ТАырып ксіпкерлікті экономикалы негіздері экономиканы негізгі ымдары Экономика
Скачать 81.31 Kb.
|
ТАҚЫРЫП 1. КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ Экономиканың негізгі ұғымдары «Экономика» термині «ойкос» - үй, шаруашылық және «номос» - заң сөздерінен бірігіп алғаш рет сонау ежелгі Грекияда пайда болды. Басқаша айтқанда, «үй шаруашылығы» деп те сөзбе сөз аударуға болады. Яғни, бұл сөзді (гректің «oikonemia» сөзінен) шаруашылықты басқару деп ұғынамыз. Осы мағынада жиі экономикалық жүйе туралы сөз қозғалады. Экономикада қолданылатын терминология экономикалық жүйе, өндіріс факторлары, тауарлар мен қызметтер, ақша сияқты негізгі ұғымдардан тұрады. Бұл терминдер «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқу барысында жиі қолданылады. Алайда, экономистер осы ұғымдарды түрліше түсіндіреді. Мысалға, экономикалық жүйе ұғымының бірнеше анықтамалары бар. Кейбір авторлар экономикалық жүйені белгілі бір географиялық территорияның шеңберінде өндіріс, табыс және тұтынуға қатысты шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыру механизмдерінің және институттарының жиынтығы деп түсіндіреді. Басқаларының ойынша, экономикалық жүйе экономикалық іс-әрекет пен нәтижеге тікелей немесе жанама әсер ететін барлық институттар, ұйымдар, заңдар мен ережелер, дәстүрлер, нанымдар, ұстанымдар, бағалаулар мен тыйымдарды қамтиды. Адамзатқа өмір сүру үшін материалдық игіліктер қажет. Материалдық игіліктер деп табиғи материалдан адам қолымен жасалған заттарды атаймыз. Материалдық игіліктердің ұдайы өндірісі үшін өндірістік үдерістерді үнемі қайталап қайта өндіру қажет. Осы орайда, экономика материалдық игіліктерді өндірумен тікелей байланысты болады. Материалдық өндіріс – қоғам өмірінің негізі. Экономика тек өндірістен ғана емес, қоғамдық, яғни адамдар бір-бірімен қатынасқа түсетін өндірістен пайда болады. Өндіріс үдерісін жүргізуде қажетті ресурстар өндіріс ресурстары (факторлары) деп аталады. Негізігі өндіріс ресурстарына: табиғи ресурстар, еңбек, капитал жатады. Табиғи ресурстар (жер) – өндіріс үдерісінде адамдар пайдаланатын барлық табиғи ресурстар. Оларға: ауыл шаруашылығы алқаптары (егістік, жайылымдар), орман, су, ауа, жаңа құрылыс жерлері, өндірілетін шикізат және т.б. жатады. Жер сапасы бойынша өте шектеулі және жасанды өндіруге болмайтын табиғи фактор болып табылады. Сол сияқты жер қойнауында орналасқан пайдалы қазбалар да табиғаты бойынша шектеулі және олардың қорлары күн сайын азаюда. Еңбек – адамның білімінің, дағдылары мен ептілігінің, физикалық және зияткерлік қабілеттерінің жиынтығы, яғни өнім өндірісіне жіберілетін еңбек күші. Басқаша айтқанда, еңбек үдерісінде адам өзінің физикалық, зияткерлік және рухани қабілеттерінің жиынтығын жүзеге асырады. Адамның тарихи және мәдени даму деңгейіне сәйкес қоғамның адамға бергенінің барлығы. Адам өте білімді және өмір бойы оқып келеді. Алайда, бүгінгі күн маманының білімі өте шектеулі. Себебі белгілі бір уақыт кезеңінде оның тәжірибесі мен білімі бір шекті нүктесіне жетеді, адам оны жеңу үшін алға қарай ұмтылады, шекті нүкте жылжып өзгереді, бірақ мүлде жоғалып кетпейді. Осының бәрі ресурстардың шектеулігін білдіреді. Осы ресурсты иеленушілер өз еңбегін емес, өзінің еңбек күшін ұсынады. Капиталға біз өндіріс құралдарын жатқызамыз: шикізат, материалдар, машиналар, құрал-жабдықтар, ғимарат, құрылыс, көлік, байланыс. Осының барлығы еңбек өнімі болып келеді, осыған орай шектеулі сипатқа ие. Олардың шектеулігі материалдық игіліктердің барлығы алынатын жер мен жер қойнауының шектеулігімен анықталады. Сонымен қатар, капитал тозу қасиетіне ие, сондықтан жаңа капиталдың бір бөлігі ескі капиталды алмастыруға кетеді. Осыған орай аталған ресурстың шектеулігімен күресу кезінде үлкен қиыншылықтар туады, алайда адам оларға үнемі төтеп береді. Капитал жерге қарағанда үнемді ресурс болып келеді. Экономикалық жүйеде өндірістік ресурстардың өзара қатынасы негізгі орын алады. Кейбір ресурстар сирек болып келеді, кейбіреулері – қолжетімді. Бірақ шектеулілік барлық ресурстарға тән қасиет. Сондықтан экономиканың басты мәселесі сирек кездесетін ресурстарды бөлу болып табылады. Яғни, экономика – бұл ресурстардың