Главная страница
Навигация по странице:

  • Іскерліктің қымбаттылығы һәм оны тәрбие қылу жолдары

  • Іскер болмау себептері.

  • Суреттеу Суреттеу ұғымы.

  • Суреттеу мен әсерлену арасындағы айырма.

  • Орында бірлік ассоциациясы.

  • Уақытта бірлік ассоциациясы.

  • Тұқымдастық ассоциациясы

  • робот. Бекбаулов баяндамасы. Іскерлік Адам жанында серлену болу шін жалыз серлену ана емес, барлы жан кріністері болу шін бір шарт бар. Ол шарт іскерлік.


    Скачать 104.23 Kb.
    НазваниеІскерлік Адам жанында серлену болу шін жалыз серлену ана емес, барлы жан кріністері болу шін бір шарт бар. Ол шарт іскерлік.
    Анкорробот
    Дата20.12.2022
    Размер104.23 Kb.
    Формат файлаrtf
    Имя файлаБекбаулов баяндамасы.rtf
    ТипДокументы
    #854814

    Іскерлік

    Адам жанында әсерлену болу үшін жалғыз әсерлену ғана емес, барлық жан көріністері болу үшін бір шарт бар. Ол шарт – іскерлік. Іскерлік сыртқы дүниедегі бір затқа яки ішіміздегі бір жан көрінісімізге, ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның төнуі, нүктеленуі деген сөз. Іскерлік болмаса, біз сыртқы заттардан әсер алып, олармен таныса алмаймыз. Ойымыздың дұрыс, ашық болуы, ішкі сезімдеріміздің жанды болуы, қайратымыздың түзу бет алуы осы іскерлікке байлаулы.

    Іскерліктің түрлері. Іскерлік төмеңдегі түрлерге бөлінеді:

    1. Әсер берген заттың яки көріністің мінезіне қарап екіге бөлінеді. Еріксіз іскерлік һәм ерікті іскерлік. Біз тілемеген уақытта яки тілегімізге қарсы бір нәрсе біздің іскерлігімізді еріксіз тартса, міне осындай уақытта болатын іскерлік еріксіз іскерлік деп аталады.

    Мысалы, біз шын ынтамен бір кітап оқып отырмыз. Іскерлігіміз кітапта, кенет үй артында біреу ән шырқай бастады. Сонда осы ән біздің іскерлігімізді кітаптан еріксіз тартып алады. Ал енді егер біз өзіміз тілеп бір нәрсеге іскерлігімізді өзіміз аударсақ, міне осындай уақытта болатын іскерлік ерікті іскерлік деп аталады.

    Мысалы, біз қазір бір өлеңді жаттап алайықшы деп жаттап отырғанда іскерлігімізді өз еркімізбен өлеңге жұмсап, жан-жақта сөйлесіп жатқан сөздерді естімейміз.

    2. Іскерлік табандылығына қарап екіге бөлінеді: табанды іскерлік, табансыз іскерлік. Бір затқа қажымай қадалған іскерлік табанды деп аталады. Мысалы, жан-жаққа көз, құлақ салмай, бар дүниеден безіп үйрену үшін бір әнді қайта-қайта домбыраға салып отырған жігітте табанды іскерлік болып отыр. Ал енді бір затқа тұрақтай алмай, бірінен-біріне секіретін іскерлік табансыз іскерлік деп аталады. Өзі бір әнді домбыраға салып үйренем деп отырып, біресе сөзге кірісіп, біресе домбыра тартып отырған жігітте табансыз іскерлік болып отыр.

    3. Іскерлік тартатын заттың тұқымына қарай іскерлік екіге бөлінеді: ішкі іскерлік һәм тысқы іскерлік. Сыртқы дүние затына жұмсалған іскерлік сыртқы іскерлік деп аталады. Өзіміздің бір көрінісімізге жұмсалған іскерлік ішкі іскерлік деп аталады.

