Главная страница
Навигация по странице:

  • Сейіт Қасқабасов «Ойөріс»

  • А.Байтұрсынұлы ауыз әдебиетін былайша жіктейді

  • «Әдебиет тарихы»

  • М.Ғабдуллиннің

  • ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ЖАНРЛАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ. Фольклорлы жанрларды классификациясы


    Скачать 25.5 Kb.
    НазваниеФольклорлы жанрларды классификациясы
    Дата05.10.2021
    Размер25.5 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаФОЛЬКЛОРЛЫҚ ЖАНРЛАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ.docx
    ТипДокументы
    #241944

    ФОЛЬКЛОРЛЫҚ  ЖАНРЛАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ

    Фольклордағы жанр ұғымы әдебиеттен сәл өзгешелеу. Фольклорда жанр – сюжеттің шығармаға айналу жолдары мен елге тарау, айтылу, орындалу мәнері. Яғни, фольклордың поэтикасы мен әлеуметтік-тұрмыстық функциясы оның жанрларын сипаттап, әдебиеттен ерекшелендіріп тұрады.

    Сейіт Қасқабасов «Ойөріс» кітабында былай дейді: «Егер біз әдебиеттің эпос, драма, лирика тектері бар десек, онда фольклор орындалу мәнері мен ел арасында өмір сүру жағдайына байланысты өзінше текке және жанрға саралануы керек. Осы тұрғыдан келгенде, фольклорды қара сөз (проза), өлең (стих) және сөйлесу (диалог) деп үш үлкен текке бөлуге болады. Қазақ фольклорында бұлардың үшеуі де бар. Үшеуін де тек деп қарайтын болсақ, оларды жанрға бөлуге болады. Проза түріндегі фольклордың жанрларына миф, әңгіме, ертегі жатса, өлең үлгісіндегі фольклордың жанрлары болып жыр, тақпақ, қара өлең, мақал-мәтелдер саналады, ал диалогқа – айтыс пен шешендік сөзді жатқызуға болатын секілді.»

    Фольклордың үш сипаты бар: 1) фольклор –ежелгі дүниетаным, көне мәдениет әрі мұра; 2) фольклор – тұрмыстың бір бөлшегі; 3) фольклор – сөз өнері.
    Фольклордың –ежелгі дүниетаным және көне әрі мұра екендігіне ерекше тоқтала отырып, ғалым фольклорға көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан ол көпқатпарлы, көпсатылы, көпмағыналы, көпқырлы деген анықтама береді. Ежелгі дәуірдегі діни нанымдар, ұғымдар мен түсініктер, мифтер мен әңгімелер, ырым - кәделер жанрларын жатқызады.

    Ал фольклордың екінші сипаты деп фольклорды – тұрмыстың бөлшегі ретінде атап көрсетеді. С.Қасқабасов осындай фольклордың қатарына тұрмыстық функция атқаратын ғұрыптық және үйлену , жерлеу салтына қатысты жанрлар жататындығын атап өтеді.

    С.Қасқабасов атап көрсеткен фольклордың үшінші сипаты - фольклор –сөз өнері. Фольклор - әрі әдебиет, әрі театр ролін атқарады.

    Ғалым қазақ фольклорының бүгінгі жанрлық құрамын былайша жіктейді: мифтер, хикаялар, еңбек пен кәсіпке байланысты фольклор, ғұрыптық фольклор, ертегілер, әпсаналар мен хикаяттар, аңыздар мен шешендік сөздер, батырлар жыры, тарихи жырлар, ғашықтық жырлар, дастандар, айтыс, өлеңдер, балалар фольклоры, дидактикалық фольклор, жұмбақтар, мақал мен мәтел, терме, мысал. Фольклордың әрбір жанрлық түріне сипаттама беріп, ерекшеліктерін саралап өтеді.

    Ал ғұлама ғалым, қазақ әдебиетінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы ауыз әдебиетін былайша жіктейді:
    «Қазақ ауыз әдебиеті жұмсалатын орнына қарай әуелі екі салаға бөлінеді:

    1) сауықтама, 2) сарындама.

    Сауықтама саласына барша сауық үшін айтылатын сөздер кіреді. Сауықтама екі тарау болады: 1) ермектеме, 2) зауықтама.

    1. Ермектеме (ермек сөз). Ермектеме деп ермек үшін сөйленетін сөздер айтылады. Мәселен: ертегі, ертегісімек, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш сияқты сөздер.

    2. Зауықтама (зауық сөзі) деп көңіл көтеру үшін сөйленетін сөздер айтылады. Мәселен, ертегі жыр (батырлар), тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең, толғау, түрлі терме өлеңдер.

