Главная страница

Ас қорыту. Ішкі азалар туралы ілім спланхнология ескерту


Скачать 7.91 Mb.
НазваниеІшкі азалар туралы ілім спланхнология ескерту
Дата30.01.2023
Размер7.91 Mb.
Формат файлаdocx
Имя файлаАс қорыту.docx
ТипДокументы
#911673
страница4 из 7
1   2   3   4   5   6   7

235 – сурет. Аш ішектің шырышты қабығы.

Аш ішектің шырышты қабығының (1) дөңгелек қатпарлары.
Дөңгелек қатпарларды түзуге шырышасты негізі де қатысады. Ішек бүрінің ортасында лимфа капилляры орналасқан, ал бүрдегі қан капиллярлары тор түзеді. Қан капиллярларына нәруыздар, көмірсулар, ал, орталық лимфа капиллярына майлар сіңіріледі.

Шырышты қабық пен шырышасты негізінде көп мөлшерде ішек бездері, glandulae intestinales, жекеленген лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei solitarii, (5 – 10мың) қан, лимфа тамырлары және нервтер орналасады. Бұлшықетті қабық, tunica muscularis, екі : сыртқы – бойлық қабат, stratum longitudinale, және ішкі – дөңгелек қабаттан, stratum circulare, тұрады.

Он екі елі ішек, duodenum, асқазанның қақпасынан басталатын, ұзындығы 20 см. шамасындағы аш ішектің алғашқы бөлігі. Он екі елі ішектің: жоғарғы, төмендеген, горизонталды және жоғарылаған төрт бөлігі ұйқы безінің басын қоршай орналасады.

Жоғарғы бөлігі, pars superior, ХІІ-кеуде немесе І-бел омыртқасы деңгейінде, горизоталды бағытта оңға қарай жүреді де, төмен бұрылып жоғарғы иінді, flexura duodeni superior, түзіп, төмендеген бөлігіне өтеді.

Төмендеген бөлігі, pars descendens, І-бел омыртқасы деңгейінде басталып, омыртқа бағанасының оң жағымен төмен түсіп, ІІІ-бел омыртқасы деңгейінде солға бұрылады да төменгі иінді, flexura duodeni inferior, түзеді.

Горизонтальды бөлігі, pars horizontalis, ІІІ-бел омыртқасы деңгейінде он екі елі ішектің төменгі иінінен басталып горизонталды орналасады.

Горизонталды бөлік, жоғарылаған бөлікке, pars ascendens, жалғасып, ІІ бел омыртқасының сол жағына өтеді. Бұл жерде он екі елі ішек пен ащы ішектің шекарасы болып табылатын, он екі елі – ащы ішек иілісі, flexura duodenojejunalis, арқылы ащы ішекке жалғасады. Осы иіліс аймағында он екі елі ішекті іліп тұратын бұлшықет, m.suspensoris duodeni,орналасады. Ол иілісті көкетке бекітіп тұрады.

Он екі елі ішектің жоғарғы бөлігі жоғарғы жағында бауырдың шаршы үлесімен, артқы жағында қақпа венасы және жалпы өт түтігімен жанасады.Төмендеген бөліктің артқы жағында оң бүйрек, сол жағында - ұйқы безінің басы - екеуінің аралығында жалпы өт түтігі өтеді, алдында бауыр орналасқан. Горизонталды бөліктің артқы беті төменгі қуыс венаға, ал, жоғарғы беті шажырқайлық жоғарғы артерия мен венаға жанасады.

Жоғарылаған бөліктің артында іш қолқасы орналасқан және оң жағында аш ішектің шажырқайына кіретін жоғарыда аталған, шажырқайлық жоғарғы артерия мен вена өтеді.

Он екі елі ішектің жоғарғы бөлігінің асқазан қақпасынан кейінгі кеңейген бастапқы бөлігі ампуласы (буылтығы), ampulla duodeni (bulbus duodeni), деп аталады, оның ұзындығы 3-5 см. болады да, интраперитонеалды жатады. Он екі елі ішектің басқа бөліктері ішастар артында экстраперитонеалды орналасқан.

Он екі елі ішектің ампуласының шырышты қабығында бойлық қатпарлар, басқа бөліктерінде жалпы аш ішекке тән дөңгелек қатпарлар, plica circulares, орналасады.

