1 реферат антикор. Несиелер алу шін жеілдік беретін жадайлар жасау
Скачать 33.9 Kb.
|
Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік тұрғыдан қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет тарапынан қабылданатын іс-шаралардың негізгі мақсаты кәсіпкерліктің дамуы үшін құқықтық және экономикалық жағдайларды қалыптастыру, кәсіпорындардың тұрақты дамуы мен қызмет жасауына қолайлы әріптестік қатынастарды орнату, бәсекелік ортаны қорғау, қабылданатын экономикалық шешімдердің кәсіпкерліктің дамуына ықпал жасау тұрғысынан жүргізілуін қадағалау т.б. Мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары, нысандары, масштабтары республикадағы кәсіпкерліктің даму аясында пайдаболатын экономикалық және әлеуметтік мәселелердің сипатымен өзектілігімен анықталады. Қазақстандағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы оны қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларында қарастырылған. Алғаш рет бұл мәселелер 1990 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақ КСР-дағы шаруашылық қызметтің еркіндігі мен кәсіпкерліктің дамуы туралы» Заңында көрініс тапты. 1992 жылы кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде пайда болатын мәселелерді шешу мақсатында «Кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау туралы» Заң қабылданды. 1992-2010 жж., 1992-1994 жж., 1994-1996жж., 1996-1998 жж., 1999-2000 жж., 2001-2003 жж., 2004-2006 жж., 2007-2009 жж. және т.б. жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мен дамыту бағдарламалары мен іс-шаралар жүйесі жүзеге асырылды. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамытудағы іс-шаралар негізінде келесідей жағымды өзгерістерді атауға болады: - несиелер алу үшін жеңілдік беретін жағдайлар жасау; - екінші деңгейдегі барлық банктермен шағын кәсіпкерлік субьектілерін несиелендірудің минималды мөлшерін орнату (банктің негізгі қарызынан 10% төмен емес деңгейде); - өндірістік объектілер мен алаңдарды, кеңсе орындарын сатып алуда оның құнын белгілі бір уақыт аралығында бөліп төлеу, сонымен қатар оларды жалға беру немесе сенімді басқаруға беру бойынша заңнамалық жеңілдіктер беру; - қызмет түрлерін анықтау, атап айтқанда импортты алмастыратын халық тұтынатын тауарларды өндіретін кәсіпорындарды құру мен жұмыс істеп тұрғандарын дамыту және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін тереңдетіп өңдеу бойынша өндірістік жүйені дамыту; - жеке кәсіпкерлер мен жеке кәсіпорындарды құру және тіркеу. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктерде олардың шотын ашу процедураларын жеңілдету; - бақылаушы және инспекциялық мемлекеттік органдар санын және олармен көрсетілетін ақылы қызметтер санын қысқарту. 2019 жылы бизнесті құру және жүргізу жағдайларын жақсартуға және қазақстандықтардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға көп көңіл бөлінді. Әлемдік экономиканың қазіргі даму кезеңінде шағын және орта бизнес тиімді өсудің және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құрудың негізі болып табылады, оның нәтижесі халықтың әл-ауқатын мультипликациялық жақсартуға әсер етеді. Қор микро-, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсететін негізгі ұлттық даму институты болып табылады. Қор 4 негізгі құралды ұсынады: 1. жеңілдікпен несие беру; 2. сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау; 3. несиелерді кепілдендіру; 4. онлайн оқыту және клиенттерді қаржы институттарына дейін сүйемелдеу. Аталған қаржы құралдарын қолдана отырып Қор 5,3 трлн теңге несиелер сомасына 85 мың жобаға қолдау көрсетті. Қор Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаттары есебінен, «Бизнестің жол картасы-2025» Мемлекеттік бағдарламасы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының, микро-, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының, соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігінің арқасында, Азия Даму Банкінің (АДБ), Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) тартылған қаражаттарының шегінде өңдеуші өнеркәсіпті қолдау бағдарламаларын; Әкімдіктермен бірлесіп аймақтық қаржыландыру бағдарламаларын, және микро-, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың өзге бағдарламаларын, өз қаражаттарының және тартылған қаражаттардың есебінен іске асыруда. Жалпы, екінші деңгейдегі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіру бағдарламалары бойынша микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар 2,2 трлн теңге жалпы несиелер сомасына 61 мың қарыз алушыны қаржыландырды. «Қазақстан-2030» Стратегиясы, «Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасында», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында Қазақстанның экономикасын дамытудағы кәсіпкерлік аяны ары қарай күшейтудің негізгі бағыттары анықталған. Бұл тұрғыда басты мақсат - индустриялық-инновациялық және технологиялық даму негізінде ұлттық экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыруға жетекші рөл берілген. Сондықтан да Қазақстанның ұлттық экономикасының құрылымдық аясын жаксарту, салааралық және аймақтық деңгейде кәсіпкерлік атқаратын қызмет аясын кеңейту мақсаттары белгіленген. Кәсіпкерлік дамыту басымдықтары жүргізілетін құрылымдық, өнеркәсіптік және сыртқы экономикалық саясаттарға сай болуы керек және олар аймақтық саясаттың негізгі бағыттарымен байланыстырыла отырып жүргізіледі. Жүргізілетін үрдістердің тұрақты болуын ескере отырып, кәсіпкерлікті дамыту үшін оның қызмет етуінің ең тиімді салаларын дамыту көзделген. Оларға мыналар жатады: - жергілікті өндірістік және өзіндік нарықтық жүйесі бар салалар; - өнімнің көп ассортиментін шығару мен өзгермелі сұранысқа бағытталған салалар; - монополиялық үстемдігі жоқ салалар, яғни өнім номенклатурасы тұрақсыз болатын және технологиялары жетілмеген, даму сатысындағы салалар. Кәсіпкерліктің дамуына, кәсіпорындардың қуатты, экономикалық құрылымдардың өндірістік желілеріне интеграциялық кірігуі септігін тигізеді. Бұл жағдайда мәселені шешуде, ерекше рөлді қаржы-өндірістік топтар атқара алады. Мұндай интеграцияның ұйымдастырушылық нысандары алуан түрлі: лизинг, франчайзинг, белгілі бір қаржылық кепілдер бойынша қосалқы бөлшектерді тасымалдауға деген ұзақмерзімді контрактілер; сенімгерлік операциялар; несиелік міндеттемелер (карыздар) мен төлемдерді және т.б. қосқандағы өзара талаптарды есепке алудың вексельді және басқа да нысандары. Өнеркәсіптік кәсіпорынды ұйымдастырудың мұндай нұсқасының артықшылығы болып кәсіпкерлік үшін кепілдендірілген өткізу нарықтарын, әсіресе қаржы өндірістік топтардың экспорттық нарыққа қарқынды түрде шыққандағы болып табылады. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жоғарыда аталған нысандарын пайдалана отырып, кәсіпорындардың қызметіне мемлекеттің әсер етуі (тікелей және жанама) мен мемлекеттік әсер етудің (ұйымдастырушылық-құрылымдық, қаржы-салықтық және мүліктік) функционалдық бағыттарына қарай топтастырылған біртұтас жүйені ұсынуға болады. Кәсіпорындарды қолдаудың тікелей нысандары келесі критерийлер бойынша бөлінуі керек: шағын кәсіпкерліктің дамуы үшін жалпы жағдайларды қамтамасыз сететін инфрақұрылым элементтері мен басқа да шаруашылық субьектілердің қатысуының тікелей болуы. Мысалы, шағын кәсіпорындарға тікелей салықтық жеңілдік беру Олардың болашақтағы инвестициялық жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру үшін бюджеттен қаражаттың бөлінуі, шағын кәсіпорындарға тегін пайдалануға немесе жеңілдікпен жалға алуға мемлекеттік алаңдарды ұсыну және т. б. Кәсіпорындарды мемлекеттік қолдаудың қосымша нысандарын жанама түрде - ірі және орташа өнеркәсіптік компанияларды, банктерді, сақтандыру фирмаларын, қоғамдық (сауда-өнеркәсіптік палаталар, кәсіподақтар және т.