Главная страница
Навигация по странице:

  • VIII.Күндесу

  • БАЙкАУ ЕРЕЖЕ10061252160302113649. Сырым батыр жыры мен шешендік сздеріне арналан Дала кемегері атты облысты байауды ережесі Жалпы ереже Облысты Сырым батыр


    Скачать 168 Kb.
    НазваниеСырым батыр жыры мен шешендік сздеріне арналан Дала кемегері атты облысты байауды ережесі Жалпы ереже Облысты Сырым батыр
    Дата25.03.2022
    Размер168 Kb.
    Формат файлаdoc
    Имя файлаБАЙкАУ ЕРЕЖЕ10061252160302113649.doc
    ТипДокументы
    #416745
    страница3 из 3
    1   2   3

    VII. Тұмар

    Түнімен шапты Елемес,

    Түн ұйқысы бөлініп.

    Тұңжыраған тұңғиық

    Түн түнекке көміліп,

    Тұлпар қызып көсіліп,

    Тебінгі терге бұланды,

    Құба жоннан жөңкітіп,

    Жусапжатқан құланды,

    Таң бозарып атқанда,

    Тауға шығып қарады,

    Көрді бір ғажап мұнарды.

    Мұнарлатқан далада.

    Жалаулы жаумыт аламан

    Қалың қол көріп, қуанды.

    Алдында оқшау салынған

    Қиырдан танып қылаңды,

    Ақбесті мінген батырға

    Ентіге жеткен тапсырды,

    Мақпалға тіккен тұмарды.

    Аламанның алдында,

    Ала таудың астында

    Ақбесті аттың үстінде,

    Қанды көбе киінген,

    Қабағы тастай түйілген.

    Еңіреген Ер Сырым

    Тұмарды ашты алынған.

    Қауырсынмен жазылған

    Жалынды хатты оқыды.

    Ақлима ханымнан.

    «Қос аттап шауып Көбе би

    Ханға келді хабарға.

    Кері тартпа келімсек

    Билер аз ба аранда?

    Мансап қуған бақ құмар

    Бидің бәрі адал ма?

    «Бөрік астында бөрі бар,

    Жар астында жау аз ба?»

    Хабарыңды алдырмасқа ажалға.

    Жанталасты, жармасты

    Айла менен амалға.-

    Орда көшті Елекке.

    Електегі қамалға.

    Қамқор етіп қамалды,

    Хандығын қорғап қаларға.

    Петербор деген шаhарға.

    Шаптырды Есім сұлтанды,

    Патшадан көмек аларға.

    Орынбордан алдырған

    Әскер шықты алдыңнан,

    Қанды қырғын саларға.

    Табаны жалпақ тарлансың

    Бәйге бермес шабанға.

    Балтыры жуан балуансың,

    Айлалы жау шаларда,

    Білегіңе сенем деп,

    Қапы қалма, шабарда.

    Заты бір әйел екен деп,

    Сенімсіз болма маған да...»

    Жанған оттай жалынды

    Оқып сөзін тұмардың,

    Томағасы алынды

    Бабындағы қыранның.

    Дауылпазы қағылды

    Сырымнан сөз-ұранның:

    -Уа, аламан, аламан!

    Бір-бірін жүзге балаған.

    Ажал оғын бүркердей,

    Аспаныңда мұнар күн.

    Аспан асты үркердей,

    Алдыңнан жау шығар күн.

    Ажал менен айқасар

    Ер қайратын сынар күн.

    Білекті қазақ балуаны

    Белдескенін жығар күн,

    Жұлынса да жұлыны,

    Жауынгер жаны шыдар күн.

    Толқыған туды құлатып,

    Шерулі шепті бұзар күн.

    Деген қанды сонар күн.

    Табаны жалпақ тарлан боз

    Тағыны жетіп соғар күн.

    Сауылдаған сар масақ

    Садақтардан борар күн.

    Құр қалған соң қорамсақ,

    Қынаптан қылыш суырып,

    Сөгіле қолтық созар күн.

    Мен бес жүзді ертермін,

    Екпіндете ел тастап,

    Қалың қолдан озармын.

    Түн ұйқыдан түңіліп

    Орданының сыртын орармын.

    Қазығын жерге қақтырмай,

    Арқанын баса тарттырмай,

    Апатты қара дауылдай,

    Солтүстіктен соғармын.

