Бастауыш сынып оқушыларына арналған ертегілер жинағы (1). А тышан мен нресте
Скачать 1.94 Mb.
|
Ақ тышқан мен нәресте Алыстағы бір ауылда жесір қалған жүкті әйел өзіне серік болсын деп таудағы жаралы ақ тышқанды (күзен) асырап алады. Ақ тышқан әйелдің қасынан бір сәтте де айырылмапты. Қаншалықты үй жануары болмаса да, барынша тіл алғыш болады. Бірнеше ай өткен соң әйел босанады. Жалғыз басты әйел үшін барлық қиыншылықтарға төтеп беруге және баласын асырап бағуға тура келеді. Күндердің күнінде баласын үйіне тастап, біраз уақытқа сыртқа шығуына мәжбүр болады. Алайда үйде нәресте мен ақ тышқан қалады. Арада біраз уақыт өткен соң әйел үйіне оралады. Есіктің алдында аузы-басы қанға боялған ақ тышқанды көргенде зәр-иманы қалмай, аласұрып, ақ тышқанға бас салады. Сөйтіп, тышқанды өлтіріп тастайды. Дәл сол мезетте ішкі бөлмеден нәрестенің дауысы шығады. Анасы жүгіріп барып қараса, бөлменің ішінде бесікті, бесіктің ішіндегі нәрестені және нәрестенің қасында паршаланып жатқан жыланды көреді... “Адамдардың қате түсінігін бөлшектеу – менің атомды бөлшектеуімнен де қиын.” (Эйнштейн) Ұр,тоқпақ! Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір болыпты. Шал мен кемпір кедей болып, тұзақ құрып күнін көреді екен. Бір күні шал тұзағын келіп қараса, бір қаз түсіп қалыпты. Шал қазды тұзақтан босатып алып, бауыздайын десе, қаз шалға айтыпты: - Мені сен босат! Менен не сұрасаң соны бір жылдан кейін ал, - дейді. Шал мақұл көріп, қазды босатып қоя береді. Үйіне келіп, жаңағыны айтса, кемпірі шалға ұрсады. Шал: - Қой, сен түк білмейсің! - деп, сөзін тыңдамай, жүре береді. Бір жыл өтеді. Шал қазға бармақшы болады. Жүре-жүре бір жерге келсе, өңкей түйе жайылып жүр екен. Келіп түйешіден: - Бұл кімнің түйесі? - десе: - Бұл Қазбайдың түйесі, - дейді. «Бұл Қазбай - баяғы қаз екен», - деп шал ойланып тұрып, жүріп кетеді. Бір жерге келіп: - Бұл кімнің қойы? - деп, қойшыдан сұрайды. Қойшы: - Бұл Қазбайдың қойы, - дейді. Шал жаңағы қойшы баладан: - Шырағым, Қазбайдың бұдан басқа несі бар? - дейді. Бала шалға: - Қазбайдың үш жақсы нәрсесі бар. Біреуі: «Піс, қазаным, піс!» - десе, әр түрлі тамақ пісіп шығады, енді біреуі: «Құс, есегім құс!» десе, есегі алтын құсады, тағы біреуі: «Ұр, тоқпағым, ұр!» десе, адамдарды ұра береді, - дейді. - Мақұл, - деп шал жүріп кетеді. Шал Қазбайдың аулына келеді. Қазбай шалды күтіп алады. Шал Қазбайдан «Піс қазанын» сұрайды. Қазбай сұрағанын береді. Шал алып үйіне келе жатса, бір жерде асық ойнап жатқан балалар шалға: - Ата, асқа түсіңіз! - дейді. Шал асқа түседі. Үйге кіріп бара жатып, шал балаларға: - Шырақтарым! «Піс, қазаным, піс!» демеңдер, - дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң балалар тыңдасын ба: «Піс, қазаным, піс!» деп шулап қоя береді. Сүйдегенде, әр түрлі тамақ пісіп, даяр болады. Балалар қазанды айырбастап, алып қояды. Шал шығып қазанды үйіне алып барып: «Піс, қазаным, піс!» - десе, еш нәрсе піспейді. Шал қазанды алып, Қазбайдың үйіне қайта келеді. Қазбайға: - Бұдан еш нәрсе шықпады, - дейді. Қазбай қазанды алып: «Піс, қазаным, піс!» десе еш нәрсе шықпайды. Қазбай қазанды алып, шалға есекті беріп жібереді. Шал есекті алып үйіне қайтады. Жолда келе жатса, балалар шалға: - Ата, асқа түсіңіз! - дейді. Шал асты тастағысы келмей, есектен түседі. Үйге кіріп бара жатып балаларға: - Шырақтарым! «Құс, есегім, құс!» демеңдер, - дейді. Балалар: - Мақұл! - дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң-ақ балалар: «Құс, есегім, құс» десе, есек алтын құсады. Балалар есекті айырбастап, орнына басқа есек қояды. Шал есекті алып үйіне кетеді. Кемпір: - Қаздан барып алып келгенің осы ма? - дейді. Шал есекке: «Құс есегім, құс!» десе, есек еш нәрсе құспайды. Шал есекті алып, Қазбайға тағы қайта келеді. - Есектен еш нәрсе шықпайды, - дейді. Қазбай есекті алып: «Құс, есегім, алтын құс» десе, еш нәрсе құспайды. Шалға Қазбай «Ұр тоқпағын» береді. Шал «Ұр тоқпақты» алып келе жатса, баяғы жерде тағы да балалар жүр екен. Балалар шалға: - Ата, асқа түсіңіз! - дейді. Шал үйге кіріп бара жатып: - Шырақтарым! «Ұр, тоқпағым, ұр!» демеңдер, - дейді. Шал үйге кіріп кеткен соң, дәндеген балалар: «Ұр, тоқпағым, ұр!» - дейді. Тоқпақ балалардың әрқайсысын, ал кеп ұр! Ұрып жүр, ұрып жүр... Балалар тоқпаққа жалынады: «Ойбай, «Піс қазаныңды», «Құс есегіңді, берейік!» - дейді. Шал шығып келе жатып, естіп қояды. Шал келіп: - «Піс қазанды», «Құс есекті» бересіңдер ме? - дейді. Балалар: - Мақұл! Әкеліп береміз! - дейді. Шал «Ұр тоқпақты» қойғызады. Балалар «Піс қазанды», «Құс есекті» әкеліп береді. Шал «Піс қазанды», «Құс есекті», «Ұр тоқпақты» алып, үйіне келеді. Сөйтіп, мұратына жетеді. Қарттың ұлына өсиеті Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып: - Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же, - деп, өсиет айтыпты. Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт жарлы болады. Бір күні жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң, ол адам жанына отырады да жігітке: - Неғып отырсың? - дейді. Жігіт: - Жәй отырмын, - деп жауап береді. Шал: - Шыныңды айт! - деп қыса бастайды. Жігіт еш нәрсе айтпайды. Шал: - Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін, - дейді. Жігіт: - Менің атам бай адам еді, сол атамның өлер алдында айтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым, - дейді. Шал: - Қандай өсиет айтып еді? - дейді. Жігіт: - Әуелгі өсиеті: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал», - деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым. Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал», - деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же», - деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әр күні бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды, - дейді. Шал тұрып жігітке: - Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «Жұма сайын қыз ал» - дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің» - дегені. «Қала сайын үй сал» дегені: «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін» - дегені еді. «Ас ішсең бал же» - дегені: «Еңбек істеп ас ішсең, балдан тәтті болады» - дегені еді, - деп, қарт өз жөніне кетіпті. Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетіне сонда ғана түсініпті. Өнеге Бұрынғы заманда бір үлкен шаһар бар екен. Бұл шаһардың ханы болыпты. Ол күнде жаман киініп, жай кісі болып, шаһарды, базарды аралап жүреді екен. Күндерде бір күн хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп, хан таң қалып, неше күндей мұны сыртынан бағып жүреді. Бұл адам ерте де, кеш те бір қалыпта: басына, аяғына бір-бір кесек алтын қойып жатады. Ақырында, бір күні хан: - Сен не қылған адамсың? - деп сұрайды. Ол адам басын көтеріп: - Мен ақыл сатушымын, - дейді. - Олай болса, маған бір ақыл сатшы, - дейді патша. Сонда ол адам: - Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың алтын, - дейді. Хан санап, мың алтын береді. Сонда ақыл сатушы: - Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боласың, - дейді. Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарқанға дейін жазып қояды. Күндерде бір күн хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел», - деп, бас уәзірге әмір қылады. Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең келіп, ханның шашын ал» - деп бұйырады. Ертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады. Уәзір: - Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы едің? - дейді. Шаштараз: - Ай, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жай ұстарамен аламындағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан табамын? - дейді. Сонда уәзір: - Ей, ақымақ! Ханның шашын жай ұстарамен алуға болмайды. Мә, мынау ұстарамен ал, - деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді. Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың! - деп, әр жерге жазылған сөздерді көреді де ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ ханның шашын алайын», - деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, өзінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады. Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» - деп шашын алғызып болған соң хан: - Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! - деп, кісілеріне әмір қылады. Шаштараз мұны естіп, неге қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді, жендет келген соң, бейшара шаштараз ханның аяғына жығылып: - Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да ықтияр, бірақ менің кінәмды айтып алсаңыз екен! - дейді. Хан: - Сен басында менің шашымды алтын сапты ұстарамен алмақшы болдың. Ақырында оны менен аяп, ағаш сапты жай ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінәң осы, - дейді. Сонда шаштараз: - Жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда алдымнан бас уәзіріңіз шығып: «Ханның шашын алуға мына ұстара лайық», - деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң қор боларсың», - деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай екенін білмеймін, ханға бір зиян келтіріп жүрмейін. Жаман да болса, үйренген өзімнің ұстараммен алайын», - деп ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алғанымның себебі осы еді, - дейді. Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп бас уәзірін шақыртып алдырып: - Мынау ұстараны шаштаразға сен бердің бе? - деп сұрайды. Уәзір: - Мен бердім, - дейді. - Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, - деп, Хан шаштаразға бұйырады. Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сипағанда, уәзірдің жаны шығып кетеді. Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен. Соны өлтірмекші болып, ұстарасын зәрге суарған екен. Мұны көріп, хан шаштаразға дән риза болады. Көп алтын, күміс сыйлық беріп, үйіне қайтарады. Үш ауыз ақыл сөз Ертеде бір байдың жалғыз баласы жылқы бағып жүрсе, бір адам келіп: - Балам! Бір үйір жылқы берсең, мен саған үш ауыз насихат сөз үйретейін, - депті. Бала тұрып: - Құп! Берейін, үйретіңіз, - дейді. Әлгі кісі: - Балам! Суын ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың төбелес бастаса, сол қолың арашашы болсын, - дейді. Бала бір үйір жылқы береді. Әлгі адам жылқыны айдап өз жөніне кетеді. Кешке бала үйіне келеді. Әкесі: - Мал аман ба? - дейді. Баласы: - Мен үш ауыз насихат үйреніп, бір айғыр үйір жылқы бердім, басқа мал аман, - дейді. Әкесі ашуланып, баласын қуып жібереді. Әкесінен түңілген бала жаңадан үйленген аяғы ауыр жас келіншегіне: - Сен мені күт, әкемнің бір үйір жылқысын