Главная страница

физиология. Миокард талшытары ерекше тарамдалып, бірбірімен ендірме табаша нексус арылы осылады да, бірттас тор, немесе синцитий, райды


Скачать 17.9 Kb.
НазваниеМиокард талшытары ерекше тарамдалып, бірбірімен ендірме табаша нексус арылы осылады да, бірттас тор, немесе синцитий, райды
Дата06.12.2021
Размер17.9 Kb.
Формат файлаdocx
Имя файлафизиология.docx
ТипДокументы
#293725

Миокард талшықтары ерекше тарамдалып, бір-бірімен ендірме табақша — нексус арқылы қосылады да, біртұтас тор, немесе синцитий, құрайды. Бұл ендірме табақшалардың электрлік кедергісі өте төмен, сондықтан бір клеткада пайда болған қозу көрші жатқан клеткаға оңай беріледі. Осының арқасында миокард әрекетінде біртұтастық қасиет пайда болады.

Жүректің бейқалып (атипті) элементтерінің де өзіне тән ерекшелктері болады. Олардың көлденең жолақтары сиректеу, гликогені мен саркоплазмасы мол. Бұл элементтер негізгі ет талшықтарынан дәнекер ұлпалы қабықпен шектеледі. Осы атиптік ұлпа элементтері жүректің белгілі бір бөліктерінде түйіндер мен шоқтар құрып, жүректің өткізгіш жүйесін түзеді.

Жүрек етінің үшінші құрылымдық ерекшелігі онда қабырғалық (интрамуральдық) жүйке түйіндерінің болуында. Бұл түйіндер алғаш рет 1838 жылы Р. Ремак еңбектерінде, кейінірек К. Людвиг (1848), Г. Биддер (1852), И.М. Догель (1895) зерттеулерінде суреттелген. Олар жүрекше қабырғаларында, жүрекше аралық пердеде және қарынша ертерінің табан (жоғарғы) бөлігінде орналасады. Бұл түйіндер кезеген жүйкемен тығыз байланысты және қоздырғыш не сезімталдық қызмет атқарады.

Жүрек етінде мезгіл-мезгіл пайда болған қозу процесінің салдарынан жүректің жиырылуы байқалады. Жүрек еті (миокард) тоқтаусыз, ырғақты қызмет етуіне байланысты қозғыштық, автоматиялық, өткізгіштік, жиырылғыштық, рефрактерлық қасиеттерімен сипатталады.

Қозғыштық - жүрек еті электрлік, механикалық, термиялық, химиялық тітіркендіргіштер әсерінен қоза алады. Тітіркендірудің нәтижесінде натрий иондары ет талшықтарының ішіне өтіп, мембрана үйексізденеді (деполяризацияланады) де, жүректің қозған бөлігінде теріс заряд пайда болып, оның қозған және қозбаған бөліктерінің арасында потенциалдар айырмасы туыңдайды. Миокард клеткаларында (кардиомиоцитгерде) қаңқа етімен салыстырғанда әрекет потенциалы 100 есе ұзағырақ созылады (200-400 мс).

Автоматия -жүрек етінің сыртқы әсерсіз тек ағзаның өзінде туындайтын қозу толқыңдарының ықпалымен жұмыс істеу қабілетін жүрек автоматиясы дейді. Жүрек автоматиясы өткізгіш жүйенің қызметіне байланысты. Жүректің өткізгіш жүйені Кис-Фляк (синус-жүрекше), Ашофф-Тавар (жүрекше-қарынша) түйіндері, Гисс шоғыры, Гисс сабақтары және Пуркинье талшықтары құрайды. Өткізгіш жүйе жүректің автоматия қасиетін қамтамасыз етеді.

Өткізгіштік -қозу толқыны Кис-Фляк түйінінде ерекше ет клеткалары -пейсмекерлерде — пайда болады да, жүрекше еттеріне электрлік жолмен тарап, Ашофф-Тавар түйініне жетеді. Одан әрі қозу толқыны Гисс шоғыры арқылы бүкіл қарыншаға тарайды. Жүрек еті қозуды әлсіретпей (декрементсіз) өткізеді және оқшауламай барлық ет талшықтарына таратады. Қозуды өткізу жылдамдығы жүректің әр түрлі бөліктерінде бірдей емес. Жылы қандылар жүрекшелері қабырғасымен секундына 0,8-1 м, қарыншалар қабырғасымен - 0,8-0,9 м, қарыншалар өткізгіш жүйесімен 2-4,2 м жылдамдықпен тарайды. Салыстыру мақсатыңда қаңқа еттерінде қозудың 4,7-5 м/сек жылдамдықпен тарайтынын айтып өтейік.

Жиырылғыштық -қозу толқынына жүрек еті жиырылумен жауап береді. Жиырылу деп ет талшықтарының ұзындығының қысқаруын немесе кернеу күшінің (тонус) артуын айтады. Жүрек еті бұлшық еттермен салыстырғанда шабандау – баяуырақ жиырылады.