    Атқа мінген азамат,

    Аруана нарсыңдар.

    Асудан асар сапар тұр-

    Асқардай жүк артыңдар

    Ертең елге барғанда,

    Сапарыңнан сауғаға

    Бақыт сұрар халқың бар.

    Осы жолы жеңбей қайтпасқа

    Анаңа берген антың бар»,-

    Деді де батыр жөнелді

    Екіндіде Елекке.

    Алты мың қолын арттағы

    Алдар, Мамай, Бұлан мен

    Есболатқа тапсырды.

    Жөнелді батыр ақырып,

    Шартылдай жайдай, шарқ ұрып.
    VIII.Күндесу

    Бес жүз аттың дүбірі

    Түн тынышын кетіріп.

    Астындағы Ақбесті

    Ақ маралдай секіріп,

    Тұяқтан тұл ту дала

    Топырағы есіліп,

    Жортармандар жолынан

    Аң атаулы серпіліп,

    Түнімен жортып, түнемей,

    Тебінгіден тер шығып,

    Таң алдында Ер Сырым

    Електің сыртын орады.

    Күтініп жатқан бекініп,

    Тосқауылға тұтқиыл

    Кемеліне келтіріп,

    Ат айылын берік тартып,

    Құйысқанын қысқартып,

    Шабар шақта шартарап

    Тыңдай қалды жел танып.

    Сонда Сырым желпініп,

    Аспанда бұлтпен тоғысар.

    Қырандай қанат қомдана,

    Қынабынан суырып,

    Құрыш болат қолға ала,

    Буырқанып, бусанып,

    Түксиіп түсі, долдана,

    Бұрқырап буы, бұлт қарпып,

    Бес жүз тұлпар жер тартып.

    Алдында батыр атойлап,

    Жүзінде лаулап от ойнап,

    Шаңдата шапты ордаға,

    Шапқанымен, не пайда,

    Бұл жолы тағы кешікті,

    Атаңа нәлет Құрман би

    Сырымнан бұрын жетіпті.

    Хан қатерді сезген соң,

    Ордасын талақ етіпті.

    Шабыларын білген соң,

    Уфаға қашып кетіпті.

    Жалаңдаған қылышқа

    Бұйыртпады несіпті.

    Орданы баққан нөкері

    Басынан шіріп балықтай

    Жайықтан әрмен өтіпті.

    Сонда Сырым долданып,

    Одан жаман өшікті.

    Өшіккеннің белгісі-

    Електі дереу өртеді.

    Өртегеннен не шықты?
    ***

    Сырымның жолы болар ма,

    Сырымға бақыт қонар ма?!

    Сыртыменен сыйласып,

    Ішінен билер егесті.

    Сырым жөнеп кеткен соң,

    Артында қалған әскерде

    Астыртын алтау кеңесті.

    Ар-ұятсыз алты би

    Кеңескенде, не десті:

    -Сырымның неге тасқаны,

    Арнасынан асқаны.

    Жарымаған жарлының

    Жас баласын бас қылып,

    Елемей көкен Есболат

    Ер қамын жер ер боп па?

    Ойлағаны бас қамы.

    -Алжыған Алдар, Малайды

    Ақылшым деп жақтады,

    Тоқсандағы Бұланға

    Тапсырғаны тағдырды,

    Руына тартқаны.

    -Азулы, биік билердің

    Төмен қалып асқары,

    Асып кетті өзгелер,

    Мұның да бар ды астары.

    -Біз орданы шаппалық.

    Шариғаттан аспалық.

    Орда ойран болмастан,

    Сырым бүлік салмастан

    Бұрын хабар берелік.

    Хандықты аман сақталық

    Ақсүйектің алдында

    Адалдықты ақталық.

    -Әділ жаннан безбелік.

    Өлімге аяқ баспалық.

    Патшаның ауыр әскері

    Тапаса, қалдық тапталып,

    Зеңбіректің оғынан

    Қапы қаза таппалық.

    Осынша халық обалын

    Мойнымызға артпалық.

    Сырымнан опа күтпелік,

    Болды ғой Сырым ап-анық.
    ***

    Есболат ер білмеді

    Түрсіз түнек түндегі

    Түсін бұзған құларды.

    Астыртын алтау кеңесіп:

    «Тіке шап! Жет тез!»-десін,

    Елекке шұғыл жөнелткен

    Құдың бірі Құрманды.

