Главная страница
Навигация по странице:

  • КІРІСПЕ Жұмысының өзектілігі

  • Ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеттері

  • Зерттеудің әдістемелік негіздері.

  • Зерттеудің ғылыми жаңалығы және тәжірибелік маңызы .

  • Жұмыстың хронологияльқ шеңбері .

  • А.Бірімжановтың өмірінің негізгі белестері

  • 2 А.БІРІМЖАНОВТЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ИДЕЯЛАРЫ 2.1. А.Б. құқықтық демократиялық мемлекет хақында айтылған пікірлері

  • 2.2. А.Бірімжановтың көтерген қазақ қоғамындағы басты проблемалары

  • ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ: ДЕРЕКТЕР

  • Тобыл ойшылы. Ахмет бірімжанов алаш кіметі айраткері орындаан Тобыл ойшылы тобы Жетекшісі


    Скачать 40.82 Kb.
    НазваниеАхмет бірімжанов алаш кіметі айраткері орындаан Тобыл ойшылы тобы Жетекшісі
    Дата30.10.2022
    Размер40.82 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаТобыл ойшылы.docx
    ТипДокументы
    #762573


    АХМЕТ БІРІМЖАНОВ: АЛАШ ҮКІМЕТІ ҚАЙРАТКЕРІ

    Орындаған: «Тобыл ойшылы» тобы

    Жетекшісі: Бектұрғанов Қ.Б., тарих магистрі

    Костанай, 2021 ж.

    ЖОСПАРЫ:

    Кіріспе...........................................................................................................................

    1. АХМЕТ БІРІМЖАНОВТЫҢ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫ.....................

      1. А.Бірімжановтың өмірінің негізгі белестері.......................................................

    1. А.БІРІМЖАНОВТЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ИДЕЯЛАРЫ..............................

    2.1 А.Б. құқықтық демократиялық мемлекет хақында айтылған пікірлері...........

    2.2 А.Бірімжановтың көтерген қазақ қоғамындағы басты проблемалары............

    Қорытынды...................................................................................................................

    Пайдаланылған әдибиеттер тізімі..............................................................................

    КІРІСПЕ

    Жұмысының өзектілігі: ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің күрес жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқан білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Шын мәнінде, олар ғұмыр кешкен ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен әрі осыған орай өздерінің ойлау, болдау қасиеттері айрықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген дүбірлі заман еді.

    Бірақ көп жылдар бойы кеңес өкіметі жүргізген озбырлық пен қырып-жоюға, тарихты өрескел бұрмалауға негізделген саясаттың тікелей салдарынан халқымыздың сана-сенімі өлшеусіз де орны толмас жұтаңдыққа ұшырап, оның интеллектуалдық ауқымының қарыштап дамуына үлкен нұсқан келтірді. Соның тікелей әсерінен Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға байшыл, кертартпа, діншілдер деп ойдан шығарылған, жалған айдарлар тағылды. Олардың бай мұраларын зерттеуге цензура арқылы тыйым салынды. Партиялық талап, маркистік-лениндік идеология қазақ халқының дарынды дара перзенттерінің бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай тер төккен, қабырғалары қайысқан ерекше еңбектерін большевиктік көзқараспен біржақты бағалап, оларды мемлекетке қажетсіз санап, жетпіс жылдан астам мерзімге жоққа шығарды.

    Сонымен қатар қазақ қайраткерлерінің философиялық, саяси-құқықтық көзқарастары басқа этнос мәдениетінің, бөтен халықтың дүниетанымдық болмыс қасиеттерімен бағалануы методологиялық тұрғыда үстемдік етті. Белгілі философ М.С.Орынбеков осы мәселеге ерекше көңіл аударып, мынадай тұжырым айтады: «Бұрынғы әлемдік философия тарихының қазіргі мәселе қою жағдайынан өзгешелігі сол, онда еуроцентризм үстемдік алды. Ол Батыстағы шешімдерді асырып жіберіп, Шығыс философиясын теріс бағалады. Бұған сенсек, Шығыста барлық уақытта бір түрлі философия өмір сүрген».

    Тәуелсіздікке қолы жеткен қазақ жұртына есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімін бір сілкіндіріп, рухани өмірімізге өлшеусіз серпін бергені тарихи ақиқат. Міне, сондықтан да біртуар азаматтарымыздың өмірі мен халық үшін атқарған қызметін жан-жақты, терең зерттеу, олардың әрқайсысын халық арасында насихаттау – бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселе. Неге десек, дара тұлғалардың өмірін, олардың халық игілігі мен болашағы үшін сіңірген еңбектерін және жалпы философиялық, қоғамдық-саяси, құқықтық көзқарастарын зерттей отырып, бүкіл тарихи процесті, эволюциялық және революциялық даму барысын жете түсінуге болады. Себебі, қайткен күнде де, қандай жағдай болмасын тарихты жасайтын – адамдар, олардың қоғамдық-саяси қызметі. Әр заманның тыныс-тіршілігі, саясаты, әлеуметтік, экономикалық саланы қамтыған көкейкесті мәселелері қоғам қайраткерлерінің ой-пікірлерінен айқын крініс алып, мүмкіндігіне қарай өзінің шешімін тауып отырған.

    Коммунистік-тоталитарлық жүйе заманында жарық көрген әдебиеттерде көптеген ірі қайраткерлеріміз ақтай қараланды, тіпті олардың есімдерін атауға тыйым салынды. Осындай тұлғалардың бірі – қазақтаң шыққан тұңғыш сот Ахмет Бірімжанов болатын. ХХ ғасыр басында Қазақстанның қоғамдық-саяси құқықтық ой-пікірінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткердің бірі – Ахмет Бірімжанов. Оның есімі, ғұмыры, қоғамдық-саяси қызметі қазақ тарихынан біршама таныс және осы күнге дейін бірнеше авторлармен аз да болса зерттелген. Өкінішке орай, ғалымдар осы күнге дейін Ахмет Бірімжановтың еңбектерінен туындайтын проблемаларды жеке тақырып ретінде зерттеген емес. Бірақ, байқап қарасақ, ойшылдың құнды тұжырымдары, зерделі ұшқыр ойлары, этнография, тұрмыс, тарих, дін, публицистика сияқты қоғамдық ғылымдардың салаларының өзекті мәселелерін қамтығанын аңғарамыз. Сонымен қатар, А.Бірімжановтың еңбектерінде ұлттық прогресс және отаршылдыққа қарсы бағытталған мемлекеттік-құқықтық даму мәселелері де ерекше орын алды.

