Проект. Жұлдыз (1). І кіріспe 3 1 аза тіліндегі жлдыз атаулары 5
Скачать 297.5 Kb.
|
Мазмұны І Кіріспe_________________________________________ 3 1.1 Қазақ тіліндегі жұлдыз атаулары _________________ 5 ІІ Зерттеу бөлімі ___________________________________10 2.1 Жұлдыз атауларының қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен байланысы__________________ 10 ІІІ Қорытынды____________________________________ 17 Жұлдыздар - жұмбақ әлем_______________________ 17 ІҮ Пайдаланылған әдебиеттер________________________ 18 Кіріспе Бұлтсыз ашық түнде аспаннан жыпырлаған сансыз көп жұлдыздардың көресің. Олардың кейбірі солғын жарық нүктеге ұқсайды. Енді біреулері бірде күшейіп, бірде әлсіреген алыстағы отты елестетеді. Сондықтан олар біздің көзімізге кішкене жылтыраған ноқат сияқты болып көрінеді. Жұлдыздардың центрінде бірнеше миллион градус, ал сыртқы бетінде мыңдаған градус ыстық болып тұратын, өзінен жарық шығаратын газ шарлары. Жай көзбен қарғанда аспан әлемінен 3 мыңға тарта жұлдыз көрінеді. Жерге ең жақын жұлдыз – Күн. Оның төңірегінде Жерді қоса есептегенде 8 ірі аспан денесі айналып жүреді. Олар планета деп аталады. Планеталар – өзінен жарық шығармайтын салқын денелер. Дегенмен оларда түнгі аспанда жұлдыз сияқты жылтырап көрінеді. Планетаның олай көрінуі бетіне түскен күн сәулесінің шағылысуынан. «Планета» - «кезбе жұлдыз» деген мағына беретін грек сөзі. Күн өзінің планеталарымен және басқа серіктерімен қосылып күн жүйесін құрайды. Барлық аспан денесі дамудың күрделі жолынан өтеді. Дегенмен, олар қалай өзгерсе де, неден құралса да бәрі бір олар (материя) із – түзсіз жойылмайды. Жұлдыздар шексіз ғана емес, сонымен бірге ол мәңгі дүние. Жұлдыз – ғасырдан да ұзақ тылсым, мәңгілік жұмбақ әлем, адамзаттың ұғымына сыймайтын тәтті қорқыныш, ғаламат күш және тұтастай эйфория. Зерттеу болжамы: Жұлдыз атаулары, олардың сыры туралы сан түрлі пікірді тоғыстыру, өзара байланысын өз замандастарымызға ұғындыру. Зерттеу мақсаты: Аспан әлеміндегі жұлдыздар сырын, жұлдыз атауларының қазақ халқының таным түсінігімен сәйкестігін анықтау. Зерттеу міндеттері: І. Зерттеудің әдіс – тәсілдерін теориялық тұрғыдан негіздеу ІІ. Деректер, ғылыми еңбектерді жинақтау ІІІ. Тұжырымдау Зерттеу әдістері: І. Ғылыми тұжырымдарды талдау ІІ. Ғаламтордан алынған мәліметтерді сұрыптау ІІІ. Пікіралмасу 1.1 Қазақ тіліндегі жұлдыз атаулары Жетіқарақшы Түнгі аспанда шөміш тәрізді келген жеті жұлдыз Жетіқарақшы деп аталады. Ол бір тәулікте Темірқазықты бір айналып шығады. Темірқазыққа қарап, қазақтар сапар шеккенде жол бағдарын анықтайды. Темірқазықты бетке алып немесе Темірқазық сол иығынды болсын деп жолаушыға жол сілтеген. Аңыз бойынша, қырық ұры – қырық қарақшы өмір сүріпті. Қырық қарақшының қолбасшысы Қыранқара Үркердің қызы Үлпілдекті айттырып алмақ болыпты. Бірақ Қыранқараның «бара жатқаның балтасын, келе жатқанның кетпенің ұрлаған» баукеспе екенін білетін қыз оған қалыңдық болуды қаламапты. Әке – шеше, ағайын – туған, ел – жұрты да ардақтаған аруларын қанды қол қарақшыға беруді ар көріпті. Бұларды