лекция. 11 тема.15 апта. 11Блім. Ксіпкерді жауапкершілігі 11. 1 Ксіпкерді жауапкершілігі Ксіпкер кімні алдында жауапты
Скачать 22.59 Kb.
|
11-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ 11.1 Кәсіпкердің жауапкершілігі Кәсіпкер кімнің алдында жауапты 1-тапсырма Кәсіпкер жауапкершілігінің қандай түрлері барын талқыламас бұрын кәсіпкерлер кімнің алдында және не үшін жауапты болатыны жайында ойланыңыз және атап көрсетіңіз. Бұл тапсырманың басты мазмұны – білім алушыларға кәсіпкерліктің қоғамға, тұтынушыларға, қызметкерлерге, мемлекетке тигізер ықпалының дәрежесі жайында ойлану және оны түсіну мүмкіндігін беру. Білім алушылардың идеясының неғұрлым көп болғаны дұрыс. Бұл тапсырманы ойын түрінде өткізсеңіз болады немесе білім алушылардың ұсынған нұсқаларының барлығын ауызша немесе тақтада жазбаша қорытындылауға болады. Жауапкершілік дегеніміз – уағдаластықтарды орындау және басқа компаниялар, клиенттер, компанияның қызметкерлері, мемлекет және жалпы қоғам сияқты бизнеспен өзара байланыс жасайтындардың барлығының құқықтарын сақтау міндеті. Кәсіпкерлер өзінің алуан түрлі міндеттерін орындауға барынша жауапкершілікпен қарауға тиіс: 1. Басқа компаниялардың алдында. Егер бизнесмен шарт жасасып, өзіне тауарды көрсетілген мерзімде жеткізу туралы міндет алса, ол барлық шарттарды орындауы керек: тауардың тиісті сапасы, саны болуы керек және басқа тарап оны келісілген мерзімде алуы керек. Ол басқа компанияның құпия ақпаратын өзге компанияларға жария етпеуі керек және т.б.. Қорыта айтқанда, кәсіпкер басқа компаниялармен, әдетте, шарттарда баяндалатын барлық уағдаластықтарды сақтауға тиіс.Бұл жағдайда барлық шартқа қатысушылар басқа тауарды, басқа мерзімде (бұл өздеріне керекті тауарды белгілі бір уақытта сатып ала алмайтын клиенттерге әсер етеді), басқа ережелермен алу тәуекелінсіз өз қызметімен айналыса алады. Бұл нарықтағы барлық компанияға барынша тиімді жұмыс жасауға және басқа тараптардың өз міндеттемелерін орындамауы салдарынан шығындарды көтеру тәуекелінсіз өз қызметін жасауға көмектеседі. Мысалы, сіз киім сатасыз. Ал әріптесіңіз – тігін фабрикасының иесі – белгілі бір уақытта белгілі бір киім жинағын тігіп беруге уәде берген еді. Сіз сол уақытта өтіп жатқан көрмеден орын сатып алдыңыз, алайда әріптесіңіз өзінің міндеттемелерін орындамаған және белгіленген уақытта киімді тігіп үлгермеген. Сіз шығынға ұшырадыңыз: орынға төлеп қойдыңыз, жұмысқа сатушы алдыңыз, одан басқа өніміңіз сатылғанда алуға болатын кірістен айрылдыңыз. Егер компаниялар бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті сақтағанда, кәсіпкерлікті жүргізу оңайлау, тиімдірек әрі табысы молырақ болушы еді. 2. Тұтынушылардың алдында. Тұтынушылар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеген соң сапалы өнім мен сервисті алуға тиісті. Ал кәсіпкердің жауапкершілігі – бұған көз жеткізу. Сондықтан ол сапасыз материалдарды қолданбауы керек, азық-түліктің жарамдылық мерзімін, қызметкерлерінің жұмыс сапасын бақылауға алуы керек, өйткені компаниямен кез келген өзара байланыс – телефон қоңырауынан бастап сатқаннан кейін кепілдікпен қызмет көрсетуге дейін клиенттерге жағымды әсер қалдыруы қажет. Біз алуан түрлі игіліктер мен қызметтердің тұтынушылары болып