Работа. Сайын Мұратбеков - Жусан исі. Сайын Мратбеков Жусан иісі
Скачать 53.14 Kb.
|
Ой, кеше аяғым қатты ауырды, – деді дірілдеген үнмен. – Тура өлгім-ақ кеп еді, тағы ағамды ойлап қана тоқтадым... Онан соң біраз үнсіз жатты, түймесі ағытылған күртесінің омырауына тұмсығын тықты. Қарашы, жусанның иісі... – деп қойды. – Енді аяғымды ағам келгенде бір-ақ салғызам. Ағам қалаға апарып, ендігәрі шықпастай етіп салғызады, әлі... Ол тәтті ойға шомған күйде, ағасы келген соң не істеп, не қоятынын тегіс тізбелеп айтып шықты. Оның сөзіне қарап мен ағасының жуықтағы күндердің бірінде қайтатынына титтей де шәк келтіргем жоқ. Сағындым ағамды, – деді ақыры күрсініп. Мен жұмысыма кеттім. Күні бойы өгіз үстіндегі жалғыз тілеуім: «Шіркін-ай, Аянның ағасы тезірек қайтса екен» – деу болды. Аян баракта төрт күн жатып қалды. Тек бесінші күні кешкісін ғана тұқым тартқан арбамен ауылға жібердік. Осыдан кейін Аян тобығын қайтып орнына салдарған жоқ. Сол аяғын көлденеңінен сүйрете басып жүретін болды... Қу соғыстың бесіктен беліміз шықпай жатқанда-ақ біздің жүрегімізге салған жарасы қаншама еді. Сол жараның тыртығы өмір бойы удай сыздап, жанға батып өтер-ау. Еш уақыт ұмытылмас. Асыр салар балғын шағымызда таңдыр біздің қабырғамызға да бар зілін салды ғой. Сонда да болса басқамыздан гөрі Аянға қатты батып еді. Тағдыр оған дегенде ештеңесін аямады. Үлкендер «жау шегінді» десіп, күн сайын бір қуанышты хабар айтып жүрді. Мұның өзі біз үшін «ертең соғыс бітеді» дегенмен бірдей еді. Іскерден біртіндеп ер-азаматтар қайта бастады. Бәрі жаралы боп қайтқандар: бірі қолынан, бірі аяғынан, бірі қабырғасынан, бірі көзінен айрылғандар. Бірақ, сөйтіп, жарымжан боп қайтса да олардың әрқайсысының келуі ауыл үшін үлкен мереке еді. Солардың бірде-бірі Тұржанға ұқсап: «Қан көріп қайттым, қаным бұзылды», – деп есірген жоқ. ... Қаралы қағаздар да келіп жатты. Жаз ортасы. Аңызақ жел ұйтқи соққан ыстық күннің бірінде біздің ауылға тағы бір қаралы қағаз келді. Бұл жолғы қаралы қағаз ешкімнің үйінен зарлы жоқтау айтатын дауыс шығарған жоқ. Бұл жолғы қаралы қағаз, көшеде ойнап жүрген балалардың ең соңында, белі бос штанының ауын бір қолымен көтере ұстап, сол аяғын көлденеңінен солтақтай жүгірген күйде: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге кешегіден де қызық ертегі айтамын», – деп жалына дауыстай жүгірген Аянға келген еді. Ол үнсіз қабылдады. Қаралы қағазды ұзақ отырып екі-үш рет ежіктеп оқыды да, төрт бүктеп ышқыр қалтасына тықты. Онан соң ойнап жүрген балалардың жанына кеп, әдетінше алыс-жұлысты сырттай қарап қызықтап тұрды. Тек балалар үйді-үйіне тараған кезде, ол ауылдың шетіндегі ат қораға барып кірді. Соңынан мен де бардым. Сары су іркілген ат қораның іші тұншығардай қапас, тымырсық еді. Тастай қараңғы. Төбесіне ұя салған торғайлардың, олардың шырылдаған қызыл шақа балапандарының үні құлақты тұндырады. Құжынаған шыбындардың ызыңы бір басқа. Қараңғылыққа көзім үйренгенше есік алдында тұрдым да, онан соң қабырғаны жағалап түкпірге қарай жүре бастадым. Аяқ асты сазданып басқан сайын шұрқ-шұрқ етеді. Түкпірге де жеттім. Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп бүрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де қорадан шықты. Сыртқа шыққан соң көрдім, көзі қып-қызыл боп кетіпті. Маған қарады да өз-өзінен жымиып күлді. Күн ыстық, ә, – деді. Осыдан кейін бір жеті өткен соң, ертеңгісін он шақты қозы-лақты тауға қарай өргізіп жіберіп, қайтар жолда Бапайдың есігінің алдында тұрған арбаға көзім түсті. Бірсыпыра балалар осы арада екен. Аян жолға жүретін адамдай бар-жоғын киініп апты. Мен таяп келгенде шеттеу тұрған Есікбай сыбырлап қана: Аян балалар үйіне кеткелі жатыр, – деді. Осы кезде үйлерінен арба айдаушы жігіт және Бапай мен кемпірі шықты. Бапай арба айдаушыға Аянды станцияға дейін аманат қып тапсырғанын қайта-қайта айта береді. Ал кемпірі кеп Аянның бетінен сүйді, көзіне жас алды. Қарағым, жолың болсын, – деді жыламсырап. – Жақсыдан қалған тұяқ ең, қайда жүрсең аман бол. Адам болсаң тауып келерсің әлі... Бапай да кеп Аянның бетінен сүйді. Аман-есен барып орналасқан соң хат жаз, – деп қойды. Алатын адам болмай тұр, мына қоңыр сиырды дереу сатып ақшасын қалтаңа салып берер еме. Кейін қолым тисе, базарға айдап барып сатып, ақшасын салып жіберем ғой... Е, қойшы әрі, сен де осы, не болса соны айтпай. Сатқаны несі. Ертең ер жетіп келе қалғанда мал керек емес пе Аянға... – деп киіп кетті осы тұста кемпірі. – Қарағым, бұ алжыған атаңның сөзін тыңдама. Әлі өзің кейін үлкен жігіт боп келгеніңде қоңыр сиырыңда өсімімен қолыңа тапсырамын... Аян балалардың бәрімен қол алысып қоштасты. Мен әлі бәріңе хат жазып тұрамын, – деді күлімсіреп. Есікбай арбаның артына жабысып ап, оны талай жерге дейін шығарып салды. Арбадан түсіп қап, қара жолдың үстінде сексиіп ұзақ тұрды. Қайта келгенінде өте көңілсіз еді. Садық ойнайық деп еді, ол: Менің басым ауырып тұр, – деп үйіне кетті. Сол сәтте бәріміздің де ойынға еш зауқымыз жоқ, көңілсіз едік. Көз ұшында бұлдырап арба кетіп барады. Қара жолдың шаңын бұрқылдатып барады. Аян бас киімін алып бізге бұлғап қояды... Біз, балалар, Аянды көп уақытқа дейін еске алып, сөз қылушы едік. Кейде кешкілік бір жерге жиналып ап, ала қыстай Аян айтқан ертегілердің есте қалғандарын қайталай айтып та жүрдік. Аянның ертегілерінің көңілімізде ұялағаны сонша, кейін ер жеткен кездерімізде өзімізден кіші балаларды тамсандыра отырып айтатынбыз. Тіпті күні бүгінге дейін, сонан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкіөлмес шоқысы – астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай, соның қорқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын жетім бала қайда екен деймін, сол сәт. Жазға салым Жусандытөбе жақтан қоңыр салқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі. Сондайда есіме тағы Аян түседі. Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса Жусандытөбеге бір оралмауы қалай?! Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой. |