ТУП. 4 жас ТУП. 4тарау. Ересек топ (4 жастаы балалар) 1параграф. Физикалы асиеттерді дамыту
Скачать 46.74 Kb.
|
4-тарау. Ересек топ (4 жастағы балалар) 1-параграф. Физикалық қасиеттерді дамыту 166. Физикалық дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және дене шынықтыру ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады. 167. Мақсаты баланың денсаулығын сақтау және нығайту, дене шынықтыруға қызығушылықты арттыру, денсаулық сақтау технологиясын қолдана отырып, қимыл-қозғалыс тәжірибесін байыту, дене сапаларына және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту болып табылады. 168. Міндеттері: балалардың денесін үйлесімді дамыту, спорттық, қимылды ойындарға, спортпен айналысуға қызығушылықты арттыру; дене сапаларын: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік, икемділікті қалыптастыру; негізгі қимыл түрлерін: жүру мен жүгіруді, секіру мен лақтыруды, қағып алуды, еңбектеу мен өрмелеуді, жеке мәдени-гигиеналық дағдылары жетілдіру; дене шынықтыру жаттығуларын орындауға қызығушылықты ояту, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу; әртүрлі ұлттық қимылды ойындарға, жарыс сипатындағы ойындарға қызығушылыққа баулу; ойын барысында, спорт жабдықтарын қолдануда қауіпсіздікті сақтау. 169. Күтілетін нәтижелер: өкшемен, аяқтың сыртқы қырымен, адымдап жүреді; жүруді жүгірумен, секірумен алмастырып, бағытты және қарқынды өзгертіп жүреді; сызықтардың, арқанның, тақтайдың, гимнастикалық скамейканың, бөрененің бойымен тепе-теңдікті сақтап, жүреді; аяқтың ұшымен, тізені жоғары көтеріп, адымдап, сапта бір-бірінің артынан, әртүрлі бағытта жүгіреді; түрлі тапсырмаларды орындай отырып, шапшаң және баяу қарқынмен, жетекшіні ауыстырып жүгіреді; табан мен алақанға сүйеніп, төрттағандап еңбектейді; гимнастикалық скамейка бойымен қолдарымен тартылып, еңбектейді; гимнастикалық қабырғаға жоғары-төмен ауыспалы қадаммен өрмелейді; алға ұмтылып, ұзындыққа қос аяқпен секіреді; доптарды домалатады, заттарды қашықтыққа лақтырады, доптарды кедергілер арқылы лақтырады және қағып алады; екеуден, үшеуден қатарға қайта тұрады; шынықтыру түрлерін, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын меңгерген; шанамен сырғанайды және мұзды жолдармен өз бетінше сырғанайды; ересектердің көмегімен шаңғыны киеді және шешеді, шаңғымен бірінің артынан бірі жүреді; екі, үш дөңгелекті велосипед тебеді, оңға, солға бұрылады; таныс ойындарды ұйымдастыруда бастамашылдық, дербестік танытады; қимылды ойындарда физикалық қасиеттерді: жылдамдық, күш, шыдамдылық, икемділік, ептілік көрсетеді; доптармен, секіргіштермен, құрсаулармен қимылды ойындарды ойнайды; өз бетінше ойнайды және спорттық ойындардың ережелерін сақтайды; жеке гигиенаның бастапқы дағдыларын сақтайды; өзінің сыртқы келбетін өз бетінше реттейді; салауатты өмір салты туралы бастапқы түсініктерге ие; өзінің жасаған іс-әрекетінің ағзаға әсерін, тістерді тазалаудың пайдасын, суық тимеудің алдын-алуға болатынын түсінеді; дене белсенділігі мен ұйқының қанық болуының пайдасы туралы біледі; адамның өмірі мен денсаулығы үшін дене шынықтырудың маңыздылығын түсінеді. 170. Дене шынықтыру. 