конспект. Қазақ әдебиеті №5-7 сабақ материалы. Жыраулар поэзиясы
Скачать 30.26 Kb.
|
ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫ Жыраулар поэзиясында ХV – ХVІІІ ғасырдағы елдің басынан өткерген тарихи оқиғалары, халықтың арман-мұраты, бастан кешкен ауыртпалықтары жырланумен қатар елдің саяси-әлеуметтік тіршілігі, дүниетанымы көркем де бейнелі тілмен берілген. Жыраулар поэзиясы философиялық терең ойға құрылып, өсиетнама түрінде келеді. Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған ел, оған деген сүйіспеншілік, елдің бірлігі, бүтіндігімен бірге адамгершілік, этика, мораль мәселелері де кең орын алған. Жыраулар поэзиясында синтаксистік, психологиялық параллелизм, дыбыстық үндесулер, арнау түріндегі сөздер көп қолданылған. ХV ғасырда өмір сүрген, өз заманының асқан ақылгөйі Асанқайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы Еділ бойында дүниеге келген. Тарихи аңыздарда Асанның әкесі Сәбит саятшы болған деген дерек бар. Асан атына қайғы сөзінің қосылуы оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры болуымен байланысты болса керек. Ол туралы жыраудың Жәнібек ханға айтқан: Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, – деген сөзінен көруге болады. Асанқайғы «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» деген толғауында халық қамын ойламай, «қымыз ішіп, қызарып, өзінің бақ-дәрежесіне масаттанып» жүрген Жәнібек ханның мақтаншақ, парықсыз мінезін батыл әшкерелейді. Жырау «Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа», – деп елді бірлікке, ынтымаққа шақыра отырып: Ашу – дұшпан, артынан Түсіп кетсең қайтесің Түбі терең қуысқа, – деген жолдар арқылы теріс мінезден сақтандырады. Асанқайғының «Қырында киік жайлаған», «Таза мінсіз асыл тас», «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің», «Бұл заманда не ғаріп?», «Еділ бол да, Жайық бол»,«Көлде жүрген қоңыр қаз» толғаулары ғибратқа, өсиетке, өнегеге құрылған. Кейінгі ұрпақ әулие тұтып, аңыз кейіпкеріне айналдырған Асанды Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» деп атаған. Асанқайғы туралы академик-жазушы М. Әуезов: «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғаш рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан» – деп аса жоғары бағалаған. Жырау толғауларында дыбыс үндестігі көп кездеседі. Мысалы, Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Екі семіз қолға алып, Ерлер жортып күн көрген, – деген шумақ тұтастай «Е» дыбысынан басталған ассонансқа құрылған. Қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының төлбасыларының бірі Қазтуған жырау Сүйінішұлы шамамен ХV ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында дүниеге келген. Қазтуған Сүйінішұлы – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі лирик ақын. Өзін «айдаса қойдың көсемі», «сөйлесе қызыл тілдің шешені» деп таныстырған Қазтуған жырау тайпалар көсемі, отты би, әскербасы, орақ тілді шешен, арқалы ақын болған. Қазтуған толғауларының негізгі тақырыбы – туған елі, кіндік кескен, кір жуған жері. «Салп-салпыншақ анау үш өзен» толғауында жырау туған жеріндегі Еділ, Жайық, Ойыл өзендерін тебірене жырлайды. «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауында жырау: Атамыз біздің бұ Сүйініш Күйеу болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған Келіншек болып түскен жұрт Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт, – деп туған жері мен ата-анасын байланыстыра сөйлейді. Жырау толғауларында теңеу сөздерді жиі қолданған. Мысалы, ...