баланың көңіл күйі бірте-бірте жақсарып, температурасы төмендейді, тамаққа тәбеті шабады. Ал бөртпелер қалай пайда болса, сол тәртіппен кете бастайды, яғни алдымен беттегі, құлақ сыртындағы, мойнындағы, сонан соң кеудедегі, қолдағы, арқадағы, қарындағы, шаттағы, аяқтағы бөртпелер кете бастайды. Теріде бөртпелердің орнында қоңыр теңбілдер қалады. Бұл теңбілдер 2—3 апта өткен соң барып кетеді. Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен тез арада дәрігерге хабарлап, ауру баланы сау балалардан оқшаулаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы бала бақшаға, мектепке жіберілмейді. Қызылшамен ауырған бала үйде дәрігердің бақылауымен емделеді. Егер баланың жағдайы тіпті нашар болса, онда оны аурухананың оқшауланған бөлмесіне орналастыру керек. Науқас бала ауырған күннен бастап төсекте жатуға тиіс. Егер ол жас нәресте болса, оны жиі- жиі қолға алып, ал ересек бала болса, төсек-орнын жиі-жиі ауыстырып жатқызған дұрыс. Бұлай ету баланың өкпесінің қабынбауын қамтамасыз етеді. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еденді, терезені, есікті сулы шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күн сәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ оның баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан да үйде тыныштық болғаны жөн, сонымен бірге тұмауратқан, гриппен және тағы да басқа сырқаттармен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ауырып, қорғаныс күші әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін. Ауру баланың бетін күн сайын тамақ ішер алдында жуып, гигиеналық тазалықты міндетті түрде сақтау керек. Егер денесінің қызуы 38 градустан аспаса, науқас баланы шомылдыруға болады. Көзінің былшығын жиі-жиі тазартып отырады. Ол үшін 2 проценттік фурациллин ертіндісіне (1 таблетка фурациллинді бір стакан қайнаған суға езу керек) немесе бор қышқылының ертіндісіне (1 шай қасық бор қышқылын 1 стакан қайнаған суға езу керек) малынған мақтамен, таза орамалмен сүртіп отыру қажет. Бұл үшін дәрігер жазып берген көзге тамызатын сұйық дәрілерді де пайдалануға болады. Баланың жақсы дем алуы үшін мұрнын да тазалап отырады. Алғашқы күндері баланың мұрнынан су жиі ағып, оны сүртіп алуға мүмкіндік болса, ал 2—3 күннен кейін мұрны қатты бітіп дем ала алмай қалады. Мұндайда сода ертіндісінің (жарты шай қасық соданы 1 стакан суға ерітіп) (3—5 тамшысын немесе сәл жылытылған 1—2 тамшы вазелинді (немесе кез келген өсімдік майын) тамызып жібітіп, мақтаны ширатып алып мұрынды тазартуға болады. Сонан соң дәрігердің нұсқауымен берілген сұйық дәріні тамызу қажет. Ауыздың іші мен тіл қабынбас үшін, бала тамақтанып болған соң аузын қайнатылған таза сумен немесе марганцовкамен, фурацнллинмен немесе сода ертіндісімен шаю керек. Ал ересек балалар тістерін күн сайын щеткамен тазалап отырулары тиіс. Жас нәрестелерге қайнаған су, лимон қосылған шай, немесе минералды су ішкізген пайдалы. Еріндері кезеріп жарылса, вазелин, сары май немесе кез келген өсімдік майын жағуға болады. Науқас баланың тамаққа тәбеті болмай, ас ішуден бас тартса, онда аз-аздан әрі жиі-жиі тамақтандырып отыру керек. Тамақтың сұйықтау болғаны дұрыс. Алманы және көкөністерді ауру балаға майдалап береді. Сырқат балаға сүт, әр түрлі жеміс-жидектердің шырындарын, көже, сорпа, булап пісірілген балық немесе басқа де еттер (құс, сиыр еттері) пайдалы. Балаға жиі-жиі 3 проценттік глюкоза ертіндісін, рингер ертіндісін, жеміс-жидек шырындарын, минералды сулар берген дұрыс. Ал температурасы басылып, жағдайы жақсара бастағаннан кейін балаға бұрын ішкізіп жүрген тамақтарын біртіндеп бере бастауға болады. Бала науқасынан айыққаннан кейін де үш-төрт апта бойына, кейде 2—3 айға дейін әл жиып, бұрынғы қалпына келе алмайды. Осы кезде баланың күтімі жақсы болуға тиіс. Тамағын мезгілінде беріп, түсте ұйқтауына көңіл бөлу және таза ауада жиі серуендеуіне, ойнауына назар аударған жөн. Баланың тамақ рационында әр түрлі көкөніс, жеміс-жидек және шырындар, шағын мөлшерде бал да пайдаланған дұрыс. Біздің елімізде қызылшаға қарсы егу жаппай қолға алынған. Балаға алдын ала қызылшаға қарсы егу жұмысы дұрыс жүргізілсе, онда ол ауырмауға тиіс. 15 айлық балаға бір-ақ рет егеді. Егудің нәтижелі болуы үшін оны бала сау кезде жүзеге асыру керек. Егу баланың көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етпейді, кейде 7—11 күн өткеннен кейін аздап денесінің қызуы көтеріліп, мұрнынан су ағады, аздап жөтеледі, денесіне қызылшаға ұқсас қызғылтым бөртпелер шығуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдай көпке созылмайды, тез өтеді. |