Главная страница

Ас қорыту. Ішкі азалар туралы ілім спланхнология ескерту


Скачать 7.91 Mb.
НазваниеІшкі азалар туралы ілім спланхнология ескерту
Дата30.01.2023
Размер7.91 Mb.
Формат файлаdocx
Имя файлаАс қорыту.docx
ТипДокументы
#911673
страница2 из 7
1   2   3   4   5   6   7

ТІЛ

Тіл, lingua, дәм сезу, сөйлеу, асты араластыру, жұту үдерістеріне қатысатын бұлшықетті ағза. Тілдің алдыңғы бөлігі -ұшы, apex linguae, артқы бөлігі - түбірі, radix linguae, екеуінің арасында - денесі, corpus linguae, орналасқан. Жоғарғы, таңдай мен жұтқыншаққа қараған беті тіл арқашығы, dorsum linguae, деп аталады, ал, төменгі беті, facies inferior linguae, тілдің ұшы мен денесінің алдыңғы бөлігінің астында орналасады. Бүйір беті тілдің жиегі, margo linguae, деп аталады. Тіл арқашығында ортаңғы жүлге, sulcus medianus, өтеді. Ол тілдің ішінде орналасып, оны оң және сол жаққа бөліп тұратын -тіл қалқасына, septum linguae,сәйкес келеді. Ортаңғы жүлге артқы жағында тұйықталып соқыр тесікте, foramen caecum linguae, аяқталады. Соқыр тесіктен алдыға және екі бүйір жағына қарай, тілдің түбірі мен денесін бөліп тұратын шекаралық жүлге, sulcus terminalis, кетеді ( 217 – сурет ).



217– сурет. Тіл және жұтқыншақтың көмейлік бөлігі, жоғарғы көрінісі.

1 – тілдің ұшы; 2 - тілдіңденесі; 3 - тілдің жиегі; 4 –ортаңғы жүлге; 5 – жапырақтәрізді бүртіктер; 6 – саңырауқұлақтәрізді бүртіктер; 7 -науашықтәрізді бүртіктер; 8 - шекаралық жүлге; 9 –соқыр тесік; 10 – тілдіңтүбірі; 11 – тіл бадамшасы;. 13 – тіл – көмей қақпашығы қатпары; 14 - ожау – көмей қақпашығы қатпары; 15 - тіл арқашығы; 16 – дауыстық саңылау; 17- ожауаралық тілшік.

Тілдің шырышты қабығы, tunica mucosoe linguae, қызғылт түсті, бетінде майда өсінділері - тіл бүртіктері, papillae linguales, орналасады. Келесі бүртіктерді айырады:

1. Конустәрізді және жіптәрізді бүртіктер, papillae conicae et papillae filiformes, ең көбі, тіл арқашығында, шекаралық жүлгенің алдында орналасқан. Олар жалпы (жанасу, ауырсыну, температура) сезімталдықты өткізеді.

2. Саңырауқұлақтәрізді бүртіктер, papillae fungiformеs, тілдің жоғарғы бетінде орналасқан. Саны жағынан конустәрізді және жіптәрізді бүртіктерден аздау болады.Дәм сезімталдығын қабылдайды.

3. Жапырақтәрізді бүртіктер , papillae foliatae, тілдің бүйір беттерінде орын тепкен. Дәм сезімталдығын өткізеді.

4. Науашықтәрізді бүртіктер, papillae vallatae, бүртіктер арасындағы ең азы (7 – 12) және ең ірісі болып табылады, оладың пішіні рим цифры V-тәрізді болып келеді де, шекаралық жүлгенің алдында жатады. Олар дәм сезімталдығын өткізеді. Тіл түбірінде лимфойдты түйіншелерден түзілген тіл бадамшасы, tonsilla lingualis, орналасады.

Тілдің төменгі бетінің шырышты қабығы тегіс, бұл жерде бойлық бағытта жүріп, тілдің ұшы аймағында бір – бірімен қосылатын екі шашақты қатпарлар, plicae fimbriatae, өтеді. Тілдің төменгі бетінің ортасынан басталып, қызылиекке дейін баратын шырышты қабықтың қатпары - тіл жүгеншігін, frenulum linguae, түзеді



218 – сурет. Ауыз қуысы және тілдің төменгі беті.

