ркениеттер рекеттестігіні сауда экономикалы саласы
Скачать 29.62 Kb.
|
Өркениеттер әрекеттестігінің сауда- экономикалық саласы Ұлы Жібек жолы. Ежелгі және орта ғасырлардағы өркениеттерде сауда-экономикалық өзара әрекеттестігінің үлгілі көрсеткіші Ұлы Жібек жолы болды. Бұл – б.з.б.ІІ ғасыр мен б.з. ХVІ ғасырда Қытай мен Алдыңғы Азияны, VІІІ – ІХ ғғ.Балтық жағалауларын байланыстырған сауда керуен жолдарының жалпы атауы. Жолдың ұзындығы 7 мың шақырымнан асқан. Ұлы Жібек жолы Қытайдан бастау алып, Ниса мен Бағдат арқылы Шығыс Жерорта теңізінің айлақтарына жетті. VІІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырда Ұлы Жібек жолының судағы екі бағыты Шығыс Еуропа арқылы өтті. Бір тармағы Каспий теңізі арқылы Жайыққа, одан әрі Балтық жағалауларына, екіншісі – Сирия мен Кавказ арқылы Еділ мен Солтүстік Донецке жетті. Еуропаға Ұлы Жібек жолымен асыл бұйымдардың сан алуан түрі жетті. Қытай экспортының ең басты тауары – жібекпен қоса, қолөнер бұйымдары, фарфор ыдыстар, дәмдеуіштер, кілемдер, Дамаск болатыныан соғылған қарулар болды.Керісінше, Еуропадан Араб елдеріне бағалы терілер, бидай және кәріптас (янтарь) тасымалданды. Алғашқыда жібекҚытайда ғана өндірілді, кейіннен б.з. І –ІІ ғасырларды жібек өндіру Шығыс Түркістанға жетті, ал V ғасырда Иранда пайда болды. VI ғасырда Византия императоры жібек өндіруді Грекияда қолға алды. Алғашында қағазды шығыстың көпестерінен сатып алған еуропалықтар XIII ғасырдан бастап оны Қытай мен Орта Азия үлгісі бойынша өздері жасай бастады. Ұлы Жібек жолы сауда-экономикалық даму байланыстары арқылы Батыс өндірістік жетістікке жетсе, Шығыс ауылшаруашылығын дамытты. Шығыстың батыстан техникалық жағынан артықшылығы XVIII ғасырға дейін созылды, бұдан кейін Еуропада өндірістік төңкеріс басталған болатын. XV ғасырдың соңында болған ұлы географиялық ашылулар нәти-жесінде Ұлы Жібек жолының әлемдік саудадағы маңызы бірден төмендеді. Әлемдік өркениеттердің сауда мәдениетінің өзара бай-ланыстары тоқырап, енді оның орнын еуропалық державалардың экспанциясы басты. Бүгінде Ұлы Жібек жолының тарихы алуан түрлі халықтар мен елдердің өзара тиімді сауда және бейбіт мәдени араласуының маңызды тәжірибесі ретінде қарастырылуда. 1987–1997 жылдары ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы диалог жолы» атты бағдарламасы жүзеге асып, бұл Ұлы Жібек жолын жаңғырту жобаларына дайындықтың бастауы болды. Қазіргі таңда өркениеттің сауда-экономикалық өзара байланысы арнайы халықаралық ұйымның құрылып, жүзеге асуымен орындалады. Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ).XIX ғасырда әлемдік сауда рө-лінің өсуі индустриалды елдерді халықаралық деңгейде кеден салығын шектейтін қауымдастықтар құруға мәжбүрледі. 1929 жылы кенеттен басталған әлемдік экономикалық дағдарыс пен кейбір дамыған елдердің шетелдік импорттарға жоғары баж салығын салу арқылы ішкі нарығын тікелей қорғау жолымен дағдарысты еңсеруге әрекет жасауы, өсіп бара жатқан сыртқы сауда-саттықта институционалдану мен ұлттық реттеу қажеттігін көрсетті. Әлемдік сауданы бақылайтын халықаралық ұйымдарды құру идеясы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталмай тұрып пайда болған еді. АҚШ пен Ұлыбританияның негізгі бастамасымен 1944 жылы Бреттон-Вудс конференциясында БҰҰ валюталы-қаржылық мәселелері бойынша Халықаралық валюта қоры және Халықаралық қайта құру және даму банкісінің негізіқаланды. 