ХАӘ%20(Автосохраненный). Ауыз дебиеті мен фольклор туралы ылыми таным мен тсінік Ауыз дебиеті
Скачать 50.82 Kb.
|
Ауыз әдебиеті мен фольклор туралы ғылыми таным мен түсінік Ауыз әдебиеті — халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем-әдеби туындылардың жиынтық атауы. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Сонымен бірге ғылым мен мәдениетте “халық шығармашылығы”, “халық поэзиясы”, “халықтың ауызша сөз өнері” дейтін атаулар да осыған жақын мағынада қолданылады. 1846 жылы ағылшын Вильям Томс ұсынған “фольклор” (ағылшынша lolk — халық, lore — білім, даналық) сөзі де ауыз әдебиеті атауы үшін халықаралық ғылым атау ретінде орныққан. Бұлардың қай-қайсысы да бірінің орнына бірі қолданыла береді. Бірақ мағыналары бір емес.[1] Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т. б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирикалық өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар... — міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі әрі қарай түр-түрге бөлініп кете береді. “Ер Тарғын, “Қыз Жібек”, “Алпамыс”, “Бозжігіт”, “Мұңлық - Зарлық”, “Шәкір - Шәкірат” т.б. жыр- дастандар дүркін-дүркін қайта басылып шықты. Ал, кеңестік дәуірде ауыз әдебиетітінің көптеген үлгілері белгілі бір түзетулер мен редакциялауларға ұшыраса да, көпшілікке жол тапты.[13] Эпостар, дастандар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, айтыстар, шешендік сөздер, жұмбақтар т.б. тізбелі болып та, жеке де жарыққа шығып келеді. Бұлардың ішінде, әсіресе, “Алпамыс”, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, “Қамбар батыр”, “Қобыланды батыр” эпостарының екі тілдегі ғыл. (қазақша және орысша) басылымының шығуы фольклор текстол-сындағы ірі жетістік болды. Бұған қоса ауыз әдебиетінің көптомдық басылымын (1997 жылға дейін 17 томы шықты) шығару қолға алынды. М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Дүйсенов, Н.Төреқұл, Р.Бердібаев, М.Мағауин, С. Қасқабасов т.б. ғалымдардың бірнеше іргелі еңбектері жарық көрді. Ауыз әдебиетінің тарихы мен методологиясы жан-жақты зерттелді. Қазақ ауыз әдебиетініңнің озық үлгілері кәсіби ұлттық өнердің өзге түрлері (опера, театр, кино, кескіндеме т.б.) үшін де қайнар бұлақ, құнарлы тақырып саналады. Алғашқы қазақ опералары (Қыз Жібек, Айман — Шолпан), қазақ театры мен киносындағы сәтті шығармалардың көпшілігіне ауыз әдебиетіндегі туындылар арқау болды. Ұлттық дүниетаным мен тәлім-тәрбие жүйесін қалыптастыруды ана тілін, ұлттық тарихты зерделеуді мақсат тұтқан ғыл.-зерттеулер де ауыз әдебиеті үлгілерін айналып өте алмайды. Ауыз әдебиетінің кейбір жанрлары қазіргі заманға сай жаңа сипаттармен дамуда. Олар айтыс, беташар, жар-жар және т.б.[14] Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті арасындағы байланыс Жалпы, фольклор мен жазба әдебиет байланысы мәселесі орыс әдебиетінде терең де жан-жақты, әрі ертерек зерттелді. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл проблема кешеуілдетіп қолға алынды десе де болады. Бұған ең бірінші себеп – тоталитарлық жүйенің көп жылдар бойы фольклорға ескінің қалдығы деп қарап, зерттеуді екінші орынға қойып келуі. Осы көзқарастың салдарынан қазақ әдебиетінің көрнекті классиктерінің шығармаларында тұнып тұрған фольклорлық дәстүрлер күні бүгінге дейін зерттеуден тыс қалып келді. Фольклорлық сюжеттерге шығарма жазу дәстүрін немесе көркем туындыларында фольклорлық дәстүрлерді молынан пайдаланған қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған жазушылар творчествосының осы қыры, яғни фольклорлық айшығын айқындау – бүгінгі әдебиеттану мен фольклортану ғылымының ең өзекті мәселесінің бірі боп отыр. Осы проблема аясында бүгінгі әдебиеттану ғылымында соңғы кезде жүйелі зерттеулер жасалуда, сөйтіп өз алдына бір дербес ғылым тармағының өзекті мәселесі ретінде күн тәртібінен маңыздылығы бір де бәсеңдемейтін зерттеу объектісі боп қалыптасуда. Жалпы, фольклор мен әдебиеттің арасындағы байланыс, ең алдымен, олардың біртұтас даму заңдылықтарымен айқындалады. Ол заңдылық – дәстүр мен жалғастықтың сабақтасуымен тығыз байланысты. Дәстүрді, әдетте, халықтың рухани көркемдік-эстетикалық өмірі жағдайындағы асыл мұраттары, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дамытып жалғастырудың тарихи қажеттілігі деп түсінеміз. Фольклордың басқа ғылымдар мен байланысы Жалпы, фольклор мен жазба әдебиет байланысы мәселесі орыс әдебиетінде терең де жан-жақты, әрі ертерек зерттелді. