дәріс 4 педагогика. Лекция4 Лекция жоспары Дидактика оыту теориясы. Оытуды негізгі категориялары. Оыту дерісіні мні
Скачать 25.29 Kb.
|
Лекция№4 Лекция жоспары: Дидактика – оқыту теориясы. Оқытудың негізгі категориялары. Оқыту үдерісінің мәні. Оқытудың мақсаты мен міндеттері. Дидактика - оқыту және білім беру теориясы. Дидактика - бұл ежелгі грек сөзі, яғни didaktikos - үйретуші, didaskalos - мұғалім деген ұғымды білдіреді. Дидактика - білім беру мен оқытудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттейтін ғылымының саласы.Дидактика білім беру мен оқытудың мазмұнын, оқыту принциптерін, оқытуды ұйымдастыру әдістері және формаларын қарастырады. Дидактиканың негізінде жеке пәндерді оқыту ерекшеліктері де зерттеледі.Дидактиканың ғылыми негізін салған чех педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670). Оның «Ұлы дидактика» кітабында (1632) оқытудың мақсаты, әдістері мен принциптері және сынып сабақ жүйесі баяндалған. XVIIғ. швейцар Иоганн Генрих Песталоцци (1746-1827), XIXғ. неміс педагогы Фридрих Вильгельм Адольф Дистервектер (1790-1966) оқыту дидактикасының негізін жасады. К.Д.Ушинский Ресейде орыс дидактикасының дамуына игі әсерін тигізді, ал кеңес өкіметі жылдарында Н.К.Крупская, П.П.Блонский, С.Т.Шацкий үлкен үлес қосты.Педагогика ғылымының «Дидактика» саласына белгілі қазақ педагог-ғалымдары ағарту ісінің қайраткерлері Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Шарапи Әлжанов өз уақыттарында еңбектеніп, бірсыпыра үлестерін қосты. Дидактика ұғымын ғылыми айналымға енгізген неміс педагогы В. Ратке (1571 - 1635). Дидактиканың негізгі қарастыратын мәселелері: оқыту мазмұны, процесі, әдістері, түрлері, принциптері, және т.б. 2.Дидактиканың негізгі категориялары. Дидактиканың негізгі категориялары: білім беру, оқыту, сабақ беру, оқу, оқыту принциптері, оқыту процесі және оның компоненттері, міндеттері, мазмұны, формалары, әдістері, құралдары, оқытудың нәтижесі. Оқыту - мұғалім мен оқушылар арасында белгілі дидактикалық міндеттерді шешуге бағытталған іс - әрекет. Білім беру деп - табиғат және қоғам жайында ғылымда жинақталған білім жүйесін жеке адамның меңгеруін және оны өмірде тиімді етіп қолдана білуін айтамыз. Білім берудің мазмұны - жеке адамның жан-жақты дамуы және қалыптасуы үшін меңгеретін білім, іскерлік, дағды жүйесі білім беру мазмұны болып табылады. Оқытудың принципі - оқыту процесінің тиімділігін арттыруға қажетті ең негізгі дидактикалық талаптар жүйесінен анықталады. Оқыту принципі оқу пәндерін оқытудың барлық сатысында қолданылатын жалпы қағидалар болып табылады. Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз - ұстаз бен шәкірттердің арнайы ұйымдастырылған, белгіленген тәртіп пен режимде жүргізілетін оқу-таным, іс-әрекет процесі. Оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар оқытудың білім беру, оқытудың тәрбиелік, оқытудың дамыту функциялары. Оқытудың білім беру функциясы - бұл адам баласын білім байлығымен қаруландыру, оны өз бетімен білім алуға, іскерлік пен дағдыны игеруге даярлау. Оқытудың тәрбиелік функциясы - оқытудың тәрбиелік ықпалы жайындағы идея Я.А.Коменскийдің, И.Ф.Гербарттың, Ф.А.Дистервектің, Н.И.Пироговтың және К.Д.Ушинскийдің еңбектерінде мазмұндалған. Оқыта отырып тәрбиелеу, оқушыларды өмірге, білім алуға тәрбиелейді, ақыл-ой қабілетін дамытады, адамгершілік қасиетін қалыптастырады. Оқытудың дамыту функциясы. Белгілі психологтар Л.С.Выготский мен С.Л.Рубинштейн ұсынған тұжырымдамасы бойынша жеке адамның тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі. Дамытып оқыту - бұл оқушылардың таным іс-әрекеттерін барынша дамыту, яғни олардың ой-өрісін дамыту, өз бетімен жаңа білімді іздеп табуға және оны еркін игеруге үйрету. Дамытып оқытудың міндеті - «Ең таяу даму зонасын» жасау. Оқыту процесі жүйе ретінде қарастырылады, ол өзінің белгілі құрылымы және бөліктерімен сипатталады. Олар: Ғылыми білімнің, іскерліктің және дағдының жүйесі (білім беру мазмұны). Мұғалім, оның өмірге, ғылымға көзқарасы және оқушылармен қарым-қатынасы (сабақ беру). Оқушылар, сынып ұжымы (оқу іс-әрекеті). Оқыту әдістері. Оқытудың материалдық құралдары: дидактикалық және оқытудың техникалық құралдары. Оқыту нәтижелері. 