көндіре алмаған Қыранқара жасақ жинап келіп, қыздың елін шауыпты. Үлпілдекті олжалап, ат артына салмақ болыпты. Қыранқара тұлпар таңдап мініп қуаласа да, сұлу сары атқа мінген Үлпілдек жеткізбей қашып құтылыпты. Үлпілдекті қолға түсіре алмай құса болған Қыранқара аспан әлемін кезіп, сұлу сарыны қуып жететін жүйрік іздепті. Мұндай жүйрік ат аспанның солтүстігін қоныстанған Ағай мен Сығай деген екі батырдың Ақбозат, Көкбозат деген аттары еді. Осы аттарды ұрлап мініп, Үлпілдекті қолға түсірмек болған Қыранқара жеті қарақшыны ертіп, жортуылға аттанады. Олар аспанның солтүстік үйегіндегі Темірқазықты айнала қонған ауылдарды (шоқжұлдыздарды) ториды. Жетіқарақшының бас жағында жарқырап тұрған жұлдыз – ұрылардың басшысы Қыранқара қарақшы. Ал оның қасында әлсіреп көрінетіні - тұтқында отырған Үлпілдек қыз. Үркер өзінің қызын қайтарып алу үшін түнімен Жетіқарақшыны қуып жүреді екен. Жетіқарақшы туралы мынадай ертегі де сақталған: «Ертеде бір байдың жылқының басындай алтыны болыпты. Ол алтынды жерге көміп тығып тастаған екен. Сол заманда елге атағы шыққан жеті ұры байдың алтынын ұрлап кетеді. Бірақ тастай қатты алтынды бөле алмайды. Сонда Қыран қарақшы: «Бөлуді бір білсе, оның иесі біледі», - деп байға келеді. Бай оны қонақ қылып, барын алдына тосыпты. Ата дәстүр бойынша, ет піскенше қонақ үй иесіне әңгіме, ертегі айтуы тиіс. Қарақшы осыны сылтау етіп әңгіме бастайды: «Бір байдың ат басындай алтынын жеті ұры ұрлапты, бірақ олар алтынды бөлуді білмейді екен». Бай: «Ол үшін алтынды биенің қазыға алынатын майына орап, қайнату керек. Сонда алтын жібиді», - депті. Қыран қарақшы жолдастарына келіп, алтынды қазының майына орап, қайнатыпты. Жібіген алтынды оп – оңай пышақпен жетіге бөліп, өзара бөлісіп алыпты». Темірқазық Темірқазық – аспанның солтүстік жиегінде орналасқан, «Кіші аю» шоқжұлдызындағы ең жарық жұлдыз. Қазақ халқы қараңғы түнде адасып кетпеу үшін Темірқазыққа қарап бағытын анықтап отырған. Бүкіл жұлдыздардың ішінде тек сол ғана тұрған орынынан ауып кетпейтіндіктен осылай аталған. Ал қалған жұлдыздардың барлығы таңға дейін өз орындарынан жылжып, біреуі жоғары көтерілсе, енді біреулері төмен түсіп батып кетеді екен. Темірқазыққа жақын орналасқан екі жұлдыз бар. Олар түнімен Темірқазықты төңіректеп кетпейді. Халық бұл жұлдыздарды «Ақбозат» пен «Көкбозат» деп атаған. Аңыз бойынша, Ақбозат пен Көкбозат темірқазыққа арқандалып байланған. Олар түнімен қазықты айнала оттап, жайылып жүреді екен. Зер сала қараған жанға екеуінің шұбатылған арқандары көрінеді дейді. Жеті қарақшы (Жетіқарақшы) осы тұлпарларды ұрлап кетпек темірқазық (Темірқазық) маңайын үнемі торуылдап жататын көрінеді. Ұрылардың ойы – осы аттарды қалайда қолға түсіру. Ал таң атысымен жеті қарақшы көзден тайып тасаланады. Үркер Үркер – шығыстан батысқа қарай көтерілетін бір топ жұлдыздар шоғары. Ертеде адамдар осы жұлдызға қарап жылдың қай мезгілі екенін, уақыттың қанша болғанын шамалап білген. Ел арасындағы Үркер туралы аңыздардың бірінде бұл бір сұлу қыз екен. Оның Ай мен Күн деген екі апасы болыпты. Үркердің ажары