Боташығы бұзаудай, Боз сазаны тоқтыдай, Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған... – деген жолдарда бұзаудай, тоқтыдай, тайдай, қойдай деген теңеу сөздер қолданылған. Қазтуған жыраудың: «Мадақ жыры», «Белгілі биік көк сеңгір», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Салп-салпыншақ анау үш өзен» толғаулары бар. Өз заманында жақсы тәрбие алған, парасатты адам болған Доспамбет жырау ХVІ ғасырдың басында Азау қаласында туып, өмір сүрген. Өзінің туған жері Азауды «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?» деп ерекше жырлаған. Толғауларында «Ер Доспамбет» деп өзі жырлағандай, Доспамбет «астына қарт күреңді мініп», «болат қылыш асынып» жаумен шайқасқан, жорыққа бастаған батыр жігіт болған. Жорық-шайқастарда басына талай қауіп-қатер төніп, оқ тиіп, өлім аузынан қайтқан. Доспамбет «Айналайын ақ Жайық» деп, туған Жайығын, бетегелі Сарыарқасын, елін, жерін шексіз сүйген. «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деп, өмір туралы тебірене толғайды. Доспамбет жыраудың «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Арғымаққа оқ тиді», «Айналайын ақ Жайық», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Айнала бұлақ басы тең» деген толғаулары бар. Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленшіұлы 1465-1560 жылдар шамасында өмір сүрген. Үш айлығында анасынан айырылған болашақ жырау нағашы әжесінің қолында тәрбиеленеді. Мұсылманша жақсы білім жиған, сақара салтынан тамаша тәрбие алған Шалкиіз жырау Би Темірдің тұсында өмір сүрген. Жырау «Би Темірге бірінші толғауында»: Сен алтынсың – мен пұлмын, Сен жібексің – мен жүнмін, Сен сұлтансың – мен құлмын, Сен сұңқарсың – мен қумын. Саған дұспан – маған жау Керекті күні алдыңда Ғазизлеген сұлтан жаным аяман! – деп, Би Темірдің бейнесін асқақтатып көрсеткен. Жырау толғауларында ерекше көтерілген тақырып – адамгершілік мәселесі. Мысалы, Бір жақсымен дос болсаң – Азбас-тозбас мүлкі етер. Бір жаманмен дос болсаң – Күндердің күні болғанда Бар ғаламға күлкі етер, – деп, жақсылық пен жамандықты қарама-қарсы қоя отырып, парасаттылықты, адамгершілік қасиеттерді асқақтата көрсеткен. Шалкиіз толғауларының басты тақырыптарының бірі – ел бірлігі, ынтымағы. Жырау «Асқар, асқар, асқар тау» толғауында: Малыңды бер де, басың қос, Басыңды қос та, бек сыйлас, Күндердің күні болғанда Басың жауда қалар ма! – деп, халықты береке-бірлікке, ынтымаққа шақырған. Шалкиіз жырау өмір жайлы да толғанған. Өзінің «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында: Қоғалы көлдер, қом сулар Кімдерге қоныс болмаған. Саздауға біткен қара ағаш Кімдерге сайғақ болмаған. Күлелік те ойналық, Киелік те ішелік Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған! – деп, өмірдің өтпелі екеніне пәлсапалық пайымдау жасаған. Көптеген жорықтарға қатысқан Шалкиіз толғауларынан ерлік сарыны айқын көрініс тапқан. «Жалаңаш барып жауға ти, тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр» деп ерлікке үгіттеген. Шалкиіз жыраудың артында қалған толғаулары: «Би Темірге бірінші толғау», «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны», «Алаштан байтақ озбаса», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Жақсының жақсылығы сол болар», «Жалп-жалп ұшқан жапалақ», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Жел, жел есер, жел есер», «Жауынды күні көп жүрме», «Шағырмақ бұлт жай тастар», «Асқар, асқар, асқар тау», «Ор, ор қоян, ор қоян», «Орманбет би өлген күн», «Ер Шобан». Жиембет жырау Бортоғашұлы ХVІІ ғасырда өмір сүрген әрі әскербасы, әрі ақын, әрі жырау болған. Жиембет жырау Еңсегей бойлы ер Есім ханның тұсында өмір сүрген. Есім ханның көрші хандықтармен арада болған соғыстарына қатысып, ерлігімен, іскерлігімен танылған. Жиембет алған бетінен қайтпайтын қайсар, бірбеткей, өжет адам болған. Хан-әкімдерге бас имей, айтарын батыл да ашық айтқан, бас кетер деп тіл тартпаған. Әмірің қатты Есім хан, Бүлік салып бұйырдың, – деп, бүлікшіл ханның