1947 жылы Тарифтер мен сауда жөнінде Басты келісімге (GATS) қол қойылды. Алғашқысында келісім барлығын тегіс қамти алатын келісімнің бір бөлшегі ретінде қарастырылды. Келісім 1948 жылы 1 қаңтарда күшіне еніп, бастапқыда ешқандай қоғамдық құрылымсыз қызмет ете бастады. Кейіннен ДСҰ осы құрылымның орнын басты. ТСБК құрылғаннан кейін тиімді жүйеге айналды. 1940 жылдар-дың ортасында келісімге қол қойылғанға дейін орташа кеден салығы 40 пайызға дейін төмендесе, 1990 жылдардың ортасында 4 пайызға дейін азайды. Тікелей кедендік баж салығын азайту және шетелден жасырын жолмен «тарифсіз» өнім тасымалына шектеу қою мақса-тында ТСБК шеңберінде мүше мем-лекеттер арасында келіссөздер жиі жүргізіліп отырды. Ұзақ келіссөздер нәтижесінде 1994 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымын(ДСҰ) құру туралы келісімге қол қойылды. 1995 жылы 1 қаңтарда келісім күшіне енді. Мүше мемлекеттер осы ұйым аясында тек сауда-саттықты ғана реттеп қоймай, постиндустриалды қоғамда дамып келе жатқан қызмет көрсету сапасының әлемдік саудада өсуіне байланысты (XXI ғ. басында – 20%) қызмет сапасын реттеуде де келісімге келді. Осы келісімдер аясында зияткерлік меншікке қатысты құқықтың сауда мәселелерін реттейтін және ДСҰ-дың ажырамас құқықтық іргелі бөлшегі болып саналатын Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша келісім (TRIPs) қабылданды. ДСҰ-дың мақсаты– халықаралық сауданың жалпы принциптерін орнату. Халықаралық ұйымдарды құру әрекеті мен ТСБК уақытша құ-рылымының сәтсіз аяқталуынан кейін 50 жыл өткен соң, сыртқы сау-да мәселелерін бақылаушы – ДСҰ 1995 жылы 1 қаңтарда жұмысын бастады. ДСҰ жұмысы мынадай басты негіздерге құрылған: Тең құқық. ДСҰ-дың әрбір мүшесі өзге барлық мүшелерге саудада неғұрлым қолайлы режім (НҚР) ұсынуға міндетті. Өзара келісім. Екіжақты сауда шектеулеріне бастайтын қадамдар өзара келісім арқылы болуы тиіс. Ашықтық. ДСҰ мүшелері өздерінің сауда ережелерін толық жариялауы тиіс және ДСҰ-дың басқа мүшелеріне жеткізілетін ақпаратқа жауапты орган болу қажет. Қолданыста болатын міндеттерді құру. Мемлекеттердің сауда тарифтері туралы міндеттемелері ДСҰ арқылы реттеледі. Қандай да бір мемлекеттің сауда саласындағы нақты бір секторындағы жағдайы күрделенсе, зиян шеккен жақ басқа сектор бойынша өтемақы талап етуге құқылы. Қорғаныс клапаны. Кейбір жағдайларда үкімет саудаға шектеу енгізуі мүмкін. ДСҰ мүшелері қоршаған ортаны қорғау, денсаулық саласын қолдау, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау шараларын қабылдауы мүмкін. Бүгінде ДСҰ-ға (2015 жылдан) Қазақстан Республикасын қосқанда 164 мемлекет мүше. НҚР принципі бойынша ДСҰ мүшелерінің біріне ұсынылған преференция1автоматты түрде ұйымның қалған барлық мүшелеріне таралады. НҚР принципі тек ДСҰ-дың жеңілдік жүйесіне ие дамушы және дамуы төмен елдерге, өңірлік еркін сауда аймақтарына және кедендік одаққа жүрмейді. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ).