Главная страница
Навигация по странице:

  • Халық бейнесі

  • «Әуезов әйелдері»

  • Табиғат бейнесі

  • туризм. Абай жолының. Абай жолыны бас кейіпкері


    Скачать 63.27 Kb.
    НазваниеАбай жолыны бас кейіпкері
    Анкортуризм
    Дата12.03.2022
    Размер63.27 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаАбай жолының.docx
    ТипДокументы
    #393721
    страница2 из 3
    1   2   3

    Құнанбай бейнесі

    Құнанбай тұлғасының жасалу шеберлігі бүкіл дүние-жүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Әдеттегі түсінікпен атасақ, Құнанбай - жағымсыз кейіпкер. Дұрысында да солай, кері кеткен кер заманның жанкешті жақтаушысы, рулық-феодалдық жүйенің бір тінін үзгісі, бір өрімін ыдыратқысы келмейтін шынжырлы шонжар - жаңаның жауы, күні өткен, тозығы жеткен көненің жамап-жасқаушысы... Автордың айтуында да Құнанбай тұлғасы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына енді-енді еніп келе жатқан жаңаның жолындағы кедергіні - ескіні көрсету нәтижесінде туған. Әдетте осындай ұнамсыз типтер бізде (тек бізде ғана емес) бірыңғай қара бояумен атастырыла, ылғи жамандық жағы қазбаланып, кейде тіпті іске алғысыз дөкір, дөрекі күйде көрсетілетін. Әрине, мұндай жағдайда да автордың идеялық мақсаты болатыны даусыз. Бірақ сол идеяның көркемдік шешімі даулы, жасанды және жалаңаш. Ал, Құнанбай ондай емес. Мейлінше шыншыл суреткер бұл образды мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір (қара) емес, бірнеше (ақ, көк, сары...) бояуды қоса, қатар жұмсап, түрлі-түсті табиғи кескінде, алдымен адам ретінде барлық күнгей-көлеңкесімен жан-жақты, толық, тұтас тұлғаландырған. Автор ұнамсыз кейіпкер бойындағы ұнамды қасиеттерді күзеп не тонап әкетпейді, өзіне береді, өзінде қалдырады. Құнанбай - азулы ғана емес, ақылды: шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен көкірегі сара - көреген: ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан қасарма, сұғын қадағанды сілейтпей тынбайтын қазымыр, қырыс кісі. Арыстанның айбаты да, жолбарыстың жүрегі де бір өзінде; жыртқыштығы да сондай; бүргені құтылмайды, құтылса мынаның тырнағы сонымен бірге кетеді. Мұнысы да қайтпас қайсарлыққа саяды. Осыған енді амалы мен айласы қосылғанда Құнанбайдың қулығы мен сұмдығына, сұңғыла зымияндығына найза бойламай шығады. Мұнысы - ақылдан туған тәсіл. Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік, шешен, тілі өткір, тиген жерін тіліп түседі. Осылардың бәрі Құнанбайдың өз ортасынан биік, оқшау тұрған жоталы тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімін өз ортасы да әбден мойындап болған. Құнанбайдың көп қырлы қасиетін досы түгіл дұшпаны да жоққа шығара алмайды. Дәлел ретінде романның 1-кітабынан Абайға Байдалы айтып берген бір қызық жәйтті мысалға келтірелік. Байдалы Абайға: «Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек», - деп Қаратайды мақтай отырып былай дейді: «Әне бір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар - барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқаласыты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай жауап беріп, «Мырза - Құнанбай» - деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім? - деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен - Құнанбай» - деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп: «Жақсы - Құнанбай» - деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп: « - Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» - деп, Қаратайға қадала түсіп.- Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше не көкіп алысып жүрміз онымен? - деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Әй, тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүрген жоқ па?» - деді.[7]

    Құнанбайдың кім екенін бұдан дәл Һәм әділ айту қиын.

    Құнанбай - тек өзі билеп отырған қазақ сахарасын ғана емес, осылардың бәрін бақылайтын, патша әкімдерін де мысын құртып, уысына алып алған жұмулы жұдырық. Мәселен, піскен бас Майырдың өзгеге илікпейтін қырсықтығы Құнанбайға келгенде бұлтыңдап кетеді. «Майыр, сенің атаңның аты Тобықты емес еді. Осы Қарқаралыға келіп бауыр тапқаннан аманбысың? Бөжейді айдату керек, қағазын дұрыста деп ем, сары аурудай создың да кеттің ғой. Соның жан күйері сен болып, бауыр тартып, бауырың езіліп жүр ме осы, немене?!»