    Дерек көздері: ғылыми жұмыстың дерек көздері А.Бірімжановтың мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған материалдары, түрлі саяси, қоғам қайраткерлерімен жазысқан хаттары, саяси-құқықтық жарлықтар, Негізгі бөлімде дерек көздеріне деректемелік талдау жасалынады.

    Зерттелу деңгейі: Ахмет Бірімжанов туралы жазылған зерттеу еңбектер баршылық. Олардың құндылығы әр қырынан: ғұмырлық, публицистикалық, әдеби, ғылыми және жалпы танымдық тұрғысынан жазылғандығында. Негізінде, Ахмет Бірімжановтың атқарған қызметі мен шығармашылық жолы «Айқап» журналының саяси-әлеуметтік, философиялық бағытына байланысты және Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатысты біршама зерттелінді, ал оның саяси-құқықтық көзқарасы әлі күнге дейін жеке тақырып ретінде зерттелген емес. Ал, біздің осы жолы алдымызға қойған мақсатымыз – Ахмет Бірімжановтың өмірі мен қызметін бұрын айналымға енбеген архив құжаттары негізінде жан-жақты ашып көрсету және оның Қазан төңкерісіне дейінгі аралықтағы саяси-құқықтық көзқарастарына талдау жасай отырып талаптар мен методологияның негізінде кейбір даулы мәселелерді шешу болып табылады. Яғни, коммунистік-тоталитарлық жүйенің партиялық, таптық тұрғыдан баға беру категориясы жойылғаннан кейін, қазіргі жаңаша көзқарас пен Ахмет Бірімжановтың көзқарастарын бүгінгі күн талаптарына сай зерделеп, тұжырымдау болып отыр.

    Өкінішке орай, Кеңес өкіметі тұсында Ахмет Бірімжановтың қызметі мен тарихи-публицистикалық жұмыстары да саяси және идеологиялық тұрғыдан сынға алынып, негізсіз бұрмалаушылыққа ұшырайды. Тіпті, «Қазақ Совет энциклопедиясы» [16] мен «Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясына» [17] А.Бірімжанов туралы бірде бір мәлімет берілмейді. Кеңес Одағы дәуірінде бұл тақырып терең зерттелмеді, зерттелген күннің өзінде коммунистік идеология үстемдік еткен заманда маркистік-лениндік методология шеңберінде ғана қарастырылды. Кез келген саяси күрестегі бірден-бір саналы күш жұмысшы табы ретінде танылып, яғни пролетариаттың гегемондығы мемлекет пен құқық тарихындағы күмән келтірмейтін абсолюттік ақиқат ретінде басшылыққа алынды. Міне, сондықтан Кеңес Одағы заманындағы зерттеулерде маркстік-лениндік методологияның басты принциптері таптық және партиялық принциптер үстемлік алды. Марксизм-ленинизм ілімі бірден-бір обьективті ғылыми методология ретінде ұсынылса да, ол шын мәнінде тамыры терең, сан-салалы тарихи процестерді зерттеуде біржақтылықты, бір ғана идеология мен қоғамдық пікірді орнықтыруды мақсат етті.

    Біз бұл арада кеңес дәуіріндегі зерттеушілерді кінәлаудан аулақпыз. Себебі барлық баспа өнімдері цензураның қырағы көзінің қатаң бақылауында болған кезеңде басқаша жазу, реттеу, зерделеу мүмкін емес. Сондықтан кеңес дәуіріндегі ғылыми еңбектердің басым көпшілігінде мемлекет пен құқық тарихына, оның ішінде ұлттық тұрпаттағы саяси-құқықтық идеологияның қалыптасуы мен даму заңдылықтарына, ел тарихының шешуші кезеңдерінде оның беталыс бағдарына әсер еткен көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлер, заңгерлер мен құқықтанушылар еңбегіне өз дәрежесінде лайықты баға берілмеді. Ендеше еліміз тәуелсіздік алған кезеңде аталған тақырыптарды жаңа заманның биік талаптары тұрғысынан және ғылыми обьективтілік принциптерімен зерттеп, зерделеу бүггінгі құқықтық ғылым алдындағы басты мақсаттардың бірі болса керек.

    Ахмет Бірімжановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Еңбектері әлі күнге дейін көптеген еліміздің мұрағаттары мен кітапханаларында шаң басып жатқанын зерттеушілер дәлелдеумен келеді. Демек, алаш қайраткері Ахмет Бірімжановты зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғаса берері ақиқат.

    Ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеттері: жұмыстың мақсаты А.Бірімжановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін зерттеп, еңбектеріне деректемелік талдау жасап, тарихи дерек ретінде ғылыми айналымға шығару. Осы мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойылды:

    • А.Бірімжановтың дүниетанымының қалыптасуы белестерін саралау;

    • Мемлекеттік Думада көтерген басты проблемаларын зерделеу;

    • А.Бірімжановтың қоғамдық-саяси қызметін зерттеу;

    • Алаш қайраткерінің саяси-құқықтық идеяларын насихаттау;

    • Қазақ сотының саяси аренадағы қызметіне баға беру;

    • А.Бірімжановтың қолжазбаларын тарихи дерек ретінде деректемелік негізін талдау.

    Зерттеудің әдістемелік негіздері. жұмысының әдістемелік іргетасын тарихи процестердіанықтайтын факторлардың бірнешеулігі туралы теория жәнеоған негізделген плюралистік зерттеу әдісі құрайды. Мұндай көзқарас таптық принципті де жокка шығармайды, бірақ отарлық жағдайдағы халықтың қоғамдық дамуы мен саяси өмірінде этникалық фактордың басым ықпал жасайтындығын танумен сипатталады.

    Зерттеудің ғылыми жаңалығы және тәжірибелік маңызы. Жұмыс қазақ халқының тарихи бірлігі мен ұлт-азаттық қозғалысының тұтастығын ұлықтауға, тарихи жадымыз бен әділеттілікті қалпына келтіруге, тәуелсіздік үшін күресіміздің тарихи тамырларының тереңдігі жөніндегі ұстанымдарымен айқындалады. Жұмыстың бұл бағыт-бағдары бүгінгі таңдағы уақыт талаптарымен үндесіп, қоғамды отарлық санадан арылту болып табылады.