әпкелерінен асып түсіпті. Сіңілілерінің сұлулығын көре алмаған Ай мен Күн Үркердің бетін тырнап алыпты. Содан бері оның беті қотыр болып қалған екен. Келесі бір аңызда Үркер қазақша «үркек» деген сөзден шыққан делінген. Баяғы замандарда жер бетінде үнемі қыс болып тұрыпты. Осы кезде Үркер шоқжұлдызын құрайтын шағын он екі жұлдызша жерде ұйықтап жатады екен. Бірде бір данышпан суықтан әбден қажыған жануарларға: «Егер осы жұлдыздарды түгелімен қырып салсаңдар, жайма – шуақ жазға кенелесіңдер» деген өсиет айтады. Сонымен түйе, жылқы, сиыр үшеуі жиналып, жұлдыздардың көзін жоймақ болып келіседі. Әуелі жылқы төрт жұлдызшаны, түйе тағы екеуін табанына салып таптапты. Алты жұлдызша сиырдың еншісіне тиіпті. Бірақ жұлдызшалар оның аша тұяғының арасынан сытылып шығып, Көкке ұшып кетіпті. Содан бері жерде алты ай суық және алты ай жылы болады екен. Жануарлар сиырға өкпелепті. Оларға суықтан қорықпайтын сиыр: Қыста сықырлатып қар басып жүрген жаман ба? Ыстықтан дымымыз құрып қаталағанымыз жетер! – деп жауап беріпті. Шолпан Таң алдында барлық жұлдыз өшіп бара жатқан кезде таң шапағымен жарқырап тұратын, ал ақшамда көк жүзіне бар жұлдыздардан озып, ең алдымен көрінетін Шолпан жұлдызын (ғылым тілінде ол – Венера планетасы, ежелгі гректерде Венера махаббат құдайы саналған) байқауға болады. Бұл жұлдыз Бақташы планетасы деп те аталады. Шолпан ғарыштарды желеп – жебейді, оларға бір – бірінен хабар жеткізеді. Шолпан аңызда емші қыз болып айтылады. Әрі мейлінше сұлу. Ол бар ғұмырын ауру-сырқауларды емдеп, жазуға арнамақшы болады. Бірақ оның бұл ойы жүзеге аспай қалады: өзі сұлу, өзі ақылды емші қызға жігіттер бірінен соң бірі сөз айтып, ақыры оның соңы үлкен дау-жанжалға айналады. Ел арасында іріткі туа бастайды. Мұның бәрі өзінің сұлулығы мен ақылдылығына байланысты болғанын сезген қыз елден алысқа кетіп, халыққа нұрын биіктен шашқысы келеді. Сөйтіп, таң қылаң бере ол аспанға ұшып шығып, таң жұлдызына айналады. Халық оны Шолпан жұлдызы деп атап кетеді. Қызыл планета – Марсты қазақ шарт аяздың хабаршысы деп есептеген. Өйткені ол шарықтағанда суық күшейетін болған. Қызыл шұнақ аязбен бірге шығыстан қызыл оттай жұлдыз көтеріледі. Текке көтерілмей өңменен өтетін аязын әкеледі. Шолпанның қыста тууы қатты суықтаң нышанын білдіреді. Соны алдын ала ескертерде ол айырықша жарқырап көрінеді екен. Осыған байланысты оның Тұл қатын деген тағы бір аты бар. Ескі наным бойынша, Шолпан жұлдызын әлі тумаған адамдардың жандары мекендейді деген ұғым қалыптасқан. Оның құпия жарығына адамдардың құмар болуы сондықтан шығар. Есекқырған Есекқырған – күн ұясына батқаннан кейін батыстан туатын жарық жұлдыз. Халық арасында Сары жұлдыз, Бақташы жұлдыз деген бірнеше атауы бар. Аңызда былай айтылады: «Бір күні есектерге жүгін артқан саудагерлер керуені жолай бір ауылға жетеді. Шаршап – шалдығып келген олар алыс жол алдында тынығып алмақ болып ертерек жатып қалады. Бір мезетте керуенбасы ұйқысынан оянып, далаға шықса, айнала жап – жарық. Ол адамдарын оятып: «Жүрер уақыт болды. Шолпан туыпты», - деп жолға қамдана