Главная страница
Навигация по странице:

  • ӨМІРДІҢ МӘНІ НЕ

  • Еркінді

  • Махаббат

  • ӨМІРДІҢ МӘНІ НЕ. Мірді Мні не


    Скачать 1.79 Mb.
    НазваниеМірді Мні не
    Дата22.10.2022
    Размер1.79 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаӨМІРДІҢ МӘНІ НЕ.docx
    ТипДокументы
    #748153


    Өнер үшін, яки өнерпаз үшін бір-ақ өмір бар, ол – ізденіс,

    үздіксіз іздеу, табу, ашу, бұдан жалыққан жерде әуелі

    өнердің күні, өнерпаздың күні таусылады.

    Әбіш Кекілбаев



    Профессор, жазушы Бегман Ысқақ

    ӨМІРДІҢ МӘНІ НЕ?

    Шымқала төрінде шуақты да шырайлы, жұпар исі аңқып, сағым ойнаған далада бұлбұл үні тербеткен, қырмызы гүлдері құлпырған, көкте ақша бұлттар мамырлай қозғалып, мүлгіген табиғаттың исініп, иіп тұрған мамыр айы. Шуақты болатыны соно-о-о-у шексіз де шетсіз кеңістіктен мақпалдай жанға жайлы Күн нұрын төксе, шырайлылығы айнала исі жұпар аңқыған, қызылды-жасылды әсем гүлдермен кестеленген.

    Мектеп бітіргендеріне қырық бесжыл толған сыныптастарға табиғаттың бұл мырзалығы көңілдеріне желік бітірсе, екіншісі, жан дүниелерін шаттыққа кенелтті. Осы бас қосуды ұйымдаструшы белсенділерінің бірі Нұрлан микрофонды қолына алып:

    - Ал, жігіттер мен қыздар,... – дей бергенде Мұхтар оның сөзін бөліп:

    - Әй, Нұреке, сен айтып тұрған алпыстың ар жақ, бер жағына келіп қалған жандар қайдағы қыздар мен жігіттер болмақ, сен де айтады екенсің-ау. Анау Асылды қарашы қарны қампайып партаға әрең сыйып отырғанын, Зәкира да одан қалысар емес, - деді өлшеусіз толып кеткен келіншекті көз жанарымен нұсқап. Жұрт қыран топан күлкіге көмілді де қалды.

    - Мұхтар, ауру қалса да әдет қалмайды деген рас-ау, сол баяғы біреудің кемшілігін жіпке тізіп, күлкіге айналдырып отыратын әлі балалығың қалмапты ғой. Қашан ес кіреді саған? Балаң ержетіп, қызың бойжеткелі қашан? «Мектебің, мына класың, Осында он жыл тұрасың. Тарыдай болып кіресің, Таудай болып шығасын» деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай, біз тоқсанға келсек те бұл киелі орынның ұл-қызымыз, менің ойымша, Нұрланның қыз-жігіттер деген дұрыс,- деді Динара.

    - Бәсе, Динара, сөйтіп, Мұхтардың аузына құм құйып қоймасаң, менің әр сөзімнен ілік тауып, күн көрсетпес, - деді Нұрлан ризалық мақаммен.

    - Сонымен әсем кілемнің өрнегіндей үйлесімін тапқан, он жыл бірге білім нәрінен сусындаған құрбылар, биыл сол қамсыз да уайымсыз бірге өткізген бал дәурендерімізге қырық бес жыл болып қалыпты. Шіркін, атқан оқтай, шапқан аттай жүйткіген қайран уақыт-ай. Бір сәтке тоқтататын, дамылдататын, бір мезетке болса да сол бал дәуренді қайтаратын күш болса ғой, шіркін! Бірақ ондай күш қайда? ...

    Ұстаздарымыздың қолынан аттестап алып, үлкен өмірге жол тартқанымызда отыз едік. Бүгін жиырма екіміз-ақ бас қосып отырмыз.

    Өмірдің қатал заңы сол: ешкім де мәңгілік емес екені белгілі, күнделікті ит тірлікпен арпалысып жүргенде, Жаратқан Иеміз бұл жалғанның өткінші екенін ұқтыру үшін ойламаған жерден алапат дауыл тұрғызып арамыздан сұм ажал тырнағын Бейсенбай, Ақан, Аман, Байтан, Марат және Назарға салды. Пендесіне бәрі өзгерместей көрінетін күйбең тірліктің түкке тұрғысыз, өтпелі һәм шектеулі екенін осылай мойындатады екен. Күні кеше алаңсыз, алшаң басып жүрген жандар едік, жалған дүние тәубемізге келтіріп, жуасытып, жасытып жібереді екен-ау. Сол достарымызды еске түсірейік. Біздің бақилық болған құрбыларымызға құрметіміз сол болсын. Алды пейіш, арты кеніш етсін о дүниелік жандардың.

