Главная страница
Навигация по странице:

  • Дәрісті бекіту сұрақтары

  • 13-ТАҚЫРЫП.

  • Пайдаланылған әдебиеттер: 1.

  • 14-ТАҚЫРЫП.

  • Шығыс әдебиеті. ШЫҒ. ӘД.12-15дәріс. 11таырып. Хафиз шыармашылыы(13251389) Дріс жоспары (1са)


    Скачать 83.86 Kb.
    Название11таырып. Хафиз шыармашылыы(13251389) Дріс жоспары (1са)
    АнкорШығыс әдебиет
    Дата19.02.2022
    Размер83.86 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаШЫҒ. ӘД.12-15дәріс.docx
    ТипДокументы
    #367333
    страница2 из 3
    1   2   3

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Күмісбаев Ө. Шығыс шайырлары. Бес томдық./ 1-том. – Алматы:, 2015

    2. Бердібаев Р. Гүлстанның бұлбұлдары. А:, 1970

    3. Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары. А:, 1991

    4. Омар Хайям рубаилары. Аударған Қ.Шаңғытбаев. А:, 1965
    Дәрісті бекіту сұрақтары

    1. Омар Хайям өмір сүрген дәуір ерекшелігі неде?

    2. Омар Хайямның ғылыми еңбектерінің мән-мағынасы туралы не айтасыз?

    3. Омар Хайям рубаиларындағы ой еркіндігін, өмір шындығын қалай бағалайсыз?

    4. Омар Хайямның әлем тілдеріне аударылуының себебі неде?

    13-ТАҚЫРЫП. Ә.Науаи шығармашылығы (1441-1501)

    Дәріс жоспары (1сағ)

    1. Ә.Науаидің өмірінен мәлімет, оның шығармашылығы туралы ғылыми пайымдар.

    2. «Өзім туралы», «Ойлар сыйлығы» өлеңдеріндегі

    Өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науаи 1441 жылы ақпан айында Ғират қаласында дүниеге келген. Әкесі Савзағар қаласының билеушісі еді. Науаи дәуір кешкендегі Орта Азия мен Хорасандағы қоғамдық һәм саяси өмір бір мазасыз шақты басынан кешірулі еді. Ақсақ Темір (1336-1405) қайтыс болғаннан кейін таққа таласушылардың арасында қым-қиғаш күрес басталып кетті. Әрқайсысы өздері жеке билегісі келді, біріне-бірі шабуылға шығумен болды. Тимуридтер тұсында ғылым мен мәдениет өркендей бастады. Қытай, Үндістанмен дипломатиялық қарым-қатынастар орнады. Біраз озат ойлы адамдардың іс-әрекеттеріне тұсау салынды. Солардың бірі Ақсақ Темірдің талантты немересі Орта Азияның ұлы астрономы Ұлықбек еді, ол жаулардың қолынан 1447 жылы қаза тапты. Ұлықбек әскери қызметке, ел шабуға, таққа отыруға қызықпады, өйткені ол нағыз ғалым кісі еді, оның кезінде Самарқанд шаһарында медреселер ашылды, шәкірттер астрономиядан, математикадан дәріс алды. Ұлықбек орнатқан обсерваториядан аспан әлемінің жұлдыздары бақылауға алынды. «Зиджи-и-Кургани» деп аталатын Ұлықбектің әйгілі астрономиялық таблицасы содан қалған болатын. Мінеки, Әлішер алдында ғұмыр кешкен Ұлықбек сондай ірі ғұлама еді.

    Әлішердің шешесінің ағасы Хусихат көшіруші болыпты, әрі музыкадан, өлеңнен хабары болса керек. Әлішердің әкесімен бірге туған кісінің баласы Сабухи де ақын екен. Сондай өнерлі ортада өскен бала жас кезінен бастап-ақ жақсы жырларды жиналған топтың ортасында жатқа өлең айтып жүріпті. Жас шағынан өлеңмен, ғылыммен айналысады. Ұлықбек өлгеннен кейін Ғиратты оның жиені Әбілқасым Бабыр билейді, оған 14 жастағы тимуридтер әулетінен шыққан Сұтан Хусейн көмектеседі. Әлішер Науаимен екеуі мектепте бірге оқиды, ұзақ жылдар достық қарым-қатынаста болады. 1457 жылы Әбілқасым Бабыр өледі. Әлішер Мешхед қаласына көшеді. 1469 жылы Сұлтан Хусейн Байқара таққа отырғанда Ғиратқа қайтып оралады, сұлтан оған сарай маңынан төрелік қызметті тапсырады. 1472 жылы ақын уәзір болып сайланады.

    Әлішер Науаи өзінің қызмет орнын халыққа қызмет етуге жұмсап отырады. Хусейн Байқараға сондай бағыт сілтеп ақыл-кеңестер береді, оған үміт артып еді, сұлтан ұспағы өзара жерге байлыққа таласып, елдің мазасын кетіреді. Феодалдық соғыстар шаруаларды күйзеліске ұшыратады, мемлекет әлсірейді. Сарайға, сұлтанға қызмет етудің мәнсіздігін түсінген ақын одан бірте-бірте бойын аулақ ұстай бастайды. Адамды қорғауға, қанауға қарсы тұрады. Осыған орай, Науаиді көзімен көрген Хондемир деген тарихшы мынадай мысал келтіреді. «Бір күні – дейді Хондемир сұлтан Әбусейіттің әмірлері Джехед қаласының қасында болған шайқастан соң Сұлтан Хусейннің бір әскери отрядын тұтқынға алады. Олар бірқатарының басын алып Әбусейітке жібереді. Екі тұтқын Сұлтан Хасанның үлесіне тиген еді. Бұны Әлішер көрген еді. Лагерьдің бастығы әлгі екеуін алып келіп мыналардың да басын қағып, Әбусейітке жөнелтіңіз дейді. Сонда Әлішер тұрып шатырдың қожасына былай депті: «Анау соғыс даласының бір жерінде домалап жатқан адамның басын көріп едім, жендетке бір-екі теңге беріп, сол басты алдыртыңыз, ал мына мүсәпірді қоя беріңіз». Шатыр иесі Әлішердің айтқанын істейді, әлгі тұтқынға азаттық беріледі. Енді екіншісін құтқаруды ойластырады. Сөйтіп тұрғанда лагерьдің бастығы келіп: «Енді өлтірмеңдер, бір бас та жетеді»- дейді. Сол жерде оған әлгі даладан әкелінетін бас табыс етіледі. Сөйтіп екі тұтқын аман-есен құтылып, бостандық алады. Тағы бір мысалды Хондемирден алайық. «Мәртебелі жеңізпаз Сұлтанның Хусейн Байқараның шенеуніктері қаражат жинау жағына келгенде, қарамағындағыларды қыспаққа алушы еді, сондай жағдайда Әмір Әлішер бағынышты елге қиын боп қалмасын өкіметтің тірегі шайқалмасын деп, жан қалтасынан төлеп жіберетін болған. Талай рет халыққа орынсыз түскен салықтың ауыртпалығын өзі көтеріп, итше ырылдасқан сұлтандарды бітістіріп, араздасқан әке мен баланы татуластырып, тыным таппайтын Әлішерді өскен ортасы қатты қадірленуші еді.

