3 билет. 1.аза даласындыы мсылманды оу орындарында пайдаланылан математика оулытары
Скачать 38.51 Kb.
|
№3 1.Қазақ даласындығы мұсылмандық оқу орындарында пайдаланылған математика оқулықтары Соңғы жылдардағы тарихи,археологиялық,этнографиялық,т.б. зерттеулерге қарағанда Қазақстан мен Орта Азияда мұсылман діні таралғанға дейін-ақ математикалық сауаттылық өркен жайып,математикалық білім беру ісі дұрыс жолға қойылған. Ежелгі түріктердің астрономия саласындағы жетістіктері олардың математикалық білім түсініктерінің әжептәуір жоғары деңгейде болғандығын аңғартады.Кейбір деректерге қарағанда, түрік тілдес халықтар ерте замандардан бастап-ақ жазбаша нумерацияны игерген. Бұған нақты дәлелдер бар. Сонымен қатар қазіргі цифрлардың түпнұсқасы орал-алтай тілдері тобына жататын халықтардан шыққан деген де пікірлер бар. Бұл деректерден Қазақстан жерін мекендеген ежелгі халықтардың өз шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігіне сай әжептәуір математикалық білім- түсініктері болғандығы аңғарылады. Орта ғасырларда мұсылмандық дүниетанымды сіңіру мен таратудың аса маңызды құралы ретінде мұсылмандық мектеп-медреселерді ашуға ерекше мән берілді. Бұл мектептерде математика арнайы пән ретінде оқытылмағанымен,жас балалардың мұсылмандық дүниетанымын қалыптастыруға ыңғайланған «Әбжәд хисабы» деп аталатын арабтың алфавиттік нумерациясына негізделген сандар математикасы міндетті оқу материалы ретінде қарастырылды. Мұнда көбейту амалы «Бабди бажуан» деп аталатын көбейту кестесі бойынша орындалады. Тарихи-педагогикалық зерттеулер,сондай-ақ қазақ арасында кең таралған оқу құралдарына жасалған талдаулар қадимдік мектептерде «Әбжәд хисабына» негізделген сандар математикасынан заман талабына сай жүйелі мағлұмат берілгенін айғақтап отыр. Қазақ халқының өзіндік математикалық мәдениеті болғандығын халық арасында «Әбжәд хисабына» негізделген сандар математикасын терең меңгерген сауатты адамдардың көп болғанынан байқауға болады.Қазақ ақындары «Әбжәд хисабы» негізіндегі математикалық білімдерін айтыс жанрындағы ең қиын саланың бірі-жұмбақ-айтыста асқан шеберлікпен қолданып отырған. Қазақстанда мұсылмандық мектептермен қатар ірі елді мекендерде мұсылмандық оқу жүйесінің жоғары сатысы-медреселер де жұмыс істеді. Медреселерде тек діни білім ғана емес,сонымен қатар фәни ғылым салаларынан да білім беріліп, математика біршама тереңірек оқытылғаны байқалады. Медресе шәкірттеріне математиканы білу ең алдымен, мұра бөлісумен байланысты мұсылмандық құқық курсын,яғни «Фараиз» ілімін жеткілікті дәрежеде игеру үшін қажет деп есептелген. Қазақ халқының мақал-мәтелдері мен нақыл сөздеріндегі мазмұны аса терең педагогикалық пайымдауларда жас жеткіншектерді тәрбиелеу мәселелерімен қатар,білім мен ғылымды игеруді,сондай-ақ математикалық білімнің қажеттігін насихаттау да кең орын алған. Қазақ отбасында жас балалардың қарапайым математикалық білім- түсініктерін қалыптастыруда санамақтар ерекше роль атқарған.Қазақтың халық санамақтары ең алдымен,жас балаға сан үйретудің әдістемелік құралы, әсіресе он көлеміндегі сандардың нумерациясын игертудің өзіндік әдіс- тәсілдері ретінде қолданылған.Қазақтың халық педагогикасында жаңылтпаштар мен жұмбақтардың алатын өзіндік орны ерекше.Сан және санау мәселелеріне байланысты болып келетін жаңылтпаштар баланың тілін ширатып,оны дұрыс және айқын сөйлеуге үйретумен бірге сандардың аталуларын дұрыс айта білуін қалыптастыруға да игі әсерін тигізеді.Халық жаңылтпаштары тақырыпқа өте бай және мазмұны жағынан әр алуан болып келеді.Қазақ арасында есеп сипатында тұжырымдалатын жаңылтпаштар да көптеп кездеседі. Жас балаларға математикалық білім берудегі халық шығарма-шылығының аса қызықты бір саласы-қазақ халқының ауызша есептері. Қазақ халқының ауызша есептері өзінің білімдік және тәрбиелік сипатымен, қарапайымдылығы және логикалық шымырлығы,математиканың тәжірибелік мәнін түсінікті,әрі бейнелі тілмен ашып көрсетуі жағынан ерекшеленетін халық даналығының өзгеше бір озық үлгісі болып табылады.Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып,осы күнге дейін жетіп отырған халқымыздың ауызша есептерінің жас балаларға математикалық білім берудің өзгеше бір әдістемелік құралы ретіндегі маңызы орасан зор. Қазақ халқының өзіндік өлшем бірліктер жүйесі болған.Қазақ халқының өлшем бірліктерін негізінен алғанда,былайша топтастыруға болады: 1)Ұзындықтың өлшем бірліктері; 2)Масса өлшеуіштері; 3)Уақыт бірліктері; 4) Аудан,көлем және сыйымдылықтың өлшеуіштері. Сонымен,қорыта айтқанда, ежелгі замандардан бастап- ақ жас балалардың математикалық білім өрісін кеңейтуге лайықты көңіл бөлініп отырған.