    Жаңа ғана сағыныса қау-қауласа сүйіскен, бірін-бірі аңсай көріскен жандар «Өмірдің алды сайран, арты ойран» екенін ойлап, о дүниелік болған достарының жақсы қасиеттерін ой елегінен өткізіп тұнжырасып қалды. «Бұл дүниеге «жалған» деп атаған біздің ата-бабамыз данышпан ғой. Өмір шіркін, шын жалған екенсің, өтетін де кететін...» десті көбісі осылай іштей қамығып.

    • Бүгінгі басқосу қуанышы тамашалау тағдырына бұйырмаған жұлдыздай ағып түскен боздақтарға бір минут үнсіз тұрып еске түсірейік, кәне...-деген Нұрланның сөзін Қуаныш бөліп:

    Жараңдар, бір минут үнсіздік –символдық рәсім. Қазақ үшін бұл өткен, келмеске кеткен күндердің сарқыншағы. Бұл қайдан келген түсінік? Орнымыздан тік тұрып, өлгенге құрмет көрсетудің озық үлгісі саналатындай мұнда не құдірет бар? Шовинистік көзқарасқа тұнған, кеңестік идеодогиядан қалған «ырым» дегеніміз жөн.Біздің бір жаман қасиетіміз бөгденің ғұрпын талғамай бойымызға жұқтырып алатынымыз. Тіпті туғанымыздай көріп, «жат» деп теріс айналмайтын әдетіміз бар емес пе?! Біздің, исламдықтардың, о дүниелік болғандарға құран бағыштау, сауапты іс. Сол ата-баба дәстүрі бойынша достарымызды еске түсірелік, - деді Қуаныш.

    Құрбылардың баршасы Қуанышты қолдай кетісті.

    Құран бағышталып болған соң Қуаныш:

    «Өлместей өмір кешкенің,

    Ажал желі келмей ме?

    Маздай жанған шағында-ақ,

    Өмір шамы сөнбей ме?

    Дараланбай тән, шіркін,

    Қара орынға кірмей ме?» - деген болатын бұрынғы ата-бабаларымыз. Өмір – Жаратқан Иенің пендесіне берген аманаты.Осы белгілеп берген өлшеулі мезгілді мәнді де мағыналы өткізу әрбір саналы пенденің парызы.

    Күллі әлемге өлім уын сепкен фашизмнің концлагерьдің сұмдығын басынан кешіп, ол тозақтан аман шыққан әйгілі психолг Виктор Франклдің «Өмірден мән іздеген жан» деген кітабында «Өмірдің мақсаты – жанның рахатын іздеу емес, сүйікті ісіңізбен айналысу және мәндің ғұмыр кешу» деп анықтама берген екен.

    Ғалым өмірдің мәні батыстың ойлау жүйесі бойынша пікір білдіреді. Батыс философиясында негізінде экстроверттік ойлау басым, онда сыртқы дүниеге көбірек көңіл бөледі. Дүниенің негізгі, бастауы, жаралуы, дамуы, танылуы туралы пайымдайды. Ал шығыс ойлау жүйесі интерверттік ойлау тән: адам өміріне, рухани дүниесіне, өсіп жетілуіне баса назар аударады. Батыс философиясы ғылымға көбірек арқа сүйейді. Шығыста сезімге, эмоцияға, көңіл- күйге, тәжірибеге ден қояды. Яғни, қазақтар шығыстық болғандықтан біз үшін өмірдің мәні не? Айтыңдаршы? – деді Құрал сыныптастарына бағыттап, «Ал, сен не дейсің?» дегендей көз қиығымен Динараға көз тастап.

    Әр түрлі пікірлер айтылып жатты: отбасының бақыты, әлеуметтік теңдік, заңның үстемдік етуі, материалдық байлық,т.б.

    Нұрлан:

    -Назира, сен айтшы, бізден гөрі оқығаның мен тоқығаның көбірек қой, жоғарғы оқу орнында қызмет етесің дегендей, өмірдің мәні не өзі?- деді.

    «Иә, дұрыс, Назира айтсын!» «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, айтары жоқтардың дауыстары жамырай шықты.

    -Қаншалықты дұрыс екені қайдам, менімше, өмірдің мәні даралық деп ойлаймын. Өйткені даралық адамның жеке ақыл-ойының тәуелсіздігі, өмірде өзін өзі дәлелдеуі, дербес таңдауы, ой-пікірін айқын білдіруі тәрізді негізгі адами қасиеттерден тұрады. Тіпті даралық – дүниедегі барша тіршілік атаулыға ортақ сипат.