БҰҰ-ның валюталық-қаржылық мәселелері бойынша ХВҚ1945 жылы 27 желтоқсанда құрылды. Өз қызметін 1947 жылдың 1 наурызында бастаған ХВҚ-ға бүгінде 189 мемлекет мүше. Қор мемлекеттің төлем балансы тапшы болған кезде қысқа және орта мерзімді несие-лермен қамтамасыз етеді. Әдетте, несиелермен қамтамасыз ету бірқатар шарттар мен ұсыныстар арқы-лы жүргізіледі. ХВҚ-ның Дүниежүзілік банктен айырмашылығы – қысқа мерзімді макроэкономикалық дағдарыстарға бағытталған. Дү-ниежүзілік банк тек кедей елдерді ғана несиемен қамтамасыз етсе, ХВҚ қысқа мерзімді қаржылай міндеттемелерін жабу үшін шетелдік валютаның жетіспеушілігінен тарыққан, өзіне мүше-елдердің кез келгеніне несие бере алады. ХВҚ-ның алдына қойған міндеттері: -халықаралық валюталық-қаржылай мәселелерде бірлесіп жұмыс жасайтын және кеңес беру механизмімен қамтамасыз ететін, тұрақты мекеме ретінде валюталық-қаржылық саланың халықаралық байланысын дамытуға септігін тигізу; -халықаралық сауданың кеңейуі мен тұрақты дамуына ықпал ету және осы арқылы жетістікке қол жеткізуге жағдай туғызу, жұ-мыспен қамтудың жоғары деңгейі мен пайдалы кірісті қолдау, сонымен бірге барлық мүше мемлекеттердің өндіріс ресурстарын дамыту әрі осы әрекеттердің барлығын экономикалық саясаттың бірінші кезектегі міндеті ретінде қарастыру; -валюта тұрақтылығы мен мүше мемлекеттер арасында бекітілген валюта тәртібіне қолдау көрсету, сондай-ақ бәсекелестікте табысқа жету мақсатында валюта иеленуге және валютаның құнсызда-нуына жол бермеу; -мүше-мемлекеттер арасында күнделікті ағымдағы операциялар бо-йынша жан-жақты есептеу жүйесін құруға және әлемдік сауданың өсуіне кедергі келтіретін валюталық шектеулерді жоюға атсалысу; -мүше-мемлекеттер сенімділіктерін нығайту үшін тиісті кепілдікті сақтау барысында қордың жалпы ресурсымен уақытша қам-тамасыз ету арқылы мүше елдердің төлем баланстарындағы сәй-кессіздіктерін түзетулеріне ұлттық немесе халықаралық деңгейдегі әл-ауқат қорына залалын тигізбей мүмкіндік беру; -мүше мемлекеттер сыртқы төлем баланстарының тұрақсыздық күйін қадағалап, тоқтату және осындай келеңсіз жайттардың ауқымын қысқарту. Преференция – артықшылық, жеңілдік ХВҚ-ның негізгі қызметтері: -қаржы саясатында халықаралық серіктестікке қолдау көрсету; -әлемдік сауданың ауқымын кеңейту; -несиелеу; -ақша айырбастау курстарын тұрақтандыру; -борышкер (дебиторлар) елдерге кеңес беру; -экономика саласында кадрларды дайындауға көмектесу; -халықаралық қаржы статистикасының стандарттарын жасау; -халықаралық қаржы статистикасын жинау және жариялау. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ). Картель ретінде жиі қарастырылатын Халықара-лық үкіметаралық ұйымы мұнай өндіруші елдердің бірігуімен 1960 жылы құрылды. Мақсаты – мұнай шығару үлесін бақылау. 1960 жылдары отарлық бұғаудан босап, жаңа тәуелсіз мемлекеттер-дің қалыптасуы белең алды. Жаңа пайда болған мемлекеттердің өздеріне тиесілі пайдалы қазбаларын өз бақылауына алып, ұлтының мүддесі үшін оларды пайдалана бастағанда осындай ұйым қажеттілігі туындады. Қазіргі уақытта МЭЕҰ құрамына әлемдік мұнай қорының 2/3 мөлшеріне бақылау жасайтын 14 мемлекет кіреді. Олардың еншісінде әлемдік мұнай экспорттың шамамен 35 пайызы бар. МЭЕҰ мақсаттары: -ұйымға қатысушы елдер арасында мұнай табысына байланысты