Главная страница
Навигация по странице:

  • Мұхаммед Гуландам

  • Пайдаланылған әдебиеттер: 1.

  • Дәрісті бекіту сұрақтары

  • 12-ТАҚЫРЫП.

  • Шығыс әдебиеті. ШЫҒ. ӘД.12-15дәріс. 11таырып. Хафиз шыармашылыы(13251389) Дріс жоспары (1са)


    Скачать 83.86 Kb.
    Название11таырып. Хафиз шыармашылыы(13251389) Дріс жоспары (1са)
    АнкорШығыс әдебиет
    Дата19.02.2022
    Размер83.86 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаШЫҒ. ӘД.12-15дәріс.docx
    ТипДокументы
    #367333
    страница1 из 3
      1   2   3

    11-ТАҚЫРЫП. Хафиз шығармашылығы(1325-1389)

    Дәріс жоспары (1сағ)

    1. Хафиздің өмірі туралы мәлімет.

    2. Хафиз поэзиясыңда сопылық- мистикалық элементтер.
    Парсы жұртының атағы әлемге тараған шайырларының қатарында Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширазидің алатын орны өзгеше. Оның ақыныдық даңқы туған елінің ғана емес, парсы тілінде сөйлейтін барша елдерде айрықша қанықты. Замандар бойында Хафиз ғазалдарын зиялылылар да, қарапайым адамдар да ерекше қадір тұтып, жатқа білу дәстүрге айналған. Өмірдің алағайып шақтарында шаир өлеңдері арыққанға медет, торыққанға рухани сүйеніш болған. Жұрт Хафиз ғазалдары мен рубаиларынан тіршіліктің сан тарау сұрауларына жауап іздеген, әсемдік әлеміне бойылаған. Шаир шығармаларының халық арасына кең тарағандығы және әсерлілігі соншалық «Хафиз» деген сөз кейіннен жалпы суреткерлік ұғымның баламасына айналған, тәжіктер мен ауғандар халық поэзиясы дәстүрінде толғайтын ақындар мен жыршыларды осы терминмен атаған. Бір шаир есімінің күллі сөз өнері иелеріне тән атау болып қалыптасуы сирек оқиға. Мұның өзі Хафиз туындыоарының халық жүрегі мен санасынан мәңгілік орын тепкендігін сипаттаса керек.

    Хафизден қалған көлемі бір кітаптық мұра оның даңқын жаһанға жайды. Көп елдің ғұлама білгірлері, сөз зергерлері шаирдың үздік шеберлігін үлгі тұтты, жоғары бағалады. Өзбектің данышпан ақыны Әлішер Науаи ғазал жазуда алдына жан салмаған ұстаздар деп Хұсрау Деһлавийді, Хафиз Ширазиді, Әбдірахман Жәмиді атаған. Қазақ поэзиясының падишасы Абайдың ақындық пырағына қол созған жастық шағында өзіне өнеге санаған шаирларының бірі де осы Хафиз еді. Әлемнің ұлы ақындары Гете мен Пушкиннің де парсы шаирларының дарынына бас иіп, оның ұлылығын танығаны мәлім. Асқан лирик ақындардың бірі Фет Хафиз шығармаларымен танысқаннан кейін «Қай топырақта, қандай дәуірде өніп-өскендігіне қарамастан нағыз поэзия гүлдері әсте солмайды», - деген. Шаир шығармаларының өшпес мәнін, көнермес көркін, қайталанбас келбетін сөз етерден бұрын оның өмірбаяндық деректеріне, өскен ортасына, заманына азды-көпті назар салуымыз ләзім. Көркем мұраны туған кезеңінің ақиқатынан, әдеби дәстүрден бөліп алып түсіндіру қиын.

    Хафиздің өмірі мен шығармалары туралы мағлұматтар шаирдың көзі тірісінде жүйеленіп хатқа түспеген, тіпті, ақынның ғазалдары да ол тұста толық жинақ – күллият ретінде топталмаған. Ақынның алғашқы диван – жинағын оның шәкірті Мұхаммед Гуландам ұстазы қайтыс болғаннан отыз – қырық жыл кейін құрастырған. Хафиз өлеңдерінің тарихы, мәні, ерекшелігі жөнінде ізденулер мен салыстырулар ғасырлар бойында толастаған емес. Тіпті, қазірдің өзінде ешбір зерттеуші оның мұрасын толық танып, тексеріп, сарқып анықтадық дей алмайды.

    Шамсуддин Мұхаммед Хафиз 1325 жылдар шамасында Шираз шаһарында туып, 1389 жылы сол қалада дүние салған. Ақынның Ширази деп тахаллус – лақап ат алуы осыдан. Шаир әкесінен ерте жетім қалып, жасында жоқщылық қыспағын көп көрген. Күнкөріс қамымен наубайханада жұмыс істейді, тапқан қаражатын білім алуға жұмсайды. Оқуға ыждағатының және зеректігінің арқасында ол Құранды жатқа біледі, Хафиз атанады. Тұрмыс мұқтаждығы Хафизді кітап, қолжазба көшірушілік - хаттақтық ісімен айналасуға да мәжбүр еткен. Оның 1355 жылы өз қолымен жасаған көшірмесі біздің кезімізге жеткен. Ол көшірмеде ұлы шаир Хұсрау Деһлавий «Хамсасының» екінші, үшінші, төртінші дастандары. Сондай – ақ болашақ шаир шығармалық сапарының алғашқы кезеңінде ғылыми рисалалар – трактаттар да жазған секілді. Кейін атақты шаир болып танылған кезінде де кедейшілік Хафиздің бойын жаздырмаған. Ел арасында ақынның айбарлы әмір Темірге айтқан жауабы делінетін аңыз әңгіме де осыны растайды. Хафиздің:

    Шираздағы түркі аруын періштеге теңер ем,

    Бір меңіне Самарқант пен Бұхараны берер ем, - деген өлеңін естіген атышулы әмір жұпыны киінген шаирды алдына алып келгенде: «Самарқант пен Бұхараның даңқын жаһанға жаямын деп бүкіл дүниені бағындырдым, ал осы шаһарларымды бір сұлудың бетіндегі меңіне тарту етуге батылын қалай барды?»,- депті дейді. Сонда шаир: «Асып кеткен қолы ашықтығымнан ғой осындай кедейлікке жеткенім», - деген екен... Хафиз өмір кешкен дәуір шытырман оқиғаларға толы еді. Шыңғысхан әулетінен шыққан өкімдарлар қысымына наразылық бұл тұста айрықша бой көтере бастаған. Иран жерінің бөлшектеліп, түрлі әкімшілікке бағынуы өзара жаулықтардың тұтануына әкеліп соққан.