    Олай дейтінім, әлемге әйгілі математик Лейбниц өзінің шәкірттеріне ағаштың бір-біріне дәлме-дәл келетін жапырақтарын тауып келуді тапсырыпты. Алайда, әрбір жапырақтың тек өзіне тән пішіні мен сабағы болатындықтан шәкірттер тапсырманы орындау мүмкін еместігін мойындапты. Жер бетіндегі тіршілік еткен барша пенденің физиологиялық құрылысы да, ойлау жүйесі де бірдей емес. Оларға да даралық тән. Сондықтан өмірдің мәні жөнінде әркімнің ой-өрісіне қарай әр түрлі болуы заңдылық, - деді Назира.

    -Назираның айтқан даралығына мен келісемін егер сол даралық өнер мен ғылымда өшпес із қалдырған ерекше жан болса, - деп бастады сөзін Күлімхан.

    Тауды үгіп тозаңға айналдыратын, теңізді жұтып тақыр шөлге айналдыратын ұлы уақыттың қатал үкіміне төтеп беретін жанды-жансызда өшпес, өлмес жаратылыс жоққа тән. Тек сол құдіретті әмірші адамның отты жүрек, ұшқыр қиялынан туған білімді адамның еңбегі мен өнетінің алдында ғана дәрменсіз екені белгілі. Білімдар жанның түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылып, маңдай терін сорғалата отырып тапқан жаңалығы келер ұрпақтың игілігіне айналады. Келесі заңдылықтардың ашылуына баспалдақ болып қаланары хақ. Ғалымның зерттеу нәтижесінде табиғат, қоршаған орта, қоғам, адамдар арасындағы қарым-қатынас жайында ақиқатты анықтайды.

    Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпеген? Миллиарттаған адамның қалдырған ізі жоқ болғандықтан, есімдері де белгісіз. Қадау-қадау тұлғалар ғана өз есімдерін ғасырдан-ғасырға өшпестей етіп адамзат тарихына жазып қалдырған. Бұл теңдессіз биік парасат пен құдретті өнердің нәтижесі екені анық.

    Адам өмірі – аққан жұлдыздай-ақ. Бір сәттік қана, өтеді де кетеді. Оны мәңгі өлтірмейтін не? Әрине оның өнері. Өнер туындысы. Гомерге мәңгі өмір сыйлаған оның «Одиссеясы», Леонардо да Винчиге – «Монна Лизасы», В.Шекспирге – «Ромео Джуллеттасы», Айвазовскийге – «Тоғызыншы валы», Хакім Абайға – «Лирикалары мен қара сөздері», Мұхтарға – «Абай жолы» т.б. Бұл тізімді ұзын-сонар соза беруге болады. Алайда айтайын деген ойым осының өзімен де түсінікті шығар.

    Әлекеңнің, (Әлішер Науаи): «Адамның мәңгі жасауы мүмкін емес, есімінің мәңгі жасауы мұрат», - дегені соның дәлелі. Ал мұрат деген белгілі бір істі орындау жолындағы асқақ арман, оның жүзеге асуының үлгі-өнегесі. Ойымды дәлелдеу үшін Жапон жазушысы Рюнескэ Акутагваның «Жамұқ қасіреті» дейтін әңгімесі бар. Сол еңбектің басты кейіпкері Есихиде дейтін суретші қартқа императордың сарайының қабырғасына тамұқтың суретін салуға тапсырыс түседі. Сүйікті өнері мен жалғыз қызынан басқа еш нәрсені ұнатпайтын, құдай сүйер қылығы жоқ, шадыр мінезді суретші салар суретін алдымен түсінде көреді екен. Жаңағы тапсырыстан соң тамұқтың азабы түпсіз терең шыңрауға құлап бара жатқан арбада өртенген әйелдің жан ұшырған айқайы болып аян береді. Бұның алдында өртеніп жатқан қала, су тасқынының астында қалған адамдардың жан түршігерлік үрейлі кезеңдерін суретіне пайдаланады. Бірақ көңілі көншімейді. Тек түсіне енген өртенген арбаға кеңілі ауады да тұрады.

    Тығырыққа тірелген суретші императорға барып, бір адамды арбаға таңып, оны өртеп, биіктен төмен қарай құлатыңыздар деп шарт қояды.Өнер үшін еш нәрседен тайынбайтын сұмдық пиғылды суретшінің райынан қайтармақшы болып, император арбаға суретші шалдың жалғыз қызын отырғызуға әмір етеді.