1 – жоғарғы ерін; 2 – жоғарғы тістер; 3 - тілдің ұшы; 4 –тілдің төменгі беті; 5 – тілдің жиегі; 6 –шашақты қатпарлар; 7 -тіл жүгеншігі; 8 - тіласты қатпары; 9 –тіласты бүртігі; 10 – төменгі тістер; 11 – төменгі ерін.

Тіл бұлшықеттері көлденең жолақты бұлшықеттерден тұрады. Тілдің ішінде орналасқан -тіл қалқасы, septum linguae, бұлшықеттерді оң және сол жаққа бөліп тұрады. Тіл бұлшықеттері қаңқалық және меншікті деп екі топқа бөлінеді.Қаңқалық бұлшықеттер сүйектерден басталып, тілдің ішінде аяқталады, ал, меншікті бұлшықеттер тілдің ішінде жатады.

Тілдің қаңқалық бұлшықеттері:

1. Тіласты-тіл бұлшықеті, m.hyoglossus, тіласты сүйегінің денесі мен үлкен мүйізінен басталады да тілдің бүйір жағына енеді. Қызметі: тілді артқа және төмен тартады ( 219 – сурет ). .



219 – сурет. Тіл бұлшықеттері, оң көрінісі.

1 – тіл арқашығы; 2 – тіл ұшы; 3 – төменгі жақсүйек; 4 –иек-тіл бұлшықеті; 5 – иек- тіласты бұлшықеті; 6 – төменгі бойлық бұлшықет; 7 – тіласты - тіл бұлшықеті; 8 – тіласты сүйегі; 9 – жұтқыншақтың ортаңғы қысатын бұлшықеті; 10 – біз - жұтқыншақ бұлшықеті; 11 – біз - тіл бұлшықеті.

2. Біз - тіл бұлшықеті, styloglossus, самай сүйектің бізтәрізді өсіндісінен және біз – төменгі жақсүйек байламынан басталып, тілдің бүйір жағына енеді. Қызметі: тілді артқа және жоғары тартады.

3. Иек-тіл бұлшықеті, m.geniglossus,төменгі жақсүйектің иектік қылқанынан басталып, тілдің ортаңғы бөлігіне барады. Қызметі: тілді төмен және алға тартады.

Тілдің меншікті бұлшықеттері:

1. Тілдің көлденең бұлшықеті, m.transversus linguae,тіл қалқасынан басталып, тілдің бүйір жақтарында аяқталады. Қызметі: тілдің көлденең өлшемін азайтып, арқашығын көтереді, бұл кезде тіл ұзарады.

2. Тілдің вертикалды бұлшықеті , m.verticalis linguae, тілдің бүйір жағында, оның арқашығы мен төменгі бетінің аралығында орналасады. Қызметі: тілді жалпайтады.

3. Жоғарғы бойлық бұлшықет, m.longitudinalis superior, тілдің жоғарғы бөлігінде орналасқан, тілдің түбірінен басталып, ұшына бекиді. Қызметі: тілді қысқартады және оның ұшын көтереді.

4. Төменгі бойлық бұлшықет, m.longitudinalis interior, тілдің төменгі бөлігінде орналасқан, тілдің түбірінен басталып, ұшына бекиді.Қызметі: тілді қысқартады және оның ұшын төмен түсіреді.

Тілдің тамырлары мен нервтері. Тілді тіл артериясы қанмен қамтамасыз етеді.Тіл венасы ішкі мойындырық венаға құяды. Лимфа тамырлары: иекастылық, төменгі жақсүйекастылық және мойынның терең латералды лимфа түйіндеріне құйылады.