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл проблема кешеуілдетіп қолға алынды десе де болады. Бұған ең бірінші себеп – тоталитарлық жүйенің көп жылдар бойы фольклорға ескінің қалдығы деп қарап, зерттеуді екінші орынға қойып келуі. Осы көзқарастың салдарынан қазақ әдебиетінің көрнекті классиктерінің шығармаларында тұнып тұрған фольклорлық дәстүрлер күні бүгінге дейін зерттеуден тыс қалып келді. Фольклорлық сюжеттерге шығарма жазу дәстүрін немесе көркем туындыларында фольклорлық дәстүрлерді молынан пайдаланған қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған жазушылар творчествосының осы қыры, яғни фольклорлық айшығын айқындау – бүгінгі әдебиеттану мен фольклортану ғылымының ең өзекті мәселесінің бірі боп отыр. Осы проблема аясында бүгінгі әдебиеттану ғылымында соңғы кезде жүйелі зерттеулер жасалуда, сөйтіп өз алдына бір дербес ғылым тармағының өзекті мәселесі ретінде күн тәртібінен маңыздылығы бір де бәсеңдемейтін зерттеу объектісі боп қалыптасуда. Жалпы, фольклор мен әдебиеттің арасындағы байланыс, ең алдымен, олардың біртұтас даму заңдылықтарымен айқындалады. Ол заңдылық – дәстүр мен жалғастықтың сабақтасуымен тығыз байланысты. Дәстүрді, әдетте, халықтың рухани көркемдік-эстетикалық өмірі жағдайындағы асыл мұраттары, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дамытып жалғастырудың тарихи қажеттілігі деп түсінеміз .Қазақ халық поэзиясынның алғаш хатқа түскен үлгілері Қазақ фольклорының қалыптасуы мен дамуы Қазақ фольклорының тектері мен түрі Қазақ халық поэзиясының түрлері Қазақ халық поэзиясы - қазақ әдебиетінің бір саласы. Қазақ халқының саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи даму сатыларына тән көркемдік-эстетикалық талғам-түйсігін, этикалық және философиялық талап-тұжырымын танытады. Көне дәуірлерден бастау алатын қазақ халық поэзиясы синкретті (ажыратылмас) құбылыс. Сондықтан оның халық ауыз әдебиетімен, музыка мәдениетімен, фольклормен тоғысар арнасы мол. Қазақ халық поэзиясында елдік жолындағы ерлік пен өрлік, рух асқақтығы мен қайсар батырлық, табиғаттың ғажайып үйлесімді көрінісі, ғашықтықтың күйініш-сүйініші, рухани асқақ сезім, адам мейірімі мен дүниетанымы ажырамас тұтастықта көрініс табады. Қазақ халық поэзиясының жанрлық құрамы сан салалы. Дастан, толғау, айтыс, жыр, т.б. бастауын халық шығармасынан алады. Қазақ халық поэзиясын жанрлық, түрлік жағынан Ахмет Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.О.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Е.С.Ысмайылов, М.С.Сильченко, т.б. ғалымдар ғылыми тұрғыдан жүйеледі. Әуезов қазақ халық өлеңдеріне сыршылдық салт өлеңдер деген анықтама бере отырып, оны туу ретіне қарай үш түрге бөлген: жалпақ елдің салтымен байланысқан шерлі өлеңдер; дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер; қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдері. Ел салтындағы шерлі өлеңдерді мазмұнына қарай: жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту деп жіктейді. Қоштасудың өзін іштей тақырыптарға бөледі: а) жермен қоштасу, елмен қоштасу; ә) өмірдің өткен шағымен қоштасу; б) өтіп бара жатқан заманмен қоштасу.[1] Досмұхамедұлы қазақ фольклорының жанрлары мен түрлерін жүйелеп, халық поэзиясының шілдехана, бесік жыры, ғашықтық әдебиет, үйлену тойы жырлары (жар-жар, тойбастар, беташар), қоштасу, көрісу, сәлем, сәлемдеме, жерлеу, мақтау, көңіл айту жырлары, бата мен алғыс, қарғыс, болжам өлеңдер, насихат, зар заман мен толғау, батырлық жырлар, тарихи өлеңдер, тұрмыстық жырлар, жарапазан түрлерін атайды.[2] Н.Төреқұлов ауыз әдебиетіндегі халық өлеңдерінің (лирика) жеті саладан тұратынын көрсетеді: саяси-әлеуметтік лирика: арнау, мадақтау, тарихи өлеңдер, қара өлеңдер, хат өлең, ән өлең; тұрмыс-салт лирикасы: тойбастар, сыңсу, жар-жар, беташар, бесік жыры, қоштасу, жоқтау, естірту, көңіл айту, жұбату; еңбек-кәсіп өлеңдер: төрт түлік, егіншілік, саяткерлік және наурыз өлеңдері; # ғақылият өлеңдер: өсиетнаме, алғыс, бата, тілек, мысал өлең, жұмбақ өлеңдер; қиял-ғажайып өлеңдер: аңыз өлең, өтірік өлең; күлкі-сықақ өлеңдер; діни өлеңдер: бақсы сарыны, бәдік, арбау-байлау, жарапазан. Поэзиядағы дәстүр мен жалғастық, тарихи сабақтастық тұрғысынан алғанда лириканың негізі – халық өлеңдерінде. Бұл ретте халық мәдениетінің, ән-күй өнерінің өкілдері Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Шашубай, т.