казак тили. Затты атын білдіріп, кім не деген сраа жауап беретін сздер зат есім деп аталады
Скачать 76.5 Kb.
|
ЗАТ ЕСІМ. Заттың атын білдіріп, кім? не? деген сұраққа жауап беретін сөздер зат есім деп аталады. Мысалы: әке (кім?), оқушы (кім?), әнші (кім?), іні (кім?), тау (не?), ауыл (не?), ақыл (не?), мал (не?), құс (кім?) т.б. адамға байланысты зат еаімге кім? деген адамнан басқа зат атауларына ( жансыз және мал, аң, құс, балық т.б.) не? деген сұрақ қойылады. Зат есім жалпы есім және жалқы есім болып екіге бөлінеді. Біркелкі заттардың жалпы атауы жалпы есім деп аталады. Заттардың даралап, жекелеген түрлеріне ғана қойылатын ерекше атау жалқы есім деп аталады. Мысалы: кісі, адам деген жалпы адам атаулыға тән ат болса, Байжан, Гүлнар десек, бұл адам атаулының бәрә емес, тек қана жеке кісілерге тән ат. Жалқы есім әдетте кісі аттары, әкесінің аты мен фамилиясы, мемлекет, республика, оьлыс, аудан, қала, көше, ұйым, мекеме, завод-фабрика аттары, географиялық (жер, су, т.б.) атаулар, әр түрлі (газет, журнал, кітап, ән-күй, би т.б.) аттары, мал құс, хайуанаттарға арнап қойылған (мысалы, Тайбурыл, Құлагер т.б.) аттар болып келеді. Жалқы есімдер бас әріппен басталып жазылады. ЗАТ ЕСІМ ТУДЫРАТЫН ЖҰРНАҚТАР. Қазақ тілінде зат есім болып саналатын сөздердердің көпшілігі қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болып табылады. Ондай жұрнақтар үлкен екі топқа бөлініп жүр. Есімдерден (зат есім, сын есім, сан есім т.б.) зат есім сөздерін тудыратын жұрнақтар. -шы, -ші: етік-ші, ән-ші, балық-шы, аң-шы, т.б. бұл жұрнақ арқылы жасалған сөздер көбіне кәсіп, мамандық, бірдеңеге икемділікті білдіреді. -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік: жақсы-лық, шебер-лік, шын-дық, дос-тық т.б. ондай сөздер жалпылық, қалыптық, қатыстық мән береді. –шылық,- шілік құранды (-шы+лық, -ші+лік) жұрнағы: егін-шілік, кем-шілік, тір-шілік, айырма-шылық т.б. -ша, -ше: бөлім-ше, кітап-ша, маңдай-ша, т.б. –шық, -шік: ойын-шық, үй-шік, қап-шық т.б. –ыл, -л: тарс-ыл, гүрс-іл, дір-іл т.б. бұл жұрнақ көбінесе еліктеу сөздеріне жалғанып, сол құбылыстың атын білдіреді. –хана, -стан, -кеш сияқты араб-парсы тілдерінен енген қосымшалар: дәрі-хана, кітап-хана, Қазқ-стан, арба-кеш т.б. Етістіктен зат есім сөздерін тудыратын жұрнақтар: -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: бөл-ме, мін-бе, тоқы-ма, кес-пе,т.б. –ым, -ім, -м: бөл-ім, біл-ім, тай-ым, тоқта-м, байла-м т.б. –қы, -кі, -ғы, -гі: шап-қы, бұр-ғы, сүз-гі, ашыт-қы т.б. –ыс, -іс, -с: жең-іс, айт-ыс, бөл-іс, тала-с, тойтар-ыс т.б. –ық, -ік, -қ, -к: қазы-ық, көрі-к, тұкір-ік,тоз-ық, сұра-қ, тіле-к, т.б. –ақ, -ек, -қ, -к: қон-ақ, тіре-к, күре-к, жат-ақ т.б. –ғыш, -гіш, -қыш,- қіш: бас-қыш, сүз-гіш, қыр-ғыш, сыпыр-ғыш т.б. –ын, -ін: жау-ын, ег-ін, тұй-ін, жи-ын т.б. –ыш, -іш, -ш: қуан-ыш, сүен-іш, өкін-іш, қызған-ыш т.б. -уыш, -уіш: тырнау-уыш, елеу-уіш, т.б. –ман, -мен: оқыр-ман, көрер-мен т.б. КӨМЕКШІ ЕСІМДЕР Лексикалық мағынасынан айырыла бастап, сөйлемде екінші сөздің жетегінде ғана қолданылатын зат есімдер бар. Мысалы: сырт, іш, маң, түс, алд(ы), үст(і), қас, жан сияқты сөздер сөйлемде екінші зат атауының жетегінде жұмсалады: Ауылдың жаны терең сай (Абай). Осындай сөздер көмекші есім деп аталады. Әдетте көмекші есім тәуелдік жалғауында тұрып негізгі зат есіммен тіркесіп, сөйлемнің бір ғана мүшесі болады. ЗАТ ЕСІМНІҢ СӨЙЛЕМДЕГІ ҚЫЗМЕТІ. Зат есімнің сөйлемдегі қызметі оның қай септік жалғауында жұмсалуымен байланысты. Зат есім атау септікте тұрып, кім? не? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемде бастауыш болады. Мысалы: Таулардан өзен ағар сарқыраған (Ы. Алтынсарин). Бұл сөйлемде өзен сөзі атау септікте тұрып (не ағар?), бастауыш қызметін атқарып тұр. Зат есім жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы да болады. 