Қозғалтқыш нервтенуі: тілдің бұлшықеттерін ХІІ-жұп бассүйек нерві - тіласты нерві нервтендіреді. Сезімтал (ауырсыну, температура және жанасуды сезу) нервтенуі: тілдің алдыңғы үштен екі бөлігін V- жұп нервтің үшінші тармағынан кететін тіл нерві нервтендіреді. Тілдің артқы үштен бір бөлігін тіл – жұтқыншақ нерві, тіл түбірінің көмей қақпашығына жақын бөлігін кезбе нервтен кететін - көмейлік жоғарғы нерв нервтендіреді. Тілдің алдыңғы үштен екі бөлігінен дәм сезімталдығын тіл нервісіне келіп қосылатын, дабыл ішегі, chorda tympani, (бет нервісінің тармағы) өткізеді. Тілдің артқы үштен бір бөлігінен дәм сезімталдығын тіл – жұтқыншақ нерві өткізеді.

ТАҢДАЙ

Таңдай, рalatum, ауыз қуысының жоғарғы қабырғасын түзеді. Ол екі бөліктен, құрамында сүйек тіні бар қатты таңдай және жұмсақ таңдайдан тұрады. Шырышты қабық таңдайды жауып, бүйір жағынан жоғарғы жақсүйектің ұяшықтарына өтіп, қызылиек түзеді.

Қатты таңдай, palatum durum,жоғарғы жақсүйектердің таңдайлық өсінділері мен таңдай сүйектерінің горизонталды табақшаларынан құралған. Ол таңдайдың алдыңғы 2/3 бөлігін құрайды. Қатты таңдайдың ортаңғы сызығы бойымен таңдай жігі, raphe palati, өтеді. Одан екі жаққа қарай, балаларда өте жақсы жетілген көлденең қатпарлар шығады.

Жұмсақ таңдай, palatum molle,таңдайдың артқы 1/3 бөлігін құрайды.

Жұмсақ таңдай, жоғарғы және төменгі беттері шырышты қабықпен қапталған таңдайдың апоневрозы мен бұлшықеттерден құралған. Жұмсақ таңдайдың шырышты қабығы артқы жағында жұтқыншақтың мұрындық бөлігінің шырышты қабығына жалғасады, ал алдында қатты таңдайдың шырышты қабығына өтеді. Жұмсақ таңдай, горизонталды орналасқан алдыңғы бөлігінен және төмен қарай салбырап тұрғантаңдай пердесі, velum palatinum, деп аталатын артқы артқы бөлігінен тұрады. Таңдай пердесінің ортасындағы өсінді - таңдай тілшігі, uvula palatina, деп аталады. Таңдай пердесінің бүйір жиектерінен екі доға шығады: алдыңғысы, таңдай-тіл доғасы, arcus palatoglossus, тіл түбіріне, артқысы,таңдай-жұтқыншақ доғасы, arcus palatopharyngeus, жұтқыншақтың бүйір қабырғасына бекиді.Доғалар бадамшашұңқыршасын, fossa tonsillaris, шектейді, оның ішінде таңдай бадамшасы, tonsilla palatina, орналасады. Операция кезінде ескеретін жағдай,таңдай бадамшасының артқы жағында, 1см – дей қашықтықта ішкі ұйқы артериясы өтеді. Таңдай бадамшасы қызметі бойынша иммундық жүйеге жатады.

Жұмсақ таңдай, таңдай-тіл доғасы, таңдай-жұтқыншақ доғасы және тіл түбірінің аралығындағы кеңістік - аңқа (тамақ), fauces, деп аталады.

Жұмсақ таңдай бұлшықеттері:

1) Таңдай-тіл бұлшықеті, m.palatoglossus, аттас доғаның ішінде орналасады, жұмсақ таңдайдың апоневрозынан басталып, тілге енеді. Қызметі: таңдай пердесін төмен түсіреді, аңқа тесігін тарылтады.

2) Таңдай-жұтқыншақ бұлшықеті, m.palatopharyngeus, аттас доғаның ішінде орналасады, жұмсақ таңдайдың апоневрозынан басталып, жұтқыншақтың көмейлік бөлігінің артқы қабырғасына және қалқаншатәрізді шеміршектің артқы жиегіне бекиді. Қызметі: таңдай пердесін төмен түсіреді; аңқа тесігін тарылтады.

3) Таңдай пердесін көтеретін бұлшықет, m.levator veli palatini, самай сүйек пирамидасының төменгі бетінен, есту түтігінің шеміршекті бөлігінен басталып, жұмсақ таңдайға енеді. Қызметі: жұмсақ таңдайды көтереді және есту түтігінің жұтқыншақтық тесігін тарылтады.