    Ел өміріндегі алмағайып, аламан тасыр оқиғалар кезінде шаир қашан да қарапайым халық мүддесінің жаршысы болып отырған. Қатал әкімдердің зорлығынан түңіліп, олардан бойын аулақ ұстайды. Сонымен қатар Хафиздің көп уақыт патшалар құзырында болып, солардың қамқорлық панасын көргені де рас. Мәселен, ол шаһ Шожа мен шаһ Мансұр сарайында жиі болып тұрған, өзінің «Сақинаме» деген дастанын шаһ Мансұрға арнаған. Хафиз ғазалдарының кейбіреулері ел билеушілерге мадақ түрінде келуінің себебін де осындай жағдайдан іздеу керек.

    Шаир әдебиет әлеміне қадам қойғанда көп ғасырлық жетілген парсы тіліндегі көркемдік дәстірден тағылы алған. Оның алдында да, тұсындада шырын сөзімен жұртшылықты тамсандырған небір дүлдүл ақындар есмімі мен еңбегі өлең сүйер қауымға мәлім еді. Әрідегі Рудаки, Фердаусилерді айтпағанның өзінде әрқайсысы көркемдік дамудың жаңа беттерін ашқан шаирлар ол дәуірдегі парсы, араб, түркі тіліндегі әдебиетте үлкен шоғыр болатын. Зерттеушілер Хафиз де, өзге тәжік – парсы ақындары да тек өз елінің әдеби дәстүрі көлемінде шектеліп қалмай, дүние жүзіне даңқы кеткен түркі, араб суреткерлерінің де көркемдік тәжірибесінен нәр алған деп есептейді. Ғазал жанрының парсы әсер – ықпалы болғаны осының бір мысалы. Бұл жанрды Иран әдебиетінде Сағди жан – жақты жетілдіріп, сұлу көрікті күмбезін тұрғызған еді.

    Хафиздің щеберлік түрлері мен поэтикалық нақыштары кемелдікке жеткен, аталған салаларда теңдесі жоқ үлгілер жасаған парсы әдебитіне сапалық жаңа олжа қосқанына қайран болмасқа болмайды. Ол ғазал мүлкінің ең сәнді биігін жаратқан лирик шаир бола алды. Дәстүрлі өлең өлшемдері мен бейнелеу жүйесінің, тақырыптық шеңбердің ауқымында отырып – ақ өзінше соны сөз, тапқырлық иірімдерін таба білгендігі Хафиздің қайталанбас ақындық келбетін белгілейді. Ол ескі жанрлық шарттылықтар көлеңкесінде қалып қоймай, жаңа мүмкіндітер, көркі солмас кестелер табады. Өкімдарларға мадақ өлеңдерінде де, жалған тақуаларды әжуалаған ғазалдарында да тың үйлесімдер, сұлу сәйкестіктер жасайды. Махаббаттың қуанышы мен өкініші, бақкүндестер қиянаты мен достық нұры, тәңірге табыну, дүние қызығын тәркі ету, шаһтардың шарапаты, фәни мен бақи, шадымандық секілді поэзиясында әзелден жырланып келе жатқан тақырыптардың «таныс - бейтаныс» қырларын шебер әдіптейді.

    Хафиздің өлең көгінде мәңгі жарқырап тұратын бейіттері сүйіспен-шілік, іңкәрлікті дәріптеген шығармаларынан жиі кездеседі. «Арайлап атқан таңдайсың, мен көмескі шамдаймын», - дейді шаир бір ғазалдарында. Үстірт қарағанда бұл тіркестер бұрыннан қанықты, әркім – ақ айталатын теңемеле секілді. Бірақ, осындай қарапайым, кәнігі ұғымдардың құдіретін ашу, сөздердің тігісінен айрықша ажар төктіру, күтпеген қисындар, тосын шешімдер іздеу кемел ақындар ғана сыбағасы болмақ. Хафиздің құштарлықты, сүйгеніне шексіз берілгендікті сан құбылтып өрнектеген өлең жолдары жүректі жарып шыққан әндей, күмбірлеген ойлы күйдей, таусылмас армандай әсер қалдырады.

    О, сиқырлы періштем! Пәрмаңына тәнтімін,

    Жаныма жара салсаң да, тәуіпке әсте бармаймын.

    Хафиз байғұс, қыл арқаннан босағанмен мойының,

    Жүрегіңді ол тұзақпенен алған өрелеп.

    Саған деген махаббатым – жүрегімде ақ маржан,

    Тотықпайды ол бұл дүние қызығының бәріне.

    Сенің нұрлы дидарыңды көруім – ақ мұң екен,

    Көктем келіп көкірегіме қызыл – ала гүл екті.

    Билік, байлық әркімді де қызықтырып тартады,

    Патша тағы тең болмас – ау қайран алтын басыңа.

    Махаббатты мадақ етем, бағытымнан таймаймын,

    Тірі пенде бұза алмайтын бұл бір мықты қамалым...

    Әр ғазалдан алынған бұл жолдардың тапқыр қаланған ойлы да сәнді қатары бүгінгі оқушыға да ақындық шеберліктің өзгеше деңгейін таныстыра алады. Ал мұндай өлеңдердің бұдан алты жүз жыл бұрын өз топырағында қаншалықты сиқырлы саздай, пайғамбарлық ғайып дүниесінің үніндей болып естілгенін түсіну қиын емес. Ең ғажабы – бұл жолдардағы ойлылық, суреттілік, тосындық, қарапайымдылық үйлесім тапқандығында ғана емес, сол кездегі діни, әдеттік нормаларға іштей қарсылықтың, адам азаттығын, сезім бостандығын аңсаудың қуатты көрініс бергендігінде. Адамның табиғи тілегіне орай бақытқа жетуге тиістілігін батыл жырлау «таза» махаббат өлеңдерінің өзіне жаңаша қуат дарытқан. Төмендегі мысалдар бұл ойымызды дәлелдей түссе керек.