3-жақта жіктелген сөздің жіктік жалғауы болмайды. Мысалы: Ақ басты Алатаудың Жамбылымын (Жамбыл). Ынтымақ-оқ өтпес сауыт (мәтел). Бұл сөйлемдерде Жамбылымын (мен кіммін?), сауыт (ынтымақ не?) деген сөздер 1 және 3-жақта жіктеліп келіп баяндауыш болып тұр. Зат есім ілік септікте немесе түбір түлғада тұрып, анықтауыш болады. Мысалы: Абайдың қонақтары ымырт жабыларды ғана көрінді (М. Ә.). Дайрабай әрі күйші, әрі әнші, әрі ақын адам болған. (С. Бег.). бұл сөйлемдерде Абайдың (кімнің конақтары?) ілік септікте тұрып, күйші, әнші, ақын (қандай адам болған?) туынды және негізігі түбір тұлғада тұрып, анықтауыш қызметін атқарып тұр. Зат есім табыс септікте және барыс, жатыс, шығыс көмектес септіктерінде тұрып толықтауыш та болады. Мысалы: Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан, Бастары көкке бойлап бұлттан асқан (С. С.). Бұл сөйлемде Көкшетаудың (нені мұнар басқан?) табыс септікте, бұлттан (неден асқан?) шығыс септікте болып келіп толықтауыш болып тұр. Зат есім барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып немесе түбір түлғада мезгілдік, мекен- бағыттық, себеп-мақсаттық мәндегі шылаулармен тіркесіп келіп пысықтауыш та болады. Мысалы: Орманның оңтүстік жақ бүйірінен Жол шықты айдаһардай иірілген (С. М.). Көкке қарай қанат қағып, Аққу кетті бұлдырап (С. С.). Бұл сөйлемде бұйірінен (қайдан жол шықты?) барыс септіктің үстіне қарай шылауы тіресіп, пысықтауыш болып тұр. Пысықтау үшін сұрақтар. Негізгі сөз бен көмекші сөздің айырмашылығы қандай? Көмекші сөздер сөйлемде не себепті сөйлем бола алмайды? Көмекші сөздер сөйлемде қалай қолданылады? Сөз таптары деген не? Қандай –қандай сөз таптары бар? Зат есімнің мағыналық ерекшелігі неде яғни есім нені білдіреді? Жалқы есім мен жалпы есімнің ерекшеліктері неде? Жалқы есімдер қалай жазылады? Зат есім қалай жасалады? Зат есімнің жалғауларының ерекшеліктері неде? Көптік жалғау нені білдіреді? Тәуелдік жалғаудың ерекшелігі неде? Тәуелдік жалғау қандай сөздерді байланыстырады. Септік жалғаулардың ерекшеліктері неде? Зат есімнің сөйлемдегі қызметі септік жалғаумен тікелей байланасталығын қалай дәлелдейміз? Зат есімнің жіктелуінде қандай ерекшеліктер бар? Көмекші есімдердің мағыналық, қызметі жағынан қандай ерекшеліктері бар? Зат есімді морфологиялық талдаудың тәртібі. Зат есімнің түбір тұлғасы (негізгі я туынды түбір және мағыналық ерекшеліктері. Зат есімнің грамматикалық тұлғасы (септік, тәуелдік, көптік жалғауларын түрлеріне қарай ажырату). Үлгі: Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын, Бақытын ойламайтын бір басымның (Қ. Аманжолов). Өнер –білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды (Ы. Алтынсарин). Қасыммын –жалқы есім түбірі –Қасым-мын –1 жақ жекеше жіктік жалғау, баяндауыш қызметін атқарып тұр (мен Қасыммын), бақытын- негізгі түбірі –бақыт, жалпы есім, -ы- тәуелдік жалғауының 3-жағы –н- табыс септік жалғауы, толықтауыш (нені ойлаймын?) басымның – жалпы есім, түбірі-бас, -ым – тәуелдік жалғауының 1-жағы, -ның ілік септік жалғауы, анықтауыш- (кімнің бақытын?), өнер-білім қосарланған жалпы есім, түбір тұлға, жұрттар –түбірі- жұрт, жалпы есім,-тар-көптік жалғау, атау тұлғада, бастауыш (кімдер салғызды?), тастан- жалпы есім, түбірі – тас, -тан- шығыс септік жалғауы, толықтауыш (неден салғызды?) – сарай –жалпы есім, негізгі түбірі, табыс септіктің жасырын түрінде тұр (нені салғызды - сарайды), толықтауыш. СЫН ЕСІМНІҢ ЖАСАЛУЫ. Сын есім құрамы жағынан негізгі сын есім және туынды сын есім болып бөлінеді. ешбір қосымшасыз түбір күйінде жұмсалатын сын есімді негізгі сын есім дейді. Мысалы: қара, көк, биік, таза, жақсы, сары, терең т.б. бұл сияқты сөздер- әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі түбірлер. Басқа сөздерден жұрнақтар арқылы жасалатын сын есімді туынды сын есім деп атайды. Мысалы: көш –пелі (ел), кеш-кі (ауа), өнер-лі (жігіт), аудан-дық (комитет) азамат – тық (борыш), тарих-и (оқиға), үрке-к (ат) т.б. құрамы жағынан туынды сын есім негізгі түбір мен қосымшадан (жұрнақтан) тұрады. Демек, туынды сын есімдер жұрнақтан жасалған туынды сын есімдер болып келеді. Туынды сын есімдер, жұрнақтар арқылы есім сөздерден де, етістіктен де жасалады. Мысалы: қыс-қы (күн), су-сыз (жер), сөз-шең (адам) т.б. сын есімдердің түбірі зат есім болса, тол-ық (адам), көтер –іңкі (көңіл), ауыспалы (егіс), үсте-ме (ақы)т.б. сын есімдердің түбірі –етістік. Сондықтан да сын есім жасайтын жұрнақтар екіге бөлінеді: есім сөзден сын есім тудыратын жұрнақтар және етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар. Мысалы: үлкен-кіші, апалы-сіңілі, биік-биік, жақсы- жаман, балалы-шағалы және шұбар ала, қара көк, ақ сақалды, жирен қасқа т.б. Бұлар құрамына қарай күрделі сын есімдер деп аталады. Бір ғана түбірден негізгі немесе туынды түбірден тұратын сын есімдер дара сын есімдер деп аталады. Есім сөздерден сын есім тудыратын жұрнақтар. Есім сөздерден сын есім тудыратын негізгі жұрнақтар: –ла,-лі, -ды, -ді, -ты, -ті; тау-лы, тас-ты, дене-лі, көрік-ті, өнер-лі т.