171. Негізгі қимылдар. Жүру: өкшемен, аяқтың сыртқы қырымен, адымдап, жан-жаққа қосалқы қадаммен (оңға және солға), сапта бір-бірден жүру, жүруді жүгірумен, секірумен алмастырып, бағытты және қарқынды өзгертіп жүру, қол мен аяқ қимылдарын үйлестіру. Тепе-теңдікті сақтау: сызықтардың арасымен (арақашықтығы 15 сантиметр) жүру, сызықтардың, арқанның, тақтайдың, гимнастикалық скамейканың, бөрененің бойымен жүру, қолды екі жаққа созып, басқа қапшық қойып, заттардан аттап өту, бұрылу; қырлы, көлбеу тақтай бойымен (ені 2 сантиметр, биіктігі 30-35 сантиметр) жүру; қолдарды әртүрлі қалыпта ұстап, еденнен 20 – 25 сантиметр жоғары қойылған сатының таяқшаларынан, үрленген доптардан (бір-бірінен қашық қойылған 5–6 доп арқылы кезекпен) аттап өту. Жүгіру: аяқтың ұшымен, тізені жоғары көтеріп, адымдап жүгіру, сапта бір-бірден, шеңбер бойымен, «жыланша», шашырап жүгіру; түрлі тапсырмаларды орындай отырып: шапшаң және баяу қарқынмен, жетекшіні ауыстырып жүгіру, 1–1,5 минут ішінде баяу қарқынмен жүгіру, орташа жылдамдықпен жүруді кезектестіре отырып, 40–50 метрге жүгіру. Еңбектеу, өрмелеу: 10 метрге дейінгі қашықтықта заттардың арасымен тура бағыт бойынша, көлбеу тақтай бойымен төрттағандап еңбектеу; етпетімен жатып, гимнастикалық скамейка бойымен қолдарымен тартылып, алға қарай еңбектеу; табан мен алақанға сүйеніп, төрт тағандап еңбектеу, 50 сантиметр биіктікте ілінген арқанның астынан еңбектеу; құрсаудан еңбектеп өту; гимнастикалық қабырғаға жоғары-төмен ауыспалы қадаммен өрмелеу, бөрене және гимнастикалық скамейкадан аттап өту. Секіру: бір орында тұрып, қос аяқпен секіру, 2–3 метр қашықтыққа алға ұмтылып қос аяқпен секіру, бір орында тұрып, оңға, солға бұрылып секіру; аяқты бірге, алшақ қойып, бір аяқпен (оң және сол аяқты алмастыру) секіру, 4–5 сызықтан аттап (сызықтардың арақашықтығы 40–50 сантиметр) секіру, 20–25 сантиметр биіктіктен секіру, орнынан ұзындыққа (шамамен 70 сантиметр), қысқа секіргішпен секіру. Лақтыру, домалату, қағып алу: заттардың арасымен доптарды, құрсауларды бір-біріне домалату; заттарды қашықтыққа лақтыру (3,5–6,5 метрден кем емес), оң және сол қолымен көлденең қойылған нысанаға (2–2,5 метр қашықтықтан), 1,5 метр қашықтықта тігінен қойылған (нысана ортасының биіктігі 1,5 метр) нысанаға лақтыру; допты бір-біріне төменнен және бастан асыра лақтыру (1,5 метр қашықтықта), қағып алу; допты кедергілер арқылы бастан асыра екі қолымен және бір қолымен лақтыру (2 метр қашықтықтан); допты жоғары лақтыру және екі қолымен қағып алу (қатарынан 3–4 рет). Сапқа тұру, сап түзеу, сапқа қайта тұру. Бір-бірден сапқа тұру, бір-бірінің жанына сапқа және шеңберге тұру. Екеуден, үшеуден бірінің артынан бірі қатарға тұру, бағыт бойынша түзелу; оңға, солға бұрылу, орнында айналу; араларын алшақ ұстау және жақын тұру. Ырғақтық жаттығулар. Таныс, бұрын үйренген жаттығуларды және қимылдарды музыкамен сүйемелдеу арқылы орындау. 172. Жалпы дамытушы жаттығулар. Қол және иық белдеуіне арналған жаттығулар. Қолды алға, екі жаққа, жоғары көтеру (бір уақытта, кезекпен), төмен түсіру, қолдарын арқасына апару: қолдарды төмен түсіру; белге қою, кеуде тұсына қою; қолдарын алға-артқа сермеу; қолды иыққа қойып, шынтақтарын бүгіп, қолдарын айналдыру. Қолды алға созып, саусақтарды жұму және ашу, қолдың білектерін айналдыру. Қолды кеуденің алдына қою, желкеге қою, иықтарды түзеп, екі жаққа бұрылу. Жаттығуларды заттармен және заттарсыз орындау. Кеудеге арналған жаттығулар. Екі қолды белге қойып, оңға-солға бұрылу (жылдам және бір қалыпты). Оңға, солға еңкею, шалқаю. Тұрған қалыпта екі аяқ бірге (алшақ), алға еңкейіп, қолдың саусақтарын аяқтың ұшына жеткізіп, заттарды қою және жоғары көтеру. Тізерлеп отырып, допты өзінен айналдыра домалату. Бір аяқты жоғары