    Сонда арбадағының өз қызы екенін көре тұра, суретші шаттанып тұрып, әлгі қан құйлы көріністі көзбен ұзатып салады. Арба сұмдық азаппен қинала шыңғырған қызымен қоса шыңнан құлап, түгі қалмай жанып кетеді.

    Суретші «Тамұқ қасіретін» адамның тілі жетпес деңгейде салып бітіріп, императордың ризашылығын алып, артынша асылып өледі. Ал ғажап туынды, «Тамұқ қасірет» күллі адамзатты күні бүгінге дейін таңдандырумен келеді.

    Бұдан мынадай ой-қорытындысын түйіндесек: адамзат үлгі тұтар өнерлі болу өмірдің мәні деп білемін. Өйткені адам келеді-кетенді, қамшының сабындай-ақ қып-қысқа, ал өнер – ғасыр, дәуірге азық, - деп Күлімхан сөзін аяқтады.

    Мағрифа келіспейтін шырай танытып: «Таңдай қақтыратын өнерлі болу - күллі пенденің маңдайына жазыла бермейтін қасиет. Ол бірнеше ғасыр тізбегінде Жаратқан Иенің бір ғана сүйікті пендесіне беретін сыйы, тартуы. Ал өнерден мүлдем мақұрым, күйкі тірліктің шырмауында қалған біз сияқтылардың өмір мәні не болмақ? Айтыңдаршы? Меніңше, өмірдің мәні тек қана өткен мен бүгінге, келешекке алтын көпір болар ата-баба салт-дәстүрін, тілі мен дінін, ділі мен сенімін, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрыптарын қастерлеп өтетін, ұлттық мүдде мен мұратқа адал ұлағатты ұрпақ өсіру, соның қызығын көру деп білемін, - деді Мағрифа.

    • Жарайсың Мағрифа, мен сенімен келісемін, -деді Рахима.

    -Менімше, - деді Асыл, - өмірдің мәні – бостандық. Азаттық.Еркіндік.

    2015 жылы Нобель сыйлығы Белорусь қаламгері Светлана Алексеиевичке «Соғыстың сұрқы әйелге жат» атты еңбегі үшін берілген еді.Ол сыйлықты алып тұрып: «Сталиндік репрессияның, Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын идея жаратқан жоқ, миллиондаған жазықсыз жандар тартты. Магаданда, Воркутада іріп-шіріген, қарақұстарына кеңестік НКВД-нің жендеттері атқан оқ тиіп өлген бейкүнә тағдырлардың жанайқайлары дәл қазір менімен бірге осы мінберде тұр. Кеңес империясының қанқұйлы озбырлығын орыстар да, белорустар да, қазақтар да әлі күнге дейін тартып келеді» деді.

    Бүкіл әлем көз тігіп отырған мінберден қазақ деген сөздің айтылуы, жай ғана айтылып қоймай ол шеккен қайғы-қапсірет қастандықтар жан дүниені паршалап өткендей болды. XX ғасырдың отызыншы жылдары қазақтың жол бастар, ақыл айтар 25 мыңдай азаматын жазықсыздан-жазықсыз оққа байлағаны, халықтың жартысына жуығын әдейі қолдан жасаған ашаршылықтан (2,5 миллион) қыруы. Соның нәтижесінде қазақ ата-баба мирас еткен биік рухтан көз жазып, тобырға айнала жаздады. Оның зардаптары күні бүгінге дейін жалғасып келе десем қателеспеймін.Мұның бәрі бөгде елге тәуелді болғанның қасіреті. Менің ойымша, өмірдің мәні азаттықта, еркін ел болуда. Өз тізгінің өз қолыңда болу. Сол үшін күресу, қажет болған жағдайда өміріңді арнау.

    Бөгде елдің тепкісінде болған халық өмір бойы қорлықта, зорлық-зомбылықта өмір кешеді. Тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, тарихынан көз жазып қалады. Мұндай қасіретті басынан кешкененді дүниеге келген жас ұрпақ басқаны зор, өзін қор санайтын деңгейге жетеді.

    Еріксіз түсер ылдидан,

    Еркімен шығар өр артық,

    Тізерлеп өмір сүргеннен,

    Көсіліп жатқан көр артық, - деп жырлаған ата-бабамыздың бостандық жайында айтқан асқақ тұжырымы осы. Мүлтіксіз дүние танымы. Адами болмысын шектемейтін ғажайып өмір сүру салты мен философиясы. Өмір бойы ата-бабамыз аңсаған бостандыққа біздің ұрпақ қол жеткізіп отыр. Кемшіліктер де бар шығар, алайда көш көлікті боларына үміттіміз. Ең бастысы ешкімге тәуелсізбіз. Өмірдің мәні – еркіндік.