Он екі елі ішектің төмендеген бөлігінің медиалды қабырғасындаон екі елі ішектің бойлық қатпары, plica longitudinalis duodeni,жатады. Бұл қатпар жалпы өт түтігінің ізі болып табылады. Бойлық қатпар төменгі жағында үлкен бүртікпен ( Фатер бүртігі ), papilla duodeni major, аяқталады. Жалпы өт түтігі, ductus choledochus, пен ұйқы безінің түтігі, ductus pancreaticus, бір – бірімен қосылып, осы бүртіктегі тесіккеашылады. Үлкен бүртікті аталған екі түтіктің бір – бірімен қосылуынан пайда болған бауыр – ұйқы без ампуласы, ampulla hepatopancreatica, түзеді. Оның қабырғасында бауыр – ұйқы без ампуласының қысқышы (Одди қысқышы), m.sphincter ampullae hepatopancreaticae,орналасады.

Үлкен бүртіктің үстіңгі жағында ұйқы безінің қосымша түтігі ашылатын кіші бүртік, papilla duodeni minor, орналасқан.

Он екі елі ішектіңтамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: жоғарғы ұйқы без - он екі елі ішек артериялары (асқазан – он екі елі ішек артериясынан келеді ) және төменгі ұйқы без - он екі елі ішек артериялары (шажырқайлық жоғарғы артерияның тармақтары) қандандырады.. Веналары: аттас веналар, қақпа венасы мен оның құйылыстарына құяды. Лимфа тамырлары: он екі елі ішектің лимфа тамырлары ұйқы без - он екі елі ішектік лимфа түйіндеріне, шажырқайлық жоғарғы лимфа түйіндеріне, құрсақтық және бел лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтер, симпатикалық нервтенуі – асқазан және шажырқайлық жоғарғы өрім тармақтары.

Аш ішектің шажырқайлы бөлігі. Жоғарыда аталғандай – ащы ішек пен мықын ішек - аш ішектің шажырқайлы бөлігін құрайды да, ұзын болғандықтаніш қуысында ирелене орналасады, сондықтан ішек ілмектері деп аталып кеткен. Оның бестенекі бөлігін ащы ішек, бестен үш бөлігін мықын ішек түзеді. Аш ішектің ілмектері алдынан үлкен шарбымен жабылған. Аш ішектің шажырқайлық бөлігінің: бос және шажырқайлық екі жиегін ажыратады

Ащы ішек, jejunum,- он екі елі ішектің жалғасы, оның ілмектері іш қуысының ортаңғы және жоғарғы сол бөлігінде орналасқан.

Мықын ішек, ileum – ащы ішектің жалғасы, оның ілмектері негізінен іш қуысының оң төменгі бөлігінде орналасады, кейбір бөліктері кіші жамбас қуысына өтеді. Ащы ішек оң жақтағы мықындық шұңқырда мықын-соқыр ішек тесігі, ostium ileocaecale, арқылы соқыр ішекке өтеді.

Ащы ішектің бастапқы бөлігінде дөңгелек қатпарлар өте көп және биік болады .Төмендеген сайын, олар біртіндеп кішірейе береді де, мықын ішектің соңғы бөлігінде өте аласа болып келеді.

Мықын ішектің шажырқайға қарама-қарсы жиегінде, ұзындығы 0,2 - 10 см, ені 0,2 – 2 см – ге дейін болатын, шоғырланған лимфойдты түйіншелер noduli lymphoidei aggregati, орналасады ( 239 – сурет ). .






239 – сурет. Мықын ішектің шырышты қабығы.

1 –жекеленген лимфойдты түйіншелер; 2 – шоғырланған лимфойдты түйіншелер.



Сырт жағынан қарағанда, ащы ішек пен мықын ішектің аралығында анатомиялық шекара жоқ. Ішкі жағынан қарағанда, шоғырланған лимфойдты түйіншелердің басталатын жері мықын ішектің шекарасы болып табылады.

Аш ішектің шажырқайлы бөлігінің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: шажырқайлық жоғарғы артериядан кететін ащы ішек және мықын ішек артериялары.

. Веналары: аттас веналар, қақпа венасы мен оның құйылыстарына құяды. Лимфа тамырлары: шажырқайлық жоғарғы және мықын – жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтер, симпатикалық нервтенуі – асқазан және шажырқайлық жоғарғы өрім тармақтары.

ТОҚ (ЖУАН) ІШЕК.

