Работа. Сайын Мұратбеков - Жусан исі. Сайын Мратбеков Жусан иісі
Скачать 53.14 Kb.
|
Қосымды соғу керек, – дедім мен оңаша қалған соң. Аян теріс қарап жатқан күйде: Ендігәрі өлсем де темекі тартпаспын, – деді. Тұржан жаман адам, қаны бұзылған. Бұл сөзіме Аян жауап берген жоқ. Әлден уақытта басын көтеріңкіреп маған: Анау пальтоны әперші, – деді ілулі тұрған қара пальтоны нұсқап. Мен осы үйдегі жалғыз орындыққа шығып пальтоны алып оның алдына әкелдім. Аян басын жастықтан әзер деп көтеріп, екі қолы дірілдеп пальтоның жағасына тұмсығын тығып жіберіп құшырлана иіскеп-иіскеп алды да: Тез іліп қой, әйтпесе ұрсады, – деді. Онан соң шалқасынан түсіп көзі бажырайып, кірпік қақпастан үйдің төбесіне тесірейе қарап ұзақ жатты. Қалың ойда жатқан сияқты. Өңі сұрланып, дірілдей дем алады. Ап-арық, шырпының жіңішкелігіндей қолымен домбыққан ісіктерін сипады. Бір кезде ғана: Ағам келеді ғой жақында әлі. Сонда көрсетеді Тұржанға, – деді. Он шақты күннен кейін Аян төсектен тұрып жүре бастады. Тобығы тайған аяғын жер сыпырғандай көлденеңінен сүйретіп солтақтап басатын болды. Мен оған: Асылбек шал келді ғой, аяғыңды салғызбайсың ба? – дегем. Ауырады ғой енді, – деді ол жабырқаған кескінмен. – Ой, сен білмейсің ғой, тобығыңды қайта салғызғандай қалай ауыратынын. Сұмдық... ауырады... Енді ол күнде кешке қарай сырғанақтың басына кеп ойын тарқағанша қалқиып тұрады да қояды. Ойынға араласпайды. Бір-екі рет мен де, Садық та шанамызды бергенбіз, басын шайқып теппей қойды: Аяғым ауырады, – деді. 4 Кей күні ойыннан кейін мен кешкі тамақты ішіп ап, Бапайдың үйіне баратынмын. Мен келгенде Аян ылғи темір пештің аузында от жағып отырады. Ол кезде – соғыс жылдарында біздің ауыл отынға сабан жағатын... Малатаспен бастырған астықтың сабаны орған қамыс сияқты ірі болады, арасында шала бастырылған, кейде тіпті мұрты сетінемеген масақтар жиі кездесуші еді. Отқа жанғанда сабан дүр-дүр етіп лауылдап, ал масақтар бытырлап кететін. Аян от жағып отырып, білдіртпей ғана сол масақтарды жинайды. Лауылдап жатқан сабанның арасы бытыр-бытыр ете қалғанда, Аян қолын отқа тығып жіберіп, шала пісіп қалған күйелеш масақты лып дегізіп суырып алатын. Мен есікті ашқанда-ақ Аян жүзі жайнап қуанып кетуші еді. Былай шық деп, дауыстап айтуға кемпір-шалдан бата алмай олар жаққа жаутаңдап қарап қойып, темір пештің түбіндегі өз орны – қара құрым киіз төселген қуысты меңзейтін. Мен қуысқа кіріп ап, олар кешкі шайларын ішіп болғанша Аянды күтіп отырам. Бапайдың кемпірі шалы екеуіне ғана майға бөктіріп талқан шылайды да, «сенің тісің бар ғой» деп Аянның алдына бір уыс қуырған бидай төгеді. Міне, Аянның кешкі қорегі осы. Ол үн-түнсіз қытырлатып отырып алдындағы бір уыс бидай біткенше шай ішеді де, онан соң шынысын төңкеріп қуысқа келеді. Келе бірден сыбырлай сөйлеп: Ертегі тыңдайсың ба? – деп алады да, менің бас изеуімді күтпестен- ақ: – Баяғыда бір жетім бала бопты... – деп бастай жөнеледі. Бір тәуірі Бапай да, оның кемпірі де біздің сөзімізге құлақ салмайтын. Майға шылаған талқанды көсіте асап, ыстық шайға бойы бусанған қарт, қолтығындағы жастығын мыжғылай түсіп, рақаттана кекіріп қоятын да: Енелеріңді ұрайын, осы екеуінің-ақ сыбыр-күбірі бітпейді екен, ә. Қыз алып қашқалы ақылдасып жүргеннен саусыңдар ма-ей? – деп әзілдейді. Кемпірі болса қабағын кіржитіп: И-и, жаман ит үрегеш келеді-деп, мына біздің ұл мылжың көрінеді ғой, – дейді. Екеуі де осымен тынады. Жатарында кемпір: «майы таусылады», – деп