    Науаи адамның ақылы мен біліміне зор сенім артқан кісі, ол адам баласын сүйе білді, оның кемшіліктеріне жаны ауырды, жетістіктеріне қуана білді. Ақынның лирикасы да, эпикалық шығармалары да кісі қулығын, мінезін жақсарту мәселелеріне арналды. Әлішер өз уақытындағы ғылымның бір саласынан білім сусынын тартты. Гератта, Мешхедте, Самарқандта оқыды. Жас кезінен-ақ екі тілде ескі өзбек және парсы тілдерінде лирикалық өлеңдер жазды. Өзбекше өлеңінің соңына «Науаи» (әуезді), ал парсыша жазғанда «фәни» жалған деп қойды. Ол небәрі 47 мың жол өлең жазыпты, азырқанатын қазына емес. Солардың ішінен ақынның «Хамсасы» (Бестік) ерекше орын алады. Шығыс әдебиетінде бес дастаннан тұратын поэмаларды жазған әзірбайжан ақыны Низами (ХII ғ.) еді. Содан кейінгі бестікті жазған Әмір Хосроу Дехлеви (ХIIIғ.), бұдан кейін Әбдірахман Жәмиге кезек тиді. Ал түркі тіліндегі «Бестікті» бес поэманы тұңғыш жазған Әлішер Науаи болатын. Бес дастанды Науаи 1483-1485 жылдардың ішінде, яғни екі жылда дүниеге келтірді. Әлішер Науаидың бұл дастандары оның ақын досы Әбдірахман Жәмиден үлкен лайықты бағасын алады.

    Ә.Науаи шығармашылығында шығыс поэзиясына тән жақсы қасиеттердің бәрі тоғысқан еді. Шығыс ойшылдарының әдеби тарихи шығармаларын терең оқып, зерттеген Науаи өз халқының әдеби мұрасын жасау ісіне ересен үлесін қосады. Ана тілінде тағлымы мол туындылар жазды. Өзбектің нағыз жазба әдебиеті Науаи шығармашылығынан басталады. Төрт лирикалық өлеңдер жинағы мен бес поэма Науаи талантын дүние жүзіне танытты. Ол туған халқының әдебиетіне арқасын сүйеп отыра жазды, Науаи дастандары Низами, Әмір Хосроу, Жәми шығармаларымен сырттай ұқсас болғанымен іштей айырмашылықтары бар екені айқын. Бес кітаптың өзі бес саусақтай бір-біріне ұқсамайды.

    Бірінші поэма – «Хайрат алабрар» немесе «Ізгілердің қаһарлануы» (жақсыларды таңқалдыру үшін) деп аталады. Ол 1483 жылы жазылған. Ақын мұнда әділетсіз әкімдерді, діни сопыларды, парақорлықты, талау-тонаушылықты өткір сынайды. Адам еңбегін қанаудан сақтандырады. Ескі иран патшасы Бехрамның қатал әрекеттері арқылы ақын ел талауды, ел талаушыларды, әкіреңдеген әкімдерді, сұрықсыз сұлтандарды әшкерелейді. Орта ғасырдың оспадар, ойсыз заңдарын сынай отырып, адам мен адамның, халық пен халықтың достығын жырлайды. Дастан 64 тараудан тұрады, бірақ әр тарауын өзара байланыстырып жатқан тұтас желілі сюжет жоқ, өйткені әр тарауда әр түрлі оқиға суреттеледі.

    «Бестік» жинағына енген махаббат дастандары «Ләйлі-Мәжнүн» мен «Фархад – Шырын». Ақын «Ләйлі-Мәжнүн» дастанында махаббат сезімдерін жан-жақты қырымен жырлайды. Бұл сюжет жалпы шығыс халықтары әдебиетінде бұрыннан кең таралған еді. Науаи өз заманының перзенті, сондықтан да қай жәдігерлерінде болмасын өзі өмір сүрген ортаның үнін, бояуын, тілегін қосып отырады. Зерттеушілер «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын батыстың «Ромео мен Джульеттасына» теңейді. Шығыстанушы М.Ю.Крачковскийдің айтуынша, бұл ғашықтар жайындағы ғажайып қисса арабтар арасында ХII ғасырдан бері белгілі екен. Әзірбайжанның ұлы шайыры Низамиден кейін бұл тақырыпқа қалам тартушылардың бірі Науаи болса керек. Ол ауызша және жазбаша танысып, көп іздену жолдарынан өтіп барып, мұңлы махаббаттың жырын жазып шығады. Былай сырттай қарағанда Әлішер Науаи араб сахарасында болып өткен уақиғаны айтып беретін секілді, бірақ мәселе тереңіректе жатыр. Ақынның «Ләйлі-Мәжнүні» өзі жасаған заман тынысымен тығыз байланыста туғаны хақ. Автор феодалдық салт-санамен, керітартпа қылықтармен, жауыздықпен күреске шақырады. Дастан адамгершілікке, жастық сезімді қадірлеуге, бақыт үшін күресе білуге үндейді. Сөйтіп, Ләйлі мен Мәжнүннің эпикалық бейнелерін сомдады. Мәңгілік махаббатқа ешқашан кіршік аялдамасын, жастар қапалықта кетпей, сүйгеніне қосылсын, жас жүректердің мөлдір сезімдері қорланбасын дейді ақын. «Ләйлі-Мәжнүн» бестіктің яғни дастанның екіншісі, 1484 жылы жазылып біткен көлемі үш мың бес жүз жолдан тұрады. Достық, махаббат сияқты ұлы сезім жөніндегі өрелі ойларын Науаи «Фархад – Шырын» дастанында кеңінен жалғастыра түседі. Мұндағы қаһарман Фархад Қытай өкілі, яғни қытай патшасының баласы, оның сүйгені Шырын – ирандық т.с. Әсіресе, Фархад образына автор ерекше назар аударады. Фархад еңбексүйгіш, махаббатына берілген нағыз ержүрек адам. Иран шахы – Хосроу оған қарама-қарсы алынған бейне. Хосроу шах Армения жеріне ауыз салып, халқын талан-таражға салды. Сонда армян елін қорғауға Фархад белсеніп шығады, шынайы, биік махаббат шығарманың негізгі өзегінің бірінен саналады. Бұл дастанның кейбір тараулары мен өлеңдерін қазақ ақындары А.Тоқмағанбетов, С.Сейтов, Қ.Бекқожин, И.Жылқайдаров аударған. Бұл дастан да 1484 жылы жазылған.