Тоқ ішек, intestinum crаssum ( грекше – colon ), – аш ішектің жалғасы, асқорыту жолының соңғы бөлігі. Ол мықын-соқыр ішек қақпағынан басталып артқы өтіс тесігімен аяқталады. Бұнда су қалдықтары сіңіріліп, тік ішек арқылы шығарылатын нәжіс қалыптасады. Орташа ұзындығы 1,5 м., диаметрі бастапқы бөлігінде 5 – 8 см., соңғы бөлігінде 4.0 см. шамасында болады.

Тоқ ішектің алты бөлігі: соқыр ішек, жоғарылаған жиек ішек, көлденең жиек ішек, төмендеген жиек ішек, сигматәрізді жиек ішек және тік ішек ажыратылады( 240 – сурет ).


240 – сурет. Тоқ ішек. ( Аш ішек пен мықын ішек алынып тасталған ).

1 –соқыр ішек; 2 –жоғарылаған жиек ішек; 3 – жиек ішектің оң иіні; 4 – жиек ішектің қампаймалары; 5 – көлденең жиек ішек; 6 – жиек ішектің сол иіні; 7 – төмендеген жиек ішек; 8 – шарбылық өсінділер; 9 – сигматәрізді жиек ішек; 10 – бос таспа.
Тоқ ішек іш және жамбас қуыстарында орналасқан. Тоқ ішектің ерекшеліктері:

1. Жиек ішек таспалары, taeniae coli, олар бұлшықеттік қабықтың сыртқы бойлық қабатының тұтас болмай, бойлық бағытта үш шоғыр түрінде орналасуынан түзіледі. Осыған орай үш түрлі таспа ажыратылады.Шажырқайлық таспа, taenia mesocolica, шажырқай бекитін жиекке сәйкес келеді. Бос таспа, taenia libera, жоғарылаған және төмендеген жиек ішектің алдыңғы бетінде орналасады. Шарбылық таспа, taenia omentalis, – үлкен шарбының көлденең жиек ішектің алдыңғы бетіне бекитін сызығына сәйкес келеді.

Барлық таспалар соқыр ішектің құрттәрізді өсіндісінің түбінде бір - бірімен түйіседі. Таспалардың ені 1 см. шамасында болады.

2. Жиек ішек қампаймалары, haustra coli, олардың түзілу себебі: бұлшықеттік қабықтың сыртқы бойлық қабатының ұындығы тоқ ішекке қарағанда қысқа болады. Сондықтан, ол тоқ ішекті тартып жиылдырып, қампаймалар түзеді.

3. Тоқ ішектің шарбылық және бос таспаларының бойында - ішінде майлы тіні бар - шарбылық өсінділер, appendices epiploicae, орналасқан. Олар сірлі қабықтың өсінділері болып табылады.

Тоқ ішектің қабырғасы: шырышты қабық, tunica mucosa, шырышасты негізі, tela submucosa, бұлшықеттік қабық, tunica muscularis, сірліасты негізі, tela subserosa, жәнесірлі қабықтардан, tunica serosa, құралған. Шырышты қабықта жиек ішектің жартыайтәрізді қатпарлары, plicae cemilunares coli, орналасады. Олар қампаймаларды бөліп тұрады және таспалардың арасында орналасқандықтан, үш қатар түзеді.

Шырышты қабық пен шырышасты негізінде ішек бездері, glandulae intestinales, (шырышты қабықтың эпителиінде шырыш бөлетін бокалтәрізді жасушалар орналасады) жатады. Сонымен қатар, жекеленген лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei solitarii, қан, лимфа тамырлары мен нервтер орналасады. Бүрлер мен шоғырланған лимфойдты түйіншелер (құрттәрізді өсіндіде ғана болады). тоқ ішекте болмайды. Бұлшықетті қабық, tunica muscularis, екі қабаттан : сыртқы, таспалар түзетін – бойлық қабат, stratum longitudinale, және ішкі – дөңгелек қабаттан, stratum circulare, тұрады

Соқыр ішек, caecum, (грекше – typlon), мықын ішектің тоқ ішекке ашылатын тесігінен төмен, оң мықын шұңқырында орналасқан - тоқ ішектің бастапқы бөлігі ( 241 – сурет ).




241 – сурет. Соқыр ішек пен құрттәрізді өсінді.