шектеулігі жағдайында бірігіп ұйымдастырылған өндіріс. Бізге экономикалық жүйенің өндірістік мүмкіндігі қолданылатын ресурстардың сиректігі себебінен шектеулі екендігі мәлім болды. Қоғамның дамуымен барлық экономикалық ресурстардың шектеулігі де арта береді. Бұл қалпына келмейтін табиғи ресурстардың сарқылуымен ғана емес, тұтыну әрқашан өндірістің дамуына түрткі болуымен түсіндіріледі, яғни жаңа тауарлар мен қызметтер туындауы, олардың сапалық қасиеттері ауысуы тұтыну мен инвестициялық тауарларға сұраныстың артуына себепкер болады. Осылайша, қоғам үнемі қолда бар ресурстарды қолдана отырып қандай игіліктерді және қандай көлемде өндіру керектігі туралы шешім қабылдау қажет. Кәсіпкер экономикалық тауарлар – айырбасқа арналған пайдалы және сирек заттарды өндіру кезінде жерді, еңбек пен капиталды түрліше үйлестіре алады. Экономикалық тауарларды тұтыну құралдары (тауарлар) мен қызметтер деп бөлуге болады. Олардың арасында айырмашылық бар. Тауарлар – бұл заттар, оларды дайындағаннан кейін сол мезетте пайдаланбай сақтауға болады. Қызмет – бұл іс-әрекет, оны сақтау немесе беруге мүмкін емес. Қызмет оны ұсынатын адамға тікелей байланысты болады. Экономикалық тауарлар біздің қажеттілігімізді қанағаттандыратындығынан, оларды пайдалы деп айтамыз. Экономикалық тауар игіліктен де (ол тұтынушыларға қажет), шығындардан (өндіру үшін ресурстар қажет) да тұрады. Тауарлардың бұл қасиеттері олардың пайдалылығы, сиректілігі және ресурс сыйымдылығы сияқты байқалады. Экономикалық тауарларды алу кезінде адамдар олар үшін белгілі бір ақша соммасын төлейді. Бұл ақша соммасы тауардың бағасы болып табылады. Баға экономикалық тауарды сатып алуға ниетті және мүмкіндігі бар адамдардың сұранысымен және өндірушінің шығындарымен анықталады. Тауарлар мен қызметтер көп болған сайын, нарық дамыған сайын ақшаның рөлі де арта түседі. Экономика өте серпінді. Кез келген өнім өмірлік кезеңдерден өтеді: өндіріс – үлестіру – айырбас – тұтыну. Әр кезеңнің өзінің міндеттері бар. Экономиканың қызмет етуі үшін тауардың өндірістен тұтынуға дейін дұрыс қозғалысын қамтамасыз ету қажет. Ал осы қозғалыстың не баяулауы не мүлдем тоқтауы экономикаға кері әсерін тигезеді. Тауар – бұл айырбас арқылы жүзеге асырылатын сатуға арналған еңбек өнімі. Тауар екі қасиетке ие – адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыруы (тұтыну құны) және нарықта басқа тауарларға немесе ақшаға айырбасталуы (айырбас құны). Сатып алушы үшін тауардың құны оның пайдалы болуында. Тауар ретінде тек өндірілген өнім ғана емес, өндірістік факторлар (жер, еңбек, капитал), қызметтер де бола алады. Ақша ретінде барлық қаржылық құралдар қолданыла алады. Ақша - бұл ерекше тауар немесе жалпыға ортақ балама. Ол барлық басқа тауарларға айырбасталу және иелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру қасиетіне ие болады. Экономикалық жүйеде теориялық және тәжірибелік мәселелер микро- және макро- деңгейлерде қарастырылады. Осыған байланысты экономика құрылымдық жағынан макроэкономика және микроэкономикаға бөлінеді. Макроэкономика – белгілі бір территориялық шекаралардың аумағындағы (ел, аймақ, қала) экономикалық үрдістерді қамтитын экономиканың бір бөлігі. Микроэкономика – жекелеген экономикалық субъектілердің, яғни жекелеген нарықтарда тұтынушылар мен өндірушілердің мінез-құлықтарымен байланысты экономиканың бір бөлігі. Макроэкономика экономикалық жүйенің іс-әрекеті мен дамуын тұтастай зерттейді: жалпы ұлттық өнім, экономикалық өсу, жұмысбастылық, бағалардың жалпы деңгейі, инфляция және т.б. Микроэкономика – қоғамдық шаруашылықтың «жасушасы» - кәсіпорынды зерттейді. Егер кәсіпорын үшін микроэкономика оның «күн көріс ырзығы» болса, макроэкономика кәсіпкерлік үшін «әуе кеңістігі» болып келеді. Нарықтық шаруашылықтың негіздері Өнім өндіріс үшін қолданылатын әр ресурс шектеулі болғаннан кейін, әрдайым оны пайдаланудың баламалығы мен өндіріс ресурстарының ең тиімді үйлесімділігін табу мәселесі, яғни таңдау мәселесі туады. Осы мәселенің бейнесі экономиканың үш негізгі сұрағы болып табылады. Оның жауаптары шаруашылық жүйенің түріне байланысты болады. Атақты америкалық экономист П. Самуэльсонның пікірінше, кез келген