    Жұмыстың хронологияльқ шеңбері. Хронологиялық шеңбері 1871-1927 жылдар аралығын қамтиды.

    1 АХМЕТ БІРІМЖАНОВТЫҢ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫ

      1. А.Бірімжановтың өмірінің негізгі белестері

    ХХ ғасыр басында Қазақстанның қоғамдық-саяси құқықтық ой-пікірінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткердің бірі – Ахмет Бірімжанов. Оның есімі, ғұмыры, қоғамдық-саяси қызметі қазақ тарихынан біршама таныс және осы күнге дейін бірнеше авторлармен аз да болса зерттелген. Өкінішке орай, ғалымдар осы күнге дейін Ахмет Бірімжановтың еңбектерінен туындайтын проблемаларды жеке тақырып ретінде зерттеген емес. Бірақ, байқап қарасақ, ойшылдың құнды тұжырымдары, зерделі ұшқыр ойлары, этнография, тұрмыс, тарих, дін, публицистика сияқты қоғамдық ғылымдардың салаларының өзекті мәселелерін қамтығанын аңғарамыз. Сонымен қатар, А.Бірімжановтың еңбектерінде ұлттық прогресс және отаршылдыққа қарсы бағытталған мемлекеттік-құқықтық даму мәселелері де ерекше орын алды.

    Қазан төңкерісіне дейін орыс университеттерінен дәріс алып, заң факультеттерін тәмамдаған қазақ қайраткерлерінің сапында Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов бар. Ол туралы мәліметтер осы күнге дейін мүлдем жоққа тән, тіпті зерттеушілер тарапынан бірде-бір мақала да жарияланған емес. Ал оның есімі Қазақстанның саяси тарихымен тікелей байланысты және тұңғыш қазақ заңгерлерімен бірге аталады.

    Бірнеше жылдар бойы жүргізілген ғылыми ізденістердің барысында анықталған мәліметтерге сүйенетін болсақ, Ахмет Бірімжанов 1871 жылы Торғай уезінің Тұсын болысында ауқатты әулеттің шаңырағында дүниеге келген. Оның әкесі Қорғанбек елге танымал, ел билеген, от ауыз, орақ тілді,діни білім бар адам болған. Ахмет Бірімжанов Орынбор ерлер гимназиясын ойдағыдай бітіргеннен кейін 1896 жылы Қазақ университетінің заң факультетін ІІ дәрежелі дипломмен аяқтаған [5, 12-13 б.]. Университет қабырғасында Ахмет басқа студенттермен бірге демократиялық қозғалыстар мен студенттік шерулердің, астыртын ұйымдастырылған үйірмелердің куәгері болады, саяси жағынан шыңдала түседі.

    Ол 1906 жылға дейін Торғай облысының Ақтөбе уезінде сот болып қызмет атқарады. Ел арасында өзінің әділдігімен, сыпайылығымен және Еуропа мәдениетін бойына сіңірген қайраткер ретінде танылады.

    Патша өкіметі 1905 жылы әйгілі «қанды жексенбі» күнінен кейін революциялық, демократиялық қозғалыстардың күшеюінен сескендіктен, халықтың бетін қайыру мақсатында Мемлекеттік Думаны құруға шешім қабылдағаны тарихтан белгілі. Міне, осы уақытта қазақ даласынан да депутаттар сайлана бастайды. Торғай облысының көпшілік халықтың қолдауымен, ел арасында үлкен беделге ие болған Ахмет Бірімжанов Ресейдің Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланады [5, 14 б.].

    Патша өкіметі І Мемлекеттік Думаның демократиялық қозғалыстарына сескене қараған еді. Абсолюттік монархиялық басқарумен ғасырлар бойы халықты билеп-төстеген режим 1906 жылы 8 маусым Думаны таратып жіберді.

    ІІ Мемлекеттік Дума қалыптасқанда Ахмет Бірімжанов екінші рет Торғай облысынан депутат болып сайланады. Сол кезде Дума депутаттары хақында кітап жазып қалдырып кеткен зерттеуші М.М.Бойович Ахмет Бірімжанов туралы мынадай қысқаша мәлімет береді: «Тургайская область, Беремжанов Ахмет Курганбекович, родился 1871 года Ко.демократ. Киргиз Тусумской вол., Тургайского уезда. Окончил Оренбурскую гимназию и юридический факультет Казанского университета. Служил при Оренбургском окружном суде. Судебный следователь Троицкого, Оренбургского уезда. Мировой судья второго участка Актюбинского окураг. Член Государственной Думы 1-го созыва» [6, 81 б.].

    Ресейдің өкілетті органы ретінде қалыптасқан бұл құрылымның өмірі де ұзаққа бармағаны тарихтан белгілі. Өзінің қызметін 1907 жылы 20 ақпанда бастаған Мемлекеттік Дума 3 маусымда патша өкіметінің жарлығымен қайтадан тарқатылған еді. Ахмет Бірімжанов қатарынан екі Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғаннан кейін Санкт-Петербург қаласында тұрды [10, 24-25 б.].

    1916 жылы 25 маусысда патша өкіметінің арнайы жарлығымен 19-43 жас аралығындағы қазақтардан соғысқа қара жұмыс істеу үшін адамдар алатын жарлығы шыққан кезде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов сияқты қазақ зиялыларымен бірге қажетсіз деп бағалады. Ондағы ойы, басты мақсаты қарусыз, соғыс өнерінен мүлдем ада, сауатсыз, бейбіт халықты орыс әскерінің қырғынынан, жазалау саясатынан аман-есен сақтап қалу болды. Осы мақсатта халық арасында қан төгіске бармау қажеттігін түсіндірді.

    Ахмет Бірімжанов Кеңес өкіметі Алаш Орданы құлатып, пролетариат диктатурасына орнатқаннан кейін заңа комиссариатында біраз қызметтер атқарады, заң шығару, жаңа декреттердің жобаларын жасауға көп еңбек сіңіреді.