    Төртінші дастан – «Сәбғэй сеярә» (Жеті планета) деп аталады. Бұл шығармасында ақын ертегі сюжеттерін көбірек қолданады. Бұл шығарма тоғыз мың жолдан тұрады. Шығарманың басты кейіпкерлері– Иран патшасы Бахрам гур. Бұл кейіпкер Фирдоусидің «Шахнамасында», да, Низами, Әмір Хосроу, Дехлеви шығармаларында да кездеседі.

    Бір жылдан соң 1485 жылы Науаи «Екендір қорғаны» поэмасын жазады. Кіріспесінде автор құдай, пайғамбар жайлы айтады да, әрі қарай ескі иран тарихына шолу беріп, Ескендірге байланысты негізгі материалдарға сілтеме жасайды, сосын басты кейіпкерінің өміріне көшіп кетеді. Ескендір патшалығының алғашқы күндерінен бастап-ақ езушілерді, қанаушыларды жазалайды, халықты екі жылдық салықтан босатады, бағаны реттейді. Бұның бәрін Науаи әдейі солар құлағына ілсін, өкіметті дұрыс басқаратын үлгі алсын деген мақсатты мегзейді.

    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Күмісбаев Ө. Шығыс шайырлары. Бес томдық./ 1-том. – Алматы:, 2015

    2. Бердібаев Р. Гүлстанның бұлбұлдары. А:, 1970

    3. Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары. А:, 1991

    4. Омар Хайям рубаилары. Аударған Қ.Шаңғытбаев. А:, 1965
    Дәрісті бекіту сұрақтары

    1. Омар Хайям өмір сүрген дәуір ерекшелігі неде?

    2. Омар Хайямның ғылыми еңбектерінің мән-мағынасы туралы не айтасыз?

    3. Омар Хайям рубаиларындағы ой еркіндігін, өмір шындығын қалай бағалайсыз?

    4. Омар Хайямның әлем тілдеріне аударылуының себебі неде?

    14-ТАҚЫРЫП. Физули шығармашылығы(1448-1556)

    Дәріс жоспары (1сағ)

    1. Физули өмірбаянынан мағлұмат.

    2. «Ләйлі- Мәжнүн» - Физули творчествосының шырқау шыңы.

    3. Физули – көркем сөздің құдіретті зергері.

    Орта ғасырда өмір сүріп, артына өшпестей мұра қалдырған шығыс поэзиясы алыптарының бірі, азербайжан халқының ұлы ақыны – Мухаммед Физули. Шығыстан жарқырап туған ғажайып жыр жұлдыздары қатарында азербайжан халқының ұлы ақыны Физули есімі де тұр. Қазақ халқына Фердауси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Хожа Хафис, Жәми, Сағди, Науаи есімдерімен бірге Физули аты да баяғыдан таныс. Өйткені Таяу және Орта шығыс әдебиетінің тарихында аса айтулы құбылыс болып саналған Физули поэзиясының қазақ халқының әдебиеті мен рухани өміріне біраз әсер-ықпалы тигені даусыз. Ол (шамамен 1448 жылы туып, 1556 жылы өлген) араб Ирагының Кербале (қазақ ұғымында Кербала) дейтін қаласында, өзінің оқымыстылығымен аты шыққан Сүлейменнің семьясында дүниеге келген. «Физули» – білімдар, орақ тілді, от ауызды деген мағынаны білдіретін сөз болса керек. Ақынның бүкіл табиғаты бұл есімнің дәл табылғанын, барынша лайық есім екенін айғақтайды. Ол соншалық көп білетін, оқымысты, ойшыл адам болған. Физули жас кезінде-ақ поэзия сипаттары мен шарттарын білген, араб, парсы, азербайжан тілдерін жақсы білген.

    Ақынның әкесі Сүлеймен Бағдадқа азербайжаннның Арша округінен көшіп барған көрінеді. Оны кейбір зерттеушілер муфти болған деседі. Бірақ Физули өз шығармаларында әкесінің кім болғандығы туралы ештеңе айтпайды. Физули әуелі Кербаледегі мектепте, кейін Бағдадтағы медреседе оқиды. Ол мектепте оқып жүрген кезден бастап-ақ махаббат жайында қысқа-қысқа өлеңдер жаза бастайды. Бірақ ғылымсыз поэзия бос сөз екенін түсінген ақын өз поэзиясында философиялық ойларға да ерекше мән берді. Физули шығармалары өзінің көзі тірісінде және кейін де қолжазба күйінде тараған. Сондықтан да оны халық «біздің білімпаз» деп атап кеткен. Шынында да, Физули өз кезінде көп нәрседен хабары бар өз заманының озық идеяларын берік ұстанғанында, ізгілік үшін күреске бел буып түскенін де жақсы білеміз. Оның бүкіл поэзиясы адамгершілік уағызына толы. Ақын адамзатты адам еркімен ар-ожданын қорғауға шақырды: қарапайым бейнет кештердің мүддесін орындауға жан сала кіріседі, зорлық пен қанау ауыртпалығынан жаны күйіп, белі бүгілген, қабырғасы қайысқан қалың бұқараға қайсарлықпен ара түсіп отырады. Ол байлық пен әкімдіктен, аз күнгі «өткінші рахаттан» бас тартып, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты қадір тұтады, қан төгер қатал соғыспен әділетсіздікке, әлеуметтік езгімен теңсіздікке қарсы тұрады. Өз замандастарын төзімділікке шақыра отырып, ол болашаққа үлкен үміт артып сеніммен қарайды.

    Физули творчествосы сезімді баурап алатын шыншылдығымен, шынайы адамгершілік қасиеттерімен дараланды. Физули шығармаларында суфизмге тән қарама-қайшылықтармен пантеизм идеясы да бар. Ол азербайжан, араб, парсы тілін жақсы білген және сол тілдерде көркем шығармалар жазған. Сондықтан да ол өз шығармаларында Абу Новастың, Хасанның, Хаганидің, Низамидің, Әлішер Науаидің, Ахмеди Шейхының аттарын жиі атап, шығыс мұсылмандарының әдеби өмірімен таныс екенін аңғартып отырады. Ол тілдерді жақсы меңгеруінің арқасында таяу шығыстың мәдениетімен, әдебиетімен түгел дерлік таныс болған. Оның поэзиясын оқып отырғанда, ақынның тарихы, медицина, астрономия, геометрия, логика, философия тағы басқа да ғылымдармен жақсы таныс болған адам екендігін аңғаруға болады. Ол өзінің «Пікірлер жүйесі» деген шығармасында ертедегі грек философтарының тоқтап Платонның, Аристотельдің, Гераклидтің тағы басқа да ескі грек философтарының шығармаларынан мысалдар келтіреді. Бұлардың барлығы да өз заманында біраз нәрседен хабары бар, білімді адам болғандығын дәлелдейді.