б. сал-серілер шығармашылығы қазақ халық поэзиясындағы лириканың тамаша үлгілері болып табылады. Сал-серілер – әншілік өнер мектебін қалыптастыра отырып, халықтық поэзияны көркемдік, тақырыптық, идеялық арнада дамытты. Әнші-ақындар поэзиясы қазақ әдебиетінде ерекше дәстүрлер қалыптастырды. Мыс, Арқадағы Біржан сал, Ақан сері, Батыс Қазақстандағы Мұхит, Сыр бойындағы Нартай дәстүрі соның дәлелі. Қазақ халық поэзиясы – ұлттық рухани мәдениеттің асыл арнасы, ажырамас бөлігі болғандықтан, дәуір талабына, замана рухына сай жаңарып, жаңғырып отырады. Бұл ретте Жамбыл, Нұрпейіс, Иса, Доскей, Шашубай, Төлеу, Нартай, Естай, Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі, Көшен, Нұрқан, Нұрлыбек, Сәт, Омар, Қалқа сынды халық ақындарының шығармалары халық әдебиеті дәстүрлерін сақтаудағы, жалғастырудағы қазақ халық поэзиясының өміршеңдігін айқындайды. Мұның өзі халық талантының сарқылмас көркемдік қуатын да танытады. Қазақ халық поэзиясының көркемдігі, бейнелілігі қашанда ақындық шеберлікті ұштауда үлкен маңызға ие және қоғамдық-әлеуметтік сипаты, тәлім-тәрбиелік мәні зор. Өлең, жыр түрінде шығарылатын қазақ халық поэзиясы өмір құбылысын, адамның жан әлемін сыршылдықпен, сезімталдықпен көркем, бейнелі түрде жеткізеді.[3][4] Қазақ халық прозасының басты жанрлары Халық прозасының басты түрлері, жанрлары - ертегілер, миф, аңыз әңгімелер (мекендік, тарихи, күй аңыздары), әпсана, хикаят, әңгімелер т.б. Ертегілер – ауыз әдебиетінің ең көне жанры болып табылады. Ертегілерде оқиғасы өмірде сирек кездесетін не болмаса адамның қиялынан туған, өмірде мүлдем кездеспейтін оқиғалар баяндалады. Ертегілер көбінесе қарасөз түрінде айтылады. Қазақ ертегілері үш жікке бөлінеді: 1) қиял-ғажайып ертегі; 2) хайуанаттар жайлы ертегілер; 3) тұрмыс-салт ертегісі. Қиял-ғажайып ертегілер халықтың сана-сезімінің балаң кезінде пайда болған. Қиял-ғажайып ертегілерде жақсы өмір, адамдардың ауыр еңбегін жеңілдету арманы көрсетілген. Ертегілердің кейіпкерлері – өмірде болмаған, адамның қиялынан туған кейіпкерлер. Мысалы: жалмауыз кемпір, жеті басты жылан, жалғыз көзді дәу, жезтырнақ, айдаһар, т.б. Қиял-ғажайып ертегілерде жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, жауыздық пен ізгілік тартысқа түсіп, әр уақытта жақсылық, ізгілік, достық жеңіп шығады. Қиял-ғажайып ертегілер: «Үш өнерпаз», «Ер Төстік», «Ұшқыш кілем», «Ыста тас», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», т.б. Ертегілердің тағы бір түрі хайуанаттар туралы ертегілер де өте ерте кезде пайда болған. Хайуанаттар туралы ертегілер: «Алтын сақа», «Бозінген», «Маймыл мен түлкі», «Түлкі аю, қойшы», т.б. Ертегідегі хайуанаттардың іс-әрекеті, жағымсыз қылықтары арқылы адамдардың мінез-құлқы сыналады. Хайуанаттар туралы ертегілерде түлкі – қу, айлакер, қасқыр – қорқау, аю – аңғал, қой – қарапайым адамдар бейнесінде алынады. Тұрмыс-салт ертегілерінде өмірде болған, болуға тиіс оқиғалар туралы айтылады. Кейіпкерлері де – өмірде болған қарапайым еңбек адамдары. Ертегілер ауызша айтуға лайықты, тілге жеңіл болып келеді. Ертегілер тек жақсылықпен аяқталып отырады. Ауыз әдебиетінің бір түрі – аңыз әңгімелер. Аңыз оқиғалары шындық өмірден алынады, кейіпкерлері де – өмірде болған тарихта аты белгілі адамдар. Аңыз оқиғалары да күнделікті өмірдегі сюжетке құрылады. Халық ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелердің кейіпкерлері: Қорқыт, Жиренше, Қарашаш сұлу, Алдаркөсе, Қожанасыр. Аңыз кейіпкерлері әсіресе, Алдаркөсе, Жиренше халық атынан сөйлеп, ханға қарсы өз ойын ашық айтып отырған. Халық арасына көп тараған аңыз әңгімелер: «Алдаркөсе мен Шықбермес Шығайбай», «Жиренше мен Қарашаш сұлу», «Жиреншенің хан сынағына түскені», «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?», «Асан қайғының Жерұйықты іздеуі», «Ақсақ құлан, Жошы хан», «Алдаркөсе мен Алаша хан», т.б. Әңгіме, әдебиетте — оқиғаны қара сөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі, композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Әңгіменің көлемі шағын, кейіпкерлер саны аз, сюжет ұйытқысын құрайтын оқиғаның басталуы, шарықтау шегі мен шешімі болады. Онда адам, оның өмірі мен тағдыры, аса маңызды деген оқиға жинақы беріледі. Мұнда бір айтылған жайларға қайта оралуға, тәптіштеп баяндауға, ұзақ суреттеуге орын жоқ. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жайды аңғарта білетін айрықша көркемдік шеберлікті талап етеді. Оқиға көбіне бірінші жақтан баяндалып, әңгімешінің оқиғаға тікелей қатыстылығын көрсетеді. Б. Майлин, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов тағы басқа. Әңгімелері — қазақ әдебиетіндегі осы жанрда жазылған үздік шығармалар. Қазіргі әңгіменің бастаулары халық ауыз әдебиетінде жатыр. Сонау көне заманнан-ақ халық өзінің тұрмыс-салты, күнделікті тіршілігі жайлы ауызша әңгімелер туғызып отырған. Мұндай әңгімелер бір рет қана айтылып қоймай, әр жерде, жиын болған кезде айтылған да, ондағы оқиға бірте-бірте тұрақты сюжетке айналған. Сөйтіп, ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі жанрға айналған. Жеке адамның басынан өткен оқиға ретінде айтылатын мұндай әңгімелерді халықаралық фольклортануда меморат деп атайды. Хикаят (Әпсана) (парсы, апсанс - аңыз, араб, хикаят - әңгіме) - қазақ фольклорлық прозасының жанры. Бұл терминді орыс, Еуропа әдебиеттерінде қалыптасқан легенда (лат. legenda) - ұғымының баламасы ретінде қазақ фольклортануына С.Қасқабасов енгізген. Әпсана - бағзы бір замандарда болыпты-мыс делінетін оқиғаларға немесе пайғамбардың, әулие-әнбиелердің ғажайып істерін баяндайтын діни сюжеттерғе негізделген, сондай-ақ нақтылы тарихи, кітаби дерек, тиянағы жоқ, таза қиялдың жемісі ретінде туған, фольклорлық прозаның көркемдік сипаты мейлінше қанық үлгісі. Әпсанадан аңызға да, мифке де, ертегілерге де тән жанрлық белгілер бірдей ұшырасады. Оқиғаның тым көне, архаикалық сипаты белгілі бір идеялық, тақырыптық бағдарды діттейтін сюжеттік-композициясын шарттылықтың басымдылығы, көп нұсқалық - әпсананың негізгі ерекшеліктері әпсана шартты түрде тарихи-мекендік, діни-кітаби, әлеуметтік-утопиялық деп үшке бөлінеді. Тарихи-мекендік әпсана есте жоқ ескі дәуірде өткен оқиғалар, тарихи тұлғалар жайына арналады (Ескендір Зұлқарнайын, Қызыр, Қорқыт туралы әпсана). Діни- кітаби әпсана құран хикаяларын мазмұндап, әулиелердің тағдыр-талайын, тіршілік тауқыметін, т.б. өзек етеді (Мысалы: Аюп, Мұса, Әзірет Әли, Нұх, т.б. туралы әпсаналар). Ал әлеуметтік-утопиялық әпсаналар халықтың тәңірі қалаған абат мекен Жеруйық хакындағы ой-арманынан туындайды (Асан қайғы, Абат, Өтеген батыр іздейтін Жерұйық, Жиделі-Байсын туралы әпсаналар). Төрт түлік мал, еңбек кәсіпшілікке қатысты тұрмыс салт жырлары Тұрмыс-салт жырларының ең бай және кең тараған түрі – төрт түлік малға байланысты туған өлең-жырлар. Төрт түлік туралы өлең-жырлар ерте заманнан бері халықпен бірге жасасып келеді. Ерте кезде адамдарда әр түліктің иесі бар деген түсінік болған, оларға ат қойған, әрқайсысының жаратушы иесі бар деп түсініп, оларға жалбарынған. Мысалы; Қой атасы – Шопаната, Сиыр атасы – Зеңгібаба, Жылқы атасы – Қамбарата, Түйе атасы – Ойсылқара, Ешкі атасы – Шекшеката. Шопанатадан «Тегене құйрық қошқар бер, малды берсең, қойды бер», Қамбаратадан «Айғыр берсең үйірі толған байталды, өңкей мама бие бер», Зеңгібабадан «Сиыр берсең, өңкей сүттісін бер», Ойсылқарадан «Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан, жүнді, сүтті, күшті түйе бер», – деп жалбарынады. Тұрмыс-тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты болған қазақ халқы әр түліктің ерекшелігін де тани білген және оған байланысты көптеген өлеңдер туғызған. Соның бірі – «Малдың баласын сүюі» өлеңі. Қой сүйеді баласын «қоңырым» деп, «Ештеңені білмеген момыным» деп. Сиыр сүйеді баласын «торпағым» деп, «Қараңғыда баспаған қорқағым» деп. Түйе сүйеді баласын «боташым» деп, «Жаудыраған көзіңнен тоташым» деп. Ешкі сүйеді баласын «лағым» деп, «Тастан-тасқа секірген шұнағым» деп. Жылқы сүйеді баласын «құлыным» деп, «Тұлпар болар жүгірген жұрыным» деп. Халық ауыз әдебиетінде аңшы-мергендермен қатар алғыр қыран құстар мен жүйрік тазылар да өлеңге қосылған. Өлеңдерде олардың адам баласына пайдасы, көмегі, атқарған қызметі баяндалған. Халық арасына кең тараған әннің бірі – «Көкжендет». Көкжендет, тұғырың алтын, жібек баулы, Бар ма екен Көкжендеттей қыран шәулі?! Күніне отыз үйрек, қырық қаз іліп Кеш болса отырушы ең тояттаулы, –деген жолдарда Көкжендеттің алғырлығы, тигізген пайдасы туралы айтылған. Ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырларының бір түрі – Наурыз жыры. Қыстың ызғары кетіп, елдің ауыр еңбектен қолы босап, аққа аузы тиеді. Оны кәрі-жастың «құшақтасып көріскен, жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өріскен Ұлыстың ұлы күні» дейді. Наурыз күні Ұлыс күні қазан толса, Ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, Сонда олжалы жол болар.. Төрт түлік ақты болсын, Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, Қайда барсаң жол болсын! Бәле-жала жерге енсін!..