    Еркіндік адамның қадірін асырады, сөзіне шабыт береді, ісін шабытпен бітіреді, бойындағы жақсылық біткеннің бәрінің бояуын ашады. «Сый біткеннің кәдірлісі еркіндік» деп бекер айтпаған шығар, білгендіктен айтқан шығар испан халқының ұлы ойшылы Бальтаср Гарсиа. Әрине ата-бабамыз қоғамдағы халықтың еркіндігі ел тізгінін ұстаған басшыға да байланысты екенін бажайлап кеткен. Баласағұни баба:

    «Ей, патшам, көр елдің күнін ерікті,

    Тура жүрсе – өмір болар көрікті.

    Барлық істі адал қолдан өткізіп,

    Кісілік қыл шындығына жеткізіп», - деп айтып кеткен екен. Қоғамдағы еріктілік - мәңгілік ел болудың негізгі шарттарының бірі екеніне күмәнім жоқ,- деп Асыл сөзін аяқтады.

    -Жарайсың Асыл, көкейге қонар сөз айттың, - деді Аділхан ризашылығын білдіріп.

    -Мен Асылмен келісемін, - деп бастады Аділхан, - Иә, өмірдің мәні еркіндік екені даусыз. Тәуелсіз елдің әрбір азаматы еркін болуы тиіс. Еркіндік дегенде не болса соны, ойға келгенін істеу емес, мемлекетімізде қабылданған Конституциясында белгіленген қоғамдық құрылыстың принциптері мен азаматтарының құқықтары мен міндеттерін анықтайтын заңы бойынша жасалынатын еркіндік. Батыр атамыз Бауыржан айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қағиданы негізге алған азаматтарының емін-еркіндігі жайында айтып отырмын. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге еш нәрседен қысылып-қымтырылмай өз пікірін батыл да байыпты айтатын азаматтар қашанда еліміздің дұрыс өркендеуіне әсер ететіні сөзсіз. Міне, сондықтан «өмірдің мәні – еркіндік» деген Асылдың ойын қолдаймын, – деп сөзін аяқтады Аділхан.

    - Кез келген халықтың ең үлкен құндылығы - елінің азаттығы.Еркіндікті бағалайтын мына дүниеде бұдан асқан асыл сөз бар ма екен? Жоқ. Ата-бабамыз аңсап өткен азаттықты қадірлеу, оны бағалай білу – баршамыздың ең басты парызымыз.

    -Иә, мен Аділхан мен Асылдың «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа берген жауабына толық қосыламын. Алайда менің өз тарапымнан бұл сұраққа қосарым: өмірдің мәні махаббат дер едім. Иә, МАХАББАТ! Махаббат – адам жүрегінен бастау алған мөлдір бұлақтай тереңнен шымырлап шығып, жан дүниені нұрландырып, өмірге құштар етер шуақты сезім. Олай дейтінім, аса қөріктілігімен күллі адамды таңдай қақтырған Голливуд актрисасы Анджелина Джоли бір кездері өзін атып өлтіруге ақша төлеп, киллер жалдаған екен. Сонда киллер ару қызға:

    - Жарайды, сізді бір айдан кейін өлтіремін, - дейді. Ол Анджелинаны бір ай бойы бақылап болған соң жан алғыш: «Қыз, сізге тек махаббат жетіспей тұр», - депті.

    «Махаббат пен мейірімнің жоқтығы ең ауыр азап шығар», - деп жазыпты күнделігіне ару қыз. Анджелина секілді сұлу, ақылды, таланты қыз бір күн де махаббатсыз өмір сүре алмайды. Шынында да саған күнде жүз адам:«Әдемісің, ақылдысың, таланттысың, білімдісің, мейірімдісің» десе де, жақсы көрген адамыңның бір ғана сөзі «күнім» деген сөзіне жетпейді. Олай дейтінім ақын Ақмарал Ілеубаеваның мына өлеңін тыңдап көріңіздерші:

    Кеткелі әлде қашан тыным менен,

    Саусағым сені ойласам дірілдеген.

    Көңілін көркем жардың алаңдатқан,

    Үніңді сағындым ғой «күнім» деген.

    Міне, шынайы махаббаттың жан дүниені нұрға бөлейтін шуағы осылай болса керек. Осылай...

