Работа. Сайын Мұратбеков - Жусан исі. Сайын Мратбеков Жусан иісі
Скачать 53.14 Kb.
|
Хат жазуды үйретші, – деп жата жабысатынбыз. Аян білденбейтін. Жымың-жымың етіп күлетін де: Мә, мына менің хатымды көшіріп жаз, тек менің ағамның орнына өз ағаңның атын жаз, – деп қоятын. Сөйте-сөйте хат жазуды бәріміз де үйрендік. Енді біздің ауылдан күніне майданға сөзі де, мазмұны да, кейде тіпті кісі аттары бірдей жиырма- отыз хаттан кетіп жататын болды. Дәл біздің хат тануымызды күтіп жүргендей-ақ екі айдан кейін Иманжанов қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Бір қол, бір аяғынан паралич болған. Басқа мұғалім келмеді. Осылайша біздің оқуымыз да келер жылға дейін тоқтаған еді. Бірде Аян өрістен мал қайырып келе жатып үйретемін деп, өзінің қасқа бұзауына секіріп мінген. Семіз бұзау мөңкіп-мөңкіп жығып кетті. Сол жолы Аянның тобығы тайып бір айдай үйінде ауырып жатты. Осыдан кейін-ақ Аянның тобығы тайғыш болып алды. Қит етіп алысса, иә секірсе тобығы тайып кететін де, Аян: Ойбай, ойбай, аяғым-ай... аяғым-ай... – деп жанұшыра бақырып жата қалатын. Бірте-бірте ол алысып-жұлысып ойнайтын ойындарға араласпай, шеттеп, бар қызыққа тек анадайдан сырттай қызыға қарап тұратын болды. Тобығы үшінші рет тайғанда, ол үйінде бұрынғыдан да ұзағырақ жатты. Бұл кезде қыс түсіп қар жауған. Біз болсақ сырғанақтың қызығына кіріскенбіз. 2 Біздің ауыл Ешкіөлмес деген кішкене қоңыр таудың дәл етегінде еді. Ұзыннан-ұзақ бір көше боп жоғарыдан төмен қарай созылып жататын. Қыста осы жалғыз көшенің басынан-аяғына дейін балалар жуылдаса топырлай жүріп қарды таптап, сырғанақ жасайтынбыз. Қар қалың түскенімен таулы жердің күні өте жайма-шуақ, жылы болады. Тапталған қар күні бойы жентектеліп еріп, кешке қарай көк мұз боп қатып қалатын. Дәл сол кезде үй-үйден шанасы барлары шанасын сүйретіп, конькиі барлары аяғына конькиін байлап, бала атаулы тегіс көшеге шығатын. Қас пен көздің арасында ұзын көше бастан-аяқ қыбырлаған балаға толып кетуші еді. У-шу боп, біреулері төмен қарай оқша зулап шанасының табанынан от жарқылдап бара жатқанда, енді бір шұбалған топ шаналарын сүйретіп жоғарыға өрлеп бара жататын... Бүгін де сырғанақтағы ойынның сондай бір қызған шағы еді. Күннің көзі қанталағандай боп ерекше қызарып ұясына қонуға таянған. Сірескен ақ қардың бетінде бір сәтке жұқалаң қызғылт кілегей тұрды. Күні бойы Ешкіөлместің күнгейінде жайылған мал ешкім қайырмаса да бір ізбен шұбырып ауылға қайтқан. Кенет бүкіл ауылды шулыға шыққан ащы дауыстар селт еткізді. Төбе құйқаны шымырлатып жоқтау айтқан дауыстар. Аянның үйінен шығып жатыр. Мұндайда балалар еліккіш келеді ғой. Сырғанақты тастай бере дәл бірдеңеден құр қалатындай бәріміз бірдей дүрліге дүркіресіп, Аянның үйіне қарай лап қойдық. Артымыз жетпей жатып, алдымыз не боп қалғанын естіп те үлгердік. «Аянның әжесі өліп қапты», – деген сыбырды алқына тұрып сүйінші сұрағандай бірімізге-біріміз жеткіздік. Жарғақ сары тон киген Аян, күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан шыға жаутаңдап, өңі боп-боз есігінің алдында тұр екен. Үйінде көрші-қолаң әйелдер бір-бірімен шуылдаса көрісіп, азан-қазан боп жатқанмен ол көзіне жас алмапты. Біз өзара сөйлескеніміз болмаса, оған үн қатқамыз жоқ. Аян да бізді үнсіз қарсы алды. Сүйреткен шанамызға, конькиімізге көз салды. Тоңғаннан ба, танауын жиі-жиі тартып, дір-дір етеді. Күн ұясына еніп бара жатыр. Аян болса сол мелшиген күйде жалтақ- жалтақ етіп, ауылдың әр тұсынан «әжетайлап» дауыс қойып келе жатқан үлкен адамдарға қарайды. Бірақ олардың бірі де бұған назар аударар емес. Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай одан көз айырмастан ортаға ап, қоршалай тұрмыз. Өзара сыбырласқан боп, оған да естірте: «Әжесі өлгенге неге жыламайды-ей?» – деп қоямыз. Аян естісе де, естімеген адамша міз бақпайды. Тек әлдебір уақытта, бас жоқ, аяқ жоқ: Ертегі тыңдайсыңдар ма деді? – деді. Онан соң біздің жауабымызды күтпестен өзі бастап үйдің бұрышын айналды. – Жүріңдер, үйдің сыртына отырайық. Біз оның соңынан ердік. Үйдің сырт жағына кеп шаналарымызды қаз қатар тіздік те, өзіміз жайғаса отырып, енді не дер екен, дегендей Аянның аузына қарадық. Ол со тұнжыраған қалпында бәріміздің жүзімізді бір сүзіп өтті де: Күлкілісін айтайын ба? – деді. Біз үн-түнсіз бас изестік. Аян тонының омырауына тұмсығын тығып сәл күрсініп қойды да, ойға шомған күйде сыбырлағандай дауыспен: Ертеде бір жетім бала бопты... – деп ертегісін бастады. Сол күні оның ертегісі түннің жарымында бір-ақ аяқталды. Әуелде түнжыраған күймен жабырқау басталса да, келе-келе ертегінің күлкілі оқиғасы көбейіп, Аян да бауырын жазып, бәріміз көңілді күлкіге батып қарық боп қалды. Тіпті Аянның әжесінің өлгенін де ұмытып кетіппіз. Сықылықтап күліп мәз-мейрам боп: Ей, тағы да айтшы. Тағы да айтшы... – деп жан-жақтан шулап қоя бердік. Жоқ, ертең айтамын, бүгінге осымен бітті, – деді ол салмақты үнмен. Басын көтеріп аспанға қарады. – Е, жұлдыздың нуы жиі екен, ертең күн ашық болады, – деп қойды үлкен кісіше. Бәріміз жапа-тармағай аспанға қарадық. Шынында да жұлдыздар жайшылықтағыдан әлдеқайда көп еді. Баттиып-баттиып, балқыған қорғасынша сорғалап ағып түсердей боп жарқырайды. Біз Аянның ертеңгі күннің ашық болатынын жұлдызға қарап айтқанына іштей сүйсіне таңырқасып қойдық. Менің қасымда отырған Садық: Қалай біледі-ей! – деп, таңырқауын жасыра алмады. Енді біреу менің құлағыма сыбырлап: «Нуы» деген не-ей? – деп сұрады. Білмеймін, – дедім мен де. Бірақ бұл сөздің мағынасын сұрап алуға батпадық. Ертеңіне Аянның әжесі жерленді. Жұрт ат қойып зираттан қайтқанда, Аян әжесінің қабірінің басында елдің ең соңынан шошайып жалғыз қалды. Ол бұл күні де жылаған жоқ. Қарлы топырақ араласқан жас қабірге жаутаңдап біраз қарап тұрды да, бір уыс топырақты іліп ап: «Топырағың жеңіл болсын, әже!» деп шашып жіберді. Онан соң қып-қызыл боп тоңған екі қолын аузымен кезек-кезек үрлеп қойып, ауылға қайтты. Сол күні Аян әжесінің тумаласы Бапай деген шалдың үйіне көшті. Біз көшеде сырғанақ тебуге кіріскенбіз. Дәл осы кезде, азын-аулақ көрпе-жастық тиелген шананы Бапай айдап, Аян өзі қоңыр сиырын бұйдасынан жетелеп көшенің басындағы шалдың үйіне көшіп бара жатты. Қоңыр сиыр үйренген қорасынан шыққысы келмей тартыншақтай бастаған, біз бір топ бала шуылдаса қаумалап артынан айдадық. Қоңыр сиыр көзі шарасынан шыға шатынап, танауын пысылдатып басын шайқап-шайқап, Аянды сүзіп жіберердей боп алға қарай оқтана жүрді. Бірақ сүзген жоқ, жүріп келе жатқан бойда Аянның қаудырлаған сары тонының етегінен иіскеді де, тұмсығын созып, ыңырана мөңіреді. Аян ақсаңдаған күйде бізге бұрыла қарап: Жануар, бәрін біледі... – деді. Аянның сиырын Бапай шалдың үйіне дейін айдасып барғаннан кейін