    Намазға ұйый берген сәтте кетті елестеп қабағың,

    Сол – ақ екен қалдым ұмытып намаздың бар сабағын.

    Табиғаттың түгел бүгін түлейтұғын шағы ғой,

    Тек сен ғана түрленбей – ақ әдемісің қарағым.

    Немесе:

    Қатал қыстың қаһарынан қорғаныш та іздемен,

    Құштарлықтың қызулы оты – менің ыстық мекенім.

    Сондай – ақ:

    Жәмшид патша кесесіндей қыз жанары құдіретті,

    Ап – анық қып көрсететін аспан астын, жер жүзін.

    Міне, осылар тектес махаббат мисраларында оған дейінгі поэзияда ұшырайтын мистикалық ұғымдардың ұштығы да жоқ. Лирикалық қаһарманның қуанышы мен қайғысы аралас, толыққанды, жанды адам болып сипатталуы Хафиз ғазалдарының сапалық жаңа айшықтарының бірі.

    Гүл ашсын деп сұлулықтың гүлзарары сендегі,

    Көктемдей көңілімнің бар шуағын бергенмен...

    Дүниеде бәрі қирар, бәрін қаудан шөп басар,

    Құлата алар күш жоқ бірақ махаббаттың сарайын...

    Өзінен бұрын сан шаир шабыттана жырлаған махаббат тақырыбын Хафиз дәстүрлі сөз кестелері ауқымында отырып – ақ құлпырта толғаған, ғашықтық ғазалының қолы жетпестей мұғал мұнарасын орнатқан. Өлең кестесінін жалт – жұлт ойнауы, қарапайым тіркестермен ұлы ақиқаттарды айта алуы оның өзгеше бітімін, кереметін көрсетеді.

    Шаир суфизм поэзиясына тән терминдер мен тіркестерді жиі қолданады. Әлемге небір күрделі шығармаларды берген бұл ағым әсерінен «құлан таза» ақын ол дәуірде кездеспейді. Хафиз де көптеген ойларын сол дәстүрлі поэтиканы пайдалана отырып жеткізген. Сонымен қатар ақын өлеңдерінің мазмұнында софылық мистикасымен үйлеспейтін, ол ұғымның мөлшеріне сыймайтын еркіндіктер де мол ұшырайды. Шаир ғазалдары бір сарынды емес, оның қаһарманы кейде тақуа, діндар, енді бірде өршіл ойлы өктем, тағы бір тұста әдет заңдылықтарымен есептеспейтін жан болып елестейді. Басқа бір кезекте ол қаһарман асқақ әкімдер мен жалған діншілдерді аяусыз әшкерелейтін сықақшы, дүниенің баянсыздығын, өзгермелілігін пайымдайтын ойшыл. Кейбір өлеңдерінде өз дәуіріндегі әкімдерге ізет, мадақ көрсете отырса да, шаир реті келгенде билеушілердің нәрсіздігін өткір сынға алады. Мұндай сарынды ғазалдар Хафиз шығармаларының ең мәнді тобына жатады.

    Дарынсыздық орансын мейлі үлде мен бүлдеге,

    Бәрібір ол да танытып қояр ол да жасық сүйегін...

    Сұлтандардың қазынасынан артық көңіл байлығы,

    Жаратқанға жалбарыну жанға араша, сеп емес...

    Назира табиғаты мен ерекшелігі жөнінде белгілі ғаым И. С. Брагинский былай деп жазады: «Ремесленник лишь подражал, более и менее искусно. Мастер соревновался. При этом он ставил себе более трудные условия, сем если бы создавал новые самостоятельные образы, как это делает обычно западный писатель. Восточный автор назиры как бы наваливал на себя добавочный груз, он всячески стеснял себя необходимостью творить в жестко очерченных рамках. Победить он мог, если именно в этих рамках он психологически, художенственно углублял заданный образ... ». бұл пікірдің принциптік мәні бар. Бұдан Хафиздің өзінен ілгеріде өмір кешкен ұлы шаирлардың сарынын, белгілі дәрежеде қайталай отырып, шығармашылық жарыста өз құлашын таныта алғандығын ұғамыз. Кейбір белгілі көркемдік тіркестер мен бейнелерді жаңа қырынан жарқырата, тапқыр, тосын түрде ашу үшін шаир шахматтағыдай санаулы шеңбер ішінен тек өзіне хас жүрістер табуы керек болған. Наризагөйлік мәселесінің қазақ әдебиетінің тарихын тереңдеп түсіну үшін де қатысы жоқ емес. Бізде кейде бұрынғы ақындарымыздың Шығыс немесе Батыс әдебиетінде жырланған тақырыптарды қазақша қайта сөйлеткенінің бәрін аударма деп есептеушілік кездеседі. Анық аударма бір басқа да, белгілі бір оқиғаны, яки сарынды назира үлгісімен қайта жазып шығу екінші нәрсе.

    Хафиз ғазалдарының түрі мен мазмұнын тұтастығы, нақылдай жұмыр, нақтылығы, жалпыға түсініктілігі, ой мен сезім жарастығы, терең мәнділігі, өмірлік, діни, философиялық сарындардың бірлестігі оған әмбебаптық сипат дарытқан. Ол өлеңдердің әр қауымның, әр заманның адамы өз тағдырының көркемдік жауабын іздеген. Мұның өзі шаир шығармалары әлеуметтік мазмұнға ие болатындығын көрсетеді. Ақын туыныдыларында елді адамшылыққа, қанағатқа, қайырымдылыққа үндейтін мақалдай тұжырымды бәйіттер мол. Ол көп ғазалдарында жұртшылықты дүниенің жылтырағына, жиһазына бола адамшылық парыздарын ұмытып кетпеуге шақырды. Лауазымға, мансапқа құныққандық арты жақсылыққа апармайтынын әрдайым ескертеді. Өмірдің баянсыздығын білдірсе де, достық пен қастық парқын пайымдаса да, барлық жерде адам бақытының жаршысы болып көрінеді. Оның ғазалдарынан өмірді сүйетін, тіршілік шытырмандарын талдай білетін, кедейлр мен кемтарларға дос, дүние зұлымдарына өш, озық білімдар, ақиқат, теңдік ұраншысы елестейді. Зерттеушілер Хафиз ғазалдарының жалпы сарыны ренессанстық идеялармен үндесетінін аңғарған.

