медицина. 11Блім. Ерекше іс жргізу 54тарау. Есі дрыс емес адамдара медициналы сипаттаы мЖБрлеу шараларын олдану туралы
Скачать 102.5 Kb.
|
11-БӨЛІМ. ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУ 54-тарау. ЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС АДАМДАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ 509-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бойынша iс жүргiзу үшін негiздер 1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93-бабында көрсетілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есi дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған соң жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын дәрежеде психикасы бұзылып ауырған адамдарға қатысты iстер бойынша жүзеге асырылады. 2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының дерттi бұзылулары өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндірумен не өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндігімен байланысты болған жағдайда ғана тағайындалады. 3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен және осы тараудың ережелерiмен айқындалады. 510-бап. Дәлелденуге жататын мән-жайлар 1. Осы Кодекстiң 509-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi. 2. Алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде мынадай мән-жайлар анықталуға тиiс: 1) жасалған іс-әрекеттiң уақыты, орны, тәсiлі мен басқа да мән-жайлары; 2) осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасағаны; 3) іс-әрекетпен келтiрiлген залалдың сипаты мен мөлшерi; 4) қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған адамның оны жасағанға дейiнгi, сондай-ақ одан кейiнгi мінез-құлқы; 5) осы адамда бұдан бұрын психикасының бұзылуы болған-болмағаны, қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасау кезiнде немесе iстi қарау кезiнде психикалық ауыру дәрежесi мен сипаты. 511-бап. Қауiпсiздiк шаралары 1. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi жасаған және психикалық аурулардан зардап шегетін адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды. 2. Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады: 1) денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, ауруды туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру; 2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру. 512-бап. Туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауда ұстауына беру 1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган психикалық ауру фактісін анықтаған кезден бастап осы адамға бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын қолданудың күшін жояды және оған қауіпсіздік шараларын қолдану туралы қаулы шығарады. 2. Егер ауырған адам өзі және айналасындағылар үшін қауіп төндірмесе, ол денсаулық сақтау органдарын хабардар ете отырып, туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының келісімі бойынша олардың қарауда ұстауына берiлуi мүмкiн. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдар ауырған адамды қарауда ұстауды жүзеге асырудан бас тартқан кезде не осы Кодекстің 513-бабында көзделген жағдайларда, ауырған адамға қатысты медициналық ұйымға орналастыру түрінде қауіпсіздік шарасы қолданылуы мүмкін. 513-бап. Мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыру 1. Істі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның адамға қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттігіне байланысты адамды медициналық ұйымға орналастыру туралы прокурормен келісілген өтінішхатын шешім қабылдайтын тергеу судьясы қарайды. 2. Тергеу судьясы ауру сипатын, адамның өзі немесе айналасындағы адамдар үшін қауіптілігін, сарапшы-психиатрдың ұсынымдарын ескере отырып, шешім қабылдайды және өтінішхатты қанағаттандырған кезде қаулыда өзіне қатысты осы қауіпсіздік шарасы қолданылған адам орналастырылатын, психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйымның түрін, сондай-ақ бұрын қолданылған бұлтартпау шарасының күшін жою туралы көрсетеді. 3. Медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы бүкіл сотқа дейінгі іс жүргізу бойында, бірақ бір айдан аспай сақталады, содан соң оны қолдану мерзімін тергеу судьясы прокурордың өтінішхаты бойынша бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін не оның күшін жоюы мүмкін. Сот талқылауы барысында осы қауіпсіздік шарасы соттың қылмыстық істі қарау бойынша шығарылған, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулысы заңды күшіне енгенге дейін сақталады. 4. Егер сот қылмыстық ісі қаралып жатқан адамға қатысты істі қарау кезінде адамды медициналық ұйымға орналастыру түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы етсе, адам көрсетілген ұйымға түскен бойда қауіпсіздік шарасының күші жойылады. Егер сот тұрғылықты жері бойынша психиатрдың байқауында болу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы не медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолданбау туралы қаулы шығарса, ол сонымен бір мезгілде қауіпсіздік шарасының күшін жояды. Медициналық ұйымда жатқан адам осы қауіпсіздік шарасының күші жойылған кезде стационардан дереу шығарылады. 514-бап. Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасының бұзылуымен ауырған адамға қатысты iстi бөлiп шығару Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сыбайлас қатысушылардың бiрiнің іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейін психикасының бұзылуымен ауырғаны анықталатын болса, оған қатысты iс жеке iс жүргiзуге бөліп шығарылуы мүмкiн. 515-бап. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның құқықтары 1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адам, егер сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша бұған оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесi кедергi келтiрмейтiн болса: 1) өзiнің қандай іс-әрекет жасауда айыпталып жатқанын бiлуге; 2) түсiнiктемелер беруге; 3) дәлелдемелер ұсынуға; 4) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге; 5) өзiнiң ана тiлiнде немесе бiлетiн тiлiнде түсiнiсуге; 6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; 7) қорғаушысының болуына және онымен оңаша және құпия кездесуге; 8) өзінің өтiнiшхаты немесе қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттеріне тергеушiнiң рұқсатымен қатысуға; 9) осы әрекеттердің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге; 10) сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; 11) алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәліметті кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға; 12) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның, прокурор мен соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге; 13) қылмыстық істі тоқтату туралы немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға құқылы. Iстi сот талқылауында көрсетілген адамның дәлелдемелердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге; соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша келтірілген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамға тергеушi оның құқықтарын түсiндiруге және олардың тiзбесiн жазбаша түрде табыс етуге мiндеттi. Соттың талқылауында құқықтардың түсiндiрiлгенi туралы сот отырысының хаттамасында белгi жасалады. 516-бап. Заңды өкiлдiң қатысуы 1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның жақын туысы немесе өзге де адам осы адамның заңды өкiлi болып танылады және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша не соттың қаулысы бойынша iске қатысуға тартылады. 2. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiліп жатқан адамның заңды өкілінің сотқа қатысуы міндетті болып табылады. 3. Заңды өкiлдің: 1) өзi өкiлi болып отырған адамның қылмыстық заңда тыйым салынған қандай іс-әрекеттi жасауда айыпталып жатқанын бiлуге; 2) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге; 3) дәлелдемелер ұсынуға; 4) өзінің немесе қорғаушының өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлетiн тергеп-тексеру әрекеттеріне сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға; 5) өзi қатысқан тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертулер жасауға; 6) алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға; 7) қылмыстық iстi тоқтату немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға; 8) сот талқылауына қатысуға; 9) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар келтіруге; 10) соттың қаулысына шағым жасауға және шағым жасалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; 11) iс бойынша келтiрiлген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге; 12) мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды сотта қарауға қатысуға құқығы бар. 4. Заңды өкiлге құқықтарының түсiндiрiлгенi туралы хаттама жасалады. 517-бап. Қорғаушының қатысуы 1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзуге қорғаушының қатысуы, егер қорғаушы бұдан бұрын iске өзге негiздер бойынша араласпаған болса, өзiне қатысты iс жүргiзiлiп отырған адамның есiнiң дұрыс еместігі немесе психикасының бұзылуы фактiсi анықталған кезден бастап мiндеттi болып табылады. 2. Iске араласқан кезден бастап қорғаушының, егер бұған қорғалушының денсаулық жағдайы кедергi келтiрмейтiн болса, қорғауындағы адаммен оңаша кездесуге құқығы бар, сондай-ақ осы Кодекстiң 66-бабында көзделген басқа да барлық құқықтарды пайдаланады. 518-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы 1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн: 1) осы Кодекстің 35-бабында және 288-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, сондай-ақ психикасының дертті бұзылуы өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндірумен не өзге елеулі зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты болмағанда – iс жүргiзудегі істі тоқтату туралы; 2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулы шығарады. 2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам істi тоқтату туралы немесе iстi сотқа жiберу туралы, егер өзiне қатысты алдын ала тергеу жүргiзiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша тергеу әрекеттеріне қатысуға қабiлеттi болса, осы адамға, оның заңды өкiлiне және қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге хабарлайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процестiң аталған қатысушыларына олардың iс материалдарымен танысу құқығын түсiндiредi және бұл құқығын олардың қайда және қашан пайдалана алатынын хабарлайды. Iспен танысудың, тергеп-тексерудi толықтыру туралы арыздар мен оларды шешудің тәртiбi осы Кодекстiң 295 – 297-баптарында айқындалады. 3. Iстi тоқтату туралы қаулы осы Кодекстiң 288-бабының қағидалары бойынша шығарылады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн істі сотқа жiберу туралы қаулыда осы Кодекстiң 510-бабында көрсетiлген және iс бойынша белгіленген мән-жайлар; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiздер; егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негiздерге дау айтылған болса, оларды айтатын қорғаушы мен басқа адамдардың дәлелдері жазылуға тиiс. 4. Істі сотқа жіберу туралы қаулыға қосымша осы Кодекстің 299-бабы жетінші бөлігінің қағидалары бойынша жасалады. 5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам істi сотқа жiберу туралы қаулымен бірге прокурорға береді, ол істі зерделеп, мына шешімдердің бірін қабылдайды: 1) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін iстi сотқа жiбередi; 2) iстi қосымша тергеп-тексеру жүргiзу үшiн қайтарады; 3) осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайларда істі тоқтатады. 6. Істі тоқтату туралы не істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесi процеске қатысушыларға жіберіледі және өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізу жүзеге асырылып жатқан адамға және оның заңды өкіліне табыс етіледі. 519-бап. Сотта іс жүргізу 1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді аудандық немесе оған теңестірілген соттың судьясы қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, есі дұрыс емес адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне, қаулысына берілген апелляциялық шағымдар немесе наразылық бойынша қылмыстық істі қараған кезде қарауы мүмкін. 2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы іс сотқа келіп түскеннен кейін судья оны осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша сот отырысында қарауға тағайындайды. 3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау кезінде соттың құрамы осы Кодекстің 52-бабына сәйкес айқындалады. 