б. -сыз, -сіз: үй-сіз, жер-сіз қызмет-сіз, жолда-сыз, ағаш-сыз т.б. -ғы, -ғі, -қы, -кі: жаз-ғы, іш-кі, сырт-қы, соң-ғы, күз-гі, түн-гі т.б. –лық, лік, дық, дік, тық, тік: азамат-тық, жыл-дық, көлем-дік, күн-дік, өлке-лік, кәмелет-тік т.б. -шыл, -шіл: жершіл, үйқышыл, күлкішіл, үйшіл, сыршыл т.б. -шаң, -шең: бой-шаң, сөз-шең, киім-шең, тер-шең т.б. -дай, -дей, -тай, -тей: үй-дей, қой-дай, арыстан-дай, ат-тай, түлкі-дей т.б. -кер, -қой, -қор, -паз, -ымпаз, -імпаз: табыс-кер, найза-гер, әуез-қой, сән-қой, бәле-қор, жем-қор, шай-қор, өнер-паз, әсем-паз, жең-імпаз т.б. -и, -ы, -і: тарих-и, дін-и, әдеб-и, ресм-и, мәден-и, қазақ-ы, қадмақ-ы, естек-і, (башқұр-лық), алтай-ы, араб-ы т.б. Ескерту: 1. Көрсетілген жұрнақтардың кейбірі басқа сөз табында да кездеседі. Мысалы: -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы зат есім де жасайды: жақсы-лық, жаман-дық, дос-тық, күнде-лік, орын-дық, т.б. -сыз, -сіз, -дай, -дей, -тай, -тей, -шаң, -шең т.б. үстеуде кездеседі. Мысалы: ақы-сыз берді, ат-сыз келді, қыс-тай дайындалды, тоты-дай сайрады, көйлек-шең отырды т.б. Бұндай сөздер сөйлемде білдіретін мағынасы мен қызметі арқылы ажыратылады. Араб – иран тілдерінен енген -кер, -қой, -қор, -паз жұрнақтары үндестік заңына бағынбайды, өйткені бұл жұрнақтардың жуан жіңішке сыңарлары жоқ. Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар. Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар: -ғақ, -гек, -қақ, -кек, -ақ, -ек: ұрыс-қақ, тай-ғақ, үр-кек, қор-қақ, бөл-ек т.б. -ық,- ік,- қ,- к: тол-ық, сынд-ық, аш-ық, ақ-сақ, сире-к, біті-к т.б. -ғыш, -гіш, -қыш, -кіш: біл-гіш жаз-ғыш, көр-гіш, ай-қыш, бар-ғыш: т.б. -ғыр, -гір, -қыр, -кір: өт-кір, ұш-қыр, ал-ғыр, тап-қыр, біл-гір т.б. -шақ, -шек: ұрын-шақ,сүрін-шек, қызған-шақ, мақтан-шақ т.б. -ыңкы, -іңкі, -ңқы, -ңқі: басы-ңқы, көтері-ңкі, шашы-ңкі, салбыра-ңқы т.б. -ынды, -інді, -нды, -нді: жаса-нды, құра-нды, түйі-нді, т.б. -малы, -мелі, -балы -белі, -палы, -пелі: көтер-мелі, таңда-малы, айналмалы, жылжы-малы, ауыс-палы, көш-пелі т.б. -ымды, -інді, -мды, -мді: жара-мды, шыда-мды, қоны-мды, келісі-мді т.б. -ағаң, -еген: қаша-ған, сүзе-ген, тебе-ген, қаба-ған т.б. -улы, -улі: қаңтар-улы, іл-улі, ая-улы, ас-улы т.б. -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: қыз-ба, бұр-ма, бас-па, боя-ма, т.б. СЫН ЕСІМНІҢ МАҒНАЛЫҚ ТҮРЛЕРІ. Мағынасына қарай сын есім сапалық есім және қатыстық сын есім болып екіге бөлінеді. сапалық сын есім мен қатыстық сын есімнің айырмасы ең алдымен білдіретін мағынасына байланысты болады. Негізгі түбір сын есімнің өзінен болып, заттың сынын, түр-түсін тікелей анықтайтын болса, ол сапалық сын есім болғаны. Мысалы: көк(шөп), қызыл (бояу), жақсы (сөз), ащы (су), көкшіл (мата), қызғылт (орамал), жақсырақ (орын), ащылау (қымыз), жап-жасыл (орман), түп-тұщы (өзен). Сын есім басқа сөз табынан да жасала береді. Зат есім, есімдік, етістік, үстеуге сын есім тудыратын жұрнақтар жалғанып, туынды сын есім жасалады. Оны қатыстық сын есім дейді. Қатыстық сын есімнің мағнасы өзіне негіз болған түбір сөздің мағнасымен байланысты, соған қатысты болады. Мысалы: өнерлі жігіт- өнердің неше түрін білетін жігіт екенін немесе жігіттің өнерінің молдығы, орманды алқалап – орманның байлығын, ағашының молдылығын көрсетеді. Сонымен, заттың түр-түсін, сын-сапасын тікелей анықтайтын сын есімді сапалық сын есім дейміз. Сапылық сын еімге шырайлық жұрнақтары жалғана алады. Ал заттың сын-сипатын, әр түрлі белгісін басқа сөз табының қатысы арқылы білдіретін сын есімді қатыстық сын есім дейміз. СЫН ЕСІМДІ ШЫРАЙЛАРЫ. Заттың сапалық сыны әр кез бір дәрежеде бола бермейді. Сапалық сынның белгілері бірде тым басым, артық болса, бірде бәсең болуы мүмкін. Мысалы: сары деген түстің сарғыш, сырырақ, сарылау, тым сары, сап-сары сияқты бір –біріне жақын түстері бар. Сол сияқты үлкен, жақсы сияқты сапалық сындардың жақсылау, аса жақсы, жап-жақсы сияқты жақын белгілері бар. Міне осындай бір тектес сапалық сынның бірінен екіншісінің артық я кемдігі, әр түрлі дәрежеде болатынын білдіруді сын есімнің шырайы деп атайды. Сын есімнің екі түрлі шырайы бар: салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай. Шырайдың жасалуының екі түрлі ерекшелігі бар. Біріншіден, сын есімнің шырайлары сапалық сын есімдерден ғана жасалады. Себебі бір тектес сынның әр түрлі дәрежеде болуы тек сапалық сындарға тән, ал қатыстық сындарда ондай қасиет болмайды. Мысалы: таулы, үйсіз, көшпелі, таудай, т.