    Осылайша өзі билік жүргізген атыраптағы қазақты бұқтырып, орысты ықтырып, бәрін өз алдында құрдай жорғалатқан Құнанбайдың философиясы да, дипломатиясы да бір басына жетерлік. Құнанбай осындай кесек кейіпкер, қия жартастай мықты тұлға болмаса, онымен күреске түскен Абайдың да ірілігі көрінбеген болар еді. Абай осындай алынбас қамалды алған алып боп шығуы да жазушының ұнамсыз тип жасау тәсіліндегі нұсқалы шеберліктің нәтижесі. Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басы, әр ауылдың ақсақал-қарасақалдары - Бөжей, Байдалы, Сүйіндіктер бар. Өз іргесіндегі Майбасар, Ызғүтты, Тәкежан, Жиреншелер бар. Оразбай, Шұбар, Әзімбайлар бар. Дәуірлік белестен алып қарағанда осылар - бір лагердің адамдары. Абайдың қарсыластары, Абай бастаған жаңаның ата дұшпандары. Сонымен қатар осылар өзара да ыри-тыри: бақастар, бәсекелестер, бақталастар. Қарақан бастың қамына келгенде булар бірін-бірі аямайды, біріге бере талап тастап, бөліне бере түтіп жеп жүргендері... Бұл - адам адамға дос емес, қасқыр болған Құнанбай заманының заңы. Майталман суреткер Құнанбай маңындағы бар адам және әр адам арқылы солар өмір сүрген заман кескінін де зергерлікпен бейнелеп көрсеткен. Байлар мен билер тепкісіндегі қазақ қоғамының «алтыбақан алауыздығын» патша отаршыларының қалай пайдаланғанын да ұтымды аңғартады. Бірінің тізгініне бірі жармасып, бірінің шалғайынан бірі тартып, бірінің аяғынан бірі шалып орға жығып, көрге тығып жатқан Құнанбайлар, әрине, өз заманымен бірге тарих сахнасынан кетеді. Бірақ ең қауіпті жері - «құнанбайшылдық» қалып қояды. Бұдан арылу үшін адамдарды ұзақ уақыт шомылдыру, тазалау, қағып-сілку, тіпті кейбір кеселді денеден сыдырып алып тастау керек, Құнанбай тұлғасын жасау арқылы автордың оқырманға берер сабағы осындай.

    Халық бейнесі

    Жалпы XIX ғасырдың соңғы елу жылындағы қазақ өмірінің көркем шежіресі боп табылатын ұлан-ғайыр эпопеяда барлық қыр-сырымен халық бейнесі жасалды десек, сол халық өкілдерінің ішінен айрықша атап айтарлық бедерлі бейнелер - Дәркембай мен Базаралы. Балағаз бен Абылғазыдан Дәрмен мен Сейітке дейінгі ондаған кейіпкерлер - Дәркембай мен Базаралының әлеум. ортасы, қоғамдық қоршауы. Бұл екеуі жүрген жерлердегі келешек үшін күрестің де сыр-сипаты бөлек, қарсыластардың ара жігі ақ пен қарадай айқын. Осылар арқылы автор романдағы жүздеген типтер мен характерлер ішінен уақыт сынынан өтіп өсетіндерін де, келешегі жоқ өшетіндерін де өмірдің өзіне іріктетіп, сұрыптатып отырады.