4) Таңдай пердесін керетін бұлшықет, m.tensor veli palatini, есту түтігінің шеміршекті бөлігінен басталып, төмен жүреді де қанаттәрізді өсіндінің ілмегін медиалды бағытта айналып өтіп, таңдай апоневрозына бекиді. Қызметі: таңдай пердесін кереді және есту түтігінің жұтқыншақтық тесігін кенейтеді.

5) Тілшік бұлшықеті, m.uvulae, жұмсақ таңдайдың апоневрозынан басталып, тілшікті түзеді. Қызметі: тілшікті жоғары көтеріп қысқартады.

АУЫЗ БЕЗДЕРІ

Ауыз бездері, glandulae oris, сілекей өндіреді. Үлкен және кіші сілекей бездері ажыратылады. Үлкен сілекей бездері ауыз қуысынан тыс орналасады.

Кіші сілекей бездері, glandulae salivariae minores, ауыз қуысының шырышты қабығы мен шырышасты негізінде орналасады. Олар орналасқан аймақтарына сәйкес:ұрт бездері, glandulae buccales, ерін бездері, glandulae labiales, таңдай бездері, glandulae palatinae, тіл бездері, glandulae linguales, үлкен азулық бездер, glandulae molares, деп аталады. Кіші сілекей бездері ,бөліп шығаратын сөлінің ерекшеліктеріне байланысты: сірлі,шырышты және аралас бездерге бөлінеді.

Үлкен сілекей бездеріне, glandula salivaris majores, шықшыт, төменгі жақсүйекасты, тіласты бездері жатады ( 220 – сурет ).



220 – сурет. Үлкен сілекей бездері..

1 – шықшыт безі; 2 – шықшыт безінің түтігі; 3 – шайнау бұлшықеті; 4 – төменгі жақсүйекасты безі; 5 – төменгі жақсүйекасты түтігі; 6 – жақсүйек - тіласты бұлшықеті; 7 –төменгі жақсүйек; 8 – тіласты безі; 9 – тіл; 10 – ұрт бұлшықеті.

Шықшыт безі, glandula parotidea, ең ірі сілекей безі, сірлі сөл бөліп шығаратын күрделі көпіршікті (алвеолалық) без. Ол тері астында, төменгі жақсүйек тармағының сыртқы бетінде орналасқан. Без жоғарғы жағында бетсүйектік доғаға дейін жетеді. Оның терең бөлігі төменгі жақсүйекартындағы шұңқырда, fossa retromandibularis, орналасып, бізтәрізді өсіндіге, біз-тіласты, біз-тіл бұлшықеттеріне жанасып жатады. Бездіңшандыры,fascia parotidea, өсінділері арқылы безді үлесшелерге бөліп тұрады. Без арқылы бет және құлақ - самай нервтері, сыртқы ұйқы артериясы, төменгі жақсүйекартындағы вена өтеді. Шықшыт безінің түтігі, ductus parotideus, бедің алдыңғы жиегінен шығып , ұрт бұлшықетін тесіп өтеді де, ауыз кіреберісіне, екінші жоғарғы үлкен азу тістің деңгейінде ашылады. Кейде шайнау бұлшықетінің бетінде қосалқы шықшыт безі, glandula parotidea accessoria, орналасады.

Шықшыт безінің тамырлары мен нервтері. Безді самайдың беткей артериясы қанмен қамтамасыздандырады. Веналық ағым, төменгі жақсүйекартындағы венаға құяды. Лимфа шықшыттың беткей және терең лимфа түйіндері арқылы өтеді .Н е р в т е н у і: құлақ- самай нерві, сезімтал нервтендіреді, бұл нервтің құрамында құлақ түйінінен кететін - парасимпатикалық түйіннен кейінгі тармақтар өтеді де, бездің қызметін қамтамасыз етеді.Бездің қызметін тежейтін симпатикалық нервтер - сыртқы ұйқы өрімінің құрамында келеді.