    Баланың іскерлігі. Баланың іскерлігі жеткен адам іскерлігінен көп төмен, көп нашар. 1. Баланың іскерлігі ерікті емес, еріксіз яғни бала өзі тілеп іскерлігін бір нәрсеге байлай алмайды. Бір нәрсе еріксіз тартса, сонда ғана бала іскер бола алады. 2. Баланың іскерлігі ішкі емес, сыртқы. Яғни сыртқы заттарға ғана іскер бола алады. Өз жанында болып жатқан көріністерге іскер бола алмайды. 3. Баланың іскерлігі табансыз. Бала бір нәрсеге табанды іскер болам десе де, бола алмайды. Бір нәрседен екіншіге әп-сәтте ауып жүре береді. «Жас бала жеңсікқой, әуесқой» деп қазақ дұрыс айтады. Балада табанды іскерлік 11–12 жастарда ғана бола бастайды.

    Іскерліктің қымбаттылығы һәм оны тәрбие қылу жолдары

    Іскерлік – жан тұрмысының негізі. Бала іскер болмаса, ешнәрсе ұқпайды һәм ешнәрсе үйрене алмайды. Іскерлік осындай қымбат болса, сөз жоқ, оны тәрбие қылу керек. Тәрбие қылудың жолдары мыналар:

    1. Әсер күшті болса, бала еріксіз іскер болады. Мысалы, мұғалім қатты сөйлесін, тақтайға жазғанда айқын қылып жазсын, балаға көрсететін суреттің бояуы ашық болсын... Балаға кеспелі әліп-бидің берілетін себебі осы. Және де есте болу керек, әсер неғұрлым күшті болса, іскерлік те сонша күшті болады дедік қой. Ал енді сол әсердің өзінің күшті болуына бірнеше шарт бар. Бірінші, әсерді қабыл алуға сыртқы сезімдер неғұрлым көп қатынасса, әсер сонша күшті болмақ. Сондықтан балаға бір нәрсені білдірмекші болғанда, сол нәрседен әсер алуға баланың көп сыртқы сезімдерін қатынастыруға тырысу керек. Мысалы, баланы бір затпен таныстырмақшы болсақ, сол зат туралы сөйлеп қана қойма, алып келіп балаға көрсет, көрсетіп қана қойма, сол заттың суретін салдыр, суретпен ғана қанағаттанба, балаға балшықтан сол затты жасат. Әсердің күшті болып, іскерлікті көп тартуының бір шарты осы. Екінші, әсерді қабыл алу денеге қолайсыз болмасын. Денеге қолайсыз болса, әсердің қүші бітеді. Әсердің күші бітсе, іскерлік бітеді. Мысалы, бір нәрсеге қанша іскер болып отырсаң да, отыруың қолайсыз болса, іскерлік бітіп қалады. Баланы партаға жатқызбау, таяндырмаудың керектігі осыдан.

    2. Әсер жеке болсын. Егер біздің көз алдымызда бір ғана зат тұрса, біз сол затқа іскерлікті көп жұмсап, тексеріп қараймыз. Егер бірнеше зат тұрса, іскерлігіміз бытырап, жақсы қарай алмаймыз. Бір әсермен әсерленіп, соған іскерлігін жұмсап отырып, екінші әсердің өзін тыйып қалу балада тіпті болмайтын жұмыс. Бала бір әсерден бір әсерге тез көше береді. Сондықтан балаға сабақ берген уақытта баланың алдында оның іскерлігін бөлгендей беріліп отырған сабаққа жанасы, қатынасы жоқ ешнәрсе тұрмасқа тиіс. Балада жақсы оқысам, молдадан мақтау, сый аламын, жаман болсам, молдадан таяқ жеймін, ұрыс естимін деген ой да болмасын. Мұндай болса, баланың іскерлігі соған жұмсалып, мұғалімнің беріп отырған сабағын білейін деген шын ынтамен тыңдамайды.