қызметтер үйлестіру мен ортақ саясатты әзірлеу; -мұнайдың бағасының тұрақты болуын қадағалау; -тұтынушыларға мұнайдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету; -мұнай саласындағы инвестицияларды өндіру. МЭЕҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика және мұнай министрлік-тері халықаралық мұнай нарығын бағалау мен оның болашақтағы даму ахуалын талқылау мақсатында жылына екі рет бас қосады. Бұл кездесулерде нарықты тұрақтандыру үшін қажетті шешімдер қа-былданады. Нарықтағы сұраныстың өзгеруіне сәйкес мұнай табысы көлемінің өзгеруіне қатысты шешімді МЭЕҰ конференцияларында қабылдайды. 1968 жылы МЭЕҰ «МЭЕҰ-ға мүше елдердің мұнай саясаты туралы» Декларациясын қабылдады. Декларацияда барлық елдердің ұлттық мүддесіне байланысты өздеріне тиесілі табиғи ресурстарын игеруіне толықтай құқықтарының бар екендігі көрсетілді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – 2001 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан бірігіп, негізін қалаған халықаралық ұйым. 2017 жылы ШЫҰ құрамына Үндістан мен Пәкістан теңқұқылы мүше болып енді. Сауда-экономикалық саладағы ұйымның басты мақсаты – экономикалық ынтымақтастықты дамыту, энергетикалық серіктестікті арттыру. ШЫҰ негізгі мақсаттары мен міндеттері: -аймақта бейбiтшiлiктi, қауiпсiздiк пен тұрақтылықты сақтау және нығайту; әдiл демократиялық, ұтымды саясат және экономикаға халықаралық тәртiп орнатуға жәрдемдесу мақсатында ынтымақ-тастықты дамыту; -ортақ мүдде көздейтін саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс, құқық қорғау, табиғат қорғау, мәдени, ғылыми-техникалық, бiлiм беру, энергетика, көлiк, кредит-қаржы және басқа салалардағы тиiмдi аймақтық ынтымақтастықты ынталандыру; -мүше мемлекеттер халықтарының тұрмыс деңгейiн үздіксiз арт-тырып, жағдайларын жақсарту мақсатында теңқұқылы әрiптестік негiзiнде бiрлескен iс-қимыл арқылы аймақтағы жан-жақты және теңдестiрiлген экономикалық өсуге, әлеуметтiк және мәдени да-муға жәрдемдесу; -әлемдiк экономикаға интеграциялану жағдайында көзқарастарды үйлестiру; -басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынас-тарды қолдау және дамыту; -XXI ғасырда туындайтын проблемалардың шешiмiн бiрлесiп iздестiру. ШЫҰ қабылдаған алғашқы құжат «Шанхай ынтымақтастық ұйы-мын құру туралы Декларация» болды. Ол 2002 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының декларацияға және ШЫҰ-ның базалықережелік құжаты саналатын Хартияның қабылдануына ықпал етті. ШЫҰ-ның қалыптасу кезеңі 2003 жылы аяқталып, ол 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмыс механизмі, қызметкерлері және бюджеті бар толыққанды халықаралық құрылым ретінде қызметіне кірісті. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО).Қазақстан Тұңғыш Прези-денті Н.Ә.