1 лекция ККЗТ. Лекция таырыбы 1 Пнге кіріспе
Скачать 37.79 Kb.
|
1. Лекция тақырыбы №1 Пәнге кіріспе 2. Лекцияның мақсаты мен міндеттері: Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелерінің өзектілігін айқындау. Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері мен Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары мен сабақтастығын, мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының заңдылықтарын анықтайтын ғылыми қағидаларын ашу. 3.Лекция мазмұны. 1. Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері2. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары мен сабақтастығы 3. Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихи деректері мен тарихнамасының талдануы. 1. Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздері«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген қанатты сөз қоғам мен мемлекеттегі тарих ғылымының міндеттерін нақты анықтап тұр. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің іргетасын әлемнің елеулі бөлігіне ықпал еткен ұлы дала көшпелілерінің мемлекеттік дәстүрі және бірнеше жүз жылдық барысындағы қазақтардың азаттық жолындағы күрес тарихы, Ресей және Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы құрамында өмір сүрген тәжірибесі құрайды. Қазіргі таңда біздің еліміз 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына енуге мақсат қойып тұр. Бұл сапалы білім алу, сұранысқа ие мамандықтың таңдауын және аянбай еңбек етуді талап етеді. Қазақстан тарихын терең оқып үйрену өз Отаныңды құрметтеп, мақтан тұту сезімін қалыптастырады. Әр бір азамат еліміздің тарихын жақсы білу керек, сонда ғана дұрыс бағыт-бағдар алып, өз болашағын болжай алады. Осыған байланысты Алаш жетекшісі Ә.Бөкейханның дәйексөзі: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға бейім тұрады» өзектілігін жоғалтпады. Жоғары оқу орындарында «Қазақстанның қазіргі заман тарихын» оқыту студенттер бойында патриотизм мен азаматтық позицияны қалыптастыруға, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы бойынша терең ғылыми білімдерді бекітуге ықпал етуші фактор болуы тиіс. Әсіресе, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы, қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалар үрдісі, ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері өскелең ұрпақ санасына құйылуы тиіс. Осыған орай, төмендегідей міндеттер туындайды: Проблемалық көзқарас негізінде, тарихи дамудың жалпы заңдылықтарын талдау арқылы Қазақстан тарихы кезеңдерін, мазмұнын және мәнін ашу; Тарихтың негізгі проблемаларын зерделеу арқылы сол дәуірді халқымыздың бесігі, кейінгі тарихи дамудың алғышарты ретінде көрсету; Қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасу үрдісінің басты бағыттарын ашу; Отарлық қыспақпен тәуелсіздікті жоғалту барысындағы тарихи даму ерекшеліктерін дәйектеу; Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының мәні мен қайшылықтарын айқындау; Тәуелсіздіктің қалыптасу жағдайындағы өтпелі (транзитті) қоғамдағы тарихи үрдістердің (саяси, экономикалық, социомәдени) негізгі заңдылықтарының мазмұнын зерделеу; мемлекеттік тәуелсіздіктің саяси – құқықтық негізін құрайтын құжаттарды (деректерді) білуді қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен мемлекетті нығайтудағы, еліміздің халықаралық қауымдастықтағы лайықты орын анықтаудағы тарихи рөлін көрсету; Мемлекет эволюциясын және оның тәуелсіздік кезеңіндегі институттарын қарастыру; Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени реформалау үрдістерінің барысы мен нәтижелерін және экономикалық қуатының өсуін айқындау; Еліміздің әлемдік және өңірлік қоғамдастыққа халықаралық қатынастардың дербес субьектісі ретіндегі кіру үрдісін ашу; Ғылыми негізде азаматтық ұстанымды қалыптастыруды, мемлекеттің ішкі өміріндегі оқиғалар мен халықаралық қатынастарды зерделей білуге дағдыландыруды қамтамасыз ету. Қазақстан қазіргі заманғы әлеуметтік кеңістікте және әлемдік тарихтың уақыт межесінде өз орнын айқындауды көздейді. Қазақстандық қоғамда тарихи сананы жаңғырту, өзіндік ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру, болашақ дамудың рухани бағдарын анықтау еліміздің ішкі дамуындағы маңызды көрсеткіш. Тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің жаңаруын, зияткерлік қоғамның жасампаз тұлғасын қалыптастыру және ұлттық тарихтың жаңа белестерін зерттеуде тарихи сабақтастықтың болуы заңдылық. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазірде өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да халықтардың тарихы және бүкіл адамзат тарихының құрамдас бір бөлімі. Өйткені ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы – Ұлы Далада ХХ ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үдерістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тығыз байланыста тұтас қарастыратын пән. ХХ ғасыр қазақ халқының тарихи тағдырында өте маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені, қазақ қоғамдық саяси ойдың дамуы, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту идеясы сол кезде пайда болды. ХХ ғасыр қайшылықтарға толы көптеген саяси-әлеуметтік бетбұрыстар мен мәдени төңкерістердің, дүниежүзілік соғыстардың, экономикалық өзгерістердің орын алған кезеңі болғандықтан және бүгінгі күнмен етене байланысып жатқандықтан, осы үдерістерді оқытуға аса көңіл бөлу қажет. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы пәні мәселелік тұрғыда құрастырылған және теориялық - методологиялық тұжырымдарға негізделген. Курс мазмұны осы қағида бойынша орта білім беру бағдарламасын қайталамауды көздейді. Хроногиялық шеңберін анықтауда Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы ұлттық идеялары мен қозғалыстар тарихы басшылққа алынды. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын тұжырымдық және практикалық зерттеуде пәнаралық ұстанымдар қолданылады. Тарих ғылымының тұжырымдарын саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану, сияқты өзге қоғамдық ғылымдардың методологиялық негіздерімен ұштастырудың маңызы айқындалған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуына орай өткенді жан-жақты және объективті зерттеу, негізгі міндеттері халықтың тарихи жадын жаңғырту, ұлттық сананы және азаматтық бірлікті насихаттау, жастарды отансүйгіштік пен толеранттық рухта тәрбиелеу болып табылатын «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнін оқыту көкейкесті бола түсті. Мемлекеттің біртұтас сиаптын көрсету, қоғамдық сананы қалыптастыру, ұлттық идеология, азаматтардың жасампаздық белсенділігін дамыту, елдің зияткерлік әлеуетін көтеру осы пән шеңберінде жүзеге асады. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының көп қырлылығы мен тарихи маңызы сонда, бұл пән қазақстандық біртұтастықты орнықтырушы, Мәңгілік ел құруды ғасырлар бойы армандаған халқымыздың өршіл рухының идеялық негізі. Осыған байланысты ол мемлекеттік маңызы бар оқу пәні болып табылады «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің негізгі мақсаты – отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылыми дәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру, тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету, рухани мұрагерліктің терең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру. 2. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастаулары мен сабақтастығы. ХV ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде Керей мен Жәнібек хандар құрған ұлыс көп ұзамай бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтағы мемлекеттің бірден-бір көрінісі болды. Қазақ хандығы біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым ретінде 1465 жылдан бастап 1847 жылы ең соңғы қазақ ханы Кенесары өмірден озғанға дейін төрт ғасыр бойы өмір сүріп, тарих сахнасында мәңгіге өз еншісін алды. Қазақ хандығының генезисін, яғни қалыптасу, даму кезеңдерін сараптағанда дамыған шаруашылық формаларының орныққанын, яғни көшпенді және жартылай көшпенді өмір салтын ұстанып, жер өңдеу ісінің, кәріздік суару жүйесінің, кен өндірісінің болғанына көз жеткіземіз. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлар өркен жайып, қалалық сауда-саттық жүйесі қалыптасып, «Жеті Жарғы» аталатын дала заңының жиынтығы бекітілді. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының басқару жүйесі сол заманға сай болып, орасан зор аймақты қамтыған, әрі өзін басқа көршілеріне мойындатқан Орталық Азиядағы ірі құрылымның біріне айналды. Төл тарихымыздан сыр шертетін аса құнды еңбектің авторы, ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ ордасының туы тігілген киелі Шу өңірін «Моғолстанның мәшһүр жері» деп атайды. Бұл уақыт мемлекеттік құрылымның түзілуіне негіз болған, өзіне тән тілі, салт-дәстүрі, мінез ерекшелігі, атамекені, сондай-ақ, ортақ мүддесі бар халқын «қазақ» деген атаумен қалыптасудың алғашқы сатысы еді. Қазақ хандығының құрамына енген ру-тайпалардың өзара экономикалық, мәдениет және қоғамдық-саяси байланыстарының нығая түсуі, этностық аумағының анықталуы, осының негізінде ортақ жалпы ұлттық мүдденің калыптасуы және оны сырттан төнген қауіптен ұйымдасқан түрде қорғау қажеттігі белгілі дәрежеде орталықтандырылған басқарушы билік жүйесінің пайда болып, оның ширай түсуіне алып келді. Қазақ хандығының жүйесіндегі тағы бір ерекшелік, елдің билеушісі хан болса, оның жанында билер мен батырлар тұрды. Бұл тұлғалар, ұлттың өзін өзі тануы, басқа этностармен қатынаста өз мүддесін түсінуі нәтижесінде өмірге келсе, өз ретінде олар ұлттық ұйысудың тезірек жүруіне, ұлттық құндылықтардың пісіп-жетілуіне пәрменді ықпал жасады. Осылайша, Қазақ хандығы біріншіден, қазақ даласында өмір сүрген қағанаттар мен мемлекеттердің заңды мұрагері болса, екіншіден, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына тарихи сабақтастық ретінде идеологиялық тұрғыдан бірден-бір негіз қалады. Мемлекет басшысы өткен жылы Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «Қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатынын, ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасатынын, одан кейін Алтын Орда орнығып, әрі қарай хандық дәуірге ұласатынын және біртіндеп бүгінгі Тәуелсіздікке келіп тірелетінін» атап өтті. Қазақ хандығы өзінің дамыған мемлекеттік басқару жүйесімен, құқықтық ережелерімен және сол замандағы өңірдегі ірі геосаяси ойыншылар – Ресей және Цин империяларымен орнықты әлеуметтік-экономикалық байланыстар жасау, сауда және дипломатиялық қарым-қатынастар жасаумен ерекшеленгені белгілі деп бекерден-бекер ерекше атамаса керек. Қазақ хандығының тарихындағы маңызды және күрделі, әрі аса қызықты мәселенің бірі – хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы 2,5 мың жылдай уақытқа созылған этнопроцесс өзінің мәресіне жетіп, ұлттық сипатқа ие болып, қазақ халқының қалыптасуымен бір кезеңде жүзеге асты. Қазақ хандығының құрылуын, мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, одан кейінгі Алтын Орда және Ақ Орда тарихымен тікелей байланысты. Бұл құрылымдардың атаулары әртүрлі болғанымен оларға ортақ тән нәрсе бір аймақ пен сол жерде өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани жағынан ортақтығы жатты. Бұлардың атауы бұрын билеуші әулеттерді шығарып отырған тайпалар атауларымен байланысты болып келсе, Қазақ хандығы алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ атпен атала бастайды. Бұл дегеніміз – Қазақ хандығын бір тайпаға емес, елдік бірігуінің нәтижесі болатын. Бұнымен қатар, бұл жаңа этноқауымдастық немесе жаңа этнос атауына қатысты екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақ хандығының құрылуы саяси жағынан алғанда ХІV-ХV ғасырларда қазақ даласы мен оған көршілес аумақтарда өмір сүрген Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы, Моғолстан және Мауереннахрдағы Темір әулеті билеген кездердегі саяси қарым-қатынастардың дамуының заңды қорытындысы болып табылады. Қазақ хандығы құрылуының маңызы осындай этникалық саяси дамулармен тығыз байланыста ерекшеленеді. Алайда, Қазақ хандығының құрылуы мәселесі ғылыми жағынан маңызды, өзекті мәселелердің бірі болса да, тәуелсіздік алғанға дейін кеңестік биліктен қаймыққан отандық тарихшылар тарапынан жете көңіл бөлінбегені рас. Тек Қазақ елі егемендік алғаннан соң ғана зерттеушілер басқа да мәселелермен бірге Қазақ хандығының құрылуы тарихына қызығушылықтар таныта бастады. Нәтижесінде Қазақ хандығының тарихы жас мемлекетіміздің идеологиясын қалыптастыруға септігін тигізді. Оған бірнеше дәйек келтіруге болады. Біріншіден, 1991 жылы өзінің саяси дербестігін жариялаған Қазақстан Республикасы мен ХV ғасырдың ортасында өз туын тіккен Қазақ хандығы арасындағы тарихи сабақтастық, жалғастық, үндестік және идеологиялық өлшемдердің болғандығын сезіну, соларды дәлелдеуге бағытталған талпыныстар; Екіншіден, Қазақ хандығының тарихы арқылы қазақ халқының шығу тегін білуге деген қызығушылықтар; үшіншіден, қазақ халқының ХV-ХVІІІ ғасырлар және ХХ ғасырдың соңындағы мемлекеттілігі атауларының негізінде «Қазақ» сөзі тұрғандықтан, екі тарихи кезең арасындағы байланысты бағамдау; Үшіншіден, қазақ хандығының тарихы негізінде қоғамды мемлекетшілдік идеяға жұмылдыру, жас буынды өз мемлекетін сүюге, патриотизмге тәрбиелеуге шыңдау, т.б. Жалпы алғанда, Қазақ хандығының тарихын қоғамға паш ету ғылыми жағынан ғана емес, бүгінгі күннің идеологиялық талаптарынан туындап жатқан құбылысқа айналуы тиіс. Яғни, ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтыған Қазақ хандығы Қазақстан тарихында ерекше орын алып қана қоймай, осы кезеңде қалыптасқан ұлттық сана мен халықтың өзіне тән ерекшеліктері қазіргі біздің қоғаммен тікелей ұштасып жатыр. Сонымен қатар, сол кезде өмір сүрген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер, бектер мен әмірлер, ақындар мен жыраулар, ишандар мен абыздардың жүріп өткен іздері және ерлік пен елдікті дәріптеген небір айтулы тарихи қызметтері қазіргі таңдағы жас ұрпақ үшін өшпейтін үлгіге айналып отыр. Тіпті, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де – қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста дамыған. Алайда, тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал кеңестік негізде құрылған Қазақ АКСР-ы, одан кейінгі Қазақ КСР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік идеясы бірте-бірте сіңіріліп, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты қасаң қағида бірте-бірте қалыптаса бастады. Тіпті, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Ресейдің орталық мерзімді басылымдарында «Қазақстан Республикасы ұзақ өмір сүре алмайды. Өйткені, тарихта қазақтардың өз мемлекеті болмаған, оларға мемлекеттілік идеясы жат», деген пиғылдағы ойлардың белең алғаны бәрімізге белгілі. Мұндай пікірлер әлі де толық өшпей жатқаны шындық. Сондықтан, осындай теріс пиғылдағы көзқарастарға тек тарихшылар тарапынан жүргізілген ғылыми негіздегі объективті зерттеулер ғана тосқауыл бола алады. Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеліп, сол кезде басталған этникалық дамуларды қазіргі уақытта ұлттық деңгейге жеткізіп, Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ықпалын тигізіп, Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекеттің құрылуына негіз қалап, идеологияның тарихи өлшеміне айналды. 3. Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихи деректері мен тарихнамасының талдануы. Тарихты оқытудың қалыптасқан жүйесі және негізгі қағидалары Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы пәнін оқыту барысында да қолданылады. Қоғамдық-гуманитарлық салалардағы зерттеулер мен оқулықтарда пайдаланылатын бірнеше ұстанымдар бұл пәнде де өзекті болып табылады. Олар: - объективтілік (шынайылық) – бүгінгі күрделі әлемде адам қабілетіне, ұлт жігеріне бағынбайтын заңдылықтар бар. Қазіргі заман ақпараттар заманы, адамзат баласы бір ақпараттық кеңістікте, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүруде. Бұл мәселе - Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын оқып түсінудің басты шарттарының бірі; - субъективтілік (жеке көзқарас) – тарихи үдерістердегі тұлғаның орнын көрсету осы ұстанымның негізгі мақсаты. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының басынан кешкен күрделі кезеңге қатысты жеке тұлғалардың, қайраткерлердің еңбектерін пайдалану бұл тақырыпты ашып көрсетудің қайнар көздерінің бірі; - тарихилық – Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы дүниежүзілік тарихтың заңдылықтарына бағынышты, дегенмен ұлы далада бірнеше мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген және өмір сүре беретін қағидалар бар. Тарихилық ұстанымы Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының әлемдік тарихтың заңдылықтарымен және ұлы дала тарихының қағидаларымен байланысты екенін көрсетеді; - сабақтастық – бұл ұстанымның негізі Қазақстан халқының этникалық және мәдени-рухани тамырының көне және бұрынғы заман үлгілерге барып ұштасатынын дәлелдеу. Сонымен бірге, Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы өзіне дейінгі ірі тарихи кезеңдермен, мемлекеттермен және өркениеттермен сабақтас құбылыс; - өркениеттік – қазіргі заман адамзат баласының дамуын постмодернистік, техногендік өркениетке бастайды. XIX-XX ғасырлардан басталған бұл құбылыс бізге де өз әсерін тигізуде. Әлемдік өркениет факторын есепке алмай Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды тарихын жазу мүмкін емес; - жүйелілік – адамзат қоғамы тұтас жүйе. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы осы жүйенің құрамдас бөлігі. Сондықтан ұлттық-мемлекеттік тарихты оқытуда жүйелі-құрылымдық ұстанымды пайдалану қажет. Тарихтың фактісіз жазылмайтындығы белгілі. Тарих ғылымының дәстүрлі деректемелік негізі әр қырлы археологиялық, этнологиялық, фольклорлық және өзге де материалдардан тұрады. Тарихшылар кітапхана қорлары мен мұрағаттарда сақталған көптеген деректерді қолданады. Тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан тарихының деректемелік негізін археологиялық қазба жұмыстарының материалдары, антикалық, ортағасырлық – батыс, парсы, араб, орыс, қытай, моңғол және өзге де тарихшы-жылнамашылардың еңбектері, мұрағат құжаттары құрайды. Қазақстан тарихына кеңестік кезеңдегі түрлі құжаттық деректер де өзіндік үлесін қосады. Алайда, сол он жылдықтардың идеологиялық ізін де ескерген орынды. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде қоғамдағы саяси, әлеуметтік – экономикалық және рухани өзгерістерді бейнелейтін негізі деректер, құжаттар мен материалдар: Республиканың басым бағыттары мен даму нәтижесін, мақсат- міндеттерін айқындайтын мемлекет басшысының жарғылары, жолдаулары, баяндамалары, сөйлеген сөздері; Парламент тарапынан қабылданған заңнамалық құжаттар; Еліміздің ішкі және сыртқы дамуын, Қазақстан дамуының саяси-өңірлік, әлеуметтік – экономикалық қырларын нақтылайтын үкіметтік қаулылар мен құжаттар; Атқарушы биліктің орталық және өңірлік органдарының құжаттары, түрлі деңгейдегі мәжілістер материалдары; Азаматтық қоғам институттарын, саяси партиялардың, шетел сарапшыларыныңұстанымдарын бейнелейтін материалдар; Тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысқан тұлғалардың естеліктері; Әлеуметтанулық сауалнамалар материалдары мен статистика мәліметтері; Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша қазақстандық және шетел ғалымдарының тұжырымдамалық және іргелі еңбектері; Мерзімді басылым материалдары; Өзекті мәселе бойынша интернет-қорлары. Тәуелсіз Қазақстан тарихын жазуға негіз болатын құжаттық негізін заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар құрайды. Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңы» (1991 жыл), 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының Конституциясы», ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан - 2030: барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» (Алматы, 1997) және Елбасының басқа да Жолдауларын атаймыз. Заңнамалық актілер мен стратегиялық құжаттар Тәуелсіз Қазақстанның негізін салып, оның болашақ даму қырларын анықтап,елдегі іргелі өзгерістерге жол ашты. Мемлекеттік стратегияны талдауда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері маңызды болып табылады. Өйткені, Елбасы еңбектерінде мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ішкі және сыртқы саяси жағдайлар туралы, тәуелсіздіктің қалыптасу үрдісіндегі мәселелер, табыстар мен қиыншылықтар туралы толық ақпарат беріледі. Президент еңбектерінің өзектілігі, оның тарихи үрдістің қарапайым ғана қатысушы емес, КСРО – ның ыдырауы және тәуелсіздіктің қалыптасуы кезінде, қазіргі уақытта да маңызды шешім қабылдаған саясаткер екендігімен түйінделеді. Елбасы еңбектері тарихи фактілерге толы ғана емес, сонымен бірге талдау негізінде әрі жан-жақты сипатта жазылған. Оларда 1980 жылдардағы кеңестік қоғамның дағдарысы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу үрдісі, экономикалық реформалардың жүргізілуі мен мемлекеттік-саяси жүйенің дамуы зерделенеді. Қазақстан экономикасын жаңғырту (модернизация) бойынша берілген деректер ішінен заң күші бар және экономикалық дамуды жандандырған Елбасының жарғылары, Қазақстан халқына Жолдауы және мемлекет басшысының ірі халықаралық форумдар мен кеңестерде сөйлеген сөздерін атауымыз қажет. Сонымен бірге Республикада мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру сияқты аса күрделі, қарама – қайшылығы мол мәселеге қатысты кейбір оқиғалар мен үрдістер құжаттық деректерде жеткіліксіз берілген, сонымен қатар аналитикалық материалдар мен публицистикалық мақалалар саны да мардымсыз. Осыдан келіп реформалар барысын, елдің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіші ретіндегі статистикалық мәліметтерді талдаудың маңыздылығын айта кетуіміз де керек. Қазақстан тарихын зерттеудің бай дәстүрі бар. М.Х. Дулати, Қ.Жалайыр, Қ. Халиди, Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Бөкейханов және т.б. ғалымдар мен ойшылдар Отан тарихының күрделі мәселелерін шешуге сүбелі үлес қосты. Кеңестік жылдарда ұлттық тарихнама С.Асфендиаровтың, М. Тынышбаевтың, Х. Досмұхамедовтың, Е.Бекмахановтың, Ә. Марғұланның, Г. Дахшлейгердің, Р. Сүлейменовтың қаламынан шыққан толымды еңбектермен байыды. Ел тарихының жарқын беттері тәуелсіздік тұсында жазылғаны күмәнсіз. М. Қозыбаевтың, М.Асылбековтың, К. Нұрпейістің, К. Байпақовтың, В.Ф. Зайберттің, З. Самашевтің, Ж. Таймағамбетовтың, Т. Омарбековтың, М. Қойгелдінің, Ә. Төлеубаевтың, Қ. Атабаевтың және т.б. танымал ғалымдардың ізденістері арқасында ұлттық тарихтың ақтаңдақтары жойыла бастады. 