    3. Әсер жаңа болсын. Әсер неғұрлым жаңа болса, іскерлікті сонша көп тартады. Бір нәрсе қанша жат, қызықты болғанмен, ылғи көз алдымызда тұрса, біраздан соң ол біздің іскерлігімізді оятпайтын болады, біз оны байқамайтын боламыз. Сондықтан бала іскер болсын десең, балаға әсерді жаңалап беріп отыру керек. Мысалы, бір сабақтың артынан екінші түрлі сабақ. Қазақтың ендігі жас балалары баяғы күн батқанша балдырған жас балаларды қалғытып, мүлгітіп «әліпсін-ә, әлбәсін-әй, әліптүр-әу» дегізіп шұлғытып қоятын надан молдалар заманында тумағанына қанша шүкірлік қылса да аз-ау. Түрлі сабақты ауыстырып отыру ғана емес, бір сабақтың өзін де түрлендіріп, жаңалап беруге болады. Мысалы, бір харіппен таныстырғанда, мұғалім әуелі харіпті көрсетіп, онан соң кеспе харіптің ішінен тапқызады. Онан соң жазғызады. Қысқасы, баланың іскерлігі сөніп қалмас үшін әсерді жаңалап отыру керек. Бірақ түрлендіргеннің жөні осы екен деп, үсті-үстіне бастырмалай беру жарамайды. Онда бала біреуіне іскерлігін тоқтата алмай қалады. Міне, баланы түрлі ойыншыққа көміп тастаудың дұрыс емес екендігі осыдан. Жаңа бастаған жас балаға 5–10 минуттан артық сабақ беру дұрыс емес.

    4. Жаңа алынатын білім мен ескі білімнің қатынасы болсын. Біз өзіміздің туғандарымыз яки таныстарымыз туралы сөз естісек, іскерлікті жұмсап, құлақты түріп тыңдай қаламыз. Егер жат кісілер туралы сөз болса, тыңдамаймыз. Міне, балаға білім бергенде осы жолды ұстау керек. Яғни балаға білім бергенде жақыннан алысқа, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек. Мысалы, балаға дыбыстарды айыртқанда, балаға таныс сөздерді алып, дыбыстарға айырту керек. Жағрафия оқытқанда тұрған ауылдан бастау керек.

    5. Болашақ әсерге даярлану болсын. Яғни бір нәрсені күтіп барып жолықтырсаң, сол нәрсеге іскерлік күшті болады. Сондықтан мұғалім балаларға жаңа бір нәрсені білдірмек болғанда балаларды күткізіп, даярландырып қойсын. Мысалы, сұрауды жалпы класқа берсін. Сонда бар класс құлағын түріп тұрады.

    Іскер болмау себептері. Жоғарғы айтылған шарттар табылмаса, адам іскер болмайды. Олардан басқа іскер болмаудың тағы мынадай себептері бар:

    1) Дененің һәм жанның шаршауы. Жұмыс қылып дене шаршаса, яки бір іс істеп жан шаршаса, адамда іскерлік болмайды. Класта отырғанда баланың тез шаршауы оның ақылының жұмыс қылуынан, әсіресе тік отыруынан һәм ауаның бұзылуынан. Сондықтан сабақ уақытында балалар іскер болмай бастаса, мұғалім дереу балаларды босатып, жүгіртіп, ойнатып, кластың ауасын жаңарту керек. Бір сабақтың ішінде де балаларды тұрғызып, отырғызып гимнастика жасатып, ән салдырып алуға болады. Мұндайда бала сергіп қалады. Ән мен гимнастиканы бір келтіруге де болады. Бір сағаттық сабақтың орта кезінде солай істелсе, балалар тіпті көтеріліп қалады.

    2) Жанның толқынданып тұруы, яғни бір іспен, яки уақиғамен жан толқынданып тұрса, жанда іскерлік болмайды. Толқын басылып, жан тыныштануы керек. Мысалы, ойнап, жүгіріп, ән салып тоқтасымен бала іскер бола қоймайды. Мұғалім осыны ескеру керек.

