психология тарихы. Тлеубай А. Психология тарихы. СӨЖ. л Фараби атындаы аза лтты Университеті Факультеті Философия жне саясаттану Кафедрасы Жалпы жне олданбалы психология
Скачать 87.84 Kb.
|
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Факультеті «Философия және саясаттану» Кафедрасы «Жалпы және қолданбалы психология» СӨЖ Тақырыбы: «Психология тарихын зерттеу» (Шульц Д.П., Шульц С.Э. «Қазіргі психология тарихы», І тарау) Орындаған: Тлеубай А. Тексерген: Борбасова Г. Алматы 2022 ж. Психология тарихына деген ғылыми қызығушылық арқылы бүгінгі психологияны түсіну барысында сіз психология курстарында алған біліміңізді ой елегінен өткізіп, барлық психологтер бірауыздан мақұлдайтын психологияның ортақ анықтамасы, әдісі не болмаса бірегей формасы болмайтынын қаперден шығармаңыз. Бір психологтер танымдық функцияларға, басқа біреулері бейсана қызметіне зейін аударса, үшіншілері сыртқы мінез-құлық немесе биохимиялық ойлау процестерімен жұмыс істейді. Қазіргі психология бір қарағанда мінез-құлық пен адам табиғатына қызығушылықты біріктіретін және қандай да бір тұтастай ғылыми амал-тәсілді жасауға талпынатын көптеген пәндерді қамтиды. Осы салалар мен амал-тәсілдерді реттік контекске біріктіретін жалғыз нәрсе – олардың тарихы, психологияның тәуелсіз пән ретінде дамуы. Психологияның шығуы мен дамуын зерттеу арқылы ғана оның қалыптасу жағдайын анық көре аламыз. Тарихты білу жүйені бір ретке келтіріп, хаосқа мән бітіріп, өткен арқылы бүгінді ұғындырады. Бұл еңбек психология тарихын зерттеу арқылы қазіргі психология – психологияның барлық саласын және барлық мәселелерді біріктіретінін түсінуге мүмкіндік береді. Ол түрлі идеялар, теориялар мен тұжырымдамалар арасындағы өзара байланысты ұғынуға, психология атымен аталатын «басқатырғыштың» жеке тізбектері қандай керемет бейне жасайтынын түсінуге көмектеседі. Қазіргі психологияның бастауы Ең алдымен, біз Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары бүгінгі психолог-мамандарға қатысы бар мәселелермен айналысқан – біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдағы адам болмысы мен мінез-құлқы турасында айтылған ой-пікірлер мен болжамдарға мән беруіміз керек. Өйткені дәл осы жерде психологияның кіріспе курстары оқытатын жад (ес), оқып-үйрену, қабылдау, мотивация, ой, сезіну және мінез-құлық патологиясы сынды қайсыбір маңызды тақырыптар турасында сөз болады. ХIХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін философтар адам табиғатын болжау, интуиция және жалпылама қорытынды жасау арқылы жеке, өте шектеулі тәжірибе негізінде зерттеген. Философтар биология және басқа да жаратылыстану ғылымдарында сәтті қолданылған құралдарды пайдалана бастаған кезден трансформация басталды. Зерттеушілер мұқият бақылау және эксперимент жасау сияқты адам санасын зерттеу әдістеріне сенімді бола бастағанда ғана психология өзінің философиялық түп тамырынан ажырай бастады. Психология жаңа пән болып қалыптасқаннан кейін объективті зерттеу әдістерін дамыту қажеттігі туды. Философиядан бөлінгеннен кейінгі психология тарихының басым бөлігі аталмыш пәннің зерттеу құралдары, әдістемелері мен әдістерін үздіксіз жетілдіру мәселелеріне арналады. Бұл процесс психологтерге қойылатын сұрақтар мен олардың жауабына тың көзбен қарап, объективтілікке қол жеткізу үшін қажет болды. Психикалық құбылыстарды зерттеу үшін физика және биология ғылымының әдістерін қолдану идеясының пайда болуына ХVII ғасыр мен XIX ғасыр аралығындағы философиялық ойлар мен физиологиялық зерттеу жұмыстары түрткі болған. Қазіргі психологияның дами бастауы дәл осы кезең болғандықтан, біз де әңгімені дәл осы тұстан бастаймыз. XIX ғасыр философтары ой-пікірді зерттеудің эксперименттік амал-тәсілдері жолын жасаса, психологтер осы мәселелерді басқа жағынан шешуге талпынды. XIX ғасыр психологтері ойлау процестері негізіндегі физикалық механизмдерді түсінуге шешуші қадам жасады. Олардың ғылыми әдістері жеке философиялық әдістерден ерекшеленді. Философия мен психологияның одағы дербес күшке ие болған