бастайды. Есектеріне жүктерін теңдеп, жүріп кетеді. Олар жүріп келеді, жүріп келеді. Таң ағарудың орнына, қайта қоюланып қараңғылана түседі. Таң атып болмайды. Осылай келе жатқанда құмды дауыл басталады. Бүкіл есек дауылға шыдамай қырылып қалады. Жандарын әзер сақтап қалған керуеншілер жаяулап – жалпылап, өздері шыққан ауылға зорға жетеді. Есін жиған жұрт «Шолпан туды деп алып шыққан сенсің», - деп керуенбасыдан қырылған есектері үшін құн талап етеді. Керуенбасы ақталып: «Мені алдап соққан жұлдыздың өзі, сенбесеңдер, көрсетейін», - деп барлығын сыртқа алып шығады. Жарқырап тұрған жұлдызды көрген адамдар «Расында да таң атып қалған ба?» деп жағаларын ұстапты. Сөйтсе, бұл күн батқан соң батыстан көтерілетін жұлдыз екен. Содан бері ол «Есекқырған» деп аталып кетіпті». Үшарқар Ертеде бір күні аңшылар иттерін ертіп, орманға аң аулауға аттанады. Олар із кесіп, ұзақ жүреді. Кенет бір алаңқайда алдарынан ғажайып көркем үш арқар шыға келеді. Иттер сол арада тап береді. Арқарлар тұра қашады. Соңдарынан аңшылар шаба жөнеледі. Ақыры, сиқырлы жануарлар көкке қарғып, жұлдыздардың ара – арасымен заулайды. Иттер де қалыспай, ілесе аспанға көтеріледі. Сол кезден бері олар арқарларды қуалап жүр деген аңыз сақталған. Халық арасында осы шоқжұлдыз «Үшарқар таразы» деген атаумен танымал. Негізгі бөлім 2.1 Жұлдыз атауларының қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен байланысы Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ислам ғылым дамыған сайын ашылады» делінген. Мұның терең сырына бүгінгі ғылым мен техниканың күн санап өсу барысында көзіміз жете түскендей. Соның бірі бүкіл ғалам, оның ішінде жұлдыздар әлемі туралы түсінік-танымымыз қаншалық өсіп, кеңейгені жөнінде әңгіме қозғамақпын. Ақпа жұлдыздар туралы ел арасындағы әңгімелерге назар салсаңыз, әр түрлі аңыз-әңгімелер мен ұқсамаған адамдар аузынан түрлі-түрлі ұқсамаған көзқарасты естисіз. Қазақ нанымында аққан жұлдызды адам өмірімен байланыстырып та түсіндіреді. «Жұлдызың жоғары болсын», «Жұлдызың жансын» деп жатады. Бұлтсыз кештерде далада тұрып аспанға көз салсаңыз, көктен жарқыраған із қалдырып, бір шоқ жарық сәуленің ағып бара жатқанын көресіз. Кейде бұл жарық сызықтың бас жағы ұшқын шашады, тіпті дауысы да естіліп қалып жатады. Кейде ақпа жұлдыздар жер бетіне де түсіп жатады. Ол түскен жерден ып-ыстық тас, темір кесектерін тауып алуыңыз да ғажап емес. Аспаннан түскен осы жұлдызды метеорит деп атайды. Ал аспан жақта жарық із қалдырып өте шығатын, бірақ жерге түспейтіндерін метеорлар (ақпа жұлдыздар) деп атайды екен. Жұлдыздың ағуы үнемі ұшырайтын табиғат құбылысы. Ал метеорит көп кездесе бермейді. Анығында, ақпа жұлдыз бен метеорит мәні жағынан ұқсас, бәрі де күн жүйесіндегі үлкенді-кішілі тас кесектері, әрі олар түрлі орбитада айналып жүреді. Кейде Жер шарына кездеседі де, жердің атмосфера қабатына еніп кетеді. Олар секундына жүздеген шақырымдық жылдамдықпен аса тез қозғалатындықтан, жердің атмосферасында үйкелістен қатты қызып жанып кетеді де, найзағай оты сияқты жарқырап барып, жоқ болады. Метеорлардың көпшілігі