көтеріп, жоғары көтерілген аяқтың астынан затты бір қолдан екінші қолға беру. Отырған қалыпта екі аяқты жоғары көтеру, бүгу және жазу, төмен түсіру. Екі аяқты айқастырып, отыру және тұру. Тізерлеп тұрып, алға еңкею және артқа шалқаю, екі аяқты кезек бүгу және жазу, көтеру және түсіру. Қолына зат ұстап, шалқасынан жатып, қолды созу және осы қалыпта етпетінен бұрылып жату. Етпетінен жатқан қалыпта иықтарын, басын, қолдарын алға созып көтеру. Аяққа арналған жаттығулар. Аяқтың ұшына көтерілу және тұру. Екі аяқты кезекпен алға қою, алдымен өкшені, содан кейін аяқтың ұшын қою, тарсылдату. Қатарынан 4-5 рет жартылай отыру. Екі қолды белге қойып, екі жаққа созып, отыру. Тізені бүгу, алға созу, қайтадан бүгу және түсіру. Аяқтың ұшын созу, өкшені айналдыру. Аяқтың бақайларымен жіпті жинау, құм салынған қапшықтарды өкшелермен қысып алып, бір орыннан екінші орынға қою. Өкшемен таяқтың, арқанның үстінен бір қырымен жүру. Түрегеліп тұрып, аяқтың бақайларымен орамалдарды, тағы басқа ұсақ заттарды іліп алып, басқа орынға ауыстыру. Тізені бүгіп, екі аяқты кезек көтеру. 173. Спорттық жаттығулар. Шанамен сырғанау: төбешіктен сырғанау; бір-бірін сырғанату, шанамен төбешікке көтерілу, төбешіктен түскенде тежеу. Мұз жолмен өз бетінше сырғанау. Шаңғымен жүру: шаңғымен бірінің артынан бірі жүру; ересектердің көмегімен шаңғыны киіп, шешу. Велосипед тебу: екі немесе үш дөңгелекті велосипед тебу; оңға, солға бұрылу. Жүзу: суға түсу, суда ойнау; суда отырып, аяқтарын жоғары және төмен көтеріп қимылдар орындау; иекке дейін суда отыру, судан шығу; бетін суға малу; еркін әдіспен жүзуге талпыну. 174. Қимылды ойындар. Қимылды ойындарға қызығушылықты дамыту. Таныс ойындарды ұйымдастыруда бастамашылдық, дербестік танытуға баулу. Ойындарда физикалық қасиеттерді (жылдамдық, күш, шыдамдылық, икемділік, ептілік) дамыту. Қимылды ойындарда жетекші рөлді орындауға үйрету, ойын ережелерін саналы түрде сақтауға баулу. Доптармен, секіргіштермен, құрсаулармен ойындарда балалардың белсенділігін дамыту. 175. Дербес қимыл белсенділігі. Балалардың доптармен, қозғалатын ойыншықтармен, құрсаулармен ойындарын қолдау, дене шынықтыру құралдарын, спорттық және қимылды ойындарға арналған атрибуттарды пайдалануға ынталандыру. Балаларды педагогпен бірге жаттығуларды орындауға, қимылды ойындарға қатысуға тарту. Балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ағзаға түсетін салмақты реттеу. Ауа-райының жағдайларын ескеріп, таза ауада балалардың қимылдарды орындауы үшін жағдайлар жасау. 176. Салауатты өмір салтын қалыптастыру. Балаларға адамның дене және сезім мүшелері, олардың ағзадағы рөлі және оларды қалай қорғауға, күтуге болатыны туралы түсінік беру. Тамақтану тәртібін сақтаудың және көгөністер мен жемістердің, дәрумендердің адам ағзасына пайдасы туралы түсінік беру. «Денсаулық - зор байлық» сөзінің мәнін түсіну, өзінің жасаған іс-әрекетінің ағзаға әсерін, тістерді тазалаудың пайдасын, суық тимеудің алдын-алуға болатынын түсіну. Салауатты өмір салты туралы ұғымдарды кеңейту. Дене белсенділігі (таңертеңгі жаттығу, шынықтыру, спорттық және қимылды ойындар) мен ұйқының қанық болуының пайдасы туралы түсінікті кеңейту. Құлап қалған кезде өзіне қарапайым көмек көрсетуге, науқастанған кезде ересектерге жүгінуге баулу. 