    Ол университеттен кейін біраз жыл Орынбор округі мен Ақтөбе уезінде сот қызметкері болып істеп, біраз тәжірибе жинақтайды. Талай адамның теңдігі үшін күресіп, қолдан келген көмегін аямайды. 1905 жылдан бастап Ахмет Қорғанбекұлы Орал, Семей, орынбор қалаларында өткен қазақ сьездеріне қатысып, алты Алаштың арын арлап, жоғын жоқтағандардың бірі [10, 145 б.]. Әсіресе, ол білімі мен тәжірибесін Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып жүрген кезінде іске асыра білді. Ол Думада сөйлеген сөзінде Қазақстан жерін жаппай тартып алуға, қазақ даласына орыс шаруаларының қоныс аударуына қарсылық білдіреді. Бұл жайында философия ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай: «Осы мәселеге байланысты өз пікірін ашық білдірген депутат Ахмет Бірімжановтың сөзі де назар аударарлық болды», - деп жазады. «Думадағы орындарды бөлу кезінде кейбір өлкелер мен облыстардың үлестерін бос қалғанын сөз ете келіп, ол былай дейді: «...Бұл бос қалдырылғаан орындарды Мемлекеттік Дума Сібірге, Орта Азия мен Кавказға ұсынып отыр: қырғыздар мекендейтін далалық облыстар туралы ештеңе айтылмаған. Мүмкін олар Сібірге немесе Орта Азияға жатқызылған шығар, бірақ Дума қаулысында бұл туралы нақты ештеңе айтылмаған» .

    Ахмет Бірімжанов 1927 жылы 56 жасында 5 қаңтарда Санкт-Петербург қаласында емделу кезінде аурудан қайтыс болады [12, 164 б.]. «Еңбекші қазақ» газеті ауыр қаза туралы былай деп жазды: «Ақаң қаяусыз таза, дамгершілігі артық азамат еді. Әлеумет, мемлекет қызметіне тыңғылықты, өз ісіне аса шебер еді. Қазақстан секілді білімді адамға кедей, мәдениет сатысына енді-енді өрмелеп келе жатқан жас республикаламыз көрнекті бір қызметкерінен айырылды». Оның денесі сол Нева жағалуындағы қалада жерленді.

    2 А.БІРІМЖАНОВТЫҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ИДЕЯЛАРЫ

    2.1. А.Б. құқықтық демократиялық мемлекет хақында айтылған пікірлері

    Оның есімі бүкіл түркі тілдес халықтарының тарихына мәңгі өшпейтін алтын әріппен жазылып, қазақ халқының тарихына өзінің рухани сана-сезімін, парасаты және жалпы болмысы жағынан ағартушы-демократ, гуманист, елдің толық тәуелсіздік алуы үшін жан аямай күрескен ірі қоғам қайраткері, халықтың адал перзенті ретінде танылды.

    Коммунистік-тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамымп тұрған кезеңде Ахмет Бірімжановтың есімін ерін ыбырлатып айтудың өзі антисоветтік үгіт жүргізумен пара-пар болғанына тарих куәгер. Ахмет Бірімжановтың қазақ ұлты үшін еткен ісі, жасаған еңбегі адам пайдаланатын өлшеммен өлшеуге болмайды, ның жан дүниесі, рухани қазынасы аса көрегенділігі болып саналады. Оның көтерген идеялары, жалпы баға жетпесс мұрасының мазмұны тәуелсіздік алған мемлекетіміздің бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелеріне жауап беріп тұрғанына қайран қаламыз. Осыған байланысты А.Бірімжановтың атқарған қызметіне, жазған еңбектеріне баға берудің өзі оның мұхиттай терең рухни дәрежесін шектеу болып табылады, сондықтан да әрбір зерттеу, мақала, моноггарфия тек мұхиттың тамшысындай болып танылады және А.Бірімжановтың шексіз танымдық ой өрісінің бір ғана нүктесіне сәуле түсіргендей.

    Ахмет Бірімжанов айтқандай, «анау өзіміздің ауылдың кісісі», «біздің ауылдың жігіті» деген желеумен алтыбақан ала ауыз болып парламентке депутат болуға аты да, заы да, білімі де сай келмейтін адамдаррдың өтіп кететініне өкінеміз. Соның нәтижесінде негізінде парламентіміз басқа өркениетті мемлекеттердегідей кәсіптік негізде емес, керісінше дәрежесі төмен, сапалы заң шығаруға мүмкіндігі шамалы болып қалыптасқанын жасыра алмаймыз. Салыстырып қарайтын болсақ, жалпы құқықтық мемлекет қалыптасқан континенттік парламенттерде депутаттардың басым көпшілігі ірі ғалымдар, заңгерлер мен экономистер. Бұл әрине, заң шығаратын органның кәсіптік, толыққанды және сауатты негізде жұмыс істеуіне өлшеусіз ықпалын тигізеді.

    Ахмет Бірімжанов парламенттің кәсіптік негізде құрылуына сол заманның өзінде-ақ мән беріп, өзінің ойын былайша қорытады: «Мал бағатын мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек» [5, 101 б.]. Аталмыш проблемамен сабақтас болған Ахмет Бірімжановтың өте орынды, көрегенділік танытқан пікірі – парламенттегі кездейсоқ сайланған, ұлт мүддесіне қарсы, ұлы державалық санамен біте туған кейбір депутаттардың арандатушылық қимыл-әрекеттері. Бұл мәселені де А.Бірімжанов аса көрегенділікпен былай деп көрсетеді: «Қазақтың дүниеде болған-болғанымен жұмысы жоқ депутаттар қазақ үшін ойланып бастарын ауыртпайды. Депутатардың көбі я сондай басын ауыртпайтындардан, я тегі басқа жұртқа күн тумасын дейтіндерден. Олар көп болған соң, олардың дегені болмақшы. Көп жағының ұнатқаны заң болып шықпақшы. Олардың дегені боып шыққан заң қазақты ондырмақшы» [7, 109 б.].

    Ахмет Бірімжанов мемлекетте ең маңызды мәселе ретінде жеке адамдардың құқықтық теңдік идеясын нақтылы практикада іс жүзіне еркше көңіл бөледі [7, 84 б.]. Заң алдында барлық адамдардың ұлтына, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына, лауазымына қарамастан тең екенін, бір-бірінен жоғарғы санатта болуына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Адамдардың барлығы, туғаннан бастап тең болғандықтан кім болса да күшті емес дейді. Бұл идеяның мағынасынан біз құқықтық мемлекеттерде жарияланған табиғи құқық идеясының, яғни жеке адамныың дүниеге келген сәтінен бастап заң, құқық алдында тең болуы принципіне сай келеді. А.Бірімжановтың пікірінше, жеке адамның табии құқы саясаттың құралы құралы болуға тиіс емес, ерісінше, саясат тарихи шығармашылық әрекет ретінде өзінің барлық бағдарламасын , дерективаларын табиғи құқық идеясына сай жүргізуге міндетті. Құқықтық мемлекеттің негізгі талабы осы болатын.