    Сылаң қағып, сырға тағып бойжеткен ару мен ер жеткен ұлдың қосылған қос өзендей тағдырын жұптаған, екі жастың ақ отау табалдырығын аттауына себепкер болатын отты да шоқты сезім ғой махаббатың.

    Венгер халқының ұлы перзенті, кемеңгер ақын Шандор Петефи: «Адам үшін ең қымбат – өмір, ал махаббат өмірден де қымбат» депті. Дұрыс-ақ шығар. Адамға, ақыл-парасат иесіне сүйіспеншіліксіз өмір керек пе осы? Менің пайымдауымша, «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар». Хайуандық өмір кімге қажет? Айтыңдаршы кімге? Олай дейтінім данышпан жазушы Лев Толстой: «Адам жанының ең басты қасиеті – сүю, басқа адамдардың бәріне бірдей жақсы болу үшін сүю. Осындай махаббат – адам өмірінің мәні» деген екен. Абыз қарттың бір білгені бар шығар, - деп Динара толқи отырып сөзін аяқтады.

    -Динараның сөзін ары қарай тірілтейін, - деп Құрал сөз алды.

    Махаббат деген – өмірдің жарқын беттері, ғашықтық деген – көңілдің гүлді көктемі. Сүйіспеншілік деген – Шолпан жұлдыз көктегі, махаббат деген гүлді дала көктемгі...

    -Әй, мыналар не деп кетті? Құдайым-ай...- деді Нұрлан таңдайын қаға.

    -Нұрлан, бөлмеші, айтсын, - десті көпшілік шулап.

    -Көктем жайнаған гүлсіз – құнсыз, ал мына жалған дүние махабббатсіз – құнсыз. Қаһарлы қыс ақшамдағы ақша қарымен ажарлы, ер жігіт – ақша маңдайлы ару жарымен базарлы.

    Бұл нұрлы сезім жайында Тұмағаң (Тұманбай Молдағалиев) былайша төгілтеді:

    Махаббат боп уақыт мына,

    Ұша берсін төбемнен.

    Махаббатсыз бақыт та,

    Бақыт екен деген мен, - деп адамзаттың арманы болған бақыттың өзін махаббаттың қолына су құйғызып қойыпты. «Дүниені ұстап тұрған – алтын да, күміс те емес, қару-жарақ та емес - МАХАББАТ», деген екен Қадыр аға. Ақын ағаның бір білгені бар шығар.Мұнан шықты, өмірдің мәні: махаббат деген Динараның пікіріне қосыламын. - деп Құрал сөзін аяқтады.

    «Мұным қалай шықты?» деген сыңаймен, Динараға қарап еді.Оның ашасы кең қапқара жанарынан мейірім сәулесі ұшқындап тұрғанын байқады. Жүрегіндегі ескі тәтті мұң қол бұлғап шыға келді.«Шіркін, жазған жүрек, бұдан қырық жыл бұрынғы теңіз түбінде қалған арманды әлі ұмытпаған екенсің-ау?...» деді, Құрал іштей таңданысын жасыра алмай.

    -Қыз-жігіттер, дегенге Нұрланнан таяқ жеп қаламыз ба деп, Жарандар, деп бастайын. Ақыры әңгімеміз махаббат жайлы болды ғой. Шынымды айтсам, мектепте оқып жүргенде Динара саған сыныптағы жігіттер түгілі, жоғарғы сыныптың жүгермектеріне шейін ғашық болмағаны жоқ. Сенен жылы сөз есітемін бе деп дәмеленіп жүргендердің ішінде мен де бармын, түріме қарамай. Несіне жасырайын? Шындығы сол. Көкейімдегі тежеусіз кеткен күйімді жеткізбек болып, жаныңа барғанда дегбірім қашып, буын-буыным қалтырап, не айтарымды білмей сасып қалатынмын, - деді Жолдас Динараға көз тіге қарап.

    Сұлу әйелдер жайында қазақта мынадай тәмсіл бар: «Сыры кетсе де сыны кетпеген» деген. Жазғы таңның жарқыраған шуағындай, кейпі Айлы түннің сүттей аппақ нұрындай болып отырған Динараға Нұрланның мына сөзі өткен бал дәурен шақтың қызығы мен шыжығын еске түсіргендей болды. Бір сәтке қос жанарында сонау бантик тағып жүрген кездегі отты ұшқын ойнап шыға келді. Жан жүйесін тебірентіп, арайлы жүзінде жылылық лебі жүзіп өтті.

    -Мұхтар, сен Динараға сезіміңді білдіре алмай сорың қайнаған екен, ал мен болсам күзгі жауындай төпеп хат жазудан қолым тимей кеткен. Күнде. Бұл жауап бермек түгіл, қасына жолап кетсем болды: «Құрып кетші!» деп, маңына жолатпайтын, - деді Асыл жұртты қыран-топан етіп.