1980 жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардағы оқиғалардың куәсі болған мемлекеттік және саяси қайраткерлердің мемуарлары деректемелік негізді толықтырып, жүріп өткен жолымыздың қиыншылықтары мен жетістіктерін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді. Жаңа жүйеге, жаңа құндылықтарға өту оңайға түспеді. Бодандықтан мойны босап, тәуелсіз мемлекетін жаңғырту үшін күрескен қазақ елінің ішкі рухында, жан дүниесінде күрделі өзгерістер болды. Естеліктерден тарихи дәуірдің ерекшеліктерін, әсіресе сол бір уақыт ауыртпалығын арқалаған адамдардың әлеуметтік сезімдерін толық зерделеуге мүмкіндік аламыз. Шет ел саясаттанушыларының, тәуелсіз сарапшылардың талдауға негізделген материалдары да белгілі дәрежеде маңызды. Олардың талдаулары негізінде қоғамның барлық саласындағы үрдістерді: барлық деңгейдегі сайлаулар, саяси көшбасшылар мен партиялар қызметін бағалау, елді экономикалық реформалау мазмұнын терең әрі жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Алайда, осы тектес материалдарды зерделеу барысында авторлардың ұстанымын ескеру қажет. Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу енді-енді өріс ала бастады. Сондықтан деректердің бар жиынтығы негізінде жан-жақты талдап, Қазақстанның жүріп өткен жолын саяси, экономикалық, әлеуметтік – мәдени, халықаралық, демек барлық қырынан зерттейтін толыққанды, көп жоспарлы ғылыми тарихнаманы жасау – тарих ғылымының өзекті міндеті болып табылады. Өткен жылдар тарихынан сыр шертетін еңбектер жарық көргенімен, әлі де қомақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отырғандығы шындық. Тәуелсіз Қазақстан тарихының зерттелу жағдайының ерекшеліктері ескеріле отырып, қолдарыңыздағы оқулықта пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі берілді. Осылайша, қазіргі Қазақстан тарихын бүгінгі күні тарихшылармен қатар әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың да ғылыми ізденістерінің басым бағыттары болып отыр. Дегенмен, тәуелсіздік тарихы тек қана саяси және әлеуметтік-экономикалық саладағы өзгерістермен шектеліп қалмайды. Әлеуметтік өзгерістер мен саяси іс-шаралар теңіздің бетіндегі көзге көрініп тұрған толқын болса, тарихи үдеріс – теңіздің түбіндегі қозғалыстар. Өз заманында Асан Қайғы «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады», - деген еді. Ой түбінде жатқан сөзді оқырманға жеткізу тарихшылардың міндеті. Өкінішке орай, тәуелсіздік кезеңінің тарихы бойынша зерттеу жұмыстары жеткіліксіз және жаңа мемлекет құрылысының көптеген қырлары тыңғылықты зерттеуді талап етеді. Тарихнаманың маңызды арқауы Қазақстан республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік қызметі, әсіресе жаңа Қазақстанның жаңа астанасы Астананы салдыруы болып табылады. Қазақстанның жаңа астанасы туралы Елбасының «Еуразия жүрегінде» (Алматы, 2005) еңбегінде астананы ауыстырудың негіздері, мемлекеттің дамуындағы ел астанасының мәні терең ашылып көрсетіледі. Осы орайда ғылыми, публицистикалық және құжаттық шығармалар қатарындағы төмендегідей кітаптарды айтуға болады: Н. Ә.Назарбаевтың «Халыққа арнау» (2007), «Ел басы мәртебесі – ел мәртебесі»(2007), «Қазақстан. Жаңа асулар жылы 2002» (2003), М. Касымбеков «Становление института президентства в Республике Казахстан» (2000), «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (2005), Ж. Сааданбеков «Нурсултан Назарбаев. Законы лидерства» (2005), «Қазақстан. Тәуелсіздіктің 15 жылы»(2006), «Қазақстан әлемнің тоғызыншы мекені»(2007), О.Видова «Нурсултан Назарбаев: портрет человека и политика» (1998), «Бәйтерек» (2003), А. Джаксыбеков «Так начиналась Астана» (2008) т.б. Халықаралық қатынастар тарихнамасында Қ. Тоқаевтың«Беласу. Дипломатиялық очерктер» (2003), «Под стягом независимости. Очерки о внешней политике» (1997); «Дипломатия Республики Казахстан» (2002), «Нұр мен көлеңке» (2008), Т.Мансұровтың «Казахстанско-российские отношения в эпоху перемен» (2001) зерттеулері ерекше орынды иеленеді. Саяси тарих бойынша әдебиеттер қатарынан - К. Бұрхановтың, Б. Сұлтановтың, Б. Аяғанның «Современная политическая история Казахстана 1985-2006 гг.» (2006) еңбектерін атауға болады. Қазіргі Қазақстан тарихын түсінуде төмендегідей нақтылы – тарихы мәні зор еңбектер де бар:М. Қозыбаев «Ұлт және өркениет» (2001), К.