Тіласты безі, glandulae sublingualis,сірлі сөл бөліп шығаратын, көпіршікті - түтікті без. Ол жақсүйек - тіласты бұлшықеті үстінде, ауыз қуысы шырышты қабығының астында орналасып, тіласты қатпарын түзеді.

Без алдыңғы – латералды жағымен төменгі жақсүйек денесінің ішкі бетіне жанасып жатып, сүйектегі аттас шұңқырды түзеді, ал артқы шеті төменгі жақсүйекасты безіне жанасады. Оның көптеген тіластылық кіші түтіктер, ductus sublinguales minores, тіласты қатпарын бойлай ашылады. Бездің тіластылық үлкен түтігі, ductus sublingualis major, тіласты бүртігіне жеке немесе төменгі жақсүйекасты безінің түтігімен бірігіп ашылады.

Тіласты безінің тамырлары мен нервтері. Безді тіл артериясы қанмен қамтамасыздандырады. Веналық ағым, аттас вена арқылы ағады. Лимфа ағымы, төменгі жақсүйек астылық және иекастылық лимфа түйіндеріне барады. Н е р в т е н у і: нерві, сезімтал нервтенуі – тіл нерві; парасимпатикалық нервтенуі – бет нервісінің тармағы дабыл ішегінің құрамында төменгі жақсүйекасты түйініне келеді. Түйіннен парасимпатикалық түйіннен кейінгі тармақтар шығады да, бездің қызметін қамтамасыз етеді.Бездің қызметін тежейтін симпатикалық нервтер - сыртқы ұйқы өрімі мен тіл өрімінің құрамында келеді.

Төменгі жақсүйекасты безі, glandula submandilaris,төменгі жақсүйекасты үшбұрышында орналасқан, күрделі көпіршікті - түтікті без. Сырты жұқа қапшықпен қапталған. Без, жақсүйектіласты бұлшықетінің, m.mylohyoideus, астында орналасқан. Бездің бір бөлігі аталған бұлшықеттің артқы жиегін айналып, оның жоғарғы жағына өтеді де,тіласты безінің латералды бетімен жанасып жатады. Бездің осы бөлігінен тіластыбүртігіне ,caruncula sublingualis, ашылатын төменгі жақсүйекасты түтігі, ductus submandibularis, шығады Бездің жақсүйек – тіласты бұлшықетінің астындағы бөлігі төменгі жақсүйектің ішкі бетімен жанасып жатып, сүйектегі аттас шұңқырды түзеді. Төменгі жақсүйекасты безінің төменгі бөлігі төменгі жақсүйектің астынан шығып тұрады, медиалды бөлігі тіласты - тіл бұлшықетімен жанасып жатады.

Төменгі жақсүйекасты безінің тамырлары мен нервтері. Безді бет артериясы қанмен қамтамасыздандырады. Веналық қан, бет венасы арқылы шығады. Лимфа тамырлары, төменгі жақсүйек астылық лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: сезімтал нервтенуі – тіл нерві; парасимпатикалық нервтенуі – бет нервісінің тармағы дабыл ішегінің құрамында төменгі жақсүйекасты түйініне келеді. Түйіннен парасимпатикалық түйіннен кейінгі тармақтар шығады да, безді нервтендіреді. Бездің симпатикалық нервтері - сыртқы ұйқы өрімі мен бетөрімінің құрамында келеді.

ЖҰТҚЫНШАҚ

Жұтқыншақ, pharynx, ауыз және мұрын қуыстарын өңеш және көмеймен қосады. Жұтқыншақ хоандар арқылы мұрын қуысымен және аңқа арқылы ауыз қуысымен қатынасады. Сондықтан жұтқыншақ ас қорыту және тыныс алу жүйелерінің бастапқы бөлігіне жатады. Жұтқыншақтың жоғарғы, артқы, алдыңғы және бүйір қабырғалары бар.Жоғарғы қабырғасы күмбезі, fornix pharуngis, деп аталады. Жұтқыншақтың күмбезі бассүйектің сыртқы негізіне бекиді. Жұтқыншақтың артқы қабырғасы омыртқа бағанасының мойындық бөлігінің алдында, мойын шандырының омыртқаалдылық табақшасына жанасып жатады. Осы жұтқыншақ артындағы кеңістікте, spatium retrophayngeum, лимфа түйіндері жатады. Жұтқыншақтың бүйір жағында мойынның өте маңызды қантамырлары мен нервтері: ішкі ұйқы артериясы, ішкі мойындырық венасы, кезбе нерв өтеді. Жұтқыншақтың алдыңғы қабырғасында хоаналар, аңқа және көмей кіреберісі орналасқан ( 222 – сурет ). .



