12 қара сөз. Кімдекім жасыжаман ибадат ылып жрсе, оны ол ибадаттан тыюа аузымыз бармайды, йтеуір жасылыа ылан ниетті жамандыы жо ой дейміз. Лкин, сондай адамдар толымды ибадата ылымы жетпесе де, ылса екен
Скачать 16.09 Kb.
|
12 қара сөз Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды. 18 Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек - дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі. Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» - дейтұғын болмаққа ойланбақ. Мұның бәрі - масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы - қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық. Ала қойлар (И. А. Крыловтан) Бір таудағы хайуанды бір арыстан Билеген патшасы екен әуел бастан. Әділ атақ алмақшы ниеті бар, Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан. Онысы рас, басында тәуір болған, Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған. Алдынан жан шықпаған патшамыздың Ала қойды көргенде көзі ауырған. Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа, Қойдан қашып шығыпты патша тасқа. Көрсе қаза тұрады аза бойы, Болмады бұған айла ойламасқа. Тұрды патша қайғырып уайым жеп: "Ала қойды болады қайткенім еп?" Аю, түлкі — қасында уәзірлері, Кеңеседі оларға "қайтемін?"— деп. Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю: — Батыр патшам, не керек көп ойлану? Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды? Ақылы ала қойдың — қырып салу. Қабағын түйді арыстан сөзін үғып: Өлтірмегім оңай - ақ қойды сығып. Өз жұртын өзі қырған патша бар ма? Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып. Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам, Сөкпеңіз,— деді түлкі,— мен сөз айтсам. Оңаша бір өзенді қойға беріп, Қайраңында семіртіп, кең жайлатсаң. Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз, Жаманды жақсыменен тең көріңіз. Ала қой қорыққаннан өзі азаяр, Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз. Қара деп қатты тапсыр ала қойды - ақ, Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң, Жаман аттан боласыз сіз - дағы аулақ. "Құп" деді, оны арыстан қабыл көрді, Қасқырға "жақсы бақ" деп жарлық берді. Ала түгіл ағынан тыныш бопты, Түлкінің айтқанындай қылып еді. Түлкінің айтқаны рас, жұрт — ақылсыз, Көре салды қасқырдан баяғы арсыз. Антұрғандық түлкі мен арыстанда, Ол болмаса, не қылмақ қасқыр жалғыз? |