– деген өлең жолдарымен үлкен-кіші, кәрі-жас бір-біріне игі тілек тілеген. Тұрмыс-салт жырларының бір түрі – сәбидің дүниеге келуіне байланысты туған өлең-жырларға шілдехана жыры, бесік жыры, тұсаукесер жыры, атқамінер жыры жатады. Шілдехана – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той. Шілдеханаға жиналған көпшілік домбыра тартып, ән салып, айтысып, таң атқанша көңіл көтереді. Ән-жырмен жас анаға, өмірге келген сәбиге жақсы тілек тілейді. Бесік жыры – ананың балаға деген ыстық мейірімі мен аналық махаббатын көрсететін тұрмыс-салт жырының бір түрі. Ана сәбиінің бесігін тербетіп отырып: Әлди, бөпем, әлди-ай! Айналайын, шырағым, Көлге біткен құрағым, Жағамдағы құндызым, Аспандағы жұлдызым, Әлди, бөпем, әлди-ай.! Құрығыңды майырып, Түнде жылқы қайырып, Жаудан жылқы айырып, Жігіт болар ма екенсің?– деп, баласына деген аналық сезімін, одан күтер үмітін, артар сенімін өлең арқылы білдіреді. Бала қаз тұрып жүре бастағанда, аяғын ала жіппен күрмеп, тұсауын кесу салтында айтылатын өлең-жыр – тұсаукесер жыры. Тұсау кесуші адам: Қаз-қаз, балам, қаз, балам, Қадам бассаң мәз болам. Күрмеуіңді шешейін, Тұсауыңды кесейін. Қаз-қаз, балам, жүре ғой, Балтырыңды түре ғой. Тай-құлын боп шаба ғой, Озып бәйге ала ғой. Құтты болсын қадамың Өмірге аяқ баса бер, Асулардан аса бер, – деп өлеңдете отырып, баланың өмірге аттаған қадамына сәттілік тілейді. Бала төрт-бес жасқа толғанда өзіне арнаған тай немесе құнанына мінгізіп, қуаныш қылған тойында тілек, бата түрінде айтылатын жыр – атқамінер жыры. Тойға жиналғандар: Ақ тілек, ақ тілек, Атқа тоқым сал, тілек. Жасыңнан малды баға біл, Атқа жақсы шаба біл. Өнеге, өнер таба біл, Аймағыңа жаға біл. Мінеки, атқа міндің – ашылды жол, – деп, балаға үлкен жауапкершілік артып, сана-сезімінің оянуына, тез есеюіне әсер еткен. Жаңылтпаш — қазақ ауыз әдебиетінің шағын жанры. Жаңылпаш ойын-сауыққа жиналған жұртты күлдіру; жас ұрпақтың тілін ұстартып, әр түрлі сөзді шапшаң айтуға үйрету мақсатымен пайда болған. Жаңылпаштың сөздері адамды жаңылдыратындай қиын, көбінесе, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстардан құралады, қара сөз немесе өлең түрінде болады. Жаңылпаш ойын-сауықтарда ән білмейтін, жатқа тақпақ айта алмайтын жастарға жаза ретінде де қолданылған. Мұндай ұятты жағдайға қалмас үшін әр жас жігіт пен қыз ән-жыр үйренуге талпынған. Қазіргі кезде Жаңылпаш жаңа мазмұнға ие болып, түрі мен мазмұны жағынан молыға түсті. Жас ұрпақты достыққа, бірлікке, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге тәрбиелеудің маңызды құралына айналды. “Қамаштан көріп қалашты, Қалашқа Жарас таласты, Бөлінсін десең қалаш тең, таласпа Жарас Қамашпен” сияқты тәрбиелік мәні зор Жаңылпаштар бала бақшалар мен мектептерде жиі қолданылады. Діни ұғымдарға қатысты туған тұрмыс салт жырлары Жарапазан (араб.: يَارَمَضَان, парсы: یارمضان) немесе жарамазан — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазанның негізгі мақсаты —ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған. Астымдағы танады, Жатайын деп барады. Құдайдың күнi еңкейiп Батайын деп барады, Қасымдағы бала едi, Қайтайын деп барады,– деген жарапазан айтушылар тобында балалардың болатындығын бекiте түседi. Арбау өлең — ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт өлеңдерінің бір түрі. Адамды немесе малды жылан, қарақұрт, бүйі, шаян шаққанда, уытын “қайтару” үшін айтылады. Халық әр түрлі ырым жасап айтылған Арбау өлеңдері арқылы жыланның немесе қарақұрттың т.б. уытын қайтаруға, өздерін арбап әлсіретуге болады деп түсінген. Әрбір жәндіктің жаратушысы, “тәңірісі” болады деп ұғынған адамдар оларға сөз арқылы әсер етуге боады деп сенген. Арбау өлең — әлем халықтары фольклорының бәрінде бар, түркі халықтарының ауыз әдебиетінде кең тараған. Көбінесе 7-8 буынды шұбыртпалы ұйқасқа құрылады. Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев Арбау өлең туралы пікір айтып, оның жекелеген үлгілерін 1862 ж. алғаш қағаз бетіне түсірген. Арбау өлеңнің бір түрі мындай: “Кер, кер, кер жылан, Кереге басты мер жылан, Бір жылан бар — сұр жылан, Бір жылан бар — сұм жылан, Бір жылан бар — жеті жылғы ту жылан. Құралай таудың басынан Қуып келген қу жылан, Дегелек келді, шық жылдам!” Бәдік - тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Алғашқыда ауру адамды немесе малды емдеу мақсатында айтылған. Бәдік “Көш-көш” деп басталып, “көш-көш” деп аяқталады. “Асқар-асқар тауға көш, ағыны қатты суға көш, айнала соққан желге көш, иесіз қалған жұртқа көш” деп, ауру адамның дертін өлеңмен арбап, қуып шығуға тырысқан. Себебі бақсы-балгерлік нанымға байланысты халық әр аурудың “иесі” бар деп түсінген. Бәдік әдетте кешке қарай, іңір қараңғысында орындалған. Бірте-бірте бәдікті қыздар мен жігіттер тобы болып бөлініп айту салты шыққан. Ақырында бәдіктің атқаратын міндеті түбірімен өзгеріске ұшырап, қыз-жігіттің арасындағы айтыс, ойын-сауық түріне айналған. Ә. Диваев жазып алған: “Айт дегеннен айтамын-ау, бәдікті, Қара мақпал тоным бар барша әдіпті. От оттамай, су ішпей, жата берсе, Бәдік емей, немене бір кәдікті. Ай, көш! Бәдік, бәдік деседі, Бәдік желдей еседі. Асқар, асқар тауларға, Ағыны қатты суларға, Айнала соққан құйынға, “Ай, көш!” десе, көшеді. Ай көш!