қоғам, ұжымдық коммунистік қоғам болсын, оңтүстік аралдардың тайпалары немесе капиталистік дамыған мемлекет болсын үш негізгі және өзара байланысты мәселелермен кездеседі: Не өндіру? Қалай өндіру? Кім үшін өндіру? Не өндіру: осы экономикалық кеңістікте және осы уақытта мүмкін болатын тауарлар мен қызметтердің қайсысы және қандай көлемде өндірілу қажет? Оларды қашан өндіру қажет? Бізге азық-түлік өнімдерін көбірек, ал киімдерді азырақ көлемде шығару қажет пе? Әлде керісінше ме? Қалай өндіру: таңдалған өнімдер мен қызметтерді өндіру кезіңде қандай өндірістік ресурстарды, технологияларды пайдалану қажет? Басқаша айтқанда, осы өнімдерді қалай өндіреміз? Кіммен, қандай ресурстар мен технологиялар көмегімен өндіру қажет? Кім үшін өндіру: таңдалған тауарларды кім сатып алады, төлеп, олардан пайда алады? Өндірілген тауар мен көрсетілген қызметтерден түскен қоғамның жиынтық табысы қалай бөліну тиіс? Басқаша айтсак, ұлттық өнім адамдар мен жанұялар, бай мен кедейлер арасында қалай бөлінеді? Бұл мәселелер барлық экономикалық жүйелерге тән, бірақ олар түрліше шешіледі. Қарапайым қоғамда дәстүр мінез-құлықты анықтайды. «Не», «қалай» және «кім үшін» деген сиықты мәселелер ұрпақтан ұрпаққа берілетін дәстүрлер арқылы анықталады. Әміршіл экономикада – мемлекет өндіріс пен бөлу бойынша барлық шешімдерді өзі қабылдайды. Нарықтық экономикада – баға, нарық, пайда мен шығыстар жүйесінің өзі «нені», «қалай», және «кім үшін» өндіру қажеттігін анықтайды. «Не – қалай – кім үшін» сұрақтарынан басқа тағы бір өте маңызды сұрақты шешу қажет: экономикалық ресурстарға кім ие? Ресурстар әрқашан біреудің меншігінде болады. Олардың иесі ресурстарды өндіріс үрдісінде пайдалану кезінде табыс табуға ұмтылады. Еңбек иесі – жалақы, капитал иесі – салынған капиталға пайыз, табиғи ресурс иесі – рента, кәсіпкерлік қабілет иесі пайда түрінде табыс алғысы келеді. Осылайша, ресурстарға (өндіріс факторлары) ие болу табыс алып келеді. Меншік экономикалық мағынада – бұл өндірістегі адамдар арасындағы пайда болатын күрделі шаруашылық қатынастар. Тарихта өндіріс құралдарына меншіктің бірнеше түрлері белгілі. Біріншіден, бір біріне қарама‑қарсы ортақ және жеке меншік деген екі түрі ажыраталады. Ортақ меншік кезінде ұжымға біріккен барлық адамдар өндіріс құралдарын өздеріне ортақ деп есептейді. Жеке меншік кезінде жеке тұлғалар өндірістің заттай шарттары мен нәтижелері өзіне тиесілі деп қабылдайды. Сонымен қатар, аталған екі меншік түрлерінің сипаттамалары кездесетін аралас меншікті де атап өту қажет. Несиелік инфрақұрылымның ядросы банктік жүйе болып келеді. Банктік жүйеде негізгі рөлді ақша айналымының жағдайына толықтай жауап беретін орталық банк атқарады (мемлекеттік, ал біздің елімізде – ұлттық). Орталық банктің стратегиялық міндеті экономиканың инфляциялық емес дамуына жағдай жасау. Мемлекеттік емес банктерге коммерциялық, ипотекалық (жылжымайтын мүлікті кепілге алып ақша береді), инновациялық (жаңа технологияларды әзерлеу мен игеруді несиелейді), инвестициялық банктерді жатқызуға болады. Банктерден басқа ортақ мақсатты инфрақұрылымға мемлекеттік қаржылар жүйесін жатқызуға болады. Мемлекеттік қаржылардың негізін орталық бюджет пен жергілікті бюджет құрайды. Дәл осы бюджет мемлекетке нарық тетіктері күресе алмайтын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Нарықтық экономиканың инфрақұрылымы – бұл ерекше нарықтар шегінде олардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін белгілі бір қызметтерді атқаратын бір бірімен байланысты институттардың жиынтығы. Нарық инфрақұрылымның конфигурациясы нарықтық жүйенің құрылымына байланысты болады. Оған жеке нарықтардың шегінде қызмет ететін мамандандырылған ұйымдар жатады. Осылайша, тауарлар мен қызметтер, өндіріс құралдары нарығында тауарлық биржалар, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары, жәрмеңкелер, делдалдық фирмалар, сонымен қатар коммерциялық негізде жұмыс істейтін және бәсекелестікке қатысушыларды нарық ақпаратымен, маркетингтік қызметпен және т.