    Ахмет Бірімжановтың демократиялық құқықтық мемлекетте сот өкіметін құру тәртібі және атқаратын функциялары хақында айтқан құнды пікірлері де баршылық. Кезінде ол Ресейдің отарлық-империялық саясатының күшімен енгізген жасанды, ұлттық мүддеге мүлдем сай келмейтін сот жүйесіне наразылық білдіреді, қазақ қоғамына жайсыз болып, шекесіне қатты батқанын өз еңбектерінде терең талдау жасап дәлелдейді. Сот жүйесінің ең негізгі кемшілігі Ахмет Бірімжановтың пікірінше, әділсот ісінің атқарушы өкіметтен бөлінбеуі және оның жазалау қолшоқпары болып қалыптасуы. Оның тұжырымы бойынша, «өтірік жаламен үкім кестіріп, қаралайды. Солай болған соң соттың жұмысы ақтықты ашу болмайды, партия басшыларының айтқанымен жүріп, халықты қысып, жәбірлеу болады. Билер партиялардың құлы» [14, 11 б.].

    Ахмет Бірімжанов өздігінен даму деген ұғымына халықтың деспотиялық режимнен азат етілген және азаматтардың теңдікте, бостандықта, бақытты өмір сүру құқығына ие болған республикалық басқару формасына өту мәселесін енгізгенін байқаймыз. Алаш қайраткерінің пікірі бойынша, қазақ халқының өздігінен дамуы әр уақыта ғасырлар бойы қалыптасқан этникалық ерекшеліктерінің эволюциялық даму барысында мәндік мағынасын, сапалық формасын сақтап қалуы. Бірақ, бұл мағынадан қазақ халқы ешуақытта басқа цивилизациялық ұлттардың жетістіктерінен, саяси-құқықтық ілімдерінен аулақ болсын деген қорытынды туындамайды. Керісінше, қазақ халқының дамуы, көркеюі, ең алдымен Ресейдің демократиялық озық ойлы идеяларынан сусындауы заңгер үшін ең маңызды мәселе.

    Ахмет Бірімжановтың құқықтық идеяларында әйел құқы ерекше орын алады [6, 87-89 б.]. Орысша оқып, Еуропа мәдениетін бойына сіңірген А.Бірімжанов қазақтың некелік әдеттік құқына сол болмыс дәрежесімен қарайды. Оның ойынша атастыры, қалың мал, меңгерлік, көп әйел алушылық ескінің сарқыншақтары ретінде танылады, өркениеттілік дамуға жат құбылыстар. Мысалы, ол атастыру институты арқылы неке қиюды және қалың мал беруді өте зиянды әлеуметтік көрініс ретінде бағалайды. Кәмелеттік жасқа толмаған қызды ұзату оның пікірінше, заң алдында да кешірілмейтін күнә, ұлттың болашағының тамырана балта шабумен пара-пар бағалануы тиіс деп ұғады. Бұл мағынадағы ойларын ол былайша білдіреді: «Қазақтардың тұрпайы әдет-ғұрпы, өздерінің қыздарын күйеуге тым жас кезінде, көбінесе олардың келісімінсіз беретіндігінен болса керек. Қазақтар кейде өздерінің балаларын бесікте жатқан кезінен атастырып қояды. Жеке басының ықтиярынсыз некеше түсуге мәжбүр етпеуіне қатаң бақылау қоюын тапсыру қажет» [6, 88 б.].

    Неке қиюдың құқық негізі тек ғана бір-бірінің махаббаты мен келісімі арқылы болу шарт және қызды келісім арқылы малға сату нағыз сорақылық екенін Ахмет Бірімжанов айрықша атап кетеді.

    Жалпы алаш қайраткері өзінің ой-пікірін қорытындылай келе, қазақ халқына демократиялық құқықтық мемлекет құру үшін білім, кәсіптік дайындық, байлық, күштілік және ұлттық бірлік қажет деп қорытынды жасайды. Тәуелсіздік алған Қазақстанда Ахмет Бірімжановтың осы идеялары әлі де өзінің көкейтестілігін жоймағанына ақыл-парасатымызбен, танымдық сезімімізбен қайран қаламыз. Болашақта да қазақ қайраткерінің осы ұшқыр, аса көрегендікті танытқан бағдарламасын іс жүзіне асыратын болсақ, елімізде құқықтық мемлекеттің қалыптасуына ешбір күмән тумаса керек. Алаш қайраткерінің осы принциптері мәңгі жасай беретіні ақиқат.

    Қорыта айтқанда, Ахмет Бірімжанов халқының шынайы патриоты ретінде өз елінің гуманистік қауымдық және демократиялық мазмұндағы саяси-құқықтық институттарын отарлық әкімшіліктің жоюға бағытталған әрекеттерінеқызғыштай қорғайды, сақтап қалуды дәрмені келгенше, ақтық демі біткенше талап етті. Сонымен қатар, ол әдеттік-құқықтық кебір институттарын заман талаптарына сай келмегендігінен қатаң сынға алды.

    2.2. А.Бірімжановтың көтерген қазақ қоғамындағы басты проблемалары

    Жаңа методологиялық мазмұн мен құндылықтар тұрғысынан Ахмет Бірімжановтың саяси-құқықтық көзқарастарына талдау жасап қарасақ, ол болашақтағы қазақ мемлекетінің қандай болатынына нақтылы жауап бермегенімен, өркениетті мемлекеттер өткен эволюциялық даму жолымен қазақ халқының өз алдына жетістіктерге жететініне кәміл сеніммен қарағанын айқын байқаймыз. Осы орайда Ахмет Бірімжановтың ХХ ғасыр басында көтерген мәселелері қазіргі заман талаптарымен тікелей ұштасып жатқанын айта кеткен жөн.

