казак тили. Затты атын білдіріп, кім не деген сраа жауап беретін сздер зат есім деп аталады
Скачать 76.5 Kb.
|
ЕТІСТІКЕТІСТІК ТУРАЛЫ ТҮСІНІК Етістік - заттың қимылын, іс-әрекетін, күй-жайын білдіретін сөз табы. Етістік не істейді? не қылды? қайтті? (немесе не істеп? қайтіп? не істесе? т.б. тұлғалардағы) деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Көп ойласаң, дана боласың, көп ойнасаң, бала боласың (мақал). Көкек көріп қарлығашты қиғаш келіп амандасты (Ш. Смақанұлы). Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім, Басқаға жануарды теңгермедім (С.С.). Берілген мысалда ойласаң, ойнасаң (сен не істесең?), боласың (сен не істейсің?), көріп, келіп (көкек не істеп?), амандасты (көкек не істеді), көрмедім, теңгермедім (мен не істедім?) деген сөздер заттардың (сен, көкек, мен) қимылын, іс-әрекетін білідіріп тұр. Сондықтан бұл сөздер етістік болып табылады. Етістік құрамына қарай негізгі түбір етістік және туынды түбір етістік болып бөлінеді. Сөздің негізгі түбірі етістік болса, ол негізгі етістік деп аталады. мысалы: кел, бар, жүр, көр, бер, ал, қойды, айтты, жайды, үйіп, көріп, алған, салған т.б. Басқа сөз таптарынан сөз тудырушы жұрнақ арқылы жасалған етістіктер туынды түбір немесе туынды етістік деп аталады. Мысалы: ойна, шегеледі, қарайып, көгерген, басқарса, күшейіп т.б. деген етістіктер ойын, шеге, қара, көк, бас, күш деген түбірлерге (есім сөздерге) -а, -ле, -й, -ер, -қар, -ей жұрнақтары жалғану арқылы етістік жасалған. Туынды етістіктер басқа сөз таптарынан (есімдер мен еліктеуіш сөздерден) белгілі жұрнақтар арқылы жасалады. Ол жұрнақтар мыналар: 1. -ла, -ле, -да, -де, -та, -те; шеге-ле, таза-ла, бас-та, т.б. 2. -а, -е: ойн-а, бос-а, мін-е т.б. 3. -ай, -ей, -й: мол-ай, аз-ай, көб-ей, қара-й т.б. 4. -ар, -ер, -р: ағ-ар, көг-ер, қысқа-р т.б. 5. -ғар, -гер, -қар, -кер: бас-қар, ес-кер, тең-гер т.б. 6. -ыра, -іре; сарқ-ыра, жарқ-ыра, желб-іре т.б. Етістік грамматикалық тұлғаларға бай сөз табы болып табылады. Қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі мәнді болуымен бірге етістік сөйлемде сол қимылды атқарушы субъектімен және объектімен әр қилы қатынасына байланысты (шақтық, жақтық, райға қатысты), болу-болмауына байланысты (шақтық, жақтық, райға қатысты), болу-болмауына байланысты т.б. мәндік ерекшеліктерді білдіріп отырады. Олардың әрқайсысы белгілі тұлғалар арқылы етістік, дара және күрделі етістік, болымды және болымсыз етістік, сабақты және салт етістік болып бөлінуімен, сондай-ақ етіс, шақ, рай категорияларынан, көсемше, есімше, тұйық етістік сияқты ерекше тұлғаларынан, жіктелуінен көрінеді. Кейде етістіктің болымды және болымсыз, сабақты және салт етістікпен етіс түрлері лексика-грамматикалық категориялары, шақ, рай, жақ (жіктелу) түрлері грамматикалық категориялары деп те аталады. НЕГІЗГІ ЕТІСТІК ПЕН КӨМЕКШІ ЕТІСТІК Етістіктер білдіретін мағынасына, соған сәйкес сөйлемде атқаратын қызметіне қарай екі түрді: негізгі етістік және көмекші етістік болып бөлінеді. Мысалы: Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып баласынан сұрады. (Ы.А.). Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан (А). Берілген екі сөйлемде бірнеше арқалан, тап, бар, қалан. Білдіретін мағынасы жағынан және соған (мағынасына) байланысты атқаратын қызметі жағынан бұл етістіктер бірдей емес. Келе, сұрады, арқалан, тап, бар, қалан деген етістіктер - лесикалық мағынасы бар сөздер, сондықтан олар тікелей сұраққа жауап бере алады және сөйлем мүшесінің қызметін де атқара алады: басты қимыл келу, сұрау, арқалану, табу, бару, қалану: не істеп? - келе (жатып), не істеді? - сұрады, не істе? - арқалан, тап, бар, қалан - бәрі де баяндауыш. Ал жатып, болма, болсаң деген етістіктердің лексикалық мағынасы толық сақталмаған: әрі келіп, әрі жатуға болмайды ғой, бұл жерде әңгіме жатуда емес, сондай-ақ болма, болсаң дегендер де бір жерде тұру емес. Бұлар жеке тұрып сұраққа да жауап бере алмайды, сөйлем мүшесі де бола алмайды. Сөйтіп, бұл сөздер лексикалық мағынасынан айырылып, екінші сөздің жетегінде ғана қолданылады: жатып - келе жатып, болама - әсемпаз болма, болсаң - өнерпаз болсаң болып қолданылған. Сөйтіп, жеке тұрып сұраққа жауап бере алатын және өз алдына сөйлем мүшесі бола алатын толық мағыналы етістіктер негізгі етістік деп аталады. Өз алдына жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайтын, толық мағынасы жоқ, тек негізгі етістіктер мен есім сөздермен тіркесіп қана қолданылатын етістіктер көмекші етістіктер деп аталады. Қазақ тілінде етістіктердің біразы әрі негізгі, әрі көмекші етістік мәнінде қатар жұмсала береді. Жоғарыда берілген сөйлемдерде жатып, болма, болсаң дегендер көмекші етістік болса, қонақтар жатып қалыпты, сен үйде болма, үйде болсаң, жұмыс істе деген сөйлемдерде олар - негізгі етістіктер. Керісінше айтқым келеді, таудан асып барады т.б. дегенде келеді, барады - көмекші етістік те, айтқым, асып - негізгі етістіктер. Қазақ тілінде тек төрт етістік бар. Олар: е (еді, екен, емес), жазда, ет, де (деп, десе, деген, дер). Бұлар тек қана көмекші етістік мәнінде ғана қолданылады, негізгі етістік болып жұмсалмайды, өйткені бұлар - лексикалық мағынасынан бүтіндей айырылып қалған етістіктер. Мысалы: Оны әлі күнге өз ырқынан шығарған емес (М.Ә.). Асан қуанып жұмыртқаны алайын деп еді (Ы.А.). Тәңірі қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең (А.). ДАРА ЕТІСТІК ПЕН КҮРДЕЛІ ЕТІСТІК Етістіктер құрамына қарай дара етістік және күрделі етістік болып екіге бөлінеді. Бір ғана сөден тұратын негізгі етістік дара етістік деп аталады. Мысалы: Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Ы. А.). Қозының жамырағанын Байторының сақ құлағы бағана сезген (М.Ә.). Бұл сөйлемдегі салғызды, жамырағанын, сезген деген етістіктер дара болып табылады. Өйткені бұлар - бір ғана сөзден тұратын етістіктер. Әрқайсысының өз алдына мағынасы бар, сұраққа жауап беріп, сөйлем мүшесі қызметін атқарады: Жұрттар не істеді? - салғызды (баяндауыш), нені сезген? - жамырағанын (толықтауыш), құлағы қайткен? - сезген (баяндауыш). Екі я одан да көп сөзден құралып, бір ғана мағынаны білдіріп, бір сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқаратын етістіктер күрделі етістіктер деп аталады. Мысалы: Ауылда қосақтағы қойлар да маңырап жатыр екен (М.Ә.). Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен (Ы.А.). Ерте барсам жерімді жеп қоям деп Ықтырмамен күзеуде отырар бай (А). Берілген сөйлемдердегі маңырап жатыр екен (қойлар қайткен?), жамап отыр екен (қыз не істеген?), жеп қоямын деп (не себепті отыр?), дегендер - күрделі етістіктер. Олар бір ғана лексикалық мағынаны (маңырау, жамау, жеу) білдіреді, бір сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқарады. Әдетте күрделі етістіктің құрамындағы бірінші етістік негізгі етістік болады да, негізгі мағынаны сол білдіреді, одан кейінгісі көмекші етістік болады. Кейде көмекші етістік біреу емес, бірнеше болуы да мүмкін (жоғарғы сөйлемдердегі жатыр екен, отыр екен, қоямын деп). Негізгі етістік көбінесе көсемше тұлғасында (келе жатыр, барып қалды т.б.) және есімше тұлғасында (барған екен, жүретін болды, айтпақ болды т.