б. қамтамасыз етушілер, қызмет көрсету мен инфрақұрылымның басқа да буындары қызмет етеді.. Осы инфрақұрылым өндірушілерден тұтынушыларға дейінгі үлкен экономикалық кеңістікті алады. Өндірілген өнімді ала отырып инфрақұрылым жеткізуге келісім-шарттар орнатып, тауарлық ағымдарды салалар мен аймақтарға жылжытып, өткізуді реттейді, тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Ақша, қор және инвестициялық нарықтарда банктер, сақтандыу компаниялары, қорлар, қор биржалары қызмет етеді. Бағалы қағаздар нарығын алсақ, ол жерде акциялар мен облигацияларды сату мен сатып алу жүзеге асырылатын, нарықтық бағам орнатылатын қор биржасы басты рөл атқарады. Болашақ инвесторлар мен жинақ иелерін байланыстыра отырып, биржа нарықтық жүйе қызмет ете алмайтын қаржылық ағымдардың салааралық және аймақаралық қозғалыстарын ұйымдастырады. Биржаның компаниялар желісінен (брокерлік) тұратын өзінің жеке инфрақұрылымы болады. Брокерлік компанияларға клиенттері биржалық операцияларды орындауға тапсырады. Еңбек нарығында жұмыспен қамтуға ықпал ететін еңбек биржалары жұмыс істейді. Одан басқа, нарықта ақпараттық орталықтар, заңгерлік кеңселер, жарнама агенттіктері, аудиторлық фирмалар да қызмет етеді. Нарықтық экономикада несиелік жүйе сияқты ерекше инфрақұрылымсыз қызмет ету мүмкін емес. Бұл жүйені коммерциялық қызмет құқығына ие банктер, сақтандыру компаниялары, түрлі ұйымдардың қорлары, жалпы айтқанда, уақытша ақша қаражаттарын жұмылдыра алатын, оларды несиеге, содан кейін капитал салымдарына айналдыра алатындар құрады. Нарықтық экономикада мемлекеттің рөлі қызмет ету ережелерін орнатуда. Нарықтық экономикада мемкелеттің функциялары: 1) тиімділік; 2) әділділік; 3) тұрақтылық болып табылады. Мемлекеттің тиімділікке қатысты іс‑әрекетіне нарықтың, мысалы, монополия тәрізді «қателіктерін» дұрыстауға тырысуын жатқызамыз,. Мемлекеттік бағдарламалар табысты кедейлердің пайдасына қарай қайта бөледі. Тұрақтандыру саясаты іскерлік кезеңнің шарықтауы мен төмендеуін жеңілдетуге, инфляция мен жұмыссыздық сияқты экономиканың құбылыстарды ұстап тұру, экономикалық өсуді қолдауға бағытталады. Мемлекет осы функцияларын орындау кезінде белгілі бір құралдарды қолданады. Олар: 1) салық салу; 2) бюджеттен кететін шығындар (төлемдер, жеңілдіктер); 3) реттеу. Бюджет (салықтар мен шығындар) арқылы әлеуметтік бағдарламаларды (білім беру, денсаулық сақтау және т.б.), әскер, мемлекеттік басқару мен іргелі ғылымды қаржыландыру үшін табыстарды қайта бөлу жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бюджеттік баптардың ішінде аймақтық, құрылымдық және басқа да мәселелерді шешумен байланысты шығындарды көруге болады. Реттеу кезінде экономикалық ұйымдардың операцияларын бақылау мен өзгерту үшін жарияланған мемлекеттік ережелер мен заңдарды түсінеміз. Реттеудің екі нысанын бөліп көрсетеді – экономикалық және әлеуметтік. Экономикалық реттеу кезінде бағаларға, тауарлардың түрлеріне, салаға ену мен одан шығу шарттарына немесе белгілі бір саладағы қызмет көрсету стандарттарына бақылау жүргізеді. Әлеуметтік реттеуге жанама және сыртқы әсерлер қатарын түзетуге бағытталған орнатулар жатқызылады. Әлеуметтік реттеудің кең таралған мысалдарына ауа мен суды тазартуды, ядролық энергетиканы, дәрі-дәрмектер, автокөліктер, ойыншықтардың қауіпсіздігі бағдарламаларын жатқызуға болады. Бәсекелестікті реттеудің ең тиімді әдісі – мемлекеттік монополияға қарсы (трестке қарсы) саясат. Осылайша, мемлекет тарихи, ұлттық, демографиялық және тағы да басқа нарықтық факторлардың әсерінен туандаған табыстарды бөлу, жұмыссыздық, аймақтық сияқты мәселелерді реттейді, ғылыми техникалық өрлеуді ынталандырады. Нарықтық шаруашылық әр уақытта мемлекетпен жүргізілетін инфляцияға қарсы және монополияға қарсы алдын алу іс-шараларын қажет етеді. 