3.Оқытудың психологиялық негіздері. Оқу - оқыту процесіндегі оқушылардың іс - әрекеті. Оқыту процесінің логикасы және құрылымын анықтайды, ал құрылымына оқыту процесінің таным іс-әрекетінің кезеңдері кіреді. Таным міндеттерін жете түсіну. Таным міндеті түсінікті болса, оны оқушылар өз бетімен ізденіп шешуге тырысады, оқыту процесінің әрбір кезеңдеріне жеке-жеке дайындалады. Жаңа материалды қабылдау. Оқушыларды жаңа материалдармен таныстыру, бақылау, эксперимент, практикалық жұмыстар процесінде тікелей қабылдау арқылы және жанама түрде мұғалімнің сөзі, эвристикалық әңгіме, оқулық арқылы іске асырылады. Ұғыну - жаңа оқу материалдарын түсініп, жинақтау процесі. Ұғыну - бұл сапалы түрде ғылыми білуі, заңдылықтарды тану, ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару. Ұғыну процесінде оқылатын материал терең ойластырылады, дәлелденеді және бекітіледі. Білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту және жетілдіру. Бекіту бұл оқушылардың білімді берік ұғуының тиімді тәсілі. Білімді, іскерлікті, дағдыны практикада қолдана білу. Білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдану оқушылардың өзіндік қасиеттерін дамытады. Оқушылардың өз бетімен дамуына лабораториялық жұмыстар, практикалық және семинар сабақтары, үйрету машиналары, ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары мүмкіндік туғызады. Оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау - бұл оқытудың кері байланыс процесі. Оқушылардың барлық жетістіктерін - білім сапасын, пайымдау сауаттылығын, жалпы ой-өрісінің даму дәрежесін ескеріп, талдау жасау қажет. Осының негізінде білім мазмұны анықталады, әділ баға қойылады. Оқыту процесіндегі танымдық әрекеттің логикалық бірізділігі мынадай: Нақты аңғару - түйсік және қабылдау; Абстракты ойлау - ұғыну, мәнін түсіну; Практика - бекіту, білімді, іскерлікті, дағдыны практикада қолдану, оқу процесінің компонеттерін тексеру, бағалау. 4.Қазіргі мектептегі электронды оқыту жүйесі. Қоғамның дамуы бүгінгі таңдағы білім беру процесінде дамыған елдер стандартына деген ұмтылысты қажет етуде. Ал әлемдік білім кеңістігіне ену, әрине, бәсекеге қабілеттілік ұғымымен байланысты. Қажеттілік, қабілет, мүмкіндіктен туындайтын нәтиже даму мен ұмтылыс арқылы жүзеге асады. Осыған орай, жаңа қабылданған «Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» - Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі. Жаңа бағдарламаның ерекшелігі - жаңашылдығы. Атап айтсақ, Бағдарламада білім беру саласына электрондық оқыту жүйесін енгізу жеке бір бағыт ретінде қарастырылған. Бұл жүйені ұйымдастыру жағынан қамтамасыз етуді Білім берудегі жаңа ақпараттық технологиялар орталықтары жүзеге асыратын болады. Электрондық оқыту жүйесін білім саласына енгізудегі басты мақсат - білім беру үрдісінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін оқу үрдісін автоматтандыруды енгізуге жағдай жасау қажет. Мақсатқа қол жеткізу оқу сапасын, білімді басқарудың тиімділігін, сыртқы ортамен ақпараттық кірігуін арттырады. Білім беру жүйесін басқаруды қолдаудағы басты құрал болуы себепті электрондық оқыту жүйесі білім беру ортасы жайлы барлық қажетті мәліметтерді сақтауы тиіс. Сондай-ақ, ол - білімді дамытудың ақпараттық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету құралы, екіншіден, электрондық оқыту жүйесінің кез-келген түйінінен мәліметтерді орталықтандырып жинақтау арқылы білім беру жүйесінің мониторингін жасау құралы, үшіншіден, білім беру жүйесі туралы қажетті статистикалық мәліметтерді және түрлі аспектілер бойынша есеп беруді қалыптастыруды қамтамасыз ететін шешім