    Дәркембай - кедей. Малы жоқтың халы жоқ, соры көп, бағы байланған заманда Дәркем- байдың малдылардан, күштілерден көргені - зорлық, қорлық; өмірден алған сыбағасы - жоқшылық, тапшылық. Абай айтқандай, Дәркембайдың өмірге қыран көзіндей ғып көзін ашқан да жоқшылық. Оның көп өмірі Сүйіндік пен Сүгірдің малын бағып, көшіне ілесіп текке өткен. Соны кейін аңғарған Дәркембай өз еңбектерімен жер жыртып, дән сеуіп күн көріп отырған жатақтарға қосылады. Қырық үйлі жатақтың Сүйіндік пен Сүгір сияқты өзімен «атасы туыс емес, тірлігі туыс. Көрген көресі, кешкен соры туыс» деп қосылады. «Күйі бірдің күні бір,- дейді Дәркембай.- Туысым-аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар; руым, ұраным да осылармен!» Демек, Дәркембайды өзі секілді кедейлермен тағдыр табыстырады. Бұл оның байлармен іргесін біржолата ажыратып, ат құйрығын кескені, өз мүдделестерімен біржола бірігіп, тілекке тілек, білекке білек қосқаны еді. Шаруаға икемді, өресі жеткен жерге дейін ойы да ояу, тілге де біршама жүйрік Дәркембай осыдан былай жатақтарға ақылшы аға, кәдімгідей көшбасшы болады. Өз ортасына айтар ақылы жұрт жадындағы нақылға айналатын Дәркембай: «Күштілер нені айтады? Күшсізге еткен зорлығын айтады. Күшсіз нені айтады? Күштіден көрген қорлығын айтады?» - деп, әшейін аузымен орақ орып, қол қусырмайды, сол күштіге қарсы бел шеше тіктесіп те қалады. «Орта жасқа келген, зор денелі адамды» оқырман алғаш рет Құнанбайға кезелген шиті мылтықтың шүріппесін басқалы жатқан жерінен көреді. Бұл пиғылдан оны Бөжей қайтарып, Құнанбайды Дәркембайдың оғынан арашалап қалады. Енді бірде, жетегінде Қодардан тігерге қалған тұяқ сияқты жетім Дәрмен, қажылыққа жүргелі жатқан Құнанбайға қалың жұрттың көз алдында іскіндеп кеп, қатал талап қояды. Дәркембай талабының әділдігі сондай, әкесі үшін Абай жерге кіре жаздайды. Ақыр-аяғында, жұтқа ұшыраған жарлы ауылға қамсау болам деп, Тәкежан секілді көкжалдарға қарсы көзсіз ерлікке басады. Бұл арада да Дәркембайға Абай қол үшін беріп, көмекке келеді. Осылардың бәрі Дәркембайдың тіршілікте көрген тұрмыс тепкісі қанша ауыр болған мен, қатыгез тағдыр талқысына қасарып, қайратын өле-өлгенше көкке қайрап өткен ер де, табанды күрес адамы екенін көрсетеді. Дәркембайдың кемшін жері болса, нағыз «батыр тұлғалы, кең иық, зор кеудесі төменшіктеп иілмейтін; әрі байсал, әрі маңғаз, тіпті Құнанбай алдынан өтсе де «тіп-тік бойы қымсынбай, қысылмай кететін» Базаралы толтырып тұрғандай. «Ойшыл сергек көзі, ақсұр жүзі, бетінің қызылына» дейін бір түрлі «балқығандай боп нұрланып туратын... ер жігіттің сырт сымбаты да соншалық өзгеше», ішкі мінез-құлқы, ақыл-парасаты да бөлек «бітімді, жақсы туысты білдіреді».

    Ал, Базаралының үстемдермен сілкісуі, қалың бұқараның қанаушыларына қарсы күш сынасуы тіпті оқшау - бұл маңда бұрын-сонды болып көрмеген жаңа үлгідегі жойқын әрекет. Ол жуандардың зорлығын көре-көре, қорлығына төзе-төзе әбден шыдамы таусылған көп кедейден қол құрап, тыюсыз да жиюсыз кеткен Тәкежанның бір үйір жылқысын қуып алып, қырып салады. Бұл кесек қимыл бар атырапты түгел сілкіндіреді. Бай ауылдардың түндіктері желпілдеп, болыс-билердің бойлары қалтырағандай болады. Теңсіздік тепкісіндегі қалың бұқараның күреске көзі ашылып, өзін-өзі, өз күшін тың сипатта, жаңа мағынада тани бастайды. Өзі ғана емес, өзге туралы таным да тереңдей түседі: «Мен,- дейді Базаралы,- Құнанбай баласы да өзіміздей адам баласы екенін таныттым. Ұрсаң оған да таяқ өтетінін, жұлқысаң оның да жыртылатын жағасы барын таныттым. Тіпті онан әрі батыл, бекем ұра берсең, тікейіп тұра бере алмай, омақаса жығылып, өлуге де бар екенін таныттым». Абайдың Дәркембайлар мен Базаралылар арқылы өзінің туған халқымен, оның езілген еңбекші бұқарасымен, дәл осы тілектестігі Һәм жүректестігі - халықтық эпопеяның шырқап шыққан идеялық шыңы.