1.3. Нарық, оның тетіктері мен қызметтері Нарық – бұл сатушылар мен сатып алушылар бір біріне қарсы келуге ықпал ететін «тетік». Алайда, нарықты үлкен алаң деп түсінудің қажеті жоқ. Белгілі бір нарықты алайық, мысалы бала күтушілер қызметінің нарығы. Бұл нарықты нәтижесінде ата-аналары балаларын кіммен қалдыратындағын табатындай барлық шарттары деп ұғынуға болады. Яғни, нарық – бұл тауарды сату және сатып алу мәмілелерінің жиынтығы. Нарықтың субъектілері: сатушылар мен сатып алушылар. Сатушылар мен сатып алушылар ретінде үй шаруашылықтары, фирмалар (кәсіпорындар), мемлекет бола алады. Нарық субъектілерінің көбісі бір мезетте сатып алушалар да болып, сатушылар да болып қызмет ете алады. Барлық шаруашылық субъектілері нарықта тығыз өзара әрекеттесіп, өзара байланысқан сату-сатып алу «ағынын» құрады. Нарық объектісі тауарлар мен ақша болып табылады. Алғашқыда салыстырмалы түрде күнделікті сұраныстың игіліктері жүзеге асырылатын қарапайым нарық туындайды. Тауарлық айналым саласы кеңейген кезде, тұтынушылық тауарлар мен өндіріс құралдары, адамның еңбек күші мен инвестициялар (құрылыс пен машина, құрылғыларды сатып алу үшін ақша қаражаттары), бағалы қағаздар (акция, облигациялар) мен шетелдік валюта, ғылыми-техникалық әзірлемелер және т.б. сатылатын және сатып алынатын нарықтар жүйесі дами түседі. Нарық дербес құрылым ретінде үш негізгі элементтен тұрады: тауарлар мен қызметтер нарығы, еңбек нарығы және капитал нарығы. Үш нарықтың барлығы да тығыз байланысты және бір біріне әсер етеді. Заманауи нарық бай және күрделі құрылыммен сипатталады. Оларды түрлі сипаттамалар бойынша жіктеуге болады (кесте 1). Жалпы алғанда, нарықты жіктеудің басқа да белгілері өте көп. Сонымен бірге, бір нарық бірнеше белгілерді қамтитындығын ескеру қажет. Осылайша, жергілікті нарық бір мезгілде көтерме де, бөлшек сауда нарығы болып, ал жетілмеген бәсеке нарығы – мемлекеттік немесе жеке болуы мүмкін. Сондықтан да нарықты түрлерге жіктеу шартты болып келеді. Кесте 1 – Түрлі белгілері бойынша нарықтың жіктелуі
Нарықтың тетіктері немен ерекше? Бұл сұраққа жауап беру үшін оның қандай қызметтерді атқаратындығын анықтау қажет. Қысқаша айтқанда, нарық тетіктері экономиканы адамға қарай бұрып, бәсекелестік үдеріске қатысушылардың барлығын сұраныс арқылы бейнеленетін қажеттіліктерін қанағаттандыруға материалдық тұрғыдан мүдделі еткізеді. Сондай‑ақ, тәжірибе көрсеткендей, ол ғылыми‑техникалық үдерістің жетістіктерін меңгеруді, шығындарды азайтуды, сапаны арттыруды, тауарлар мен қызметтердің ассортиментінің кеңеюін ынталандыру арқылы капитал салу үшін белгі бере тұрып (бағалар арқылы) тиімді жұмыс жасайды. Нарық артықшылықтары келесідей: Ресурстарды тиімді үлестіру. Икемділік, ауыспалы жағдайларға бейімділігі. Өндірушілер мен тұтынушылардың таңдау мен іс-әрекет еркіндігі. ҒТП жетістіктерін жоғары деңгейде пайдалану. Түрлі қажеттіліктерді қанағаттандыруға, тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға қабілетті болу. Сонымен қатар, нарық көп жағдайда мәселелердің барлығын шеше алмаса да, басқа шаруашылық жүйелерге қарағанда маңызды мәселелерді (өмір сүру деңгейі, өндірістің құрылымы мен тиімділігі, өнім сапасы) шешуге мүмкіндік беретіндегін мойындау керек. Нарықтың теріс жақтары: Ұдайы қалпына келмейтін ресурстардың сақталуына мүмкіндік бермейді. Қабылданатын шешімдердің ықтымал теріс нәтижелерін елемейді. Ұжымдық пайдалану тауарлары мен қызметтерін өндіру үшін түрткі болмайды. Толық жұмысбастылық пен тұрақты баға деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Ғылымда іргермелі зерттеулерді ынталандыруға жағдай жасамайды. Рецессиялық және инфляциялық үдерістерге байланысты тұрақсыз дамиды. Жоғарыда аталған нарықтың жағымсыз жақтарынан нарық тетіктерінің мүмкіндектерінің шектеусіз еместігін көруге болады. Ол қазіргі қоғамның барлық әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне кеплдік бере алмайды. Біздің айтып отырғанымыз нарықтың кемшілігі емес, оның шектеулі екендігі. Әрине, нарық мәселені шеше алмаған салаларға мемлекеттің араласу қажеттілігі туындайды. Мемлекеттің экономикалық қызметінің негізгі бағыттары қандай? Мемлекеттің экономикалық қызметінің негізгі үш бағытын бөліп көрсетуге болады: Шаруашылық заңнаманы әзірлеу, қабылдау және орындалуын ұйымдастыру. Яғни, бұл нарықтың экономикаға сәйкес кәсіпкерліктің, салық салудың, банк қызметінің және т.б. құқықтық негіздері. Нарық тетіктерінің сақталуы, оның дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасауын қамтамасыз ету. Бұл бағытқа нарықтан бос шаруашылық аймақтарды толтыру, нарықтық механизм әлсіз немесе тиімсіз болатын экономикалық мәселелерді шешуге арналған мемлекеттің қызметтерін жатқызуға болады. 