жаңа зерттеу саласын туындатты. Психологтердің көпшілігі психологияны ғылым деп танығанымен, сауалнама нәтижесі бойынша бұқара халықтың 70 пайызы психологияның ғылыми мәртебесіне сенімсіздікпен қарайды. Тарихи деректер: психологияның өткенін қалпына келтіру. Тарихшыларда кездесетін біраз проблемалар психологтерде жоқ. Жекелеген адамдардың өмірін, оқиғалар мен дәуірлерді қалпына келтіру үшін қолданылатын тарихи деректер ғылыми деректерден айтарлықтай өзгеше. Ғылыми деректердің басты ерекшелігі – олардың жиналу әдісінде. Мысал үшін, психолог-мамандар адамның қандай жағдайда басқа бір адамның қайғысына ортақтасатынын немесе балалардың теледидар мен видеоойындардағы озбыр әрекетке еліктеп-еліктемейтінін анықтағысы келгенде арнайы жағдаят ойлап тауып, қажетті деректі сол арқылы жинақтайды. Сондай-ақ психолог-мамандар зертханалық эксперименттер жасап, объектінің шынайы жағдайдағы әрекетін байқап, екі айнымалы шама арасындағы статистикалық корреляцияны есептеп, шолу жасаумен де айналысады. Осы әдістер арқылы олар зерттегісі келетін жағдаятты, не бір оқиғаны бақылауда ұстайды. Өзгертілген және жасырылған тарих Тарихи деректердің бұрмалануына қатысушылардың маңызды оқиғаларға байланысты іс-әрекеттері де әсер етуі мүмкін. Адамдар өзін-өзі қорғау немесе қоғамдағы беделін күшейту үшін жалған деректерді саналы һәм бейсаналы түрде құрастыруы мүмкін. Мысалы, Фрейд өзін медициналық және психиатриялық мекемелер жек көретін азапталушы, қиялилығы үшін қуғындалған бейшара етіп көрсеткенді жақсы көретін. Фрейдтің алғашқы биографы Эрнест Джонс оның осы бейнесін өз еңбектерінде тіпті қалыңдата түсті. Құпия сақталған тарихи деректердің бір мысалы – Зигмунд Фрейд. Фрейд қайтыс болған 1939 жылдан кейін оның еңбектері мен жазған хаттарының жария болмағаны кемде-кем. 2011 жылы қаншама жылдар бойы құпия сақталған – Фрейдтің өзі үйленгісі келген әйелге жазған 1500 хатының бірінші томы жарық көрді. Фрейдтің 153 қораптан тұратын жеке құжаттар жинағы Вашингтондағы АҚШ Конгресінің кітапханасында тұр. Фрейдтің өсиеті бойынша бұл құжаттардың біразы белгілі бір уақытқа дейін құпия сақталмақ. Мұның бәрі Фрейдтің пациенттері мен олардың отбасыларының жеке өмірін, сондай-ақ Фрейдтің өзі мен оның ұрпақтарының абыройын қорғаудан туындап отыр. Фрейдтің үлкен ұлынан алған хаттарының бірі 2032 жылға дейін құпия сақталса, жиенімен жазысқан хаты 2050 жылға дейін жарияланбайды. Фрейдтің ұстаздарының бірі жазған хат тіпті 2116 жылға дейін құпия сақталады дейді. Ол кезде Фрейдтің қайтыс болғанына шамамен 177 жыл болатынын ескерсек, соншалықты ұзақ рұқсат берілмейтіндей, онда маңызды не бар екен деп, еріксіз қайран қаласың. Ал қызы Анна мен жеңгесіне жазған хаттары сияқты кейбір дүниелері қашан жария болатыны мүлдем белгісіз. Психологтер аталмыш архивтік құжаттардың Фрейд пен оның қызметін танып-білуге қаншалықты көмектесетінін білмейді. Қалай болған күнде де, тарихи деректер толық қолжетімді болмайынша, психология тарихындағы ең маңызды тұлғалардың бірі турасындағы біздің таным-түсінігіміз дүдәмал болып қала беретіні даусыз. Тарихи мәліметтерді өзгерту: аудармадағы қателік Тарихи мәліметтерге қатысты проблеманың енді бірі – мәліметтің тарихшылардың қолына жаңсақ аударма арқылы жетуі. Аудармадағы бұрмаланған ой туралы мысалдар бізді қайтадан Фрейдке жетелейді. Психологтердің дені, әрине, Фрейдтің жазған дүниесін түпнұсқада оқи алатындай неміс тіліне жетік емес. Фрейдтің тұлға теориясында үш негізгі түсінік бар: олар – id, ego және superego. Бұл сөздер сізге түсінікті көрінгенімен, Фрейдтің идеяларын толық түсіндіріп бере алмайды. Латын тіліндегі бұл сөздердің немісше баламалары: id – Es («Ол»), ego – Ich («Мен») және superego – Uber-Ich («Меннен жоғары»). Фрейд Ich (Мен) арқылы ішкі һәм жан дүниені сипаттап, оны «Меннен» өзгеше немесе бөтен күштерді бейнелейтін Es-тен(Ол) айырғысы келді. Аудармашылар «Менді» ego мен id арқылы бергендіктен, «ол адаммен ешқандай байланысы жоқ құрғақ техникалық терминге айналып кетті» (Bettelheim, 1982, p. 