Султанов «Время перемен» (2005); М. Жолдасбеков «Ел тағдыры - ер тағдыры» (1997); Ғ. Есім «Саяси философия» (2006), Х. Әбжанов «Қазақстан: тарих, тұлға, теория» (2006), Р. Калиева «Республика Казахстан и современный мир» (2000), Т. Омарбеков «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері.» (2003), И. Агеев және т.б. «Стратегическая матрица» (2006), Р. Медведев «Нурсултан Назарбаев. Казахстанский прорыв и евразийский проект» (2008), А.С. Гурский «Твердая поступь страны» (2007), «Путь к лидерству: социально-экономические и политические реформы в Казахстане» (2007) және өзге де еңбектерде саяси-экономикалық, социомәдени, этникалық, өңірлік және ғаламдық мәселелер қарастырылады. Байқап отырғанымыздай, тәуелсіз Қазақстан тарихы тарихнамасын қорытындылауға әлі ерте. Қазіргі уақытта аталған тақырып төңірегінде салмақты және іргелі зерттеулер қолға алынуда. 4.Оқытудың техникалық құралдар слайдтар, презентациялар, электрондық оқулық 5.Лекцияның оқудың тәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: проблемалық оқыту технологиясы, дамыта оқыту технологиясы 6. Әртүрлі күрделілік деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) және оларды бағалаудағы ұпайлардың үлестірілуі (20 ұпайға дейін) 1-деңгейдің сұрақтары 1.«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәні қоғамдық тарихи сананы қалыптастырудағы маңызын жазыңыз . 2. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын Ұлы Дала тарихымен сабақтастығын айтып беріңіз. 3. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихын әлемдік тарихи үдерістер аясында сипаттап жазыңыз. 2-деңгейдің сұрақтары 1.Зияткерлік қоғамның жасампаз тұлғасын қалыптастырудағы тарих ғылымының алатын орынын көрсетіңіз . 2. Қазақстанның қазіргі ұлттық идеясының тарихи бастауларын білудің маңызын ашыңыз 3. Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихи деректері мен тарихнамасының талдануы туралы баяндаңыз. 3-деңгейдің сұрақтары 1. Отандық тарихты оқудың тұжырымдамалық негіздерін атап көрсетініз. 2. Қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасу үрдісінің басты бағыттарын ашып көрсетіңіз; 3. Отарлық қыспақпен тәуелсіздікті жоғалту барысындағы тарихи даму ерекшеліктерін дәйектеп көрсетіңіз; 7.БӨЖ және БОӨЖ тапсырмалары (30 ұпайға дейін): Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелерінің өзектілігі. 8.Пайдаланылатын әдебиеттер: Негізгі: 1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. – Астана, 2017 2. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4 кітап/ Т.Омарбеков, Б.С.Сайлан, А.Ш.Алтаев және т.б.. – Алматы, Қазақ университеті, 2016 4. Алан Барнард. Антропология тарихы мен теориясы [оқулық] / А. Барнард; ауд. Ж. Жұмашова, 2018. - 240 б. 5. Шваб К. Төртінші индустриялық революция [монография] / К. Шваб; ауд.: Н. Б. Ақыш, Л. Ә. Бимендиева, К. І. Матыжанов, 2018. - 198 б. 6. Қазақстан Республикасының тарихы. А., 2018 7. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы. А., 2018 8. Ұлы Дала тарихы: учебное пособие /Кан Г.В., Тугжанов Е.Л. – Астана: Zhasyl Orda, 2015. – 328 стр. 10. Артыкбаев Ж.О., Раздыков С.З. История Казахстана: Учебник. – Астана: Фолиант, 2015. – 344 с. 11. Сандыбаева А. Қазақстанның қазіргі заман тарихы. Оқу құрал. Түркістан, ХҚТУ, 2018. -128 б. Қосымша: 1.Мұхатова О. Қазақстан тарихының тарихнамасы: Оқу курсы. Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 246 б. 2. Сайлан, Б. С. Кеңестік Қазақстанның фашизмге қарсы күресі: жаңа көзқарастар мен ұстанымдар [Текст] : оқу құралы. - Алматы : Қазақ университеті, 2016. - 120 б. 3. Мекебаев, Т. Қ. Құмғанбаев Ж. Ж.. 1917 жылғы Ресейдегі ақпан төңкерісі және оның Қазақстанға әсері: оқу құралы. - Алматы : Қазақ университеті, 2017. - 140 б 4. Макашева К.Н., Губайдуллина М.Ш. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты. Алматы : Қазақ университеті, 2018. -446 б. WEB сайттар тізімі 1. e-history.kz 2. tarikh.kz |