Адам денесіндегі қан мен басқа сұйықтықтарды жасанды тазарту.. Адам денесіндегі ан мен баса сйытытарды жасанды тазарту. Сабаты масаты
Скачать 2 Mb.
|
Адам денесіндегі қан мен басқа сұйықтықтарды жасанды тазарту. Сабақтың мақсаты: Қан құрамы мен қызметін сипаттау. Қан түйіршіктерінің құрылысы мен құрамын анықтау. Бүйрек трансплантациясы мен диализдің артықшылықтары мен келшіліктерін талқылау. Диализ механизмін түсіндіру. Диализдің әрекет ету принципін сипаттау. Бүйректер ағзада қанды үздіксіз тазартып отырады. Егер бұл үдеріс бұзылса немесе тоқтайтын болса, оның қауіпті салдары аз уақыттың ішінде байқалады. Ағзада орташа есеппен 5 л қан болады. Ал плазма қанның жалпы көлемінің 55%-ын құрайтынын еске түсірсек, онда қанның бүкіл сұйық бөлігі әр жарты сағат сайын бүйректерде сүзілетіні түсінікті. Демек, бүйректер өз қызметін толық тоқтататын болса, онда алғашқы 30 минуттың ішінде оның кері салдары байқалады. Бүйректердің өз қызметін атқара алмауы бүйрек қызметінің жетіспеушілігі деп аталады. Аурудың түріне байланысты бүйрек қызметінің жетіспеушілігі жедел (жарақат, улану) немесе созылмалы (бүйректердің жұқпалы не ұзақ уақыт басқа аурумен ауыруы) болып бөлінеді. Гемодиализ (ежелгі грек тілінен аударғанда гемо - қан және диализ -бөлу) - ағзада бүйректердің қатысынсыз канды тазарту әдісі. Бүйректер қызметін жартылай немесе толық тоқтатқан кезде диализ процедурасы қолданылады. Гемодиализ кезінде ағза сұйықтығынан зат алмасудың улы өнімдері алынады, су және электролиттік баланс қалпына келеді. Диализдің әсер ету принципі осмос және диффузия заңдарына негізделген. Тек су және онда еріген белгілі бір заттар өте алатын өте жұқа мембрана қажет. Егер мембрананың бір жағындағы сұйықтықта заттардың жоғары, ал екінші жағында аз концентрациясы түзілетін болса, онда еріген заттардың молекулалары концентрация деңгейін теңестіріп, тепе-теңдік орнату үшін мембрана арқылы өтуге тырысады. Демек, мембрананың бір жағында екінші жағына қарағанда қандай да бір заттар көп болса, олардың молекулаларының бір бөлігі басқа жаққа өтеді. Адам ағзасында осындай табиғи мембраналардың рөлін өкпе капиллярлары мен альвеола қабырғасы; бүйрек шумақтарының капиллярлары мен нефрон капсуласының жасушалары; ішперде атқарады. Осы жасушалардың мембраналары арқылы белгілі бір заттар өтеді, ал қанның басқа құрамды бөліктері (жасушалар, ірі нәруыздар мен көптеген басқа заттар) сонда қалады. Диализ әрекетінің механизмі де осыған ұқсайды. Диализ әдісі. Диализдің негізгі екі әдісі бар, соларды нақты қарастырайық. Перитонеальды гемодиализ - сүзетін мембрана рөлін адамның өз ішпердесі атқаратын әдіс (30-сурет). Пациенттің құрсақ қуысына глюкоза мен тұздар ерітіндісінің көп мөлшері (1-2 литр) енгізіледі. Бұл кезде ішперде тамырындағы қан мен енгізілген сұйықтық арасында осмос және диффузия үдерістері басталады. Қанда ағзада түзілген зиянды заттардың көп мөлшері болады, ал енгізілген ерітіндіде зиянды заттар мүлде жоқ. Концентрация айырмашылығына байланысты қаннан енгізілген сұйықтыққа зиянды заттардың молекулалары өтетін осмос үдерісі басталады. Жартылай өткізгіш кедергі рөлін ішперде атқарады, ол арқылы ерітіндіге қан жасушалары мен ірі нәруыз молекулалары өте алмайды. «Жасанды бүйрек» әдісі - гемодиализдің басқа бір әдісі (31-сурет). Бұл жағдайда пациенттің қаны ағзадан тыс тазартылады. Мембрана рөлін арнайы өңделген материалдан жасалған жасанды құрылым атқарады. Диализ жасалатын адамның қаны процедура кезінде ұйып қалмауы керек. Ол үшін ұюға қарсы дәрі (антикоагулянт) (мысалы, гепарин) енгізіледі. Стерильді канал арқылы венадағы қан ағзадан шығарылады да, диализа тор, арнайы мембрана немесе жасанды бүйрек арқылы өткізіледі. Бұл аппаратта мембрананың бір жағында пациенттің қаны, ал екінші