Бұл қазақ отбасында санамақтар,жұмбақтар,жаңылтпаштар,мақал-мәтелдер, ауызша есептер және т.б. арқылы жүзеге асырылған.Олар жас балаға қарапайым математикалық білім берудің әдістемелік құралы,яғни бастауыш математиканың «қағаз бетіне жазылмаған оқу құралдары» қызметін атқарған деуге болады. Мұхаммед әл-Хорезми (шамамен 783-850)-орта ғасырлардағы аса ірі ғалым,классикалық арифметика мен алгебраның негізін салушы,«Даналық үйінің» басқарушысы,20-дан астам ірі ғылыми еңбектердің авторы.Олардың ішіндегі негізгілері мыналар:«Үнді есебі туралы кітап»,«Алгебра мен әлмүкабаланы есептеу туралы қысқаша кітап».Олардың біріншісінде арифметика,ал екіншісінде алгебра баяндалған.әл-Хорезмидің бұл екі еңбегі әлемдік математика ғылымының асыл маржандары болып табылады,өйткені олардың біріншісі арқылы санаудың ондық позициялық жүйесі мен сандарды қазіргі қолданылып жүрген цифрлар арқылы таңбалау мәселесі бүкіл дүние жүзіне таралса,екіншісі алгебра ғылымынан жазылған тұңғыш еңбек болып табылады.Шындығында алғашында арабтар мен барлық мұсылман халықтары,кейінірек Еуропа және бүкіл дүние жүзі халықтары арифметика мен алгебра ғылымдарын осы кітаптар арқылы оқып-үйренді. «Даналық үйінде» қызмет атқарған басқа ғалымдар ішінен Қазақстан топырағынан шыққан Ғаббас ибн Саид әл-Жауһариды (800–860) атап өту қажет. әл-Жауһари-ежелгі грек геометрі Евклидтен кейінгі «Екінші Евклид» деген құрметті атаққа ие болған,Евклидтің «Негіздеріне» түсініктемелер ретінде жазылған трактаттардың авторы және шығыс математиктері ішінен бірінші болып Евклидтің атақты бесінші постулатын дәлелдеуге әрекеттенген математик. әл-Жауһари басқа ғылым салаларынан да еңбектер жазған,бірақ олары бізге келіп жетпеген.Дүние жүзінің көптеген геометрлері (әт-Туси, әл-Кәши, А.М.Лежандр,т.б.) Жауһаридің еңбектерімен жақсы таныс болған және оны өздеріне ұстаз тұтқан. Түрік халықтарынан шыққан бұл ғалымдардың математикалық еңбектері шығыс пен батыстағы математикалық және әдістемелік-математикалық ой-пікірдің өркендеуіне жол ашып,айтарлықтай ықпал жасады. Қазақстан топырағынан шыққан,дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің, оның ішінде математиканың дамуына зор ықпал еткен ірі тұлғалардың бірі- Әбунәсір әл-Фараби(870-950).Ұлы ойшылдың шығармаларында математиканы оқыту мәселелері де ерекше орын алады. Фараби математиканы оқытудың әдістемесі ғылымы саласынан да өзіндік терең ой пікірлерімен дараланады.Ол математиканың басқа ғылымдар арасындағы ролін, мән-маңызын ерекше бағалайды. Фарабише,оқу мен оқыту, ойды білдіру,мәселенің мазмұнын баяндау,сұрақ беру мен жауап қайыру жағынан алғанда математика тіл ғылымы,грамматика,логика және поэтикадан кейін келеді.Ерекше көңіл аударарлық жайт,ол арифметика,геометрия,астрономия және музыканы педагогикалық ғылымдар деп атайды және олардың тәрбиелік маңызын ашып көрсетеді.Сондай-ақ математикалық білімсіз жаратылыстану ғылымдарын жан-жақты игерудің мүмкін еместігін атап айтады.Бұл-бүгінгі күні де маңызын жоймаған,өз заманынан бұрын айтылған пікір. әл-Фараби «Ғылымдардың классификациясы» атты еңбегінде геометрияны құрудың аксиоматикалық әдісі жөніндегі Евклид идеяларын сынай отырып,Евклид «Негіздеріндегі» материалды баяндау әдісіндегі кемшіліктерді ашып береді. Фарабидің математиканы оқыту мәселелеріне қатысты аса құнды ой- пікірлері «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиыншылықтарға түсіндірмелер» атты трактатында кездеседі.Ең алдымен, Евклид геометриясының қиын жерлеріне өзіндік жаңа әдістерді қолдана отырып,түсіндірмелер беруінің өзі Фарабидің аса ірі әдіскер екендігін байқатады.Мұнда ол геометрияны оқыту әдістемесінің ең өзекті мәселелерінің бірін тұжырымдап берген. Осы сияқты ой-тұжырымдары «Екінші ұстаздың» осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын-ақ геометрияны оқытудың келелі әдістемелік мәселелерін жүйелі түрде негіздеп,оны дұрыс шешкен үлкен әдіскер болғандығын аңғартады. Қазақстан өңірінен Ә. әл-Фарабиден кейін де математиканың әр түрлі сапалары бойынша өзіндік еңбектерімен мәшһүр болған көптеген ғұламалар шықты.Олардың арасынан төмендегідей ғалымдарды ерекше атап өту керек: Әлам ад-дин әл-Жауһари(Х-ХІ ғ.ғ.),Ахмет Фараби(ХІ-ХІІ ғ.ғ.) және Жамал ад-дин ат-Түркістани(ХIII-ХIV Ғ.