1 – мықын-соқыр ішек тесігі; 2 –мықын-соқыр ішек қақпағы; 3 – жоғарылаған жиек ішек; 4 – мықын ішек; 5 – құрттәрізді өсіндінің тесігі; 6 – құрттәрізді өсінді; 7 –соқыр ішек.

Оның ұзындығы 6 - 10 см-ге дейін, ал диаметрі 4 - 7 см шамасында болады.

Соқыр ішек интраперитонеалды орналасқан. Оның сол жағына мықын-соқыр ішек тесігі, ostium ileocaecale, ашылады. Ол шырышты қабықтың горизонталды бағытта орналасқан екі қатпары, мықын-соқыр ішек қақпағымен, valva ileocaecalis, ( Баугини қақпағы) шектелген. Құйғыштәрізді қақпақтың тар бөлігі соқыр ішекке бағытталып астың мықын ішектен соқыр ішекке өтуін реттеп отырады. Соқыр ішектегі қысым көтерілгенде (астың қалдықтарымен жеткілікті мөлшерде толған уақытта) қақпақ жабылып, асты кері өткізбейді. Соқыр ішектің артқы-медиалды қабырғасында, мықын-соқыр ішек тесігінің төменгі жағында, құрттәрізді өсіндінің тесігі, ostium appendix vermiformis, ашылады. Құрттәрізді өсінді, appendix vermiformis,соқыр ішектің төменгі медиалды қабырғасынан шығады, оң мықын шұңқырында орналасқан. Оның көлемі тұрақсыз: ұзындығы 3-тен 20 см-ге дейін (жиі кездестін ұзындығы 7 – 10 см), диаметрі – 1 см-ге дейін болады. Аппендикстің ішастарға қатынасы – интраперитонеалды, шажырқайы бар. Оның бұлшықеттік қабаты тұтас болады. Ол әртүрлі: төмендеген, латералды, медиалды және жоғарылаған бағыттарда орналасады. Ең жиі кездесетін түрі - төмендеген бағытта орналасуы (40 - 45%), ұзын болған жағдайда, оның шеті кейде кіші жамбасқа түседі. Латералды бағытта орналасуы 20 – 25 % , медиалды орналасуы 17 – 20 %, жоғарылаған бағытта орналасуы 13 – 15 % ( шеті кейде бауырдың астында дейін жетеді) жағдайларында кездеседі. Құрттәрізді өсіндінің соқыр ішектен шығатын негізінің іштің алдыңғы қабырғасындағы проекциясын білу өте маңызды. Ол көбінесе, оң және сол жақтағы, мықындық алдыңғы жоғарғы қылқандарды қосатын сызықтың – оң жақтағы сыртқы және ортаңғы үштен бір бөліктерінің шекарасына сәйкес (Ланц нүктесі) келеді.Құрттәрізді өсіндінің шырышты қабығын иммундық жүйеге жататын көптеген шоғырланған лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei aggregati, алып жатады.

Жоғарылаған жиек ішек, colon ascendens, - соқыр ішектің жалғасы. Ол іш қуысының оң жағымен жоғары көтеріліп, бауырдың оң үлесінің төменгі бетіне дейін жетеді. Осы тұста ол солға иіліп, жиек ішектің оң иілімін, flexura coli dextra, түзіп көлденең жиек ішекке өтеді. Жоғарылаған жиек ішектің артқы беті белдің шаршы бұлшықеті мен іштің көлденең бұлшықетіне және оң бүйректің төменгі бөлігіне жанасып жатады. Латералды беті іштің оң жақ қабырғасына, алдыңғы беті іштің алдыңғы қабырғасына жанасып жатады. Асқа толуына байланысты жоғарылаған жиек ішекті, кейде, алдыңғы жағынан аш ішек ілмектері жауып жатады. Тоқ ішектің бұл бөлігінің ұзындығы 12 - 20 см. аралығында болады. Бос таспа ішектің - алдыңғы, шарбылық таспа артқы - латералды, шажырқайлық таспа – артқы медиалды беттерінде орналасқан. Жоғарылаған жиек ішек ішектің артқы беті ішастармен жабылмаған, мезоперитонеалды орналасқан.