б.) және халықаралық ұйымдарды ынталандыру арқылы жүргізу қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың жалпы жағдайларын (оқу орталықтары, бизнес-инкубаторлар, технопарктер, лизингтік, консалтингтік және аудиторлық фирмалар және т.б.) қамтамасыз ететін шағын кәсіпкерлік инфрақұрылым элементтерін іске қосу арқылы да жүзеге асырылады. Сонымен катар, кәсіпкерліктің дамуының жоғары деңгейін сыйақылау ретінде, аймақтар мен жергілікті өкілдік органдарына субвенциялар мен дотацияларды бөлу ретіндегі мемлекеттік қолдау нысандарын да жатқызуға болады. Ірі кәсіпорындарға тапсырыстар беру, ал олардың өз кезегінде шағын кәсіпкерлік нысанға тапсырыстың белгілі бір мөлшерін орналастыруы жанама көмектің мысалы болып табылады. Аталған топтастыру, кәсіпкерлікті қолдаудың жалпы мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларының міндеттерін шешу тетіктерін таңдау кезінде қолданылуы мүмкін. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың нысандарын біріктіретін жоғарыда аталған топтарды құрамдастыру, кәсіпрындардың қызметін жоспарлауға билік органдарының әсер етуінің көптеген нысандарын тәжірибелік тұрғыдан синтездеу мен терең түрде талдауды қажет ететін міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Экономикалық қатынастарды ұтымды түрде дамытудың қажетті шарттарының бірі нарыққа бейімделген инфрақұрылымды қалыптастыру болып табылады. Кәсіпкерлік қызметті инфрақұрылымдық қамтамасыз ету түсінігінің құраушылары: - өндірістік инфрақұрылым; - әлеуметтік инфрақұрылым; - институционалдық инфрақұрылым; - ақпараттық инфрақұрылым; - экологиялық инфрақұрылым. Инфрақұрылымды дұрыс басқаруға кәсіпорын немесе ұйым жұмысының жалпы табысы, жалпы өнеркәсіптік шығындардағы инфрақұрылымға деген шығындардың үлес салмағы, инженерлік жүйелер мен құрал-жабдықтың жағдайы, оларға қызмет көрсетуге жұмсалған шығындар, инфрақұрылымды жақсарту үшін арнаулы қордың болуына байланысты болады. Кәсіпкерлік, жүйе құраушы рөлді атқара отырып, барлық экономикалық құрылымға, салааралық, салалық және аймақтық кешендерге өз әсерін тигізеді. Кәсіпкерлік инфрақұрылым экономикалық жүйеде ерекше рөл атқарады. Өйткені ол тарихи және логикалық тұрғыдан еңбек үрдісінің функцияларын негізгі және қосалқы деп бөлу барысында пайда болып, ал ары қарай инфрақұрылымдық салалардың пайда болуына тікелей әсер етеді. Кәсіпкерлік қызметті жүйелеу нәтижесінде, әр түрлі әдістемелік тәсілдерді пайдалана отырып, оларды бірегей кұрылымдық сызбаға жинақтауға болады. Бұл жағдай кәсіпкерлік қызметтің теориялық, әдістемелік негіздерін ескере отырып, оны қалыптастыру мен дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлік инфрақұрылымды зерделеу оның құрылымын қамтамасыз етуде ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді ескеріп, қажетті іс-шараларды жүргізуге, жабдықтарды жасап шығаруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ол аймақтың, қаланың, ауданның, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсер етеді. Кәсіпкерлік қызметті қолдаудың тиімді шешімдерінің бірі мемлекеттің, аймақтың және жергілікті жердің өзін-өзі билеу органдарының кәсіпкерлік инфрақұрылымын құруға және дамытуға белсене араласуы болып табылады. Өз кезегінде бұл үрдіс жергілікті, аймақтық және ұлттық экономиканың тиімділігін арттыруға әсер етеді. Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымы жеке кәсіпкерлік қызметті құрудың, қызмет етуі мен дамуының қолайлы жағдайларын қамтамасыз ететін ұйымдар кешенін сипаттайды Қазақстан Республикасында мұндай ұйымдарға мыналарды жатқызуға болады: - мемлекеттік ұйымдар және мемлекеттің қолдауымен құрылған ұйымдар; - үкіметтік смес ұйымдар; - халықаралық және шетелдік ұйымдар; - коммерциялық ұйымдар. Функционалдық бағытталуына байланысты инфрақұрылым институттарының құрылымы келесідей түрде болады: - кәсіпкерліктің қалыптасуы, қызмет етуі мен даму кезеңдерінде мемлекет тарапынан қолдау көрсету; - қаржылық қолдау; - акпараттық-талдаушылық қолдау; - білім беру мен кадрлардың біліктілігін