    Арада қаншама ғасырлар өтсе де, Хафиздің ғазалдарынан шаирдің өмір өткелдерінің ізі, сенімі мен үміті әсерлі қалпында сезіледі. Оның өлеңдерінің талай заман өткеннен кейінгі аудармасының өзі осындай ойға қалдырғанда парсы тіліндегі түпнұсқасының кезінде жұртшылыққа орасан ықпалы болғанын түсінікті емес. Еркін ой, ресми тәртіптерге қарсы үн көтеру жоқ дәуірде Хафиздің кейде ишарамен, кейде төтелей батылырақ айтқан лебіздерінің қарапайым халыққа ересен ерлік болып естілгені, сол сөздерден бұқараның рухы серпілгені кәміл. Мұндайда ол:

    Өзегімді өрт жалайды, қалай табам даруын,

    Көтерісер кім бар екен мендегі жүк ауырын...

    Құбылмалы қу дүниеде жоқ қой жанға тыныштық,

    Одан да өзін шарап құйып, шапағат қыл бауырым...

    Өмірдің дағдарысы мен кездейсоқтығына душар болған жандарға ақын:

    Кенеттен қайғы тап болса, күйгелектенбей, шүкір ет,

    Одан да ауыр бір қасірет үмітіңді сап қылар, - деп кемел кеңес берсе, өзгеден көрген зәбірді де ақыл таразысына салып, сабырмен көтеруді дұрыс санайды.

    Қатал достың кәссіздігі налытпасын, Хафиз – ау,

    Арам шөптің өскеніне болар ма бақ кінәлі...

    Қатал адал достықтың өмір сәні екенін анық:

    Бұл дүниенің қызығы да достық пенен татулық,

    Тірлігіңнің көркі болса, өлгендегі иманың... – деп түйіндейді. Хафиздің бізге жеткен шығармалары қазақ тіліне толыққа жуық бірінші рет аударылып отыр. Бұл оқушы жұртшылықтың талғамына татитын жақсы тартудың бірі болатындығына күмәніміз жоқ. Жалпы бізде Шығыс әдебиетінің таңдаулы үлгілері жүйелі тәржімаланып жүр деп айталмасақ керек. Бұдан жиырма шақты жыл бұрын Шығыс шаирларының бір-бір шағын кітапшасы аударылып жарық көрген еді. Бірақ, сол бір тым қораш басылымдар оқушының өскелең дәрежесіне лайық болды деп айу қиын. Бізге атағы әлемге мәлім Шығыс шаирларының негізгі шығармаларымен таныстыра алатын көлемді кітаптар қажет. Әзірше сәтті аудармалар қатарында Омар Хайямныі рубаиларын, Низамидің «Жеті аруын», Сағдидің «Бостанын» ғана атауға болады. Өзімізге ежелден көршілес отырған тарихи, мәдени дәстүрі жақын елдердің көркем әдебиетін аударудың үздік – создық қана жүргіліп келе жатқандыңына Шығыс әдебиеті мен мәдениеті туралы қалыптасқан кейбір ұшқары пікірлердің де салқыны тиген. Кейінгі кезге дейін мұндай біржақты көзқарастан толық аралып болғанымыз жоқ. Бір кезде ұлы суреткер ұлы ойшыл М. Әуезоы ұлы Абай поэзиясын нәрлендірген рухни көздердің бірі Шығыстың классикалық әдебиеті деп аса терең де әділ тұжырым жасағаны белгілі.

    1986 жылы қазақ ақыны Әбдіраш Жәмішовтің аудармасымен «Хафиз ғазалдары» деп аталатын жинақ «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Жинақта Хафиздің 194 ғазалы, бірнеше рубаяты және «Сақинаме» деген дастанынан үзінді аударылып берілген. Тәржіма түпнұсқаны және оның орыс, өзбек тіліндегі аударымдарын салыстыра отырып жасалған. Ақын Әбіраш Жәмішев Хафиз туындыларын үлкен сүйіспеншілікпен, ерекше ыждағатпен қазақшалаған деп айтуға толық негіз бар.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Күмісбаев Ө. Шығыс шайырлары. Бес томдық./ 1-том. – Алматы:, 2015

    2. Бердібаев Р. Гүлстанның бұлбұлдары. А:, 1970

    3. Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары. А:, 1991

    4. Омар Хайям рубаилары. Аударған Қ.Шаңғытбаев. А:, 1965
    Дәрісті бекіту сұрақтары

    1. Омар Хайям өмір сүрген дәуір ерекшелігі неде?

    2. Омар Хайямның ғылыми еңбектерінің мән-мағынасы туралы не айтасыз?

    3. Омар Хайям рубаиларындағы ой еркіндігін, өмір шындығын қалай бағалайсыз?

    4. Омар Хайямның әлем тілдеріне аударылуының себебі неде?
    12-ТАҚЫРЫП. Ә.Жәми шығармашылығы(1414-1492)

    Дәріс жоспары (1сағ)

    1. Ә.Жәмидің өмір заңдылықтары туралы көзқарасы.

    2. «Жеті дастан» даналык кітабының философиялык тұжырымдары.
    ХV ғасырда Самарқанда, Бұхарада, Ғиратта әдеби өмір қалпына келе бастайды. Жәми бастаған парсы тілінде жазатын жазушылар ерте дәуірдегі классикалық поэзияның үлгілі үрдістерін одан әрі дамытып алға апара бастайды. Формалистік түр қуушы эпигон да пайда болады. Осы кезеңнің аяғында тәжік-өзбек әдебиетінің бұрыннан келе жатқан өзара байланысы күшейеді. Бұған Жәми мен Науаи достығы үлкен себепкер болады. Осы уақытта екі тілде жазатын қалам иелері шығады. Жәми – XV ғасыр поэзиясындағы жарық жұлдыздардың бірі. Жәми XV ғасырдың классикалық қазынасына нүкте қойып, аяқтаушысы еді. Оның алдында ғана өткен Хафиз синтезі – толыққанды болса, Жәми синтезі – жинақтаушы синтез еді.