53). Осы себепті де «мен» және «ол» (ego мен id) терминдерінің арасында ешқандай айырма болмай қалған. Фрейдтің «еркін ассоциация» терминіне назар аударайықшы. Мұндағы «ассоциация» сөзі әдетте бірі арқылы екіншісі пайда болатын қандай да бір идея мен ойдың арасындағы байланысты білдірсе, Фрейдтің айтпағы мүлде басқа. Оның неміс тілінде қолданған Einfall сөзі «ассоциация» деген мағынаны бермейді. Егер сөзбе-сөз аударсақ, ол «басып кіру» немесе «жаулап алу» дегенді білдіреді. Фрейд бұл жерде ой байланысы емес, бейсананың – адамның саналы ойына енетін һәм баса-көктеп кіретін тежеусіз күш екенін айтқысы келген. Бұл – Фрейдтің тұспалдаған ойымен толық сәйкес келмейтін мысалдар. Осылайша, тарихи дерек болып саналатын Фрейдтің жеке сөздері аударма барысында бұрмаланған болып шықты. Бұл жерде біздің ойымызды «Аудару дегеніміз – өзгерту» (Traditore – Tradutore) деген итальян мақалы дәл жеткізетін сияқты. Тарихи деректерге қатысты мәселелер психология тарихын зерттегенде не үшін керек? Олар, ең алдымен, біздің тарихты түсінуіміз үнемі қозғалыс үстінде екенін көрсетеді. Жаңа деректер пайда болған сайын, тарих әрдайым өзгеріп тұрады, тереңдей түседі, нақтыланады немесе жаңа мазмұнға ие болады. Сол себепті тарих аяқталған немесе толық болып есептелмейді. Ол үнемі өзгеріске ұшырап отырады, оның соңы болмайды. Тарихшының әңгімесі шындыққа жақындай түседі, бірақ тарихшы тарих деректерінің фрагменттерін тауып, талдаудан өткізген сайын оны толықтыра түседі. Психологияға әсер еткен күштер Осы еңбекте біз ежелгі заманда және қазіргі таңда контекстік күштердің психологияға қалай әсер еткені және әсер етіп жатқаны туралы мәселелерді жиі қарастырамыз. Олар тіпті біздің жан күйзелісімізді қалай анықтап, одан қалай айығатынымызға да әсер етеді (Clegg, 2012). Біз әзірге жұмыс пен соғыс, жаңсақ болжамдар мен кемсітушілік сияқты бірнеше контекстік күштерге мысал келтіреміз. Жұмыс факторы ХХ ғасырдың басында АҚШ-та психологтердің жұмысы мен психологияның өзінде елеулі өзгерістер болды. Экономикалық факторлардың әсерінен күнделікті өмірде психологиялық білім мен әдістерді қолдану мүмкіндіктері артты. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, ғылым практикаға айналды. Осы жағдаятқа орай бір психологтің: «Мен өмір сүру үшін қолданбалы психологиямен айналыстым», – дегені бар еді. ХІХ ғасырдың соңында АҚШ-та психологиялық зертханалар саны ұлғайып, зертханаларда жұмыс істейтін психологтердің саны да тиісінше артты. 1900 жылдары доктор дәрежесі бар психологтердің саны зертханалардың санынан үш есе көп болды. Батыс штаттары мен Ұлы көлдер аймағындағы жаңадан құрылған университеттерде оқытушылар үшін жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды. Алайда оқу орындарының көбінде психология жас ғылым ретінде аз қаржыландырылды. Физика және химия сияқты беделді пәндермен салыстырғанда, психология жыл сайын бөлінетін қаржы тізімінде ең соңғы орында тұрды. Бұл саладағы ғылыми- зерттеу жұмыстарына, зертханалық жабдық пен оқытушылардың жалақысына да бөлінетін қаражат мардымсыз еді. Егер психология факультеттерінде бюджет пен кірісте оң өзгерістер болып жатса, оқу орындарының басшылығы мен заң шығарушыларға әлеуметтік, тәрбие және өндірістік мәселелерді шешуге психологияның көп көмегі тиетінін көрсете алатындарына психологтердің көздері жетті. Көп кешікпей психология факультеттеріне практикалық құндылығы бар мекеме есебінде қарау үрдісі пайда болды. Дәл осы кезде, Құрама Штаттардағы әлеуметтік өзгерістер нәтижесінде, психологияны іс жүзінде қолдану мүмкіндігі пайда болды. Келімсектердің саны көбеюі мен олардың арасында бала туу көрсеткішінің жоғары болуы жаппай білім беру саласын қарқынды дамитын индустрияға айналдырды. Күніне бір мектептен салынған 1890–1918 жылдар аралығында тіркелген тегін орта мектептер саны 700 пайызға өсті. Әскери және әлеуметтік бағдарламаларға қарағанда, білім саласына көбірек қаржы бөлінді. Көптеген психологтер осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өз білімдері мен зерттеу жұмыстарын іске асырып жатты. Америкалық психологияға түбегейлі өзгеріс әкелген бұл жаңалықты университет зертханаларындағы эксперименттер мен психологияны оқыту һәм тәрбиелеу құралына айналдыра бастаған процестерден байқауға болатын еді. Соғыс факторы Қазіргі психологияның қалыптасуына ықпал еткен тағы бір күш – соғыс. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыста жауынгерлерге психологиялық көмек көрсету тәжірибесі практикалық психологияның дамуын тездетіп, оның кадр саясаты, психологиялық тестілеу және қолданбалы психология салаларындағы ықпалын арттырды. Осы жұмыс қоғамға психологтер қауымдастығы мен психологияның күнделікті өмірдегі мәселелерді шешуде қаншалықты пайдалы екенін көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыс Еуропада, әсіресе эксперименттік психология пайда болған Германия мен психоанализдің отаны Австрияда психологияның келбеті мен тағдырын өзгертті. 1930 жылдары нацистерден бас сауғалаған көптеген танымал зерттеушілер мен теоретиктер Америкаға қоныс аударды. Осы көші-қон арқылы психология ХХ ғасырдағы өз орнын Еуропадан АҚШ-қа түбегейлі өзгертті. Соғыс бірнеше танымал теоретиктердің идеяларына да айтарлықтай әсер етті. Мысалы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың қанды қырғынына куә болған Фрейд озбырлық пен жыныстық қатынасты адам болмысының маңызды қозғаушы күші деп есептеді. Бұл пікір оның психоанализ жүйесіндегі жаңа кезеңінің бастамасына жол ашты. Ал жеке тұлға теориясының маманы, cоғысқа қарсы белсенді Эрих Фромм бар назарын соғыс кезінде Германияда кең таралған – фанатизм сияқты мінез-құлық патологиясын зерттеуге аударды. Жаңсақ түсінік пен кемсітушілік Контекстік факторлардың енді бірі – нәсілдік, дін мен жыныстық тұрғыдан кемсітушілік болып табылады. «Кімнің психолог болғысы келеді дейсің немесе психологтерге жұмыс қайдан табылады» деген сыңаржақ пікір жылдар бойы адамдардың санасынан арылмады. Әйелдерді кемсітушілік. Психология тарихының алғашқы кезеңдерінде әйелдерге деген теріс түсінік өте күшті болды. Атап айтқанда, әйелдерге жоғары оқу орындарына түсуге рұқсат бермеу немесе жұмысқа қабылдамау жағдайлары жиі кездесті. Тіпті әйел адам оқытушы қызметіне орналасса да, оның жалақысы ер-аза- маттарға қарағанда өте төмен болды. Сондықтан әйелдер қызмет бабымен өсу және қызмет мерзімін ұзарту кезінде түрлі қиындықтарға ұшырасты. Әйелдерге оқытушылық қызмет ұсынатын әйелдер колледжінің өзі көбіне тұрмыс құрған қыздарды жұмысқа алмайтын. Оның себебі – тұрмысқа шыққан әйелдер үй шаруасы мен жұмысты бір мезгілде қатар алып жүре алмайды деп есептелді. Элеанор Гибсон – Америка психологтер қауымдастығының (бұдан әрі – АПҚ) марапатын, сондай-ақ бірнеше құрметті доктор дәрежесі және перцептивті даму мен оқыту саласындағы еңбегі үшін Ұлттық Ғылым медалін иеленген адам. 1930 жылдары Гибсон Йель университетінің магистратурасына құжаттар тапсыр- ған кезде, приматтарды зерттеу зертханасының директоры факультетте әйел адамның жұмыс істеуіне жол берілмейтінін айтқан. Оған фрейдтік психология семинарларына қатысуға тыйым салынды. Әйелдерге магистранттарға арналған кітапхананы пайдалануға немесе ерлерге ғана арналған дәмханаға кіруге рұқсат етілмеді. Этникалық белгілері бойынша кемсіту.ХХ ғасырдың 60-жылдары еврейлер колледждер мен магистратураға квотамен ғана түсе алатын еді. Бұл үдеріс сол уақытта элиталық университет саналатын үш оқу орны – Гарвард, Йель мен Принстонда кеңінен қолданылғанын зерттеу жұмыстары айқындап отыр. Қабылдау бөлімдерінің қызметкерлері мен университет басшылары «еврейлердің қаптап кетуін» қатаң бақылауда ұстау қажеттігі туралы жиі мәлімдейтін. 1922 жылы Йель университеті қабылдау комиссиясының төрағасы «Еврей мәселесі» тақырыбына баяндама жасап, онда еврейлерді «жат және лас элемент» деп сипаттады. 