арттыру аясындағы қолдау; - материалдық-техникалық қолдау. Республикадағы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік құрылымының келесі деңгейі Алматы және Астана қалалары мен облыстары Әкімдерінің аппараты аясында жергілікті атқарушы органдар болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау аясындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін әкімшіліктер жанынан Кәсіпкерлік бөліміне кіретін Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп департаменттері (Басқармалары) құрылған. Облыстық Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп департаменті (Алматы мен Астана қалаларынікі сияқты) өз құзыреттілігі шегінде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауды жүзеге асыра алады. Қойылған міндетті жүзеге асыру үшін Департаментке мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша келесідей функциялар мен құқықтар берілген: - кәсіпкерлік аясындағы бірегей мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру; - мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының қызметін қадағалау; - қоғамдық бірлестіктермен және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдармен өзара әрекеттесу; - белгіленген тәртіп бойынша хаттарды, өтініштерді, ұсыныстарды және тұлғалардың жеке ұсыныстарын қарастыру. Кәсіпкерлік ортаның бастамаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және Үкімет тарапынан қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында, жергілікті органдарда әкім аппараттары жанынан Кәсіпкерлік істер жөніндегі комиссиясын кұру арқылы кәсіпкерлермен «кері байланыс» жүйесі жұмыс істеуде. Оның негізгі функцияларына мыналар кіреді: - шағын және орта бизнестің дамуына бөгет болатын мәселелерді зерттеу; - атқарушы органның жергілікті және аумақтық органдары үшін ұсыныстар жасау. Мұндай «кері байланыс» жүйесін ұйымдастыру үшін кәсіпкерлермен орталық атқарушы органдар деңгейінде Қазақстан Республикасы Президенті жанынан құрылған Кәсіпкерлер кеңесі бар. Кеңестің негізгі міндеттері болып мыналар табылады: - кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған ұсыныстарды жасап шығару; - нарықтық экономиканың дамуын ынталандыратын жағдайларды қарастыру; - Қазақстан Республикасында жұмыс жасайтын іскерлік орталықтарды, кәсіпкерлік ассоциациялар мен одақтарды құру; - кәсіпкерлік жұмыс аясындағы маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін ұсыныстарды дайындау. Қазақстан Республикасы Президенті жанынан құрылған Кәсіпкерлер кеңесі кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мен кәсіпкерлікті дамыту жолындағы кездесетін кедергілерді жүйелі түрде жою мақсатында Президентке, Үкімет пен Парламентке нақты ұсыныстарды дайындайды. Сонымен қатар, бұл Кеңес кәсіпкерлік істер бойынша ассоциациялардан, кәсіпкерлерден түсетін ақпаратты өңдеу және жинақтау жұмыстарымен де айналысады. Кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау мақсатында оларды материалдық-техникалық және ақпараттық-талдаушылық, қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету бағыттары бойынша жұмыстар жүргізеді. Қолдаудың бұл түрлері жергілікті және аумақтық деңгейлерде қабылданатын алуан түрлі бағдарламаларды жүзеге асырумен, сонымен катар, мемлекеттік капиталдың қатысуымен құрылған арнайы ұйымдар көмегімен, мемлекеттік атқарушы органдармен іске асырылады. Мемлекет тарапынан құрылып жатқан кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының көмегімен жаңа кәсіпорындардың табысы өседі және өндіріс көлемдерін өсіруге септігін тигізетін кәсіпкер мен қоршаған орта арасындағы қатынастар жүйесі құрылады. Мемлекет арнайы құрылған даму институттары арқылы кәсіпкерлікті қаржыландыру үшін икемді жағдайлар жасайды, өнеркәсіпті дамыту мәселелері мен болашағын зерттейді. Кәсіпкерлік мәселелері бойынша құрылған кеңес пен комиссия ағымдағы мәселелерді шешуге және даму жолындағы кедергілерді жоюға көмектеседі. |