Ғ.). Әбу Райхан әл–Бируни(973–1048)-энциклопедист-ғалым. Жалпы алғанда, ол 150-дей еңбек жазған,олардың 45-і астрономия мен математикаға арналған. Астрономиялық шығармаларында Бируни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін (Коперниктен 500 жыл бұрын),денелердің Жерге қарай тартылуын(Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын) болжаған. Бируни математикаға,әсіресе тригонометрияға көп көңіл бөлген. Әбу әли ибн-Сина(980-1037)-ортаазиялық ұлы ғалым-энциклопедист, дәрігер және философ. Еуропаға,сондай-ақ бүкіл дүние жүзіне «Авиценна» деген атпен мәлім болған. 29 ғылым саласы бойынша 450-ден аса еңбектер жазған. ибн Сина математика саласында да шығармашылықпен еңбек еткен.Бұл орайда оның «Білім кітабы» атты трактаты ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл трактаттың математикалық тарауларында геометрия(12 бөлімге бөлінген),астрономия және арифметика мәселелері кеңінен қамтылған. Оның геометрияға арнаған тағы бір трактаты «Усул Илм әл-Хандаса» деп аталады. ОмарХайям(1048-1131)- философ,математик,ақын,астроном,кубтеңдеулердің классификациясын жасаумен және оларды шешумен, дәлдігі өте жоғары календарь жасаумен, Евклидтің V постулатын дәлелдеуге әрекет жасауымен және атақты рубаиларымен белгілі. Насыреддин ат-Туси(1201-1274)-математик,механик және астроном, философиядан,географиядан,музыкадан,оптикадан,медицинадан, минерологиядан еңбектер жазған әмбебап ғалым. Ғылымға оның 150-дей трактаттары мен хаттары белгілі. Орта ғасырларда математиканы оқыту жөніндегі ой-пікірдің жоғары деңгейге көтерілуі бұлар сияқты «кәсіби» математиктердің әрекеттерімен ғана шектелмейді.Ол сонымен қатар ойшыл ақындардың,сөз зергерлері мен дуалы ауыз даналардың сан салалы көзқарастарынан да көрініс береді.Бұлардың ішінде Жүсіп Баласағұнның (XI ғ.) «Құтадғу білік» атты кітабын ерекше атап айтуға болады.Бұл шығармада математикалық білімнің қажеттігін насихаттайтын құнды пікірлер көптеп кездеседі. Орта Азия мен Қазақстанда,әсіресе «Мұсылман Ренессансы» дәуірінде математикалық сауаттылық кеңінен өрістеп,әдістемелік-математикалық ой- пікірдің дамуы батыс пен шығыстың даму қарқынынан көп ілгері кетті. Осының өзі-ақ ежелгі және орта ғасырларда Қазақстан өңірін мекендеген халықтарда математикалық сауаттылықтың өркендегеніне, сондай-ақ математиканы оқыту жөнінде Әлемдік математика ғылымы мен әдістемелік-математикалық ой-пікірлер тарихында Ұлықбек және оның мектебінің зор маңызы болды. Ұлықбектің тұсында математика мен оны оқыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп,математика ғылымы жанданып,өркен жайды. Ұлықбек Тарағай(1394-1449) - түріктердің тимуридтар державасының билеушісі, ғылым қамқоршысы,өз заманының атақты математигі мен астрономы.Самарқанд обсеваториясын,Самарқанд,Гиждуван,Бұхара медреселерін салдырған(1420-1428 ж.ж.).Оның билігі тұсында Самарқанд ортағасырлық математиканың әлемдік орталықтарының бірі болды,онда құрамында Ғиясиддин Жәмшид әл-Кәши,Қазы-заде Руми,Әли Құсшы сияқты атақты математиктер жұмыс істеген ғылыми мектеп қалыптасты. Ұлықбек еңбектерінде астрономиямен қатар математиканың да көптеген тараулары зерттеліп,ілгері дамытылды және астрономияның мұқтаждығын өтеу мақсатында аса кемелдендірілген тригонометриялық кестелер жасалды. Мұнда ол математикалық жаңа әдістер мен есептеулерді қолданды. Ұлықбек және оның мектебінің математиктері жуық есептеулер,есептеу техникасын жетілдіру жөнінен өз замандастарынан көп алда тұрды. Жәмшид әл-Кәши (1380-1429)-аса ірі математик,Ұлықбек мектебінің өкілі,Самарқанд астрономиялық кестелерін құрастырушылардың бірі, ондық бөлшектерді алғаш енгізуші, π санының 16 ондық таңбасына дейінгі мәнін дұрыс табушы, бұрыштың трисекциясы теңдеуін шешудің итерациялық әдісін ойлап табушы.Оның еңбектері арасында оның «Мифтах әл-Хисаб» деп аталатын трактатының алатын орны ерекше.Ол мұсылмандық мектептерге арналған оқулық сипатында жазылған және бірнеше ғасырлар бойы Орта Азия медреселерінде негізгі оқу құралының бірі ретінде пайдаланылған. Қазы-заде Руми (1364-1437)-математик,Ұлықбек мектебінің өкілі, Самарқанд астрономиялық кестелерін құрастырушылардың бірі,Евклидтің «Негіздерінің» алғашқы жеті кітабын өңдеуші,«Арифметика туралы трактат»,«Синус туралы трактат»,«Синус-квадрант туралы трактат»,т.б. еңбектердің авторы. Әли Құсшы (1403-1474)-Ұлықбектің шәкірті,математика мен астрономиядан көптеген трактаттар жазып, Ұлықбек математика мектебінің ісін жалғастырушы көптеген ғалымдарды дайындады. Ұлықбек мектебінің табыстары Әли-Құсшының арқасында Стамбул арқылы Еуропаға жетіп,бүкіл дүние жүзіне белгілі болды. Мирам Челеби (? -1524)- математик және астроном. Ұлықбек өмірден өткеннен кейін Түркияға қоныс аударып,сонда Ұлықбек мектебінің дәстүрлерін әрі қарай жалғастырған. Әл-Біржанди (?