    Жәми ғұмыр кешкен дәуір – Орта Азия мен Таяу Шығыста феодализмнің орныққан уақыты еді. Яғни Шыңғысхан шапқыншылығынан кейінгі феодализмнің қалыптасқан кезеңі еді. Орта Азия мен Хорасанда экономикалық һәм мәдени өрлеу байқалды. Бұл феодализмнің ішінен екі тенденция шықты. Бірі феодалдық топтың орталықтанған мемлекетті нығайтуға ұмтылуы да, екіншісі сепаратистер тобы орталық басқарудан бастарын ала қашып, езілушілерді өздерінше билеп-төстегісі келді. Мұндай екі ұдай тенденцияның күресінің арасында халық азап шекті, қаналды, тоналды, қан төгілді. Прогрессивті тенденцияның жеңгенінің өзінде халық қатты қиналды. Жоғары билеуші орталық басқаруға өзінің қарсыластарын қырып-жою арқылы жетті. Қырғынға ұшырайтын жасақ – шаруалардан, қарапайым кедейлерден құралатын.

    Орта ғасырлық дәуірде феодалдарды қорғаушылардың бірі – дін еді. Батыста христиан, Шығыс пен Орта Азияда – мұсылман діні болды. Діндік мораль феодалдық тірлікке түзетулер де енгізіп отырды. Сондықтан да сол уақыттың озат көзқарастағы кісілері діннің кейбір тармақтарына үлкен үміт артты. Солардың арасында Жәми де бар-тын. Жәмиге тағдырдың таяғы көп тие қойған жоқ еді. Жастайынан даңқтың дәмін татты. Бірақ ол одан үнемі қашып жүрді. Ақын даңқтан қашты. Сарай маңына шақырған әміршілер де көп еді, алайда ол дүниеге қызықпады, бармады, қарапайым өмірді қалады. Жәми – гуманист, сөйтсе де кейбір шығармаларында діннің дәнін көбірек себуге тырысты, оған ақын кінәлі емес, ортасы кінәлі. Өйткені XV ғасырда Орта Азияда гуманистік идея бүркемеленіп дін арқылы тарайтын. Жәми өмір кешкен әлеуметтік-саяси жайғдайлар оның адамсүйгіштігінің күшті-әлсіз жақтарын көрсетті.

    Нұриддин Әбдірахман Жәми 7 қарашада 1414 жылы Шам өлкесінде Хорасан Харджирде дүниеге келді. Бала кезінде үй-ішімен Гератқа көшіп келіп, өмір бойы сонда тұрады. Әуелі Герат, сосын Самарқанд медресесінде оқиды, маңайындағыларды керемет қабілеттерімен таң қалдырады. Атасы мен әкесінің жолын қумайды, олар мұсылман шариғатының білгірлері еді. «Накшбандия» дейтін сопылық ұйымға кіреді. Жәми кейін сопылардың шейхы болды, тимурид билеушілерінің, мұсылман дін ілімін қуушылардың, суфизмнің арасында беделі биік еді. Әр түрлі әкімдер оны сарай маңына шақырады, бірақ ол бармады, дәруіштік өмірді қалады, жерді өңдеді, көп жазды. Әке жолын қумады. Жәми араб, парсы тілдерін білді. Гератта кейін Самарқандқа барғанда риториканы, фәлсафаны, заң ғылымын, дін ілімін, космографияны, математиканы меңгерді.

    Жәми жүзден астам еңбек жазыпты. Негізгілері мыналар екен:

    1.«Қасиетті үйдегі достықтың лебі». Еңбекте бес жүздей ел билеушілердің, көптеген ірі шайырлардың өмірі қамтылады.

    2.Екінші кітабы – «Бахаристан», «Көктемгі бақ» баласы Зиялиддин Жүсіпке арнап жазған. Жеті бөліктен тұрады. «Бахаристан» Сағдидің «Гүлстанын» еске түсіреді. Өлеңі, қарасөзі аралас.

    3.Жеті дастаннан тұратын «Жеті тақ». Шығыс поэзиясына белгілі «Бестіктің», яки «Хамсаның» жалғасы.

    1. «Алтын шынжыр», 2. «Саламан мен Абсал», 3. «Ізгілерге сыйлық», 4. «Такуаалардың тасбиғы», 5. «Жүсіп – Зылиха», 6. «Ләйлі – Мәжнүн», 7.«Ескендірдің даналық кітабы». Әр поэманың өзінің жеке дара қасиеттері бар, фәлсафасы, мистикасы, дидактикасы бар. Бірінші және үшінші, төртінші поэмалары құлықтық жайлы новелла, мысал әңгімелерден құралады, бұл жағынан Низамидың «Құпиялық қазынасына» келеді, екінші, бесінші, алтыншы поэмалары Низамидің «Ләйлі – Мәжнүнін» елестетеді. Ең соңғысы «Ескендірдің даналық кітабы» Александр Македонский образын өзінше бейнелейді. Низамидің «Искандер намасіне» жауап секілді.

    Ғазалдарының үш жинағы бар. 1. «Жастық шаққа кіріспе», 2. «Алтын тасты алқаның ортасы», 3. «Ғұмырдың қорытындысы». Жәми бұлардан басқа дін ілімі, поэтика, риторика жөнінде көптеген трактаттар жазған.

    Екі сұңқар әңгімесін үдетті:

    «Шөліркеулер жүйкемізді жүдетті.

    Мынау мимырт ми дала да мезі етті,

    Көз ашқалы көргенім сол демекті.

    Кетсек шіркін алыс жаққа қалықтап,

    Хан қолында тұрсаң сосын шалықтап».

    «Әр қилы ғой ақымақтың әр ісі

    Жастауына айтты сонда кәрісі:

    Жете алмассың кейін осы күніңе,

    Зар боларсың саңқылдаған үніңе.

    Саған тарлық етіп жүр ме осы құз,

    Аштық, өлі ет, олжа біздің досымыз.

    Суық болса дірілдейді денеміз,

    Ыстық желде бозарып-ақ кетеміз.

    Шырақ, осы біле білсең жақсы әнің,

    Өзіне алтын сақинасы патшаның».

    Шығармашылығының толысқан шағында Жәми 1472-1473 жылдары Герет-Хамелан, Курдистан, Бағдад, Кербала Неджефтен Мекке мен Мединеге сапар шегеді. Қайтадан Дамаск пен Тербиз арқылы Гератқа оралады. Жол бойы Жәмиді қарсы алып, шығарып салушыларда есеп болмайды. Гератта да беделі күшті еді, өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науаи екеуі арадан қыл өтпестей достықта болады. Науаи өзінің «Нәзіктікті талдауыштардың мәжілісі» дейтін атақты антологиясында Жәми жөнінде жылы пікірлер білдіреді.