    Физулидің жастық шағы тарихи оқиғаларға толы кезең болды. Бағдадтың маңайында талай тарихи оқиғалар болып жатты. Оның бала кезінде бір династия қирап, оның орнына екінші династия келіп орнады. 1508 жылы Шах Ислам Хатай Бағдадты жаулап алып, ондағы дін орталықтарын қайтадан қалпына келтіре бастады. Кербале мен Неджеф қалаларында жаңадан дін орталықтарын ашты. Осы кезде ақынның мектепте сабақ беріп жүріп, дінді жақтаған кездері де болды. Бірақ ақын Сефевид мемлекетімен оның басқарушы топтарының сөзін сөйлеп, сойылын соғып кеткен жоқ. Үнемі дұрыстық жағында, халық жағында болды. Физулидің ізгі идеялары Хагани, Шербани, Әмір Хұсрау Дехлеви, Жәми дәстүрінде жазылған «Жүрек досы», «Денсаулық пен дерт», «Шарықтау мен сенім», «Кезбе мен тақуа» («Анис әл-калб») атты қасидасында жарқын көрініс тапқан. «Ғашиш және шарап», «Жемістер таласы» атты аллегориялық дастандарында феодалдық қоғамның кертартпа құрылысын әшкереледі. «Шағымнама» атты прозалық шығармасында Сүлейман сұлтанның сарайындағы парақорлық пен әлсіздікті сынады. Ол Хусаин Ваиз Каинфидің «Ровзат уш Шухадасын» парсы тілінен азербайжан тіліне аударып, өзінше «Бақыттылар бағы» деп атады. Этикалық, философиялық бағыттардағы шығармаларын өз өмірінің соңғы кезеңіне дейін жазды.

    Физули шығармашылығының шырқау шыңы – «Ләйлі – Мәжнүн» дастаны (1536-1537). Бүкіл шығыс пен дүниежүзі поэзиясының асыл маржаны саналатын бұл шығарманы ол өзінен бұрынғы ақындардың, әсіресе Низамидің үлгісін жалғастыра отырып, қайта жырлады, оны азербайжан ауыз әдебиетінің өзіндік бай дәстүрлерін бойына молынан сіңірген, қайталанбас көркем туынды дәрежесіне көтерді. Физули мұнда өмірлік мәні зор күрделі мәселені көтеріп, екі жастың адал махаббатын асқақ үнмен жырлады. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын алғаш Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ тіліне аударды, ол кейінірек жеке кітап болып басылды (1936). Соңғы жылдары Физулидің таңдаулы ғазелдері мен қасидалары қазақ тіліне аударылып, жеке кітап болып шықты (1970). Ал, 19-ғасырда азербайжан Ирак және Орта Азия елдерінде бірнеше рет жарияланды. Е.Э. Бертельстің пайымдауы бойынша толық қолжазбасы (куллият) 1522 жылы жазылған. Шығармаларының толық ғылыми – сыни басылымы 1958-1961 жылдары Бакуде жарық көрді. Физулидің поэтикалық шығармаларында елеулі орын алатыны– лирикалары мен қасидалары. Бізге жеткен 11 қасида мен 1өлеңнен тұратын (барлығы 450 бәйіт) араб тіліндегі жинағы ғана.

    Физули Сүлеймен сұлтан Бағдадта тұрғанда одан көмек сұрай барады. Сүлеймен сұлтан ақынның бұл арызын қанағаттандырып, оған айына 9 сом ақша көмек беріп тұруға рұқсат етеді. Бірақ ақын ол көмекті ала алмайды. Осыған байланысты ақын сұлтанның бас уәзірі Мұстафа Челебиге арнап өзінің белгілі шығармасы «Шағым туралы кітабын» жазады. Бұдан өзінің бар өмірін поэзия мен өнерге арнаған тамаша талантты ақын Физулидің жоқшылықта өмір сүргенін аңғаруға болады. Физули ешкімге көп иіле бермейтін намысқор адам болған. Оның осы мінезі шығармаларынан да айқын көрінеді. Ол халықтың ауыр халін көріп, оның тағдырына қайғырумен болады. Өз шығармаларында халықты, қанаушыларды батыл сынап, әшкерелеп отырады. Сол кездегі дін иелері ақын шығармаларының халық арасына кең тарауына мүмкіндік береді. Сондықтан да ақын өзінің әрбір өлеңінің алдында, ортасында, аяғында өзінің дінге деген қарсылығын білдіріп отырды. Ол поэзияның діннен бөлек өз ғылым екендігін, оның таланттан туатындығын айтты. Оны өзінің «Кезбе мен тақуа» деген шығармасына жазған алғы сөзінде: поэзияны жаны сүймейтін Захит пен поэзияны жақсы көретін Риндтің диалогы үстінде шеберлікпен шешіп береді. Поэзияны жақсы көретіні үшін Риндқа ыза болған Захит: «Мен енді түсіндім. Сен өлеңді сүйеді екенсің. Саған Алланы жамандаған өлеңдерде ұнайтын болар. Поэзия деген өтірік, сенің санаңда сондай жалғандықтың ізі қалған. Ондай жалған сөзді таратушыларды халық бағаламайды. Сен одан аулақ жүр»-дейді. Оған Ринд:- «Поэзияның бағасын кемітуге болмайды. Поэзия-ақыл-ойдың жиынтығы. Өлеңді Алланың өзі де жек көрмейді. Өлеңді бағаламау-өмірді бағаламаумен бірдей. Онда айтылатын пікірлер адамға ой салады. Сондықтан халық оны жақсы көреді. Оны шығарушы ақындарды құрмет тұтады» -деп жауап қайырады. Бұдан Физулидің поэзияға қаншалықты мән бергенін аңғару қиын емес. Ақынның мұндай ойлары оның басқа шығармаларында да жиі кездесіп отырады. Физули поэзияда өмір шындығын дұрыс көрсету керек деген шарт қойды. Ол, туралы ақын: «Мен поэзия бақшасының ішінде жүргенде шындықтың қош иісті ауасымен дем аламын»,-деп жазды.