    Хан мен қара айқасып,

    Күш салмағын байқасып,

    Сілкілесер түнінде

    Сырымның сыры ұрланды.
    IX. Соғыс

    Таң бозарып атқанда,

    Шаң боратып аспанға,

    Ауыр әскер көрінді ,

    Алмас қару асынған,

    Аспан астын басынған,

    Қара құрым қалың қол

    Қырдан ойға төгілді.

    Зеңбірегін сүйретіп,

    Жер Жаhанды күйретіп,

    Обатындай өмірді,

    Зәресін алып адамның,

    Елестетті өлімді.

    Өлімнің түсін көргенде,

    Өкпеге сүңгі төнгенде,

    Өжет жүрек ер шыдар,

    Өлімді жеңер төзімді.

    Алты мың қолы қазақтың

    Желі тұрды оңынан.

    Атаңа нәлет алты би

    Ар-намыстың жоғынан,

    Жеме-жемге келгенде,

    Жол шығарды соныдан.

    Ертіп бір-бір руды,

    Беттері теріс бұрылды.

    Бұлтара тартып жолынан,

    Есболат шықты ту ұстап

    Безініп билер тобынан.

    Еріп шықты ер жүрек

    Екі мың жігіт соңынан.

    Соңынан ертіп екі мың

    Сұңқардайын шүйіліп,

    Семсерін көкке үйіріп,

    Жауға шапты долы ұлан,

    Шып-шып шықты сонда тер,

    Астында тұлпар торыдан.

    Қарсы алдынан қарсы алып,

    Қаптаған жау құрды шеп.

    Көктен адам жауғандай,

    Көрінбеді қиыр шет.

    Қалың қолдың артында,

    Бір биіктің басында,

    Ерәлі мен одаман

    Ерісіп тұрды: «Жеңем!» - деп.

    Еңселерін көтеріп,

    Күркіреген зеңбірек,

    Екі мың жігіт артында,

    Бір биіктің басында,

    Асасымен жер тіреп,

    Алдар, Малай, Бұлан тұр;

    «Ерлеріме сенем!» - деп.

    Жауға шауып көрмеген

    Жас Есболат қызулы.

    Алды-артына қарамай,

    Жауды күшке санамай,

    Дәстүрі деп жеңімпаз,

    Батырлардың бұрыңғы

    Ортадан ойран салам деп,

    оп-оңай жауды алам деп,

    Шебіне түсті құрулы.

    Өндіршектен оқ тиіп,

    Атағозы аттан жығылды.

    Жау алдында жас батыр

    Қайнады қатты зығыры.

    Есболат шапқан қылыштан

    Есепсіз батыр жұлынды.

    Күн төбеден ауғанда,

    Қиқу шықты қиядан,

    Тағы бір шапқан жау бар ма,

    Майданға кім ұрынды?

    Тағдыр тәңірі – қан майдан,

    Әлдекімнен түңілді.

    Күркіреген зеңбірек,

    Күнбатысқа бұрылды.

    Көз жіберіп Есболат,

    Көрді батыр Сырымды.

    Сырым батыр майданға

    Бір бүйірден еніпті.

    Қабырғадан қақырата,

    Төтеннен төпеп беріпті.

    Сыбанып енген Сырым ер

    Соғысты қатты қыздырды.

    Қайнап тасқан қайратқа

    Қамаған шепті бұздырды.

    Талай бастар қырқылды,

    Талай сауыт жыртылды.

    Жер түбіттей түтілді.

    Ақыр заман байқалды.

    Айдын көлдер шайқалды.

    Құс аспанда шуласты,

    Таудағы марал-бұғыны

    Бұйықтыра мұң басты.

    Қан сасыды салалар.

    Шөгіп қалды далада

    Қоспаққа қосын арттырмас

    Дулығалы қара нар.

    Тұралап қалды тұлпарлар.

    Төрт тұяқтап сөгіліп,

    Ұшқан соң болат тағалар.

    Өкпеге сүңгі төнгенде,

    Болат қалқан пана бар.

    Зеңбіректен жауа жарылған

    Шойынға не шара бар?!

    Көмусіз жатты далада

    Талай боздақ даналар.

    Аңырап қалды аналар.

    Жесір қалды арулар,

    Жетім қалды балалар.

    Ақ сүт емген ана үшін,

    Қарындастың қамы үшін,

    Еңіреген Ер Сырым

    Ертеден кешке алысты.