Назарбаев 1994 жылы 29 наурызда Ресейге жасаған ресми сапарында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси-тетінде болып, біртұтас экономикалық кеңістік пен бірлескен саяси қорғаныс негізін қамтыған Еуразиялық Одақ қалыптастыру идеясын алғаш рет айтты. Президент «Еріктігі мен теңдігі қағидаттарында қалыптасқан жаңа үкіметаралық бірлестіктің негізінде біздің еліміз арасындағы қатынастардың сапалы жаңа деңгейіне көшу қажеттілігі бар. Мұндай қауымдастық Еуразиялық одақ болуы мүмкін. Ол ТМД-дан басқа принциптерге негізделіп, жаңа қауымдастықтың негізі екі негізгі міндетті шешуге арналған ұлттықтан жоғары орган болуы тиіс: бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру және бірлескен қорғаныс саясатын қамтамасыз ету» қажеттілігін білдірді. ЕЭО– бұл 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген Еуразиялық Экономикалық Одақ жөніндегі Келісімшартқа сәйкес құрылған аймақтық экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы. Ұйым құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей енді. 2015 жылдың 29 ма-мырында ЕЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды. 2015 жылы 21 шілдеде Сирия ЕЭО-ға мүше болуға өтініш білдірді. ЕЭО-да тауар, қызмет көрсету, капитал және жұмыс күші еркін айналымда болады және экономика бағыты бойынша үйлескен, келісілген және бірыңғай саясат жүргізіледі. ЕЭО жан-жақты жетілу мақсатында кооперацияларды және ұлттық экономикадағы бәсе-келестікті арттыру мен ұйымға мүше-мемлекеттердегі халықтың өмір сүру деңгейі көрсеткіштерінің тұрақты дамуына жағдай жасау үшін құрылды. Тапсырмалар мен сұрақтар: 1. Ұлы Жібек жолының тарихи маңызы неде? 2. Қазіргі замандағы жетекші халықаралық экономикалық ұйымдарды атаңдар, олардың мақсаты мен іс-әрекеттерінің маңыздылығына тоқталыңдар. Тапсырма «Еуразиялық экономикалық одақ» туралы Келісімнің үзіндісімен танысып, сұрақтарға жауап беріңдер. 1. ЕЭО қандай ұйым болып саналады, оның құрылу мақсаты қандай? 2. ЕЭО қызметінің принциптерін көрсетіңдер және оның маңызына тоқталыңдар. 3. ЕЭО-ның халықаралық қызметінің маңызы неде? 4. ЕЭО басшылық органдарын атаңдар. 5. ЕЭО-ның құрамы мен өкілеттілігі қандай? 6. ЕЭО-ның ішкі нарығын сипаттаңдар. 7. ЕЭО-ға жаңа мүшелерді қабылдау шарттарын түсіндіріңдер. ӨРКЕНИЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ САЛАСЫ Қазіргі әлемде орын алған қандай да бір күрделі мәселені жеке бір мемлекеттің жал-ғыз әрекет етіп шешуі мүмкін емес. Өрке-ниеттер байланысындағы тарихи саяси қалып-тарды реттеу процесінде арнайы органдар мен өркениеттердің дипломатиялық ықпал-дастығын танытатын халықаралық қатынастар тәжірибесі ерекше маңызға ие. Бүгінде өркениеттердің дипломатиялық ықпалдастығының басты алаңы болып құрамында 193 мүше мемлекет бар Біріккен Ұлттар Ұйымы саналады. БҰҰ-ның мақсаттары мен принциптері, құрылымы, негізгі қызметі мен өкілеттілігі. БҰҰ – әлемдегі халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, оған қолдау көрсету үшін әрі өзара байланысты арттыру үшін тәуелсіз мемле-кеттердің ерікті күшімен ұйымдасып құрылған ірі халықаралық ұйым. БҰҰ – жан-жақты ұйым. Әлемде барлық сала бойынша мәселелер талқылап, оның шешімін шығаратын, халықаралық дипло-матиялық форум. БҰҰ-ға мүшелікке өту ұйымның жарғылық талабын орындайтын барлық мемлекеттер үшін ашық. БҰҰ-ға мемлекеттерді қабылдау БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы бойынша БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жүзеге асырады. Ағылшын, фран-цуз, испан, орыс және қытай тілдері БҰҰ-ның ресми тілдері болып саналады. Осы ресми тілдерден бөлек Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңесі қосымша араб тілін енгізді. Жарғыға сай БҰҰ тәуелсіз мемлекеттердің ішкі құзыретіне қол сұғуға құқығы жоқ. Алайда бұл принцип қандай да бір мемлекетке жарғы бойынша мәжбүрлеу шарасын қолдануға кедергі бола алмайды. БҰҰ-ның бас органы болып Бас Ассамблея, Қауіпсіздік кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Қамқорлық бойынша кеңес, Халықаралық сот және Хатшылық саналады. БҰҰ-ның құрылымы аса ауқымды. БҰҰ барлық адамзаттың күрделі мәселелерін шешетін орталық болып табылады. Бұл маңызды істер БҰҰ-ның жүйесіне кіретін 30 ұйымның бірлесіп күш салуы арқасында жүзеге асуда. Ұйым жиырмадан астам арнайы мамандандырылған құрылымдар мен бірнеше бағдарлама және БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы (ПРООН) секілді арнайы қорларды қамтыған. Маманданған құрылымдар жеке ұйым ретінде өз жұмыстарын БҰҰ-ның арнайы келісімдері арқылы оның қызметіне байланысты үйлестіреді. Оған, негізінен, мыналар жатады: Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ)– еңбек шарттарын жетілдіру мен халықты еңбекпен қамту көрсеткішін арттыру, әлемнің барлық елдерінде қолданатын халықаралық еңбек стандарттарын белгілеу, бағдарламалары мен саясатын дайындаумен айналысады. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО)жалпыға бірдей білім берудің мақсатын, мәдениетті дамыту, бүкіләлемдік табиғи және мәдени мұраларды сақтау, халықаралық ғылыми байланысты арттыру, ақпарат бостандығы мен коммуникацияны жүзеге асыру міндеттерін атқарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ)денсаулық сақтау мәселелерін шешуге бағытталған және Жер шарындағы халықтар денсаулығын барынша жақсартуды жүзеге асыратын бағдарламаны үйлестіреді. БҰҰ әмбебап ұйым болғандықтан, аса ауқымды қызметтерді атқа-рады, іс жүзінде ықпалы барлық саланы қамтиды, олар: жанжалдарды реттеу үшін бітімгершілік операцияларын жүргізу және шешім қабыл-дау, еркін әрі әділ сайлау өткізу үшін мемлекеттерге көмек көрсету, да-мушы елдер экономикасын дамыту үшін жеңілдетілген займдар ұсыну. БҰҰ-ның барлық мүшесі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына (БА) ұсы-нылған. Онда әлемдегі ең өзекті мәселелер талқыланып, барлық мем-лекеттер өз пікірлерін білдіре алады. Барлық мүшелер бірдей құқық пен артықшылыққа ие болып, бәріне бірдей міндеттер жүктеледі. Бас Ассамблеяға халықаралық бейбітшілікті нығайту, халықаралық шиеленістерді бәсеңдету, қарулану мен қайта қарулануды тоқтату секілді маңызды қызметтер жүктелген. 1946 жылы Бас Ассамблея қарулану мен қарулы күштерді қысқарту туралы бірауыздан қарар қабылдайды, ал 1947 жылы соғысты насихаттауға қарсы қарар қабылданды. БҰҰ-ның жарғысына сәйкес Бас Ассамблея мынадай қызметтер мен өкілдіктерге ие болды: -халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау істерінде, оның ішінде қарусыздану мен қарулануды реттеуді анықтауда, ынтымақтасу принциптерін қарастыру және мына принциптерге қатысты ұстаным беру: -халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты кез келген сұрақты талқылау және ол туралы ұстаным дайындау (егер бұл даулар мен жағдайлар БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің қарауында болмаса); -ұлттар арасындағы достық қатынасқа зиян әкелетін кез келген жағдайды бейбіт жолмен реттеу шараларын ұсыну. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі (ҚК)15 мүшеден тұрады: 5 тұрақты – Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және 10 тұрақты емес мүшелер. Оларды БҰҰ Бас Ассамблеясы екі жылдық мерзімге сайлайды. Қауіпсіздік кеңесінің әр мүшесі бір дауысқа ие. Егер қандай да бір шешімге Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі қарсы дауыс берсе, ол шешім қабылданбайды. Тек Қауіпсіздік кеңесі ғана ұсыныстар мен шешімдерді қабылдауға, ал мүше-мемлекеттер орындауға міндетті. Қауіпсіздік кеңесі бейбітшіліктің сақталуы мен қауіпсіздікке басты жауапкер және бейбітшілікке қауіп төнген кез келген жағдайда шақыртылуы мүмкін. Қауіпсіздік кеңесі агрессия нысаны болып отырған елдер үндеу жолдай алады. Қауіпсіздік кеңесі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін БҰҰ-ның қарулы күштерін құруға және қолдануға құқылы. Қауіпсіздік кеңесінің міндеті мен өкілдіктері: -БҰҰ-ның принциптері мен мақсаттарына сәйкес халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау; -халықаралық жанжалға соқтыратын кез келген дау мен әртүрлі жағдайларды зерттеу; -осындай дауларды реттеп, оларды бейбіт шешу амалдарын ұсыну; -қарулануды реттеу жүйесін құру туралы жоспар жасау; -бейбітшілікке төніп тұрған қатердің мүмкіндігі мен басқыншылық актісін анықтап, кейіннен қолданар шара туралы ұсыныс беру; -күш қолдануға қатысы жоқ ескерту мен басқыншылықты тоқтату үшін экономикалық санкция мен басқа да қолданылар шараға байланысты БҰҰ-ның мүшелерін шақыру; -12017–2018 жж. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды -басқыншылыққа қарсы әскери іс-әрекетті қолдану; -«Стратегиялық аудандар» қамқорлығы бойынша БҰҰ-ның қызметін жүзеге асыру. Қауіпсіздік кеңесі осы атқарылған міндеттер мен өкілеттіліктерден басқа өз шешімін де бере алады. Қауіпсіздік кеңесі халықаралық қауіпсіздікке қатер төнгені туралы ақпарат алғанда, дауды бейбіт түрде реттеу жолдарын қарастырады. Соғыс жағдайында апатты тоқтатуға күш салады. Ол екі жақ келісімге келу үшін немесе қарсыластарды ажырату үшін бітімгершілік миссиясын жіберуі мүмкін. Қауіпсіздік кеңесі өздері қабылдаған шешімдердің орындалуы үшін мәжбүрлі түрдегі шараларды қолдануы мүмкін: экономикалық санкция салу немесе қару тасымалына эмбарго қою; бұл жағдайда Қауіпсіздік кеңесі мүше мемлекеттерге барлық шараларды пайдалануға, тіпті әскери әрекеттерді қосуға уәкілдік етеді. Мысалы, 1990 жылы тәуелсіз Кувейт аймағын басып алғаны үшін 1991 жылы Иракқа қарсы қарар қабылдап, біріккен әскери қимылдар жасады. Көп жағдайда Қауіпсіздік кеңесінің соғысты тоқтату жөнінде берген нұсқауы маңызды рөл атқарып, әскери қақтығыстардың баяулауына ықпал еткен. Қауіпсіздік кеңесінің 2003 жылы 13 қазанда Ауғанстан жөнінде қабылдаған қарарында «Бейбітшілікті сақтауға жәрдем беретін Халықаралық күштер мандатын кеңейтуге өкілдік береді. Олар Ауғанстанның өтпелі әкімшілігіне және оның заңды мұрагеріне Ауғанстан-ның аудандары мен Кабулдың айналасын, одан тыс жерлердегі қауіпсіздікті сақтауға қолдау көрсетсін» делінген. 