1938 жылы еврейлерді нацистік Германиядан көшіріп алуға көмектесу жайлы мәселе көтерілгенде, Йель университетінің бір топ студенті: «Біз еврейлерді ұнатпаймыз. Олар Йель университетінде тым көп», – деп мәлімдеді. Өткен ғасырдың 20-жылдары Гарвард университеті оқуға түсуге өтініш берген еврейлерді 10–15 пайыздан артық қабылдамау саясатын ұстанды. Осы элиталық оқу орындарына түскен еврейлер жиі оқшауланып, оларға студенттік қоғамдарға кіруге, беделді түскі астарға баруға немесе әлеуметтік клубтарға кіруге рұқсат етілмеді. Еврей студенттерінің көп болуы қауіп ретінде қарастырылды. Тіпті сондағы ғалымдардың бірі: «Еврейлер кірді дегенше, Принстон университеті құрыды дей бер!» – деп салды. Оқуға түсіп, кейіннен докторлық дәреже алған еврей студенттері де түрлі кедергілерді көріп бақты. Көптеген колледждер мен университеттер еврейлерді оқытушылық жұмысқа қабылдамады. 1941 жылы докторлық дәрежеге ие болған жеке тұлға теориясы жөніндегі жетекші маман Джулиан Роттер (11-тарау) өзіне «еврейлерді біліктілігін растайтын құжаттары болса да, оқытушылық жұмысқа алынбайтыны» туралы ескерту жасалғандығын еске алады (1982, p. 346). Сол себепті ол өзінің еңбек жолын университетте емес, мемлекеттік психиатрия ауруханасында бастады. Гарвард психологі Э.Б. Боринг өз магистранттарының бірі туралы былай жазды: «Ол – еврей, сол себепті біз оған оқытушылық қызмет ұсына алмаймыз. Ғылыми ортада, оның ішінде әсіресе психология саласында, еврейлерге қатысты ұнамсыз пікірлер көп». Міне, осыған ұқсас жағдайлар көптеген арғы тегі еврей психологтердің клиникалық психологиямен айналысуына себепкер болды. Осының салдарынан олардың ғылым саласындағы әрекеттері нәтижесіз болғанымен, жұмыс табу мүмкіндіктері көбейді. Психология тарихында ұзақ уақыт бойы құқай көргендердің бірі – афроамерикалықтар еді. 1940 жылы АҚШ-та психология бөліміне қара нәсілді студенттерді қабылдайтын төрт-ақ колледж бар-тын. Негізінен ақ нәсілді студенттер оқитын университетке қабылданған қара нәсілділер оқу барысында түрлі кедергілерге тап болатын. 1930–1940 жылдары көптеген университеттер университет қалашығында қара нәсілді студенттердің өмір сүруіне рұқсат бермейтін. Психология бойынша докторлық қорғаған алғашқы қара нәсілді студент – Фрэнсис Самнер 1917 жылы аспирантураға түсу мүмкіндігіне ие болды. Самнердің ғылыми жетекшісі оны «басқа нәсілдің көптеген өкілдері ұнамсыз санайтын ақыл-ой мен дене сымбатынан ада түрлі түсті нәсіл өкілі» ретінде сипаттады. Самнер Кларк университетінің аспирантурасына түскен кезде, оқу орнының әкімшілігі оған ас ішетін бөлек үстел әзірледі. Психологияны қара нәсілді студенттердің дені Вашингтонның Говард университетінде оқыды. Аталмыш оқу орны 1930 жылдары сол себепті «қара Говард» деген атқа ие болды. 1930–1938 жылдары оңтүстік штаттардан тыс жерде психология cаласы бойынша оқуын жалғастырған қара нәсілді студенттердің саны бар-жоғы 36 болса, олардың дені Говард университетінде оқыды. 1920 жылдан бастап 1950 жылға дейінгі аралықта 32 қара нәсілді студент психология бойынша докторлық дәрежесін иеленді. 1920–1966 жылдар аралығында АҚШ-тағы ең танымал 10 психологиялық факультет 3700 гранттың 8 грантын ғана қара нәсілді докторанттарға бөлді. Кейін балаларды нәсілдік сегрегациялау салдарын зерттеумен айналысқан Кеннет Кларк 1935 жылы Говард университетін бітіріп, психология саласында бакалавр дәрежесіне ие болды. Оның нәсіліне байланысты Вашингтон мейрамханалары оған қызмет көрсетуден бас тартатын. Ол сегрегацияға қарсы студенттік наразылық акциясын ұйымдастырды. 1934 жылы тұтқындалып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін айыпталды. Оның айтуы бойынша, дәл осы оқиға оның тұлға болып қалыптасуына көп ықпал етті (Phillips, 2000). Кларк Корнелл университетінің аспирантурасына нәсіліне байланысты қабылданбады. Кларктың айтуынша, олар оған мұны: «Ғылым докторы дәрежесін алуға үміткерлер «үлкен» адамдармен байланыс орнату мүмкіндігіне ие болады. Сен, профессорлармен тығыз байланыста жұмыс істейтін болғандықтан, ертең өзіңді ыңғайсыз сезінетін боласың», – деп түсіндірген. Кларк – 1940 жылы Колумбия университетінде докторлық дәрежесін алған және Нью-Йорк колледжінде профессор қызметінде жұмыс істеген алғашқы афроамерикалық