177. Мәдени-гигеналық дағдыларды жетілдіру. Балаларды ұқыптылыққа, тазалыққа, өзінің сыртқы келбетін қадағалауды әдетке айналдыруға баулу. Тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін, ластанған кезде қолды өз бетінше сабынмен жууға, тісін тазалауға үйрету. Тарақты, қол орамалды пайдалана білуді бекіту. Тамақтану әдебін сақтау. Тамақты асықпай шайнау, асхана құралдарын (қасық, шанышқы), майлықты дұрыс қолдану, тамақтанып болғаннан кейін ауызды шаю. 178. Өзіне-өзі қызмет көрсету дағдылары. Өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын: өз бетінше киіну мен шешінуді, тісін тазалауды жетілдіру. Киімдерді жинау, ілу, ересектің көмегімен оларды тазалау, құрғату. Бейнелеу әрекетінен соң құтыларды, қылқаламдарды жуу, үстелді сүрту. 179. Сауықтыру-шынықтыру шаралары. Шынықтырудың барлық түрлерін, жалпы және жергілікті су шараларын жүргізу: дымқыл шүберекпен сүртіну, аяқтарды, денені шаю, әрбір тамақтанғаннан кейін ауызды шаю. Жалпақ табандылықтың алдын-алу үшін түрлі жолдармен, жылы күндері шөптің, құмның үстімен жалаң аяқ жүру. Қимылдауға ыңғайлы, жеңіл киіммен желдетілген бөлмеде дене жаттығуларын орындау. Тыныс алу жолдарын шынықтыру. 2-параграф. Коммуникативтік дағдыларды дамыту 180. Коммуникативтік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет, қазақ тілі ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. 181. Мақсаты инновациялық әдістер мен технологияларды қолданып, әлеуметте ауызша қарым-қатынас жасау, диалог құру дағдыларын қалыптастыру болып табылады. 182. Міндеттері: ересектермен және балалармен еркін қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру; Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы түрлі балалар әрекетінде балалардың ауызша сөйлеуін дамыту; балаларды өздігінен сипаттау және баяндау әңгімелерін құруға баулу; баланың айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстар туралы ақпараттарды алуында оның қажеттіліктерін қанағаттандыру, оларды құрдастарымен талқылау; балаларға жастарына сәйкес тыңдауға, сахналауға, тәрбиелік мәні бар әдеби шығармаларды ұсыну; балалар әдебиетіне, театр әлеміне қызығушылықты дамыту. 183. Күтілетін нәтижелер: сөйлеуді дамыту бойынша: дауысты, дауыссыз дыбыстарды дұрыс айтады; ақырын, жылдам сөйлейді; сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс, анық айтады; естіген дыбыстарды дұрыс айтады; белгілі дыбысқа ауызша сөздерді табады; сөйлегенде сөйлемдердің түрлерін (жай және күрделі), сын есімдерді, етістіктерді, үстеулерді, қосымшаларды қолданады; өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстардың атауларын біледі; адамдардың мамандықтарын білдіретін зат есімдерді, еңбек әрекетін білдіретін етістіктерді біледі; тұрмыстық заттар және қоршаған табиғат заттарының мәнін түсінеді; қазақтың ұлттық тұрмыстық заттарын таниды, атайды; қазақ халқының құндылықтарын құрметтейді; тұрмыстық электротехника заттарын таниды және атайды; зат есімдерді жекеше және көпше түрде айтады; сан есімдерді ретімен атайды, оларды зат есімдермен септіктерде, жекеше және көпше түрде байланыстырып айтады; зат есімдерді сын есімдермен байланыстырып айтады; өзі зерттеген заттарды, суреттерді сипаттайды; бейнелеген суреттері, бұйымдары бойынша әңгімелер құрастырады; шығармалардың, ертегілердің қызықты үзінділерін қайталап айтады; бейтаныс заттар, құбылыстар, оқиғалар туралы ақпаратты қызығушылықпен талқылайды; ұсынылған сюжеттер бойынша қойылымдарды сахналайды; көркем әдебиет бойынша: көркем шығармаларды эмоционалды қабылдайды; таныс ертегілер мен әңгімелердің мазмұнын қайталап айтады; әдеби кейіпкерлердің