теріс мінезін ашық әшкерелеген. Жиембет толғауларынан жыраудың ерлік істері мен өрлік мінезі, ерен батырлығы мен қайтпас қайсарлығы айқын көрінеді. Мысалы, Менің ерлігімді сұрасаң, Жолбарыс пен аюдай. Өрлігімді сұрасаң, Жылқыдағы асау тайындай. Зорлығымды сұрасаң, Бекіре мен жайындай. Беріктігімді сұрасаң, Қарағай мен қайыңдай, – деп, жолбарыс пен аюдай, асау тайындай, бекіре мен жайындай, қарағай мен қайыңдай деген теңеу сөздерді пайдалана отырып, өзінің асқақ бейнесін жасаған. Ел арасына сөзі өтімді болған Жиембет жыраудан сескенген және өзіне қарсы тұрғаны үшін Есім хан Жиембетті інісі Жолымбетпен бірге жер аударып жібереді. «Ханға қарсы тұрам деп» ел-жұрынан айырылған Жиембет жырау өзінің сағынышын «Қол-аяғым бұғауда» толғауында: Қайырылып қадам басарға Күн болар ма мен сорға Өзен, Арал жерлерім?! Қиядан қолды көрсеткен Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік дендерім?! – деп жырлаған. Жиембет жыраудың «Әмірің қатты Есім хан», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Қол-аяғым бұғауда», «Басы саудың түгел-дүр» деген толғаулары бар. Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанның Қаратау өңірінде ауқатты жанұяда дүниеге келген. Бердіке деген жамағайын туысының қолында өскен болашақ жырау ақындық талантымен тым ерте 10-11 жасында-ақ танылған. Дұшпаннан көрген қорлығым Сарысу болды жүрекке, Он жетіде құрсанып, Қылыш ілдім білекке. Жауға қарай аттандым Жеткіз деп құдай тілекке, – деп өзі жырлағандай, жорық жыршысы болған Ақтамберді 17 жасынан бастап қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арада болған соғыстарға қатысқан. «Ел-жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап» деп жырлаған Ақтамберді қазақ жерін жаудан аман алып қалуда ерен ерлік көрсетеді, талай рет жау қолында қалып, өлім аузынан қайтады. Сонда да мойымаған батыр-жырау өз бейнесін «Салпаң да салпаң жортармын» толғауында: Жапанға біткен терекпін, Еңсемнен жел соқса да теңселмен, Қарағайға қарсы біткен бұтақпын Балталасаң да айырылман, Сыртым – құрыш, жүзім – болат, Тасқа да салсаң майырылман! – деген жолдар арқылы шынайы сипаттаған. Ақтамберді толғауларының өзіндік ерекшелігі – батырдың жан серігі ретінде бағаланған жылқы түлігін әспеттей суреттеуі. Жырау «От басар орны отаудай» толғауында: Ор қояндай қабықты, Қиған қамыс құлақты, Сары мысықтай азулы, Саптыаяқтай ерінді, Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей, – деп, батырға лайық тұлпардың сипатын суреттеген. Жыраудың шығармашылығынан өзіндік орын алатын «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауында Ақтамбердінің еліне, халқына деген сүйіспеншілігі, ер-азаматқа тән игі қасиеттер, ел басқаратын әкімдердің қандай болу керектігі жан-жақты жырланған. Көпті көрген көнекөз жырау «Баларыма өсиет» толғауында: Бірлігіңнен айырылма, Бірлікте бар қасиет. Татулық болар береке Қылмасын жұрт келеке. Араз болсаң алты ауыз Еліңе кірген әреке. Ақылың барың ұғарсың Ойың болса сезімді..., – деп, ұрпағын береке-бірлікке, татулыққа, ынтымаққа ұйымшылдыққа шақырған. Жырау толғауларында дыбыстық үйлесімділік шебер қолданылған. Мысалы, Жағалбайлы деген ел болар, Жағалтай деген көл болар, Жағалтайдың жағасы Жасыл да байтақ көл болар, – деген өлең жолдары бірыңғай «Ж» дыбысынан басталып, аллитерацияға құрылған. Ақтамберді жырау Сарыұлының толғаулары: «Жағалбайлы деген ел болар», «Жел, жел есер, жел есер», «Жағама қолдың тигенін», «дұшпаннан көрген қорлығым», «Көк көгершін, көгершін», «Салпаң да салпаң жортармын», «Жауға шаптым ту байлап», «От басар орны отаудай», «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Ағайының көп болса», «Еділ, Жайық екі өзен», «Балаларыма өсиет». Үмбетей – 1706 – 1778 жылдары өмір сүрген