үш үйір жылқы етіп қайтаратындай қазына тауып, қайтып келемін, - деп қоштасып жолға шығады. Бірнеше күндер далада қаңғырып жүріп, бір қалаға келеді. Қаланы аралап жүріп, ханның ордасына кездеседі. Ханның нөкерлері мұның жат жерден келген, бөтен адам екенін сезеді де жөн сұрайды: - Неғып жүрген адамсың? Жұмыс істемейсің? - дейді. - Денім сау, неге жұмыс істемеймін. Жұмыс табылса істейін, - деп жауап береді. Нөкерлер ханға келіп: - Бір жолаушы жас бала жігіт, өзі ақылды, есті көрінеді, қызметші болғысы келеді, - дейді. Хан шақыртып көрсе, бойы сымбатты, түрі әдемі бала жігіт екен, Хан мақұл көреді де: - Сен менің есігімнің алдында күзетші болып тұр, - дейді. Бала есік күзетшісі болады. Бұл екі ортада ханның әйелі бұған ғашық болады. - Мен сендік болайын, ойнап-күліп жүрелік, - деп ертеңді-кеш айналдыра береді. Бала ханның әйелінің сөзіне азады да, көңілі ауады. Бірақ көңілі ауса да: «Әкем мені неге айдап жібереді. Бір айғыр үйірлі жылқыны неге бердім? Шал «Суын ішкен құдыққа түкірме», - деген еді ғой, - деп, оның үйреткен сөзін есіне түсіреді. Ханның әйеліне көнбейді. Баланың болмайтынын біліп ханның әйелі күдер үзіп: - Мына, жаңа жүрген жаман, шірік: - «Мені қойныңа ал, деп қоймайды», - деп, ханға шағыстырады. Хан ертең оны өлтірмекші болып, көміршілеріне: - Ертең ертемен кім бұрын келсе, соны отқа салыңдар, - деп, бұйрық береді. Содан соң хан балаға: - Ертең барып көміршілерден бір қап көмір алып кел, - деп бұйырады. Бала ерте тұрып көміршілерге жүгіріп бара жатса, бір кемпір алдынан шығып: - Ей, балам, дәм татып кет! - дейді. - Жұмысым асығыс, ханның жұмысы еді, - деп бала кете бергенде: - Балам-ау, уақыт әлі ерте ғой! - дейді кемпір. Сонда баланың есіне жылқы алған қарттың насихаты түсе кетеді де, кемпірдің үйіне дәм татқалы кіреді. Сол екі арада ханның әйелі баланы бір көріп қалғысы келіп соңынан жүгіреді. Ханның әмірін орындауға әзірленіп тұрған көміршілер жүгіріп келген әйелді ұстай алып, жанып тұрған отқа тастап жібереді. Кемпірдің үйінде тамаққа алданып қалған бала көміршілерден бір қап көмірді ала сала, жүгіріп үйіне қайтып келеді. Хан оның тірі қайтып келгенін көріп, таңданады. Қараса хан ордасында әйелі жоқ. Әркімнен сұрайды, ешкім білмейді. Бала неғып аман келді деп, көміршілерден хан сұратады. Көміршілер: - Ханның өз жарлығымен ханымды отқа тастадық, - дейді. - Мен баланы отқа салуға бұйырып едім ғой! Бала, сен жәдігөймісің, - деп, хан балаға қаһарланады. Сонда бала: - Тақсыр! Менің бір қасық қанымды қисаң сөздің расын айтайын, - дейді. Хан рұқсат етеді. Бала: - Тақсыр! Мен бір байдың баласы едім. Жаңада үйленіп едім. Далада жылқы бағып жүргенімде, бір адам келіп: «Бала, бір айғыр үйір жылқы берсең, үш ауыз насихат сөз үйретемін», - деді. «Мақұл, бір айғыр үйірлі жылқы берейін, үйрет», - дедім. Сонда әлгі адам: «Балам, суын ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын», - деп еді. Мен соны үйреніп, кешке үйге келген соң, осы сөздің бәрін әкеме айтып едім, ол кісі мені ұрып-соғып, үйден қуып жіберді. Сонан тентіреп, сіздің алдыңызға келдім. Ханым мені ертеңді-кеш: «Менімен ойнап-күл» - деп, тынышымды алды. Ойнап-күлейін десем, бір айғыр үйірлі жылқы беріп үйренген насихатым есіме түсті де, өзім су ішкен құдыққа түкіргім келмеді. Сіз көміршілерге баруға бұйырған соң, қапты алып, кетіп бара жатқанда, бір кемпір: «Даяр тұрған дәм бар, татып кет», - деген соң: «Ертеңгі дәмді тастама» - деген насихат есіме келіп, кемпірдің үйіне бара