-1528)- көрнекті математик және астроном, Ұлықбек мектебінің ісін жалғастырушы. Ғылым қамқоршысы атанған Ұлықбек және ол қалыптастырған мектеп мұсылман математикасының шыңы болды. Ұлықбектен кейінгі кезеңде қоғамның мәдени өмірінде мұсылман діні өкілдерінің дәл ғылымдардың дамуын қолдамайтын бөлігінің әсері күшті болғандықтан, Орта Азияда математикалық білім беру ісі әлсіреп, тоқырауға ұшырады. Алайда, математика тарихына арналған еңбектерде Ұлықбектен кейін ол мүлде өшіп қалды деген пікір орын алған. Біздіңше, бұл шындыққа жанаспайды. XV ғасырдан кейін де Орта Азия математиктері өздеріне дейінгі қалыптасқан мол математикалық мұраны игеруге атсалысты, халық арасында математикалық білімдерді кеңінен насихаттаумен бірге, өткен ғасырлардағы мұсылман математикасындағы қол жеткізілген табыстарды игеруге және олардағы шешілмеген кейбір мәселелерді шешуге талпыныс жасады. Бұл орайда, XV ғасырдан кейін математикадан мұсылмандық оқу орындарына арналған оқу құралдарын жазу бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарған мынадай ғалымдардың есімдерін атап айту керек: әл-’Амили, Қасым Исфахани, ад-дин-Кухистани, аш-Ширази, Мәлік Мұхаммед Исфахани, ас-Самарқанди, ас-Сағ’иди, Сәки Балхи, Мұхаммед ’али Біржанди, т.б. Олардың әлі де болса, толығымен зерттелмеген еңбектерінде негізінен алғанда, арифметика мен алгебраға, есептеу тәсілдерін жетілдіруге, геометрияға және математикалық білімдерді таза тәжірибелік мәселелерді шешуде, әсіресе, мұсылмандық құқық бойынша мұра бөлісушілік істерінде кеңінен қолдануға көңіл бөлінді. Сонымен қатар оларда математикалық білім беру ісінің жаңа сапаға көшуіне әсер еткен кейбір тың идеялардың да ұсынылғандығын атап айту керек. XV ғасырдан кейін Ұлықбек мектебінің табыстары мен бай дәстүрлері Ұлықбектің Әли Құсшы, Мейрам Шалаби сияқты дарынды шәкірттері арқылы Түркияда (әл-Құсайыни, әл-Қажы Атмаджа, әл-Конауи, әс-Сәліми, әл-Боснауи, ад-дин Истамбули, Макракчи Насух, т.б.), сондай-ақ Әмір Темірдің Бабыр бастаған ұрпақтары арқылы Үндістанда (әл-Ансари, ас-Самарқанди, әл-Исфахани, Лахури, әл-’алави, т.б.) кеңінен қанат жайды. Қорыта айтқанда, мұсылман әлеміндегі математикалық білім беру ісінің XV ғасырдан кейінгі кезеңдегі де деңгейі Еуропаның Ресей сияқты елдеріндегіден әлдеқайда жоғары болды. гі жүйелі ой-пікір,тәжірибелердің жинақталғанына дәлел бола алады. 2.Орта дәрежелі педагогикалық оқу орындарына арналған алғашқы математика оқулығы XIX ғасырдың аяғына қарай қазақ даласында мектептер желісінің кеңейе түсуі жаңа типті педагогикалық оқу орындарын ашу мәселесін қажет ете бастады.Осыған байланысты 1883 жылы Орск қаласында Қазақстандағы тұңғыш мұғалімдік мектеп ашылды. Бұл оқу орнында «Арифметиканы оқыту әдістемесі» пәнін оқыту біршама дұрыс жолға қойылып,Мартыновтың «Методика арифметики» атты оқулығы қолданылды. Сонымен бірге Омбыда(1872),Ташкентте(1879) ашылған мұғалімдік семинариялар да қазақ өлкесі үшін мұғалімдер даярлады.Кейінірек мұғалімдік семинариялар Семейде (1903), Ақтөбеде(1913), Орал мен Верныйда(1913),Ақмолада(1916) ашылды. Олардың төменгі сыныптарында арифметиканың теориялық негіздері оқытылып, арифметиканы оқытудың әдістемесі оқушылар оны тиянақты меңгергеннен кейін ғана, жоғары сыныптарға міндетті оқу пәні ретінде енгізілді. XX ғасырдың басына қарай педагогикалық кластар деп аталған оқу орындары да көптеп ашылып,кең таралды. Педагогикалық оқу орындарында арифметика әдістемесі пәні бойынша мына сияқты әр түрлі оқу құралдары мен оқулықтар пайдаланылды: С.И.Шохор-Троцкий.Методика арифметики; А.И.Гольденберг.Методика начальной арифметики; А.И.Гольденберг.Беседы по счислению; Юнг.Как преподавать математику?; Симон.Дидактика и методика; Фридман.Учебник методики арифметики; К.Ф.Лебединцев.Метод обучения математике в старой и новой школе; В.Мрочек,Филиппович. Педагогика математики;т.б. Қазан төңкерісі қарсаңына қарай педкурстар көптеп ашылып, оларда математика мен оны оқыту әдістемесі пәндерін оқытуға айтарлықтай мән берілді. 1915 жылы Орынборда мұғалімдер институты ашылды,онда арифметика әдістемесін ғылыми негіздегі пән ретінде оқыту қолға алынды. 1920-сыншы жылдары кейбір педагогикалық курстар педагогикалық техникумдарға айналдырыла бастады.Бірақ бұрынғысынша бір,екі және үш айлық курстар да өздерінің жұмыстарын тоқтатқан жоқ. РСФСР ХАК-ы 1921 жылы педтехникумдардың жаңа оқу жоспарларын бекітті.