болды. Колумбия университетінде докторлығын қорғаған Мами Фиппс Кларк –нәсілшілдікке қоса, жыныстық кемсітушілікті де басынан өткерген адам. Ол: «1940 жылдардың басында оқуды аяқтаған, психология ғылымдарының докторы дипломы бар қара нәсілді әйел Нью-Йоркте қажетсіз элемент болып саналды», – деп жазды. Оның күйеуі Кеннет Кларк Сити колледжінде жұмыс істесе де, Мами Фиппс Кларкке оқытушы жұмысы бұйырмай-ақ қойды. Деректерді талдау сияқты қосалқы жұмыспен айналысқан ол мұны «психология ғылымдарының докторы дәрежесі бар адамды қорлау» деп санады. Кеннетпен ақылдаса отырып, Мами Кларк балаларға психологиялық көмек көрсету орталығын ашты. Екеуінің еңбегі еш кетпеді. Мамидың орталығы баланы дамыту жөніндегі әйгілі орталыққа айналды. 1939–1940 жылдары ерлі-зайыпты Кларк- тер қара нәсілді балалардың нәсілдік сәйкестігі және олардың өзін-өзі бағалауы турасында маңызды зерттеу жұмысымен айналысты. Оның қорытындысы 1954 жылы АҚШ Жоғарғы сотының қоғамдық мектептердегі нәсілдік сегрегациялауға жол бермеу жайлы шешімі шыққан отырыста негізге алынды. 1971 жылы Кеннет Кларк Америка психологтер қауымдастығының президенттігіне сайланған алғашқы афроамерикалық болды. Білім алу мен жұмысқа тұру кезінде түрлі кедергілер көрген әйелдер мен этникалық азшылық өкілдерінің проблемасын сөз еткенде мына бір жайтты да ескергеніміз өте маңызды: біз осы және басқа да кітаптарда психология саласына үлес қосқан әйелдер мен этникалық азшылық өкілдерінің аз да болса бар екенін мойындаймыз. Дегенмен осы саладағы алатын орнына сәйкес, ақ нәсілді азаматтардың бұл кітапта айрықша назарға алынғаны да өтірік емес. Алайда бұл біреуді әдейі кемсітуден туған дүние емес, тарихтың жазылу ретіне қарай болатын құбылыс. Ғылым тарихының тұжырымдамалары Ғылыми психологияның тарихи дамуын зерттейтін екі жол болса, оның бірі – тұлғалық жол, екіншісі – натуралистік жол. Жаңа идеяны қабылдайтын кезде маңыздысы не сонда: сол идеяны ойлап тапқан адам ба, әлде идея жүзеге асқан уақыт па? Тұлғалық теория Ғылым тарихының тұлғалық теориясында жеке тұлғалардың жетістіктері мен үлесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл көзқарас бойынша, ғылымдағы өзгерістер мен прогресс тарихты өз қолымен жасайтын бірегей тұлғалардың ықпалына тікелей байланысты. Осы теорияға сәйкес, Наполеон, Гитлер немесе Дарвин ұлы тарихи оқиғалардың пайда болуына тікелей әсер етті. Тұлғалық тұжырымдама тұлғалардың есімдерімен байланысты оқиғалар олардың қатысуынсыз ешқашан болмайтын еді деген болжам айтады. Теорияға сенсек, айналып келгенде, уақытты жасайтын адам. Жалпы, ғылым – оның бағытын айқындайтын ойшыл, жасампаз һәм жігерлі адамдардың жұмысы екені айдан анық. Әдетте біз белгілі бір дәуірді өз заманында жаңалық, теория немесе басқа да жетістіктерге қол жеткізген адамның атымен айқындап жатамыз. Мүсін өнері сөз болғанда «Микеланджелодан кейін», физика туралы айтқанда «Эйнштейннен кейін» дегенді тілге тиек етеміз. Ғылым, өнер мен поп мәдениеттегі тарихтың бағыт-бағдарын өзгертетін шиеленісті дүниелер негізінен жеке тұлғалар арқылы жасалатыныайтпаса да түсінікті жайт. Осылайша, біз тұлғалық теорияның өз орны бар екенін анықтадық. Бірақ бізге ғылымның немесе қоғамның дамуын түсіндіруге бұл жеткілікті ме? Жоқ, әрине. Көзі тірісінде еңбегі дұрыс бағаланбай, қуғын-сүргін көрген ойшылдар, өнер адамдары мен ғалымдарды кеш бағалап жататын жағдай жиі кездеседі. Қандай да бір идеяның қабылдануы, я қабылданбауы, бағалануы, я мазаққа ұшырауы сол заманның интеллектуалдық, мәдени немесе рухани атмосферасына байланысты екенін осы жайттардан-ақ аңғару қиын емес. Ғылым тарихында ғалымдар ашқан жаңа теориялар мен жаңалықтар өз замандастары тарапынан мойындалмаған жағдайлар өте көп кездеседі. Ең ұлы ойшылдар мен өнертапқыштардың өзі «уақыт рухымен» шектелген. Сол себепті де кез келген ұлы адамның қандай да бір жаңалығын һәм идеясын қабылдап, оны жүзеге асыруға қоғамдағы басымдыққа ие ой кедергі болуы әбден ықтимал. Алайда белгілі бір уақытта қандай да бір кеңістікте уақытылы