Главная страница
Навигация по странице:

  • «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАМЫЗ» Исмаилов Таңат Шынжырбайұлы

  • баяндама. Тәуелсіздік қастерлі ұғым-ең қымбат қазынамыз. Туелсіздік астерлі ым Е ымбат азынамыз Исмаилов Таат Шынжырбайлы Жамбыл облысы кімдігіні білім басармасы Меркі ауданыны білім бліміні Сыпатай лібеклы атындаы 19 жалпы орта білім беретін мектебі, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Срат ауылы.


    Скачать 23.63 Kb.
    НазваниеТуелсіздік астерлі ым Е ымбат азынамыз Исмаилов Таат Шынжырбайлы Жамбыл облысы кімдігіні білім басармасы Меркі ауданыны білім бліміні Сыпатай лібеклы атындаы 19 жалпы орта білім беретін мектебі, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Срат ауылы.
    Анкорбаяндама
    Дата06.02.2022
    Размер23.63 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаТәуелсіздік қастерлі ұғым-ең қымбат қазынамыз.docx
    ТипДокументы
    #352760

    УДК 323/324. И 47

    «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАМЫЗ»

    Исмаилов Таңат Шынжырбайұлы

    Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Меркі ауданының білім бөлімінің Сыпатай Әлібекұлы атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектебі, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Сұрат ауылы. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

    Тәуелсіздік ұғымы адамзат үшін ең қасиетті әрі қастерлі дүние болып табылады. Әсіресе, сандаған ғасырлар бойы қасиетті ұлы даланы мекен етіп, әлемдік өркениетте өзінің ізін қалдырған, болмысынан бойына еркіндікті сіңірген біздің қазақ халқымыз үшін тәуелсіздіктің, еркіндіктің маңызы ерекше.

    Биылғы 2021 жылы Отанымыз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы тұр. Бір қарағанда 30 жыл уақыт өлшемі бойынша көп те емес, десек те осы уақыт аралығында жеткен жетістіктер мен бағындырған белестер аз емес.

    Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. ...Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» деп сипаттама жасайды. [1, 1 б.]

    1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында Алматыда қазақ жастарының алаңға шығып, кеңестік тоталитарлық жүйенің жергілікті халықтың көзқарасы мен тілегіне назар аудару керектігін талап ету мақсатындағы бейбіт шеруі кеңестер одағының ыдырауына алып келген процестің басталуына ықпал еткен тарихи оқиға болды. Осы оқиғадан кейін алып кеңес одағының ұлттық республикаларында азаттық наразылықтары өрши түсті. Желтоқсан оқиғасының кеңес одағындағы азаттық қозғалыстарына қалай әсер еткені туралы Құттыбек Аймахан : «...Желтоқсан көтерілісі – әлемде ұлы өзгеріс жасаған, КСРО құрамындағы 15 республика мен социалистік лагерлердегі 20-ға тарта елге азаттық әперген ХХ ғасырдың ең айтулы даталарының бірі» - деп жазады. [2, 16 б.]

    1991 жылдың 16 желтоқсанында кеңестік одақтың бұғауында 70 жылдан аса уақыт болып келген Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Тарихи маңызы жоғары бұл күн – Қазақстан тарихына Тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп енгізілді және қазақ елінің әрбір азаматы үшін қастерлі мереке болып табылады. Қазақ халқының тарихында атамекенін сыртқы жаулаушыларынан қорғауда көрсеткен ерліктері, ел азаттығы үшін жүргізген ұлт-азаттық қозғалыстарындағы паш еткен табандылықтары, талай-талай жұт, аштық кезеңдеріндегі қиыншылықтарды көтере білген рух-жігерлігі, патриоттық сезімдері ұрпақтан ұрпаққа беріле отырып, қазақ даласына азаттық таңын алып келді.

    1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануына және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митингте жиналған сан мыңдаған адамның алдында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын...Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді.» [3, 20 б.]

    Осы тарихи кезеңді философ ғалым Болатбек Төлепберген өзінің «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» атты монографиялық еңбегінде : «1991жылы желтоқсанда Қазақстан өзінің ғасырлар бойы армандап аңсаған тәуелсіздігіне, саяси дербестігіне қол жеткізді. Тәуелсіздік пен еркін дамуға деген ұмтылыс – әрбір халыққа, ұлтқа, елге тән құбылыс» - деп сипаттайды. [4, 152 б.]

    Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданып, Конституциясын қабылдадық, билік жүйесі құрылды. Әскери қарулы күштерімізді құрып, барлық көрші мемлекеттермен мемлекеттік шекараларымызды толығымен заңды айқындап, бекіттік. Ұлттық валютамыз – теңге өмірге келді. Алыс және жақын шетелдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, беделді халықаралық ұйымдарға мүше болдық. «Қазақстан–2030», «Қазақстан–2050» стратегиялық мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межелеп келеміз. Ядролық қарудан бас тартып, Семей ядролық полигоны жабылды. Нарықтық экономикаға өтіп, Отандық бизнес өмірге келді. Елорданы Арқаға көшіріп, қазіргі таңда Есіл өзені бойында орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы әлемдегі ең көрікті қалалардың қатарына қосылды. Ұлттық қор құрылып, елге инвестициялар тартылуда. Дүниенің төрт бөлігінде тағдыр тәлкегімен өмір сүріп жатқан қандастарымызды атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Жылдан жылға еліміздің экономикалық жағдайы көтеріле түсуде. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға көңіл бөлінуде. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске қосып, тарихымызды түгендедік. Арал теңізіне құтқару жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы әлемдік аренада саяси тұрақты, әлеуметтік-экономикалық қалыпты даму жолына түскен және болашағы зор мемлекет ретінде танымал. Қазақстанда 100-ден аса ұлт өкілдерінен құралған 19 млн-нан аса халқы ынтымақта мекен етуде. Әрине, бұл процесте Елбасының ерен еңбегі ерекше.

    Ата-бабаларымыздың алдында ел тәуелсіздігі үшін күресу мақсат болса, ал біз үшін тәуелсіздік пен мәңгілік ел идеясын асқақтату және оны нығайту міндеті тұр. Ол үшін жас ұрпақ бойына отансүйгіштік сезімін дарытып, еліміздің патриоттары болып өсуге тәрбиелеуіміз қажет. Жас ұрпақ біздің өміріміздің жалғастырушысы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің берік тірегі. Жас ұрпаққа ұлттық ерекшеліктерімізді, тарихымызды, салт-дәстүр және мәдениетімізді сіңіру маңызды. Сол сияқты халқымыздың батыр тұлғаларының ерлік істерін насихаттап отыру өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен септігін тигізері хақ. Отан - отбасынан басталады дейді дана халқымыз. Сондықтан, Отанды сүюді қалыптастыру әр баланың отбасынан да, мектеп қабырғасынан да жүргізілуі керек. Біз бүгінгі таңда мәдени құндылықтар өзгеріп, діни экстремизм, эгоистік түсінік пен интернеттегі жағымсыз ақпараттардың ағыны қанат жайған тұста жас буынның бойына қандай «қорғаныш сауытын» кигізе аламыз? Бұл сауал бүгінде әрбір білім ошағын мазалайды. Сол себепті білім беру процесіне адамгершілік қасиеттері мен құндылықтарды, жауапкершілікті толеранттылықты, діни сауаттылықты, патриоттық отансүйгіштік сезімді қалыптастыратын тәрбие жұмыстарын енгізуді қолға алу өзекті мәселе болып отыр. Бұл мәселелерді шешу мақсатында еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен ұштасқан ата-бабалар дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын, көп ұлтты Қазақстанның саяси-экономикалық дамуындағы жетістіктерін насихаттайтын түрлі іс-шаралар, пікір алмасу алаңдары, дебат клубтары, дөңгелек үстел, интеллектуалдық сайыстар жүзеге асырылуы қажет.

    Баяндамамды мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен қорытындылауды жөн көріп отырмын. «Адам баласы өмірге патриот болып келмейді, ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады» - деп айтқан.

    2020 жылдан әлем елдерін жайлаған короновирус індеті өз кесірін біздің елге де тигізуде. Індет кесірінен еліміздің экономикасында, саясатында, халықтың әлеуметтік жағдайында қиыншылықтар туындады. Дегенмен де, еліміздің бұл қиыншылықтан өтетініне сенеміз. Тұғыры биік Қазақстан Тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Тәуелсіздік қастерлі ұғым – ең қымбат қазынамыз.

    Әдебиеттер тізімі

    1. Тоқаев Қ-Ж. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Егемен Қазақстан №2(2998) 05.01.2021ж.

    2. Құттыбек А. Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады. Алматы: Қазығұрт,2012 – 304б.

    3. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы : Жібек жолы, 2020 – 232 б..

    4. Төлепберген Б. Ұлттық идея–тәуелсіздік тұғыры. Алматы, Алматы баспа үйі, 2011.


    Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай

    «Тәуелсіздік жолы: тарихнама, зерттеулер және тың көзқарастар»

    тақырыбында республикалық ғылыми – тәжірибелік конференция

    «ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАСТЕРЛІ ҰҒЫМ – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНАМЫЗ»

    Исмаилов Таңат Шынжырбайұлы

    Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Меркі ауданының білім бөлімінің Сыпатай Әлібекұлы атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектебі, Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Сұрат ауылы. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

    Тараз - 2021


    написать администратору сайта