қалдым. Сонан шығып көмірді алып қайттым. Менің ханымнан хабарым жоқ. Тақсыр! Сөзімнің болғаны сол, - дейді. Хан мұның адалдығына көзі жетіп: - Бәрекелді, анаңа рахмет! Сенің күнәң жоқ екен. Ханым өз жазасын өзі тауыпты, - дейді де, көп дүниелер беріп, ат мінгізіп, баланы еліне қайтарып жібереді. Бала жүріп келе жатып: «Мен кеткелі бірталай жыл болды. Менің үйдегі әйелім не күйде екен?» - деп ойлайды. Түнде ақырын үйіне келсе, әйелі бір жігітпен оңаша бөлмеде қатар қойылған төсекте жатыр екен. Жанынан қылышын суырып алып, шабайын дегенде, баяғы насихат сөз есіне түсіп, сол қолымен оң қолын ұстап, не істерін білмей тұрған кезде әйелі оянады. Қорқып тұра келіп, өзінің күйеуін таниды. Бала ашуланып әйеліне: - Сенің бұл не қылғаның? Мен далада тентіреп жүрсем, сен жігітпенен оңаша жатырсың. Асықпа, жазаңды берермін! - дейді. - Сіздің мұныңыз қате, құлағыңызды салыңыз, мен сізге айтайын: мен сіз кеткенде, өзіңізге мәлім, жүкті емес пе едім? Кеткеніңізге 15 жыл болды. Есептеп қараңызшы? Бұл өзіңіздің жігіт боп қалған балаңыз ғой! -дейді әйел. Әйелінің қасындағы өз баласы екенін сонда біліп, жігіт онымен құшақтасып көрісіп, әйелінен кешірім сұрап, татуласады, сөйтіп, адалдықпен мұратына жетіпті. Жақсылық пен жамандық Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық атты екі адам болыпты. Бір күні Жамандық жаяу жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі жөн сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Ол келген Жақсылық екен. Сонда Жамандық тұрып: - Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіре кетші, - депті. Жақсылық: - Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жер жүріп барып, түсіп, атыңды байла да өзің жаяу кете бер. Cодан соң мен жетіп, атпен біраз жерге жүріп, саған тағы байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге кезек мініп жетейік. Екеуміз мінгессек атқа қиын соғар, - депті. Сонан соң Жамандық атқа мініп алып, сол кеткеннен Жақсылықты есіне алмастан, кете беріпті. Жақсылық шаршап, арып-ашып, кешке жақын бір күркеге келеді. Ішіне кірсе, жан жоқ. Бірақ ортада бір үлкен қазан асулы тұр екен. «Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ? Дәм татайын», - деп, бір саусағының ұшын батырып, дәм татады да, күрке төбесіне шығып жатады. Бір уақытта қасқыр, түлкі, арыстан - үшеуі келіп, күркеге кіріпті. Түлкі тамақты көре сала: - Ойбай, мына тамақтан біреу жепті! - деп, байбалам салады. Қасқыр мен арыстан екеуі: - Кім жеуші еді? Адам келетін жер ме, бұл жер? - деп, кейіген соң, түлкі сөзді доғарып, үшеуі отырып тамақ ішіп, әңгімеге кіріседі. Арыстан, қасқыр, түлкі - үшеуі көрген-білгендерін айтысады. Арыстан мен қасқыр түлкіге: - Түлкі, сен не көрдің, не естіп, не білдің? - дейді. Сонда түлкі тұрып: - Мен бір жерден бір алтын көрдім. Пәлен деген байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында, бір сүйем жердің астында жатқан бір құмыра алтынды күнде қарауылдап, қарап келемін, - дейді. Сонда қасқыр тұрып: - Мен күнде пәлен деген байдың қойының арасында үлкен ала тоқтыны қарауылдап келемін. Себебі: ол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар, қандай ем қылса да жазылмайды және оның емін ешкім білмейді. Бірақ мен білемін: ол қызды жазатын ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесін жегізсе, жазылады. Тағы да ол бай жар салған: «Кімде-кім осы қызымды емдеп жазса, соған осы қызымды беремін», - деп. Бірақ оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ, тауып