өзі сығырайып тұрған жетілік шамның білтесін онан әрмен сығырайтып тастайды. Мұнан кейін біздің бар- жоғымызды естеріне де алмастан екеуі екі жақтын тәтті қорылға басатын. Олар ұйықтасымен-ақ Аян әлгінде ышқырына тыққан күйелеш масақтарды алып, үгіп-үгіп аузына құятын. Жеп көрші, тәтті, – деп бір-екі масақты маған да ұстататын. Үгіп- үгіп шала піскен дәнді мен де аузыма құямын, бірақ шикі дәмі білініп тұрғандықтан жұта алмай, шайнап-шайнап түкіріп тастайтынмын. Кейде мен үйден нан алып келетінмін. Аян нанды көргенде, көзі отша жанып, екі ұртына кезек бұралай тығып, қақалып қала жаздайтын. «Тағы да бар ма? Тағы да?..» – деп менің қалтамның түбіндегі қоқымға дейін қағып, дегбірі қалаушы еді. Бір күні балалар екіге бөлініп қар атқыласып ойнамақ болдық. Ортамыздан екі атаман сайлап, қалғандарымыз екі-екіден жұптасып, әлгі екі атаманның қарауына тең бөліне бастадық. Бұл ойынға Аянның да қатысқысы келген. Бірақ екі атаманның екеуі де оны өз топтарына алудан бас тартты. Ой, қой, сен жүгіре алмайсың шойтаңдап, – деді олар. Аян үшін мұнан ауыр жаза жоқ еді. Ол көзі жасаурап, ақсақ аяғын сүйреткен күйде екі иіні салбырап кете барды. Мен шыдай алмай оның соңынан жүгірдім. Аян жылап келеді екен. Екеуіміз қатарласып үнсіз жүре бердік. Дәл Асылбек шалдың үйінің тұсына жеткенде, көз жасын алақанымен қатты уқалап сүртті де, әлгі үйге бұрылды. Мен де ердім. Асылбек шал мал қорасының ішін тазалап жүр екен. Иә, неге келдіңдер, балалар? – деді анадайдан дауыстап. Ата, аяғымды салып берші, – деді Аян. Асылбек таяп кеп оның аяғына қарады. Салып берің қалай-ей. Мына аяғың қисық боп бітіп, жазылып кеткенге ұқсайды ғой. Енді оны қайта орнына салу оңай емес. Ауырғанына шыдар ма екенсің. Шыдаймын, ата, салып беріңізші... Аянның даусы дірілдеп жалынышты шықты. Енді сіл болса еңіреп жылап жіберуге шақ тұр. Апыр-ай, ә, жарайды, салып берейін қарағым. Үйге кіре бер. Әй, кемпір, мына жиен балаға тамақ берші, әлденіп алсын! Біз үйге кірдік. Асылбектің кемпірі бізді төрге отырғызып баурсақ пен айран әкеп берді. Сәлден кейін жуынып-шайынып Асылбектің өзі де кірді. Сырт киімін шешініп, кемпіріне көрпе салғызып, әлгінің үстіне Аянды жатқызды. Онан соң қойдың құйрық майымен Аянның тобығы тайған аяғын сылауға кірісті. Ұзақ сылады. Өзі де тынымсыз сөйлеп, Аяннан да әр нәрсені бір сұрап үнемі сөйлетумен болды. Бір кез Аян: Ойбай! – деп баж ете түскен, Асылбек: Шыда, балам, шыда... – деп оның бұлқынғанына қарамастан тырп еткізбеді. Аян құлындағы даусы шығып, ойбайлап жатты да, Асылбек оның аяғын уқалап, сылай берді. Онан соң кемпірі әкелген шүберекпен әдемілеп таңып тастады да: Ал болды, тобығыңды енді шығарып алма... – деді. Бірақ, амал не, Аян мұнан кейін де тобығын тайдырып алды. Ол – көктем кезінде еді. Көктем шыға колхоз жұмысына біз де араласқанбыз. Ортасына сым темір салып өртеген бір-бір дойыр қамшыны қолымызға алып, өгіз жеккен соқаның басына міндік. Жесір әйелдер мен бой жеткен қыздар соқаның артын ұстайды. Арайланып таң білінгеннен бастап ымырт қараңғысына дейін жер жыртамыз. Жер құйқасы майға бөккендей туырылып жатады. Соқа тісі сәл тереңдесе бөкпе топырақ қалыңдап, өгіздер мықшиып тұрып қалады. Ала қыстай шөп тарту, тұқым тартумен титықтап шыққан арық өгіздердің аузынан сілекей шұбырып, аяқтарын шалыс басып күн ұзын соқа тартуға дәрмендері зорға жетеді. Онда да арқасын қайыстырған қамшының күшімен жетеді. Өгіз біткеннің сауыры қызыл ала қан, арқасы