Мұнда математика әдістемесі пәні жалпы білімдік маңызы бар пән ретінде алдыңғы орынға қойылып,оның заман талаптарына жауап берерліктей жаңа оқу бағдарламасын құрастыру жүзеге асырылды.Қазақстанда қарастырылып отырған кезеңде мұғалімдер даярлау саласына «Халық ағарту институттары» деп аталған педагогикалық оқу орындары зор үлес қосты.Олар толық дәрежедегі жоғары оқу орындары болмағанымен,соған жақындастырылған институттар еді. Оларда математика әдістемесі пәні біршама тиянақты,жүйелі түрде,әрі тереңірек оқытыла бастады. Халық ағарту институттары 1933 жылы жабылып,олардың кейбіреулері педагогикалық институтқа айналдырылды.Ташкенттегі халық ағарту институты базасында 1926 жылы Қазақ педагогика институты құрылды(оны Казпедвуз деп те атайды). Бұл оқу орны қазақ жастарынан сол кезде жаппай ашылып жатқан 7 жылдық және 9 жылдық мектептерге,сондай-ақ педтехникумдарға оқытушылар даярлаумен айналысты.Институт Қазақстан ХАК-ы қарамағында және оқуы 4 жылдық болды.Оқу қазақ және орыс тілдерінде аралас жүргізілді.Қазына жәрдемімен жатақханада тұрып,оқуды бітіріп шыққандар жолдамамен 4 жыл қызмет етуге міндетті болды. Кітапхана, лабораториялар мен әртүрлі кабинеттер,студенттер практикадан өту және оқу үрдісі барысында практикалық сабақтар жүргізу үшін институт жанында 7 жылдық мектеп жұмыс істеді. Институт құрамында 3 факультет болды.Олар:қоғамдық-шаруашылық,жаратылыстану-география және физика-математика факультеттері. Қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Ә.Ермекұлы осы институтта математикадан дәрістер оқыды,сонымен қатар ол физика- математика факультетінің деканы қызметін де қоса атқарды. Оқу орны 1928 жылы Алматыға көшіріліп,Қазақ мемлекеттік университеті болып аталды.Кейінірек оның педагогикалық факультеті Абай атындағы ҚазПИ болып қайта құрылды. 1932 жылы Қызылорда мен Орал педагогикалық институттары ашылды. Мұнымен қатар Оралда,Алматыда,Қарағандыда,кейінірек Ташкент, Петропавл және Қостанай қалаларында жетіжылдық мектептердің оқытушыларын дайындайтын екі жылдық мұғалімдер институттары ашыла бастады.1934 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ашылды.Негізінен алғанда,мұғалім кадрларын дайындаумен айналысқан бұл жоғары оқу орындарында математиканы оқытудың әдістемесі пәнін ана тілінде оқытуды ұйымдастыруға алғашқы қадамдар жасалды. 1930 жылы Ғ.Бегалиевтің «Үлкендерге бастауыш есеп» атты кітабы жарық көрді.Оқу құралы арифметикалық жаттығулардың жинағы сипатында жазылған,онда оқу материалы 397 жаттығуға бөлініп баяндалған. Оқулықтың мынадай ерекшеліктерін атап көрсетуге болады: 1)Ол негізінен алғанда,көп таңбалы сандар арифметикасына арналған. 2)Оқу материалы жаттығуларға бөлшектеліп,олардың жинағы сипатында орналастырылған. 3)Көп таңбалы сандардың нумерациясын оқытып-үйрету мәселесі есепшотты пайдалану арқылы жүзеге асырылған. 4)Есептеу жұмыстарын орындаудың әралуан тәсілдеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінген. 5)Бөлшек сандар арифметикасы таныстыру тұрғысынан ғана қарастырылған. 6)Арифметикалық материалмен бірге шамалар мен оларды өлшеу және геометрияның қарапайым элементтері де қамтылған. 7)Оқу құралының терминологиялық аппаратында айтарлықтай ерекшеліктер бар. Жалпы алғанда,оқу құралының сыртында оның қандай мектептерге арналып жазылғандығы туралы ештеңе айтылмаған.Оның «Үлкендерге бастауыш есеп» деп аталуын және оқу материалының қарастырылу әдістемесінің ерекшеліктерін ескере отырып,ол ең алдымен,сауатсыздықты жою мектептеріне арналып жазылған деп пайымдауға болады.Біздің ойымызша,оны жазуда автор тарапынан орта дәрежелі оқу орындарының оқушыларының және оларға түсушілердің,сондай-ақ өз бетімен математикалық білім алуға тырысқан қазақ азаматтарының мүдделері де көзделген сияқты. Қазан төңкерісінен кейін педагогикаллық оқу орындарында математиканы және математиканы оқыту әдістемесін арнайы пәндер ретінде ана тілінде оқыту жүзеге асырыла бастады.Сондықтан осы мұқтаждықты өтеу мақсатымен орта арнаулы оқу орындарына арналған алғашқы математика оқулықтарын дайындау қолға алынды.Сондай оқулықтардың ең алғашқысы «Есеп тану құралы» болып табылады(1924),оның авторы- Cұлтанбек Қожанұлы. Оның көлемі 64 бет,«Сөз басы» деп аталатын алғы сөзден және 8 тарауға бөлінген 76 параграфтан тұрады.Соңына қосымша ретінде математика терминдерінің қазақша-орысша сөздігі енгізілген.Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ оның мұғалімдер даярлайтын оқу орындарының студенттеріне математикадан,дәлірек айтқанда арифметиканың бастауыш курсынан теориялық және әдістемелік тұрғыда практикалық көмек беру мақсатында дайындалғаны аңғарылады. Оқу құралының негізгі ерекшеліктері мыналар: -араб графикасы негізіндегі қазақ қаріптерімен,яғни төте жазумен жазылған; -тілі анық,дәл,қысқа және сол кездегі мұғалімдердің түсінігіне мейлінше лайықталған,автор математика сияқты қиын да аса күрделі ғылым саласын қазақ қауымына жеңілдетіп жеткізуге тырысқан; -анықтамалар мен ережелер аз,қазіргі оқулықтардағы сияқты шұбалаңқы әрі бұлдыр дәлелдемелер мүлде дерлік ұшыраспайды,автордың материалды шәкірт бойына табиғи жолмен сіңіруге ұмтылғаны байқалады; -«интернационалдық» деп аталып жүрген жат аталым-сөздермен шұбарланбай,мүмкіндігінше қазақы аталымдардың алынуына аса үлкен мән берілген. Қазақстанда XX ғасырдың 30-ыншы жылдары қарсаңында педагогикалық оқу орындарынан басқа да орта дәрежелі әртүрлі оқу орындары көптеп ашылып,тұрақты жұмыс істей бастады.Бұл оқу орындарында математика пәнін оқытуға арналып жазылған математика оқулықтарының бірі-Зекен Қысатайұлының «Есеп құралы». Көлемі 140 бет бұл оқулық 1933 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Cыртында «Пәлійтеқнійке,әгрәтеқнійке I басқыш үлкендер мектептерінің II оқұу жылы үшін есеп кітабы» және «Өз.С.К.Р. Халық ағарту Кемесерійетінің оқұу метод сектірі ұнатқан» деп жазылған. Жалпы алғанда,оның мына сияқты ерекшеліктерін атап көрсетуге болады: 1)Оқулықтың тілі анық,сөйлемдері түсінікті,нағыз қазақы тілмен жазылған. 2)Оқу материалын орналастыруда және оны баяндауда жүйелі әдістемелік реттілік сақталған. 3)Оқу материалын негізінен алғанда,тәжірибелік іс-әрекеттер орындау және мысалдар мен есептер шығару арқылы игертуге күш салынған. 4)Оқулықтың басынан аяғына дейін суреттер мен сызбаларды және т.б. көрнекі материалды пайдаланып отыруға баса мән берілген. 5)Автордың оған дейінгі жарық көрген оқулықтардағы қолданылған және сол кезеңдегі қабылданған әдістемелік-математикалық терминологияны қатаң сақтауға тырысқаны байқалады.Алайда,ол кейбір ұғымдарға өзінше атаулар да ұсынған.Мысалы,«есеп» терминін «мәселе» деп алған. 6)Оқулықта мысалдарды орындаумен қатар есептер шығаруға да лайықты көңіл бөлініп отырады.Есептер қандай да бір есептеу тәсілін қарастыру алдында проблемалық ахуал туғызудың құралы ретінде жиі қолданылып отырады.Сондай-ақ есептер мысалдармен бірге,оқушылардың қандай да бір бөлімді оқып-үйрену барысында қалыптасқан біліктері мен дағдыларын жүйелеу мен нақтылаудың құралы ретінде де бой көрсетеді. 7)Оқулық политехникалық және агротехникалық оқу орындарына арналып жазылғандықтан,онда техникалық мазмұнды және ауыл шаруашылығымен байланысты есептерге мол орын берілген.Тағы бір ескерерлік жайт,олардың көпшілігі сол кезең талаптарына сай коммунистік құрылыс сандарына берілген есептер болып келеді.Есептердің мазмұнында КССРО-ның және оқулық Өзбекстанда шығарылғандықтан,Өзбекстанның халық шаруашылығына байланысты сандық мәліметтер кеңінен пайдаланылған. 1914-40 ж.ж.кезеңінде жарық көрген математика оқулықтары арасында «Диағрамдар,грапиктер қандай болады,қалай салынады?» атты кітаптың маңызы ерекше.Оның авторы-Телжан Шонанұлы. Оқу құралы 1929 жылы Қызылорда қаласында «Қазақстан» баспасынан шыққан,көлемі шағын,40 бет. Кітаптың мұқабасында «Оқытушылардың №1 кітабы» деп көрсетілген. Бұл оқу құралы оның мұқабасында көрсетілгендей,1929 жылы жарық көрген.Кітап авторының дәл осы кезеңде,яғни 1926-29 ж.ж. Қызылорда қаласындағы Қазақ халық ағарту институтында оқытушы болып істегеніне қарағанда,аталмыш оқу құралы оның осы оқу орнындағы оқытушылық қызметінің нәтижесінде жазылған деп шамалауға болады.Оның үстіне қамтылған оқу материалының мазмұны,сондай-ақ сыртында «Оқытушылардың №1 кітабы» деп атап көрсетілуі де кітаптың ең бірінші кезекте болашақ мұғалімдерге,орта дәрежелі педагогикалық оқу орындарының студенттеріне арналып жазылғанын аңғартады.Сонымен қатар ол қазақ мектебі мұғалімдеріне әдістемелік көмек беру мақсатын да көздеген, өйткені осы кезеңде кеңес мектептерінде комплекстік оқу бағдарламалары басшылыққа алынатын және мұғалімдерден оның талаптарын сақтау қатаң талап етілетін.Комплекстік оқу бағдарламаларының басты талаптарының бірі балаларды еңбекке баулу,білімді айналадағы дүниені тікелей байқап,бақылау мен практикалық іс-әрекеттер орындау арқылы игертуге күш салу болып табылатын және оқыту ісінде оқушылардың практикалық біліктері мен дағдыларын қалыптастырудың басты құралы ретінде диаграммалар салуға баса мән берілетін.