    Физулли көркем өнердегі жаңалықты жаны сүйе қарсы алған ақын. Ол көп білетін талант иесі-бұрын айтылмаған тың ойлар айтуға тырысу керек дейді. Одан әрі ақын «Маған дейін өлең шығарған ақындар терең талантты адамдар болған. Оларға ғазалдардың бір жерінде әдемі бір сөз кездессе, оны қайта-қайта қарап, жөндеп отырған». Сөйтіп олар өзінен кейінгілерге тыңнан тауып айтатын асыл сөздерді аз қалдырған нағыз шебер өзінен бұрыннан не айтылды соның бәрін біліп отыру керек. Бұл өз шығармаларында өзінен бұрын айтылып кеткен ойларды қайталамау үшін керек»-дейді. Осы талапты ақынның өзі де бұлжытпай орындап, өзінен бұрынғы ақындардың не айтып кеткендерін білу үшін көптеген шығармаларды оқып шыққан. Сөйтіп ақын поэзия саласында бұрын айтылмаған тым пікірлер айтуға тырысқан. Сондықтан: «Мен әлемдегі шеберлік дүниесінде жалғыз-ақ өз атым тұрса екен деп ойлайтын қызғаншақ адаммын»-деп бекер айтқан жоқ. Ол өзінің түнімен отырып жазған ойларын таңертең тұрып қарағанда, оның ішінен өзінен бұрынғы ақындар айтып кеткен ойларға ұқсас пікірлер кездесіп қалса, сол арада сызып тастап отырған. Кейде Физуллиге мына сөзіңіз түсініксіз, бұрын кездеспеген, айтылмаған сөз ғой деп келушілер де болған. Сонда ақын ол адамнан тезірек құтылуға тырысып, өзіне-өзі: «Бұл не деген тағылық. Айтылған сөз бұрын да айтылған. Ал, айтылмаған сөз бұрын да айтылмаған сол үшін мен кінәлімін бе?»-деп бұрылып кете беретін болған. Бұдан ақынның әрбір сөз, әрбір сөйлем үшін қаншалықты уақыт бөліп, тер төккенін аңғару қиын емес.

    Физули көркем сөз қуатына ерекше мән бере отырып, ақындарға да ауыр талап қойған адам. Ол көпсөзділік ойдың жауы екендігін айта келіп, ой тұжырымды, әрі түсінікті болуын талап етеді. Тіпті ол: «Ақылды айтылған сөздің ішінде де артық сөздер көп болады»- дейді. Бұл айтылғандардан Физулидің поэзия мен көркем өнерге үлкен мән беріп, қандай талап қойғанын аңғаруға болады. Ақынның өз шығармашылығында да осы биік талаптарға түгелдей жауап беріп отырған. Физули Таяу Шығыстағы лириканың асқан шебері болды. Ол Таяу Шығыс ақындарына ғазал жанрының классикалық үлгісін ұсынды. Сөйтіп, азербайжан ғазалдарын бұрын болып көрмеген биікке көтерді. Физулли поэзиясының ішінде лирикаға ерекше мән берді. Ол лириканы бұқара халықпен жақындастыра түсетін, оның ойы мен сезімін тербейтін құрал деп қарады. Себебі жазу, сызу болмаған ел үшін жаттап алуға ғазал жанры қолайлы болды. Сондықтан Физули ғазалдары ауыздан-ауызға жатталып тез тарап кетіп отырды. Физули өз ғазалдарына адамның жан дүниесі мен қарапайым сұлулықты, табиғат тамашаларымен қабыстыра отырып жырлады. Сол табиғатты жырлай отырып, адамды, оның іс-әрекетін сол табиғаттан үнемі жоғары қойып отырды. Физулидің бірқатар ғазалдары махаббат тақырыбына арналған. Одан ақын адамның ой дүниесіне тереңдей еніп, адам мен ғұмыр бойы бірге жасайтын сүйіспеншілікті жырлайды. Физулидің махаббат туралы лирикасының құндылығы-ол адам ойында бар қияли махаббатты ғана емес, сонымен қатар адамдардың арасындағы нағыз шынай махаббатты сөз ететін. Оның сұлуларды суреттеген ғазалдарының барлығы шын өмірде бар адамдар маңында болады. Онда сұлудың киімі, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы бәрі де ақын суреттеуінен тыс қалмайды. Физули лирикасында сүйіспеншілік тақырыбымен қатар ақынның өзі өмір сүрген қоғамға деген көзқарасы да көрінеді. Ақын өз шығармаларында жақсы патша туралы үнемі айтып отыратын. Ақын өзін халықтан бөлектемейтін қарапайым патшаны армандайды. Ондай патша шындық өмірде жоқ, махаббатта ғана бар дейтін қорытынды жасайды.

    Физули өзінің бірқатар лирикаларында байлыққа семіріп, ойына келгенді істейтін феодалдарды және жоқты ойдан шығарып, халықты алдап отырған дін иелерін сынайды. Бірақ Физулиді діншілдіктен мүлдем таза еді деп айтуға болмайды. Ол дінді мойындады. Оның шығармашылығының алғашқы кезінде дін туралы айтқандары да болды. Бірақ ақын есейе келе, өмірді тани келе, діннен бірте-бірте алшақтай бастады. Сөйтіп дін иелеріне өтіріктерін сынап, бетіне басуға дейін барды. Ақын лирикаларында ғылым мен мәдениет тақырыбы да ерекше орын алады. Ол өз замандастарын оқуға, білімді болуға шақырып отырды. Жастарды оқуға, білім алуға үндеді, өзінің туған-туысқаны мен байлығына сүйенетіндерді өлтіре сынайды. Физули барлық сауаттыларды оқымысты деп есептеген жоқ. Өзін ғалыммын деп есептейтіндерге де сын көзбен қарау керек дегенді айтты. Бұл жөнінде ақын: «Егер ғалым өте аз білетін болса, ол сені көре алмайды»-деген пікір айтты. Сөйтіп ақын өзін ғалыммын деп есептеп, күншілдікпен өмір сүретіндерді өлтіре сынады. Оны Физулидің «Оқытушыға» деген өлеңінен айқын көруге болады.