…” деген Бәдік өлеңнің алғашқы шумағы негізгісі де, соңғы жеті буынға құрылған бөлігі әннің қайырмасы іспетті. Көпшілік боп айтатын мұндай бәдік өлеңдерде ауыз әдебиетінің дәстүрлері сақталған. Бата – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани қазынасы. Халық «Жаңбырмен жер көгереді, Батамен ер көгереді» деп бата сөздерге аса үлкен мән берген. Этнограф-фольклорист В.В. Васильев «Бата – қазақ поэзиясының ерекше түрі» деп аса жоғары бағалаған. Батаның көптеген түрлері бар. 1. Жол батасы. Жолыңды Алла қолдасын, Сапарыңды оңдасын. Пырақ болып мінгенің Жорытқанда жаныңда Қызыр болсын жолдасың... 2. Дастарқан батасы: Заман тыныш болсын, Дастарқанға ырыс толсын. Орындарың төр болсын, Нәсіптерің мол болсын! 3. Тұсаукесер батасы: Тұсауыңды кесейін, Салып ата салтына Жалтақтамай аяқ бас. 4. Шілдехана батасы: Құтты болсын бесігің, Аштың өмір есігін. Батамды оңдап берейін, Азамат бол мерейлі! 5. Көш батасы: Көшің көлікті болсын, Көлігің сенікті болсын! Көшбасшың білікті болсын, Сапарың сенікті болсын! Үйлену салтына байланысты тұрмыс салт жырлары Тұрмыс-салт жырларының келесі түрі – үйлену салтына байланысты туған өлең-жырларға жар-жар, тойбастар, беташар, сыңсу, т.б. жатады. Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің бірі – тойбастар. Тойбастар өлеңінде: Құнан қойын шайлатып сойдырған үй, Табақ-табақ ет тартып, тойдырған үй, Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз, Құтты болсын тойыңыз, той қылған үй! –деп той бастаушы той иесіне игі тілек білдіре өлеңмен той бастайды. Тойбастар өлеңінде той иесіне жақсы тілек, ұзатылған қызының тойына «құтты болсын» айтылады. Ұзатылатын қыздың тойында айтылатын тұрмыс-салт өлеңінің тағы бір түрі – жар-жар. Жар-жарды қыздар жағы, жігіттер жағы немесе қыз алушы мен қыз ұзатушы құдалар жағы болып екіге бөлініп айтысады. Жігіттер немесе қыз алушы жақ: Алып келген базардан қара насар, жар-жар-ау, Қара мақпал сәукеле бетің басар, жар-жар-ау, Мұнда әкем қалды деп, қам жемеңіз, жар-жар-ау, Жақсы болса, қайын атаң орнын басар, жар-жар-ау,– десе, қыздар немесе қыз ұзатушы жақ: Есік алды қара су майдан болсын, жар-жар-ау, Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, жар-жар-ау. Қайын атасы бар дейді осы қазақ, жар-жар-ау, Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар-жар-ау, – деп жауап береді. Жар-жар осылайша екі жақтың ата-ана, аға-жеңге, апа-қарындас, аға-іні, т.б. туыстарын салыстыру арқылы бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейірімділікті сипаттау үлгісімен жалғаса береді. Жаңа түскен келінді жаңа жұртымен таныстырумақсатында айтылатын тұрмыс-салт жырының бір түрі – беташар. Келін, келін келіп тұр, Иіліп сәлем беріп тұр, – деп, жаңа түскен келінге ауылдың үлкендерін таныстырады. Беташардың екінші бөлімі «Айт келін» деп басталып, жаңа түскен келінге тәрбие беру мақсаты көзделеді. Онда отбасы мүшелерін сыйлау, құрметтеу, еңбекке бейімділік, үй шаруасына икемділік, т.б. тәлім-тәрбие, өнеге айтылады. Ұзатылатын қыздың ағайын-туыс, ел-жұрт, әке-шешесімен қоштасып айтатын өте ертеден келе жатқан тұрмыс-салт жырының бір түрі – сыңсу. Ұзатылып бара жатқан қыз: Ата-анам еді – дәулетім, Мен жұртыма жау ма едім. Жатжұрттық болып кеткен соң, Кетер-ау бастан сәулетім, – деп, ел-жұрт, ағайын-туыс, құрбы-құрдасқа көңіл шерін толғайды. Көңіл күйің білдіретін тұрмыс салт жырлары Тұрмыс-салт жырларының бір түрі – көңіл күйді білдіретін өлең-жырлар қоштасу, естірту, жоқтау болып үшке бөлінеді. Көңіл күйді білдіретін өлең-жырлардың бірі – қоштасу. Қоштасу жақын адамынан айырылғанда айтылатын көңіл күй жыры болып табылады. Қоштасу өлеңдері сонымен бірге кір жуып, кіндік кескен атамекенмен, туған жермен қоштасу түрінде де айтылған. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында Ай мен Таңсық туған жерімен: Балталы, Бағаналы ел аман бол, Бақалы, балдырғанды көл аман бол. Теруші ем еріккенде ермек етіп, Екпе жиде, алма ағаш, гүл аман бол, – деген өлең арқылы қоштасқан. Қоштасу өлеңдерінде туған жерге, ғашық жарына, ата-анасына, туған-туысқанына деген қимастық сезім білдірілген. Қазақ халқының ертеден келе жатқан көңіл күй өлеңінің бірі – естірту және көңіл айту. Естірту бір адамның немесе бүкіл елдің басына түскен ауыр халді, қайғылы қазаны өлеңмен, тұспал сөзбен не күймен жайлап естірткен. Мысалы: Ақсұңқар ұшты ұядан, Қол жетпейтін қиядан, – деп, қазаны естіртуші адам айтайын деген ойын жұмбақтап, ишаратпен, тұспалмен бастап, әр түрлі салыстырулар арқылы тыңдаушыларды алдын ала даярлаған. Сондай-ақ, Қанаты бүтін сұңқар жоқ, Тұяғы бүтін тұлпар жоқ не болмаса «Жетпесті қума, келмеске жылама» деген сөздермен басу, жұбату айтқан. Мұндай өлең түрлері естірту деп аталған. Естірту өлең-жырмен де, қарасөзбен де, күймен де жеткізілген. Естіртудің қарасөз түріне «Жиренше шешенге Қарашаш сұлудың өлгенін естірту», «Шыңғыс төреге Шоқан өлімін естіру», «Қанжығалы қарт Бөгенбай өлімін естірту», т.б. жатады. Ауыз әдебиетінде естірту күй түрінде де кездеседі. Мысалы, Жошы ханның жалғыз ұлының өлімін күймен естірткен. Көңіл күйге байланысты туған өлең-жырдың көне түрі – жоқтау біреудің жақын адамы, ел қамқоры болған батыр қайтыс болғанда айтылған. Халық үшін жаулармен шайқасып, қол бастаған, ел қорғаған Қанжығалы Бөгенбай батыр өлгенде Үмбетей ақын: Уа, Алатаудай Ақшадан Асып тудың, Бөгенбай, Болмашыдай анадан Болат тудың, Бөгенбай, – деп жоқтаған. Көңіл күйді білдіретін өлеңдерді ғалым, әдебиетші М.О. Әуезов «мұң-шер өлеңдері» деп те атаған. Халық лирикасының тектері мен түрлері Мақал мәтел жұмбақтар Мақал — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі, ғасырлардан екшеліп жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдар көбіне өлең үлгісінде кейде қара сөзбен де айтылады. Ұйқасқа (“Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без”), аллитерацияға (“Етігін шешпей ер шыңаймас”), ассонансқа (“Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ тұрар”) құрылады. Мақалдар тура және ауыспалы мағынада қолданылады. Ауыспалы мағынадағы сөздер ішкі астары бар, тұтас бір ойды білдіреді (“Бір жеңнен қол шығар, бір жағадан бас шығар”), (“Ырысқа қарай ұл өсер, Қонысқа қарай мал өсер”), (“Ел — ырыстың орманы, ер — ырыстың қорғаны”), (“Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді”). Мәтел — өзінің негізгі түйіндеуін кесіп айтпайтын, бір-бірімен кереғар шендестіруі жоқ, қорытындысы тұспалды, қысқа да нұсқа нақыл сөз. Мақалға өте жақын. Мәтел сыңар тармақ болып келеді. Сөз үстемелене келіп, мақалға айналады. Мысалы, “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке” — мәтел. “Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке жолығасың” — мақал. Мәтел тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Мәтел адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді. Ақын-жазушылардың ұтымды сөздерінің біразы Мақал-Мәтелге айналған: (“Ұылымды іздеп, дүниені көздеп” — Абай), (“Жалғанды жалпағынан басып өтіп” — Жамбыл, т.б.). Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштерден бастау алып, шығармалардың тілінде қолданыста болғанына көз жеткіземіз. Мақал-мәтелдер негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады. Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер берілген. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков, А.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Ә.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Н.Төреқұловтарды атап көрсетуге болады. Қазақ халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиетте 1879 жылы Орынборда шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің хрестоматиясының алатын орны ерекше. Бұл хрестоматияда берілген мақал-мәтелдер бірнеше тақырыптарға бөлініп, жүйелі түзілген. Мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп талдағандардың бірі – Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қазақ халық ауыз әдебиеті» атты еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастырушыларды атай кетіп, оның жанрлық табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. Н.Төреқұловтың 1957 жылы шыққан «Қанатты сөздер» атты жинағына бірнеше мақал-мәтелдер енген. Соңғы кезеңдерде балаларға арналып шығарылған жинақтарда мақал-мәтелдер көптеп кездеседі деп айтуға боларлықтай. Оларға, Е.Ерботинның, С.Қалиевтің Б.Кірісбаевтың, т.