б.) болып келеді де, көмекші етістік сөйлемдегі орны мен мағынасы, қызметіне қарай етістіктің барлық түрлерімен тұлғаланып қолданыла алады. Мысалы: Үнсіз күліп тұрған - бағанағы бала шәкірт (М.Ә.). Еш нәрсені көре алмай келе жатса, Көзіне түсті алыстан жалғыз қара (Ы.А). САБАҚТЫ ЕТІСТІК ПЕН САЛТ ЕТІСТІК Етістіктер мағынасына қарай сабақты етістік және салт етістік болып бөлінеді. Мағынасы жағынан тура объектіні, табыс септіктегі сөзді қажет етіп тұратын етістіктер сабақты етістіктер деп аталады. Сабақты етістіктер кімді? нені? (кейде табыс септіктің жасырын түрі не?) деген сұрақтарға жауап беретін табыс септіктегі сөзбен байланысады. Мысалы: Сөзді сен баста. Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін. Баламды медресеге біл деп бердім. Бетті бастым, Қатты састым. Бұл сөйлемдердегі баста, жазбаймын, бердім, бастым, деген етістіктер сөз, өлең, балам, бет деген сөздердің табыс септікте тұруын талап етіп тұр. Кейде ондай сөздер табыс септіктің жасырын түрінде тұруы мүмкін. Мысалы: өлең айт - өлеңді сен айт, кітап оқыды - кітапты бала оқыды, хат жаздым - жолдасыма хатты жаздым т.б. Ондайда, мысалда көрсетілгендей, ол екі сөздің (табыс септікті сөз бен етістіктің) арасына басқа сөз келтіріп қолдану керек. Кейде тура объект мәнін білдіріп тұратын табыс септіктегі сөз сөйлемде қолданылмауы да мүмкін. Ондайда етістіктен сұрақ қою керек. Етістіктен кімді? нені? деген сұраққа қоюға болса, онда ол - сабақты етістік. Мысалы: айт, көр, оқы, бер, сайла т.б. етістіктерден кімді (нені) айт? кімді (нені) көр? нені оқы? нені бер? кімді (нені) сайла? деп сұрақ қоюға болады. Мағынасы жағынан тура объектіні, табыс септіктегі сөзді қажет етпейтін етістіктер салт етістіктер деп аталады. Салт етістіктер барыс, жатысм, шығыс, көмектес септіктегі сөздермен тіркесе беруі мүмкін, бірақ табыс септіктегі сөзбен байланыспайды. Мысалы, қаладан қайт, ауылға қайт, жолдасыңмен қайт немесе түсінде келді, үйден келді, баламен келді, үйге келді т.б. болып қолданылса да, нені (ауылда т.б.) қайт? нені (қаланы т.б.) келді? деп айтуға болмайды. Сондықтан бұлар - салт етістіктер. Кейбір етіс жұрнақтар салт етістіктерді сабақты етістіктерге немесе сабақты етістіктерді салт етістіктерге айналдыру қызметін атқарады. Мысалы: өзгелік етіс жұрнақтары -ғыз, -гіз, -қыз, -кіз, -дыр, -дір, -тыр, -тір, -ыр, -ір, -р, -т салт етістікке жалғанса оны сабақты етістікке айналдырады: шам сөнді - шам-ды сөн-дір-ді, бала кетті - бала-ны кет-ір-ді, гүл өседі - гүл-ді өс-ір-еді, ол өкпеледі - о-ны өкпеле-т-ті т.б. Ал ырықсыз (кейде өздік) етіс жұрнақтары сабақты етістікке жалғанып, оны етістікке айналдырады: Әңгіме-ні айтты - әңгіме айтылды, хат-ты жазды - ат жазылды, кітап-ты түгел оқыды - кітап түгел оқылды т.б. ЕТІСТЕР Қимылдың іс-әрекеттің орындаушыға (қимыл иесімен тура істелетін іске) қатысын білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етістіктің түрі етіс деп аталады. Мысалы: ол жуынды, ол баласына кітап оқытты, әңгіме айтылды, олар бір-бірімен хат жазысты деген сөйлемдерде жуу қимылы іс иесінің (орындаушының) өзіне қарай бағытталғанын, оқу іс-әрекеті оның тікелей қимыл иесі (ол) арқылы емес, екінші бір иесі (баласы) арқылы орындалғанын, айту іс-әрекеті қимыл иесінің өздігінен орындалғандай болуын, жазу іс-әрекеті қимыл иесінің біреу емес, бірнешеу (олар) екенін білдіріп тұр да, ол мағыналар түбірге -ын, -т, -ыл, -ыс жұрнақтары жалғану арқылы берілген. Соған орай етістер төрт түрге бөлінеді. Өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс және ортақ етіс. Болымсыз етістік жұрнағы етіс жұрнағынан кейін жалғанады: айт-қыз-ба, ки-ін-бе, сөйле-с-пе т.