odt) Название Вашей работы:. Қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларының топтастырылуы. азастан Республикасыны Білім жне ылым министрлігі Семей аласыны Шкрім атындаы университеті КеА Филология факультеті
Скачать 31.13 Kb.
|
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ Филология факультеті МӨЖ Тақырыбы: Қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларының топтастырылуы Орындаған: Кундусбаева Н. Тобы: МКЯ-101 Тексерген: Мұқанова Қ.Қ. Семей 2022 жыл Біздің аяқ басқан ХХI ғасырымыз өркениет дамуының кезеңі, ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дамуы кезеңі. Адамзат дамуының жаңа кезеңіне жаңа білім беру жүйесі, жаңа оқыту жүйесі және білім беру үрдісі сай келуі тиіс. Сонымен бірге қазіргі білім беру жүйесінің негізгі міндеті адамның ішкі жан дүниесінің, адамгершілік қасиеттерінің, жеке басының дұрыс қалыптасуына бағыттау, соған негіздеу болып табылатындықтан, қазіргі қоғам адамзат алдына, білім беру жүйесіне үлкен мәселелерді қойып отыр. Осындай мәселелердің бірі – әсіресе жоғары мектеп педагогикасының күрделі де маңызды мәселесі – студентті келешек мамандығына жақындату, кәсіптік біліктілігін дамыту, кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасау, іскер маман дайындау. Сондықтан оқыту мен білім беру үрдісін жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын, жаңа үлгілерін пайдалану, жалпы білім беру реформасын жасау қажеттігі туып отыр. Осы мәселерге байланысты бірнеше мемлекеттік құжаттар да бекітілді. Қазақстан Республикасының “Жоғары білім беру туралы” Заңының 9-бабында: “Оқу және әдістемелік жұмысты ұйымдастыру, білімді, ғылым мен өндірісті ұштастыру, оқытуды белсенді әдістер, жаңа ақпараттық технологиялар кешенін қолдана отырып, студенттердің шығармашылық және практикалық қабілеттерін таныту, қалыптастыру, дамыту үшін мүмкіндіктер туғызу арқылы жүзеге асыру керек” делінген [1,2]. Осы тұрғыда баса айтатын тағы бір құжат – Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” [2,3]. Бұл бағдарламада білім беру, оқыту сапасын көтеру және тілдерді оқытуда белгілі бір нәтижеге берілген уақытта жетуге бағытталған оқытудың жаңа технологияларын практикаға енгізу қажеттігі айқын көрсетілген. Жоғарыда айтылғандарға орай, соңғы кездерде, жоғары оқу орындарында білім берудің жаңа даму бағытын қамтитын елуден астам оқытудың әр түрлі жаңа технологиялары практикаға енгізіліп, пайдаланылуда. Атап айтар болсақ, бұлар – А.М.Берг, В.П.Беспалько, М.В.Кларин, Н.Р.Талызиналардың бағдарламалы оқытуы, Л.В.Занков, А.С.Выготскийдің дамыта оқытуы, В.Р.Шаталовтың тірек сигналдары, Р.Штейнердің еркін таңдау идеясы, С.Н.Лысенкованың оза оқытуы, Ш.А.Аманашвили, Е.Б.Бондаревскаяның жеке бағдарлы оқытуы, В.М.Монаховтың модульдік оқытуы, В.Дьяченко, К.Я.Вазиналардың ұжымдық оқытуы т.б. Бұл оқыту технологияларының барлығы да оқытуда белгілі бір нәтижеге жету мақсатын, яғни, оқытуды кепілді нәтиже беретін өндірістік-технологиялық үрдіске айналдыру мақсатын көздеуден туындаған оқыту технологиялары. Осы оқу үрдісін “технологияландыру” мәселесіне орай педагогика ғылымының лексиконына “педагогикалық технология”, “оқыту технологиясы”, “білім берудегі технология” ұғымдары еніп, әр түрлі түсіндiрілуде. “Технология” ұғымы педагогика ғылымына өндіріс саласы арқылы енді. “Технология” ұғымының қалыптасуы мен дамуының тарихында “технология” ұғымының мәні әр түрлі аспектіде қарастырылған. Оны техникалық құралдардың көмегімен оқыту және оны ғылыми тұрғыдан түсінуге байланысты пікірлер мен көзқарастар бар. “Технология” ұғымы ең алғаш химия саласында пайда болды. А.