шоқпыт-шоқпыт жауыр болатын. Ертеден кешке дейін өгіз үстінде жұлынып «цоп, цобелей» бергеннен тамағымыз жыртыла ауырып, дойыр қамшы қарамызды талдырып, біз де әбден титықтайтынбыз. Таңдайымыз кеуіп, қаңырығымыз түтеп, қарнымыз ашып, қамшы сілтеуге әліміз құрып, бас айналып, көз қарауытып, қалғып-мүлги бастаған кезімізде соқа ұстаған әйел баяу үнмен: Әй, ұл, айдасаңшы өгізіңді, – дейді. Бойыңдағы бар күшіңді жиып, қамшыны құлаштай сілтейсің. Арық өгіздер арқаларын құр қайқаңдатып қыржыңдағаны болмаса, жүрісіне жүріс қоса қоймайды. Ақырында өзіңнің қолың ауырып сырқырап кетеді. Сондайда өгізден домалап түсіп жер тепкілеп жылағың келеді. Сенің сол мүшкіл халіңді сезгендей соқа артындағы әйел өзі кеп қолыңдағы қамшыны ала сап, өгіздерді шықпыртып- шықпыртып жібереді де: Жығылып қалма, – деп қояды. Шама шарқыңның сол екенін ұғады ғой, жақсы ұғады. Әлден уақытта әйелдердің бірі қалжырай шыққан зарлы үнмен сызылтып қана: Көкше бір таудың биігі-ай. Алыстағы бауырдан хат алудың қиыны-ай, – деп ән салады. Ән емес- ау, жүректегі ауыр шердің лықсып шыққан бір күрсінісі сияқты. Әнге екінші соқадағы әйел, онан үшінші соқадағы бойжеткен қыз қосылады. Үшеуі де зарлатады-ау кеп. Үшеуінің көзінен де жас парлайды. Біз өгіз үстіндегі балалар көзімізге мөлт-мөлт етіп жас үйіріліп, тамағымызға өксік тығылып, бас көтере алмаймыз. Әйелдерге қосылып жылауға «еркектік» намысымыз жәбермейді. Өйткені алғаш соқаға шыққан күні Аян: Жылауды әркім біледі. Мықты болсаң нағыз еркектерше қиыншылықта жыламай бақ, – деген. Сондықтан «жасық екенімізді» білдірмеуге тырысамыз. Кешкісін жерден қазылған баракқа келеміз. Іші ұп-ұзын қап-қараңғы, үңгір сияқты. Астына сабан төселген. Жалғыз май шамның өлеусіреген жарығында, не ішіп, не жегенімізді ажыратпастан, талқаннан жасалған атала көже сияқты бірдеңені қалғып-мүлгіп отырып ішеміз. Онан соң киімімізбен отырған орнымызда қатар-қатар сұлай кетеміз. Өне бойың салдырап қозғала алмайсың. Қанша ұйықтағаның белгісіз әлдебір уақытта Тұржанның: Әй, жетпегірлер, тұрыңдар! – деп ақырғанын естисің. Қозғалуға шамаң жоқ, өне бойың езіліп көзіңді аша алмайсың. Сол кезде Тұржан әрқайсымызды әке-шешеден түк қалдырмай сыбап, сирағымыздан дырылдата сүйреп, барактың аузынан сыртқа қарай атып жібереді... Тағы да арқасы пышақтың қырындай, өзі жауыр өгіздің үстіне жарбия жабысасың. Тағы да жақ жаппастан, «цоп, цобелеп», қарың үзілердей боп тынымсыз қамшылау... Түске жақын өзегің талып, әлің кетіп, қалғи бастайсың. Кейде өгіздің үстінен домалап түскеніңді де білмейсің. Бусанып жатқан қара парға бұрқ ете қаласың. Көзіңді уқалап атып тұрып, соқа ұстаған әйелдің көмегімен өгіздің арқасына қайта жарбиясың. Осылайша күніне әрқайсымыз өгізден екі-үш реттен домалаушы едік... Аянның тобығы осындай бір өгізден домалап тұскен кезінде тағы тайды. Ол қара парға бұрқ еткен күйде... «Аяғым-ай!» – деп баж етті де бүктеліп жатып қалды. Жүгіріп-жүгіріп жанына бардық. Ол жыламауға тырысып тістеніп, көзін жұмып, көкпеңбек боп сазарып жатты. Аяғындағы көннен тігілген шоқайын шешпек боп едік, қинала ыңырсып, онан «ағатайлап» бебеу қақты.Көтеріп баракқа алып бардық. Ауылға апаруға көлік болмады. Сол түні денесі қызып, таң атқанша сандырақтап сөйлеп шықты. Ертеңгісін біз жұмысқа кетерде ғана көзін ашты. Мен басқалардан жырылып бір сәтке оның жанында қалдым. Өзімше ақыл айтпақ едім оған. Сөзді неден бастарымды білмей қипақтап отырғанымда, ол өзі бастады. |