б. сындар бір заттың екінші бір затқа, қимылға (тау, үй, көшу) қатысты сипатын ғана білдіреді, сынның әр түрлі дәрежесі болатын шырайдың мәні жоқ: таулырақ, үйсіздеу, көшпелі, өте таудай сияқты етіп айтуға болмайды. Екіншіден, шырай түрлері сапалық сын есімге белгілі қосымшалар жалғану арқылы және күшейткіш буын үстеулі немесе күшейткіш үстеулер тіркесу арқылы жасалады. Сөйтіп, шырай жасауға негіз болатын тұлға- сапалық сын есім. САН ЕСІМ САН ЕСІМ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК Алпыс бестен асқанда, Жетпіске қадам басқанда (Ж.). Атадан – алтау, анадан – төртеу. Жалғыздық көрер жерім жоқ (А.) деген сөйлемдердегі алпыс бестен, жетпіске, алтау, төртеу деген сөздер белгілі бір заттың (жас, біз я адам) мөлшерін, санын білдіріп тұр. Осындай заттың санын, мөлшерін, ретін білдіріп қанша? неше? нешеу? нешінші? тәрізді сұрақтарға жауап беретін сөз табын сан есім дейді. Сан есім заттың санын, мөлшерін, ретін білдіріп, тікелей зат есіммен тіркесіп қолданылады. Мысалы: Бұл Жамбыл жасап отыр тоқсан жасты (Ж.) деген сөйлемде тоқсан деген сан есім (неше?) жас деген зат атаулының санын білдіріп тұр. Кейде сан есімдер зат есімсіз-ақ та жұмсала береді. Ондайда сан есім әрі заттық мағынаны (ол алғашқы мағынадан белгілі болады) , әрі сол заттың санын, мөлшерін білдіріп тұрады. Мысалы : Тоқсаннан әрі кетті, жүзге де асты (Ж.) деген сөйлемде тоқсаннан, жүзге деген сан есімдер әрі заттық ұғымды (тоқсан жастан және жүз жасқа), әрі оның мөлшерін , санын білдіріп тұр. Сан есімдер құрамына қарай дара сан есім және күрделі сан есім болып екіге бөлінеді. Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер дара сан есімдер деп аталады. Мысалы: он, үш, бес, иың, ондаған, сегізінші, жетеу т.б. екі я одан да көп түбірдің тіркесінен я қосарлануынан жасалған сан есімдер күрделі сан есім деп аталады. Мысалы: екі жүз, үш мың тоғыз жүз елу алты, жүз қаралы, оннан бір, үштен екі, бес ондық, бір – бірден, үш – төрт т.б. сөздердің қосарлануы арқылы жасалған күрделі сан есімдер дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы: қырық – елу, жетпіс – сексендей, бес – бестен, он – он бес т.б. САН ЕСІМНІҢ ТҮРЛЕРІ Сан есімдер мағынасына (нені білдіруіне) қарай алты түрге бөлінеді: есептік сан есім, реттік сан есім, жинақтық сан есім, бөлшектік сан есім, топтау сан есім, болжалды сан есім. 1. Есептік сан есім Есептік сан есім заттың нақтылы санын білдіріп, қанша? неше? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: бес, он екі, жүз жиырма сегіз, тоғыз жүз бір т.б. есептік сан есімдер дара да, күрделі де болып, сан нсімнің басқа түрлерін жасауға негіз болады. 2. Реттік сан есім Реттік сан есім заттың саналу ретін (қатарын) білдіріп, нешінші? деген сұраққа жауап береді. Реттік сан есімдер есептік сан есімдерге дауысты дыбысқа бітсе – ншы, - нші, дауыссызға аяқталса - ыншы, - інші, жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: бір – інші, тоғыз – ыншы, екі – нші, алты – ншы, жүз отызбес – інші т.б. Реттік сан есімдер кейде цифрмен де беріледі. 1. Реттік сан есімдер араб цифрымен берілседе, - ыншы, - інші, - ншы, - нші жұрнағының орнына дефис (-) қойылады. Мысалы: Ол 6 – қатардан орын алды. Біз 3 – қабатта тұрамыз. Сен биыл 7 – класқа барасың т.б. 2. Реттік сан есімдер Рим цифрмен берілсе, жұрнақтың орнына дефис қойылмайды. Мысалы: VI класс оқушылары жиналыста отыр. Біз IV үйде тұрамыз т.б. 3. Жыл, ай аттарының алдынан келген сан есімдер араб цифрымен берілсе де, одан кейін дефис қойылмайды. Мысалы: 1961 жылы Ю. Гагарин космосқа ұшты. 1 қыркүйекте сабақ басталады т.б. 3. Жинақтық сан есім Жинақтық сан есім заттың жинақталған санын білдіріп, нешеу деген сұраққа жауап береді. Жинақтық сан есім бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге - ау, - еу жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. Дауысты дыбысқа бітетін екі, алты, жеті деген есептік сан есімдерге - ау, - еу жұрнағы жалғанғанда , түбірдің соңындағы – ы, - і дауысты дыбыстар түсіріліп қолданылады. Мысалы: екі – еу, - екеу, алты – ау – алтау, жеті – еу - жетеу. Жинақтық сан есімдер әдетте зат есімдермен тіркеспей, жеке қолданылады да заттанып тұрады яғни әрі сандық, әрі заттық мағынаны бірдей беріп тұрады. Мысалы: Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді (мақал) деген сөйлемдегі алтау, төртеу деген жинақтық сан есім заттанып, әрі сандық мағынада (алты және төрт) , әрі заттық мағынада (алты адам, төрт адам) бірдей жұмсалған. 