жырау, жыршы, Бөгенбай батырдың жауынгер серігі. Үмбетейдің әкесі Тілеу қаһармандық жырларды, ескі аңыздарды, билердің шешендік сөздері мен нақылдарын жетік білетін шежіре, халықтың музыка мұрасын да жан-жақты меңгерген дәулескер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі де, өнердегі де ұстазы өз әкесі болған. Үмбетей толғауларында сырт жаулармен күресте аты шыққан батырлар тұлғасы ерекше жырланған. Жырау толғауларынан ерекше орын алған тұлға – Бөгенбай бейнесі. «Бөгенбай өліміне» толғауында жырау: Уа, Алатаудай Ақшадан Асып тудың Бөгенбай, Болмашыдай анадан Болат тудың Бөгенбай! Құбыла көшкен байтақтың Ордасындай Бөгенбай! Темір жұмсап, оқ атқан Қорғасындай Бөгенбай! Қолтығы ала бұғының Пәйкесіндей Бөгенбай! Білегі жуан бүркіттің Тегеурініндей Бөгенбай! – деп, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ерлік тұлғасын асқақта жырлап, батырды қорғасынға, тегеурінді бүркітке теңейді. Үмбетей жырау «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» толғауында: Аруағыңа болысқан, Қашпаған қандай ұрыстан Керейде батыр Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, – деп ел қорғаны болған батырларды дәріптеп, қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстауды – бүкіл Сарыарқа атырабын – қазақ жерін – атамекенді жаудан қорғап қалған Бөгенбай батырдың ерлігін жырлай келе, халық ауыз әдебиетіндегі естірту үлгісін пайдалана отырып, оның өлімін Абылай ханға: Жасыңда болған сырласың, Үлкен де болса құрдасың. Сексеннен аса бергенде, Қайырылмас қаза келгенде Батырың өлді – Бөгенбай! – деп естіртеді де: Бөгенбай сынды батырдың Береке берсін артына-ай, Сабыр берсін халқына-ай Жасаған ие жар болып, Бейіште нұры шалқығай! – деген жолдармен батырдың қазасына ортақтасып, ел қорғаны болған батырынан айырылған еліне көңіл айтады. Жыраудың «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бекболат биге» деген толғаулары – жаман қылықтан сақтандырып, жақсылыққа, адамгершілікке үндейтін дидактикалық сарындағы шығармалар. Үмбетей жыраудың «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бекболат биге», «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» деген толғаулары бар. ХVІІІ ғасыр – қазақ халқы үшін ең бір қиын кезең болды. Жоңғар қалмақтары қазақ жерін басып алу мақсатымен талай шабуыл жасады. Қалмақтардың шабуылына төтеп бере алмаған қазақ халқы ата жұртын тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Бұқар шығармалары осындай қиын-қыстау кезеңде туып, қазақ әдебиетінде өзіндік өрнекпен сақталып қалды. Бұқар Қалқаманұлы 1668 жылы Баянауылда дүниеге келіп, 1781 жылы Далба тауында дүние салған әйгілі жырау, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында хандық құрған Абылайдың ақылшы, кеңесшісі болған. Сондықтан ол Абылайға батыл тіл қатып, оған «Абылайшам», «Абылайша» деп еркін сөйлеген. Бұқар өзінің «Ей, Абылай» деген толғауында: Ей, Абылай, Абылай! Сені мен көргенде – Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің. Әбілмәмбет төренің Қызметінде тұр едің, – деп, Абылайды он бір жасынан білетінін тілге тиек еткен. Бұқаршығармаларында жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, адалдық пен арамдық туралы баса жырланған. «Жар басына қонбаңыз» толғауында: Жаманмен жолдас болсаңыз Көрінгенге күлкі етер. Жақсымен жолдас болсаңыз, Айырылмасқа серт етер, – деп, жақсылық пен жамандықты психологиялық параллелизм арқылы салыстыра суреттесе, «Алыстан қызыл көрінсе» толғауында: Айтқан сөзге түспеген Жаман емей немене, Сұрағанда бермеген Сараң емей немене, Кісі ақысын көп жеген Арам емей немене, – деген жолдармен жамандықтың белгілерін тарқатып айтқан. Бұқар жырау замана, өмір жайлы көп толғанған. «Асқар таудың өлгені» толғауында табиғатта бәрі