520-бап. Iс бойынша шешiм қабылдау кезiнде сот шешетiн мәселелер 1. Iстi сотта талқылау процесiнде мынадай мәселелер: 1) қылмыстық заңда көзделген іс-әрекеттің орын алғаны-алмағаны; 2) iсi қаралып отырған адамның іс-әрекетті жасағаны-жасамағаны; 3) iсi қаралып отырған адамның іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасағаны-жасамағаны; 4) осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтындай психикасының бұзылуымен ауырғаны-ауырмағаны; 5) адамның психикасының дерттi бұзылуы оның өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiн туғызатыны-туғызбайтыны; 6) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылатыны зерттелуге және шешiлуге тиiс. 2. Сот осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 10), 11) және 12) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi де шешедi. 521-бап. Соттың қаулысы 1. Сот қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттi осы адамның есi дұрыс емес күйде жасағаны немесе осы адамның қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын психикасының бұзылуымен ауырғаны дәлелдендi деп танып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 16 және 75-баптарына сәйкес осы адамды тиiсiнше қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы және оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын және оның нақты қайсысын қолдану туралы қаулы шығарады. 2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша қауiп төндірмейтін болса, сот iстi тоқтату туралы және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы қаулы шығарады. 3. Сот осы адамның іс-әрекеттi жасауға қатысқаны дәлелденген жоқ деп таныған, сол сияқты осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11) және 12) тармақтарында, 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар белгіленген кезде, сот өзi белгілеген негiз бойынша адамда аурудың болуына және оның сипатына қарамастан iстi тоқтату туралы қаулы шығарады. 4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iс тоқтатылған кезде, сот қаулысының көшiрмесi психиатриялық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу немесе психоневрологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн бес тәулік ішінде денсаулық сақтау органдарына жiберіледi. 5. Сот өзі туралы іс қаралып жатқан адамның психикасының бұзылуы белгіленбеген немесе қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған адамның ауруы оған жазалау шараларын қолдануды жоққа шығармайды деп тани отырып, өзiнiң қаулысымен iстi жалпы тәртіппен тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін прокурорға жібереді. 6. Соттың қаулысында осы Кодекстiң 401-бабында көрсетiлген мәселелер шешiледi. 522-бап. Соттың қаулысына шағым жасау және наразылық білдіру 1. Қорғаушы, жәбірленуші және оның өкілі, өзі туралы іс қаралып жатқан адамның заңды өкілі немесе жақын туысы аудандық және оған теңестірілген соттың қаулысына – осы Кодекстің 48-тарауында көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен, ал осы Кодекстің 439-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына – кассациялық сатыға шағым жасауы, сондай-ақ прокурор наразылық білдіруі мүмкін. Осы Кодекстің 515-бабына сәйкес өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам істі сотта талқылауға қатысқан жағдайда, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауырлық дәрежесі бұған кедергі келтірмесе, соттың қаулысына шағым жасауға құқылы. 2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстің 51-тарауында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі. 523-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту және ұзарту 1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселелердi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-бабында көзделген тәртiппен қарайды, ал егер мәжбүрлеу шараларын қолдану осы соттың қызмет аумағынан тыс жерде жүзеге асырылса, оларды осы шараны қолдану орны бойынша тиісті сот қарайды. 2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. 3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң ұсынуы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысып отырған адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән туғызатын болса, сот отырысқа қатысып отырған адамдардың өтiнiшхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындауы, қосымша құжаттарды талап етіп алдыруы, сондай-ақ егер бұл өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту туралы мәселе шешiлiп отырған адамның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, одан жауап алуы мүмкін. 4. Сот адамның психикалық жай-күйi бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын жағдайда болғанда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi ұзартады. 5. Сот кеңесу бөлмесiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе ұзарту, сол сияқты оны тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы қаулы шығарады және оны сот отырысында жария етеді. Соттың қаулысы процеске қатысушылардың шағымдары бойынша не прокурордың наразылығы бойынша апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін. 524-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамға қатысты қылмыстық iстi қайта бастау 1. Егер қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасағаннан кейiн психикасы бұзылып ауруының салдарынан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды психиатр дәрiгерлер комиссиясы сауыққан деп таныса, онда сот мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын медициналық ұйым қорытындысының негiзiнде осы Кодекстiң 476-бабының 14) тармағына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдануды тоқтату туралы қаулы шығарады және адамды жалпы тәртіппен қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін iстi прокурорға жібереді. Егер медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының күші жазаны толық өтемеген сотталған адамның сауығуына байланысты жойылған болса, сот бұл кезде айыптау үкімін орындаудың ескіру мерзімі өтіп кетпесе, осы адамның жазаның қалған бөлігін өтеуін қайта бастау үшін қаулының көшірмесін жазаны орындайтын мекемеге немесе органға жібереді. 2. Медициналық ұйымда өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. |