    -Динара, шыныңды айтшы, арада пәленбай жыл өтті. Бүгінде шындықтың анау айтқан құндылығы да жоқ. Өйткені Құдайға шүкір, бәріміз де үйлі-борандымыз. Дегенде мына отырған біздің боздақтар ішінен жүрегіңнен кімге орын берген едің бойжеткен шағыңда? Ғасыр шындығын жайып салшы, құрбым, біз соған куә болайық, - деді Сайраш қиыла өтініп.

    -Кәне, Динара, - деген дауыстар жамырай шықты.

    Заманында, ақ бантик тағынған кезінде Динара қыздың бет жүзінде, бүкіл бойында, бітімінде баршаны баурап алатын бір әдемілік бар-тын.Тіпті тым еркетотайланып, ерін-мұрнын шүйіріп алар сәттерінде әлгі әдемілік одан сайын жарқыл шашатындай көрінуші еді.

    Еш нәрсеге мән бере бермейтін салмақты, тұнжыраңқы оқушылардың өзі де мына әсемдікке қалай аңтарылып қарап қалғанын білмейтін. Тас боп қалған жүректі жібітер, көңілге шоқ түсірер көркем әлем бұл...Иә, көркем болатын...

    Шіркін, сұлулық-ай, кәрі-жасты тамсандырған, табындырған. Сансыз жүрекке қыл бұрау салған! Қыл бұрау...

    Динара жүзін төмен салып біраз отырып қалды. Кенет еңсе көтеріп, шырайына шуақ үйріліп:

    -Әр адамның сыртқа шығара бермейтін сыры болады. Тіпті еш бір жанға айтылмай, өзімен бірге дүниеден өтетін сыр да болады. Бірақ өтініп қоймадыңдар ғой. Айтайын, селт етпеген жүрегімді алғаш рет еліктей елеңдеткен о кезде ешкімге белгісіз, бүгінде танымал анау отырған ақын болатын, - деді ақ-қарасы айқын нұрлы жанарын «Сен едің ғой!» дегендей Құралға бағыттап. Құлағындағы сырғасы діріл қағып, айналаға шуақ шаша күлімсіреп.

    Құралдың жүрегі шым етті. Түсім бе, әлде өңім бе? Шыны ма, жоқ әлде қалжыңы ма? Қалжыңы болар. Қалжыңы... Динараның... Құрал әре-тәре күйге түсті.

    -Құрал, сенде арман жоқ! – десті құрдастары шуласып.

    -Бар жігіттің арманы болған Динарадай арудың жүрегінен орын алған Құреке, шын мәнінде сенде арман жоқ, - деді Әділхан.

    -Достым, мына жүрек жарды қуанышыңды осы отырған баршамызға езуімізден май аққанша жуасың. Осыдан жумай көр!...

    Жаратқан-ау, бұл неткеніңіз, бір пендеңізге игілікті үйіп-төгіп бере салатыңыз. Біз сияқтыларға сықпылбайдың сирағы да жоқ. Әділдік қайда!?...

    Құреке, сенің емес менің басыма көгала үйрек қонса ғой... Әттең... Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізер едім, - деді Қуаныш ағынан жарылып, жұртты күлкіге тұншықтырып.

    Құрал аң алып тояттаған бүркіттей жүзі жайраң қағып, бақыттан басы айналып, көз алды тұманданып кеткендей болды.

    Бозым-боз бала шаққа қайта оралғандай жүрегі түскір тәтті бір сезімнен уылжып қоя берді. Қуаныш пен мұңның жаршысындай болып, уайым мен уаныштың бейнесіндей көрініп, махаббат, шерліге шаттық, шадманға мұң сыйлаған ұлы сезім, неткен сәулелі едің?! Неткен?..

    -Құрал, Солтүстік мұзды мұхиттың мұзы да еріп жатыр ғой бүгінде. Сен қашан ерисің, Жаратқан-ау? Балбал тастай мызғымай тұрғаныңды қарашы! Келсейші, - деді Динара сәл күлімсіреген қалпын өзгертпей.

    Құрал жүрегінің лүпілі алқымына тығылып, көзден қуаныш пен сүйініштің лебі есіп, Әзиз жанға қарай беттеді.

    Олар көзбен ұшырасып қалды. Бозбала шағында тұтқын еткен сол ынтызар сезімнің жанып тұрған көздегі оттары болытын.

    Өмірі тұнжырамайтын аяулы жанның бота көздері сәл-пәл мұң шалғандай ма қалай өзі!?