1.4 Сұраныс және ұсыныс заңы. Нарықтық тепе-теңдік Сатып алынған тауарлардың саны бағаға байланысты екендігі бәрімізге мәлім. Тауар бағасы – тауардың ақшалай құны. Тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын тұтынушының сатып алатын тауарларының саны көбейеді немесе керісінше «Нені өндіру:»; «қалай өндіру?»; «Кім үшін өндіру?» сияқты үш сұрақтан тұратын негізгі мәселелерді нарық тетігі тиімді шешеді. Себебі, сұраныс пен ұсыныс қисиқтары баға мен көлемді анықтайды. Осы жерде сұраныс пен ұсыныс ара қатынас заңы реттеуші ретінде шығады. Сұраныс пен ұсыныс заңы тұтынушылар сатып алуға дайын тауарлар саны мен сатушылар бағаны өзгерту арқылы сауға дайын тауар саны арасында тепе-теңдік орнатады. Адамдар бағалар төмендеген кезде және керісінше жоғарлаған кезде тауарды сатып алуды арттырады. Демек, нарықта баға мен көлемді анықтау үшін саушылар мен сатып алушылардың өзара әрекетесу арқылы жүретін үдерісті көреміз. Ендігі кезекте сұраныс пен ұсыныс теориясын қарастырайық. Сұраныс пен ұсыныс – нарықтық экономиканың экономикалық тетігі; оларға байланысты баға орнатылады. Сұраныс – бұл төлемқабілеті бар қажеттеілік, яғни сатып алушылар өздеріне қажетті тауарға төлей алатын және төлеуге дайын ақша соммасы. Әрине, тауар бағасы төмендесе, сол соммаға көбірек тауар ала алатын сатып алуышалар ұтады, жоғары баға кезінде сатушылар ұтады. Сатып алушы тауарды сатып алуға дайын ең жоғары шекті бағаны, сұраныс бағасын ұсынады. Сол бағадан жоғары баға көтерілмейді, себебі сатып алушыда басқа ақша жоқ. Кейбір кездерде тауардың нарықтық бағасы мен оған сұраныстың ақшалай көрінісі арасында белгілі бір қатынас туындайды. Бұл қатынасты «сұраныс графигі» немесе «сұраныс қисығы» деп атайды. Бұл қисық графикте солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай төмен бағытталады, ал тігінен ось –баға, көлденең ось – сұраныс. Заң бойынша: тауар бағасы өссе, сұраныс азаяды. Егер тауар өндірушілер бүгінгі күні нарықта тауар көлемін көбірек өндірсе, олар төмен бағамен сатылады. «Сұраныс қисығын» қарастыра отырып, сұраныс көлеміне әсер етуші факторларды анықтауға болады. Сатып алынған тауар санын тек бағалармен анықталмайтындығын айта кету қажет. Бұдан басқа төрт негізгі факторды атап өтуге болады. Біріншіден, сатып алушылардың орташа табысы мен халық санын өсуі. Екіншіден, нарық көлемі. Үшіншіден, баға мен басқа тауарлардың пайдалылығы, мысалы алмастырушы тауар. баға (P) 3 2 D 0 50 100 150 200 Q Тауар саны Сурет 1 – Сұраныс қисығы Сұраныс заңы келесі сұраныстың бағадан (Р) функционалды (математикалық) тәуелділікті білдіреді. С (D) = f(Р) (1.1) Баға неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сатып алушылар тарапынан сұраныс аз болады. Мысалға, біздің елімізде газеттер мен журналдарға бағалардың өсуі жазылым көлемінің азаюына алып келді. Сұраныстың өзгеруі (сұраныс функциясы) мен сұраныс көлемінің өзгеруін ажырату қажет: сұраныс көлемі белгілі бір тауардың бағасының өзгеруі кезінде ғана өзгеріске ұшырайды; сұраныс функциясы тұрақты деп алынған факторлар өзгерген кезде өзгеріске ұшырайды. Жоғарыда тұтынушының нарықтық мінез-құлқы жөнінде сөз қозғаған болатынбыз. Енді өндірушілер – сатушылардың іс-әрекетін қарастырайық. Олар тұтынушының ниеттері басқа екендігін біле тура тауарларды қымбатырақ сатқысы келеді. Нәтижесінде ұсыныс бағалары қалыптасады. Осылайша, ұсыныс – бұл өндірушілер сатуға дайын тауарлардың белгілі бір бағалармен жиынтығы. Ұсыныс жағынан тауарлар келеді. Ұсыныс заңы ұсыныстың (S) бағадан келесі функционалдық тәуекелдікті сипаттайды. Ұ (S)= f (Р) (1.2) Баға неғұрлым жоғары болса, соғұрлым сатушылар тарапынан ұсыныс артады. Сол сияқты керісінше: ұсыныс жоғары болған сайын, баға төмендейді. «Ұсыныс графигі» және «ұсыныс қисығы» өндірушілер ұсынуға дайын нарықтық бағалар мен тауар саны арасындағы ара қатыснасын көрсетеді. Ұсыныс қисығы төмен қарай ұмтылатын сұраныс қисығына қарағанда оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа жоғары қарай бағытталады. S Q Сурет 2 - Ұсыныс қисығы: S – нарықтағы ұсыныс Ұсыныс қисығына қандай факторлар әсер етеді екен? Ең басты фактор – өндіріс шығындары. Ал өз кезегінде ол шығындарды не өзгертіп, ұсыныс қисығын жылжыта алады? Техникалық