Рефрактерлік- қозу үстіндегі жүрек етінің тітіркендіргішке жауап бермейтін қасиеті. Рефрактерлік кезең үш сатыға бөлінеді. Олар абсолюттік (толық) рефрактерлік, салыстырмалы рефрактерлік және экзальтация (лепілдеу) сатылары. Систола кезінде жүрек етінің қозғыштық қасиетінің жойылуын толық рефрактерлік деп атайды. Бұл сатыда жүрек еті ешбір тітіркендіргішке жауап бермейді. Жүрек еті босаңсый бастағанда (диастола) оның қозғыштық қасиеті өзгеріп, қалпына келе бастайды. Осы уақытта күшті тітіркендіргішке әлсіз жауап алынады. Бұл сатыны салыстырмалы рефрактерлік деп атайды.

Жүректің жиырылу циклы

Жүрек минутына 70-72 рет соқса, жүрек циклы (айналымы) 0,8-0,9 сек. тең болады. Жүрек соғуы жиелесе не сиресе, оған орай айналым уақыты не ұзарады, не қысқарады. Айналым уақыты көбінесе диастоланың ұзақтығына байланысты, яғни жүрек соғуы жиелесе, оның диастоласы қысқарады. Систолаға қажет уақыт мөлшері көбінесе өзгермейді.

Жүрек айналымы 0,1 секундке созылатын жүрекше систоласынан басталады. Оң жүрекше жиырылуы 0,01 секундтей ертерек басталады. Өйткені онда жүректі қоздыратын синоатриалдық түйін орналасқан. Қозу осы түйінде туады да, оң қарыншаға бұрынырақ жайылады. Систола кезінде жүрекшелерде қан қысымы с.б. 5-8 мм-ге жетеді. Бұл уақытта қарыншалар диастолада болады, ал атриовентрикулярлық қақпашалар ашық болғандықтан қан жүрекшеден қарыншаға құйылып тұрады. Жүрекше жиырылған сәтте оған қан жеткізетін веналардың өзегі қысылып жабылып қалады. Сондықтан қан жүрекшеден веналарға қарай кері қайтпайды, веналарда қысым төмен болғанмен де қан өтпейді. Систоладан кейін жүрекше диастоласы және қарынша систоласы бір мезгілде басталады. Қарынша систоласы 0,33 секундке созылады, ол ширығу және қан айдау кезеңдері болып екіге бөлінеді. Ширығу – 0,08, қан айдау – 0,05 секундке созылады. Ширығудың өзі екі кезеңнен тұрады: 0,05 секундке созылатын асинхрондық жиырылу мен 0,03 секундке созылатын изометрлік жиырылу. Асинхрондық кезеңде қарынша еттерінің бәрі бірден жиырылмайды. Жиырылу қозуға сәйкес ет талшықтар тобын біртіндеп қамтиды. Қарынша қуысында қысым онша өзгермейді, сондықтан атриовентрикулярлық қақпашалар ашық қалпында қалады.

Изометрлік кезінде қарынша еті түгелдей ширығады, бірақ оның қуыстары қанға толы болғандықтан жиырыла алмайды, яғни ет талшықтарының ұзындығы өзгермейді. Сондықтан бұл кезең изометрлі кезең деп аталған.

Қарыншалар систоласының қан айдау кезеңі айшық қақпашалардың ашылу мезгілінен басталады. Бұл тез және баяу қан айдау кезеңдеріне бөлінеді. Тез қан айдау кезеңі – 0,12, ал баяу қан айдау кезеңі - 0,13 секундке созылады. Қан айдау кезеңінде айшық қақпақшалар ашылғаннан кейін қанның қарыншалардан қан тамырларына шығуына мүмкіншілік туып, ет талшықтары жиырылып қатты қысқарады, сондықтан қарыншадағы қан қысымы арта түседі. Баяу кезең аяқтала бастағанда миоциттер қатты жиырылғандықтан қысым одан әрі көтеріледі. Сол қарыншадағы қысым с.б. 120-130 мм-ге дейін артады, ал оң қарыншада 25-30 мм-ге жетеді. Қан айдаудың баяу кезеңінде қанның қарыншадан қолқа мен өкпе артериясына өтуін қамтамасыз ету үшін қан тамырлары қысымынан көтеріліп келе жатқан қарыншадағы қан қысымы жоғары болуға тиіс. Осыған орай жүректің жиырылуы да күшейе түседі.

Қан айдау кезеңі аяқталысымен қарынша диастоласы басталады, ол 0,47 секундке созылады. Бұл 4 кезеңнен тұрады: протодиастола, изометрлік босау, қанға толу, пресистолалық.

Жүрек минутына 65-80 рет соғады. Жүрек соғуы сиресе (40-50) брадикардия деп, ал жиелесе (минутына 150) тахикардия деп аталады.


написать администратору сайта