    Жәудіреген Динараның бұл жанарда не жоқ дейсің? Қысқы күннің батар шағында қызғылтым сәуле шалған ұлпа бұлттардың мұнары секілді бір нәзік сезім бар бұл жанарда. Айдын көл, жазық даланы қимай қайтқан қыр қаздарының арман аралас, тәтті мұңға бөлер қиқуы бар бұл жанарда. Бұл жанарда Құралдың өмір бақи күткен жауабы тұрған-тын... Иә, жауабы...Өйткені ақсұлу саусақтардың дірілінен, жанардағы әлде мұңлы, әлде сырлы дымқыл жарқылдан түк ұқпау мүмкін емес.

    Иә, ғашықтың тілі үнсіз тіл....

    -Динара, мен бүгінде өзімді атқа міндім дей алмаймын, егер тайға ер салсам бұл жетістігім саған қол жеткізе алмағаннан шығар. Кәміл шындық. Бар жеткен жетістігім сенің септігіңнің арқасында. Жүрегімнің төрінен орын алған ару қыз көктегі Темірқазықтай бағыт-бағдар берушім болдың. Көңілімнен бір елі шыққан емессің.

    Саған алыстан ғашық болдым. Жұпар исіңді сезбей, құшақтамай, жаныңа жуымай-ақ. Өзіңе іңкәр болдым. Жай ғана сені сүйдім.

    Кеудемнен өлең шумақтары өріліп, өрге тартқанын өзім де білмей қалдым. Содан бері қолымнан қалам түскен емес.Бір нәрсе тындырдым дей алмаймын. Мен түгілі хакім Абай: «Мен келмеске кетермін түк бітірмей» деген емес пе? Алайда Динара, саған деген махаббатым тіршілігіме нәр құйып, шығармашылығыма көтеріңкі шабыт сыйлағаны анық.

    Күллі құрдастарым куә болған мына жаңалық мені қазанат тұлпарға міндіріп, қыранның ұшар биігіне көтергені анық. Шабытқа шабыт қосылары анық.

    Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) сахабалары: «Сізден кейін қандай пайғамбар дүниеге келеді?» - деп сұрағанда, Ол: «Мен соңғы пайғанбармын, менен кейін өмірге шайырлар келеді», - деген екен.

    Хауана ана мен Адам ата бір-бірімен бейіште поэзия тілінде сөйлескен екен. Олар жәннәттан қуылғаннан кейін проза тіліне көшкен. Поэзия тілі сол жақта қалып қояды. Сол поэзия тілінде сөйлейтін ақындар ғана. Хауана ана мен Адам атаның тілін сақтап қалған біздер. Сол шайырлардың ортасында ма, жоқ әлде соңғы сабында ма жүріп жатқан жағдайымыз бар. Оны уақыт көрсетеді. Өйткені уақыт – сыншы, уақыт – емші, уақыт – төреші.

    -Бәрекелді, құрбылар, келтірген мына ой-пікірлеріңіді қорытындылай келе, біз кешегі өмірдің парқына бойлай бермейтін боз өкпе жасөспірімдер емес екенімізді байқаттыңдар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келейік. Сонымен «Өмірдің мәні не?» деген сұрақты кім қорытындылайды?

    Неге үндемейсіңдер? Болыңдар. – деді Нұрлан құрбыларын асықтырып. Күлімхан:

    - Жарандар, ел көрген, жер көрген, сонау жер аяғы қияндағы Түрік еліне барып марапат алып келген Құрекең айтсын. Кәне Құреке, - деді өтініш үнмен.

    -Дұрыс, Құрекең айтсын, Құреке... - десті былайғы жұрт та оны қостап.

    -Жарайды достар, өзім ақын болған соң ақынның өлеңімен жауап берейін. Венгер халқының ұлы ақыны Шандор Петефи:

    Махаббат пен Бостандық,

    Білмеймін мен басқаны.

    Махаббат қонса қолыма,

    Жанымды беріп аламын.

    Азаттық үшін оны да,

    Құрбандыққа шаламын, - депті. Менің ойымша, өмірдің мәнін бұл ақыннан асырып ешкім де айта алмас.

    Ұлы ақын елінің еркіндігін, азаттығын, бостандығы үшін өмірін де, махаббатын да тәрік етуге әзір. Кіндік қаны тамған топырағын, халқын қалтқысыз сүю деген, міне, осы, - деп Құрал ақын сөзін аяқтады.

    Сыныптастар ақынның бұл уәжіне келіссе керек, ұзақ уақыт қол соғуменен болды.


















    написать администратору сайта