біз сырғанаққа оралып, ойынға қайта кірістік. Сәлден соң Аян да сырғанақ басына келді. Өзінің шанасы жоқ, сондықтан елдің шана тепкенін қызықтап қарап тұрды. Бірде менің көк тақтайлы шанамды нұсқап: Менің де шанам дәл осындай еді, көшкенде ана жақта қалды, – деп қойды. Мен оның жаудырап қарап тұрғанына шыдай алмай: Мә, Аян, сен бір жол теуіп кел, – деп шанамды бердім. Қуанғанынан ол езуін жия алмай ыржия күліп кеп шанаға отырды да: Ал кім менімен жарысады! – деп айқайлап еңіске қарай зулата жөнелді. Менен кейін оған шанасын Садық берді, онан кейін Есікбай берді, қысқасы Аян бәріміздің шанамызды бір-бір реттен теуіп шықты. Ол қып- қызыл боп қара терге түсе ентігіп, алабұртып, елден ерекше даурыға сөйлеп, сақылдап күлумен болды. Ымырт сәулесі ыдырап қараңғылық үйіріле бастаған кезде, басынан тұмағын алып желпіне тоқтаған Аян: Жүріңдер, бүгін мен кешегіден де қызық ертегі айтамын, – деді. Біз опыр-топыр болып шуласып, Аянның бастауымен Бапай шалдың үйінің іргесіне келдік. Аянды ортаға алып, енді жайғасып отыра бергенімізде, есік ашылып, сыртқа Бапайдың кемпірі шықты да: Үйібай бетім-ай, бұ дүбірлеген не десем, мыналар екен ғой. Аулақ жүріңдер әрі, өй өңшең топырлаған немелер! Онысы несі-ай, тап терезенің түбіне кеп үймелегендері! – деп қуып жіберді. Енді қайттік, дегендей көшеде аңтарылып тұрғанымызда Садық: Мен таптым қай жерге отыруға болатынын, – деді. Бәріміз соған қарай қалдық. Анау ат қораның төбесіне шығайық та, шөпке белуардан кіріп-ап отырайық... Біз санымызды шапақтап уралап, ауылдың шетіндегі ат қораға қарай жүгірдік. Арт жағы аласа тас қораның үстіне тырмыса-тырмыса шығып алдық та, сол күні ғана Қараойдан әкелінген көк жауқазын шөпті үңгіп- үңгіп жіберіп, отыра-отыра кеттік. Құрғақ шөптің танауды жарған хош иісі мас қылғандай тұла бойды шымырлатады. Шетімізден пысқырынып, мұндай рахат дүние тапқанымызға мәз-мейрам боп, бірімізді-біріміз итеріп қап шөпке аунатып, сықылықтай күлісіп, жұмсақ шөпке тығыла түсеміз. Бәріміз алқа-қотан жайғасқаннан кейін ортамыздағы Аян тісінің арасынан сызылта шырт дегізіп түкіріп қойып, көтеріле түсіп, астына шөп жұмарлап, басқамыздан орнын биіктеу ғып отырды. Онан соң қабағын шытып, ойға батқан күйде төмендегі үңірейе қарауытып жатқан терең құзға көз жіберді. Біз де еріксіз енді солай қарай жалтақтадық. Құз іші қорқынышты. Ертеде бір жетім бала бопты... – деп Аян екінші ертегісін бастады. Сыбырлай шыққан даусында өз айтқанына қалайда қалтқысыз сендіретіндей керемет бір күш бар. Біз тым-тырыс боп тына қалдық. Бір сәтке дәл астымыздан – қораның ішінен жылқылардың күтір-күтір шөп жеп тұрғаны, пысқырғаны, тарпығандары, қасынғандары естілді. Бірақ біртіндеп Аянның ертегісі қызған сайын, әлгі дыбыстардың бәрі құлақтан шет қалып, төңіректі – бүкіл Ешкіөлмес баурайын, төмендегі терең құзды ғажайып бір тыныштық басты. Бұл дүние – ертегі қиял дүниесіне, сиқырлы дүниеге айналып, біз өзіміздің бар-жоғымызды да ұмытқандай болдық. Сол күннен бастап күнде кешкісін ат қораның төбесіне жиналуды әдетке айналдырдық. Екінші күні тағы да әлгі Садық бір пәлені шығарған: үйінен алақандай газет жыртындысы мен темекі ұрлап алып кепті, әлгісін кәдімгідей ешкі сирақтандырып ұзын етіп орады да, қалтасының түбінен әзер тапқан сіріңкенің жалғыз шиімін тұтатып, сонысын насаттана сорып қойып отырып, ертегі тыңдады. |