табыламыз. Әрине, жаңа тауарды сатып алғаннан кейін оның дұрыс жұмыс істемейтінін немесе дұрыс жиналмағанын көру қуанарлық жағдай емес. Сондай-ақ компанияға қоңырау соғып, менеджердің дөрекі жауабын есту немесе жарамсыз тауарды сатқан фирмаға оны қайтару немесе басқасына алмастыру үшін барып, олардың бас тартқанына куә болуды ешкім де ұнатпайды. Клиенттер мұндай фирмалармен ерте ме, кеш пе өзара байланысын тоқтатады. Сондықтан клиенттердің алдында кәсіпкерліктің міндеттемелерін сақтау – екі тарапқа да өзара тиімді үдеріс. Кәсіпкер өзінің міндеттерін неғұрлым адал атқарса, елдегі бизнесі соғұрлым жақсара түседі (өйткені бәсекелестер өз клиенттерін жоғалтып алмау үшін саладағы ең үздік бизнестерді үлгі тұтуға мәжбүр болады) және наразы тұтынушылар болмайды. 3. Өз қызметкерлерінің алдында. Егер ешкімнің жұмыс істегісі келмесе, кез келген кәсіпкерлік құлдырайды. Қызметкерлері сол немесе басқа бизнесте жұмыс істеуді неғұрлым құрмет тұтатын кәсіптің өнімі, бизнес-үдерістері соғұрлым жақсарады, қызметкерлері өз міндеттерін адал және мұқият орындаған кезде кәсіпкердің де шығындары азаяды. Сондықтан қызметкерлерінің алдында өз міндеттерін сақтауға ол мүдделі: адал еңбекақыны уақытында төлеу, қажетті аударымдардың барлығын ресімдеу (зейнетақы, медициналық және т.б.), еңбек демалысын беру, еңбек етуге лайықты жағдай жасау (таза ауасы бар үлкен таза үй-жайда және т.б.). 4. Мемлекеттің алдында. Мемлекеттік бюджеттің негізгі бөлігін бизнесмендер төлейтін салықтар құрайды. Кейіннен дәл осы қаражатқа жолдар, мектептер, ауруханалар салынады, оқытушылар мен дәрігерлерге айлық төленеді, ғылым мен технология дамиды. Кәсіпкерлер мемлекеттің алдында өзінің міндеттерін адал атқарған кезде, елдегі жұрттың барлығына жасалатын жағдай да арта түседі. Өйткені кәсіпкерлер елдің қалған азаматтары сияқты мемлекеттің беретін бүкіл артықшылықтарын пайдаланады: саябақтары көп таза қалаларда өмір сүреді, жөнделген жолдармен жүреді, компьютермен жабдықталған мектепте балаларын оқытады және т.б. 5. Қоғамның алдында. Зауыттар өз қызметін жалғастыру үшін ауаны ластайтын көп отын жағады, нәтижесінде сол жердің барлық тұрғындары ластанған ауа жұтады. Сол себепті осындай зауыттың иесі тиісті салықтарды төлеумен қатар қоршаған ортаға аз зиян келтіретін өндіріс әдістерін ойластырып, енгізуі тиіс. Мысалы, күн батареяларын ішінара пайдалану, қоқысты тастамастан қайта өңдеу және т.б. Егер компания бір өңірде жұмыс істейтін болса, сол өңірдің тұрғындары компанияның негізгі жұмыс күшіне айналады. Сондықтан компания олардың өмір сүру деңгейі жақсарғанына мүдделі, себебі солай жақсы жұмыс істейтін болады. Сондықтан ірі компаниялар өздері жұмыс істеген жерде балабақшалар мен мектептер салады. Бұл олардың қызметіне тікелей қатысты болмағанымен, қызметкерлерінің өмірін айтарлықтай жақсартады, нәтижесінде болашақта компанияның табысты болуына үлесін қосады. Осындай жауапкершіліктің үлгісі деп «Аналар үйі» жобасын келтіруге болады. Айдын Рахимбаевтың («BI-Group» холдингінің басшысы) бастамасымен өмірде қиын жағдайға тап болған, жүктіліктің соңғы айларындағы және жаңа туған нәрестелері бар әйелдерге арналған орталықтар желісі құрылды. Қазақстан Республикасындағы жетім балалардың санын барынша азайту