    XVI ғасыр ақындары сияқты Физули де ода жазған ақын. Бірақ Физулидің одалары сарай ақындарының одаларынан әлдеқайда өзгеше болып келеді. Мысалы, Физулидің түркі сұлтаны, Бағдаттың билеушісі Шах Исмаил Хатайға шығарған одасында, ол сұлтанды сарай ақындарындай бет алды мақтай бермейді. Онда табиғат сұлулығын суреттеп келеді де, жастарды ғылым мен білімді меңгеруге үндейді. Өткен заманда болып өткен патшаларды, олардың істеген жақсылықтарын айта келіп, өз заманындағы патшаларды да сондай болуға шақырады. Бір сөзбен айтқанда, Физулидің одаларын орта ғыасырлардағы ғылыми-философиялық көзқарастардың жиынтығы десе де болғандай. Онда көбіне қоғамдық мәселелер сөз болады. Физули одалары әуелі бір нәрсені суреттеп көрсетуден басталады да, сол суреттеуге алып отырған затының бар ерекшеліктерін айтып шығады. Содан кейін барып өзінің мақтағалы отырған адамын айтады. Физули одаларының тілі ауыр. Ол өз одаларының көбінде ғылыми және тарихи терминдерді көп қолданады. Мысалы: «Физулидің «Бір құдайға» деген одасын түсіну үшін орта ғасырдағы ғылымның қолы жеткен барлық табыстарын жақсы білу керек. Онсыз Физуллидің бұл одасын түсіну мүмкін емес», - деп жазады Физулиді зерттеуші ғалым Ғамид Араслы. Физули тек ғазал мен оданың ғана емес, поэманың да шебері болды. Оның поэмаларының ішінде бүкіл шығыс халқын таңдантқан талай поэмалар бар.

    Солардың бірі–ақынның «Жүрек досы» деген поэмасы. Физулидің бұл шығармасы туралы ұзақ уақыт бойы ешкім ештеңе білген жоқ. 1930 жылы Е. Э. Бэртельс Ленинградтың Шығыстану институтының қолжазба бөлімінен осы поэманы тауып алып, ол туралы түсініктеме берді. Одан кейін бұл поэма туралы 1942 жылы Ғамид Арасылының мақаласы шықты. Сөйтіп бұл поэма алғаш рет 1943 жылы шыққан «Азербайжан әдебиетінің қысқаша тарихында» идеялық мазмұны жағынан талданды. Физулидің бұл шығармасы өзінің көлемі жағынан шағын поэма. Сондықтан ол ұзақ жылдар бойы Физули одаларының қатарына қосылып келеді. Поэмада ақын бұл тақырыпты өзінен бұрынғы ақындардан алып пайдаланғандығын айтады. Бұл тақырыпты Физулиден бұрын Хаганидің жазып, одан кейін Хосрова Дехвели мен Жәмидің өңдегендігін айтады. «... Бұл үйді құрастырушы жалғыз мен ғана емеспін, менен бұрын Хинда, Ширвана және Хорасана сияқты адамдар бұл үйдің фундаментін қалап, Хосров, Хагани, Жәми сияқты ақындар қабырғасын тұрғызған». Ақын бұл поэмада қаталдық, сараңдық, адамгершілік туралы философиялық ойларын ортаға салады. Қатал, қайырымсыз патшаларды ақын қасқырға теңейді. Ал, қасқырдан ешқашан да бақташы шықпайды дейді. Бұл шығармада Физулидің діннен толық арылып кете алмағанын көреміз. Бірақ оның феодалдық дәуірдегі басқарушы топты өлтіре сынап, жақсы патшаны іздеуі, оны кері кеткен заманнан емес, ілгеріден іздеуі Физулидің прогрессивтік жағы болып есептеледі.

    Физули шығармасында аллегориялық шығармалар елеулі орын алады. Ол қоғамдық, саяси орындарды ашық сынаудан қорқып, өз пікірін аллегориялық түрінде беріп отырған. Сөйтіп, Физули азербайжан әдебиетінде тұңғыш аллегорияның негізін салған Хагани мен мысал жанрын шебер пайдаланған Низамиден кейінгі аллегорияны шебер пайдаланған үшінші ақын болды. Низамидің «Қазына сыры» поэмасында «Бүркіт пен бұлбұл», «Аңшы мен түлкі» сияқты т.б. бірнеше аллегориялық бөлімдер болатын. Бірақ Низами кейінгі поэмаларында мұндай аллегориялық бөлімдерді пайдаланбаған. Ал, Физули болса, тек мысал өлеңдерімен ғана шектеліп қоймай, мысал түрінде поэмалар да жазды. Оны аллегориялық шығармаларында қоғамдық, саяси, философиялық үлкен мән жатады. Физулидің мұндай шығармаларының қатарына «Ғашиш пен шарап», «Жемістер әңгімесі» және «Денсаулық пен дерт» т.б. шығармаларын жатқызуға болады. «Ғашиш пен шарап» Физулидің аллегориялық шығармаларында ерекше орын алады. Ақынның бұл шығармасы Сефевидтер династиясының негізін қалаушы Шах Исмаил Хатайға (1486-1525) арналған. Кейбір зерттеушілер бұл шығарма Шах Исмаил Бағдадты басып алған кезде, 1508 жылы жазылған деп топшылайды. «Ғашиш пен шарап»– өзінің образдылығымен және идеясының тереңдігімен, стиль ерекшелігімен Физулидің шеберлігін танытқан шығарма. Шығарма Бэнга мен Бадэның әңгімелесуі ретінде құрылғанмен сол кезде болған Сефевидтер мен Осман түріктерінің арасында болған соғыс туралы аллегориялық формада шебер хабарлайды. Физули бұл соғыстың ақылға сыймайтын ақымақтық іс екенін, оны екі ірі мемлекеттің арасында бақталастық үшін болып отырған соғыс екендігін айтады. Поэмада Бэнга мен Бадэның арасындағы күрес баяндалады. Соғысқа қатысушы кейіпкер ретінде арақ, сыра, шарап және т.б. ішімдіктер қатысады. Физулидің сыны Бэнга мен Бадэге арналғанмен, оның әрқайсысы билік пен атақ үшін күресуші екі ірі феодалдың ролін атқарады. Бадэ халықты өзімнің құлым деп есептейді. Оның қарсыласы Бэнга да солай ойлайды. Осы екеуінің арасындағы бақталастықтан барып қантөгіс соғыс басталады.

    Шығарма Бадэның жеңісімен аяқталғанмен, ақын ол екеуінің де моральдық жағынан қуыс кеуде, бұқара халықтың қанын төгушілер екенін айтады. Ол екі хандықтың сарайын, олардың кеңесшілерін суреттейді. Физули осылайша аллегория арқылы феодалдар арасындағы өзара бақталастықты, кескіліскен күресті көрсетті. Сол арқылы өзі өмір сүрген дәуірінің шындығын айтады. Оларға өз атынан үкім шығарып, мысқыл етеді. Олардың халық қамын ойламайтын, тек қара басының қамы үшін, бақталастық үшін күресетін тоғышар адамдар екенін көрсетеді. Физули сарай маңындағы кеңесшілердің де шараптай қыздырып, ақымақ адамдарға тежеу салмай, керісінше оларға жер беріп отыратынын сынайды. Сөйтіп ақын XVI ғасырдағы қоғамдық өмір көрінісін оқушының көз алдында келтіреді. Бадэ мен Бэнга арасындағы соғыс тарихта Селим мен Шах Исмаилдың арасында болған соғысты баяндағандай. Сөйтіп, Физули өзіңің аллегориясы арқылы бір жағынан сол кездегі саяси жағдайдан хабар берсе, екінші жағынан арақ пен шарап, темекінің зияндылығын айтып, халықты одан безуге шақырады, адамдарды қырғынға ұшырататын соғысқа қарсы болады.