өшіп, өніп, өзгеріп отыратынын айта келіп, «Өлмегенде не өлмейді?» деген сұрақ қойып, оған «Жақсының аты өлмейді, әлімнің хаты өлмейді» – деп жауап беріп, бүкіл саналы ғұмырын адамзаттың жақсылығы үшін жұмсаған адамның өзі де, сөзі де өлмейді деген тұжырым жасаған. Жыраудың «Жиырма деген жасыңыз», «Атам болған жиырма бес», «Сен он бір жасыңда», «Ей, Абылай, Абылай» деген толғаулары адам өмірінің кезең-кезеңіне арналған. Бұқар жырау «Жиырма деген жасыңыз» толғауында: Жиырма деген жасыңыз Ағып жатқан бұлақтай, Отыз деген жасыңыз Жарға ойнаған лақтай, Қырық деген жасыңыз Ерттеп қойған құр аттай... – деп адам өмірінің әр кезеңінің ерекшеліктеріне тоқтала келе, жастық шақты «ағып жатқан бұлаққа», «жарға ойнаған лаққа», «ерттеп қойған құр атқа» теңейді. Кәріліктің дәрменсіз шақтарын: Сексен деген жасыңыз Қараңғы тұман түн екен, Тоқсан деген жасыңда Ажалдан басқа жоқ екен, – деп жастық шаққа қарама-қарсы суреттейді. Адамның жастық шағы мен кәрілік кезеңін бір-біріне қарама-қарсы суреттеу арқылы жырау жас ұрпаққа шастық шақты өз мәнінде өткізу керектігі туралы өсиет тастаған. Бұқар толғауларының басты тақырыбы – ел бірлігі. Жоңғар шапқыншылығынан кейін тоз-тоз болған елдің басын бір тудың астына жинау мақсатын терең түсінген Бұқар жырау: Ағайынның аразы Елдің сәнін кетірер, Абысынның аразы Ауыл сәнін кетірер, – дей келе, Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, – деп, ел-жұртын береке-бірлікке, татулыққа, ұйымшылдыққа шақырған. Бұқар жырау бұл ойын өзінің «Тілек» өлеңінде одан әрі нақтылай түскен. Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа. Екінші тілек тілеңіз, Пиғылы жаман залымның Тіліне еріп азбасқа. Үшінші тілек тілеңіз Үшкілсіз көйлек кимеске. Төртінші тілек тілеңіз Төрде төсек тартып жатпасқа. Бесінші тілек тілеңіз Бес уақытта бес намаз Біреуі қаза қалмасқа... – деп, еліне тек жақсылық береке, ынтымақ, татулық беретін он бір тілек тілейді. Бұл тілектің орындалуы елдің бірлігіне байланысты деген ой түйеді. Бұқардың ел бірлігін сақтау мәселесі «Керей, қайда барасың?» толғауында өз жалғасын тапқан. Керей, қайда барасың? Сен қашсаң де мен қойман, Арғымағым жебелеп... Уа, сен танымай кетіп барамысың? Мен – Арғын деген арыспын, Азуы кере қарыспын. Сен – бұзау терісі шөншіксің, Мен өгіз терісі талыспын, – деп, өзін өгіз терісі талысқа, Керейді бұзау терісінен жасалған жарғақ қалта – шөншікке теңеген. Елден бөлініп көшіп кетпек болған Керейді райынан қайтарып, ел бүтіндігін сақтап қалған. Бұқар толғауларынан Абылай бейнесі ерекше орын алған. Бұқардың «Ай, Абылай, Абылай», «Абылай ханның қасында», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Құбылып тұрған бәйшешек», «Қалданменен ұрысып», «Қазақтың ханы Абылай», «Ал, тілімді алмасаң» сияқты көптеген толғаулары Абылайға арналған. «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» толғауында: ...Елу жасқа келгенде, Үш жүздің баласының Атының басын бір кезеңге тіредің, – деп, Абылайдың азаттық жолындағы қолбасшылық ерлігін дәріптеген. Тиісті жерінде Абылайдың кемшіліктерін де батыл айтып отырған. «Сен қамалды бұзған Қанжығалы Бөгенбайдан асқан батыр ма едің? Қабанбайдан бұрын жауға найза сілтеп пе едің?» деп ханның жауды жеңуі батырлардың арқасында екенін, ханның олармен әрдайым санасуы керектігін айтқан. Бұқар жырау поэзиясы нақылға, өсиетке, ғибратқа құрылған. Жырау толғауларынан мақал-мәтел болып кеткен жолдар да кездеседі. Мысалы, «Шаршы топта сөз бастау қиын», «Ежелгі дұшпан ел болмас», «Әкелі бала жаужүрек», «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар», «Жақсының аты өлмейді», т.б. Бұқар жырау өлеңдерін жинап, қағаз бетіне түсірген – белгілі фольклорист, ақын, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев. |