б. Өздік етіс Қимылдың, іс-әрекеттің орындаушысына, іс иесіне тікелей қатыстылығын білдіріп, әдетте сабақты етістіктерден -ын, -ін, -н, жұрнағы жалғану арқылы жасалатын етістік түрі өздік етіс деп аталады. Мысалы: таң атқанша тарандық (Махамбет). Оқушылар ерте тұрып жуынды. Бала өзі киінді деген сөйлемдердегі тарану, жуыну, киіну қимылдары әрі белгі іс иесі (орындаушы) біз (тарандық), оқушылар (жуынды), бала (киінді) арқылы орындалып, әрі қимыл сол іс иесіне бағытталғанын білдіріп тұр. 2. Өзгелік етіс Өзгелік етіс қимылдың, іс-әрекеттің сөйлемдегі іс иесі яғни субъектінің өзі емес, екінші бір басқа субъект, қимылды орындаушы арқылы істелінетінін білдіріп, белгілі жұрнақтар арқылы жасалады. Ол жұрнақтар: 1)-ғыз, -гіз, -қыз, -кіз, -отыр-ғыз, жүр-гіз, айт-қыз, жет-кіз; 2) -дыр, -дір, -тыр, -тір, -ыр, -ір, сал-дыр, сен-дір, ас-тыр, тік-тір, кет-ір, ас-ыр; 3) -т; жаса-т, сөйле-т т.б. Демек, өзгелік етісті сөйлемде қимылды, іс-әрекетті іске асырушы екі субъект болады: бірі - сол қимылды орындатушы, екіншісі - қимылды тікелей орындаушы, бұл ғылым тілінде агенс деп аталады. Мысалы: Ол баласына өлең айтқызды. 3. Ырықсыз етіс Іс-әрекеттің атқарушысы, қимыл иесі арнайы айтылмай, қимыл өздігінен істелетіндігі көрінеді де, -ыл, -іл, -л түбірдің ішінде л дыбысы болса -ын, -ін, -н жұрнақтары арқылы жасалатын етіс түрі ырықсыз етіс деп аталады. Ырықсыз етіс тек сабақты етістіктен жасалады, өзі жалғанған сабақты етістікті салт етістікке айналдырады: сөз айт-ылды, уәде бер-іл-ді, шарт жаса-л-ды, үй таза-ла-н-ды, қамал ал-ын-ды, үй сал-ын-ды т.б. 4. Ортақ етіс Қимыл іс-әрекеттің иесі, орындаушысы біреу емес, бірнешеу болып, -ыс, -іс, -с жұрнақтары арқылы жасалатын етістің түрі ортақ етіс деп аталады. Мысалы: Омар мен Оспан хат жаз-ыс-ты. Қыз бен жігіт сөйле-с-ті. Ол бізге үй сал-ыс-ты дегенсөйлемдердегі жазу, сөйлеу, салу қимылдары бір ғана субъект (іс иесі) тарапынан емес, бірнеше орындаушы (Омар мен Оспан, қыз бен жігіт, ол мен біз) арқылы іске асатынын көрсетеді. Ырықсыз етіс пен өздік етіс жұрнақтары сабақты етістікке жалғанып, оны салт етістікке айналдырады: әңгімені айт-ты, әңгіме айтылды, сөзді сөйледі - сөз сөйленді, қолын жуды - ол жуынды, т.б. Өзгелік етіс жұрнағы салт етістікке жалғанса, салт етістікті сабақты етістікке айналдырады: шам сөнді - шамды сөндірді, оқушы орындықта отырды - оқушы орындыққа отырғызды, хат жетті - хатты жеткізді т.б. Етіс жұрнақтары кейде бірінің үстіне бірі қабаттасып та жалғана береді: сөйле--с-іл-ді, жүр-гіз-іл-ді, айт-ыс-тыр-ды т.б. ЕСІМШЕ Есімше - етістіктің ерекше түрі. Себебі есімше сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте қолданылады. Бірде жіктеліп келіп, қимылды, іс-әрекетті белгілі бір шаққа байланысты білдіреді де, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Мысалы: Ардақ бағана кетіп қалған (Ғ. Мұст.). Сен менің айтқанымды ұғып,орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің (Ы.А.). Егер үлгіре алсам, Ақтөбеге де барып қайтпақпын (Ы.А.). Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын (М.