солай ауада жанып таусылады. Сондықтан жер бетіне түсу құбылысы аз кездеседі. Жердің атмосфера қабатына енген метеорлар өте үлкен болып, атмосферада жанып бітпей қалса, онда сол жанып таусылмаған бөлігі Адамзат мекеніне «қонақ» болып түседі. Оны басында айтып кеткеніміздей метеорит деп атайды. Ай есебі (Ай санау) - дәстүрлі ортада таралған күн қайырудағы, уақыт санаудағы халықтық астрономияға негізделген бірлік атауы. Қазақ есепшілерінің үш түрлі төл тума күнқайыруы болған: оның екеуі - ай есебіне негізделген күн қайыру - Қамбар тоғысы мен Үркер тоғысы. Ал, үшіншісін жұлдыз есебіне негізделген күнқайыру немесе Үркер есебі деп аталады. Үркер есебіне негізделген күнқайыру күллі қазақ жұртшылығына ортақ ай есебі қалыптастырды. «Ай-айдың оты басқа» деген қазақ әр айдағы табиғат құбылыстары мен шаруашылық әрекетіне қарай туындайтын сипатына байланысты және уақыт өлшеудегі басты объект Ай мен Күннің шығуы, батуы, Күн аясындағы уақыттың (жарықтың) ұзынды-қысқалы болуына қарай атаулар қалыптасты. Бір жылдағы ай есебі отамалы, сарша, тамыз, қыркүйек, желді (қазан), қараша, тоқсан (желтоқсан), қаңтар, ақпан, тоқпан (екі ағайынды), көкек, мамыр (құралай) деп аталды. Жылдың бас айы - отамалы болып саналған. Мерзімі жағынан қазіргі мамыр айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні түркі тілдерінің барлығында дерлік кездесетін «от», яғни шөп деген мағынаны білдіреді. Әдетте, отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ал, одан кейінгі ай - саршада көкорай шалғын өсіп, толады да, айдың аяғына қарай шөп басы сарғыш тартып пice бастайды. Ал, тамыз сөзі «күйдіру» деген мағынаны аңғартады. Б.А.Куфтиннің тамыз сөзін «жағу», «тұтату» мағынасындағы етістік, одан тамызық сөзі туындаған дейді. Бұл айда күн аптап болып, шөптің басы қурай бастайды. Тамыздан кейінгі ай қыркүйек, әуелде қошқарға, текеге күйек байлана бастайтын кез дегенді білдірген. Желді немесе қазан - алғаш үсік жүріп, күннің суыта бастайтын шағы (қазан парсы тілінде күз дегенді білдіреді). Қарашада жердің оты кетіп, бет-бедері коңырқай тарта бастайды, атауы да соны меңзейді. Желтоқсан, кейде тоқсан деп те аталады. О баста күз айлары желдіден басталып, тоқсанмен аяқталған. Кейінірек осы екі сөз біріге келіп, күздің соңғы айының атауы болып қалыптасты. Қаңтар - «күннің қаңтарылып байланатын, одан әрі тұқырып, қысқара алмайтын айы» болғандықтан айдың аты да осылай аталған. Татар тілінде тат. күзе қантар («күзгі қаңтар») орыс. октябрь-ноябрь, тат. язғы кантар («жазғы қаңтар») орыс. март-апрель, башқұрт тілінде башқ. буре кантары (бөрі қаңтары) «наурыз айының басқы кезі», ал қырғыз тілінде қыр. аю кантары «қыстың бір мезгілі» дегенді білдіреді. Осындай салыстыруға қарағанда, аңшылық күнқайыруда қаңтар сөзі «аңшылықтың тоқтайтын шағы, яғни аңдардың қой ойнаққа түсетін кезі» дегенді білдірсе керек. Мұндағы отамалы, сарша, тамыз, қазан, қараша және тағы басқа деген мерзімдеу - ай есебінің мән-мағынасы да көк атаулының өсіп, өнгенінен бастап, солып қурағанға дейінгі мерзімді білдіреді. Халқымыздың ұғымында көкек жағымсыз құс емес, керісінше, «Көкек - киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды», - деп жазады Ш.