    Сарындама саласына жұрттағы келе жатқан салт сарынымен айтылатын сөздер кіреді. Ол салалардың әрқайсысы тарауға, тараулары тармаққа, бұтаққа бөлінеді. Сарындама үш тарау: 1) салт сөзі, 2) ғұрып сөзі, 3) қалып сөзі.

    1. Салт сөзі. Салттама, оның түрлері. Салт сарынымен яғни салт жөнімен айтылатын сөздер салт сөзінің табына жатады. Мәселен: мысалдар, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел.

    2. Ғұрып сөзі. Ғұрыптама. Ғұрып сөзі деп ғұрып сарынымен яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздер айтылады. Мәселен: той бастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жарапазан.

    3. Қалып сөзі. Қалып сөзі деп тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылатын сөздерін айтады. 300 Мәселен, бал ашқанда, ауру басқанда бақсылардың жын шақырғанда, тіс емдегенде құрт шақыру, мал бәдік болғанда, адамға күлапсан шыққанда бәдік иә күлапсан көшіру, бала тербеткенде айтатын бесік жыры – осылардың бәрі қалып сөздің табына жатады.
    М.Әуезов қазақ халық фольклортану ғылымында тұңғыш рет қара сөзбен айтылатын бір тектес шығармаларды жеке-дара бөліп алып, жанр ретінде қарастырған. М.Әуезов қазақ фольклористикасында ауызша әдебиеттің түрлерін:
    1) сыршылдық салт елеңдері;
    2) әңгімелі өлендер (батырлар әңгімесі, ел поэмалары, тарихи елеңдер;
    3) айтыс-тақпақ;
    4) ертегі, мақал, мәтел, жұмбақ деп топтастырады.
    «Әдебиет тарихы» зерттеу еңбегінің 1-беліміңде сыршылдық салт өлеңдерін: жалпақ елдің салтымен байланысқан ел өлеңдері, дін салты мен ұғымынан туатын өлеңдер, қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдер деп үш түрге бөліп қарастырды.

    Қара сөз үлгісіндегі фольклорды ол: ертегі, аңыз ертегі, күй аңызы деп бөлген. Қазақ фольклортануында халық прозасын жанрға сараламай, түгелімен ертегі деп түсіну қалыптасқан ұғым. Мысалы, қазақ фольклорына арналған М.Ғабдуллиннің оқулығында былай деп жазылған: Қазақ ертегілерін мазмұнына, әр алуан ерекшелігіне қарай бірнеше түрге бөлеміз: Солардың ішіндебастылары: а) қиял–ғажайып ертегілері ә) хайуанаттар жайындағы ертегілер б) тұрмыс–салт ертегілері және аңыздар.

    Қазақ ертегілерін академик М.Әуезов қиял-ғажайып, хайуанаттар жайлы ертегілер және шыншыл ертегілер үш жанрға бөледі. Ал академик Сейіт Қасқабасов ертегілерді бес топқа жіктейді: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял –ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, хикаялық ертегілер, сатиралық ертегілер. Ғалым еңбектерінде ертегілердің әр түріне сипаттама береді.

    Фольклор жанрларының тағы бір түрі- әпсаналар мен хикаяттар. Бұл жанрды Сейіт Қасқабасов үшке жіктейді: тарихи – мекендік әпсаналар, әлеуметтік–утопиялық әпсаналар және діни- кітаби хикаяттар. Әпсана аңыз негізінде туындайды. Тарихи-мекендік әпсаналар ежелгі мифтен тарайды, ал әлеуметтік-утопиялық әпсаналар болмысты, өмірдің көкейтесті мәселелерін қамтиды.

    Тарихи өлеңдер жанрын арнайы зерттеген ғалым –Б.Уахатов. Қазақ өлеңдеріне қатысты еңбегінде Б.Уахатов тарихи өлеңдерді лирикалық өлеңдер қатарына қосқан. Ол өзінің 1974 жылғы «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясында тарихи өлеңдерге арнайы орын берген.

    Қазақ фольклорының барлық жанрын, оның ішінде тарихи жыр үлгілерін де жинап, жарыққа шығару ісінде көп еңбек сіңірген адам – академик В.В.Радлов. Ол өзінің 10 томдық жинағының ІІІ томына қазақтың бірнеше тарихи жырын енгізген. Бірақ В.В.Радлов тарихи жырды жеке жанр деп бөлмеген.