    Физулидің «Жемістер әңгімесі» оның аллегориялық шығармаларының ішіндегі балаларға арналып жазылғаны. Поэманың тілі қарапайым. Ол ұзақ уақыт бойы Физулиді зерттеушілердің назарынан тыс қалып келді. Тіпті 1928 жылға дейін Физулиде мұндай поэманың барлығын ешкім де білген жоқ. Тек 1929 жылы Бакуде шығатын «Маариф ве меденийет» журналында шыққан бір мақалада Физулиде осындай поэманың барлығы туралы айтылады. Ол мақаланы жариялаушы, Физулидің бұл шығармасын тұңғыш тапқан өзім деп есептеді. Шын мәнінде бұл поэма XIX ғасырдың басында Тебриз қаласында Физулидің «Жемістер әңгімесі» деген атпен жеке кітап болып шыққан болатын. Одан кейін түріктің бір топ ғалымдары бұл поэма Физулидікі емес деп дәлелдеуге тырысты. Олардың дәлелі– шығарма тілінің қарапайымдылығы мен сюжетінің шытырманды еместігі болды.

    Мұндай пікірді белгілі түрік ғалымы Кепрюлюзаде қолдап, өзінің 1928 жылы «Түркият» журналының екінші кітабында жазған мақаласында « Жемістер әңгімесі» өзінің тілі жағынан Физули шығармаларының бөлекше көрінеді» - деп жазды. Әрине, мұндай пікірлермен келісуге болмайды. Физулидің «Жемістер әңгімесі» поэмасы өзінің идеялық жағынан да және композициялық құрылысы жағынан да Физулидің «Ғашиш пен Шарап» поэмасының жалғасы тәрізді әңгімелесу түрінде жазылған.

    Ақын бұл поэмасында да өзім білемдік, өркөкіректік, мақтаншақтықты сынға алады. Поэма жазғытұрымды суреттеуден басталады. Поэмадағы «Жемістер әңгімесі» тарауында әңгіме азербайжан территориясында өсетін жемістер туралы болады. Онда Физулидің туған жерінде өсетін алша, қара өрік, қызыл шие, абрикос, алма, алмұрт, жүзім, анар, каштан және т.б. жемістердің аттары аталады. Ақын олардың түрін, түсін, дәмділігін, саудада алатын орнын жемістердің өз ауыздарынан айтқызып әңгімелеседі. Әрбір жеміс өзі туралы мақтанышпен айтады. Бірі өзінің әдемі түсін айтса, екіншісі тәтті дәмін айтады. Ал, үшінші біреуі өзінің базарда өтімділігін айтып мақтанады. Осылайша, барлық жемістер де өзінің артықтышылығын мақтаныш етеді. Сөйтіп ақын адамдарды бір жағынан әр түрлі жемістермен таныстырып шықса, екінші жағынан оларды айту арқылы өз оқушыларын мақтаншақтықтан сақтандырады.

    Одан кейін ақын бақша ішін аралауға келгенде қауын, қарбыз, қиярлардың айтысының үстінен шығады. Ақын қауынды – Шах, қарбызды – уәзір, қиярды оның көмекшісі есебінде алады. Шах өзінің қарауындағы адамдарды жазалап жатады. Олардың алдында менде қанша билік, қанша күштің бар екенін көрдіңдер ғой деп мақтанады. Сөйтіп тұрғанда, ол жөнсіз мақтанғандықтан жарылып кетеді. Осы арқылы Физули өзінің «Ғашиш пен Шарап» поэмасындағы ойын аяқтайды. Ақын «Ғашиш пен Шарап» поэмасында екі мемлекеттің арасындағы жайды сөз етсе,

    «Жемістер әңгімесінде» бір мемлекеттің өз ішіндегі күрес, талас-тартысты көрсетеді. Ақын барлық қоғамға тән жарамсыз жайларды аллегория арқылы сынға алады. Егер егес жай адамдардың арасында ғана болса, сол егес күйінде ғана қалады, егер егес екі ел басшылары арасында болса, халықтың қаны төгілетінін айтады... Сөйтіп, ақын «Жемістер әңгімесін» аударған «Хадикет-ус-суадасы» азербайжан тіліндегі тұңғыш прозаның үлгісі болды. Сондай-ақ Физулидің «Шағым туралы кітабы» да сол кездегі проза үлгілерінің бірі болып табылады. 1552 жылы Бағдадтың қазысы Алладиннің баласының туған күніне арнап жазған Физулидің құттықтау хаты да оның прозалық шығармасына жатады. Бұл хатта азербайжан тілінде жазылған. Онда ақын жас адамды қалай тәрбиелеудің жолдары туралы өз пікірін ортаға салады. Одан кейінгі жылдары Стамбул мен Анкарада шығатын журналдарда Физулидің осы сияқты тағыда үш хаты жарияланды. Бұл хаттар ақынның өмірі туралы құнды материалдар болып есептеледі. Ол хаттың біреуі Мосул округінің командирі болған Ахмет Пашаға арналған. Ол хат 1950 жылы Абдул Кадир Караханның «Физулидің өмірі мен өскен ортасы» деген еңбегінде жарияланды. Физулидің екінші хаты Баязит Чембиге арналған. Оны 1948 жылы түрік ғалымы Хасибе Мази оглы Анкара университетінің тарих-география факультетінің ғылыми запискасына жариялады.

    Физулидің «Денсаулық пен дерт» деген шығармасы парсы тілінде жазылған. Онда ақын әдемілік пен махаббат туралы толғанады. Сондықтан да бұл шығарманың аты кейде «Әдемілік пен махаббат» деп аталады. Онда адамның жан-жақты әрекетін аллегория түрінде білдіреді. Денсаулық пен ауру, адамның күйініш, сүйініш, махаббат, әдемілік туралы ойларын ортаға салады. Ақын осы еңбегінде өзінің темпераменті туралы пікірін айтады. Оның бұл пікірі ертедегі грек философы Гиппократтың темперамент туралы айтқан пікірімен ұштасып жатады.