әрекеттерін бағалай алады; шығарма мазмұнын қайталап айтуда сюжет желісінің реттілігін сақтайды; тақпақтарды, санамақтарды, өлеңдерді мәнерлеп, жатқа айтады; ересектермен бірге ертегі мен әңгіменің басын, соңын ойдан құрастырады; кітаптағы иллюстрацияларды өз бетінше қарап, ертегі, әңгіме құрастырады; дауыс күшін өзгерте отырып, әртүрлі интонацияларды жаңғыртады; әдеби кейіпкерлердің әрекеттеріне өз көзқарасын білдіреді; сахналық қойылымдарға қатысады; образды бейнелеу үшін мәнерлілік құралдарын қолданады; еркін ойындарда таныс кейіпкерлердің образын өздігінен сомдайды; еркін ойындарда таныс кейіпкерлерді басқа қырынан көрсетуге тырысады; рөлді, сюжетті таңдауда бастамашылық пен дербестік танытады; қазақ тілі бойынша: айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстар туралы біледі; ұжымдық әңгімеге қатысады, әңгімелесушінің сөзін бөлмей, кезекпен сөйлейді; еркін ойындарда және сахналық қойылымдарда адамдар мен жануарлардың эмоционалды көңіл-күйін жеткізеді; түрлі балалар әрекеттерінде өзінің және құрдастарының әрекетін түсіндіреді және дәлелдейді; қазақ тіліне тән ө, қ, ү, ұ, і, ғ дыбыстарын жеке, сөз ішінде анық айтады; туыстық қарым-қатынасты білдіретін сөздерді біледі; өзінің отбасы, отбасылық мерекелер, отбасындағы қызықты оқиғалар, салт-дәстүрлер туралы айтады; төрт түлікті бағатын адамдардың кәсіпшілік атауларын біледі; төрт түліктің төлдерін дауыстап шақыра алады; өлеңдер, санамақтар, жаңылтпаштар, тақпақтарды жатқа айтады; жұмбақтардың жауабын табады; шешендік өнерге, айтыс өнеріне қызығушылық танытады; шығарма кейіпкерлеріне жанашырлық танытады; кейіпкердің іс-әрекетіне өз ойын білдіреді; шығарма кейіпкерлерінің бейнесін сахналық қойылымдарда жеткізеді; еркін ойындарда кейіпкерлердің бейнесін басқа қырынан көрсетуге тырысады; сөздерді жіктеп, тәуелдеп, септеп қолданады; өз ойын жай және жайылма сөйлемдермен жеткізеді; қарым-қатынас барысында балаларды қойылған сұрақтардың сипатына сәйкес хабарлы, лепті, бұйрықты сөйлемдермен жауап береді; өзі мен құрдастарының жауабындағы қателіктерді және жауаптың дұрыстығын ажырата алады; бір-бірімен еркін диалог құрады; таныс немесе бейтаныс ертегілер мен шағын көркем шығармалардың мазмұнын иллюстрациялар бойынша, өз бетінше ретімен қайталап айтады; өзінің тәжірибесіне сүйеніп, суреттер бойынша әңгіме құрастырады; ойыншықтар мен заттарды 4-5 сөйлеммен сипаттайды; берілген сурет бойынша оған дейінгі және одан кейінгі оқиғаны ойлап табады. 184. Сөйлеуді дамыту. 185. Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті. Дауысты, дауыссыз дыбыстарды дұрыс айту дағдыларын бекіту, ызың және үнді (р, л) дыбыстарды анық айтуға жаттықтыру. Артикуляциялық аппаратты жетілдіру. Сөйлеу қарқынын өзгертуді бекіту: ақырын, жылдам сөйлеуді меңгерту үшін тақпақтар мен жаңылтпаштар айтқызу. Дикция бойынша жұмысты жалғастыру: сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс айтылуын жақсарту. Фонематикалық естуді дамыту: белгілі бір дыбыстан басталатын сөздерді есту арқылы ажырата білуге және атауға үйрету. 