бжб. Жаһанша Досмұха. Жаанша Досмхамедов Алаш озалысыны аса крнекті айраткері
Скачать 40.55 Kb.
|
Жаһанша Досмұхамедов - Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедов - Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер. Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында (Орал уезі, Жымпиты) дүниеге келген. Жаһанша алдымен Орал әскери реалдық училищесінде оқыған. Бір жылдан кейін Орал облысының стипендиаты ретінде Мәскеу университетінің заң факультетіне түскен. Аталмыш жоғары оқу орнын Досмұхамедов 1910 жылы үздік тәмамдады.1914 жылы Том округтік сотында прокурордың орынбасары қызметін атқарған. Оралдық тарихшы әрі заңгер Равиль Мажитовтың зерттеуінде оның есімі 1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кітапқа енгені айтылады. Жаһанша 1917-1919 жылдардағы саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, ерекше көзге түсті. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары, Уақытша үкіметтің Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын Мемлекеттік кеңестің мүшесі болған. Облыстық және жалпы қазақ съездеріне қатысқан. Алашорда үкіметінің құрамына сайланған. 1918 жылдың көктемінде құрылып, күзінде таратылған «Уақытша Ойыл Уәлаятын» және оның орнына құрылған Алаш автономиясының батыс бөлімшесін басқарған. Большевиктердің көсемдері В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен қазақ автономиясы туралы келіссөздер жүргізген. Сондай-ақ, Ресейдің «Қылмыстық кодексін» 1000 данамен таралған «Жауыздық низамнамасы» деп қазақшаға аударған. Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Ташкент, Қызылорда, Алматы қалаларында әртүрлі қызметтерді атқарған. 1930 жылы Мәскеуге ауысады. Сол жылдан бастап оған әртүрлі саяси айыптар тағылады. 1932 жылы Воронежге 5 жылға жер аударылады, содан соң қайта тұтқындалып, 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Тек сталинизм жойылғаннан кейін 1958 жылдың 28 ақпанында ақталады. Жаһаншаның жеке өміріне келсек, Әлихан, Мұстафамен тағдырлас, әйелі орыс болған. Ольга Константиновна Пушкарева екеуі Том қаласында танысып, мұсылмандық жолымен некелескен. Ольга қазақтың салт-дәстүріне мойынсұнып, Жаһаншаның елінде «Зайра» атаныпты, жұбайының ағайын-туысқандарымен байланысын үзбеген. Орал қаласындағы «Жайық» баспасөз орталығында ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан Жаһаншаның бел немересі Бейсенғали Құлиясұлы Қуанышаевтың айтуынша, әжесі Ольга өмірінің ақырына дейін Мәскеу қаласында тұрған. Жаһаншаның арғы атасы Сұлтаннан Досмұхамед және Ізмұхамед, Досмұхамедтен Жаһанша, Ізмұхамедтен Хадис (1912 ж.т.) пен Құлияс (1914 ж.т.) тарайды екен. Жаһанша мен Ольгадан ұрпақ болмаған, олар кішкентайынан ағасының баласы Хадисті бауырына басқан. Ол анасымен бірге 1971 жылға дейін Мәскеу қаласында өмір сүрген. Ал, Ольга Константиновна 1986 жылы дүниеден озған. Оралдық тарихшы Р.Мажитов Жаһанша Досмұхамедовтың қоғамдық-саяси қызметін шартты түрде 4 кезеңге бөліп қарастырады: 1) 1910-1914 жылдары – оқу-білім алған немесе дүниетанымының қалыптасу кезеңі; 2) 1917-1918 жылдары – Бүкілресейлік мұсылмандар қозғалысындағы қызметі; 3) 1918-1920 жылдары – Алашорда, Алаш автономиясының батыс бөлімшесіндегі қызметі; Кеңес үкіметімен келіссөздер жүргізген кезеңі; 4) 1920-1937 жылдар – Ташкенттегі оқу-ағартушылық қызметінен басталып, саяси қуғын-сүргін кезеңімен аяқталады. |