азастан Республикасындаы сайлау туралы
Скачать 133.73 Kb.
|
20-1-бап. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Ескертпе. 20-1-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен. 1. Саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан Қазақстан Республикасының азаматтары байқаушылар ретінде жіберіледі. Байқаушының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға көрсетіледі. 1-1. Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. Егер осы Конституциялық заңда өзгеше белгіленбесе, аккредиттеудің қолданылу мерзімі бір жыл болады. Қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуді алу үшін тиісті сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды жіберуге тиіс: 1) Орталық сайлау комиссиясы белгілеген нысан бойынша өтініш; 2) сайлауға байқауды жүзеге асыру құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірме. Аккредиттеуге өтінішті қарау мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайды. Аккредиттеуден бас тартуға немесе аккредиттеудің күшін жоюға мыналар негіз болып табылады: 1) құжаттардың толық тізбесінің ұсынылмауы; 2) жарғының осы баптың талаптарына сәйкес келмеуі; 3) қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес ұйым қызметінің тоқтатыла тұруы не тоқтатылуы. Сайлау комиссияларының сұрау салуы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардан аккредиттеуден бас тарту немесе аккредиттеудің күшін жою үшін негіздердің бар-жоғын анықтауға қажетті ақпарат сұрау салу алынған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде беріледі. 2. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары: 1) сайлау комиссиясының отырысына қатысуға; 2) дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға; 3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға; 4) тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға; 5) сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға; 6) тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға; 7) сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға; 8) учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға; 9) дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға; 10) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға; 11) дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға; 12) сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті. 3. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары: 1) олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге; 2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға; 3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға; 4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға; 5) өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге; 6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға; 7) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге; 8) фото-, аудио- және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті. 4. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы. Ескерту. 2-тарау 20-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.04.14 № 545; жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 № 268 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен. 20-2-бап. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 1. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысуға шақыруды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Сыртқы істер министрі жібере алады. Шақыру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіледі. Шақыруда миссия саны мен құрамына, сондай-ақ миссияда гендерлік балансты, елдік өкілдікті қамтамасыз етуге қатысты тілектер қамтылуы мүмкін. 2. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледі. Аккредиттеу үшін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне өз байқаушыларының, өкілдерінің тізімін ұсынады. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылмайтын жеке тұлғалар аккредиттеуге жатпайды. Қазақстан Республикасында саяси, экономикалық немесе басқа мүдделері бар не Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттің заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзғаны үшін олардың аккредиттелуі кері қайтарып алынған (күші жойылған) не аккредиттеуге өтінім бергенге дейінгі бес жыл ішінде қылмыстық іс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңінде заңсыз қызмет жасауда кінәлі деп танылған адамдар аккредиттелмейді. 3. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. 4. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болып табылатын, Орталық сайлау комиссиясы белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күнінен бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. 5. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өз мәртебесін Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысы жоқ қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға құқығы жоқ. 6. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің: 1) сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға; 2) сайлау комиссияларында сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға; 3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскелеріне кіруге; 4) сайлау процесіне қатысушылармен кездесуге; 5) өздерінің байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуге, ұсынымдар енгізуге; 6) жария мәлімдемелер жасауға; 7) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға құқығы бар. 7. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері: 1) жеке басын және аккредиттелгенін куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруге; 2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдер қабылдау рәсіміне араласпауға; 3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға; 4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға; 5) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге; 6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті. 8. Осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алуға құқылы. 9. Байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде Орталық сайлау комиссиясы кері қайтарып алуы мүмкін. Ескерту. 2-тарау 20-2-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.19 № 268 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.02.09. № 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен. 3-тарау. Сайлау округтерi мен учаскелерi 21-бап. Сайлау округтерi мен олардың жүйесi 1. Қазақстан Республикасында бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын, мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде аумақтық сайлау округтері жүйесі құрылады және пайдаланылады. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде сайлау округтері Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен сайлаушылардың саны ескеріле отырып құрылады. 2. Алып тасталды – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен. 3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады. 4. Мәслихаттардың депутаттарын, әкімді сайлау кезінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында аумақтық сайлау округі құрылады. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде сайлау округтері өңірлердің әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен сайлаушылардың саны ескеріле отырып құрылады. 5. Өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады. Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 375, 2004.04.14 № 545, 2007.06.19 № 268 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 41-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен. 22-бап. Сайлау округтерiн құру және олардың шекараларын қайта қарау 1. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша сайлау округтерін Орталық сайлау комиссиясы құрады. Мәслихаттардың депутаттарын, әкімді, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау бойынша сайлау округтерін аумақтық сайлау комиссиялары құрады. 2. Сайлау округтерiнiң тiзiмiн олардың шекараларын және аумақтық сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн көрсетiп, тиiстi сайлау комиссиялары сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. 2-1. Сайлау округінің шекараларын және округтік сайлау комиссияларының тұрған жерлерін айқындауды тиісті сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Тиісті сайлау комиссиялары сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін он күннен кешіктірмей, шекаралары және округтік сайлау комиссияларының тұрған жері көрсетілген сайлау округтерінің тізімін тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. 3. Алып тасталды – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен. Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.06.19 № 268 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен. |