жағында диализдейтін ерітінді болады. Осмос заңы бойынша зиянды заттардың молекулалары осы ерітіндіге мембрана арқылы өтеді. Бұл кезде мембрана пайдалы заттарды, қан жасушаларын және судың көп бөлігін өткізбейді. Ол заттардың барлығы аппарат арқылы тазартылған қан құрамында қалады. Тазартылған соң қан стерильді канал - катетер арқылы ағзаға қайтарылады. Бұл процедураны барлық қауіпсіздік шаралары - антисептиктер, есеңгіреуге (шок) қарсы терапия қарастырылған жағдайда жүргізеді. «Жасанды бүйрек» әдісі перитонеальды гемодиализге қарағанда тиімді. Бұл әдісте қан едәуір сапалы тазартылады. Осы әдіс көптеген адамға өмірін ұзартуға мүмкіндік берді. Бүйрек қызметінің жетіспеушілігі - бүйрек қызметінің бұзылуын білдіретін жалпы термин. Бұл кезде қан ағзада түзілетін шлактардан тазартылмайды. Бүйрек қызметінің жетіспеушілігі жедел немесе ұзақ уақыт дамыған ауру салдарынан болып, жедел және созылмалы деп екіге бөлінеді. Бүйрек қызметінің жедел жетіспеушілігіне улы саңырауқұлақтар, металдардың ауыр тұздары, дәрі-дәрмектер, спиртті ішімдіктермен улану, сондай-ақ биіктен құлау, түрлі апат кезінде орын алған бүйрек жарақаты себеп болуы мүмкін. Бүйрек қызметі жетіспеушілігінің кез келген себебі өлім қаупі бар мидың. немесе өкпенің ісінуін келтіріп шығаруы мүмкін. Бүйрек қызметінің жедел жетіспеушілігі кезінде ағзаның улануын төмендететін шаралар кешені тағайындалады. Міндетті шаралардың біріне гемодиализ жатады. Егер емдеу барысында бүйрек қызметі аз уақыт ішінде қалпына келсе, аурудың салдары ағза үшін ауыр болмауы мүмкін. Ал егер керісінше болып, жағдай күрт нашарлаған кезде донор бүйрегін ауыстырып қондыру немесе науқасқа алдағы уақытта үнемі гемодиализ әдісін қолдануы керек болады. Бүйрек қызметінің созылмалы жетіспеушілігі - бүйректің кез келген үдемелі ауруларынан кейін пайда болатын, нефрондардың біртіндеп өлуінің нәтижесінде дамиды. Мұндай жағдайға көбінесе созылмалы және т.б. аурулар себеп болуы мүмкін (32-сурет). Бүйрек нефрондар санының едәуір азаю салдарынан өз қызметін толық атқара алмай калады. Нәтижесінде ағзада зиянды азотты заттар (нәруыздардың ыдырау өнімдері), несепнәр, креатинин және т.б. жинақталады. Бұл уремия - ағзаның өздігінен улануына апарып соғады. Агзаның өздігінен улануынан басқа мүшелер мен ұлпалардың жұмысы бұзылады. Аурудың белгілері: адам үнемі шөлдейді, еттен жасалған тағамдарды жеуге тәбеті болмайды. Жүрек айну, құсу және бұлшық етте тырыспа, сүйектерде ауру сезімі орын алады. Тері сарғыш рең тартып, тыныс шығарған кезде аммиактың иісі сезіледі. Бөлінетін зәр мөлшері едәуір төмендейді. Бұл кезде зәр айдайтын дәріні қабылдағанымен адамда ісік пайда болады, артериялық қысымы жоғарылайды, электролиттердің дисбалансы бұзылады. Бүйректерде биологиялық белсенді заттар синтезінің бұзылуынан ағзада анемия мен тұз байланып ауыру (подагра) дамиды, қанда липидтердің мөлшері артады, жыныс бездерінің қызметі, глюкоза, фосфор мен кальций алмасуы бұзылады. Аурудың ерте даму кезеңінде дәрігерлер тағамның құрамында нәруыз бен тұздардың мөлшері аз диета сақтауды ұсынады. Бүйрекке кері әсер ететін барлық препараттар мен кез келген заттарды пайдалануға тыйым салынады. Сонымен қатар зат алмасудың бұзылуы мен аурудың асқынуын, мүмкіндігінше негізгі ауруды - пиелонефрит және т.б. ауруды емдеу қажет. Жағдайды ушықтыратын зәр шығару жүйесінің жұқпалары және т.