    3) Іскер болмаудың үшінші себебі – бейғамдық (рассеянность). Бейғамдық тума да болады, жүре де болады. Бейғамдық екі түрлі – тіпті ешбір нәрсеге іскерлікті тоқтата алмайтын адамның бейғамдығы һәм бір нәрселерге іскер болып, басқа нәрселерге іскер болмайтын адамның бейғамдығы. Бұл екі бейғамдықтың бастапқысын бір ауру деп атауға болады. Бұл – терең, ұзақ тәрбие тілейді. Ал енді екіншісін зиянды бейғамдық деуге болмайды. Қайта мұндай бейғамдық данышпан адамдарда көп ұшырайды..

    Жоғарыда саналған іскерлік түрлерінің ішінде адамға ең қымбаты адамның терең, толық білімді болуына себепші болатыны, сөз жоқ, ерікті іскерлік. Сондықтан тәрбиеші күшін баланың ерікті іскерлігінің өркендеуіне жұмсау керек. Ерікті іскерлікті өркендету әсіресе, жоғарыда айтылған іскерлік шарттарын орындаумен танылады.

    Суреттеу

    Суреттеу ұғымы. Бір заттан яки көріністен болған әсерлену, зат яки көрініс жоғалса, ол да, яғни әсерлену де тоқтайды. Бірақ әсерлену өзі тоқтағанмен, жоғалғанмен, оның жанда ізі қалады. Яғни жанды заттың яки көріністің суреті қалады. Мысалы, біз жаздыгүні көрген кемпірқосақты қыстыгүні суреттей аламыз.

    Міне, осы заттың өзі бізге әсер беруден тоқтаған күңде де, біздің ой мен жанымызда сол затты тірілте алуымыз, сол заттың суретін көз алдымызға алып келуіміз суреттеу деп аталады.

    Суреттеу мен әсерлену арасындағы айырма. Суреттеу мен әсерлену арасындағы айырмалар: 1) әсерленудің болуына жан да, дене де қатысады. Ал енді суреттеу – жалғыз жанның ғана ісі; 2) әсерлену әсер беріп тұрған зат болса болады. Зат жоғалса, тоқтайды. Ал енді суреттеу қайта зат жоғалса – болады; 3) суреттеудің күші әсерленудің күшінен кем болады. Мысалы, күн күркіреуді есту бар. Күн күркіреуді еске түсіріп, оймен суреттеу бар. Күн күркірін ойлап, суреттеп отырғанда біз естіп отырғандағыдай қорықпаймыз. Ал енді егер суреттеудің күші әсерленудің күшіне жетсе, ол уақытта суреттеу ауруға айналады. Аурулы суреттеу галлюцинация деп аталады.

    Галлюцинация – бізге ешбір әсер бермеген бір затты яки көріністі суреттеу деген сөз. Бұл адамның миы, жалпы сау болмағандықтан болады. Мысалы, өлген адамды көру, жын, пері көру, әлдеқайдағы бір затты көру, жоқ дауысты есту сықылды. Қазақтың бақсы-балгері осы галлюцинация ауруына ұшырағандар ғой.

    Суреттеулердің бөлінуі. Суреттеулер ауданына қарап екіге бөлінеді: жалқы суреттеу һәм жалпы суреттеу. Егер біз жалқы бір затты суреттесек, жалқы суреттеу деп аталады. Мысалы, Сәрсенбай деген бір жалқы адамды суреттеу болады. Ал енді біз бір-біріне ұқсас, тұқымдас көп затты суреттесек, жалпы болады. Мысалы, жалпы сиырды суреттеу жалпы суреттеу болып шығады.

    Суреттеулер ішіне қарап тағы екіге бөлінеді: жабайы һәм күрделі суреттеулер. Заттың өзін емес, сынын ғана суреттеу жабайы суреттеу деп аталады. Мысалы, қаралықты яки қызылдықты суреттеу сықылды. Ал енді затты барлық сындарымен суреттеу күрделі суреттеу деп аталады. Мысалы, қара сиыр, жирен атты суреттеулер сықылды.

