Педагогиканы жалпы негіздері
Скачать 62.82 Kb.
|
Педагогика нысаны, пəні жəне қызметтеріӨткенде де, қазіргі күнде де педагогика жөніндегі ғалымдар пікірі үш бағытта өрбіген. Бірінші топ ғылым өкілдерінің ойынша педагогика адамзат білімдерінің пəнаралық аймағын құрайды. Осыдан мұндай көзқарас педагогиканың дербес теориялық ғылым екендігін, яғни педагогикалық құбылыстардың идеялық түйіні боларын тіпті де мойындамайды. Бұл жағдайда педагогикалық нысан ретінде əртүрлі күрделі болмыс объекттері (космос, мəдениет, саясат жəне т.б.) қабылданары сөзсіз. Ендігі ғалымдар тобы педагогиканың басқа ғылым салаларынан (психология, жаратылыстану, əлеуметтану жəне т.б.) алынған білімдерді жанама түрде пайдаланып, оқу жəне тəрбие аймағында туындайтын мəселелерді шешуге икемдестірілген қолданбалы пəн рөлін таңдады. Бұлай болғанда педагогикалық практиканың іске асуы мен өзгерістеріне тұғырлы тірек болар тұтастай теориялық негіз қалыптасуы мүмкін емес. Мұндай педагогика мазмұны педагогикалық құбылыстардың жеке тақырыптары жөніндегі кездейсоқ, жүйеленбеген, байланыссыз деректер жиынтығы күйінде көрінері екінің біріне аян. Қазіргі кезеңде ғылым мен практикаға үшінші ғылыми тұжырым өз тиімділігімен танылып отыр: педагогика- өзіндік нысаны мен зерт-теу пəніне ие салыстырмалы дербес білім саласы («Педагогика» оқулықтарының ең соңғы басылымдары: Б.Т.Лихачев, И.П.Подласый, В.А.Сластенин жəне т.б.). Педагогика нысаны. Педагогика ғылымының нысандық ерекшелігі жөнінде батыл ой ұсынған ғалым жəне практик А.С.Макаренко болды. Оның пікірі: көпшілік педагогика нысаны бала деп біледі, алайда бұл дұрыс емес. Ғылыми педагогика зерттеулерінің объектісі – бұл «педагогикалық дерек (құбылыс)». Дегенмен, бала, адам да зерттеуші назарынан тыс қалмайды. Керісінше, адам жөніндегі ғылымдардың бірі болғандықтан, педагогика аталған объекттердің тұлғалық дамуы мен қалыптасуына мақсатты бағдарланған саналы іс- əрекеттер аймағын зерттейді. Осыдан, педагогика өз нысаны ретінде тек өкілі (индивид) не оның психикасын қарастырмай (бұлар психология объекті), оның дамуына байланысты педагогикалық-тəрбие құбылыстар жүйесін зерттеуге алады. Сондықтан да педагогика нысаны деп қоғамның мақсатты бағдарланған іс-əрекеттері үдерісінде дара адам дамуына себепкер болған болмыс құбылыстарын айтамыз. Бұл құбылыстар педагогика ғылымында білімдену (образование) атамасымен белгіленіп, педагогика шұғылданатын шынайы дүниенің бір бөлігін танытады. Педагогика пəні. Білім, білімдену процесі тек педагогиканың ғана меншікті зерттеу аймағы емес, оның зерттеуімен философия, əлеуметтану, жантану, экономика жəне де басқа ғылымдар шұғылданады. Мысалы, экономист білім жүйесінде өндірілген «еңбек ресурстарының» шынайы мүмкіндіктер деңгейін анықтай отырып, олардың дайындығына жұмсалатын қаржы мөлшерін белгілеуге тырысады. Социолог өз міндетіне орай білім жүйесінде дайындықтан өткен адамдардың əлеуметтік ортаға икемдесу қабілеттері мен ғылыми- техникалық үдеріске жəне əлеуметтік өзгерістер жолында ықпал ету мүмкіндіктерін білгісі келеді. Философ, өз кезегінде, ауқымдылау бағдарын негізге ала отырып, білім саласының жалпы міндеттері мен мақсаттары жөніндегі сұрақтарға жауап іздестіреді: Білімнің бүгінгі жайы қалай? Ол келешекте қандай болмақ? Психолог білімді педагогикалық үдеріс ретінде қарастыра отырып, оның психологиялық қырларына назар аударады. Саясаткер қоғам дамуының нақты кезеңіндегі мемлекеттік білім саясатының тиімділік деңгейін тануға ұмтылады т.с.