прогресс. Сұраныс жағдайындағыдай ұсыныстың өзгеруі (ұсыныс функциясы) мен ұсыныс көлемінің өзгеруін ажырату қажет: ұсыныс көлемі белгілі бір тауардың бағасының өзгеруі кезінде ғана өзгеріске ұшырайды; ұсыныс функциясы тұрақты деп алынған факторлар өзгерген кезде өзгеріске ұшырайды. Кәсіпкерге түрлі тауарлардың сұраныс пен ұсынысы оларды анықтайтын факторларға түрліше сезімтал болады. Икемділік – бұл түрлі факторларға сұраныс пен ұсыныстың сезімталдығының дәрежесі. Сұранысқа әсер ететін басты фактор – баға. Баға бойынша сұраныстың икемділігі – бұл белгілі бір тауарларға сұраныстың сол тауар бағасының өзгерісіне сезімталдығын. Басқаша айтқанда, бұл бағаның өгерісіне қарай сұрыныстың өзгеру дәрежесі. Осы өзгерістің өлшемі сұраныс икемділігінің коэффициенті болып табылады. Ол сұраныс көлемінің артуының (%) бағалардың төмендеуіне (%) қатынасы арқылы есептелінеді. Сұраныс көлемінің артуы, % Е = -------------------------------- (1.3) Бағаның төмендеуі, % Осы жерде түрлі тауарлар үшін қарастырылатын коэффициент бірдей болмайтындығын білу қажет. Ол тауарларға сұранысты қанағаттандыру дәрежесінен, нарықта өзара алмастырушы тауарлардың бар болуы және т.б. тәуелді болады. Егер нан мен ет бағасы екі есе төмендесе, етке сұраныс біраз артуы, ал нанға керісінше төмендеуі мүмкін. Сұраныс икемділігі неге байланысты болады? Тауардың алмастырушылары көп және олардың қасиеттері ұқсас болған сайын, сол тауарға сұраныс икемділігі жоғары болады. Тауарды пайдалану ауқымы кең болған сайын, сол тауарға икемділігі жоғары болады. Тауармен қанағаттану қажеттілігі маңызды болған сайын, сол тауарға сұраныс икемділігі төмен болады. Тауарға қолжетімділік шектеулі болған сайын, сол тауарға сұраныс икемділігі төмен болады. Тауар агрегатты болған сайын, сұраныс икемділігі төмен болады. Сұраныс уақыт өте келе икемдікер болады. Сұраныстың икемсіз болған жағдайда өндірушіге тауар бағасын арттыру тиімді болады, себебі осы жағдайда оның түсімі артады. Баға мен сұраныс көлемі қарама қарсы бағытта қозғалады. Сұраныс икемділігімен қатар ұсыныс икемділігі де бар. Бағаның өгерісіне жауап ретінде ұсыныс көлемінің өзгеру дәрежесін ұсыныс икемділігі сипаттайды. Осы өзгерістің өлшемі ұсыныс икемділігінің коэффициенті болып табылады. Ол ұсыныс көлемінің артуының (%) бағалардың төмендеуіне (%) қатынасы арқылы есептелінеді. Ұсыныста да сұраныстың заңдылықтары қолданылады, тек кері байланыста: ұсыныс көлемі бағалардың өсуі кезінде артады, сондықтан баға бойынша ұсыныс икемділігі оң шамамен беріледі. Ұсыныс икемділігі өндірістік қуат жүктемесінің дәрежесі, тауарлық қорлардың көлемі, жаңа инвестицияларға қабілеттілігі мен оларды іске асыру мерзімі сияқты факторларға байланысты болады. Ұсыныс икемділігі көп жағдайда уақыт факторына тәуелді болады. Ұзақ мерзімде ұсыныс икемділігінің көрсеткіштері бағалардың тепе-теңдігі жағдайында өсу үрдісіне ие. Ол не себептен болады? Микроэкономикада бәсекелестік бағалардың тепе-теңдігін түсіну үшін А.Маршалл енгізген уақыт элементтерінің маңызы зор: ұсыныс нақты болған жағдайда мезеттік тепе-теңдік, фирмалар өндіріс көлемін арттырған, бірақ өндірістік алаптар мен жабдықтар саны өзгеріссіз қалған жағдайда қысқа мерзімді тепе-теңдік, фирмалардың ескі жабдықтарды тастап немесе жаңа кәсіпорындарды салуға, ал жаңа фирмалардың істі бастауға мүмкіндігі болған жағдайда ұзақ мерзімді тепе-теңдік (немесе «қалыпты бағалар»). Сонымен бірге, ұзақ мерзімде бағалардың өзгеруі бірсарынды және аз ауқымда болады, бірақ өндіріс көлемі айтарлықтай өзгереді. Сұраныс пен ұсынысты талдау негізінде нарықтық бағанын қалай қалыптасатындығын анықтайық. Нарықтық бағалардың тепе-теңдігі нарықта қызмет ететін күштер теңдестірілген кездегі тауарлар бағасы мен саны кезінде орын табады. Яғни, сатып алушылар сатып алуға дайын тауар саны мен сатушылар сатуға дайын тауар санымен сәйкес болған және баға мен көлемнің өзгеру үдерісі байқалмаған жағдайда орнатылады. Тепе-теңдік бағасы – бұл ұсыныс сұранысқа сәйкес болғандағы баға деңгейі; сұраныс пен ұсыныс теңесетін кездегі баға. Тепе-теңдік жағдайында нарық та да теңгерім орын табады. Алайда, теңестіруші фактарлар өзгерген жағадайды, тепе-теңдік бұзылады. Сұраныс ұсыныстан жоғары болса, сұраныстың артылуы, яғни жетіспеушілік туындайды. Осындай жағдайда сатып алушылар жетіспейтін тауарды жоғары бағаға сатып алуға дайын болады. Демек, дефицит бағаның жоғарылауына алып келеді. Ұсыныс сұраныстан жоғары болған кезде ұсыныс артылуы, яғни тауарлар артық қалады.