деген ниет еліміздің барлық өңірлерінде «Аналар үйі» деп аталатын үйі жоқ аналар үшін дағдарыстық орталықтардың ашылуына алып келді. Аналар үйлерінде бастапқыда өз баласынан бас тартуға және өміріндегі ең үлкен қателікті жасауға бел буған аналардың бәрін ойлануға, өз қатесін түсінуге, аналық бақытты сезінуге уақыты мен мүмкіндігі болады. «Аналар үйі» әлеуметтік жобасының идеясы үлкен қоғамдық резонанс тудырып, оған көптеген қазақстандық бизнесмендер қосылды. Олар жобаның демеушілеріне айналды. Сондай-ақ «BI-Group» холдингінің қызметкерлері «BI-Жұлдызай» қайырымдылық корпоративтік қорын – ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін оңалту орталықтарын ашқан. Холдингтің шамамен төрт мыңға жуық қызметкері осы жобаның демеушілері болып шықты. Әйтсе де кәсіпкерліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қоғамдық қорлар құру немесе қандай да бір нысандардың құрылысына, жөндеуге не ашуға қаражат аудару арқылы ғана көрініс таппайды. Тіпті шағын компаниялар да қоғам алдындағы өздерінің жауапкершілігін сезініп, оның дамуына үлес қоса алады. Олар тұтынушылардың ерекше тобына (зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға және т.б.) жеңілдіктер ұсына алады, оларға тегін кеңес берулер бере алады, жылына бір рет өз өнімінің бір бөлігін балалар үйлеріне немесе аз қамтылған отбасыларға тегін беруі мүмкін, жұмысқа мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алуы мүмкін. Осындай бастамаларды жасырмай, олар туралы әлеуметтік желілерде немесе компаниялардың корпоративтік сайттарында ашық айтудың маңызы зор. Біріншіден, тұтынушылар компания кірісінің бір бөлігі игі істерге жұмсалатынын біліп, бәсекелестердің емес, дәл осы компанияның өнімін көбірек сатып алатын болады. Қоғамда компанияның беделі артады. Екіншіден, басқа компаниялар оны өздеріне үлгі тұтады. Осылайша, уақыт өте келе Қазақстанда әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес және бизнесмендердің жетістіктерін мойындайтын қоғам қалыптасады. Кәсіпкерліктің қорларды ашуға немесе көмекке мұқтаж адамдарды іздеуге уақыты болмаған жағдайда, олар көмек қажет ететін адамдар туралы ақпараттарды қамтитын сайттарға өтініш айта алады. «Менің Атамекенім» ҚБ сайты (Atamekenim.kz) көмекке мұқтаж жандардың өтініштерін жариялайды, бұл ретте олардың жағдайы толық сипатталады және фотосуреттері бар. Кәсіпкерлер кімге көмектесетінін және бөлінетін соманы өздері таңдайды. Нәтижесінде, сайтта көмек көрсеткен компаниялар туралы ақпарат жарияланады, одан кейін бұл ақпарат басқа да ақпараттық ресурстарда және Қазнеттің әлеуметтік желілеріне шығады. Осылайша «Iron Plast Group» компаниясы «Менің Атамекенім» жобасы аясында алты баласы бар жалғызбасты анаға төрт бөлмелі үй тарту етті. Көптеген ірі бизнесмендер 2019 жылғы 24 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен шағын кәсіпкерлікке көмек көрсетті. 