    Баланың суреттеулері. Бір затты дұрыс суреттей алу үшін сол заттан адам жанында көп әсерлену болу шарт. Егер бір заттан бірлі-жарым ғана әсерлену болса, ол уақытта заттың барлық сыны жанда қалмайды. Баланың әсерленулері әлсіз. Бұл – бір. Сыртқы заттармен бала жаңа танысып келеді, яғни балада әсерлену әлі көп болған жоқ. Бұл – екі. Міне, осы себептерден бастапқы кезде баланың суреттеулері дұрыс болмайды. Жас балада бір заттан әсерлену болғанда, заттан түгел әсерлену емес, сол заттың бір балаға жат көрінген сынынан ғана болады. Мысалы, бала қанттан әсерлену алғанда қантты қатты ақ зат деп емес, тура тәтті бір зат деп қана біледі. Сондықтан ол екеуі де тәтті болғандықтан, қант пен кәмпитті айыра алмайды.

    Балада дұрыс суреттеу болу үшін оның жанында көп һәм ашық әсерленулер болуы шарт. Сондықтан тәрбиеші баланы көп заттан әсерлендіруге, әсерлендірген соң, дұрыс һәм ашық әсерлендіруге ыждиһат қылу керек.

    Суреттеу ассоциациясы

    Біздің жанымызда сансыз көп суреттеулер бар. Осы суреттеулер қанша көп болғанымен, біз оларды бір-біріне араластырып, жанастырып алмаймыз. Мұның себебі біз суреттеулерді байлам-байлам қылып байлаймыз да, жанымыздың әр түкпіріне тастаймыз. Бізге бір байламның ішіндегі бір суреттеу керек болса, біз сол суреттеулерді алып келеміз. Бұл суреттеу анау өзімен бірге байлаулы тұрған суреттеулерді бірге ала келеді. Міне, осы суреттеулерді бір-біріне байлау суреттеулер ассоциациясы деп аталады. Бірақ суреттеулерді беталдына бір-бірімен байлай беруге болмайды. Байлаудың яғни ассоциацияның белгілі жолдары бар. Олар: 1) жақындық ассоциациясы; 2) тұқымдастық ассоциациясы.

    Жақындық ассоциациясы

    Бір уақытта яки бірінің артынан бірі болған әсерленулерді біз бір байлам қылып тастаймыз. Яғни сол бір уақытта яки бірінің артынан бірі болған әсерленулердің біреуін суреттегенде, сонымен бірге байланған әсерленулер өздері келіп суреттеледі. Жақындық ассоциациясы дегеніміз осы. Жақындық ассоциациясы екі түрлі болады: 1) орында бірлік ассоциациясы һәм 2) уақытта бірлік ассоциациясы.

    Орында бірлік ассоциациясы. Біз бір затты суреттесек, сол заттың жаныңда тұрған басқа заттарды да суреттемей қоймаймыз. Мысалы, біз киіз үйдің оң жақ босағасында тұрған кебежені суреттесек, соның жаныңда тұрған қазан, ошақ, шелек, астау өздері ана кебежеге еріп келіп суреттеледі.

    Балада осы орында бірлік ассоциациясы күшті болады. Мұның себебі бала басқа сыртқы сезім құралдарына қарағанда көзді көп жұмсайды. Балаға не нәрсе үйретсең де, көрсетіп (наглядно) үйрету керек екендігі осыдан. Балаға берілетін кітаптың ірі харіппен басылуы және осыдан. Орында бірлік ассоциациясы балаға, әсіресе жағрафия оқығанда көп көмек көрсетеді. Картадан бала бір жерді атаса, соның жанындағы екінші жер көз алдына елестей қалады.