Уәлиханов. Кей өлкеде көкек наурыз айына сәйкес келеді. Бұл кезде көкектің жылы жақтан келе қоймайтыны белгілі. Сондықтан болу керек, Б.А. Куфтин өзінің мақаласында бұл айдың атын көк-көк (орыс. едва зеленый) деген сөзбен ұштастыра қараған. Олай болса, көкек сөзі «көк әлі көк», «өсіп жетілмеген» деген мағынаны білдіретін сөз тіркесі болып шығады. Мұндай жорамалдың да негізі бар (Мәселен, алтайлықтар сәуірді көк ай, шұлым татарлары майды көк ай деп атайды. Бұл тілдерде ай есебі көктің қаулай шығатын мезгіліне орай айтылғаны айқын байқалып тұр.) Көкектен кейінгі айдың аты - мамыр. Бұл жыл құстарының мамығын төгіп, көл жағасына ұя сала бастайтын кезі. «Көл eт, көп eт, көлді мамыр eт; не тілегенін әзір ет» делінеді байырғы баталарда. Б.А. Куфтин: «Сәуірдің 20-на дейінгі (қазіргіше мамырдың 3-і) 27-28 күнді мамыр деп атайды, мал оңала бастайды, шүкіржапырақ жеп, қыстайғы жеген жемінің қалдыгынан іші-қарнын тазартады», — десе, Л.Будагов: мамыр ат «аяғы ауру ат», мамыр «семіздіктен немесе күзгі шыққан қауырсыны әлі қатаймағандықтан ұша алмайтын құс, сондықтан, айдың да аты осылай аталған», - дейді. Ай аттарын саралай келе қазақтардың дәстүрлі күнқайыруында ай аттары басқа халықтардағыдай бір қиялдағы бейнелердің немесе патшалардың есімімен аталмағаны байқалады. Үркердің белгілі бір жылдағы батуынан келесі жылғы батуына дейін 365 астрономиялық күн бір астрономиялық жылды құрайды. Ал, шындығында, Үркердің батуынан келесі жылдағы батуына дейінгі уақыт 365 күнге және 6 сағатқа, яғни соңғы уақыт тәуліктің төрттен біріне тең келеді. Сөйтіп, осы алты сағат немесе тәуліктің төрттен бірі жинала келіп, төрт жылда 1 күн, қырық жылда 10 күн, сексен жылда 20 күн, жүз жиырма жылда 30 күн болады. Әуелде отамалы мамыр айына сәйкес болған, бірақ, әр жылдағы алты сағат айырма жинала келіп, жүз жиырма жыл өткен соң, отамалы сәуірге, екі жүз қырық жыл өткен сон наурызға, төрт жүз сексен жылдан соң ақпанға айына ауысып отырған. Сонымен, отамалының кейбір деректерде «мамыр», қайсыбір мағлұматтарда «ақпан» болып жүруінің осындай себебі бар. Көкек айының да бірде «мамыр», бірде «сәуір», бірде «наурызға» сәйкес болуы да осы тәрізді. Міне, ай есебінің осындай «қыдырысына» қарағанда есепшілердің Үркер күнқайыруын қолдана бастағанына бес-алты ғасыр шамасындай уақыт өткен деп жорамалдауға болады. Наурыз күнқайыруын кезінде қазақ есепшілері де қолданып, айлардың өз «тұғырынан» жылжып кетуі тәрізді кемшілікті ендігі жерде кібісе жыл әдісімен ретке келтіре бастады. Наурыз күнқайыруы бойынша көбісі жыл есебін негізге ала отырып, есепшілер өз стилін жасауға тырысты. Мұндай әрекет, әлбетте, күнқайыруды халықтың тұрмыс-тіршілігіне, бұрыннан келе жатқан салт-дәстүріне бейімдеу ниетінен туса керек. Кейбір есепшілер, біздің байқауымызша, шілденің шығуы мен кіруін астрономиялық жылдың межесі етіп алған. Шілде парсы тілінде қырық деген мағынаны білдіреді. Алайда, Наурыз күнқайыруының парсы стилі бойынша