Ұсыныстың артылуы бағаның төмендеуіне себепкер болады. 1.5 Бәсекелестік, жетілген және жетілмеген нарықтарда бәсекелестік күрес нысандары мен әдістері Бәсеке сөзі латын тілінің «conrurentia» сөзін аударғанда күрес, жарыс дегенді білдіреді. Бәсекелестік – тиімді мәміле, жақсы өндіріс жағдайлары үшін нарық шаруашылығының қатысушылары арасындағы бақталастық. Оны жетілген және жетілмеген бәсеке деп бөледі. Жетілген бәсеке нарықтағы бағаға әсер ете алмайтын және оны өзгерте алмайтын, саны өте көп және көлемі жағынан шағын фирмалар жұмыс істейтін кезде пайда болады. Бұндай нарықтарда бәсекелістік күрес әдісі өндіріс шығындары мен ұқсас тауарларға бағаны төмендету, тауар сапасын жоғарлату мен ассортиментін кеңейту болып табылады. Жетілген бәсеке нәтижесінде, бірінші кезекте, сатып алушы ұтады. Жетілмеген бәсеке ерекше тауар ұсынатын бірнеше фирмалардың қызмет етуі жағдайында туындайды. Жетілмеген бәсеке әдістеріне өндірістік қуат жүктемесін оңтайландыру, сатып алушыларға қосымша қызмет көрсету, жаңашылдықтар, күшейтілген жарнаманы жатқызамыз. Бөлек фирмалардың өз тауарының нарығына неғұрлым аз әсер етсе, соғұрлым бәсекелік нарық қалыптасады. Нарықтың төрт түрлі үлгісі бар: таза бәсекелестік, таза монополия, монополистік бәсекелестік және олигополия. Соңғы үшеуі жетілмеген бәсеке үлгілері болып табылады. Таза бәсекелестік нарығы үлгісіне фирманың көптігі, стандартталған өнім, бағаға бақылаудың болмау, бағалық емес бәсекенің болмауы тән. Таза монополия нарығы үлгісі алмастырушысы жоқ өнім өндіретін жалғыз ғана фирманың болуымен сипатталады. Фирма өз өнімінің бағасына бақылау жүргізіп, салаға жаңа фирманың енуіне жол бермейді, коммерциялық жарнама орын алмайды. Өндірісті шоғырландыру монополияның туындауының негізгі себебі болып келеді. Шоғырландыру және орталықтандыру үдерісі кезінде өндіріс масштабының артуы келесі бағыттарда жүргізіледі: Көлденең шоғырландыру – өндірістің бір саласында қызмет етеін екі немесе одан да көп компаниялардың бірігуі. Тігінен интеграция – өндіріс бірыңғай технологиялық тізбекпен байланысқан түрлі салалардағы компаниялардың бірігуі. Диверсификация – бір-бірімен технология жағынан байланысты емес түрлі салалардағы компаниялардың бірігуі. Монополия мақсаты – монополиялық нарықта баға мен өндіріс көлеміне бақылау орнату арқылы ең жоғары табыс алу. Мақсатқа жетудің құралы – монополиялық баға. Ол жоғары пайданы қамтамасыз етеді және нарықта монополия әлеуетінің жүзеге асу нысаны болып табылады. Монополистік бәсеке нарығы үлгісіне бірнеше фирмалардың болуы, өнімді стандарттау мен дифференциалдаудың үйлесуі, бағаға айтарлықтай бақылау жасаудың түрлі нысандарыны, салаға кірудің шектеулілігі, бағалық бәсеке сияқты белгілер тән. Бағалық бәсеке өндіріс шығындарының өзгеруінсіз өнімге монополиялық баға орнату арқылы болуы мүмкін. Монополияланған нарыққа жаңа бәсекелестердің енуін бөгейтін кедергілер келесі: сол салада өндірілетін тауар бағасының жоғары болуы (мысалы, автокөлік өнеркәсібі); тауар өндірісінің патенттік қорғалуы. Монополияның нарықтық өзін өзі реттеу үдерісіне араласуы қоғамдық байлықтың монополия жағына қарай қайта бөлуіне алып келеді. Кесте 2 – Нарықтық құрылым үлгілері мен олардың негізгі сипаты
Нарықтың монополиялануын қарсы факторлар экономикалық (нарықтың өзіне тән) және әкімшілік (түрлі елдердің үкіметімен жүзеге асырылатын әрекеттер) болып келеді. Экономикалық факторларға жатқызылады: Алмастырушы тауарлардың пайда болуы; ҒТР нәтижесі ретінде тұтынушылар үшін маңызды тауарлардың жиі ауысуы; Нарықтың интерұлттануы. Әкімшілік шараларға келесілер жатқызылады: Трестке қарсы заңнама (трест – монополияның ұйымдастырушылық нысаны). Ол ұсынысқа бақылау орнату мен монополиялық бағаларды ұстап тұруға бағытталған құпия келісімдерге жол бермейді. Мәжбүрлі демонополиялау. Монополиялық бағаны төмендетуге мәжбүрлейтін салықтық саясат. |