О.Бондаренконың еңбектеріне жүгінсек, “технология” термині ең алғаш рет Европада (Германия) пайда болды [3,9]. “Технология” терминi бір деректер бойынша 1772 жылы пайда болды делінсе [4,39], екінші бір деректерде 1777 жылы пайда болды делінген [5,87]. Ал Ресейлік ғылыми әдебиетке бұл ұғым 1807 жылдан бастап ене бастаған. Ол жөнінде А.О.Бондаренко:“И.Л.Двигутскийдің “Начальные основания технологий или краткое показание работ на заводах и фабриках производимых” деп аталатын химиялық технология бойынша жазылған оқулығының бірінші бөлімінің жарыққа шығуымен байланысты болды”- деп көрсете [3,9] отырып, басқа ғылымдар мен адамдар өмірінде “технология” ұғымын “өнер”, “іс”, “кәсіп” сияқты терминдер алмастырады, алғашқыда тауар өнімдерін өндіру үрдісі кәсіп деп аталды. Тек XVIII ғ. аяғы — XIX ғ. басында инженерлік іс-әрекеттердің туындауына байланысты “кәсіп” ұғымын алдымен “іс”одан кейін “өнер” ұғымдары алмастырса, ал химия саласында ғана оны “технология” деп атады деген пікір айтады [3,10]. Яғни, химия саласында қолданыс тапқан “технология” термині одан кейін басқа да өндіріс, ғылым салаларында қолданылып, оған әр түрлі түсінік беріле бастады. Ол анықтамалардың барлығының негізгі түйіні “өнімді өндіру үрдісінде шикізаттың қалпын, күйін өзгерту, жаңарту әдістерінің жиынтығы” дегенге саяды. Яғни, технология – адамның басқаруымен технологиялық құралдарды пайдалану арқылы сапалы өнім алу үрдісі. Үстіміздегі ғасырдың 30-жылдары АҚШ-та алғашқы аудио-визуалдық оқыту бағдарламасының енуі технологиялық білім революциясының бастамасы ғана болып қоймай, сонымен бірге күні бүгінге дейін жаңа педагогикалық технологияның маңызы, мәні, тұжырымдамасы, ұстанымы туралы пікірталасты да туғызды. “Педагогикалық технология” ұғымы туралы 50 жыл бойы жүрген пікірталас көптеген авторлардың, педагогика ғылымдары саласындағы комиссиялардың әр түрлі анықтамаларында көрініс тапты. Алғашқы анықтамалар мен тұжырымдамалардың барлығында да “педагогикалық технология” оқу үрдісінде техникалық құралдарды пайдаланумен байланыстырылды. Мысалы, Лондон университетінің аудиовизуалдық орталығының директоры М.Кларктың пікірінше, педагогикалық технология дегеніміз – “Применение в сфере образования изобретений, промышленных изделий и процессов, которые являются частью технологий нашего времени” [6,78]. Бұл пікірді сол кездегі көптеген педагог-ғалымдар да қолдады. Мысалы, Ф.Унтворт, М.Мейер сияқты ғалымдар педагогикалық технологияны “бордан бастап тақтаға дейiнгi” және “розеткаға қосуға болатын кез келген зат” сияқты оқу құралдарын пайдаланумен байланыстырады. Мұндай пiкiрге Д.Финн үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады. Ол жөнiнде: “Только наивные люди считают, что технология – это просто комплекс аппаратуры и учебных материалов. Это значит гораздо больше. Это способ организаций, это образ мыслей о материалах, людях, учреждениях, моделях и системах типа “Человек-машина”. Это проверка экономических возможностей проблемы. Кроме того, технология имеет существенное отношение к взаимодействию науки, искусства и человеческих ценностей,” – дейдi [7,127]. “Педагогикалық технология” төңірегінде қызу пікірталас жүрді. Әркім әртүрлі көзқараста болды. Оны жоққа шығарушылар да болды. Кейбір ғалымдар педагогикалық технологияны педагогикалық ғылым деп қарастырса, кейбір ғалым-педагогтер оны ғылым мен практиканың аралық кезеңі деп қарастырды. Мәселен, осы көзқарасты жақтаушылардың бірі – Н.Ф.