Көлденең жиек ішек, colon transversum, – жиек ішектің оң иілімінен басталып, төмен қарай дөңестенген (салбыраған) доға түрінде көлденең бағытта жүреді де, сол қабырға астында оң иілімнен жоғарылау орналасқан жиек ішектің сол иіліміне, flexura coli sinistra, өтеді. Ол тоқ ішектің ең ұзын бөлігі, оның ұзындығы 30 - 80 см. аралығында болады. Көлденең жиек ішек өте ұзын болған жағдайда: төмен салбыраған доға түрінде, кіндік деңгейіне дейін, кейде одан да төмен орналасады. Көлденең жиек ішек интраперитонеальды орналасқан және париетальды ішастардан басталатын меншікті шажырқайы бар. Шарбылық таспаның өн бойына, асқазаннан басталатын асқазан - жиек ішек байламы бекиді. Көлденең жиек ішектің топографиясы: оған үстінде – оң жағында бауырдың оң үлесі, ортасы мен сол жағында асқазанның үлкен иіні және көкбауыр жанасып жатады. Оған артында - он екі елі ішектің төмендеген бөлігі мен ұйқы безі, астында – аш ішек ілмектері жанасады. Жиек ішектің сол иілімі төмендеген жиек ішекке жалғасады.

Төмендеген жиек ішек, colon descendens, іш қуысының сол жағымен төмен түсіп, сол жақтағы мықын қыры деңгейінде, сигматәрізді ішекке жалғасады. Төмендеген жиек ішектің артқы беті ішастармен жабылмай, мезоперитонеальды орналасқан. Төмендеген жиек ішек артқы жағында сол бүйректің төменгі шетімен жанасады, одан төмен қарай жүріп, белдің шаршы және іштің көлденең бұлшықеттерінің үстінде жатады. Оны алдыңғы жағынан аш ішек ілмектері жауып жатады. Ішектің ұзындығы 12 - 23 см. аралығында болады.
Сигматәрізді жиек ішек, colon sigmoideum, проксималды және дисталды орналасқан екі ілмек түзуіне байланысты осылай аталып кеткен. Ол сол жақтағы мықын шұңқырында және кіші жамбас қуысының жоғарғы бөлігінде орналасып, сол жақтағы сегізкөз – мықын буыны ( III сегізкөз омыртқасы) деңгейінде тік ішекке жалғасады. Сигматәрізді жиек ішек іштің артқы қабырғасына бекитін шажырқайының арқасында қозғалмалы болып келеді және интраперитонеалды орналасады. Ұзындығы 15 – 67 см. аралығында болады.

Тоқ ішектің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: шажырқайлық жоғарғы және төменгі артериялар тармақтары. Веналары: шажырқайлық жоғарғы және төменгі веналар арқылы қақпа венасына құйылады. Лимфа тамырлары: шажырқайлық жоғарғы және төменгі артериялар тармақтарының жанында орналасады. Соқыр ішек пен құрттәрізді өсіндіден шығатын лимфа тамырлары соқыр ішектік лимфа түйіндері және мықын – жиек ішектік лимфа түйіндері арқылы өтеді. Жоғарылаған жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары оң жақтағыжиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Көлденең жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары, оның шажырқайында және жиек ішектік ортаңғы артериясының айналасында жататын шажырқай-жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Осы аталған лимфа түйіндерінен шығатын лимфа тамырлары аш ішектің шажырқайында, шажырқайлық жоғарғы артерияның айналасында жататын шажырқайлық лимфа түйіндеріне құйылады. Ал, олардан кететін лимфа тамырлары белдік лимфа түйіндеріне құйылады.

Төмендеген жиек ішектен шығатын лимфа тамырлары сол жақтағыжиек ішектік лимфа түйіндері арқылы өтеді. Сигматәрізді жиек ішектен шығатын лимфа тамырларысигматәрізді жиек ішектік лимфа түйіндеріне құйылады. Аталған лимфа түйіндерінен шығатын лимфа тамырлары шажырқайлық төменгі лимфа түйіндеріне құйылады. Олардан кететін лимфа тамырлары да белдік лимфа түйіндеріне құйылады. Н е р в т е н у і: Соқыр ішек, жоғарылаған, көлденең жиек ішектердің парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нерв, ал,төмендеген және сигматәрізді жиек ішектерді жамбастың ішкі ағзалық нервтері нервтендіреді. Симпатикалық нервтенуі – шажырқайлық жоғарғы және төменгі өрімдер тармақтары.
1   2   3   4   5   6   7


написать администратору сайта