186. Сөздік қор. Айналасындағы заттармен сөздік қорды кеңейту: тұрмыстық заттар және қоршаған орта заттарының қолданылу маңыздылығын түсіну, заттардың атауларын, олардың бөліктері мен бөлшектерін, олар жасалған материалдарды, материалдардың белгілі және белгісіз қасиеттерін сөйлеуде қолдану. Баланың сөздік қорын айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстардың атауларымен кеңейту, аталған заттардың қолданылу аясы туралы балалармен талқылау. Сөздік қорды ересектердің мамандықтарын білдіретін зат есімдермен, еңбек әрекетін білдіретін етістіктермен толықтыру. Сөйлеуде күнделікті көп қолданылатын сын есімдерді, етістіктерді, есімдіктерді қолдану. Сөздік қорды заттар тобын білдіретін жалпылаушы сөздермен (ойыншықтар, киім, аяқ киім, ыдыс, жиһаз), заттардың орналасқан жерін (сол, оң, қатар, жанында, арасында), тұрмыстық электротехника заттарының және ұлттық тұрмыстық заттардың атауларын білдіретін және мағынасы қарама-қарсы антоним сөздермен байыту. Балаларды қазақ халқының қонақжайлылық дәстүрімен таныстыру, қонақты күтіп алу, төрге отырғызу, «қонақ кәде», «сыбаға», ас қайыру, бата беру, қонақты шығарып салу дәстүрлерін үйрету арқылы үлкендерді сыйлауға, дастархан басында әдептілікті сақтауға баулу. 187. Тілдің грамматикалық құрылымы. Сөйлемдегі сөздерді байланыстыруға, көмекші сөздерді дұрыс қолдануға үйрету, зат есімдерді жекеше және көпше түрде, сан есімдерді ретімен атауға, оларды зат есімдермен септіктерде, жекеше және көпше түрде, зат есімдерді сын есімдермен байланыстыруға, етістіктерді бұйрық райымен қолдана білуге үйрету (отыр, жүр, жүгір). 188. Байланыстырып сөйлеу. Диалогтік сөйлеуді жетілдіру: әңгімеге қатысуға баулу, диалогке қатысушы үшін түсінікті сұрақтар қоюға және қойылған сұрақтарға дұрыс, толық жауап беруге баулу. Балаларды әңгіме айтуға үйрету: затты, суретті өз бетінше қарап, сипаттауға, түрлі балалар әрекеттерінде бейнелеген суреттері, бұйымдары бойынша әңгімелер құрастыруға, шығармалардың, ертегілердің қызықты үзінділерін қайталап айтуға, бейтаныс заттар, құбылыстар, оқиғалар туралы ақпаратты талқылауға баулу. Ұсынылған сюжеттер бойынша қойылымдарды сахналауға үйрету. 189. Көркем әдебиет. Балалардың түрлі әрекеттерінде ертегілерді, әңгімелерді, өлеңдерді тыңдауға, көркем сөзге, кітапқа қызығушылыққа баулу. Тыңдалған шығарманың мазмұнын қайталап айтуға, қысқа өлеңдерді, санамақтарды жатқа айтуға, шығарма мазмұны мен сипатына сәйкес тақпақтарды, өлеңдерді жаттауда түрлі интонацияларды, үзілістерді, логикалық екпінді қолданып, оларды есте сақтауға, шығарма мазмұнын дұрыс қабылдауға, кейіпкерлеріне жанашырлық танытуға баулу. Әдеби шығармаларды мұқият тыңдау, кейіпкерлерге жанашырлық таныту, ондағы әрекеттердің дамуын қадағалау, мазмұнын түсінуге және олардың мазмұнын қайталап айтуда сюжет желісінің реттілігін сақтауға, автор сөздерін айту, кейіпкерлердің мінезін беру, шығарма мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруге, ересектермен бірге ертегі мен әңгіменің басын, соңын ойдан құрастыруға баулу. Балалардың кітаптағы иллюстрацияларды өз бетінше қарастырып, ертегі, әңгіме құрастыруына мүмкіндік беру. Шешендікке, сөз өнеріне баулу, халық ауыз әдебиеті шығармаларымен таныстыру, санамақ, жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу, айтыс өнеріне баулу. Сахналық қойылымдарға қатысуға, таныс әдеби шығармалар, ертегілер бойынша қарапайым қойылымдарды ойнауға, образды бейнелеу үшін мәнерлілік құралдарын (интонация, ым-ишара, қимыл) қолдануға, еркін ойындарда таныс кейіпкерлердің образын өздігінен сомдауға, оларды басқа қырынан көрсетуге (қатыгез-мейірімді, ақкөңіл-салмақты) ынталандыру. 