    Ахмет Бірімжанов қазақ халқын ұлттық прогресс пен демократиялық мемлекет санатына көтерудің жолдарын ойластыра келе, гуманист ретінде ұлттық сананы қалыптастыруды ең негізгі де көкейкесті мәселелердің қатарына жатқызады. Ол үшін міндетті түрде рулық, патриархалдық қатынастардың сарқыншақтарынан және өркениеттің қас жауы – надандық пен сауатсыздықтан арылудың қажеттігін баса айтады. Қазақ қоғамының ірі реформаторы, гуманист өз идеяларында 200 жылдық отарлық езгі мен тепкінің нәтижесінде қалыптасып, ұлттық дерт болып жабысқан құлдық сана мен психологияны және соның тікелей әсерінен кең етек жайып үлгерген ұлттық бюрократия мен аппараттық шексіздікті жоюды демократиялық мемлекет құрудың алғы шарты деп білді.

    Сонымен қатар, Ахмет Бірімжанов қазақ халқының өз жеріне толық ие болып, оны пайдалану және билеу құқығына жетуін армандайды. Ресейдің қол астындағы жер-судың талан-таражға түсіп, бөлшектеніп жатуынан болашақта өз ұлтының құлдыққа, езгіге душар боларын жете түсінді. Болашақты көрегенділікпен болжай білген ол қазақ халқының жерін үлкен саяси мәселе ретінде көтеріп, қызғыштай қорғаған. Ахмет Бірімжановтың жер мәселесіне байланысты әсіресе ІІ Думада сөйлеген сөзі – оның жан дауысы қазіргі күні де өзінің саяси мәнін жоймаған көкейкесті мәселе екені ақиқат.

    Өз заманының дарынды перзенті қазақ жеріндегі Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесін қатаң сынға алып, кең етек жайған жағымсыз жақтарын, заңсыз көріністерін әшкерелейді. Ол былай атап көрсетті: «Үкімет біздің арамызға өз шенеунік ағайындарын жіберіп, халықты алдап, қорқытып, халықтың арасына дау салып жүр. Халық уезной һәм волосной шенеуніктеріндің талауын бек көп көреді» [8, 150 б.].

    Ахмет Бірімжанов, сонымен қатар, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде дамыған саяси-құқықтық ой-пікірде тұңғыштардың бірі болып, ұлттық езгіге, ұлы державалық сана мен іс-әрекеттерге қарсы батыл үн көтерген қайраткер. Ол ұлттық езгіні адам құқын қорлаудың ең сорақы көрінісі санаған. Демократиялық, өркениетті мемлекеттерде мүлдем жойылуы тиіс деп білген. «Чиновниктер біздің ақсақалдарымызды, басқа адамдарымызды күштеп, бір тиын да ақы бермей, өз жұмыстарына жұмысшы етіп жүре береді. Бізді тыңдамасаңыз түрмеге жаптырамыз, Сібірге жібереміз, солдаттар келтіріп, қинаттырамыз деп бізді сөзіне иланып, қорқады» [9, 84 б.], - деп жазды Ахмет Бірімжанов. Жазалауға, үркітіп-қорқытуға ғасырлар бойы бейімделген империяның мемлекеттік машинасы әлі күнге дейін де тәуелсіздікке ұмтылған халықтаррға қоқан-лоқы көрсетіп отырғандығы саяси, әлеуметтік шындық.

    Яғни, ол қазақ қоғамында кең қанат жая бастаған белсенді надандықтың өзі елі үшін қандай қауіпті, зиян екенін, басқару жүйесінде, қара басының қамы үшін кңе етек жайған пара алушылық пен қызметтегі сатқындық дейтіннің бәрі – білім мен мәдениеттің жоқтығынан болатын құбылыс екенін батыл түрде көрсетті. Бұл құнды тұжырым өз мәнін бүгінгі таңда тәуелсіздікке қолы жетіп отырған қазақ халқының ел басқару, билік жүргізу мәселелеріне келгенде де көкейкестілігін жойған жоқ, керісінше, өзінің өміршендігімен қайта жандануға жолдама алып отыр. Ұлттық прогресске жету үшін тек экономиканы дамытумен шектелмей, мемлекет басұару ісіне тікелей араласатын адамдардың міндетті түрде азаматтығы жоғары, ұлтжанды, кәсіби дайындық деңгейі биік, рухани сапасы терең болуы жағына да үлкен көңіл бөлу қажет-ақ. Себебі, дарынды, білімді тұлғалардың қоғамды өзгертуге өлшеусіз әсер ететінін тарихи даму ежелгі дүниеден бергі заманнан дәлелдеуде.

    Тәуелсіздің туын тіккен қазіргі Қазақстан Республикасында Ахмет Бірімжановтың кешегі ХХ ғасырдың басында көтерген мәселелері өз шешімдерін табуда. Оның қазақ халқын, жерін, дінін, мәдениетін қызғыштай қорғап, өзінің бар болмысымен империялық басқыншылыққа, орыстандыру саясатына қарсы батыл үн көтеруі, орыс мемлекетіне жұтылып кету қаупінің барлығын алдын ала сезініп ескерте білді, тіпті Қазан төңкерісінен кейін де қызыл империяның дінді жойып, мешіттерді тас-талқан етіп, қазақ халқын қолдан қырған с-әрекеттеріне өз наразылығын ашық білдіруі үлкен мақтанышқа тұрарлық қасиеттер. Ислам дініне қатысты идеяларды бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелер болып қала бермек. Атап айтқанда, Ахмет Бірімжанов дін мәселесінде шариғат қағидаларымен жиналатын пітір, садақа, зекет сияқты қайырымдылық қаражаттарына ерекше көңіл аударған. Оның пікірінше, бұл қаражаттардан арнайы, бір орталыққа жиналған қор құрылып, олардың барлығы қажетті істерге тиімді бақылау арқылы жұмсалса, мемлекеттің күшін, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен себеп боларын дәлелдейді. «Садақалардың көбі қазіргі уақытта – деп жазды ол, - орынсыз жерлерге наут болады. Сол себепті бұларды ауқатты дәрменсіздің жұмысына ұстауға һәм бейбіт амал сықылды бір орын жасауға болар еді. Рухани дәрежеге қызмет етуші моллалардың өзгесін һәм мектептердің тәрбиесін өтеуге, оқыт болғандай мұндай істерді тәртіпке салу өте қолайлы» [11, 201 б.].