с. Əлеуметтік құбылыс болған білімді зерттеудегі əртүрлі ғылымдардың қосқан үлесі, əлбетте, құнды да қажетті, бірақ олардың бəрі де адамның күнделікті өсу жəне даму процестерімен байланысқан білімнің мəндік астарын жəне сол даму процесіндегі педагог пен оқушы ықпалдастығы мен оған сəйкес жүйелік құрылымдарды назардан тыс қалдырады. Солай болуы заңды да, себебі аталған проблемалардың баршасы арнайы ғылым – педагогиканың зерттеу нысандары. Осыдан, педагогиканың пəні – арнайы əлеуметтік мекемелерде (институттарда): отбасы, білім беру жəне мəдени-тəрбие орындарында –мақсат бағдарлы ұйымдастырылған шынайы біртұтас педагогикалық процесс ретінде көрінетін жүйеленген білім саласы. Бұл тұрғыдан педагогика əрбір адамның бүкіл өмір бойы дамуының кепілі жəне құралы болған педагогикалық процестің мəні мен мазмұнын, заңдары мен заңдылықтарын жəне оның бүгінгі бағыт-бағдары мен болашақ өркендеу жолын зерттеуші ғылым жүйесін аңдатады. Осы негізде педагогика тəлім-тəрбие процесінің ұйымдасу теориясы мен технологиясын, педагог іс-əрекетін (педагогикалық қызметті) жəне оқушылардың əрқилы оқу жұмыстарын жетілдірудің формалары мен əдістерін əрі олар арасындағы оқу істері төңірегінде туындап отыратын қарым-қатынас, ықпалдастық стратегиялары мен тəсілдерін нақтылап, ашып отырады. Педагогика ғылымының қызметтері. Дербес ғылым ретінде танылған педагогиканың қызметтері оның жоғарыда аталған пəндік сипаттарымен сабақтас, яғни табиғи бірлікте іске асырылуы қажет теориялық жəне технологиялық міндеттер. Педагогиканың теориялық міндеттері үш деңгейде жүзеге асырылады: сипаттау немесе түсіндіру – озат əрі жаңашыл педагогикалық тəжірибені зерттеу; анықтау (диагностикалық) – педагогикалық құбылыс жағдайын, педагог пен оқушы іс-əрекеттерінің нəтижелілігі немесе тиімділігін жəне оларды қамтамасыз етуші шарттар мен себептерді айқындап алу; болжау (прогноздау) – барша педагогикалық жағдаяттарды табиғи тұтастық күйінде эксперименталды зерттеуден өткізу жəне оның негізінде сол педагогикалық болмыстың жаңаланған моделін құрастыру. Теориялық қызметтің болжау, болжастыру деңгейі педагогикалық құбылыстардың мəнін ашу, педагогикалық процестің түп-төркінінде орын алатын құбылыстарды таба білу, сонымен бірге болып қалуы мүмкін ықтималды өзгерістерге ғылыми негіздеме бере алу сынды іс- əрекеттермен байланысты. Осы деңгейде анықталған деректерге орай оқу жəне тəрбие теориясы анықталып, білім беру практикасына жетекші рол атқарушы озық педагогикалық жүйе моделі құрылады. Педагогиканың технологиялық қызметтері де үш көрініс береді: жобалау (проекттеу) – педагогикалық іс-əрекет пен оның мазмұны əрі сипатын қалыптастыру жəне реттеуге нұсқау болғандай теориялық тұжырымдар мен анықтамаларды қамтыған қажетті əдістемелік материалдарды (оқу жоспары, бағдарлама, оқулықтар мен оқу құралдары, педагогикалық ұсыныстар) жасауға байланысты; жаңалау – тəрбие жəне білім беру тəжірибесін жетілдіру мен қайта түзу мақсатына орай педагогика ғылымының замандық жетістіктерін мектеп өміріне енгізе, пайдалану; ықпал таныту (рефлексивтік)жəне реттеу-түзетулер енгізу (коррекциялық)- ғылыми зерттеу нəтижелерінің оқу-тəрбие ісіне болған əсер-ықпалын бағалау жəне одан соңғы ғылыми теория мен тəжірибелік іс-əрекеттер байланысына қажет болып қалатын реттеу-түзетулерді іске асыру. Өзінің қоғамдық қызметтерді орындауға қажет қабілеттерінің дамуына себепші болған əлеуметтену процесінде адам тұлғалық кемелдену сатысына көтеріледі. Адамның əлеуметтенуі оның қоғамдағы ауыспалы жағдайлар мен шарттарға икемдесе білуі ғана емес, ол өз ішіне жеке тұлғаның дамуы, өзіндік танымы мен өз мүмкіндіктерін өз күшімен іске асыра алу сияқты процестерді де қамтиды. Дегенмен, аталған процестерге байланысты міндеттердің шешімі бірде мүдделі, жүйеленген болып, бүкіл қоғам, сол үшін арнайы ұйымдастырылған мекемелердің қолдауымен жəне жеке адамның ынта-ықыласына негізделсе, кейде кездейсоқ келеді. Ал осы əлеуметтенуге орай жүргізілетін, нақты мақсатқа бағыттала ұйымдастырылған басқару процесі білім (образование) деп аталады. Білім мəні – əр адамның өте күрделі өзіндік басқару жүйесінің тиімділігін көтеру жəне оны жоғары моральдық жəне азаматтық мұраттар рухында тəрбиелеу. Сонымен, əлемде кең таралған педагогикалық ойдың дамыған екі бағыты танылған – үлкендердің бедел – абыройына жəне балалардың бағыныштылығына негізделген əкімшіл (авторитарлы) ағым, шəкірт құқығы мен еркіндігін құрметтеуші – гуманистік ағым. Олардың арасында –сан қилы педагогикалық бағыттар өрбіген. Əлемнің ізгілікті педагогикасы өзінің гуманистік таңдауын қабылдады. |