4. Болжалдық сан есім Болжалдық сан есімдер заттың санын білдірмей, шамамен болжалдап көрсетеді де, қанша? неше? қай шамалы? қаншадан? сияқты сұрақтарға жауап береді. Болжалдық сан есім бірнеше жолмен жасалады: Есептік сан есімдерге – лаған, (-леген), - даған, (-деген), - таған, (-теген), - лап, (-леп), - дап, (-деп), -тап, (-теп), -дай, (-дей), - тай, (-тей) жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы: жүздеген, отыздаған, қырықтаған, мыңдап, елулеп, жетпістей, тоқсандай т.б. 2) Есептік сан есімдерге әуелі көптік жалғауы, оның үстіне жатыс септік жалғау жалғауы арқылы жасалады. Мысалы: (жасы) елулерде , (сағат) ондарда , бестерде т.б. 3) есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы: он – он бес , қырық – елу, жетпіс – сексен, қырық – елудей, елу – елу бестерде, жүз – жүздеген т.б. 4) Есептік сан есімдерге шамалы, шақты, қаралы, таман, тарта, жуық, жақын сияқты сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: жүз шамалы, мыңға тарта, отызға жақын т.б. 4. Топтау сан есім Топтау сан есімдер заттың санын жекелеп емес, топтап көрсетеді де нешеден? қаншадан? деген сұрақтарға жауап береді. Топтау сан есімдер дара сан есімдер мен қосарланған сан есімдерге шығыс септік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: екіден, жүзден, қырық – елуден, он – оннан, бес – алтыдан, үшеу – үшеуден т.б. Сөйтіп, топтау сан есімдер дара түрде де (бестен, оннан т.б.), күрделі түрде де (жиырма бестен, жүз елуден т.б.), қосарланған түрде де (екі – екіден, он – он бестен) т.б. қолданылады. 5. Бөлшектік сан есім Бөлшектік сан есімдер заттың бөлшектік санын білдіреді. Бөлшектік сан есімдер жай бөлшек және ондық бөлшек болып екі түрде қолданылады. Жай бөлшек сандар екі есептік сан есімнің бөлімі шығыс я ілік септікте, алымы тәуелдік тұлғада жұмсалады. Мысалы: екіден бірін (1/2) , ал, үштің бірін (1/3), оннан екісі (2/10) т.б. Сол сияқты бөлшектік сан есімдер есептік сан есімге жарты, жарым, үш ширек т.б. Ондық бөлшектік сан есім бөлімі ондық, жүздік, мыңдық сияқты болып жасалады. Мысалы: екі бүтін үш ондық (2, 3), бес бүтін төрт жүздік (5, 04), он бүтін жүз елу бір мыңдық (10,151) т.б. САН ЕСІМНІҢ СӨЙЛЕМДЕГІ ҚЫЗМЕТІ 1. Сан есім заттың санын, мөлшерін, ретін білдіретіндіктен, әдетте, сөйлемде анықтауыш болады.Мысалы: Екі достың бірі ыңғайлы, біреудің ебі жоқ (жұмбақ) деген сөйлемде екі сан есім (неше?) достың деген сөзді , біреуінің (кімнің?) ебі дегенді анықтап тұр. Сан есім ілік септікте заттанып тұрып та анықтауыш бола береді. 2. Сан есім жіктеліп келіп немесе көмекші етістіктермен тіркесіп келіп баяндауыш та болады. Мысалы: Атадан – алтау, анадан – төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ (А). Біз екеу едік (Б. М.) деген сөйлемдерде алтау (біз алтаумыз), төртеу (біз төртеуміз) сөздері нешеу? (нешеуміз?) деген сұраққа , екеу едік деген нешеу едік? Деген сұраққа жауап беріп, жіктеліп келіп (алтау, төртеу дегендердің I - жақ жіктік жалғауы өлең сөздің ерекшелігіне байланысты түсіп қалған) баяндауыш қызметін атқарып тұр. 3. Сан есім атау септікте тұрып бастауыш болады. Мысалы: Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса , төбедегі келеді (мақал) дегенде алтау, төртеу сөздері кім? (ала болса, түгел болса) деген сұраққа жауап беріп, атау септікте тұрып бастауыш болып тұр. 4. Сан есімдер септік тұлғасында да, септелмей де етістіктің алдында келіп пысықтауыш та болады. Мысалы: Кездесіп жетпіс үште іздегенім (Ж.) Біз екі – екіден бөліндік деген сөйлемдерде жетпіс үште (қашан кездесіп?), екі – екіден (қалай бөліндік?) пысықтауыш болып тұр. 5. Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің бірінде келіп, толықтауыш қызметін де атқарады. Мысалы: Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар (мақал) деген сөйлемде бірді, мыңды деген сан есімдер табыс септікте тұрып, кімді жығар? деген сұраққа жауап беріп, толықтауыш болып тұр. 6. Сан есім зат есіммен я қатыстық сан есіммен тіркесіп келіп сөйлемнің күрделі мүшесі қызметін де атқарды. Мысалы: Біз үш түрлі кедергіден өттік. Гектарынан 15 центнер бидай орылды деген сөйлемдерде үш түрлі (қандай кедергі?), 15 центнер (қанша бидай?) күрделі анықтауыш болып тұр. . ЕСІМДІКЕСІМДІК ТУРАЛЫ ТҮСІНІК Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Оның тәтті оралған мәні оятар (А) деген сөйлемде оның деген сөз алғашқы бөлігіндегі ән деген зат есімнің орнына қолданылған: әннің мәні. Бір шалдың төрт ұлы болыпты, Бірде сол шал ұлдарын жинапты (Ертегілер) деген сөйлемдерде сол сөзі төрт деген сан есімнің орнына қолданылған: төрт ұлын жинапты. Кімді айтса, сол келер (мәтел) деген сөйлемде сол сөзі кім дегеннің орнына өзі адам деген заттың атауының орнына қолданылған. Сөйтіп, есім сөздердің (зат есім, сын есім, сан есімнің) орнына жүретін сөз табы есімдік деп аталады. Есімдік заттың өз атауын да, белгісінің де, санының да атын білдірмейді, тек соларды нұсқап, меңзеп көрсетеді де, солардың орнына қолданылады. Сондықтан да кейде есімдікті орынбасар сөздер деп те атайды. Есімдіктер мағынасына қарай жеті топқа бөлінеді: 1) жіктеу есімдігі; 2) сілтеу есімдігі; 3) сұрау есімдігі; 4) өздік есімдігі; 5) жалпылау есімдігі; 6) болымсыздық есімдігі; 7) белгісіздік есімдігі. ЖІКТЕУ ЕСІМДІГІ Белгілі бір жақтық ұғыммен байланысты қолданылатын есімдіктің түрі жіктеу есімдігі деп аталады. Жіктеу есімдіктері мен, сен, сіз, ол, біз, (біздер) , сендер, сіздер, олар. Бірінші жақ – айтушы, сөйлеуші жақ, екінші жақ – тыңдаушы жақ. Бұлар адамға байланысты атаулар. Сондықтан кім? деген сұраққа жауап береді. Үшінші жақ бөгде жақ. Ол – адамға, адамнан басқа да затқа байланысты бола береді. Сондықтан кім? немесе не? деген сұраққа жауап береді. Мысалы: бір ағашта екі алма, мен (кім?) де алмаймын, сен (кім?) де алма (халық әні) . Ол (кім?) – оқыған азамат. Ол (не?) – биік тау т.б. Жіктеу есімдіктері тәуелденбейді. Тәуелденетін ол (оным, оның, оныңыз, онысы), олар (оларым, оларың, оларыңыз, олары) дегендер – жіктеу есімдігі емес, сілтеу есімдігі. Жіктеу есімдігі септеледі. Біз, сіз, біздер, сендер, сіздер, олар деген жіктеу есімдіктері зат есімдерше септеледі, ал мен, сен, ол деген жіктеу есімдіктерінің септелуінде ерекшеліктер бар. Мен , сен , ол деген жіктеу есімдіктерінің септелуінде мынадай ерекшеліктер байқалады: 1) ілік, табыс, шығыс септіктерде түбірдегі л, ң дыбыстары түсіп қалады; 2) жатыс септікте түбірдегі л дыбысы н – ға айналады; 3) көмектес септікте түбір мен жалғаудың арасында – ы, - і дәнекері пайда болады, дұрысында түбірдегі ң дыбысы түсіп қалып, көмектес септік жалғауы ілік септіктің дыбыстық өзгеріске түскен – ны (ң), - ні (ң) тұлғасының үстіне жалғанады; 4) барыссептік жалғауы жуанданып; л,н түсіп қалған түбірге – ған түрінде жалғанады. Жіктеу есімдіктері өз жағында ғана жіктеледі, яғни жіктеу есімдігі қай жақты білдірсе, оған сол жақтың жіктік жалғауы жалғанып жіктеледі. Жіктеу есімдіктері сөйлемде атау септікте тұрып бастауыш, ілік септікте тұрыпанықтауыш, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып толықтауыш, жіктеліп келіп баяндауыш қызметін атқарады. СІЛТЕУ ЕСІМДІГІ Сілтеу есімдіктері меңзеу, нұсқау, көрсету мағыналарын білдіреді. Сілтеу есімдіктеріне бұл, сол, ол, осы, осынау, сонау, анау, ана, мына, мынау, тонау, әне, міне деген сөздер жатады. Әдетте сілтеу есімдіктері сілтеу, меңзеу, мәнін білдіріп, сын есімнің орнына жұмсалып, қай? деген сұрақтарға жауап беріп, анықтауыш қызметін атқарып тұрады. Мысалы: Самғай бер асқардан асқарға мынау қырандай (Ә. Ә.). Бұл ұрыста Төлеген ерекше ерлік көрсетті. (М. Ғ.) деген сөйлемдерде мынау, бұл есімдіктері қай? (қырандай, ұрыста) деген сұраққа жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Сілтеу есімдіктеріне кейде көптік, тәуелдік жалғаулары жалғанады, Анау, мынау, сонау, осынау дегендерден басқасы септелініп те қолданылады. Мысалы: бұл – бұлар, сол – солар, осы – осылар, анау – анауым – анауың – анаулары т.