    Ахмет Бірімжанов әйел бостандығының нағыз жаршысы ретінде танылды. Еуропа мәдениетімен тәлім алған, зиялы, білімпаз азамат қазақ қоғамының тұрмыс-салтында қалыптасқан әйел құқын тежеу, аяққа таптау әрекеттеріне қарсылық білдіреді. Заман талаптарына сай келмейтін көп әйел алушылық, қызды малға сату, жесір дауы сияқты әдеттік құқық институттарын қатаң сынға алып, олардың ұлттың көркеюіне, мемлекеттің нығаюына нұқсан келтіретінін дәлелдейді. «Қазақ жұртында екі түрлі жаман әдет бар. Түптен ойлап қарасақ, ол екі әдет қазақ халқына жаман. Олардан құтылмай қазақ жұрты оңбайды. Бұл екі әдеттің бірі – ұрлық, бірі жесір дауы – қызын сатып мал алу. Ұрының оқыған намазы қабыл болар ма? Қызын сатып тамағын тойдырған отағасының ішкен-жегені адал болар ма? Ойланып қараңыздаршы? Жесір дауы әйел адамды адам есебінен шығарып, мал есебіне аударып жіберді. Қалың малды төлеп болса да, қазақ жұртының 30-40 жасқа келген сақа жігіттері үйірі жоқ айғырдай азынап жүр. Жұртта жесіріні ала алмаған боз бала, бойдақ көбейіп барады. Қазақтың тұқымы құрып бара жатыр: ойнастық қылып, мерез ауруы жұрттың сүйегіне сіңіп, жайлыып бара жатыр». Сол ХХ ғасырдың басында айтылған Ахмет Бірімжановтың бұл пікірі қазіргі тәуелсіз, демократиялық мемлекетімізде де жанға батар, намысқа тиер көрініс екені анық.

    Ахмет Бірімжанов ұғымында әйел бостандығын қорлайтын ең сорақы, өркениетті елдердің алдында қазақ халқының намысын қорлайтын, оны жабайы да жексұрын қылып көрсететін әдет-ғұрып – қазақ қыздарының бесіктен белі шықпай жатып, ерте кезден 60-70 жастағы шалдарға берілетін. Ахмет Бірімжанов бұл мәселені халықтың өсіп-өнуіне, оның жалпы генофонын орны толмайтындай әлсірететіні, содан тіптен мемлекеттің күш-қуатына қаупін төндіретін аса сорақы дерт екенін дәлелдей келе, өз ойларын былайша қорытады: «Қыз баланы бесіктен шығармай жатып 60-70 жастағы қаудыраған шалға береді. Кебже қарын, кең құрсақ қанын жоғалтын барады. Қаудыраған шалдан жүкті болған жұдырықтай баладан қандай батыр, қандай мырзалар тумақ?» [13, 9 б.].

    Мемлекетті көркейтудің, дамытып жоғары сатыға көтерудің қайнар көзі – қаржы болып табылатыны даусыз. Бұл мәселеге келгенде де а.Бірімжанов өте құнды пікірлер ұсынды. Ол мемлекеттегі бюджеттен басқа, көпшіліктің қайырымдылығынан жиналатын қаржыны дұрыс ұйымдастыруға өте зор мән берген. Бұл қаражатты бір орталықтан басқарып, аса маңызды мәселелерге пайдалану арқылы мемлекеттің даму деңгейін нығайтуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайларын жақсартуға болатынына үлкен сеніммен қарайды. «Қазақ жұртының жыл сайын зекеті, пітірі, садақасы, құдай жолы, құрбан терілері бар. Осылардың бәрін бір жерге жиып, сақтап, түскен процентіне жарлы-жақыбайлардың балаларын оқытса» [38, 7 б.]. Нарықтық қатынастар етектен тартып, қаржы тапшылығына душар болып отырған қазіргі жағдайымызда Ахмет Бірімжановтың осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын айтқан пікірі тағы да өзінің құндылығымен қызықтырады.

    Ахмет Бірімжанов қазақ елінде әлеуметтік және демократиялық институттары жетілген мемлекет құру үшін ең алдымен ел арасында білім мен ғылымдыжан-жақты дамыту қажеттігін, сонда ғана қазақ халқының надандықтан көзі ашылып, қанау мен ұлттық езгіге қарсы тұра алатындығын айта білген. Ол былай дейді: «Шаруаны жайғастыратын білім. Дүниежүзінде болатын грамттың неше екенін білмеген надан халықтар қорқақ, именшек, жасқаншақ, не болса соған иланатын болады. Білім көбейген сайын адамдар тиянақты, батыл келеді, білім көбейеді, бір-бірлеп көмектесіп жаһұт еткеннен соң». Сонымен қатар, бұл ұғымның астарынан А.Бірімжановтың Ресей империясының отарына айналған қазақ халқының білімінің жоқтығынан, надандығынан өз тәуелсіздігін жоғалтып, саяси қарсылық білдіре алмай отырғандығы жайлы айтқан ойын да айқын аңғаруға болады.

    А.Бірімжановтың пікірінше, империялық саясаттың тепкісінен арылудың барлық мәселелерін қазақ халқының дара, білімпаз тұлғалары еш нәрседен жасқанбай өз мойындарына алулары тиіс. Олай болмаған жағдайда көпшілік, яғни қазақ халқы ұлт езгісінен көзін ашуы мүмкін емес және дүниежүзілік өркениет бигіне көтерілуі екі талай. Яғни, ол тарихтың қозғаушы күші жеке тұлғалар екенін ұғындырмақ болған. Бұл туралы өз ойын былай деп қорытады: «Кочовое население степного края вступает в тот период своей жизни, когда ему предстоит стать лицом к лицу, с более развитыми земледельцами Европейской России. Наши передовые люди, хорошо обученные по мусульманский и знающие по русски, каковых теперь не мало степи, без сомнения примут в расчет новое положение дел и надлежащим отношением к нему попадут пример народу. Думаем, что они согласны с нашим мнением, непризнающим преимущества прежнего состояния, когда народ, безграмотный, замкнутый, не знал, что делается в мире» [6, 82-84 б.].

    Қорыта айтатын болсақ, қазақ қоғамының ірі қайраткері Ахмет Бірімжановтың Қазақ төңкерісіне дейінгі қоғамдық-саяси, құқықтық ой-пікірлер мен аударма және тіл білімі негіздерін дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Оның есімі тарихымызда асқан білімді публицист, ғалым, қазақ демократияшыл зиялыларының белді өкілдерінің бірі ретінде танылуы керек. Міне, сондықтан да, ойшылдың әр салада жазған ғылыми, құқықтық тақырыптарда жазылған мақалалары мен еңбектерін жан-жақты жинақтап, жеке басылым етіп шығару – қазіргілер үшін алда тұрған абзал борыш. Ахмет Бірімжанов сияқты дара тұлғаға ел тарихы төрінен орын беру – оның сол елі үшін атқарған еңбегін елеп, бағалау деген сөз.