    Физулидің прозалық шығармаларының ішінде «Кезбе мен тақуа» атты шығармасы ерекше орын алады. Онда ақынның өз кезіндегі қоғамдық өмірге деген көзқарасы айқын көрінеді. Шығармадағы азғантай кіріспе сөзден кейін ақын әңгімеге көшеді. Тақуаның Ринд дейтін ақылды ұлы болады. Баласы ер жеткен соң әкесі баласына белгілді бір мамандық алуың керек деген кеңес береді. Осы арадан әкесі мен баласының арасындағы әңгіме басталады. Әкесі қандай мамандық ұсынса да баласы қарсылық білдіріп, ақылға сыйымды жауап қайырып отырады. Ақын әкесі мен баласының арасындағы осы әңгіме арқылы өз дәуіріндегі болып жатқан қоғамдық, саяси оқиғаларға өзінің көзқарасын білдіреді. Өмір туралы өз ойларын ортаға салып, нағыз мағыналы өмір еңбекте деген қорытынды жасайды. Әке мен бала арасындағы екінші әңгіме тәрбие туралы болады. Онда ақын әсіресе педагогтың роліне ерекеше тоқталады. Ал үшінші әңгіме балаға ғылымды үйрету жайында болады. Бір сөзбен айтқанда, Физулидің бұл шығармасы да өз заманын шебер көрсеткен көркем туындылардың бірі болды.

    Физулидің арабша жазылған «Пікірлер» деп аталатын шығармасы үлкен ғылыми еңбек. Онда өмір мен дүниенің жаралуы туралы ойларын айтады. Бұл айтылғандар Физулидің өз заманының ақыны ғана емес, философы және жазушысы болғандығын да дәлелдейді. Сонымен қатар оның прозалық шығармалары өзінің идеясымен ғана емес, көркемдік шеберлігімен де құнды. Физули жазған прозалық туындылар азербайжан әдебиетіндегі тұңғыш прозаның үлгісі болып табылады. Сондықтан Физулиді азербайжанның поэтикалық тілінің негізін салушы ғана емес, азербайжан әдебиетінде көркем прозаның да негізін салушы болды дей аламыз. Ол тек өз заманының ғана емес, өзінен бұрынғы Мизами, Хагани, Нессими, Кишвери, Шахи, Хабиби сияқты көркем сөз шеберлерін де жақсы білген өз заманының асқан білімпазы болды. Қазір Физули тілі қиын сияқты болып көрінеді. Бірақ оның тілі өз өмір сүрген дәуірінде кім-кімге болса да түсінікті, нағыз көркем тіл болды. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының тілі өзінің түсініктілігі жағынан сол кезде де, қазіргі кезде де теңдесі жоқ туынды болып табылады.

    Физули-көркем сөздің құдіретті зергері, оның жырлары поэзия, музыка, сурет үшеуі қайнап қосылған асыл құйма. В. Г. Белинский сөзімен айтсақ: «Физули өлеңдерінің өң бойында сурет әсем әуез болып, ол әуезі таңғажайып суретке айналып тұрады, сөздері бояулы, бейнелі келеді, осы қасиеттердің бәрі құосылғанда өзгеше бір тұтас сұлулық дүниесі сыр шертеді». Ақынның ғазалдары, бәйтері мен рубаһилары қазақтың ат төбеліндей ғана білімді, ойлы оқығандарына араб, парсы тілдері арқылы таныс болатын.

    Қорыта келгенде, орта ғасырлардағы көркем сөздің тамаша шебері, азербайжан халқының ұлы ақыны Мухаммед Физули – дүниежүзілік лирика ғұламаларының бірі. Ол өз шығармалары арқылы тек азербайжан әдебиетінде ғана емес, бүкіл шығыс халқының поэзиясынан құрметті орын алады. Халықтар арасындағы байланыс өте нашар болған феодалдық орта ғасырлардың өзінде-ақ, Физули өлеңдері қолдан-қолға көшіп, халық арасына кең тарап кетті. Оның ғазалдары түрік пен болгардың, ұйғыр мен өзбектің, тәжік пен татардың, түркімен мен қазақтың, армян мен грузиннің аузынан тастамай айтатын сүйікті лирикасына айналды. Шығыс поэзиясында Физули творчествосы әсер етпеген әдебиет кем де кем. Әсіресе, Физули шығармашылығының әсері түрік әдебиетінде мықты болды. Оны Намык Кемаль, Реджанзаде Махмұт Экрем, Тевфик Фикрет, Абульхак Хамит т.б. ақындар шығармашылығынан анық байқауға болады. Сондықтан түрік халқының ірі ақыны Тевфик Фикрет «Физули» деген өлеңінде Физули шығармашылығын өте жоғары бағалайды. Физули шығармашылығының әсері өзбек әдебиетінде де аз болған жоқ. Өзбек халқы өзінің Науаиын қалай сүйсе, азербайжан халқының Физулиін де солай сүйеді. Тіпті, XVI ғасырдың өзінде-ақ, көптеген өзбек ақындары өзшығармалары арқылы Физулидің әдеби мектебін жалғастырушы болды. XV-XVII ғасырдағы өзбек ақындары Ахсани, Вафай Турди, XVIII ғасырдағы Нишати, Равнаки, Махмур, Герами, Мунис, XIX ғасырдағы Агей, Камил, Раджи т.б. XX ғасырдың басындағы Мұқими, Фуркат, Аваз өз шығармаларын Физули өз шығармаларына еліктеп жазды. Физули шығармашылығы түркімен әдебиетіне де үлкен әсер етті. Түркімен халқының кемеңгер ұлдары Мақтымқұлы, Камениелер Физули шығармашылығын зор сүйіспеншілікпен оқыды. XVIII ғасырдағы түркімен ақыны Нұрменбет Гериб те Физулидің «Ләйлә-Мәжнүн» поэмасының сюжетіне еліктеп, «Ләйлә-Мәжнүн» атты поэма жазды. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай да Физули шығармаларын асқан сүйіспеншілікпен оқып, оның ақындығы алдында бас иді. Физули шығармалары қазір орыс, француз, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған.

    Физули шығармашылығының кең өріс алып, халық арасына кең тараған кезі әсіресе, кеңес дәуірінде болды. Оның орта ғасырларда адамгершілікті көксеп жазған өлеңі күні бүгінге дейін бақытты тұрмыс үшін күрескен әрбір халықтың көкірегінде келеді. Сондықтан Физули есімі шығыс поэзиясындағы жарық жұлдыздардың қатарында құрметпен аталып, әлі де талай ғасырлар бойы бүкіл прогресшіл адамзат баласы үшін игілікті қызмет атқара беретін болады.
    1   2   3


    написать администратору сайта