Талызинаның пікірінше, нақтылы педагогикалық үрдісті құру үшін педагог ең алдымен оны қалай істеу керектігі жөніндегі қажетті мәліметтерді жинау керек. Яғни, кез келген оқытушыға технологиялық деңгейде берілетін оқу үрдісі жөніндегі білімдер жүйесі қажет. Бұл үрдістің заңдарын бірнеше ғылым салалары (физиология, психология, социология, әлеуметтік психология, логика, кибернетика және т.б.) зерттейді. Бірақ бұл ғылымдардан оқытушы оны қолданудың ұстанымдарын, әдістерін т.б. таба алмайды. Осы ғылымдар мен практика арасында оларды қолданудың ұстанымдарын, әдiстерiн қолдану ретiн анықтап беретiн бiр ғылым болуы керек. Онсыз ғылыми негiзделген оқу үрдiсi болуы мүмкiн емес [8,17]. Яғни, Н.Ф.Талызинаның пiкiрiнше, педагогикалық технология дегенiмiз – оқытудың ұстанымдарын, әдiс-тәсiлдерiн т.б. анықтап беретiн ғылым. Осындай көзқарасты П.И.Пидкасистый да жақтады. Оның пайымдауынша, педагогикалық технология – дидактиканың бір бағыты, тиімді жүйелерді жасайтын және оның ұстанымдарын анықтап беретін ғылымның зерттеу саласы [9,181]. Ғалымдардың педагогикалық технологияны педагогикалық ғылым деп қарастырған пікірлерін жақтай отырып, “педагогикалық технология – оқытудың ең тиімді жолдарын, оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер мен ұстанымдардың жүйесін зерттейтін ғылым ”деген қорытынды жасауға болады. “Педагогикалық технология” туралы айтылған жүздеген пікір- көзқарастарды талдай келіп, П.Д.Митчелл мынандай анықтама береді: “Педагогическая технология – есть область исследований и практики (в рамках системы образования), имеющая связи со всеми аспектами организаций педагогических результатов” [7,128]. Бұл анықтаманы сәтті берілген анықтама деп есептеуге болады. Себебі, ол оқу үрдісінде педагогикалық технологияны пайдаланудың негізгі міндеттерін ашып көрсетуге ықпал жасады. Педагогикалық технология мәселесі одан басқа П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов, Б.Т.Лихачев, В.П.Беспалько, М.Чошанов, В.М.Шепель, В.М.Монахов, М.Кларин, Н.А.Менчинская және қазақстандық Ж.А.Қараев, Т.Т.Галиев, Қ.Қадашева, Р.Ә.Шаханова, Ф.Ш.Оразбаева, Г.М.Құсайынов, Г.К.Нұртаева, К.К.Кабдыкаримова сияқты көптеген ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Бұл ғалымдардың барлығы технологияның шеберлікпен өнім алу, нәтижеге жету, белгілі бір жоба, модельмен оқыту деген мән-мазмұнын дамыта отырып, оны оқыту, білім беру үрдісіне қатысты педагогикалық аспектіде қарастырып, әр түрлі анықтамалар берді. Мысалы, В.П.Беспальконың тұжырымы бойынша, педагогикалық технология төмендегiдей шарттарды iске асыруы тиiс: а) педагогикалық технология оқытудағы дайындықсыз әрекеттердi болдырмауы тиiс; ә) оқушының оқу-танымдық қызметiнiң құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу-тәрбие үрдiсiнiң жобасына негiзделуi керек; б) оқу мақсатын диагностикалық түрде анықтап, оның меңгерiлу сапасын дәл тексерiп бағалауы қажет [10,5]. Белгiлi ғалым-әдiскер В.М. Монахов та осындай көзқараста болды [11]. Ол “педагогикалық технология – оқушы мен мұғалімнің оқу үрдісін жобалап және ұйымдастыруда бірігіп қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызатын, әбден ойластырылған педагогикалық іс-әрекеттің үлгісі” деп есептесе, М.В.Кларин “Педагогикалық технология – бұл педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім-амалдар мен әдіснамалық құралдардың жүйесі, жиынтығы және жұмыс істеу реті” деген пікірде болды [12,10]. “Педагогикалық технология” бойынша кейінгі кезде зерттеп жүрген орыс ғалымдарының бірі – М.М.