б. Сілтеу есімдіктері септелгенде заттанып, зат есімнің орнына жұмсалады. Олардың септелгенде мынадай ерекшеліктері байқалады: 1) бұл, сол, ол деген сілтеу есімдіктері мен , сен , ол деген жіктеу есімдіктері сияқты септеледі: а) ілік, табыс, шығыс септікерде түбірдегі л дыбысы түсіп қалады; ә) жатыс септікте түбірде л дыбысы н – ға айналады; б) көмектес септікте түбір мен жалғаудың арасында – ы дәнекері пайда болады (дұрысында түбірдегі л дыбысы түсіп қалып, көмектес септік жалғауы ілік септіктің дыбыстық өзгеріске түскен - ны (ң) тұлғасының үстіне жалғанады); е) барыс септік жалғауы түбірдегі л дыбысы түсіп қалған түбірге – ған түрінде жалғанады; 2) барыс септік жалғауы – ған түрінде осы, мына, ана деген сілтеу есімдіктеріне де жалғанады; 3) жатыс септікте осы сілтеу есімдігіне – нда жалғауы жалғанады; 4) бұл сілтеу есімдігінің түбірі ілік, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде мұ түрінде де қолданылады. Сілтеу есімдіктері сөйлемде толықтауыш қызметтерін атқарады . Сілтеу есімдіктері сөйлемде атау септікте тұрып бастауыш болғанда, одан кейін сызықша қойылады. Мысалы: Бұлар – станцияның маңдай алды құрылысшылары (Ө. Нұрш.). Бұл – аңыраған ана Наталья. (Ғ. М.). СҰРАУ ЕСІМДІГІ Жауап алу мақсатымен сұрау мағынасында қойылған сұрақтар сұрау есімдігі болады. Сұрау есімдіктері: кім? не? қай ? қандай? қанша? неше? нешеу? нешінші? қайда? қайдан? қалай? қашан? қайдағы? қашанғы? Зат есімге және зат есім орнына қолданыла алатын (заттанған) сөздерге қойылатын сұрақтарға көптік, тәуелдік септік жіктік жалғаулар қосыла алады. Мысалы: кім? кімім? кімдер? кімі? кімдерің? кімге? неге? қайсысы? нешеуі? кіммін? Т.б. Сұрау есімдіктерінің адамға қатыстылары ғана І, ІІ жақтарда жіктеледі. Себебі І және ІІ жақ яғни айтушы (мен, біз) және тыңдаушы (сен, сендер, сіз, сіздер) адам ғана болады. ІІІ жақ адамнан басқа да бөгде затқа қатысты бола береді. ӨЗДІК ЕСІМДІГІ Өздік есімдігіне әр тұлғадағы өз деген бір ғана сөз жатады. Өз есімдігі тәуелдеулі , көптеулі, септеулі түрде қолданылады да, жіктеу есімдіктерінің немесе зат есімнің орнына қолданылады. Мысалы: менің өзім, сенің өзің, баланың өзі, оқушылардың өздері, біздің өзіміз, сіздердің өздеріңіз т.б. Өздік есімдігі түбір тұлғада өз түрінде зат есімді анықтап жұмсалады. Мысалы: өз баласы, өз ісім, өз жұмыстарың т.б. Өз есімдігі әдетте тәуелденіп барып септеледі. Сондықтан оның үлгісі тәуелдеулі септеу болады. ЖАЛПЫЛАУ ЕСІМДІГІ Жалпылау, жинақтау мағыналарын білдіретін есімдіктің түрі жалпылау есімдігі деп аталады. Жалпылау есімдігіне бәрі, барлық, бар, барша, бүкіл, күллі, бүтін, түгел, тегіс деген сөздер жатады. Мысалы: Бар ойы - өлең айтып, ән салалық. (А.). Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би (мақал). Берілген мысалдан көрінетіндей, жалпылау есімдігі көбіне – көп анықтауыш қызметінде жұмсалады. Сондай – ақ жалпылау есімдігі көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Мысалы: Енді нені істейміз, Бәрінен де бос қалдық? (А.). Біліпті дерттің барлығын (А.). Әдетте жалпылау есімдіктері тәуелденіп барып септеледі. БОЛЫМСЫЗДЫҚ ЕСІМДІГІ Болымсыздық мағынаны білдіретін есімдіктің түрі болымсыздық есімдігі деп аталады. Болымсыздық есімдігі: ештеңе, ештеме, ешкім, ешбір, ешқашан, ешқандай, ешқайдан, ешқайсысы, дәнеңе дәнеме. Мысалы: Көнбеді ешкім сөзіме, әдетіне қарысып (А.). Болымсыздық есімдіктердің ешкім, ешқайсысы, дәнеңе, ештеңе дегендері зат есімнің орнына; ешқандай, ешбір дегендері сын есімнің орнына, ешқандай, ешқайдан дегендері үстеу немесе мезгілдік, мекендік мағынаны білдіретін сөздердің орнына жұмсалады. Мысалы: Бұл жерде ешкім сырымды білмейді, айтып не етейін. (А) Ашық мінез, ақ маңдай, Менмендік жоқ ешқандай (қазақ әндері). Мылтық оқтағанда оның аузын ешқашан кісіге қаратпа, кісіге қаратып ойнап оқтама (Ш. Айманов). Ешқайда болмай шықты оған жер тең (С. М.) деген сөйлемдерде ешкім деген болымсыздық есімдігі кім (білмейді)? деген сұраққа жауап беріп, адам мәнінде қолданылған, сөйлемінің бастауышы болып тұр; ешқандай болымсыздық есімдігі қандай (менмендік)? деген сұраққа жауап беріп, менмендік деген дерексіз мәндегі заттың сынын білдіріп, сөйлемнің анықтауышы болып тұр; ешқашан болымсыз есімдігі қашан (қаратпа)? деген сұраққа жауап беріп, қаратпа деген қимылдың мезгілін, ешқайда болымсыздық есімдігі қайда (болмай шықты)? деген сұраққа жауап беріп, болмай шықты деген қимылдың мекенін білдіріп пысықтауыш қызметін атқарып тұр. Болымсыздық есімдіктері көбінесе еш сөзі мен бір, кім, қашан, қандай, қайдан, қайда, қайсысы тәрізді есімдіктердің бірігуі арқылы жасалған. Сондықтан да олар бірігіп жазылады. Ал еш