б. жинақтарын атап көрсетуге болады. Осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындылары мен шығармашылығында көрініс тапқан. Мысалы: «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «не күн туды басына», «сабыр түбі – сары алтын», «ауру да емес, сау да емес», «ағын судай екпіндеп» деп кездеседі. Сонымен қоса, Абайдың қара сөздерінде, оның ішінде «отыз тоғызыншы» қара сөзінде: «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы» атты еңбегінде 10 мақал талданған . Мақал-мәтелдерде бала тәрбиесіне де үлкен мән беріледі. «Қызды асырай алмаған күң етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» деген мақал-мәтелдердің мәнісі – жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ. Жастарға өнер-білім, тіл үйретуде мақал-мәтелдің мәні аса зор. Білім, өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып білімін байытқан бала ғана өмірден өз орнын алып, даналық сөздеріміз мақал-мәтелдерден өнеге алмақ. Жұмбақтар – қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра ретінде беріліп, ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейін даму, өсу, толығу үстінде келе жатқан асыл мұра. Жұмбақтардың асылдық қасиеті, оның дүниеге келуі сонау ерте заман болса да, бүгінгі біздің дәуірімізде қажеттілігі күшейіп мән - мағынасының артып отырғандығында. Жұмбақтар халық ауыз әдебиеті ішінде ұсақ жанрлар қатарына жатады. Жаңылтпаштар, мақал - мәтелдер, т. б. сияқты ұсақ жанрлар деп аталғанымен, жұмбақтар - халық ауыз әдебиетінің күрделі бір саласы. Жұмбақ жанырына тән ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жұп – жұмыр, шымыр болып, аз сөзбен көп нәрсені айта білуге бейімділік. Жұмбақ сөйлемдері көбіне қысқа, жинақы келеді. Қазақ жалпы жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т. б. данагөй, қадірменді адамдар бір - біріне жұмбақ жолдап, ақыл - ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Осы жұмбақтардың қай - қайсысы болса да халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесіне негізделіп, оның тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық дәстүрімен тығыз байланысты туып, дамып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып отырған. Қазақ Жұмбақтары ежелгі дәуірде туып, қазіргі кезеңге дейін ұзақ даму жолынан өтті. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында құрастырылған қыпшақ тілінің сөздігі “Кодекс Куманикусте” көптеген Жұмбақтар берілген. Ондағы Жұмбақтардың құрылымы, табиғаты қазіргі қазақ Жұмбақтарына ұқсас. Мысалы, Сенде, менде жоқ, Сеңгір тауда жоқ, Өте берік таста жоқ, Қыпшақта жоқ (құс сүті). Сонымен қатар Махмұт Қашқаридің “Түрік тілінің сөздігінде” де қазіргі қазақ Жұмбақтарының алғашқы үлгілері кездеседі. Қазақ халқы Жұмбақты адамдардың білім деңгейін, парасатын аңғартатын үлкен өнер деп есептеген, сондықтан жар таңдаған жастар, ақындар, ел ішіндегі шешен, би, т.б. данагөй, қадірменді адамдар бір-біріне Жұмбақ жолдап, ақыл-ой сынасып, таным салыстырған. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де, ақындық айтыс түрінде де кездеседі. Жұмбақ бейнелі суретпен айтылады. Мысалы, “Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау” (жұмыртқа), “Отқа жанбас, суға батпас” (мұз). Заттың сапасына (“Бауыздасаң, қан орнына су ағар” – қауын), қызмет-қимылына (“Жанды сағат айқай салад” – есек) қарай құрылатын Жұмбақтар көп. Кейде Жұмбақ тікелей ашық сұрау түрінде айтылады. Жұмбақ шешендік сөздермен де (“Ағат деген немене? Сағат деген немене?”), мақал-мәтелдермен де (“Сырты жылтырауық болғанмен, іші қалтырауық”) жанасымды. Қазақ жұмбақтарын жинау ісі 19 ғасырдың 2-жартысында басталып, 20 ғасырда одан ары жалғасты. Қазақ фольклоры мен ауыз әдебиетін жинақтап, алғаш рет жіктеп көрсеткен Ш.Уәлиханов, сондай-ақ, ағартушы Ы.Алтынсарин өз шығармашылығында Жұмбақтарға арнайы тоқталған. Ауыз әдебиетін зерттеуші орыс ғалымы А.В. Васильев, сондай-ақ қазақ ғалымдары С.Аманжолов, Т.Жанұзақов, Қ.Саттаровтардың құрастыруымен қазақ Жұмбақтары жинағы бірнеше мәрте кітап болып шықты. Өзінің бастау көзін, өсіп-өркендеу жолын фольклор қойнауынан алатын Жұмбақ қазақ жазба әдебиетінде жалғасын тапты. Жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Абай, Шәкерім, С.Торайғыров, т.б. Жұмбақ жанрында қалам тартты. Қазақ әдеби жұмбағының өсіп қалыптасуына М.Жаманбалинов, Ж.Смақов, М.Әлімбаев, Қ.Ыдырысов, Қ.Мырзалиев, К.Баянбаев, Қ.Шұғаев, Ә.Ысқабаев, т.б. ақындар қомақты үлес қосты. Қазіргі уақытта Жұмбақ қазақ әдебиеттану ғылымының арнаулы нысаны ретінде зерттеліп келеді. |