Сондықтан аталмыш кітап оқытушыларды диаграммаларды салу жолдарымен және оның әдістемесімен таныстыру мақсатында дайындалған. Қазақстанда XX ғасырдың 30-жылдары ана тіліндегі математика оқулықтарын дайындау мәселесі мектеп және орта дәрежелі оқу орындары деңгейінде өзінің жеткілікті дәрежедегі шешімін тапты деуге болады.Осы кезеңде елімізде бірқатар жоғары оқу орындарының ашылуы қазақ жоғары мектебінде математиканы ана тілінде оқыту ісін жедел түрде қолға алып, жоғары математиканың ана тіліндегі оқулығын дайындау қажеттігін тудырды.Бұл мәселені Ә.Ермекұлы жүзеге асырды. Оның «Ұлы математике курсы,1-бөлім» атты оқулығы 1935 жылы «Қазақстан» баспасынан латын графикасымен басылып шықты. Оқулықтың көлемі 160 бет, онда барлығы 84 сызба келтірілген. Қорыта айтқанда,Ә.Ермекұлының жоғары математикадан, дәлірек айтқанда,аналитикалық геометриядан ана тілімізде жазылған тұңғыш төл оқулық болып табылатын «Ұлы математика курсын» өзінің ғылыми мәнін әлі күнге дейін жоймаған еңбек деп бағалауға болады.Тағы бір атап айтарлық жайт, кітап алғашқыда екі бөлімнен тұрады деп жоспарланған сияқты,өйткені оның сыртында I бөлім деп анық көрсетілген және «Автордан» деп аталған алғысөзде былай деп жазылған: «Ұлы математике курсы» екі бөлімнен құрылады.Бірінші бөлімінде аналитикалық геометриа негіздері қарасты-рылады;екінші бөлімінде дифференсиал мен интеграл негіздері баяндалатын болады».Алайда,оның алғашқыда жоспарланған екінші бөлімі жарық көріп үлгірмеді,өйткені кітап авторы 1938 жылы репрессияға ұшыраған болатын. «Ұлы математике курсы» қазақ топырағындағы жоғары математика саласындағы тұңғыш оқулық болғандықтан,онда жоғары математика терминдерінің қазақ тіліндегі алғашқы нұсқалары жасалды.Осы орайда Ә.Ермекұлының математикалық ұғымдардың ана тіліндегі дәл,әрі мазмұнды үлгілерін ұсынғанын атап айтуға тиіспіз.Бұл да оның қазақ әдістемелік- математикалық ғылымының қалыптасуына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегінің аса бағалы жағы болып табылады.Шынында да мұрағат деректері Ә.Ермекұлының ана тіліндегі математикалық терминдерді жасау ісімен жүйелі түрде айналысқанын дәлелдейді.Ол 1933 жылы ҚазАКСР ХК Кеңесі жанынан құрылған Мемлекеттік терминология комиссиясының және 1934 жылы ҚазПИ-дің ғылыми-зерттеу секторы тарапынан жасақталған терминология комиссиясының математика саласындағы мүшесі ретінде үлкен жұмыстар атқарды.Осы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты еңбегін жариялады. Қазақ жоғары мектебінде математиканы ана тілінде оқыту ісіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің бірі-Сәдуақас Боқайұлы.Ол-математика саласы бойынша қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаттарының және доценттердің бірі,Қазақстандағы жоғары математикалық білім беру ордаларының қара шаңырақтары-Абай атындағы ҚазҰПУ мен әл Фараби атындағы ҚазҰУ-інің физика математика және механика-математика факультеттерінің негізін қалаушы. С.Боқайұлы ММУ-ді бітіргеннен кейін 1932 жылдың маусым айынан бастап, ҚазПИ-де оқытушылық қызметі бастады.Ол мұнда оқытушылық қызметтің бір сатысынан екінші сатысына іркілмей,тез көшіп отырған(1932 ж.-ассистент,1933ж.-доцент,1934ж.-кафедра меңгерушісі, физика математика факультетінің деканы,1936ж.-профессор м.а.).1934-36 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік университетінде де математика кафедрасының меңгерушісі міндетін қоса атқарған және екі университетте де математиканың әралуан салаларынан лекциялар оқыған. С.Боқайұлы меңгеруші болып бекітілген күннен бастап ақ оқыту сапасын арттыру бағытында үлкен жұмыстар атқарып,кафедрада айтарлықтай өзгерістер жасады, оның күш жігері мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында физика-математика факультетіндегі оқу жұмысы да дұрыс жолға қойыла бастады. Ол Мәскеу университетінде пайдаланылатын оқытудың озық әдістерін меңгеруге және осы әдістерді бейімдеп,ҚазПИ-дің тәжірибесіне енгізуге ден қойды. Осы мақсатпен 1933 жылдың наурыз айында Мәскеуде өткен әдістемелік конференция жұмысына қатысты, ал 1934 жылдың 17 шілдесінде Мәскеу жоғары оқу орындарының тәжірибесімен танысу үшін арнайы іссапарға жіберілді. 1935 жылы 28 жасында кандидаттық диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі мен доцент ғылыми атағын алды. С.Боқайұлы маман-математик ретінде оқулықтарды рецензиялау ісіне,сондай-ақ оларды орыс тілінен қазақ тіліне аударуға да белсене атсалысты. Біздің ізденістеріміздің нәтижесінде оның Н.А.Шапошников пен Н.К.Вальцовтың «Сборник алгебраических задач» атты оқу құралының 6-7 сынып оқушыларына арналған І бөлімін қазақ тіліне аударғаны анықталды. Кітаптың ең басты ерекшелігі,онда қамтылған барлық дерлік терминдер қазақша баламалармен берілген.