айта алмайды да, - дейді. Кезек келген соң, арыстан тұрып: - Мен де түнде барып, түген байдың жылқысының біреуін жеп келіп жүрмін. Ол бай мені еш уақытта ұстай алмайды және маған оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бір-ақ тайы бар. Ол тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде. Сол тайдан басқасынан мен құтылып кетемін. Және ол байдың жар салғаны бар: «Кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды беремін», - деп. Олар әңгімелерін аяқтап, ұйықтап қалады да, азаннан тұрып, бет-бетіне кетеді. Жақсылық олардың барлық әңгімелерін естіп алып, адам емдеуші боп, байдікіне келеді. Бай оның түріне қарап: «Осы емші шығар», - деп ойлап: - Жоғары шық! - дейді. Жақсылық отырған соң, бай: - Қызыма бал ашып бер! - дейді. Жақсылық: «Мақұл», - дейді де, қызды қарап: - Баланы емдетпей, босқа қинапсыңдар ғой! Әкел анау үлкен ала тоқтыны. Мұның ауруы соның өкпесінде, - дейді. Бай дереу, қойшыларды жіберіп, тоқтыны алдыртады. Жақсылық қызға тоқтының өкпесін жегізіп, емдейді. Жазылған соң, қызды өзі алады. Бұдан кейін Жақсылық бағанағы жаман қыстауға келеді. Қораның ортасын бір сүйемдей қазса, бір құмыра алтын шығады. Оны алып, арыстанның айтқан жеріне барады. Барса, бай бір арыстанды ұстай алмай жүр екен. Мұны білген соң Жақсылық байға: - Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің? - дейді. Бай: - Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы беремін, - дейді. Жақсылық: «Жарар», - деп, тоғайдағы жылқылардың ішінен ала тайды ұстап алып, арыстанды күтіп тұрады. Арыстан келіп, жылқыны алып қаша бергенде, Жақсылық әлгі ала таймен қуып жетіп, арыстанды ұрып жығып, байдың бір үйір жылқысын алып, келген жолына түседі. Неше ай, неше жылдар өткенде, бір күні бұған Жамандық келіпті. Жақсылық Жамандыққа қараса, үсті-басында түк жоқ, қайыршы, дуана секілді екен. Ол Жақсылықты көріп: - Жақсылықжан! Мен саған жамандық қыламын деп, мұндай күйге ұшырадым. Енді сен мені адам қыл. Сен бұл мал-мүліктерді қай жақтан таптың? - дейді. Сонда Жақсылық: - Не де болса, адамзатсың ғой! Сен жамандық істегенмен, мен саған жақсылық істейін, - деп, өзінің бастан кешкен оқиғасын айтыпты. Сонан соң тұрып: - Пәлен төбеде бір үй бар. Сен қазір соған жет. Оның ішінде асулы бір қазан ет бар. Бірақ оның ішіндегі еттен тек бір саусағыңды батырып, дәмін көр де үйдің төбесіне шығып жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сен олардың әңгімесін тыңдай бер. Олар кеткеннен кейін естіген сөздеріңді істесең, сен осындай боласың, - дейді. Жамандық: «Жарайды,» - дейді де, баяғы күркеге барып кіреді. Жақсылық айтқандай, қазан толы ет асулы тұр екен, қызығып кетіп, шыдай алмай: «Мына бір жілігін жейінші» - деп, еттен жеп, сорпасынан да, бес-алты рет ұрттап алыпты. Сөйтіпті де, үйдің төбесіне шығып жатыпты. Бір уақытта түлкі, арыстан, қасқыр - үшеуі күркеге кіреді. Түлкі тамақты көре сала: - Ойбай, мына еттің тоқпақ жілігі жоқ, омыртқасы жоқ, сорпасы жоқ, біреу жепті! - дейді. Оған арыстан мен қасқыр: - Кім жеуші еді? Бұл жерге адам келуші ме еді? - деп, көнбейді. - Жоқ! Бір бәле бар! Мен түс көрейінші, - деп, түлкі жата қалыпты да, аздан соң қайта тұрып: - Осы күрке үстіне шығайықшы, сонда бір пәле бар секілді, - депті. Бұл сөзін қасқыр мен арыстан да мақұл көріп, түлкі төбеге шықса, Жамандық жатыр екен. Үшеуі Жамандықты бас салып жеп қойыпты. Сөйтіп, Жақсылық жақсылығынан өмір сүріп, мұрат-мақсатына жетіпті. Жамандық жамандығынан ит-құсқа жем болыпты. |