Мамандық таңдау стратегиясы Жуманбаева. 1. Мамандық таңдау стратегияс. Мамандыты алай тадаймыз трт негізгі рал
Скачать 18.88 Kb.
|
Мамандықты қалай таңдаймыз – төрт негізгі құрал Балаңызға мамандық таңдауға көмектесу керек пе, әлде араласпаған дұрыс па? Не нәрсеге назар басты аудару керек? Баланың мамандық таңдауы – көптеген ата-аналар үшін өте күрделі мәселе. Әрине, әркім өз баласының табысты болғанын, қызметте өскенін, танылғанын, өз мамандығын адаспай тапқанын қалайды. Бұл жерде кәсіби ғана емес, психологиялық мәселе де бар. Кейбір ата-аналар балаларының өз қателіктерін қайталамағанын қалайды, ал басқалары, керісінше, балаларының өзінің жолын қуғанын қалайды. Бірақ егер бес жылдан кейін, Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, әрбір үшінші мамандық жойылып, әрбір екінші мамандық үлкен өзгерістерге ұшырайтын болса, бала мамандығын қалай таңдауы керек? Баланың қызмет бабында жетістікке жететініне жауапкершілікті толығымен өзіңе алудың қажеті жоқ екені анық. Бала өзін дамыта алатын, өз жолын іздейтін және өзінің арманындағы жұмыс орнын, лауазымын, қызмет бабын құра алатын ең қолайлы ортаны қалыптастыруды ойластыру керек. Сіздерге Kelly Services халықаралық кадр агенттігінің сарапшылары әзірлеген, ата-аналардың баласы таңдаған мамандыққа қатысты кеңес берерде басты назар аудару керек 4 құралды айтайын. 1. Жаңа мамандықты үйренуге ашық болыңыз 2019 жылдың тамызында жүргізілген зерттеудің нәтижесінде ата-аналардың 11%-ы «балаңызды кім болғанын қалайсыз» деген сұраққа баласы блогер болып кете ма деп қорқатынын айтқан. Баласының болашағына алаңдап отырған ата-ананы түсінуге болады. Бірақ, тіпті мектеп оқушыларының өзі өздерінің жеке блогтары арқылы табыс тауып отырған жоқ па. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Ал, дәрігер, заңгер, инженер мамандықтарына түсу сәнді болған заман келмеске кеткен бе сонда? Иә, солай. Бірақ ІТ саласында жақсы қабілеті бар дәрігер және күрделі медициналық жабдықтардың тілін түсіне алатындар сұранысқа ие болады (әрине, лайықты жалақы да алады). Тіпті қарапайым дәрігерлік қабілеті бар мықты мамандардан ондаған есе сұранысқа ие әрі табысты болуы мүмкін. Сондықтан бірнеше мамандықты игеріп кете алатын бірнеше қабілеттің иесі, жан-жақты мамандар барлық жерде керек. Ал, балаларға қызықсыз болса, үйреншікті әмбебап факультеттерді айтып, оларды қинамаған, шектемеген дұрыс. Баланың таңдаған мамандығына қазірдің өзінде сұраныс аз болса, 5 жылдан мүлде мүлде сұраныс болмауы мүмкін. Біреудің мақтаған мамандығын жақсылап зерттеп алмайынша сенбеңіздер. Болашағы жоқ мамандыққа миллиондап ақша төлеудің қажеті бар ма? Ол мақтаған адам университеттің өкілі немесе арнайы тапсырмамен жүрген адам болуы мүмкін. Сондықтан нарықты зерттеңіздер немесе осы саладағы жүрген профориентолог мамандардан кеңес алыңыздар. Қандай мамандықтарды таңдауға кеңес бере аламын? Ақпараттық технологиялар, математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі. Бұл бүгінгі күні сұраныста, болашақта да сұраныста болады деп ойлаймын. Инженер және биолог, 3Д-дан хабары бар инженер және сәулетші, химик және фармацевт, хирург және робототехник тәрізді аралас мамандықтарды меңгер... Еңбек нарығына осындай түрлі ғылымдардың тоғысындағы мамандықтар келеді. Ол мамандықтарды меңгеріп, табысты, жоғары лауазымды болуы үшін балалардың ғылым мен техниканың түрлі бағыттарына деген қызығушылығын оятып, дамытып отыруымыз керек. Егер түрлі үйірмелер мен секцияларға апаруға уақыт пен мүмкіндік жоқ болса, ең болмағанда ағылшын мен ІТ-ге апарыңыз. Тереңдетілген білім міндетті түрде керек. 