190. Қазақ тілі. 191. Тілдік дамытушы орта. Айналасындағы өзін қоршаған ортадан тыс заттар мен құбылыстар, оқиғалар туралы ақпараттарды алуға және оларды талқылауға мүмкіндік беру. Ұжымдық әңгімеге қатысуға, әңгімелесушінің сөзін бөлмей, кезекпен сөйлеуге, бейнелеу құралдарын қолдана отырып, еркін ойындарда және сахналық қойылымдарда адамдар мен жануарлардың эмоционалды көңіл-күйін жеткізуге, сөйлесу барысында әңгімелесушінің назарын өзіне аудару үшін интонациямен сөйлеу мәнерін өз бетінше қолдануға, түрлі балалар әрекеттерінде өзінің және құрдастарының әрекетін түсіндіруге және дәлелдеуге баулу. 192. Сөйлеудің дыбыстық мәдениеті. Артикуляциялық және дауыс аппаратын, сөйлеуде тыныс алуды, фонематикалық естуді, анық және қалыпты қарқынмен сөйлей білуді дамыту. Қазақ тіліне тән ө, қ, ү, ұ, і, ғ дыбыстарын жеке, сөз ішінде анық айтуға баулу. 193. Сөздік қор. Қоршаған ортадағы заттар мен өсімдіктердің, жануарлардың, құстардың, табиғат құбылыстарының, тұрмыстық заттардың атауларын білдіретін сөздерді түсіну және атау дағдыларын қалыптастыру. Туыстық қарым-қатынасты («сіңлі», «жеңге», «жезде», «нағашы», «жиен», «бөле») білдіретін сөздерді үйрету. Өзінің отбасы, отбасылық мерекелер, отбасындағы қызықты оқиғалар, салт-дәстүрлер туралы айтуға баулу. Төрт түлікті бағатын адамдардың кәсіпшілік атауларын таныстыру: «қойшы», «жылқышы», «түйеші», «сиыршы» аталған атаулардың олардың еңбегімен байланыстылығын түсіндіру. Төрт түлік иелерінің төлдерді қалай шақыратынын балалардың өздеріне айтқызу. Шағын өлеңдер, санамақтар, жаңылтпаштар, тақпақтар жаттату, жұмбақтар шешкізу. Шығарманы жеткізуде оның мазмұны мен сипатына сәйкес түрлі интонацияларды, үзілістерді, логикалық екпінді қолданып, мәнерлеп айтуға баулу. Кітаптан ертегілер, көркем шығармалар оқып беруде олардың мазмұнын дұрыс қабылдауға, кейіпкерлеріне жанашырлық танытуға, кейіпкердің іс-әрекетіне өз ойын білдіруге баулу. Тыңдалған шығарма кейіпкерлерінің бейнесін сахналық қойылымдарда жеткізе білуге, еркін ойындарда кейіпкерлердің бейнесін басқа қырынан көрсете білуге мүмкіндік беру. 194. Тілдің грамматикалық құрылымы. Сөздерді жіктеп, тәуелдеп, септеп қолдана білуге үйрету. Етістіктің болымсыз түрін немесе есім сөздермен қолданылатын «емес» шылауын қолдана білуге үйрету, үлгі бойынша жай, жайылма сөйлемдер құра білуге үйрету. Өз ойын жай және жайылма сөйлемдермен жеткізуге мүмкіндік беру. 195. Байланыстырып сөйлеу. Қарым-қатынас барысында балаларды қойылған сұрақтардың сипатына сәйкес хабарлы, лепті, бұйрықты сөйлемдермен жауап беруге, өзі мен құрдастарының жауабындағы қателіктерді және жауаптың дұрыстығын ажырата білуге және дұрыс жауабын ұсынуға, бір-біріне неге, не үшін деген зерттеу сипатындағы сұрақтарды қоюға, бір-бірімен еркін диалог құруға, еркін талқылауға мүмкіндік беру. Бұрыннан таныс немесе бейтаныс ертегілер мен шағын көркем шығармалардың мазмұнын иллюстрациялар бойынша қайталап айтуға, өз бетінше ретімен қайталап айтуға, өзінің тәжірибесіне сүйеніп, суреттер бойынша әңгіме құрастыруға, ойыншықтар мен заттарды 4-5 сөйлеммен сипаттауға, берілген сурет бойынша оған дейінгі және одан кейінгі оқиғаны ойлап табуға баулу. 3-параграф. Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту 196. Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, күн сайын ойын түрінде және математика негіздері ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы іске асырылады. 197. Мақсаты математикалық, конструктивтік ойлау дағдыларын, танымдық, интелектуалдық қабілеттерін дамыту болып табылады. 