    Сырымды тірі алмаққа.,

    Айла құрып жендеттер

    Жанталасып бағысты.

    Алдырмады батыр да.

    Айлаласты, алысты.

    Аңдысқанмен не шара?

    Екі мың жарым жігіттен

    Елуі ғана қалыпты.

    Күн екінді болғанда,

    Ақбесті атқа бір мерген

    Қас маңдайдан дарытты.

    Бас имеген батырдың

    Қоршауда жаяу қалғаны.

    Жау тілегі болғаны.

    Құрыш болаттың сынғаны.

    Кеудеге құса толғаны.

    Улады дерт денені,

    Келе алмады жанына

    Есболат сынды ерені,

    Жаралы болып оның да

    Әлсіреген кезі еді.

    Ерәлі сұлтан есіріп,

    Болып тұрды дегені.

    Малайсары, Бұланның

    Сақалы жаспен суланды,

    Қоршауда қалып сенері.

    Сол мезетте майданға

    Енгендей хан Нұралы,-

    Нұралы мінген құланы

    Құлдыратып ағызып,

    Шапты бір адам ызалы.

    Түйдектеліп түтіндей,

    Артынан шаңы шұбады.

    Қан жұтпайтын қара алмас

    Қолындағы құралы.

    Шауып келіп Сырымға,

    Қара алмас пен Құланы

    Тапсырып тұрған шағында,

    Тар қолтықтан оқ тиіп,

    Құладан әлгі құлады.

    Осы еді ару Ақлима

    Ақылдың аққан бұлағы.

    Қарсы алдында батырдың

    Қанды орақтан қиылды

    Айдын көлдің құрағы.

    Құрбан болып шалынды

    Ақ маралдың лағы.

    Қан майданда халқы үшін,

    Сөнді жанған шырағы.

    Тарыққан шақта батырдың

    Тақымында ойнады

    Нұралы ханның пырағы.

    Ойнағанмен не шара?

    Алты мың қол ажырап,

    Екі мыңнан елу қап,

    Қолынан ел кеткен соң,

    Сұрапыл соғыс тағдырын,

    Күркіреп күндей атылған

    Көн садақты басынған

    Көк зеңбірек шешкен соң,

    Сусыз шөлге қамалып,

    Кезеріп таңдай кепкен соң.

    Тұлпар-жабы, қоңнан соң,

    Аруана-қоспақ, қомнан соң.

    Сар садақта сапа жоқ,

    Масақтан тұл болған соң.

    Ертеден-кешке еңіретіп,

    Адырнасын созған соң.

    Білтеліден не пайда,

    Оғынан ада болған соң.

    Ақ семсерде әл бар ма,

    Кетіліп жүзі тозған соң.

    Қолбасшыда сән бар ма,

    Қақырып қалған қолдан соң.

    Құла жүйрік үстінде,

    Қамаған жаудың ішінде,

    Саңқылдап Сырым серт етті,

    Серттессе, жауын мерт етер,

    Нағыз батыр болған соң.

    Сондағы Сырым серті бұл:

    -Ей тыңдаңдар, тыңдаңдар!

    Ажал үшін туғандар,

    Тамұққа бет бұрғандар,

    Өлтіріп, өш алмасам,

    Ордаңа ойран салмасам,

    Өрт боп қаулап жанбасам,

    Өтіңді алып жармасам,

    Өтіңді алып жармасам,

    Туыңды отқа жақпасам,

    Абдыра толы алтының

    Атанға қомдап артпасам,

    Жылқың толы сәйгүлік

    Астыма мініп жортпасам,

    Әзелден дұшпан аңдысқан,

    Әулетіңді құртпасам,

    Сырым атым құрысын!-

    Деді де батыр, шарасыз,

    Шеттеп шыға шегінді,

    Шегінді паналамаққа

    Қарт Мұғалжар белімді.

    Белді, елді паналап,

    Би біткеннен безінді.

    Мекен етіп тау төсін,

    Сусын етіп бұлт сүтін,

    Сұм заманнан жерінді.
    ***

    Сұрапыл соғыс соңынан

    Айлар өтті, жыл өтті.

    Хандар өлсе, сұлтандар

    Алтын тақты мұра етті.

    Өлген соң хан Нұралы,

    Тахқа отырды Ерәлі.

    Хан боп тұрған шағында,

    Қан шеңгелмен бұ да өтті.