    «Әуезов әйелдері»

    Қазақтың сөз өнеріндегі «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айырықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты да молықты. Төрт кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар. Романның буларға арналған беттері оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Бұлар жүрген жерлер кейде шетсіз-шексіз мұхит бойын түгел жайлаған шарапатты жылы ағыс (Гольфстрим) секілді, кейде қиырсыз кең-байтақ құрылықтың ойы-қырын тегіс сәулелендіре шүлен шұғыласына бөлеген күн нұры тәрізді, кейде көк жиекті керіп әкеткен кербез теңіздің көз жеткісіз көк айдынына сән берген аппақ ақ шағалалар сияқты...

    Әйел-ана ма, жар-жұбай ма, бұла-бойжеткен бе... Әйтеуір қияпаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын, іс-әрекетін, сыр-сезімін, қимыл-қылығын дәл, терең, нәзік суреттеуге келгенде шіркін шебер алдына жан салмайды. Сонда әр бейненің тастан қашалғандай бе¬дер табатыны сондай, әрқайсысы - бір адам ғана емес, бір топ адамның жиынтық бей¬несі боп оқырманның көз алдында турады да, есінде қалады. Сонда әр кейіпкер - тип; әркімнің қашанғы таныс-бейтанысы боп шығады. Сонда бар ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірім-шафхатқа толы Зере - әжелердің үлгісі; салқын қанды, сарабдан, сабырлы ақыл иесі Ұлжан - аналардың үлгісі; «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен» бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан - алыстан қарайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының үлгісі; әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл, аяулы Әйгерім - жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі...