198. Міндеттері: заттарды зерттеу барысында олардың пішінін, көлемін көзбен өлшеу, қолмен ұстау арқылы көрнекі-бейнелік ойлауды, есте сақтауды, қиялдауды, сөйлеуді, қолдың ұсақ моторикасын дамыту; танымдық қызығушылықты дамыту, себеп-салдарлық байланыстарды орнату, талдау жасай білуге, қорытынды шығаруға баулу; сенсорлық қабілеттерін, бастапқы ойлау операцияларын, жиын туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру; сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істей білуге үйрету; эстетикалық талғамды қалыптастыру, балалардың ой-өрістерін кеңейту; тірі және өлі табиғат объектілеріне ұқыпты қарауға тәрбиелеу. 199. Күтілетін нәтижелер: 5 көлемінде санай алады, сандарды ретімен атайды; теңдік және теңсіздік туралы ұғымдарға ие; екі затты ұзындығы, ені, және биіктігі, жуандығы бойынша салыстырады; бірнеше затты өсу және кему ретімен орналастырып, салыстырады; шаманы салыстыруда үстіне және қасына қою тәсілдерін қолданады; геометриялық фигураларды және геометриялық денелерді ажыратады және атайды; геометриялық фигураларды көру және сипап сезу арқылы зерттейді; сөйлеуде сын есімдерді қолданып, салыстыру нәтижелерін атайды; тәулік бөліктерін ажыратады, олардың сипаттамалық ерекшеліктерін біледі; «бүгін», «кеше», «ертең» ұғымдарын ажыратады; кеңістіктегі заттардың өзіне қатысты орнын анықтайды; берілген бағытта қозғалады; қарапайым себеп-салдарлық байланысты орнатады. 200. Математика негіздері. 201. Жиын. Балаларға жиын, оның әртүрлі түстегі, пішіндегі, өлшемдегі заттардан тұратындығы туралы түсінік беру, заттарды жұппен қою арқылы оларды санамай-ақ салыстыру негізінде тең немесе тең еместігін анықтай білу. 202. Сан, санау. 5-ке дейін реттік санау дағдыларын дамыту, реттік сан есімдерді атау, сандарды реті бойынша атауға «нешінші?» сұрағына жауап беруге және қорытынды санды атауға, «барлығы қанша?» сұрағына жауап беруге үйрету. Екі қатарда орналасқан заттар тобын салыстыруды үйрету, теңдік және теңсіздік туралы ұғымдарды қалыптастыру. Тең ұғымын екі тәсілмен саны бойынша кем топқа бір затты қосу немесе артық топтан алып тастау арқылы қалыптастыру, «қанша болды?», «қаншасы қалды?» сұрақтарына жауап беруге үйрету. 5 көлемінде тура және кері санауға жаттықтыру. 203. Шама. Заттар шамасы бойынша әртүрлі болатындығы жайлы түсінік беру. Ұзындығы, ені, және биіктігі бойынша екі затты салыстыру, екі затты үстіне және қасына қою тәсілдерін қолданып, жуандығы бойынша заттарды салыстыру, салыстыру нәтижелерін ұзын-қысқа, енді-енсіз, биік-аласа, жуан-жіңішке сын есімдермен белгілеу. Бірнеше затты өсу және кему ретімен орналастырып, салыстыру. 204. Геометриялық фигуралар. Балаларды геометриялық фигураларды (дөңгелек, үшбұрыш, төртбұрыш) және денелерді (куб, шар, цилиндр) танып, атай білуге үйрету, геометриялық пішіндерді көру және сипап сезу арқылы зерттеу, сөйлеуде сын есімдерді қолданып, салыстыру нәтижелерін атау (ұзындау-қысқалау, кеңдеу-тарлау, жоғары-төмен, қалың-жұқа немесе ұзындығы, ені, биіктігі, қалыңдығы бойынша тең). 205. Кеңістікті бағдарлау. Кеңістік бағыттарын өзіне қатысты анықтау, берілген бағытта қозғалу (алға-артқа, оңға-солға, жоғары-төмен), заттарды оң қолмен солдан оңға қарай орналастыру, заттардың өзіне қатысты орналасуын сөздермен белгілеу (менің алдымда үстел, сол жағымда орындық тұр). 206. Уақытты бағдарлау. Тәулік бөліктері (таңертең, күндіз, кеш, түн) олардың сипаттамалық ерекшеліктері мен реттіліктері, «бүгін», «кеше», «ертең» туралы ұғымдарын кеңейту. |