    Жәми Герат қаласында 9 қараша күні 1492 жылы дүние салады. Халық көп қатысады. Науаи жақын досы Қамалиддин Абдуллас Низамиге ұстазының толық ғұмырнамасын құрастыруды тапсырады. Өзі Жәми жайлы «Абыржығандардың бестігі», «Хамсат аль мутахай-иран» кітабын жазады, ұстаз досымен кездесулерін, әңгімелерін келтіреді. Жәми мен Науаидің қай жылы, қашан кездескені жайында дәл мәлімет жоқ. Сірә, 1469 жылы Науаи Гератқа келгенде кездессе керек. Жәмидің халық арасында беделі болғандығы сондай, жергілікті әкімдер одан тайсалып тұратын. Реті келсе, ақынға сыйлықты үйіп-төгетін. Бірақ Жәми соның бәрін де жеке басының пайдасына жаратпай, халық үшін пайдалы құрылыс ісіне жұмсаған. Сондай қаражатқа ол өзі тұрған қалада екі мектеп, бір жатын үй салдырған.

    Ақынның қанатты, ұстамды, мейірімді болғаны жайлы әңгіме көп. Замандастары оның қыс пен жаз бойы бір шапан киіп, белін сүлгімен орап жүретінін айтады. Басындағы шалмасына дейін қарадүрсін болса керек. Қолынан үйеңкі асатаяғы түспепті. Бір күні байдың баласы оны үйіне іздеп келеді. Үй маңында жұмыс істеп жүрген кісіні көріп, шайырдың күтушісі, не аспазшысы, қызметшісі болар деп менсінбепті. Сөйтсе ол Жәмидің өзі екен. Ақынның бар дүниесі кітап болыпты. «Дүниеде кітаптан өткен сүйкімді дос табылмас, біздің мынау мұңлы мекенімізде одан басқа жұбатушы жоқ. Онымен өткен әрбір сәтің жүз ләззат әкеледі, алайда ешқашан ренжітпейді» деген сөздері кітап туралы айтылған. Бұл ойын «Жүсіп-Зылиха» поэмасында одан әрі дамыта түседі:

    ...Кітапта ғой – достық және даналық,

    Көкірегіңді ашады ол сәт сайын.

    Даналыққа ұстаздай-ақ қаралық,

    Ақылшымды келістіріп мақтайын.

    Неше түрлі әңгімені шертеді,

    Іші толған маржандардың кесегі.

    Өткен-кеткен жайларды кең қозғайды,

    Шындық жолын көрсетеді, тозбайды.

    Келешектен хабар беріп тұрады,

    Сөз маржанның мұхитына барады.

    Жәми орасан көп уақытын кітап оқуға жібереді. «Біз қарапайым дала адамдарымыз» дейтін ол. Әр кеш сайын ол келушілермен әңгімелесіп, сауалдарына жауап беретін. Аз сөйлеп, көп тыңдағанды ұнататын. 1469 жылы Науаи Гератқа келеді. Екі ақын бір-бірімен танысады, таныстық бертін келе үлкен достыққа ұласады. Науаи Жәмидің өзіне ұстаз санайды. Біраз мәселеде екеуінің көзқарасы бір жерден шығып отырады. Екеуі де соқыр сопылықты, жемқорлықты, зорлықты ұнатпайды. Жәми мен Науаи арасындағы қатынас тек ұстаз бен шәкірттің арақатынасы емес еді, бұлар бірін-бірі терең түсінетін достар еді, Науаи талантына Жәми әрдайым жігер отын қосып отырды, өлең құрудағы шеберлігіне риза болды. Жәми өзінің дастандарында Науаи ақындығының жетістік жақтарын қуана айтты. «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн» шығармаларында Науаи шеберлігіне тәнтілігін көрсетті. «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасында Науаи туралы Жәми былай деді:

    Достығыңды кеңейтеді дос деген,

    Үмітіңнің құрма ағашы көктеген.

    Достық кілті көнермейтін қазына

    Мәз боларсың мерекелі жазына.

    Достық деген дарқан бағың сенімің,

    Әсем әндей әлдилейді сені мың.

    Жазды ол жаралы жан жүрегін,

    Содан табам дүниенің тірегін.

    Екі ұлы ақынның арасындағы достық көпірі осылай қаланған. Науаи «Ескендір» поэмасын жазып бітіргеннен кейін оны оқыту үшін Жәмиге алып барады. Өйткені бұл түркі тілінде жазылған алғашқы жәдігерлердің бірі еді. «Сондай үлкен еңбекке жанашыр кісінің құнды пікірі керек еді. Жәмиден басқа кім айтады, «Дастанды» сондықтан алдым да, апарып оның алдына қойдым. Бүкіл сөздік байлығымды оның аяғына төктім. Менің қайғым кітап теңізіне қарай жылжығанда, ол қолын созды. Әр парағын байыппен қарап оқыды. Оқып отырып, сауал қойды, мен жауап бердім. Сонда ол жауабыма риза болды,»- дейді Әлішер Науаи.

    Науаи дастандарының бірінші оқушысы Жәми болған екен. Досының, шәкіртінің шығармаларына Жәми мен арадағы қарым-қатынасының қалай болғанын жазып кеткен. Науаи досына керек кезінде қаржылай, заттай көмек беріп тұрыпты. Екі ақынның махаббат, достық, адамгершілік дүние жайлы ойлары бір-бірімен үндесіп отырған. Сондықтан да бұл екеуінің тамаша достығы кейінгі ұрпаққа аңыз болып қалған. 1476-1477 жылы Науаи Жәмидің басшылығымен Накшбенди қауымына кіреді. Бұл ұйымның негізін қалаушы Бехааддин Накшбенди болатын, оның суфизмі өте-мөте беріліп кеткен сорақы сопылық емес еді. Ал суфизм дегеніміз – VІІІ ғасырда Испанияда пайда болған діни-мистикалық ілім. Араб халифатында кең тараған. Ерте суфизмге материалистік элементтері бар пантеизм тән еді. Кейін неоплатонизм, үнді фәлсафасының, христиан идеяларының әсерімен суфизмдегі негізгі орынды аскетизм, мистицизм алады. Құдайды ғана шын деп ұғады, ал оны қоршаған заттар мен құбылыстарды құдайдың көлеңкесі деп түсіндірді.