қабылдау құралы ретінде әрекет етуі тиіс. Электрондық оқыту жүйесі барлық білім беру мекемелері, мұғалім, оқушы және олардың білім беру ортасында ауысып отыруы туралы мәліметтерді сақтайды. Жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі - электрондық оқыту жүйесін іске асырудың мүмкіндіктерін атап айтсақ, электрондық оқыту жүйесінде әкімшілік, директордың орынбасары, мұғалім, оқушы, медициналық қызметкер, кітапханашы үшін функционалдар әзірленетін болады. Қазіргі білім беру жүйесі ақпараттық технологиялар мен компьютерлік коммуникацияларды белсенді қолдануда. Әсіресе қашықтан оқыту жүйесі жедел қарқынмен дамуда, бұған бірнеше факторлар, ең бастысы - білім беру мекемелерінің қуатты компьютер техникасымен қамтылуы, оқу пәндерінің барлық бағыттыры бойынша электрондық оқулықтар құрылуы және Интернеттің дамуы мысал бола алады. Электрондық оқыту жүйесі оқушылардың қабілеті мен танымдық қызығушылығын дамытады және өздігінен білім алу дағдысын қалыптастырады. Электрондық оқыту жүйесі қазіргі білім берудің «өмір бойы білім алу» мен «баршаға ортақ білім беру» қағидаларына сәйкес оқушылардың жеке және ұжыммен жұмыс жасауына жағдай жасалуы тиіс. Электрондық оқыту жүйесінде желiде еркiн таралатын оқу материалдары бар ашық бiлiм беретiн қорлары болады.Жасалынған электрондық ақпараттық ресурстары және мультимедиалық бiлiм жасақтамалары еркiн аударылып, электрондық оқыту жүйесінде Интернет арқылы қолданылуы керек. 5.Дидактикалық құзыреттілік – мұғалімнің кәсіби-педагогикалық құзыреттілігінің құрылымдық компоненті. В.А.Сухомлинский: «Барлығы да балалық шақтан басталады, жас өспірімдердің моральдық бет-бейнесі адамның балалық шақта қалай тәрбиеленуіне байланысты» - деп есептейді. Баланың дұрыс тәрбиеленуі үшін оның тәрбиесін жүзеге асыратын мұғалім, педагогқа қойылатын талаптар кәсіби құзіреттілік шарттарына сай болуы керек. Педагог маман сыныпта жүргізілетін пәндерде балаларға берілетін барлық білімді жетік білуі, материалды түсінікті жеткізуі, оқушылардың білімін дұрыс бағалай білуі, олардың бойында тәжірибелік білімдерді қалыптастыруы қажет. Өзінің іс-әрекетін сыни тұрғыдан бағалап, кәсіби құзіреттілікті жетілдіру, оқушылармен дұрыс қарым-қатынас орнықтыра білу, ата-аналармен тіл табыса алу, сөйлеу мәдениетін жаттықтыру сияқты қасиеттер мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оқушылары мен олардың ата-аналарына сыйлы болады. Өз білімін жетілдіре отырып, оқушыларды арнайы ұғымдар мен терминдерді пайдаланып сөйлеуге үйрету, оқушыларды ғылымға жақындатады, әрі олардың алған білімдері негізді болады. Оқушылардың оқуға деген қызығушылықтарын ояту, оларды өздігінен білімдерін жетілдіруге дағдыландыру, сабақты жүргізуде қазіргі іс-тәжірибе мен озық тәжірибелерін шебер пайдалана білу оқытушының құзыреттілігін танытады. Мұғалімнің құзыреттілігі оның сабақты нәтижелі жүргізуіне де тікелей байланысты. Оқыту процесінде тәрбие жұмысын тиімді жүргізе білу, оқушыда жоғары адамгершілікті, патриотизм сезімін, еңбексүйгіштік, дербестікті қалыптастыру білігі педагогтық шеберліктің тағы бір элементін құрайды. Осылайша, педагог қазіргі қоғам талаптарын ескеріп, өзінің алдына педагогикалық міндеттерді қоя және шеше білетін, оқыту мен тәрбиенің озық технологияларын меңгерген, білім беру процесін басқара алатын, тәжірибеде педагогикалық ситуацияларды оқушы тұлғасының дамуына бағыштап жобалай және жүзеге асыра алатын бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлға болуы қажет. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Педагогика. Әлқожаева Н. 2015. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2000 Әбиев Ж., Бабаев.С, Құдиярова А. Педагогика. Дарын-2004 Педагогика. Оқулық/ Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің педагогика кафедрасының авторлар ұжымы. Алматы: Print-S, 2005 Бегалиев Т. Педагогика. Тараз. 2001 6.Оқыту теориясы. 2019, Дэйл Х. Шунк. |