қабылданбаған идеяны өзге буын араға ғасыр салып барып мойындауы да мүмкін. Баяу өзгеріс ғылыми прогрестің заңдылығына айналып кететін жағдайлар жиі болып тұрады. Натуралистік теория Біз адам «уақытты жасайды» деген пікірдің түбегейлі қате екенін көрдік. Натуралистік теория бойынша, керісінше, уақыт «адамды жасайды» немесе уақыт қандай да бір адамның өзін-өзі танытуына мүмкіндік береді. Егер «уақыт рухы» мен өзге де жоғарыда айтқан күштер жаңа идеяны қабылдауға әзір болмаса, ол идеяның жақтастарын ешкім естімейді. Керісінше, оны кері тартып, түбіне жетеді. Қоғамның берер жауабы да «уақыт рухына» тәуелді. «Уақыт рухының» тежегіш ықпалы мәдени кеңістікте ғана емес, ғылымда да жұмыс істейді. 1763 жылы шотланд ғалымы Роберт Витт шартты рефлекстер туралы ой айтқан болатын, бірақ ол кезде оған ешкім қызығушылық білдіре қоймады. Арада ғасыр өтіп, зерттеушілер көптеген зерттеу әдістерін игерген уақытта ғана ресей физиологі И.П. Павлов (9-тарау) Виттің байқауларына сүйене отырып, оның ойын дамытып, психологияның жаңа жүйесінің негізін қалады. Әр жаңалықтың өз уақыты болады. «Бұл дүниеде жаңалық дейтіндей жаңалық аз. Біздің бүгін жаңалық деп отырғанымыз, айналып келгенде, бір ғалымның белгілі бір құбылысты қайта жаңалық деп тапқаны ғана» (Gazzaniga, 1988, p. 231). Бір уақытта жасалған бірдей жаңалықтар ғылым тарихының натуралистік тұжырымын растайды. Екеуі екі жақта, екі бөлек жұмыс істеп, бір-біріне ұқсас жаңалық ашқан жайттар жиі кездеседі. Мысалы, 1900 жылы бір-бірін танымайтын үш зерттеуші 35 жыл бойы генетика бойынша жасаған еңбектері еленбей келген австриялық ботаник Грегор Мендельдің жұмысын қайталаған. Ғылыми салада әбден қалыптасып қалған қандай да бір теория жаңа көзқарастарды оңайлықпен қабылдай қоймайды. Кейде көп ғалымдардың қандай да бір теорияға қатып-семіп қалатыны соншалық – олар жаңа бір дүниенің тамыры шықпай жатып, оны тұншықтырып тастайды. 1970 жылдары болған тағы бір оқиғаға оралайық. Психолог Джон Гарсия «S – R» (стимул – реакция) теориясына күмән келтірген зерттеу нәтижелерін жариялауға тырысты. Жұмыс жоғары деңгейде орындалып, кәсіби тұрғыда мойындалып, беделді ғылыми марапаттарға ие болуына қарамастан, оның мақаласын алдыңғы қатарлы журналдар қабылдаудан бас тартты. Испантілді америкалық Гарсия Эксперименттік психологтер қоғамына сайланып, АПҚ-ның зерттеуіне ерекше үлес қосқаны үшін марапатталды. Бірақ Гарсияның зерттеу жұмыстары таралымы аз, көпшілікке бейтаныс журналдарда ғана жарық көріп, оның идеяларының кеңінен таралуына кедергі келтірді. «Уақыт рухы» ғылыми-зерттеулер пәнін, зерттеу әдістерін, теориялық тұжырымдамаларды анықтауды да тежеуі мүмкін. Мысалы, біз ғылыми психологияда бұрын болған адам табиғатындағы сана мен субъективті аспектілерге назар аудару үрдістері туралы сөз қозғаймыз. 1920 жылдарға дейін психология әуелі «ақыл-ойдан», кейін «сана-сезімнен» жұрдай болады дейтін әзіл-қалжыңы аралас пікір айтылатын. Алайда елу жылдан кейін әртүрлі кезеңдегі «уақыт рухының» ықпалын көрген психология уақыттың интеллектуалдық шырайына жауап бере алатын сана мәселесіне қайта ие болды. Бұл ретте бізге түрлердің эволюциясымен ұқсастық іздеп көруге болады. Қоршаған орта талаптарына сай ғылым мен тірі организмдер де өзгеріп отырады. Уақыт ағынымен бірге жеке түрлер қандай өзгеріске ұшырайды екен? Егер қоршаған ортада тепе-теңдік сақталатын болса, ешқандай өзгеріс болмайды. Егер тепе-теңдік жойылатын болса, түр жаңа талаптарға бейімделуі керек немесе ол жойылуы тиіс. Дәл осылай қоршаған орта контексінде ғылым да өмір сүреді және сол ортаға белгілі түрде жауап береді. Алайда ғылым ортасы – «уақыт рухы» – физикалық емес, рухани орта. Физикалық орта сияқты, «уақыт рухы» да өзгеріске ұшырауы мүмкін. Қазіргі психология эволюциясы кезіндегі психология мектептері Психология жеке ғылыми пән ретінде дамыған алғашқы жылдары, нақтырақ айт- қанда ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде, неміс физиологі Вильгельм Вундттың ықпалы зор еді. Вундттың жаңа ғылымның бейнесі мен