2005 жылы Қауіпсіздік кеңесі лаңкестікпен қоса, 71 кең ауқымды қарар қабылдады. Онда Африкадағы жағдай, Таяу Шығыс пен Ауғанстан мәселелері қамтылған. БҰҰ-ның әлемге қауіп төндірген жанжалдар мен жаңа қауіптердің алдын алу әрекеті.БҰҰ-ның маңызды тапсырмаларының бірі – әлемнің барлық аймағында бейбітшілікті сақтау. Ұзақ жылдан бері БҰҰ халықаралық дағдарыстардың алдын алуда, жанжалдарды реттеуде маңызды рөл атқарып келеді. Ол бейбітшілікті орнату мен қолдауға және гуманитарлық көмек көрсетуге байланысты шараларды жүзеге асыруда. Алайда XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы жаһандану жағдайында әлемде тұрақсыздық пен жаңа қауіптер туындап, әлемдік саясатта жанжалдар пайда болуда. Бұл жанжалдар мемлекетаралық қана емес, мемлекеттің ішкі сипатына да әсер етуде. Бұл – этникалық шығу тегіне, нәсіліне, дініне және мәдениетіне байланысты тұрғындар арасында туындайтын топтық жанжалдар. Дәл осындай өзгешеліктер мен өз мүддесін көздеген топтардың себебінен жаңа даулар туындап, ескі жанжалдар мен соғыстар қайта қозады. Осы жағдайларға орай әлемдік көшбасшылар 1992 жылы БҰҰ-ның Бас хатшысына БҰҰ-ның дипломатиялық алдын алу мен бітімгершілік және бейбітшілікті қолдауда ықпалын арттыру туралы өтініш жолдады. Бұған жауап ретінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Бутрос-Гали 1992 жылғы өз баяндамасында бірқатар мәселелерді қамтыған ұсыныстарын білдірді: -бейбітшілікке төнер қауіпті алдын ала ескертетін жүйе құру; -соғыс жанжалдары туындауы мүмкін аймақтарға БҰҰ-ның күштерін шоғырландыру; -егер соғысты тоқтату қажеттілігі туындайтын болса, осы жағдайға қажетті арнайы бітімгершілік әскерлерін құру; -аймақтардағы ұйымдарды ынтымақтаса жұмыс істеуге, алдын алу дипломатиясы мен бітімгершілікке, бейбітшілікті сақтау істеріне белсенді тарту. Жанжалдарды реттеу үшін БҰҰ төрт бағыттағы қызмет түрін ұсынды: алдын алу диплома-тиясы, бітімгерлік, бейбітшілікті сақтау және бейбітшілікті қалыптастыру. Алдын алу дипломатиясы– ықтимал жанжалдарды реттеу мен тоқтату мақсатында мемлекеттер арасында және ішінде болуы мүмкін шиеленіс көздеріне үздіксіз бақылау жүргізу. Бітімгершілік – БҰҰ-ның өкілеттілігіндегі заңдық негіздерді пайдалана отырып, жанжалды реттеу әдісі. Бейбітшілікті қолдау шарасы – азаматтық құрамға маңыз беру. Бейбітшілікті сақтау күштерін тек соғысты тоқтатуға ғана емес, саяси реттеу әрекеттеріне де қолдану. Бұл бейбітшілікті сақтауда мынадай әрекеттерге ықпал етеді: қарусыздандыру, жасақты тарату, сайлауға бақылау және полицияның қалыптасуы мен олардың дайындығына бақылау жасау. Жанжалдан кейінгі бейбітшілік қалыптастыру – күштеу мен зорлықтың негізгі себептерін жоюға бағытталған және бейбіт өмір мен қауіпсіздікті қалыптастыратын жалпы әрекеттердің жүзеге асуын қам-тамасыз ету (саяси, құқықтық, әскери, гуманитарлық, экономикалық, әлеуметтік, мәдени т.б.). Төрт бағытқа тағы біреуі – барлық аспектілердегі, әсіресе гума-нитарлық (қоғамдық) жанжалдарды басқару қосылады. СҰРАҚТАР МЕН ТАПСЫРМАЛАР 1. БҰҰ-ның мақсатын айтыңдар. 2. БҰҰ-ның қызмет принциптерін сипаттаңдар. 3. БҰҰ-ның құрылымын ашыңдар. 4. Жаһандану жағдайындағы жанжалдардың жаңаша ерекшеліктері неде? 5. БҰҰ-ның жанжалдарды реттеудегі заманауи бағыттағы қызметтерін баяндаңдар. https://youtu.be/FTpWVduy_Z0 |