Ә.). Берілген сөйлемдерде кетіп қалған, өсерсің, тыңдайтын деген етістіктер есімше тұлғаларында жіктеліп келіп (кетіп қал-ған -3-жақ, өс-ер-сің - 2-жақ, тыңда-йтын - 3-жақ қимыл, іс-әрекетті білдіріп тұр. Атап айтқанда: Ардақтың кетіп қалуы (Ардақ кетіп қалған) - өткен шақты білдіріп тұр; сенің өсуің (сен өсерсің) - келер шақты білдіріп тұр. Сөйтіп, бұл сөйлемдердегі есімшелер (есімше тұлғалы етістіктер) белгілі бір шақты (өткен шақ немесе келер шақ) білдіріп, жіктеліп келіп баяндауыш қызметін атқарып, белгілі заттың қимылын көрсетіп тұр. Бұл - есімшенің етістікке тән қасиеті. Кейде есімше тұлғалы етістік бүтіндей басқа мәнде, басқаша қызметте қолданылады: етістікке тән болып келетін белгілі бір заттың қимылын емес, керісінше заттың сындық қасиетін, қатыстық белгісін білдіріп немесе заттанып, заттық мәнде жұмсалады. Ондайда есімше тұлғалы етістік бір зат атауын анықтап тұрады немесе септеліп, көптеліп, я тәуелденіп жұмсалады. Мысалы: Қараса, әкелгені бір үлкен қуыршақ екен Ы.А.). Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да ыза болды (М.Ә.). … Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің (Ы.А.). Наразы боларын да, құтарые да білмеді (М.Ә.). Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді (мақал). Берілген сөйлемдегі әкел-гені, қорық-қан-ына, ал-ған, түс-кен-ін, (наразы) бол-ар-ын, құп-тар-ын, өс-ер деген есімшелер етістік мәнінде емес есім сөз таптары мәнінде қолданылған және сөйлемдегі қызметі де өзгеше. Бірінші сөйлемдегі әкелгені сөзі не? (не қуыршақ екен?) деген сұраққа жауап беріп, тәуелдік жалғаудың 3-жағында (-і) атау септік тұлғасында тұрып заттанып, сөйлемнің бастауыш қызметін атқарып тұр. Екінші сөйлемде қорыққанына сөзі неге? (неге ұялды?) деген сұраққа жауап беріп, тәуелдік жалғаудың 3- жағында (-ы), барыс септік тұлғасында (-на) тұрып заттанып, сөйлемнің толықтауыш қызметін атқарып тұр. Үшінші сөйлемде алған деген есімше қандай? (қандай немесе қай шие?) деген сұраққа жауап беріп, шие сөзін анықтап тұр және түскенін сөзі нені? (нені аламын деп?) деген сұраққа жауап беріп, тәуелдік жалғаудың 3-жағында (-і), табыс септік тұлғасында (-н) тұрып заттанып, тура толықтауыш қызметін атқарып тұр. Төртінші сөйлемде (наразы) боларын, құптарын сөздері нені? (нені білмеді?) деген сұраққа жауап беріп, тәуелдік жалғаудың 3-жағында і (-ы), табыс септік тұлғасында (-н) тұрып заттанып, тура толықтауыш қызметін атқарып тұр. Соңғы сөйлемде өсер сөзі қандайю (қандай елдің?) деген сұраққа жауап беріп, елдің деген сөзді анықтап тұр. Есімше тұлғалы сөздердің бұндай қолданысында етістікке тән қасиет жоқ, керісінше сын есім мен заттанып барып зат есімнің орнына жұмсалған. Сондықтан да есімше етістіктің ерекше түрі деп аталады. ЕСІМШЕНІҢ ЖАСАЛУЫ МЕН ТҮРЛЕРІ Есімше етістіктің негізгі және туынды түбірлеріне, сондай-ақ етіс және болымсыз етістік тұлғаларында төмендегідей жұрнақтар қосу арқылы жасалады. 1. -қан, -кен, -ған, -ген жұрнақтары арқылы өткен шақ есімше жасалады: ал-ған, көр-ген, берме-ген, айт-қан, көрсет-кен, жүргіз-ген т.б. Сөздің соңғы дыбысты дауысты, не үнді, не ұяң болса, жуан буыннан кейін -ған, жіңішке буыннан кейін -ген жалғанады. Қатаң дыбысқа біткен сөзге жуан буыннан кейін -қан, жіңішке буыннан кейін -кен жалғанады. 2. -ар, -ер, -р және болымсыз етістіктен кейін -с жұрнақтары арқылы болжалды келер шақ есімше жасалады: бар-ар, көр-ер, айт-ар, сөйле-р, жүргіз-ер, берме-с, көрме-с, айтпа-с т.б. Дауыссыз дыбысқа біткен сөзге жуан буыннан кейін -ар, жіңішке буыннан кейін -ер жалғанады да, дауысты дыбысқа біткен сөзге -р, болымсыз тұлғасынан кейін -с жалғанады. 3. -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтары арқылы мақсатты келер шақ есімше жасалады: бар-мақ, кел-мек, қара-мақ, сен-бек, жаз-бақ, кет-пек, жарат-пақ т.