2. Жұмысқа тұру/жұмыспен қамтудың жаңа формаларын біліп жүріңіз Көпшілік адамдар өздері де, балалары да 5/2 тұрақты компанияда тұрақты жұмыс істегенін қалайды. Бірақ баланың қызмет көкжиегін осымен ғана шектемеген дұрыс. Қазір жұмыс істеудің түрлі формалары белсенді түрде дамып келеді – уақытша жұмыс және жобалық жұмыс, фриланс, қашықтықтан жұмыс істеу, т.б. Еуропа елдерінде (Нидерланды, Италия, Швейцария) фармацевтикалық сфера қызметкерлерінің көбісі жоба негізінде жұмыс істейді. Тұрақты, табысты жұмысқа тұру үшін мүлде тәжірибесі жоқ адам бірнеше компанияда уақытша, жобалық жұмыстарда істеп, тәжірибе жинауы мүмкін. Содан кейін тұрақты әрі жалақысы жоғары жұмысқа үміткер бола алады. 3. Трендтен қалмаңыз және балаларға бағыт беріп отырыңыз Әзірге бала өсіп келе жатқанда, түрлі үйірмелер мен білім беру ресурстарының көмегімен баланың бойынан болашақта қажет болатын қабілеттер мен құзыреттерді дамытуға мүмкіндік болады. Қазіргі ата-аналардың басым көпшілігі балаларының ІТ сауаттылығын арттыруға, шығармашылық арқылы ойылау қабілетін арттыруға, жаратылыстану ғылымдарына және дене бітімін шынықтыруға, күшті болып өсуіне көбірек назар аударады. Ең пайдалы қабілет ретінде көшбасшы болу, нәтижеге ұмтылу және креативтілік маңызды. Мен бұған эмоционалды интеллект пен сыни ойлауды да дамыту керектігін қосар едім. Қазіргі заманда IQ емес, бастысы EQ, яғни эмоционалды интеллектің жоғары болуы маңызды екенін көп айтып жүрміз. IQ жоғары бала сол білімін, бойындағы мықты қабілетін қажетті жерде дұрыс қолдана алуы да маңызды. Білімді, қабілетті бала ұялшақ, жасқаншақ болса, қабілетін пайдалануға қабілетсіз болса, білімді болғаннан пайда не? Түрлі зерттеулердің нәтижесі болашақтың мамандықтарын игеріп табысты болғысы келетіндердің бойында болу керек қасиеттер ретінде мыналарды атаған: Күрделі, белгісіз жағдайға тап болғанда, шығатын мүмкіндікті көре алу Эмоционалды интеллект Сыни ойлау қабілеті Креативтілік пен қолайлы шешім қабылдай білу Оқуға деген жоғары қабілеттің болуы. Заманға сай қажетті қабілеттер мен құзыреттер жаңа технологиялардың дамуына, экономика мен жаһандануға байланысты өзгеріп отырады. Бұл трендтерді жібермей бақылап отыру – әрбір ата-ананың, балалардың қолында. Алайда, алдымен балаға қандай ғылым мен пәндер басқаларға қарағанда ұнайтынын, әлдеқайда қызықты екендігін анықтау керек. Математикаға, жаратылыстануға қызықпаған баланы сүйресең де биолог шықпайды. Бірақ базалық білімі болғаны дұрыс. ІТ, компьютерлік білім болашақта барлық салада қажет болады. Жоғарыда аталған бес қабілетті жақсы дамытқан бала қандай мамандықты меңгерсе де табысты бола алады. 4. Өздігінен білім алу, өзін-өзі дамытуға дайын болу Қазір еңбек нарығында өзін-өзі дамыту, өздігінен білім алу тренді байқалады. Ғылым мен ақпараттық технологиялардың беталасына байланысты қарқынды өзгерістер орын алып жатыр. Сондықтан адамдар өмір бойы оқуы қажет. Қайда және қалай жұмыс істесе де, өмір бойы үйреніп отыруға тура келеді. Адам қатарынан қалмау, жұмыста өзгелерден ілгері болуы үшін – өз білімін дамытып отыруға инвестиция жасауы тиіс. Ол өзінің барлық қабілетін, білімін, ресурсын арнай алатын мамандықты тапқанда – бақытты әрі жайлы өмір сүре алады. «Жаның қалайтын жұмысты тап, сонда сен бір де бір күн жұмыс істемейтін боласың» деген қанатты сөз бар. Оны Конфуций айтқан делінеді. Жұмыс беруші жаңадан келген маманның, университетті жаңа бітірген жас маманның білім алуға, үйренуге деген қабілетін, , мақсатқа жетуге деген құлшынысын, нәтижеге жұмыс істеу, топпен жұмыс істей алу, қателік жасап қоямын деген қорқынышының жоқтығы, жұмыс барысын тез түсінуді қалауы тәрізді қасиеттеріне назар аударады. Тез өзгеретін болашақтың мамандықтарына балаларыңызды қазірден дайындаңыз. |