2-тапсырма Ал енді стартап жобаларыңызбен командаға бөлініңіздер. Әр команда өзі өмір сүріп жатқан қоғамға көрсете алатын көмектің кемінде 10 түрін ойлап табуы керек. Әрі қарай білім алушыларға кәсіпкерлер өз міндеттерін сақтамаған кезде орын алуы мүмкін жағдайлар туралы айтып бере аласыз. Бұларды қадағалайтын және мұндай міндеттемелердің сақталмауынан туындаған салдарларды жою үшін бақылаудың заң арқылы көзделген түрлі тәсілдері бар. Тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсiм) – борышқор мiндеттемесiн орындамаған кезде несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген қаражат сомасы. Нәтижесінде, кәсіпкер айыппұл төлеп, шығындарды өтеуге мәжбүр болады. Залал – сіз шартты бұзған кезде әріптесіңіздің көтеретін шығындары, сондай-ақ әріптесіңіз ала алатын, бірақ шарт бұзылған соң ала алмайтын кіріс. Кепіл – міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі. Сіз міндеттемелерді орындамаған ретте шығынға ұшырамайтынына сенімді болу үшін әріптес, банк немесе мемлекет пайда болуы мүмкін залалды өтей алатын кепілдің енгізуін талап ете алады. Мәселен, сіз банктен шағын зауыттың құрылысына несие алып жатырсыз. Кенеттен шығынға ұшырасаңыз ше? Онда банк сізге берген бүкіл қаражатынан айрылып қалады. Банк қауіп-қатерден сақтану үшін кепілге пәтеріңізді алады – егер несиеге алған қаражатты белгілі бір уақытта қайтып бере алмасаңыз, меншігіңіздегі пәтер банктің иелігіне өтеді және оның шығындарының орнын толтырады. Кепілдік – міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілі, оған сәйкес кепілгер (үшінші тарап) басқа тұлғаның кредиторы алдында міндеттемелердің орындалуына толықтай немесе бір бөлігіне жауап беруге міндеттенеді. Мәселен, сіз жаңа зауыт салғыңыз келеді, бірақ банк қаражатты қайтып бере алатындығыңызға күмәнданады. Онда кепілгеріңіз ретінде несиелік тарихы жақсы әріптесіңіз немесе басқа фирма бола алады (бұрындары кредит алған және оны мерзімінде қайтып берген, демек банк оған сенеді). Егер сіз несиені өзіңіз қайтып бере алмасаңыз, осындай кепілгер сіздің міндеттемелеріңізді орындауға міндеттенеді. Банк кепілдігі – жазбаша міндеттеме. Ол бойынша банк кепілдік берушінің өзге несиелік немесе сақтандыру ұйымы (кепілдік беруші) принципиалды кредиторға (бенифициарға) беретін міндеттемесінің шарттарына сәйкес бенифициар оны төлеу туралы жазбаша талапты ұсынған кезде қаражат сомасын төлеуге міндетті. Мәселен, сіз тауар сатып алғыңыз келеді, бірақ бұған қаражатыңыз жетпей жатыр. Несиеге сатып алынған тауарды сатқаннан кейін өзіңіз төлей алмасаңыз, банк кепілдік беруші ретінде әріптеске қарыздарыңызды төлеу туралы уәде бере алады. Бұл ретте, сіз банкке оның кепілдік беруші болғаны үшінсыйақы төлейсіз. Кепілақы – шарт бойынша уағдаласушы тараптардың бірiнiң өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн қаражат сомасы. Мысалы, сіз құжаттарды аудару үшін аударма агенттігіне бердіңіз. Қызмет ақысын төлеген соң аударманы келісілген уақытта алатыныңызға сенімді болғыңыз келеді. Агенттік те өзі жасайтын аударманың қаражатын алатынына сенімді болғысы келеді. Сондықтан сіз агенттікке аударманың толық ақысын емес, ал тек бөлігін ғана төлейсіз, яғни кепілақы қалдырасыз. Агенттік осылайша сіздің бәсекелестерге кетіп қалмайтындығыңызға және атқарылған жұмыстың толық ақысын алатындығына сенімді болады. Ал сіз жұмыстың орындалатынына сенімді боласыз, өйткені агенттік қалған соманы алуға ниетті болады. Кәсіпкерлікті дамыту сатылары Тарих белестерінде кәсіпкерліктің бірнеше даму сатыларынан өткені белгілі. Алғашқы төрт сатыны айтпай-ақ, кәсіпкерліктің соңғы бірнеше ғасыр бойы қалай дамығанына назар аударайық. Бәсекелес немесе қызғылт сары саты. Қызғылт сары ұйымдар Қайта өрлеу дәуірінде пайда болып, екі ғасыр бұрын күш жинады. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс әлемінде басымдыққа ие болды. «Қызғылт сары» көзқарас бойынша әрбір адамның кез келген мақсатқа қол жеткізуге құқығы бар: жинап тазалаушы – бас директор, қайыршы – миллионер бола алады. Ең бастысы – қызметкерлердің арасындағы ішкі күрес болсын, сыртқы күрес болсын, бәсекелес күресте жеңімпаз болу. Компанияның мақсаты – табыс табу. Құрылымында нақты иерархия қалыптасқан. Жоспарлардың орындалуы мен жүзеге асырылуы бөлінген: жоғарыда – жоспарланады, төменде – орындалады. Басшы шешім қабылдайды, ол төмен қарай басқа деңгейге беріледі және нәтижесінде тапсырма төменгі буынның орындаушысына дейін жетеді. Компанияда ішкі ережелер жиынтығы бар. Осы сатыда құрылым қатаң болғанымен, жаңашылдық қабылданады, жеке жауапкершілік пен қызметтік баспалдақпен өсу мақұлданады. Табыстың өлшемі – материалдық әл-ауқат. Көптеген ірі халықаралық компаниялар осы уақытқа дейін қызғылт сары қағидат бойынша құрылған. Плюралистік немесе жасыл саты. Жасыл ұйымдар XIX және XX ғасырлардыңтоғысында пайда болды. Сол уақытта адамдар Өнеркәсіптік төңкерістен кейін туындаған теңсіздікпен күресуге тырысты, ал 1960 жылдары коммуналарды құрды. Жасыл ұйымдарда жұрт бір-біріне құрметпен қарайды, қамқорлық жасайды. Адамдар әділдікке, теңдікке, үйлесімге, татулыққа және ымыраға келуге ұмтылады. Жасыл ұйымдар үшін топтың ішіндегі жеке қарым-қатынастар нәтижеден бағалы, ал жеке басының табысынан ғаламшар мен адамзат үшін табысы маңыздырақ. Жасыл компаниялар болашақ компаниялардың орнына үміттенді. Дегенмен ойлары іске аспай қалды – бұл ұйымдар таза күйінде қызмет ете алмайды. Бәсекелестерді жеңу сияқты компанияның мақсаттарынан ұжым ішіндегі жеке қарым-қатынастар жоғары тұрды. Осылайша алғашқы көгілдір ақық (зүбәржат) ұйымдар пайда болды. Көгілдір ақық (Зүбәржат) ұйымдар қызғылт сары мен жасыл компаниялардың ең үздік қызметтерін алды. Қызғылт сарылардан сыртқы компаниялармен бәсекелестікке түсу деген ниеттерін, ал жасылдардан – команда болуға ұмтылысын алды. Болашақ ұйымның ең басты белгісі – өзін-өзі басқару, дегенмен бұл қызметкерлер ойына келгенін істейді деген сөз емес. Бұл –бақылауда болатын өзін-өзі басқару. Өзін-өзі басқаратын командаларда басшы – үстіңізден қарап тұратын сақшы емес, ол – тәлімгер.Ол жұмысты бақыламайды, ол оқытады және ұсыныстар береді. Жоспарлау мен бюджеттеудің орнына көгілдір ақық (зүбәржат) командалар ішкі кеңестерге құлақ түреді, бұл кеңес беруге бүкіл команда қатысады. Сіз болашақта жеке кәсіпкер болған кезіңізде қандай компания ұйымдастыратыныңызды өзіңіз таңдайсыз. Ең бастысы, бизнесте әріптестерінің, клиенттерінің, қызметкерлерінің, мемлекет пен қоғамның алдындағы өзінің міндеттемелеріне неғұрлым жауапкершілікпен қараса, ол соғұрлым табысты болады. Болашақтағы компаниялар ынтымақтастық пен эмпатия принциптеріне (өзгелер үшін алаңдау) негізделген. Нәтижесінде кәсіпкерліктің пайдалы болуына (өйткені үдеріске қатысушылардың барлығына жұмысты адалдық пен теңдік қағидаларына негізделіп жүргізу ұнайды), қоғамның одан әрі дамуына алып келеді. |