Главная страница
Навигация по странице:

  • 4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi

  • 25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне енгiзу

  • 26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен таныстыру

  • 26-1-бап. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімін қалыптастыру

  • 5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт

  • азастан Республикасындаы сайлау туралы


    Скачать 133.73 Kb.
    Названиеазастан Республикасындаы сайлау туралы
    Дата09.03.2023
    Размер133.73 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаz950002464_.07-01-2023.kaz.docx
    ТипДокументы
    #976007
    страница5 из 22
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
    23-бап. Сайлау учаскелерiн құру


          1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткiзу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң аумақтық сайлау комиссияларымен келiсiлген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.



          2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:



          1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;



          2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.



          3) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 № 545 Конституциялық заңымен.





          3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады. Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.



          4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.



          5. Тиiстi әкiмдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн – он бес күн мерзiмде, ал өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлауды өткiзген кезде жеті күн мерзiмде сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау учаскелерiнiң шекаралары туралы құлақтандырады.



          Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 375, 2004.04.14 № 545, 2005.04.15 № 44, 2009.02.09 № 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.




    4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi

    24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi және оларды жасау тәртiбi


          1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, әкімді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.



          2. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 № 545 Конституциялық заңымен.





          3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.



          4. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi. Таңдаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады және тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, жеке сәйкестендіру нөмірін, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауын және оның тұрғылықты мекенжайын қамтиды.



          5. Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды.



          Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.



          Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, ол өзiнiң болатын жерi бойынша жергіліктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқылы.



          Азамат осы тармаққа сәйкес өтiнiш жасаған кезде жергілiктi атқарушы орган азаматты тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен алып тастауды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.



          Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылар тiзiмiне өзінің шешімімен учаске құрылған әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша ұсынылады.



          Сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы орган әр жылдың 1 шiлдесiне және 1 қаңтарына қарай электрондық түрде ақпаратты салыстырып тексеруді және жоғары тұрған сайлау комиссияларына беруді қамтамасыз ететін тиiстi аумақтық сайлау комиссияларына ұсынады.



          Мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.



          Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң анықтығы үшiн жауапты болады.



          6. Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндiзгi оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.



          7. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.



          8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.



          Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерi жанынан, Қазақстан Республикасының иелiгіндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тізімдері дауыс берiлетiн күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.



          9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты төрағасының ұсынуы бойынша жасайды.



          10. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне өзгерістер енгізуге тыйым салынады.



          Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 № 545, 2005.04.15 № 44; 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 41-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.




    25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне енгiзу


          1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:



          1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;



          2) азаматтар тиiстi сайлау учаскелерiнің аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша енгізіледі.



          Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алып тастала отырып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі;



          3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;



          4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;



          5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.



          2. Таңдаушылар тiзiмiне:



          1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;



          2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.



          3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.



          Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 № 545, 2005.04.15 № 44; 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.




    26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен таныстыру


          1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.



          Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерінiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.



          2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн сайлаудан кемiнде жетi күн бұрын жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының интернет-ресурстарына орналастырылады.



          3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.



          Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.



          4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.



          Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 № 545, 2009.02.09 № 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 31.07.2015 № 340-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.




    26-1-бап. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімін қалыптастыру


          1. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына – электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште, аумақтық және округтік комиссияларға электрондық түрде ұсынады.



          2. Сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясына хабарлайды.



          3. Төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиясы сайлаушылар тізімін Қазақстан Республикасының сайлаушы азаматтарының электрондық тізіліміне енгізу үшін жоғары тұрған комиссияға электрондық түрде ұсынады.



          4. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.



          Ескерту. 4-тарау 26-1-баппен толықтырылды – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.




    5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт

    27-бап. Сайлау алдындағы үгiт


          1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.



          Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.



          2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.



          3. Сайлау алдындағы үгiт:



          1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;



          2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткiзу жолымен;



          3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен;



          4) онлайн-платформалар арқылы жүзеге асырылады.



          4. Мыналарға:



          1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;



          2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;



          3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;



          4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.



          Телерадио хабарларын тарату субъектілерінің жаңалықтар, талдау бағдарламаларында кез келген үгіт материалдарын таратуына тыйым салынады.



          5. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.



          Осы Конституциялық заңда мыналар:



          1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;



          2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады.



          Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.



          6. Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.



          7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi жазып-көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан қалыс қалуға; аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау үшiн баспа басылымының ең таяудағы нөмірінде сол көлемде, сол қаріппен және теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған сол жерде терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге міндетті. Радио және телевизия арқылы терiске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты тәуліктің сол уақытында және сол теле- және радиобағдарламада, ал аталған теле- және радиобағдарлама жабылып қалған жағдайларда – оған тақырыптық бағыты сәйкес келетін өзге теле- және радиобағдарламада берілуге тиіс.



          Теріске шығару көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі есе және одан үлкен болмауға тиіс.



          Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетіндегі орны, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде таратуға міндетті.



          Бұқаралық ақпарат құралдары тиiстi сайлау комиссияларына осы Конституциялық заңда белгiленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және хабарларды жариялау мүмкiндiгін дереу береді.



          7-1. Онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; аталған тұлғаларға өздерінің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндетті.



          8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.



          9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.



          Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.



          Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.



          10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.



          Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 № 545 Конституциялық заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.04.15 № 44, 2009.02.09 № 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.




    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


    написать администратору сайта