    Ерәлі хан өлген соң,

    Есім таққа отырды.

    Езумен елді жұдетті.

    Хан билеген есіл ел

    Күңіренумен күні өтті.

    Мұнарланып Мұғалжар

    Түлегін қайта түлетті.
    X. Кек

    Есім ханның қырық отау

    Айналасы бақша-бау.

    Күн жиекке батарда,

    Сары алтынға малынды.

    Күмістен алқа тағынды.

    Батқан күнмен қоштасып,

    Түн түндігі жабылды.

    Түн басқанда салбырап,

    Аспандағы ай-жұлдыз

    Бұлт көрпесін жамылды.

    Түн ортасы болғанда,

    Тына қалды ескен жел.

    Тұна қалды айдын көл.

    Өреленді өзендер.

    Асау жүйрік ағынды.

    Қызыл ерін қызғалдақ

    Сүйсер сұлу күнді аңсап.

    Шұғыласын сағынды,

    Бас изескенде бал құрақ.

    Сыбырласқан жапырақ,

    Тыным алды, тырп етпей.

    Қалың орман қалдығы,

    Қалғымаса нағылды.

    Дел-сал болған ұйқыға

    Жан-жануар құл болып,

    Патшасындай бағынды.

    Өрісте жылқы жусады,

    Күлге шөккен нарқоспақ

    Күйісінен жаңылды.

    Қотан үрген маң төбет

    О да бір алды дамылды.

    Түн ортасы ауғанда,

    Хан жайлаған кең алап

    Қарсы алғандай дауылды,

    Дауылдата бір пәрмен

    Қаққандай қатты дабылды.

    Шошындыра бір ғажап

    Оятты Есім ханыңды.

    Он қанатты боз орда

    Қараңғы көрдей, тарылды.

    Туырлығы тілініп,

    Дөдегесі жұлынып,

    Сыпырылды үзігі.

    Түсе қалды түндігі.

    Жалаңаш орда төрінде,

    Жатқандай боп көрінде,

    Тұс-тұсынан сұғынған

    Көрді хан қырық сүңгіні.

    Төсіне біреу төніп тұр,

    Сұққандай темір үскіні,

    Соққандай батпан гүрзіні.

    Сол адам сонда тіл қатты:

    -Менің атым Ер Сырым.

    Менің сырым-ел сыры.

    Еңіреген ерімін,

    Асқақтай аққан Жайықпын.

    Атыраудай асау теңізбін.

    Теңізді көкке көтеріп,

    Сөгіле жауған бұлтыңмын,

    Топандай тасқан селіңмін.

    Селіме құзды будырып,

    Сеңіме сені жүздіріп,

    Селкілдетіп ордаңды,

    Он төрт жыл соққан желіңмін.

    Асуымнан асырмас,

    Асқар биік туыңмын.

    Астыма алсам, оңдырмас

    Асқар таудай ауырмын.

    Алуға келген ажалмын,

    Аңдысқан ата жауыңмын.

    Қарға адым кеп жаныңа

    Құнығып тұр өлімің.

    Иманыңды айтқызбай,

    Жарғалы тұрған бөрімін.

    Қастасқан ханнан жан алғыш

    Әзірейілдің өзімін.-

    Дегенде, дүние сескенді,

    Долданған Сырым батырдан

    Долы арыстан түріндей,

    Жан алуға жаралған.

    Жалаң қанжар жаланған.

    Айдаhардың тіліндей,

    Төске тура төнген соң,

    Төзер ме, қанды сімірмей.

    Тұтам сабын қысқанда,

    Тұла бойы дірілдей,

    Түйіп түсті жүректен.

    Түйрегені білінбей,

    Таң алдында ер Сырым

    Тақым басты құла атқа,

    Ханның қанын төккен жер,

    Сырымға енді тұрақ па?

    Сыр бойына жөнеді,

    Сырым мен сырлас көп еді.

    Эпиолог

    Еңіреген ер Сырым

    Еткен соң опат Есімді,

    Есімнен соңғы хан мен бек

    Ел тынышын кетірді.

    Ел жүрегін қайғы жеп,

    Ер тынышын кетірді.

    Ереуіл аттар ерленді,

    Етікпен су кешілді.

    Эпилогы Сырымның

    Екі ғасыр жырласам,

    Таусылмайтын секілді.
    1   2   3


    написать администратору сайта