шілде жазғы және қысқы шілде болып екіге бөлінеді. Ал, жазғы шілденің өзі кіші шілде (5 шілде - 25 шілде) және үлкен шілде (25 шілде - 5 тамыз) болып тағы екіге жіктеледі. Қысқы шілде де тап осы тәрізді: кіші шілде (5 желтоқсан - 25 желтоқсан), үлкен шілде (25 желтоқсан - 5 ақпан) деп аталады. Ал қазақ есепшілерінің шығарған шілдесінің парсы күнқайыруындағы шілдеден едәуір айырмасы бар. «Қысқы шілде де қу сақта, жазғы шілдеде су сақта» дейді халық мәтелі. Жаз тоқсандағы шілде кіші шілде және ұлы шілде деп екіге бөлінеді. Кіші шілде мамырдың 24-25- інде кіріп, шілденің 7-8-інде шығады. Ал, ұлы шілде немесе кәдімгі шілде шілденің 8-9-ында кіріп, тамыздың 17-18-інде шығады. Қыс тоқсанындағы шілде де осы тәрізді: кіші шілде 24-25-інде кіріп, қаңтардың 6-7-інде шығады, ал, ұлы шілде қаңтардың 7-8-інде кіріп, ақпанның 17-18-інде шығады. Бұл кезді шілде тоқсан айы деп атайды. Шілде тоқсан айы деген тұрақты сөз орамы байырғы мұралар тілінде де кездеседі: Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар, Шудасы шөгіп жатса, шаңға батар. Қауыста қарашамен қаймақшиды, Шілде тоқпан айында дария қатар. («Ұлбике мен Кұдері қожаның айтысы»), Қысқы ұлы шілденің шығуымен қыстың соңғы зәрі кетеді де, табиғат көктемгі тіршілікке қарай бет бұрады. Осы кезде, ақпанның 17-18-інде, Жетісу өлкесінде наурыздама өткізіледі. Сөйтіп, есепшілер уақыт жағынан бұл мейрамның байырғы кездегі Қызыр Ата немесе Қарт Наурыз мейрамына сәйкес болуына ерекше көңіл бөлген тәрізді. Кейбір деректерде Наурыздың ақпан айына тура келуі күнқайырудың осы аталған шілде стиліне байланысты екенін байқатады. Мұндай өзгерістердің себебінен отамалы тәрізді дәстүрлі ай атының орнына наурыз сөзі қолданылды. Сөз мағынасындағы іргелестік пен қызметіндегі ұқсастық деп аталатын заңдылық бойынша наурыз, шілде сөздері өздерінің негізгі мағынасына қосымша ай есебі болып та жұмсалды. Сөйтіп, кейбір дәстүрлі ай есебі санаттан шығып қалса, қайсыбірі өз «тұғырынан» ығысып, басқа айдың атауына айналды. Шындығында, наурыз - айдың аты емес, жыл басы мейрамының атауы. Әдетте, жазғы шілде сарша мен тамыз айларында өтеді. Бұл екі айдың атын қосарлап, саршатамыз деп те атаған. Бертін келе, кей жерлерде шілде сөзі маусым айының атына көшті де, шілде айын тамыз немесе саршатамыз деп те атады. Бір есептен, шілде атауын ай санатына қосудан гөрі «жазғы және қысқы қырық күндік мезгіл» мағынасында қалдырған жөн тәрізді. Дәл осы сияқты ақпан-тоқпан атауының да қосарлана айтылуы тегін емес: әуелде ақпан «январь», тоқпан «февраль» деген жеке-жеке айлардың аты болған. Демек, бұл екі сөз де қосарлана келіп, қысқы шілденің баламасы болып жұмсалған. А. е.-нің өз «тұғырынан» ығысуы мен күнқайыру жүйесінің жаңғыруына бай-ланысты тоқпанның орнына ай аты болып наурыз сөзі қолданылды. Бірақ ай санатынан шығып қалған мұндай атаулар мүлде ұмыт болып кеткен жоқ, басқаша мағына алып, амал атауына ойысты. Осымен байланысты тіліміздің күнқайыру лексикасына едәуір өзгерістер енді. Наурыз, шілде, шілде тоқсан тәрізді арнайы атаулар күнқайыру жүйесінде тұрақты қолданыла бастады. Осылайша А. е.