б. Сөздің соңғы дыбысты дауысты не ауыз жолды үнді (л, р, у, й) болса, жуан буыннан кейін -бақ, жіңішке буыннан кейін -пақ, жіңішке буыннан кейін -пек жалғанады. Ескерту: Бұл жұрнақ етістіктің болымсыз тұлғасына жалғанбайды. 4. -атын, -етін, -йтын жұрнақтары арқылы өткен шақ есімше жасалады: бар-атын, кел-етін, қара-йтын, сөйле-йтін т.б. Дауыссыз дыбысқа біткен сөзге жуан буыннан кейін -йтын, жіңішке буыннан кейін -йтін жалғанады. Бұл жұрнақ - құранды қосымша, -тын, -тін, бөлегі тұрған деген көмекші етістік болған да, ол - -а, -ө, -й тұлғалы тұлғалы көсемшемен тіркесіп қолданып, бара-бар қосымшаға айналып кеткен: бар-атын деген сөз, о баста бара тұрған болған да, кейін баратұғын болып, одан баратын болып қалыптасып кеткен. Есімше тұлғаларына емес, жоқ сөздері тіркесіп, болымсыздық мағына беріледі: барған емес, барар емес, бармақ емес, жоқ сөзі -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшемен ғана тіркеседі: барған жоқ. КӨСЕМШЕ Көсемше де етістіктің ерекше түрі. Есімше сияқты көсемше де сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте қолданылады. Бірде жіктеліп келіп, немесе күрделі етістіктің негізгі етістік сыңары көсемше тұлғасында келіп, көмекші етістік жіктеліп, қимылды, іс-әрекетті шаққа байланысты білдіреді де, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Мысалы: Қораның төбесі ашылып қалыпты (М.Ә.) - Анау өрмекшіні көресің бе, не сітеп жүр? - Көремін, өрмек тоқып жүр (Ы.А.). Берілген сөйлемдердегі ашылып қалып-ты, көр-е-сің, көр-е-мін деген етістіктер көсемше тұлғасында (-ып, -е жұрнақтары) жіктеліп келіп (3-жақта -ты, 2-жақта -сің, 1-жақта -мін), іс иесінің қимыл-әрекетін белгілі шаққа байланысты білдіреді: төбесі (яғни ол 3-жақ) ашылып қалыпты - өткен шақ, сен (2-жақ) көресің - ауыспалы осы шақ, мен (1-жақ) көремін - ауыспалы осы шақ. Сондай-ақ сөйлемдегі ашылып қалыпты, не істеп жүр, тоқып жүр деген күрделі етістіктердің алдыңғы негізгі етістік сыңары да көсемше тұлғалы етістіктер іс иесінің қимыл-әрекетін білдіріп тұр, қимылдың негізгі мәнін осы негізгі етістіктер (ашылып, тоқып, істеп) білдіріп тұр, көмекші етістік (қалыпты, жүр)жаңағы негізгі қимылдың шағы (біріншісі - өткен шақ: қалыпты, оны білдіріп тұрған -ып көсемше жұрнағы, екінші мен үшіншісі - нақ осы шақ) мен қимыл иесінің жағын (үшеуі де 3-жақ - ол) білдіріп тұр. Бұл - көсемшенің етістікке қатысты сипаты. Көсемше сонымен бірге кейде қимыл, іс-әрекеттің тура өзін білдірмей, оның амалын, сынын, себебін, мезгілін, болу мақсатын білдіріп, үстеу мәнінде де жұмсалады. Мысалы: … Түбімнен қатты ұрып, жемісімді жерге түсіріп алып жейді (Ы.А). Абай да, Жұмабай да қызыға тыңдасты (М.Ә.). Төл үйдің пешін жапқалы Назыкеш төбеге шығып еді (Ғ.М.). Бірақ көзінде жайнай жанған от білінді (М.Ә.). Берілген сөйлемдердегі түсіріп алып, қызыға, жапқалы, жайнай деген көсемше тұлғалы етістіктер қимылдың, іс-әрекеттің нақ өзін емес, оның (қимылдың) амалын, сынын, мақсат-себебін білдіріп тұр: қалай жейді? - түсіріп алып, қалай тыңдасты? - қызыға, неге, не мақсатпен шығып еді? - жапқалы, қалай жанған? - жайнай. Сөйтіп, бірде жіктеліп келіп немесе күрделі етістіктің құрамында (негізгі етістік болып) қимыл, іс-әрекетті білдіріп, енді бірде қимыл, іс-әрекеттің өзі емес, оның әр түрлі сипатын, амал-сынын, себеп-мақсатын, мезгілін білдіріп, екі түрлі мәнде (бірі етістік мәнінде, екіншісі үстеу мәнінде) қолданылып, екі түрлі қызмет атқаратын етістіктің ерекше түрін көсемше дейміз. КӨСЕМШЕНІҢ ЖАСАЛУЫ МЕН ТҮРЛЕРІ Көсемше етістік түрлеріне (негізгі және туынды) немесе етіс, болымсыз етістік тұлғаларына мына жұрнақтар жалғау арқылы жасалады: 1. -а, -е, -й жұрнағы арқылы ауыспалы осы шақ жасалады. Дауыссыз дыбысқа біткен сөздерге жуан буыннан кейін -а, жіңішке буыннан кейін -е, дауысты дыбысқа біткен етістікке -й жұрнақтары жалғанады: жаз-а, күл-е, сөйле-й, қара-й т.