    Суфизм – өмірдің ең жоғарғы мақсаты – адам жанының құдаймен етене бірігуі деп ұғындырды да жердегі фәни тірліктен, қоршаған дүниеден бас тартуға шақырады. Суфизмнің көрнекті өкілдері иран философы Сухраварди, ХІІ ғасырдағы араб ойшылы әл-Газали 1059 ж. ортаазиялық философ Суфи Алаяр 1620 ж. және басқалары болды.

    Ал, Накшбенді фәлсафалық теорияларға көп бойлап бара алмады. Негізгі қағидасы Мұхаммед пен оның ізбасарларының өсиетімен жүріп отыру еді, сопылар пайғамбардың өміріне еліктеді. Ерікті түрде қайыршылық тіршілік етті. Қайыршылығы басқаға кесірін тигізген жоқ. Қол еңбегімен тамағын асырады. Накшбендінің өзі жерге бидай, бұршақ сеуіп күнін көрді. Үйінде жинаған дүниесі болмады. Қыста сабан, жазда жөке жастанды, қолына күтуші қызметкер ұстаған жоқ. Адамның басты міндеті, өзінің жақынына қызмет ету деп білді, адамдарға шыдамды бола білу керек десті. Жәми өмірі бұл ұйымға кірген соң да өзгермеді, ғылыми жұмыспен айналысты, айналасындағы жақындарына, достарына көңіл бөлді. Науаи да осы ұйымға кіреді, бұндағы ойы Жәмимен онан сайын жақындаса түсу еді. Жәми суфизмді өзінше түсінді. Тентек, білімсіз, бұзақы дәруіштерді ол жек көрді. Гераттың бір жас жігіті Самарқанға барып, дәруіштерге қосылды да, солардың ілімін үйреніп келеді. Жәми оған айтады: «Мавераннахрға барам деп, сен сопылыққа әбден бас шұлғып келіпсің, пайдалы ілімді үйренбекке ұмтылмайсың. Барлық ойыңды ғылым мен даналықты меңгеруге бағыштаған абзал. Біз надан сопылардың өмір ерекшеліктерін зерттеп байқадық. Бұлардың бәрі де қараңғы әрі зиянкеш адамдар». Бұл тұста да Жәми мен Науаи көзқарастары дөп түсті. Жәми шәкіртінің өлең жазудағы талантын жоғары бағалады, адам сүйгіштігін қадірледі, өзі де оған қайырымы кең еді. Екі ұлы ақынның достығы аңызға айналды.

    Жәми шығармашылығымен Иран әдебиетінің гүлдену дәуірі аяқталды. Үш ғасыр бойы үнсіздік билейді. Парсы тілді ақындар көбеймесе азайған жоқ, әйтсе де арасында айтулы алыптар болмады. Дүние жүзі әдебиетінің тарихына енетін ақындар тумады. Бұл тұсты Гете тап басып айтқан. «Барлығын ол бір бауға байлады, еліктеді, жаңартты, кеңейтті, өзінен бұрынғы өткендердің ізгілігін де, қателерін де бойына анық жинағандықтан, кейінгі келер өнерлі ұрпаққа көп жұмыс қалдырмады. Мұндай жағдай үш жүз жылға созылды». Жәми шығармашылығы иран классикалық поэзиясының «алтын күзі» еді. Ол сол күздің жемісін жақсы жинап кетті. Көптеген қасидалар, ғазалдар, мағыналы мәснәуилер, ырғақты, проза фәлсафалық өлеңдер қалдырып кетті. Феодализм дәуірінде поэтикалық ағымдардың арасындағы күрес кейінгі кездегідей күшті өрістемеген еді. Жәми арқылы екі тенденцияның алдыңғы қатарлы және реакциялық тенденцияның күресін көреміз.

    Жәми шындыққа ұмтылған ұстаздықты әдейі қалап алды, сарай маңынан, байлықтан ат тонын алып қашты, екіжүзділікке ұрынған дәруіш тірлігін сынады. Халық жағында болып, еңбек етуге шақырып, озбырлыққа, үстемдікке қарсы шықты. «Егер де құдайсыз өзінің әділеттілігімен атын шығарса, ол елге мейірімсіз діндер билеушіден анағұрлым жақын» деген сөзді Жәми «Саламан мен Абсал» деген поэмасында айтқан-ды. Жәми дінге еріктілікке шақыра отырып, кейбір өлеңдерінде шиитерді ұнатпайтындығын білдіреді. Ал арабша шаа – біреуге бірігу деген мағынаны береді. Әли ибн Аби Талиб пен оның ұрпақтарын Мұхаммед пайғамбардың заңды ізбасарлары деп ұғатын әр түрлі ағымдардың, секталардың жалпы аты ХІІ ғасырда өкімет үшін күрес кезінде Әли жақтастарынан аш-шиа саяси топ құралады. Үкімет имаматқа тек Әлидің ғана хұқы бар деп таниды. Шииттер мен суниттер имаматты әртүрлі түсінеді. Суниттер үшін имам діні және ақсүйек басшы, оны адамдардың өздері сайлап тағайындайды. Шииттер үшін имам құдайдың құпия қалауымен болатын нәрсе, бір имамнан екінші имамға өтеді. Әли жағындағы имамдар жоғары билеушілікке мұрагерлер ие болуы тиіс және ондай пайғамбарлық үзілмеуге тиісті дейді. Шииттер қозғалысы кейін бірнеше ағымдарға бөлініп кетеді, сөйтіп ислам қағидаларынан қашықтайды. Бүкіл ислам тарихында үкіметті Әли ұрпақтарына алып беру үшін күреседі. Қазіргі кезде Иран халқының көпшілігі, Ирактың жартысы, Ливан, Йемен, Бахрейн мұсылмандарының көбі шиит дінін қолдайды. Шиизм секталары джафариттер,имамиттер, нұсайриттер, рафадиттер бүкіл мұсылман елдерінде бар.