    Академик С.Қасқабасов тарихи жыр мен тарихи өлеңдерді зерттеген ғылымиеңбектерге шолу жасай отырып, тарихи жыр мен тарихи өлең екі түрлі жанр деген қорытындыға келеді. Сонымен қатар, ғалым тарихи жырлардың батырлар жырларынан ерекшелігін былайша саралайды:
    - біріншіден, мұндағы бас кейіпкер – көпшіліктің өз көзімен көріп, ерлігіне тамсанған тарихи тұлғалар еді;
    - екіншіден, бұл жырларды нақты оқиғалардың баяндалуы басым еді;
    - үшіншіден, тарихи жырда ғұмырнамалық сипат толық емес, яғни батырдың керемет туып, жедел өсуінен бастап, бүкіл өмірін суреттеу өте сирек, көбінесе, батырдың екі- үш ерлігі ғана әңгімеленеді;
    - төртіншіден, мұнда батыр ерекше жағдайда туған ғажайып батыр емес, ол кәдімгі ел арасынан шыққан қолбасшы, әрі бұрынғы батырлар сияқты алып күштің де иесі емес, қалың жауды бір өзі қырып салмайды,
    -бесіншіден, бұл жырда мемлекеттік белгілер бар, батырлар бір орталыққа бағынған, дәлірек айтқанда, бір әміршінің маңына жиналған, соның маңына топталған.

    Фольклорды бүге-шігесіне дейін зерттеген С.Қасқабасов дастандар мен жырларды да бөліп қарастырған. Ғашықтық жырларға Қозы Көрпеш –Баян сұлу, Қыз Жібек, Айман-Шолпан жырларын жатқызады. Ал дастандардың өзін академик алтыға бөледі: қаһармандық дастандар, ғашықтық дастандар, хикаялық дастандар, діни дастандар, әлеуметтік –сүйіспеншілік дастандар, ертегілік дастандар. Қаһармандақ дастанның классикалық батырлар жырына емес, біздің батырлық ертегілерге ұқсайтындығын айта келіп, оған Иранғайып шах Ғаббас, Бахрам, Мәлік Хасан дастандарын жатқызады.

    М.Ғабдуллин «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман, Шолпан» жырларын тұрмыс-салт жырлары (V тарау) деп жіктейді. Бұл жіктеуде сол жырлардың халықтың өмір-тіршілігімен тығыз байланыстылығы, сюжеттерінің көне дәстүрлерге негізделгені ескерілген. Бүгінгі ғылымда шығармалардың негізгі тақырыбы – екі жастың бір-біріне деген сүйіспеншілігі, сол сезімі үшін күресі болған соң, яғни махаббатты баяндау негізгі тақырып болуына байланысты, олар ғашықтық деп жіктеледі. 

    Алғаш рет қазақ эпосын тарихи желіге қойып, тұрыс топтастыру-шының бірі - Ә.Марғұлан болды: соның ішінде Оғыз-қыпшақ эпосын мынадай дәуірлерге
    бөледі:
    1. Атам замандарда туған эпос (VІ-ХІІ ғғ).
    2. Тарихи дәуірде туған эпос (ХІІІ-ХІV ғғ).
    3. Ноғайлы эпосы (ХV-ХVІ ғғ).
    4. Жоңғар соғысымен байланысты туған эпос (ХVІІІ ғ).
    5. Ішкі қанаушы мен хандарға қарсы күресті суреттейтін эпос.
    6. Совет заманында туған эпос [2, 98],

    Ә.Марғұланның жіктеуін эпосты кенжелетіп, феодализм дәуірімен тұмшалау сыңаржақ болса, оның тегін тайпа этногенезден бөліп қарау да сондай сыңаржақ пікір дей келе, ғалым Ә.Қоңыратбаев қазақ эпосының өзінің тегі мен жанры жағынан он салаға бөледі:
    І. Ертегілік эпос (Ер Төстік, Құла Мерген, Таласбай мерген,
    Дотан, Мұңлық-Зарлық).
    ІІ. Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос (Орхон жазулары,
    Күлтегін жайындағы жырлар).
    ІІІ.Оғыз эпосы (Кітаби Дадам, Қорқыт жырлары, Оғызнама).
    ІV.Тайпалық эпос (Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Шора батыр).
    V.Лиро-эпосы (Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек).
    VІ.Ноғайлы эпосы (Орақ-Мамай, Қарасай Қози, Ер Тарғын).
    VІІ.Тарихи эпос (Бекет, Досан батыр, 1916 жыл поэзиясы).
    VІІІ.Шығыс дастандары (Рүстем Дастан, түрліше қиссалар).
    ІХ.Авторлық эпос (Еспембет, Өтеген батыр, Сұраншы батыр, Нар
    қыз).
    Х.Совет эпосы. (Аманкелді, Мәлік, Төлеген жайындағы жырлар).


    написать администратору сайта