Бұл орайда С.Боқайұлының алгебралық терминдердің сәйкес ұғымның мән-мағынасын қазақ тілінде дәл,ықшам әрі түсінікті етіп аша алатындай баламаларын табуда өзіндік бағыт-бағдар ұстанғаны байқалады.Ол аударма жасау барысында ана тіліміздің байлығын мүмкін болғанша толығымен пайдалануға тырысқан. С.Боқайұлының ана тіліндегі математикалық терминдерді қалыптастыру саласындағы атқарған қызметі аударма жасаумен ғана шектелмейді.Ол-мемлекеттік терминология комиссиясының арнайы тапсырмасы бойынша қазақ тіліндегі математикалық терминдерді бір жүйеге түсіру бағытында көп жұмыстар атқарған ғалым.С.Боқайұлы 1933 жылы құрылған Мемлекеттік терминология комиссиясының және 1934 жылы ҚазПИ-дің ғылыми-зерттеу секторының терминология комиссиясының құрамында ана тіліндегі математика терминдерін жасау ісіне басшылық жасады.Сөйтіп кафедра меңгерушісі С.Боқайұлының басшылығымен ана тіліндегі математика терминдері алғаш рет бір жүйеге түсіріліп,математика терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктері дайындалды.Орысша-қазақша сөздікте барлығы 2224,ал қазақша-орысша сөздікте 1792 термин қамтылды.Бұл сөздіктер Мемлекеттік терминологиялық комиссияның 1934 жылдың 26-қыркүйегіндегі өткен мәжілісінде қабылданып,бекітілді. XX ғасырдың 30-ыншы жылдарында математика мен оны оқыту әдістемесі ғылымдары саласында өздерінің соны да сындарлы пікірлерімен көрінген Алаштың әдіскер-математиктері арасында И.Ақбергенұлы ерекше орын алады.Ол-математика саласы бойынша қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаттарының бірі және доцент,Қазақстанда математика ғылымының қалыптасуының бастауында тұрған ғалым-математик. 1935 жылы Л.В.Канторовичтің жетекшілігімен «О приближенном решении линейного интегрального уравнения Фредгольма второго рода и об определении его собственных значений» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.1935/36 оқу жылында Ташкентте Орта Азия Мемлекеттік университетінде қызмет істейді.1936 ж. И.Ақбергенұлына КСРО ОАК-нің Квалификациялық комиссиясы шешімімен физика-математика ғылымдарының кандидаты және доцент ғылыми атағы беріледі. Осы жылы Қазақстан ХАК-ы тарапынан ҚазМУ-дің математика кафедрасының меңгерушілігі қызметіне шақырту алып,сонда ауысып келеді. 1936/37 оқу жылында математика каферасының меңгерушісі бола жүріп, жалпы математикалық курстардан және математиканың арнаулы курстарынан дәрістер оқыды,математикалық пәндер бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру мен оқыту сапасын арттыру бағытында көп жұмыстар атқарды, математика кафедрасының ғылыми әлеуетін көтеруге зор үлес қосты. 1938 ж. 11-қарашасында КСРО Жоғары соты Әскери коллегиясының шешімімен ату жазасына кесілді. Жалпы алғанда,И.Ақбергенұлы қазіргі күні бізге мынадай төрт еңбегімен белгілі болып отыр: 1)«Об определении погрешности приближенного решения интегрального уравнения Фредгольма по способу Е.Nyström’a» //Труды 2-го математического съезда.-Ленинград,1934; 2)«О приближенном решении линейного интегрального уравнения Фредгольма второго рода и об определении его собственных значений (кандидаттық диссертация,1935); 3)«О приближенном решении интегрального уравнения Фредгольма и об определении его собственных значений» //Математический сборник,том 42,вып.6.-Москва-Ленинград,1935; 4)«О приближенном решении линейного интегрального уравнения Фредгольма второго рода и об определении его собственных значений».-Ташкент,1937. И.Ақбергенұлы-бар-жоғы 27 жасында атақты кеңес математиктерінің аузына іліккен,математика ғылымы бойынша қазақ ұлтының атын Одақтық деңгейге жарқыратып шығарған ғалым,сондықтан да оның есімі мен еңбектері математика тарихында алтын әріппен жазылуға тиісті тұлға. Жалпы алғанда, қазақ математика әдістемесінің 1940-1990 ж.ж. дамуы орыс математика әдістемесінің ықпалында болды. Математиканың оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары, сондай-ақ әдістеме оқулықтары ретінде орыс тілінен аударылған кітаптар қолданылды. Орыс тіліндегі құралдарды аудару ісі жанданды, онымен айналысқандар - Б.Еркебаев, Р.Бөкейханов, А.Кемелұлы, М.Әмірбайұлы және т.б. Сонымен қатар ана тіліндегі төлтума әдістемелік-математикалық әдебиетті қалыптастыру бағытында тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Осы кезеңдердегі қазақ әдістемелік-математикалық ғылымының көрнекті өкілдері О.Жәутіков, А.Собалақов, М.Исқақов, Ш.Омашев, А.Бидосов, С.Елубаев және т.б. болды. |