-нің көп нұсқалығы пайда болды. Сонымен, есепшілер көбінесе жыл әдісін қолдана отырып наурыз күнқайыруының бірнеше стилін жасаған: мысалы, жыл басы февральдың 18-19-дарында басталатын шілде стилі, жыл басы марттың 9-10-дарында басталатын есепші Байбақты Қазыбек стилі т.б. Көптеген аймақта бұл аталған стилдер жүйелі қолданылған. Алайда есепшілердің басым көпшілігі дерлік жылдың шығуы мен кіруін парсы стилі, яғни Жас Наурыз бойынша марттың 22-24-і етіп алды. Жас Наурыз ел ішінде Көктастың Наурызы деп те аталады (толығырақ Наурыз). Түркі халықтарының арасына VIII-X ғ.-да тарай бастаған ислам діні қазақ қоғамының салт-санасына, мәдени өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Ислам діні өзімен бірге жаңа тұрпаттағы жазу-сызуды ғана емес, күнқайырудың жаңа бір жүйесін де ала келді. Ай есебіне негізделген араб күнқайыруын кейбір түркі халықтары бұрынғы орта ғасырдың өзінде-ақ қолдана бастады. М.Қашғаридың сөздігінде орта ғасырдағы ресми құжаттарда мысалы, Тоқтамыс ханның жарлықтарында, Қадырғали Жалайыри бидің шежіресінде жұмада әлаууел, рабби әл-аууел, ражаб, рамазан, сафар, зүлқыжа т.б. А. е. бар. Қадырғали бидің айтуынша, түркілер екі түрлі күнқайыру жүйесін қолданған. Біріншісі - арабша ай есебі, екіншісі - жұлдыз есебі. Ел ішінде маркұм болған адамның жасын шығару салтында осы күнге дейін араб жүйелі күнқайыру қолданылады. Сондай-ақ, ел арасында сапар айында ұзақ жолға шықпайды деген де ырым бар. Байырғы кезде сапар айында сапар қашты ырымы да жасалатын болған. Ораза айт, Құрбан айт мейрамдары, марқұм болған адамның жасын шығару, т.б. діни салт-дәстүрлер арабша ай есебі бойынша өткізілді. Ережеп, Рамазан, Жұмаділ, Шабал, Барат, Әшір тәрізді есімдер сол айда немесе осы айдағы айтулы мезетте туған балаларға қойылған. Міне, мұндай мысалдар арабша ай есебінен қазақ қоғамында кең түрде әрі жүйелі қолданылғанын көрсетеді. Қорытынды Жұлдызды аспан әркімді де қызықтырып, елітіп әкететіні анық. Қазақ тіліндегі жұлдыз атауларының сыры да қызықты әрі жұмбақ, ол туралы айтылатын пікірлер мен шығу туралы аңыздары тіпті атаулары да сан қилы. Десек те әр халықтың өзіндік ой-пікірі, таным қабілеті бар. Қандай жұлдызды алсақта мақал немесе нақыл сөзбен түйінделген. Бұл түйіндеулерге зер салсақ, әрқайсысының тәрбиелік мәні зор. Тәрбие сан қырлы. Ата – тегінің табысын айту, халқының дәстүрін сақтау, оны өз заманыңың қағидаларымен теңестіру тәрбиенің бір көзі. Сондықтан да жұлдызды аспан сыры маңызды мәселе болып қала берері анық. Қазақ халқы ауа райына тәуелділік, одан сақтану, салт – дәстүрі ұрпақтан – ұрпаққа жалғасты. Бүгінгі күні бұл әдістердің белгілі бір жердегі ауылдардың тыныс – тіршілігінде маңызы зор болмақ. Әдебиеттер тізімі: 1. Дагаев М.М., Чаругин В.М. Астрофизика – Алматы, Республикалық мемлекеттік Рауан баспасы, 1999 - 192бет 2. «Физика және астрономия» № 3, 2012 ж 3. Х. Әбішев «Аспан сыры». Қазақстан, 1966 4. Қазақ дәстүрлі күнтізбесі мен этноастрономиясы мәселесінің зерттелу тарихынан // Қазақстанның ғылым әлемі. 2010, №6 |