    Табиғат бейнесі

    Теңіздің сырын тамшыдан тануға болатыны сияқты, эпопеяның көркемдік ерекшелігін, әсіресе тілін тану үшін бір ғана пейзажға тоқталсақ та жетіп жатыр. Пейзажды біз, әдетте, көркем шығармада суреттелген табиғат көріністері дейміз. Рас, пейзаж - табиғат. Бірақ бұл жеткіліксіз. Нағыз пейзаж - поэзия! Мінез! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну-түйсінулерінен, көңіл күйінен тыс табиғат суреті - пейзаж жоқ. Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал стиль - адам. Пейзаж образ сырын ашады. Ал образ - адам. Дәл осының дәлелі - Әуезов эпопеясындағы пейзаж (Алдымен, бұл неткен бай табиғат!). Кітаптың әр бетінде әр түрлі тіршілік дүниесі бар. Мұнда қазақ даласының хош иісті гүлі, қызыл шымқай қызғалдағы, қошқыл-кермек жусаны, сида-бұта шиі, домаланған қаңбағы, шиыр-шалғыны, кербез тауы, көк тіреген шыңы, түпсіз тұңғиық құзы, күлкішіл өзені, ақ айдын көлі, жасыл майса көгалы, торғын аспаны, шудаланған бұлты, сіркіреген жаңбыры, ақ ұлпа қары, асау бораны, ерке желі, тентек құйыны, шымыр сызы, шымшығыш ызғырығы, сұлаған бел-белесі, ойшыл орманы, тынысты тоғайы, ақ ару айы, жымыңы көп жұлдызы, мөлдір шығы, тұнжыр тұманы, алдамшы сағымы... - күндізі, түні, - қысы, жазы, күзі, көктемі... - бәрі, бәрі бар. Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар - тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені - дала образы! Және, Әуезов пейзажы - бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, жабырқайды, күледі. Жылайды - дәл адамша әрекет етеді. Бұл шебер мелшиген қара тасқа тіл бітіріп, сөйлетіп, ән салғызады. Жел сызғырған бір түп қуқыл шиге немесе селдір қияққа шежіре шерткізіп, ертек айтқызып қояды. Суды кейде сылқаласысылқ күлдіреді. Кейде ызаға булықтырып, бұлқынтып байлап тастайды. Тауы сыздап, тұнжырап, ызғар шашады. Кейде қаңқаласықаңқ етіп сізге наз айтады. Аспаны мен жерінде не ғажап сыр бар. Айының оң қылығының бірін алып қараңызшы: сізбен жасырынбақ ойнап, бірде бетін баса қап, бірде көзін сығырайтып, күле қарап, құлдырап болады: Енді бірде аппақ адал пейілімен, бар ықыласымен ғашықтар жүрегінің лүпіліне үнсіз куә болады... Мынау не деген сырлы поэзия, сонымен бірге не деген терең философия: «Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем енді ғана өзінің келе жатқанын баян етті. Сол жақта, алыс көкжиекте, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала, сардала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі бақи жым-жырт боп, жәй созылған сахараның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу-қажыры ма? - сол бейнелі бөлек тау. Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан ескен қоңыр жел кеп, леп тиді. Абай жер көркін, өз көңілін еркін өлең етіп кетті » Не деген әсер, эмоция! Осыны енжар, селқос оқу, тебіренбей, толқымай оқу мүмкін бе? Бұл - төрт кітаптағы табиғаттың мың суретінің бірі. Тіл қандай, бояу, ажар қандай? Жанды қимыл, мағыналы символ қайда жатыр? Шеберлік сыры неде? Осы проза ма? Жоқ, прозадағы поэзия! Нәзік те терең лиризм. Бұл - жансыз табиғат суреті емес, адамның жан толқыны, жүрек лүпілі, сан иірім сезім тіл тапқан. Қысқасы, кітаптың пейзажды беттері - қағаз емес, нақ тірі табиғаттың өзі. Адамды үйден шығарып алып кетеді. Бір жерде ақ кірпік боранға адасып кетеміз, енді бір жерде ауадағы дымқыл сыз бетке тиеді, тағы бір жер¬де ай нұрына малынып, тоғайда жүреміз, енді бірде маңдайымыздан шақырая қадалған күнге қолымызды қалқалаймыз... Бұл не нәрсе, бұл? Бұл - біріншіден, Әуезов құрғақ, сылдыр сөйлем құрмайды, ең әуелі өзі тебірене толқып алады да, сол тілсіз сезім тілімен сөйлейді; екіншіден, Абай емес-ау, алдымен Әуезовтің өзі анық ақын: тұтанбай, ұшқындамай, лапылдамай, өртенбей жаза алмайтын нәзік діріл, сыршыл ақын; үшіншіден, Әуезов - суретші, нағыз художник - қағазды, кітап парақтарын аспанға, жерге, құбылысқа, дүние-тіршілікке айналдырып жіберетін шебер; төртіншіден, Әуезов - терең психолог, оқырманның жан дүниесін сілкіп-сілкіп жіберетін күш! Демек, «Абай жолы» секілді ғасырлық туындыны тек осындай қабілет пен қасиеттің адамы ғана туғыза алады.

    Ұлы жазушының ұлы туындысы

    «Абай жолының» энциклопедиялық сипаты туралы академик Қ. И. Сәтбаев аса әдемі айтты: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге парапар; ғалым-экономистер Қазақстанның XIX ғасырдағы халық шаруашылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алады, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысады; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды». Классикалық эпопеяда жан тебірентер көркемдік күшпен жинақталған өмірдің жиынтық шындығы ғылымның әр саласындағы маман адамдар үшін осындай таным-тағылым қайнары болса, қалың оқырман үшін Абайдан Дәрменге дейінгі барлық басты кейіпкерлер ақыл мен сананың, арман мен ойдың сарқылмас кені секілденеді. Демек, шығармаға ауадай керек нәрсе - парасат (интеллект) десек, «Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады. Задында, таланттар тарихы мен тағдырын барлай қарасақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгіре алмай кеткен. Туған халқына мәңгілік мура болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. «Абай жолы» - ұлы жазушының ұлы туындысы - бас кітабы, ол өзінің өлшеулі ғана ғұмырында өлшеусіз шығармашылық ерлік жасап, өзінің осынау мәңгілік кітабын жазып үлгіріп кетті. Дананың өз ортасынан әрқашан озық, оқшау тұратын даралығы да осы арада жатыр.

    «Абай жолы» эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған (1993).
    1   2   3


    написать администратору сайта