пішіні туралы нақты түсінігі болды. Ол философия мен психологияда басым болған зерттеулердің мақсаттарын, пәнін, әдістері мен тақырыптарын анықтады. Не болса да, сол заман рухының жаршысы ретінде Вундт түрлі философиялық және ғылыми ойлау бағыттарын біріктірді. Бірнеше жылдар бойы психология Вундттың ықпалымен қалыптасты. Көп кешікпей жағдай өзгерді. Психологтер арасында қарама-қайшылықтар туындады. Басқа ғылым мен мәдениетте жаңа идеялар ортаға шықты. Осы жаңа өзгерістердің бейнесі ретінде кейбір психологтер Вундттың тұжырымымен келіспей, психологияда өзінің жеке көзқарасын білдіре бастады. Сөйтіп, 1900 жылдары бірнеше ғылыми ойлау жүйелері мен мектептері арасындағы қарым-қатынастар күрделеніп, психологияның анықтамасы туралы әңгіме қозғала бастады. Психология аясында психологиялық мектеп термині кейде идеялық тұрғыда, кейде ғылыми бағыт көшбасшысымен аумақтық тұрғыда қатысы болған психологтер тобы деген ұғымды білдіреді. Әдетте бір мектеп өкілдері теориялық немесе жүйелі мәселелермен ортақтасып жұмыс істейді. Түрлі психологиялық мектептердің пайда болуы, олардың құлдырауы және басқа мектептермен ауыс- тырылуы – психология тарихының ерекше сипаттарының бірі. Ғылымның жеке мектептерге бөлінген кезі парадигмалыққа дейінгі кезең деп аталады. Парадигма (яғни модель немесе үлгі) ғылыми пән аясында жалпы қабылданған ойлау тәсілі ретінде осы саладағы зерттеушілер үшін негізгі сұрақтар мен жауаптарды анықтайды. Бұрынғы психологиялық мектептердің қай-қайсысы да қалыптасқан жүйеге қарсылық танытып бақты. Әр ағымның өкілдері ескі жүйенің әлсіз тұстарын айтып, жаңа анықтамалар, тұжырымдамалар мен зерттеу стратегиялары арқылы жағдайды түзетуді ұсынды. Жаңа ой мектебі ғылыми қауымдастықтың назарына ие болғанда, алдыңғы платформадан бас тартатын. Екі тарап та өз пікірлерін қорғайтын. Ескі және жаңа мектеп арасында жанжалдар туындап отыратын. Ескі мектептің жетекші теорияшылдары жаңа жүйені жақтаушылар қатарына сирек кіретін. Әдетте олардың өз ұстанымдарына берік, адал адамдар екені айтпаса да түсінікті. Ескі мектептің жас қолдаушылары, керісінше, жаңа идеяларға жиі қызығып, жаңа ілімнің ізбасарларына айналып кететін. Түрлі психологиялық мектептердің тарихи даму тұрғысынан психологияның ілгерілеуін жақсы түсінуге болады. Ұлы ғалымдардың оған қосқан үлесі зор. Алайда олардың еңбектерінің маңызы оның алдында болған идеялар мен одан кейінгі зерттеулер контексінде қарастырылған кезде анық көрінеді. Осы философиялық және психологиялық дәстүр негізінде Вильгельм Вундттың психологиясы және структурализм ұғымы жетілдірілді. Структурализмнен кейін функционализм, бихевиоризм гештальт-психология қалыптасты. Бұл ағымдар структурализмге сүйенген немесе оған қарсы тұрған. Дәл сол уақытта санасыздық табиғаты туралы идеялар және есі ауысқандарды емдеудің алғашқы тәжірибелері негізінде психоанализ – жеке зерттеу пәні мен жеке әдістемесі бар ғылым ретінде бой көтерді. Психоанализ бен бихевиоризм көптеген шағын мектептердің құрылуына түрткі болды. 1950 жылдары бихевиоризм мен психоанализге жауап ретінде гуманистік психология8 сияқты бағыт пайда болды. Ол гештальт-психология қағидаларын да қамтыды. Шамамен 1960 жылы бихевиоризмге когнитивті психология ағымы қарсы шықты және психология анықтамасы қайта қаралды. Ең жаңа өзгерістердің маңызды ерекшелігі – сананы және психикалық немесе когнитивті процестерді зерттеуге оралу. 15-тарауда эволюциялық психология, когнитивті нейробиология және позитивті психология тақырыптары қамтылған заманауи жаңалықтар жайлы сөз болады. Қорытындылай келе, психология тарихы – осы ғылымның қалыпьтасуындағы революциялық өзгерістерді, қиындықтар мен ғалымдардың көзқарастары және сіңірген еңбектерін саралап жеткізу. Бұл ғылымның қалыптасуында көптеген теориялар мен жеке психологиялық мектептердің қалыптасуы ерекше маңызға ие болды. Сонымен қатар, психология тарихына көптеген өзгерістер де ісер етіп жатты. Соған қарамастан, психология ғылымы қазіргі таңда актуалды ғылымдардың бірі болып табылады. |