222 – сурет. Жұтқыншақ қуысы, артқы көрінісі.

1 – жұтқыншақ күмбезі; 2 – мұрын қалқасы; 3 – хоаналар; 4 – түтік буылтығы; 5 – біз - жұтқыншақ бұлшықеті; 6 – жұтқыншақтың бүйір қабырғасы ; 7 – жұмсақ таңдайдың жоғарғы беті; 8 –таңдай тілшігі; 9 – таңдай-жұтқыншақ доғасы; 10 – тіл түбірі; 11 – көмей қақпашығы; 12 – ожау – көмей қақпашығы қатпары; 13 – көмей кірісі; 14 – алмұрттәрізді ұңғыл; 15 – қалқанша без; 16 – өңеш.

Жұтқыншақтың ұзындығы 13см - 15см., VІ - VІІ мойын омыртқалары деңгейінде жұтқыншақ өңешке жалғасады. Жұтқыншақты үш: мұрындық бөлікке, pars nasalis pharуngis, ауыздық бөлікке, pars oralis pharуngis, және көмейлік бөлікке, pars laryngea pharуngis, бөледі. Осы бөліктерін мұрындық - жұтқыншақ, ауыздық - жұтқыншақ және көмейлік - жұтқыншақ - деп те, атайды.

Жұтқыншақтың мұрындық бөлігі тек тыныс алу жолына, ауыздық бөлігі тыныс алу және асқорыту жолдарына жатады, себебі, бұл жерде ас қорыту және тыныс алу жолдары қиылысады, ал, көмейлік бөлігі таза асқорыту жолына жатады.

Жұтқыншақтың күмбезінде және жоғарғы қабырғасының артқы қабырғасына өтетін жерінде - лимфоидты тіннен түзіліп, иммундық жүйеге жататын жұтқыншақ (аденоидтық) бадамшасы, tonsilla pharyngealis, орналасады. Ол ең жоғарғы даму деңгейіне балалық шақта жетеді. Жұтқыншақтың бүйір қабырғасында жұтқыншақты ортаңғы құлақ қуысымен байланыстыратын есту түтігінің жұтқыншақтық тесігі ,ostium pharуngeum tubae auditivae, орналасқан. Тесікті артқы және жоғарғы жағынан түтік буылтығы, torus tubarius, шектеп тұрады. Буылтықты есту түтігінің шеміршекті бөлігінің медиалды табақшасы түзеді. Есту (Евстахий) түтігі арқылы ауа ортаңғы құлаққа өтіп, ондағы қысымды сыртқы атмосфералық қысыммен теңестіріп тұрады.Есту түтігінің жұтқыншақтық тесігін – түтік бадамшасы, tonsilla tubaria, қоршап тұрады. Барлығы алты бадамша: жұтқыншақ және жұп түтік, жұп таңдай және тіл бадамшалары жұтқыншақтың лимфоэпителийлік ( Пирогов-Вальдейер ) сақинасын түзеді.

Жұту актісі кезінде жұтқыншақтың мұрындық бөлігі ауыздық бөліктен таңдай пердесімен бөлінеді, көмей қақпашығы көмей кірісін жабады, осының арқасында аc түйірі тек өңешке өтеді. Көмейлік бөліктің алдыңғы қабырғасының жоғарғы бөлігінде көмей кірісі, aditus laryngis, орналасады. Төменгі бөлігінде - көмей шодыры, prominentia laryngea, жұтқыншақтың қуысына еніп тұрады, оның екі бүйір жағында алмұрттәрізді ұңғылдар, recessus piliformes, жатады. Жұтқыншақ жүзіктәрізді шеміршектің төменгі жиегі деңгейінде өңешке жалғасады .
1   2   3   4   5   6   7


написать администратору сайта