б. ауруларды анықтап, емдеу керек. Егер науқастың бүйрек қызметі қалпына келсе, кейін бүйрекке жағымсыз әсерді азайтуға бағытталған аурудың алдын алу шаралары жүргізіледі, Егер ауру асқынған жағдайда жүйелі гемодиализ немесе донор бүйрегін орналастырып қондыруға кеңес беріледі. Бүйрек трансплантациясы - реципиенттің ауру бүйрегін басқа адамның - донордың бүйрегімен ауыстырып қондыру шарасы. Бір сау бүйрек екі ауру бүйрек атқара алмайтын бүкіл жұмысты атқаруы мүмкін. Хирургтер бүйрек артериясы мен венасын донор бүйрегімен жалғап, реципиент денесіне жаңа бүйректі ауыстырып қондырады. Жаңа ауыстырып қондырылған бүйректер бірден өз қызметін атқарып кетуі мүмкін немесе ол үшін бірнеше апта уақыт керек. Науқастың өз бүйректері егер ол жұқпаға, онкологиялық ауруға немесе жоғары артериялық қысымға себеп болмаса, оларды өз орнында, донор бүйректің қасында қалдырады (33-сурет). Бүйрек трансплантациясының проблемалары. Бүйрек трансплантациясы - бұл емдеу емес, ол науқасқа көмектесудің басқа әдістері тиімді болмаған кезде қолданылатын шара. Ешбір дәрігер ағзаның донор бүйрегін қабылдауын жоққа шығара алмайды. Отадан кейінгі бірінші жылда бұндай ықтималдылық 20-25 пайызды құрайды. Ағзаның донор бүйрегін қабылдауы және оның кейін тұтас қызмет атқаруы көптеген факторларға байланысты. Бұл жерде пациенттің жасы мен жалпы денсаулығы маңызды. Ең бастысы - донор бүйрегінің реципиент бүйрегіне сәйкестігі. Донор мен реципиенттің ДНҚ нуклеотидтері ретінің саны неғұрлым көп сәйкес келсе, трансплантацияның табысты болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Сондықтан қандас туыстардан ауыстырылып қондырылған бүйректі реципиент ағзасы жақсы қабылдайды. Біржұмыртқалы егіздер бір-біріне абсолютті идеал донор болып табылады. Бірақ бүйрек қызметінің жетіспеушілігі тұқымқуалап берілсе, онда екі егіздің де бүйрегі ауыруы мүмкін. Кез келген донор мүшесі қондырылған адамға арнайы иммуносупрессайт препараттар тағайындалады. Ол препараттарды реципиенттер өмір бойы күн сайын қабылдауы керек. Бұл дәрілер бүйректің қабылдануына дұрыс әсер еткенімен, олардың кері әсері де бар. Ағзаның бүкіл иммундық жүйесі нашарлайды. Демек, реципиент ағзасы үнемі, бүкіл ағзаға жағымсыз әсер ететін жұқпалы аурулармен ауыруы мүмкін. Трансплантация мен гемодиализдің артықшылықтары мен кемшіліктері. Бүйрек өз қызметін толық атқара алмаған жағдайда аурудың ауырлығына қарап, трансплантация немесе гемодиализге кеңес беріледі. Бұл шаралардың жағымды және жағымсыз жақтары бар. Оларды нақтырақ қарастырайық. Бүйрек трансплантациясының артықшылықтары: 1. Диализ шарасы қолданылмайды. 2. Тамақтануда аз шектеу қойылады. 3. Донор бүйрегі өз бүйрегің сияқты қызмет атқарады. Кемшіліктері: 1. Донорды іздеу немесе күту қажет. 2. Құрсақ қуысына күрделі ота жасалады. 3. Ағза донор бүйрегін қабылдамауы мүмкін. 4. Иммунитетті төмендететін препараттарды өмір бойы қабылдау керек. Перитонеальды гемодиализдің кемшілігі. Бұл әдісті 6 айдан артық қолдануға болмайды. Себебі бұл жағдайда асқорыту бұзылады. Бірақ жалпы перитонеальды гемодиализ жасанды бүйрек аппараты жоқ жерде немесе тамырларына байланысты проблемалары бар науқастарға едәуір тиімді әдіс болып табылады. «Жасанды бүйрек» аппараты арқылы жасалатын гемодиализдің кемшіліктері: 1. Стационарда үнемі медициналық емдеу шараларын қабылдау. 2. Тамақ ішуге, дене жүктемесіне, өмір салтына шектеу қойылады. Мысалы, адам гемодиализ шарасы жасалмайтын жерге бара алмайды. Қазіргі кезде гемодиализ үшін бір рет пайдаланылатын портативті аппараттар бар, бірақ оларды пайдалану қауіптілігі стерильділікті сақтауға және қанның ұюын бақылауға, тамырларды зақымдамауға байланысты жолға қойылған жоқ. Бірақ гемодиализ бен бүйрек трансплантациясы миллиондаған адамның өмірін сақтап қалғанын айтып өту керек. Себебі қанды тазартудың осы екі әдісі болмаса бүйрек қызметінің жетіспеушілігіне ұшыраған адам өміріне қауіп төнеді. Бекіту сұрақтары Диализге анықтама беріңіз. Диализдің қандай әдістері бар? Бүйрек қызметінің созылмалы жетіспеушілігі дегенді қалай түсінесіздер? Бүйрек трансплантациясының артықшылықтары? Бүйрек трансплантациясының кемшіліктері? |