Левин. Ол өзінің “Технологий профессионального педагогического образования” деген еңбегінде педагогикалық технологияны жан-жақты қарастырып, оған өзіндік көзқарасын білдірген [13]. Ол педагогикалық технологияны жоба ретінде қарастырады. “Ненің жобасы” дегенге “іс-әрекеттің жобасы” деп, “ол кімнің іс-әрекеті, оны орындау кімге арналады?” деген сұраққа “оқытушы” деп жауап береді. Яғни, М.М.Левин педагогикалық технологияны “педагогикалық іс-әрекеттің жобасы, оқу іс-әрекетін басқару” деп қарастырады. “Педагогическая технология — это проект и реализация системы последовательного развертывания педагогической деятельности, направленной на достижение целей образования и развития личности учащихся”, – деп көрсетеді ғалым [13,14]. Сондай-ақ, ғалым кез келген жоба, оқытуды ғылыми тұрғыда негіздейтін құрал бола тұрса да, технологиялық бола бермейді дейді. Педагогикалық технологияның негізгі қызметі – оқу үрдісінің білім беру мақсатын іске асыру және жеке тұлғаны дамыту. Осы жерде технологияның тұтастық ұстанымы шығатындығын көрсетеді. Ол ұстаным технологиялық жүйенің даму заңдылығын қарастырады. Технологияның екінші ұстанымы – оқытуды жеке бағдарлы үлгіде ұйымдастыру, яғни жеке тұлғалық ерекшеліктеріне бейімдеу деп қарастырады. Білім саласындағы жобалау оқыту жүйелерін немесе осы жүйенің жеке компоненттерін ғана құрастырумен шектелмейді. Оқытуды жобалау методологиялық қызмет атқарады. Ол оқушылардың психикалық дамуын ынталандырушы құрал, оқу әрекетін қалыптастыру және педагогикалық басқару тәсілі ретінде де қызмет етеді деп есептейді ғалым М.М. Левин. Ғалым Д.В.Чернилевский [14] педагогикалық технология оқу мақсатын қатаң анықтауға (не үшін және неге), білім мазмұнын іріктеуге және жобалауға (не), оқу үрдісін ұйымдастыруға және басқаруға (қалай), оқыту әдістері мен тәсілдеріне (ненің көмегімен), оқушының біліктілігін ескеруге (кім), оқытуда жеткен нәтижені бағалау әдісіне (осылай ма) ықпал етуі тиіс, ал осы келтірілген критерийлердің барлығы кешенді түрде қолданылғанда оқу үрдісінің мәнін, яғни оның технологиясын анықтайды деп көрсетеді [14,49]. Оның пікірінше, педагогикалық технология – оқыту мен білім беруге жүйелі түрде қараумен байланысты, ол педагогикалық жүйенің барлық аспектілері мен элементтерін қамтиды, яғни мақсат қоюдан бастап, бүкіл дидактикалық үрдісті жобалауға және оның нәтижелілігін тексеруге дейінгі іс-әрекетті қамтиды. Ғ.М. Құсайынов “Теоретическо-методические основы прогностической модели новой педагогической технологий” деген еңбегінде педагогикалық технологияны ұжымдық оқыту әдісімен байланысты қарастырады. Ғалым топтық оқыту мен ұжымдық оқытудың айырмашылықтарын көрсете отырып, ұжымдық оқыту әдісін жаңа педагогикалық технология қатарына жатқызады. Себебі, ұжымдық оқыту әдісі қазіргі заман талабына сай, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеп шығуға мүмкіндік береді деп есептейді. Осыған орай, педагогикалық технологияға оқу жоспарлары мен бағдарламаларында берілген оқу материалын оқушылардың өздері бірін-бірі оқыту арқылы меңгеру үрдісі деген анықтама береді [15,116]. Ғалым Р.Ә.