    Жәми ірі философ ақын. Ол поэзияның қоғамдық мәніне маңыз беріп, езушілерге қарсы күресте поэзияның ролі мен күшіне сенеді. Поэзия формалистік еліктеуге түсе бастағанда классикалық анық стильдік үлгілі бейнелері үшін күресті. Сарай жанындағы ақша құмар ақындарды сынады.

    Ақының кім бүгінгі? Бақытсыз жан:

    Байғұсың «қыр» мен «бірді» айырмаған.

    Табиғаты, ойы да төменірек,

    Дос кеңесші көрінер елден ерек.

    Күні-түні жүгірген екіленіп,

    Аяғын күйдірген ит секілденіп.

    «Ақын» деген қысқа сөз мағыналы,

    Оған көп харекеттер бағынады.

    Ар-ұяттан безінсе салтағы аз,

    Ондай жеңіл байғұста болмайды мәз.

    «Ақынның сөз өнері – айтайын деген ойын мүсіндеуінен көрінеді» деген сөзді айтқан Жәми еді. «Сұлудың бетіндегі жалғыз меңге қызығуға болар, ал ол егер тым көбейіп кетсе несі сән?» дейді шайыр. Жәми шығармаларының шыңы – «Ескендірдің даналық кітабы» саналады. Ақынның осы кітабында мол салмақ жатыр, өйткені ол бұнда бұдан бес ғасыр бұрын әлеуметтік утопия жайында ой айтады, көркем формада айтады.

    Адамдар өзара тең деген Орта ғасыр утопиясы жөнінде де осыны айтуға болар еді. Осындай ілгері ғасырларға ой тастаған утопия үшін Шығыста қаншама толқулар, көтерілістер болып өтті. Бұл идея бұдан бірнеше жылдар бұрын жазылған «Гильгамеш» поэмасында бар-тын. Аңызда аязы, ыстығы, өлімі, қызғанышы жоқ тамаша ел бар. Есіңізде бар ма, Фирдоуси «Шахнамасында» Александр Македонский барахмандарға барғанда сондай бір елге тап болады. Мұндай утопия Әбу Әли ибн Синаның фәлсафалық трактатында да жүр. Фахриддин Гургани «Вис және Рамни» дастанын осындай ізгі оймен аяқтады. Низамидің «Искандор-намесінде» бұл утопия өзгешелеу суреттеледі. Барлығы да халықтық әлеуметтік утопиядан бастау алады. Жәмидің таптық тарихи көзқарастың тар шеңберіне қарамастан, сол уақыттың өзінде сондай биік ой айта білетіндігі – батылдығы дер едік. Ол батылдығы «Ескендірдің даналық кітабы» туындысынан көрінеді. Содан бір үзінді келтірейік:

    Дүниені жауламаққа Ескендір,

    Құпияны білемін деп ескен бір.

    Оңай емес жарық жасау далаға,

    Тап болады бір ғажайып далаға.

    Қызық екен бұл қаланың тәртібі,

    Әкімі де, ханы да жоқ артығы.

    Еңбек десе сезілмеген тарлығы,

    Жер үстінен табылып тұр барлығы.

    Таза құлық жайлаған ел мекенін,

    Білмейді екен соғыстың не екенін.

    Мұнда әрбір жанұяның бағы бар,

    Құлыпсыз да, кілтсіз де ашылар.

    Шах айтыпты, «бұ не қызық жалғанда»

    Ұрыларға есік ашық қалған ба?

    Айыптымыз бізде ұры болмайды,

    Кедей де жоқ, байлар да жоқ, жоқ қайғы.

    Біздегінің барлығы да тепе-тең,

    Жайқалады жерге түйір дән сепсең.

    Бітік егін ойлантпайды басқаны,

    Жомарт-ақ қой біздің жақтың аспаны.

    Шах айтыпты «Бәріне таң қаламын,

    Қолға қылыш алмапты бір адамың.

    Өкіметсіз тұрғаныңда түсінбен,

    Таңқалдырып тұрсың бейбіт күніңмен.

    Жоқ деді олар бізде мүлдем заңсыздық,

    Қанау, озбыр дегендерді бір сыздық».

    «Ескендірдің даналық кітабында» Жәми Ескендірге тек қана ескі әскери басшы емес, мұсылман пайғамбары әрі шындықты іздеуші ретінде де қарайды. Жәми әсіресе, осы поэмасында шындық пен жақсылықты қорғауға үндейді.

    Жүрегіңе жоғалтпа сауда, сату жалғанды,

    Шындығыңмен ұрып жық дандайсыған адамды.

    Жақсылық пен сенімнің жолымен жүр әманда,

    Жарқын достық ғажайып күш береді адамға.

    «Алтын шынжыр» поэмасында Жәми жалған жемқор сопыларды ауясыз сынайды.

    Сопылар бар жексұрын, ондайлардан аулақ бол,

    Бейнесі жоқ адамдық, надандықпен таппақ жол.

    Не берсең де қомағай өңешіне тығады,

    Жолап кетсе жаныңа зиян болып шығады.

    Ет пен шарап, бос жүріс кәсіп еткен ұйқыны,

    Ойламайды өмірді бітеді деп бір күні.

    Жәми «Ескендірдің даналық кітабында» қарапайым еңбек адамның образын жасайды, тапқырлықтың, даналықтың солардан шығатынын дәлелдейді, мұнысында әлеуметтік сатира бар. Патшалардың сарай маңындағылардың ақылсыздығын, қатаңдығын әшкерелейді. Жәми төрт құбыласы түгел адамның бейнесін сопылық трактаттарынан, поэма, ғазалдарынан іздестірді. Ақын шығармасын бойлаңқырай барған кісі сыншылдығынан гөрі адам сүйгіштікке, жоғары этикалық нормаларды уағыздауға, жүрек пен махаббатты сыйлауға жиі барғанын байқайды. Соншалықты қатаң ғасырда мұндай мәселелерді қозғауы оның талантының ірілігі еді, құдайға деген махаббаты адамға қарай жиі бұрыла береді. Сол үшін де Жәми біздің бүгінгі ұрпаққа керек. Жәми поэзиясының ең басты кейіпкері де, тақырыбы да – адам. Идеалы да адам. Сондықтан да сонау ХV ғасыр көгінен жарық жұлдыз боп көрінген уақыт озған сайын жарығын алыс ғасырларға таратып келе жатқан қымбатты есім біз үшін Әбдірахман Жәми екені хақ.
      1   2   3


    написать администратору сайта