сөзі басқа сөздермен (зат есімдермен) тіркессе, бөлек жазылады. Мысалы: Сенен басқа еш жерден таба алмадым орнымды (А). БЕЛГІСІЗДІК ЕСІМДІГІ Затты, сындық белгіні, сан – мөлшерді белгісіз етіп жорамалдап, тұспалдап көрсету мәнін білдіретін есімдіктің түрі белгісіздік есімдігі деп аталады. Мысалы: Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін. (А). Адамның кейбір кездері Көңілде алаң басылса (А) . Бұл сөйлемдердегі біреу есімдігі белгісіз бір адам деген мағынада , кейбір есімдігі нақ мезгілді атамай белгісіз бір кездер мәнінде қолданылған. Белгісіздік есімдігіне біреу, кейбіреу, бірдеме, әрне, әлдекім, әлдене, әркім, кімде – кім, бір, қайсыбір, кейбір, қайсыбіреу, әр, әрбір, қайбір, бірнеше, әлденеше, біраз, әрқалай, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқашан, әрқашан дегендер жатады. Белгісіздік есімдіктерінің мынадай ерекшеліктері бар. 1. Әлде, әр, кей, қай, бір сөздері екінші есімдіктермен (біреу, кім, не, бір, қашан, қалай, қайда, аз т.б.) тіркескенде, бөлек жазылады да, басқа сөз таптарымен (мысалы, зат есімдермен) тіркескенде, бөлек жазылады. Мысалы: Бізде ерік жоқ, бастай бер, Әлденеге бастайсыз (А). Әлдеқайдан гармон үні, ән сазы естіледі (Қ. Тоқаев). Әрқашан күн сөнбесін ... Директор біреумен сөйлесудің алдында көзінен көзілдірігін алып, әр уақытта да бір езу тартып, күлімсіреп алады. (С. Ерубаев). Кей құрбы бүгін тату, ертең бату (А). 2. Біреу, кейбіреу, қайсыбіреу, бірдеме, әрне, кімде-кім, әлдекім, әркім, әлдене тәрізді белгісіздік есімдіктер зат есім орнына жұмсалады. Олар көптік, тәуелдік, септік жалғауларында жұмсалып, сөйлемде атау септікте бастауыш, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып толықтауыш, ілік септікте анықтауыш қызметтерін атқарады. Мысалы: Біреулер үйінің орнын өлшеп, біреулер қазып үлгіріп, қайсыбіреулері қалқитып та алған (Мұст.). Біреудің кісі өлсе, қаралы ол … (А). Кейбіреуге таяғым тиіп те кетті бартылдап (а). Әсемпаз болма әрнеге (А). Берілген сөйлемдерде біреулер деген көптік және атау септік жалғауларында тұрып, кім (өлшеп, қазып үлгіріп)? деген сұраққа жауап беріп, қайсыбіреулері деген көптік, тәуелдік және атау септік тұлғасын тұрып, кім (қалқитып та алған?) деген сұраққа жауап беріп бастауыш болып тұр, біреудің белгісіздік есімдігі ілік септікте тұрып, кімнің (кісісі)? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Кейбіреуге, әрнеге дегендер барыс септікте тұрып, кімге (тиіп кетті)? неге (әсемпаз болма)? деген сұраққа жауап беріп толықтауыш болып тұр. 3. Қайсыбір, кейбір, әр, әрбір, қайбір дегендер сын есім орнына жұмсалып, әлденеше, бірнеше, біраз дегендер сан есім орнына жұмсалып, әдетте анықтауыш қызметінде қолданылады. Мысалы: Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп (А). Иә, шынын айту керек, бір ерекшелігі мұндағы әрбір қызметкердің бір-бір көмекшісі бар екен (Қыдырбекұлы). Саяси сабақтан қолы бос кездерін пайдаланып, тағы да бірнеше модель жасады (Шаймерденов). Мол күш тоғысқан майдан өмірінде өлім әр адамға әр түрлі жағдайда кездесіп жатады (Қ. Тоқаев). Берілген сөйлемдерде белгісіздік есімдіктері қай (жігіт? - кейбір), қай (қызметкердің? - әрбір), қанша (модель? -бірнеше), қай адамға? - әр) деген сұрақтарға жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Белгісіздік есімдігінің бұл түрі кейде тәуелденіп, септеліп келіп, заттанып, атау септікте бастауыш, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде толықтауыш қызметінде де жұмсалады. Мысалы: Кейбірі пірге қол берген, Іші - залым: сырты - абыз (А). Нариманның бұндай қылығының қайсыбірін айтып түгесейін (Аманшин). Берілген сөйлемдерде кейбірі (кім қол берген?) атау септікте бастауыш, қайсыбірін (нені айтып түгесейін?) - табыс септікте толықтауыш қызметін атқарып тұр. 4. Әрқашан, әрқалай, әлдеқашан, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқайдан деген белгісіздік есімдіктері үстеу мәнінде мезгіл, мекен мағыналарын білдіріп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Көкшетау оның маңындағы қалың орман әлдеқашан артта қалған. (С.С.). Жасы үлкен, денесі кең Сергей Петрович әрқашан осылай балаша қуанады, балаша ренжиді (Ғ. Мұст.) Берілген сөйлемдерде әлдеқашан (қашан артта қалған?) әрқашан (қашан қуанады, ренжиді?), әлдеқайда (қайда алып кетті?) деген белгісіздік есімдіктері пысықтауыш болып тұр. |