Шаханова жаңа педагогикалық технология мәселесін жан-жақты зерттей келе, ол жөнінде: “1) оқыту технологиясы деген – оқытуда берілетін мағұлматты жинақтау, реттеу, өзгертудің тәсілдері, 2) оқытушының оқыту кезінде студентке ықпал, әсер етуде қолданылатын техникалық және мәліметтік тәсілдері”,- деген ой түйіндейді. Сонымен бірге ғалым оқыту технологиясын белгілеуде алдымен оқытылуға тиісті мазмұнды таңдап алып, оны оқытуды ұйымдастырудың түрлерін анықтау қажет және оқыту әдіс-тәсілдерін белгілеу керек деп есептейді [16,79]. Бұл ғалымдардың берген анықтамалары бойынша, олардың “педагогикалық технология – алға қойған мақсатқа жетуге кепілдік беретін оқу үрдісі” деген тұжырымды қолдайтындықтарын көруге болады. Г. Нұртаева өз зерттеуін жоғары білім беру жүйесінде химиялық білім берудің жаңа технологиясын жасау мен енгізуге арнаған [17]. Ол өз зерттеуінде компьютерлік технологияны қолдана отырып, білімді бағалаудың рейтінгiлік ұстанымы және білімді меңгеру деңгейін бақылаудың объективтік әдістерінің модульдік жүйесіне негізделген жоғары білім берудің жаңа технологиясын жасауды теориялық тұрғыдан дәлелдеген. Оның ойынша, оқыту технологиясы – оқу-тәрбие үрдісін құрылымдық түрде ұйымдастыруды шешу мәселесіне қажетті деректердің, процестің өзін және оның қазіргі техникалық жабдықталуын қамтитын бүтін бір комплекс. Жоғарыда берілген ғалымдардың пікірлері мен көзқарастарын талдай келе, педагогикалық технология туралы бір жүйеге түскен нақты анықтаманың жоқ екендігіне көз жеткізуге болады. Сол сияқты педагогикалық технологияның негізгі белгілерін анықтау мәселесін де, әлі өз шешімін таппаған даулы мәселелердің біріне жатқызуға болады. Педагогикалық технологияның өзіне тән белгілерін анықтау мәселесі көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектерінде әр түрлі қарастырылған. Мәселен, Г.К.Селевко педагогикалық технологияның бес түрлі белгісін көрсетіп, оған жүйелілікті, басқармалықты, нәтижелілікті, тұжырымдылықты, қабылдауды жатқызады [18,17]. Ал Ж.А.Қараев педагогикалық технологияның төрт түрлі негізгі белгісі бар деп есептейді: мемлекеттік стандарт деңгейіндегі оқыту нәтижесіне 100 % кепілдік, оқу нәтижесін әділ бағалау, дидактикалық үрдістің тұтастығы, оқушының оқу-танымдық әрекетінің құрылысы мен мәнін анықтайтын оқу үрдісінің жобасы [19,4]. Н.Д.Хмель педагогикалық технологияның негізгі белгілеріне мыналарды жатқызады: нақты педагогикалық құбылыстарға жүйелі қарау, технологияда педагогикалық үрдістің екі жақты көрінісінің болуы, субъектілердің орнын және олардың педагогикалық үрдістегі іс-әрекеттерін, алынатын нәтижелерді анықтау [20,19]. М.А.Чошанов нәтижелілікті, үнемділікті, тұтастықты, басқармалықты, түзетуді педагогикалық технологияның белгілеріне жатқызады [21,4]. Ғалымдардың жоғарыда көрсеткен педагогикалық технологияның негізгі белгілері туралы тұжырымдарын талдай отырып, олардың барлығына тән ортақ ерекшеліктің бар екендігіне көз жеткізуге болады. Оған: жүйелілік, басқармалық, нәтижелілік жатады. Қарқынды оқыту технологиясы бойынша педагогикалық технологияның негізгі белгілеріне жаңашылдық, қарқындылық, ғылымилық жатқызылды. Себебі, қарқынды оқыту технологиясы – жаңа педагогикалық технология ретінде, біріншіден, оқу үрдісін ғылыми негізделген бірізділікпен, жүйелілікпен шешуді, яғни ғылымилықты, екіншіден, жаңа, ұтымды әдіс-тәсілдер пайдалану арқылы оқу үрдісін қарқындатуды, үшіншіден, қарқынды оқыту технологиясы жаңа педагогикалық ойлаумен, оқу үрдісін мүлдем жаңа тұрғыда дамытумен байланысты студенттер мен студенттердің, студенттер мен оқытушылардың бірлескен іс-әрекеттері арқылы әр қатынасушы қандай да бір жаңалық тудырып, оқу нәтижесіне өз үлесін қосуын, яғни жаңашылдықты көздейді Педагогикалық технологияны оқытудың барынша ұтымды жолдарын зерттейтін ғылым ретінде де, оқытуда қолданатын әдіс-тәсілдер мен ұстанымдардың түсіндірме жүйесі ретінде де және нақты жүзеге асатын оқыту үрдісі ретінде де түсінуге болады. Яғни, педагогикалық технологияның