б. 2. -ып, -іп, -п жұрнағы арқылы өткен шақ көсемше жасалады. Дауыссыз дыбысқа біткен етістіктерге жуан буыннан кейін -ып жіңішке буыннан кейін -іп, дауысты дыбысқа біткен етістікке -п жұрнақтары жалғанады: жаз-ып, күл-іп, айт-ып, сөйле-п, қара-п т.б. 3. -ғалы, -гелі, -қалы, -келі жұрнағы арқылы көсемшенің үшінші түрі жасалады. Дауысты, үнді, ұяң дыбыстарға біткен етістіктерге жуан буыннан кейін -ғалы, жіңішке буыннан кейін -гелі жалғанады да, қатаң дыбыстарға біткен етістіктерге жуан буыннан кейін -қалы, жіңішке буыннан кейін - келі жалғанады: жаз-ғалы, бер-гелі, қара-ғалы, сөйле-гелі, айт-қалы, кет-келі т.б. -а, -е, -й, және -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшелер жіктеледі де, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғалы көсемшелер жіктелмейді. Көсемше тұлғасына көптік, септік, тәуелдік жалғаулар жалғанбайды. Көсемшенің жіктелуі 1-ж. мен жаза-мын,сөйлей-мін, барып-пын, келіп-пін. 2-ж. сен жаза-сың, сөйлей-сің, барып-сың, келіп-сің, сіз жаза-сыз, сөйлей-сіз, барып-сыз, келіп-сіз 3-ж. ол жаза-ды, сөйлей-ді, барып-ты, келіп-ті 1-ж. біз жаза-мыз, сөйлей-міз, барып-пыз, келіп-піз. 2-ж. сендер жаза-сыңдар, сөйлей-сіңдер, барып-сыңдар, келіп-сіңдер, сіздер жаза-сыздар, сөйлей-сіздер, барып-сыздар, келіп-сіздер 3-ж. олар жаза-ды, сөйлей-ді, барып-ты, келіп-ті. Көсемше тұлғасына мынадай жіктік жалғаулары жалғанады. І-жақ жекеше -а, -е, -й тұлғасынан кейін -мын, -мін, -ып, -іп, -п тұлғасынан кейін -пын, -пін, көпше -мыз, -міз және -пыз, -піз, ІІ-жақ жекеше анайы. Екеуінде де -сың, -сің, сыпайы -сыз, -сіз, көпше анайы -сыңдар, -сіңдер, сыпайы -сыздар, -сіздер, ІІІ-жақ жекеше де, көпше де -а, -е, -й тұлғасынан кейін -ды, -ді, -ып, -іп, -п тұлғасынан кейін -ды, -ді, -ып, -іп, -п тұлғасынан кейін -ты, -ті болып жалғанады. м ЕТІСТІКТІҢ ШАҚТАРЫ ЕТІСТІКТІҢ ШАҚТАРЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК Етістіктің қимыл, іс-әрекетті білдіретіндігі белгілі, ал іс-әрекеттің, қимылдың орындалу, жүзеге асу мезгілі, уақыты болады. Қимылдың өту кезеңі сөйлеушінің хабарлау кезімен немесе сөйлеп тұрған сәтпен айқындалады. Сөйлеп тұрған сәтке байланысты қимылдың өту мезгілін білдіру етістіктің шағы деп аталды. Шақ, кез, сәт, уақыт, мерзім сөздері - мезгілдің синонимдері. Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың мезгілі, шақтық мағынасы мынадай болуы мүмкін: 1) үнемі қайталанатын, дағдыға айналған іс-қимыл, сөйлеп тұрған кезде болып жатқан қимыл, іс-әрекет; 2) сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимыл, іс-әрекет; 3) сөйлеп тұрған кезде әлі болмаған, бірақ кейін әйтеуір болуға тиісті қимыл, іс-әрекеттер. Бірақ мезгіл мағынасы бар сөздің бәрі бірдей шақ мәнін білдіре бермейді. Мысалы, кеше, бүгін, ертең, биыл сияқты сөздер мезгілдік мән білдірсе де, олардың шақтық қасиеті жоқ. Өйткені бұл сөздерде шақтық мағынаны білдіріп тұратын грамматикалық тұлға жоқ. Демек, шақтық мағына сөздің жалпы мағынасынан ғана көрінбейді, ол мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық тұлға болу керек. Сондай-ақ ондай сөздердің мезгілдік мәні шақтық жағынан кейде айқын да бола бермейді. мысалы, бүгін, биыл деген сөздер сөйлеп тұрған кездегі мезгілді білдіретін сияқты. Егер бүгін биыл, отыр десек, мезгілдік мағына - сөйлеп тұрған сәтті білдіреді. Ал бүгін, биыл отырған (отырыпты) дегенде өткен мезгілді, бүгін, биыл, отырар (отырмақ) болса, әлі болмаған мезгілді білдіреді. Міне, осыдан анық көрінетіндей, шақтық мағына жекелеген мезгілдік мәндегі сөздер арқылы емес, етістіктің грамматикалық тұлғасы арқылы беріледі. Етістіктің шақтары есімше, көсемше тұлғалары мен етістік түбіріне -ды, -ді, -ты, -ті және -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Шақтық мағына осы тұлғалар арқылы дара етістікте де (кел-іп-ті, кел-ер), күрделі етістікте де (келіп отыр, келіп кеткен, келіп кет-пек) беріліп отырады. Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болу мезгілі үш түрлі. Соған сәйкес етістіктің шақ түрі де үшеу. Сөйлеп тұрған сәтке байланысты яғни сол сәтте болып жатқан қимылды осы шақ, әлі болмаған, бірақ кейін болатын қимылды келер шақ, сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып өткен қимылды өткен шақ білдіреді. Шақтық мағынаны білдіретін етістік көбінесе жіктеліп келеді де, сол арқылы жақтық мағына беріледі Жіктік жалғау шақ көрсеткіштерінен (есімше, көсемше және арнайы шақ жұрнақтарына) кейін жалғанады: оқы-ған-мын, оқы-р-сың, бар-ып-ты, бар-ды-м, бар-мақ-сың т.б. ОСЫ ШАҚ Осы шақ болатын етістіктердің мағыналық белгілері: 1. Сөйлеп тұрған кездегі іс-әрекеттерді білдіреді. 2. Әрдайым қайталанып тұратын дағдылы іс-әрекеттерді көрсетеді. 1. Трактор жер жыртып жүр. Нұрлан хат жазып отыр. Мал өрісте жатыр. Осы сөйлемдегі жыртып жүр, жазып отыр, жатыр етістіктері - сөйлеп тұрған сәттегі қимылдар. 2. Трактор жер жыртады. Нұрлан хат жазып тұрады. Мал өрісте жатады. Бұл сөйлемдердегі жыртады, жазып тұрады, жатады етістіктері - қалыптасқан, дағдыға айналған іс-әрекеттер. Міне осылай, етістіктің осы шағы істің дағдылы түрде қайталанып тұратынын және сөйлеп тұрған кезде істеліп жатқанын білдіреді. ОСЫ ШАҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ Осы шақ мағынасы мен түрлеріне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып екі түрге бөлінеді. Нақ осы шақ Нақ осы шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтте істеліп, болып жатќанын білдіреді. Нақ осы шақ етістіктің құрамына қарай жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді. а) Нақ осы шақтың жалаң түлері ,отыр, тұр, жатыр, жүр деген етістіктердің жіктелуі арқылы жасалады. Бұл төрт етістік қалып етістіктері деп аталады. Ќалып етістіктеріне жіктік жалѓауы тікелей жалғанып, есімдерше жіктеледі. Отыр, тұр, жүр деген қалып етістіктері ІІІ жақта жіктік жалғауынсыз жұмсалады. Бұнда да есімдер (мысалы, зат есім, сын есім, сан есім) сияқты ІІІ жақта жіктік жалғауы болмайды. Қалып етістіктерінің үшеуі (отыр, тұр, жүр) екі түрлі мағына-да жұмсалады: 1) 2-жақ жіктеу есімдігімен (сен) тіркесіп, ІІ жақ бұйрық мағынасын білдіреді: сен отыр, сен тұр, сен жүр: 2) 3-жақ жіктеу есімдігімен тіркесіп, ІІІ-жақта жұмсалып, осы шақ мағынасын білдіреді: ол отыр, ол тұр, ол жүр. Ал жатыр етістікті ІІ жақ бұйрық рай мағынасында жат (сен жат) түрінде 3-жақта жіктелгенде, жатыр (ол жатыр) түрінде қолданылады. є) Нақ осы шақтың күрделі етістіктің –ып, -іп, -п жєне –а, -е, -й т±лѓалы көсемше түрі мен отыр, тұр, жүр, жатыр деген ќалып етістіктерініњ кµмекші етістік мєнінде тіркесінен жасалады. Бұл нақ осы шақ күрделі етістіктен жасалатындықтан да оның күрделі түрі деп танылады. Күрделі етістіктің құрамындаѓы көмекші етістіктердің жіктелуі арқылы шақтық мағына беріледі. 2. Ауыспалы осы шақ Ауыспалы осы шақ қимыл, іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді. Ауыспалы осы шақ –а, -е, -й тұлғалы көсемшенің жіктелуі арқылы жасалады. |