    Уақытта бірлік ассоциациясы. Бір уақытта яки бірінің артынан іле-шала суреттеулердің бірі келсе, басқалары да соған еріп келеді. Мысалы, біз ұстау үшін бір атқа құрық салғанымызды суреттесек, аттың үркіп кеткендігі, біраз барып тоқтағаны, біздің жүгендегеніміз өздері келіп суреттеледі. Уақытта бірлік ассоциациясы балаға әсіресе тарих оқығанда көп көмек көрсетеді. Бір нәрселерді, мысалы, өлең жаттағанда да біз осы уақытта бірлік ассоциациясымен пайдаланамыз. Яғни белгілі бір сөздерді бірінің артынан бірін айтуға біздің кеңірдегіміз машинаша үйреніп қалған болады. Егер жаттаған өлеңді суылдатып айтып отырғанда тоқтай қалсақ, біз қазір жаңылып қаламыз.

    Осы уақытта бірлік ассоциациясына ұқсас, себеп ассоциациясы бар, яғни екі көрініс іле-шала бірінің артынан бірі келеді. Соңғы көріністің болуына әуелгі көрініс себеп болады. Сіреңке сызсаң, жарық болады. Бірақ барлық бірінің артынан іле-шала бірі болатын екі көріністің әуелгісі соңғының болуына себеп деуге болмайды. Бұлай болу әншейін тура келіп қалудан, қазақ айтқандай, мергеннің басуына құланның қасынуы тура келгеннен яки басқа бір себептен болуға мүмкін. Мысалы, қонақ келген күні қой егіз тапса, қонақтың құттылығынан емес. Қой егіз қозыны қонақ келген соң көтерген жоқ қой одан пәленше ай бұрын көтерген. Қойдың егіз табуы қонақтың келуіне тура келіп қалды.

    Бірінің артынан бірі болатын екі көріністің біреуі біреуіне ылғи себеп болып отырады деп ұғу адамды зор қатаға түсіреді.

    Қазақтың неше түрлі ырымдары осы қате ұғынудан туған. Тәрбиеші баланы осы қатеден, яғни ырымшыл болудан сақтау керек.

    Тұқымдастық ассоциациясы

    Біз бір нәрсені суреттесек, соған тұқымдас, ұқсас екінші нәрсе бір орында, бір уақытта болмаса да, ана нәрсеге өзі еріп суреттеледі. Тұқымдастық ассоциациясы дегеніміз осы. Тұқымдастық ассоциациясы екі түрлі: 1) ұқсастық ассоциациясы һәм 2) қарсылық (контраст) ассоциациясы.

    Ұқсастық ассоциациясы. Біз бір нәрсені суреттесек, соған ұқсас екінші бір нәрсені де суреттейміз. Мысалы, біз бір адамды суреттесек, сол адамымыз пішіні, сөзі, жүріс-тұрысымен біздің бір досымызға ұқсайтын болса, сонда біз мынау досымызды да суреттейміз.

    Осы ұқсастық ассоциациясы бойынша оқуды тез һәм жақсы меңгеріп алу үшін оқу материалын концентр қылып құрудың керектігі келіп шығады. Концентр – бір пәнді басқыштап, кеңейтіп оқыту деген сөз.

    Қарсылық ассоциациясы. Бір нәрсені суреттегенде соған тіпті ұқсамайтын қарама-қарсы нәрсені суреттеуге болады. Қысты суреттегенде – жазды суреттеу, қараны суреттегенде – ақты суреттеу, байды суреттегенде кедейді суреттеу сықылды. Бұл қарсылық ассоциациясы тұқымдастық ассоциациясына жатады. Себебі біз тұқымы жат екі нәрсені бір-біріне байлай алмаймыз. Суреттегенде, соған қарсы болып, тіпті тұқымы жат екінші нәрсе суреттелмейді. Мысалы, қысты суреттегенде, оған қарсы сиырды суреттемейсің, бәлки жазды суреттейсің. Себебі қыс пен сиырдың тіпті тұқымы басқа.

    Балаларды оқытқанда қарсылық ассоциациясының көп пайдасы тиеді. Бір нәрсені балаға ашық ұқтырмақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Мысалы, балаға жер ортасының ыстығын түсіндірмекші болсаң, солтүстіктің суығымен салыстыр.


    написать администратору сайта