өзіндік ерекшелігі – оқу үрдісінің қойылған мақсатқа жетуге кепілдік беретіндігінде. Педагогикалық технология – педагогика ғылымының оқыту, білім беру, оның мақсатын, мазмұнын және әдістерін зерттеп, айқындайтын және педагогикалық үрдісті алдын ала жобалайтын, алға қойған мақсатқа жетуге кепілдік беретін бір бөлшегі. Ол – білім стандартында көзделген оқыту нәтижелеріне қол жеткізу жолындағы мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдардың біртұтас қызметін бейнелейтін үрдіс. Әрбір педагогикалық технология жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерін қамтиды. Қорыта айтқанда, педагогикалық технологияның негізгі ерекшелігін былай көрсетуге болады: 1 Ұйымдастырылған, белгілі бір мақсатқа бағытталған, алдын ала жобаланған педагогикалық әрекет. 2 Оқу үрдісін іске асырудың маңызды техникасы. 3 Қойылған мақсатқа нәтижелі жету үрдісі. 4 Педагогикалық жүйенің барлық өзара байланысты элементтерін ескеретін оқыту үрдісі. 5 Әдістеменің методологиялық негізі. 6 Нақты, белгілі ұсыныстар беретін динамикалық, процессуалды оқыту үрдісі. 7 Бір ғана пән немесе бір ғана мақсатты орындауға бағытталмай, керісінше, оқу үрдісін іске асыруда жан-жақты әрекет ететін үрдіс. 8 Студент объект емес, субъект ретінде қаралатын үрдіс. Қазақ тілін жаңа технологиялар арқылы оқыту, соның ішінде қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту – соңғы кездерде қолға алынып жүрген тың мәселелердің бірі. Жоғары оқу орындарының орыс топтарында қазақ тілін жаңа технология арқылы оқыту мәселесіне тоқталып, оны зерттеуші ғалым — Қ. Қадашева. Осы мәселе бойынша Қ. Қадашева 2001 жылы “Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: өзге тілді дәрісханалардағы қазақ тілі” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады [22]. Ғалым бұл еңбегінде қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі, сондай-ақ, әлем тілдерін оқыту әдістемесіндегі ғылыми тұжырымдар мен практикалық бағыттар, оқытудың озық технологиялары бойынша пікір-көзқарастарды қорытындылай отырып, қазақ тілін өзге тілді дәрісханада оқытудың жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің ғылыми-теориялық негізін жасады. Үйренушінің өз қабілет белсенділігіне негізделген интерактивті бағыттарын ұсынды. Тілді үйретудің озық әдістемелерінің бірі ретінде көп деңгейлік оқыту әдістемесінің басты бағыттары мен түрлерін алғаш рет теориялық тұрғыдан талдап, білім беру жүйесінде пайдаланылуға тиімді үш деңгейлік оқыту әдістемесінің нәтижелі екендігін дәлелдеп ұсынды. Аталған әдістемелермен тығыз байланысты болып табылатын білім деңгейін бағалаудың түрлері (рейтинг, тест), оқыту барысында қолданылатын оқытудың техникалық құралдары талданып, оларға қатысты тың тұжырымдар жасады. “Жаңаша жаңғыртып оқыту жүйесінде үйренуші бұрынғы дәстүрлі ұғымдардағы әрекетсіз енжар тұлға емес. Ол – оқыту үрдісінде бастан-аяқ қатыстырылатын, танымдық іс-әрекетін толық іске қосқан белсенді тұлға”,-деп көрсетедi ғалым [22,58]. Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқыту арқылы оқыту сапасын арттыру және қазақ тілін оқытуды жаңа технологияның әдіс-тәсілдерімен жаңарту мен модуль жүйесін қолданудың маңызын көрсеткен ғалымдардың бірі – Р.Ә.