    ҚОРЫТЫНДЫ
    Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес даму жолына түсуіне байланысты түрлі саяси күштер мен ағымдардың, олардың жетекшілері мен идеологтарының халық санасын оятып, адамзаттың ұлы көшінен қалмай алға жылжуына сіңірген еңбегін ғылыми тұрғыдан сараптап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызы арта түсуде. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ мемлекеттілігінің даму мақсатын тұжырымдап берген, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен тұлғалардың бірі Ахмет Бірімжанов болатын.

    Ахмет Бірімжанов ХХ ғасырдың басында отарлық саясатқа қарсы батыл үн көтерген, Қазақстанның тәуелсіздігі мен бостандығы үшін аянбай тер төккен, ұлт мүддесін таптық, топтық түсініктен жоғары қойған және қоғамдық-саяси, құқықтық ой пікірде жалпы демократиялық, жалпы ұлттық бағыт ұстанған, қиын-қыстау төңкеріс кезеңінде де өзінің ағартушылық идеясын бар қабілет, қайратымен насихаттап өткен ағартушы демократ, ірі қоғам қайраткері, асқан азамат. Оның өшпес мұраларын монография деңгейінде зерттеу болашақтың ісі. Оған әлі де ізденістер қажет. Тарихта із қалдырған қайраткерлерді танып-білу – әр қоғамның рухани деңгейінің көрінісі. Өз тарихымен ғана тәрбиелеу ғана өз ұрпағы рухын жоғары көтеру болса керек.

    Ахмет Бірімжанов – қазақтың әдеттік-процессуалдық құқық жүйесін зерттеу мәселесіне тұңғыштардың бірі болып қалам тартқан қайраткер. Ол бұрын-сонды зерттелген аталмыш мәселенің бет-пердесін ашып, қазақтардың ұмытылып бара жатқан билер сотының іс қараудағы процессуалдық құқықтары мен міндеттеріне нақтылы түрде талдау жасайды. Атап айтқанда, ол дауласқан адамдардың билерге талап-өтініш беру рәсімінен бастап, сот билігінің шешім немесе үкім шығарғанға дейінгі аралықтағы процессуалдық реттілік мәселесін білгір маман ретінде баяндайды. Негізінде, А.Бірімжановтың бұл мәселедегі құқықтық ой-тұжырымдары Қазақстан ғалымдары жүргізетін зерттеулерге құнды қайнар көз бола алатыны күмәнсіз.

    Ахмет Бірімжановтың әлеуметтік прогрес туралы көтерген мәселелері де өте құнды. Ол қазақ қоғамын патриархалдық қатынастар шырмауығынан босатып, оны өркениетті жолға шығарудың тетіктерін жан-жақты көрсету мақсатында қалам тартып, зиялы азаматтарға терең мағыналы ой сала білген.

    Ахмет Бірімжановтың саяси-құқықтық бағдарламасы мен көзқарастары прогрессивтік сипатта болған ертебуржуазиялық идеологияның нышандарымен тікелей үндес. Оның негізгі мазмұны патриотизм, ұлт мүддесіне жан-тәнімен қызмет ету, антиколониализм, бостандық, демократиялық ұлттық және тәуелсіз мемлекет. Ахмет Бірімжановтың жалпы ғұмырлық тағдыры мен қоғамдық-саяси қызметі жеке, арнайы зерттелетін үлкен мәселе.

    ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

    ДЕРЕКТЕР:


    1. Қожанұлы С. Сұлтанбек Қожанұлы. Алматы: «Арыс», 2009. – 352 б.

    2. Қожанов С. Құжаттар мен материалдар. – Алматы: «Жалын» баспасы, 2013. – 384 б.

    3. Бөкейханов Ә. Шығармалар / құраст. М. Қойгелдиев. – Алматы: «Қазақстан», 1994. – 384 б.

    4. Бөкейханов Ә. Таңдамалы. 2-кітап. – Алматы: «Өлке», 2003. – 224 б.



    АРНАУЛЫ ӘДЕБИЕТТЕР:


    1. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. – Алматы: «Атамұра», 1998. – 360 б.

    2. Өзбекұлы С. Арыстың алаштары: тарихи очерктер. – Алматы: «Жеті жарғы», 1998. – 1992 б.

    3. Құл-Мұхаммед М. Ж.Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарастары. – Алматы: «Жеті жарғы», 1996. – 224 б.

    4. С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева. Қазақ газеті. 1913 жыл – Алматы: «Арыс», 2009. – 480 б.

    5. С.О.Смағұлова, Ғ.Қ.Әнес, Т.А.Замзаева. Қазақ газеті. 1914 жыл – Алматы: «Арыс», 2009. – 504 б.

    6. А.С.Зұлқашева, М.Қ.Қойгелдин, Ә.Т.Сүлейменова. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Алматы: «Ел-шежіре», 2007. 3-том. – 344 б.

    7. Ж.Байішев. Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері. – Алматы: «Жеті жарғы», 1997. – 496 б.

    8. Нұрпейіс Қ. Тарихи тұлғалар. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2007. – 376 б.

    9. Мұтанов Ғ. Қазақты жалынды жүрегімен сүйген // Түркістан. – 2017 . – 2 қараша. – 9 б.

    10. Мақсатқызы Әсел. Азаттық үшін арпалысқан // Түркістан. – 2017. – 19 қазан (№ 42). – 9-12 б.

    11. Қарабала Ертай. Ахмет Бірімжановты ұлықтай алдық па?: немесе Алаштың ардақтысы туралы ой-толғау // Қостанай таңы. - 2013. – 25 қазан. – 7 б.


    АНЫҚТАМАЛЫҚ ӘДЕБИЕТТЕР:


    1. Қазақ Совет энциклопедиясы / бас ред. М.Қ. Қаратаев. – Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясыың» Бас редакциясы, 1976. – 618 б.

    2. Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы / Бас ред. Р.Н. Нұрғалиев. – Алматы: «Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1989. – 645 б.


    написать администратору сайта