Шаханова. Ол қазақ тілін оқытуда жаңа технологияны ендіру, студенттердің оқу-біліктілік жұмыстары жағдайын бағалауға көмектеседі, әрбір оқытушының жұмыс қарқындылығын арттырады дей отырып [16,81], жаңа технология әдістері арқылы қазақ тілін сапалы меңгерту үшін төмендегілердің іске асуы тиіс деп есептейді: а) жаңа технологияны әдістемелік тұрғыдан қамтамазыздандыру; б) модульдердің практикалық құрылымдарын дайындау; в) оқытудың жоспарланған нәтижелеріне жетудің әдістемелік ұйымдастыру шарттарын жасау; г) жаңа технология бойынша модульді өткен кезде студенттермен жұмыс түрлерін жоспарлау және ұйымдастыру; д) жаңа технология бойынша қазақ тілін оқытудың жоспарланған және өлшеу әдістемесін қорытындыланған құжаттарын дайындау [16,82]. Жоғары оқу орындарының орыс тілді бөлімдерінде қазақ тілін модульмен оқыту мәселесін теориялық жағынан да, әдістемелік қырынан да зерттеп, ол туралы докторлық диссертация қорғаған ғалым – К. Жақсылықова [23]. Ол модуль арқылы оқыту мәселесінің мазмұнын, ішкі құрылымын, жүйесін анықтап берді. Тілді үйретудің сапасын арттыру, модуль арқылы оқытудың әдістемелік жүйесіне қатысты ғылыми пікірлер, тұжырымдамалар жүйеленді. Бұлардың бәрі – тілді оқыту теориясына қосылатын жаңа ғылыми ұғымдар. Сондай-ақ еңбекте: — орыс тілді бөлімдерде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру бағыты мен ана тілімізді модуль арқылы оқыту әдістемесінің жүйесіне теориялық сипаттама беріліп, олардың негізгі белгілері мен өлшемдері анықталды; — модуль арқылы оқытудың негізгі қағидалары мен заңдылықтары белгіленді және негізгі ұстанымдары анықталып, олардың жалпы дидактикалық ұстанымдары мен байланысы көрсетілді; — модульдік оқытудағы кері байланыс модулі құрылды. Модуль арқылы оқытудың әдістемелік жүйесі орыс тілді бөлімдерде қазақ тілі сабағын оңтайлы, жүйелі ұйымдастыруға көмектеседі, қазақ тілін оқытудың сапасын арттырудың ұтымды жолдарын белгілейді деп атап өтедi ғалым. Жаңа оқыту технологиясының бір түрі деңгейлік оқыту бойынша зерттеу еңбегін жүргізгендердің бірі – К.О. Өмірбаева [24]. Ол 2001 жылы “Оқу орыс тілінде жүретін мектептердің 5-сынып оқушыларының сөйлеу тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыту” тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Деңгейлік оқыту бойынша оқу материалын меңгертудің 4 деңгейін ұсынды: 1 Оқушылық. 2 Алгоритмдік. 3 Эвристикалық. 4 Шығармашылық. Деңгейлік тапсырмалар – балаға шамадан тыс жүктеме беру емес, керісінше, оқушының біліміне, мүмкіндігіне, сұранысы мен қабілетіне сәйкес дайындалған сатылы, спиральды, жүйелі тапсырмалар [24,161]. Диссертацияда деңгейлік тапсырмаларды түрлендіріп жүргізу арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамытуға болатындығы және қазақ тілі сабағын қызықты, тиімді жүргізуге мүмкіндік туатындығы дәлелденді. Деңгейлік тапсырмалардың белгілері, түрлері, ерекшеліктері айқындалып, тиімділігі көрсетілді. Оқушылардың сөйлеу тілін дамытуға қатысты төрт деңгейлік тапсырмалар дайындалып, іс жүзінде нәтижелері дәлелденді. Қазақ тілін деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытудың нақты жолдары белгіленді. Қорыта айтқанда, қазақ тілін жаңа оқыту технологиялары арқылы сапалы меңгерту мәселесі әлі де ізденуді қажет етеді. Негізгі тапсырмалар, сұрақтар: 1. Педагогикалық технология дегеніміз не және оған қандай анықтамалар берілген. 2. Оқу үрдісіне жаңа технологияларды енгізу тиімділігі Әдебиеттер: 1. Жанпеисова М.М. Технология модульного обучения.Актобе-1998. 2. Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. М.Д998. 32. Гузеев В.В. Планирование результатов образования и образовательная технология. М.,2001. 3. Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. А., 2000 4. Амонашвили Ш.А.,Лысенкова С.Н.,Волвов И.П.,Педагогикалық ізденіс.А.,1989. 5.Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. Москва, 1989. |