аналитика. Академия правосудия при Верховном Суде Республики Казахстан Научный центр Изучения проблем административного и уголовного правосудия
Скачать 130.01 Kb.
|
ҚР ҚПК қандай жағдайларда жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін айқындайтынын атап өтейік: - онша ауыр емес және ауырлығы орташа, сондай-ақ ауыр қылмыс санатына жатқызылған болуы тиіс; - жиналған дәлелдемелермен қылмыс фактісі мен оны жасаған адам анықталса; - күдікті кінәсын толықтай мойындауы, - келтірілген залал (зиян) мөлшерімен (сомасымен) келіскені анықталса, бұл жөнінде күдіктіні хабардар ете отырып жүргізілуі мүмкін. Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтайды және күдіктінің оны жасауға қатысқанын растайтын дәлелдемелерді жинайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тек нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылық іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін ресімдейтін тергеу әрекеттерін және өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы. Прокурор сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін айыптау актісімен бірге қылмыстық істі ала отырып, ол бойынша үш тәуліктен кешіктірмей мына әрекеттердің бірін жүргізеді: 1) айыптау актісін бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді; 2) істі анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін жібереді. 3) жекелеген күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарады. Бұдан бөлек, ҚР ҚПК-да жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қандай жағдайларда қолданылмайтыны көрсетілген: 1) олардың ішінде біреуі болса да аса ауыр болып табылған жағдайда, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына қатысты; 2) сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдарға қатысты; 3) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитетi бар адамдарға қатысты. 4) қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың біреуі болса да өз кінәсін мойындамаған жағдайда; 5) кәмелетке толмағандар немесе дене бітімінің немесе психикасының кемістіктеріне байланысты өзінің қорғалу құқығын өздері жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру жеделдетілген тәртіппен аяқталса, тиісінше сот талқылауы да қысқартылған нысанда өтеді. Сот талқылауының қысқартылған тәртібі 10 тәулік мерзімге дейін жүргізіледі және сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан тұрады (ҚР ҚПК 382-бабы). Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру және келісімдік іс жүргізу. Кінәні мойындау туралы мәміле шет мемлекеттерде қылмыстық сот ісін жүргізудің ең көп таралған нысаны болып табылады. Ол ағылшын-саксон құқықтық отбасынан бастау алады. ХХ ғ. аяғында - ХХІ ғ. басында кінәні мойындау туралы мәміле институтының элементтері роман-герман құқықтық жүйесі елдерінде де қолданыла бастады. Қазақстанда кінәні мойындау туралы мәміле ҚР ҚПК-ға 2014 жылы енгізілген. Сот-тергеу практикасы көрсетіп отырғандай, кінәні мойындау туралы мәміле процестік институты кеңінен қолданыла бастады. Кінәні мойындау туралы мәмілелер белсенді қолданылатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санатын бөліп көрсеткен жөн. Кінәні мойындау туралы мәміле онша ауыр емес, ауырлығы орташа, не – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда ауыр қылмыстар бойынша жасалады. Мәмілені жасасу шарттары: 1) күдікті, айыпталушы процестік келісім жасасуға ерікті түрде ниет білдірген; 2) күдікті, айыпталушы келтірілген күдікке, айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпаған; 3) процестік келісім жасасуға жәбірленуші келіскен жағдайда жасалады. Мәмілені жасасудың процестік тәртібі бойынша күдікті, айыпталушы, сотталушы тергеушіге өтінішхат береді, ол процестік келісім жасасу туралы мәселені шешу үшін прокурорға жолдайды. Осылайша, кінәні мойындау туралы мәміле сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында, бірінші және апелляциялық сатыдағы сотта күдікті (айыпталушы, сотталушы) мен прокурордың арасында жасалуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік нысаны қысқарып жатқанын атап өту керек. Мысалы, мәміле жасалғаннан кейін іс бойынша тергеу және процестік әрекеттер жүргізу қажет болған жағдайда прокурор істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жолдайды. Тергеуші, анықтаушы күдіктінің, айыпталушының кінәсін растау үшін жеткілікті көлемде дәлелдеме жинауды жүзеге асырады. Осылайша, кінәсін мойындау туралы мәмілемен қылмыстық істі жүргізу кезінде дәлелдеудің нысанасы шектелген. Сотталушы ҚР ҚПК нормаларына сәйкес ынталандыру ретінде тиісті баптың санкциясында көзделгеннен барынша жеңіл жаза алады. Сонымен қатар, бұл іс жүргізуге тән ерекшелік – қылмыстық іс бойынша айыптау актісі жасалмайды және прокурор іс материалдарын кінәсін мойындау туралы мәмілемен бірге сотқа жолдайды. Сонымен бірге процесс қатысушыларын іс материалдарымен таныстыру рәсімі де болмайды. Қылмыстық процесті қысқарту үшін жасалған бұл әдістер әрдайым тиімді бола бермейді деп ойлаймыз. Себебі, сот-тергеу практикасында сотталушы сотта кінәсін мойындау туралы мәміледен бас тартуы сияқты оқиғалар болуы мүмкін. Ал өткен сатысында сотталушы қылмыстық істің барлық материалдарымен таныспаған. Осылайша, сотталушының сот төрелігіне қолжетімділік құқығы шектеледі. Сот практикасына жүргізілген талдау нәтижесі практикада күдіктілерді кінәсін мойындауға және мәміле жасауға мәжбүрлеу фактілерінің де болатынын көрсетеді. Әдетте, кінәсін мойындау туралы мәмілемен жолданған істі сотта талқылау қысқартылған және келісімдік іс жүргізуі тәртібімен жүргізіледі. ҚР ҚПК 382, 624 -баптарына сәйкес сот процесі сотталушыдан жауап алумен, мәміле жасаудың мән-жайларын нақтылаумен, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаумен шектеледі. Жәбірленуші, азаматтық талап қоюшы және азаматтық жауапкер сот отырысына шақырылмайды, бірақ қажет болған жағдайда онлайн режимде оған қатыса алады. Сотталушыны тыңдағаннан кейін төрағалық етуші кесу бөлмесіне кетеді және сот шешімін жариялайтын уақытты хабарлайды. Келісімдік іс жүргізудің өзіне тән ерекшелігі - қорытынды шешім (үкім нысанындағы) тек айыптау үкімі болуы мүмкін. Хаттамалық нысан. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің ең жаңа нысаны – хаттамалық нысан болып табылдаы, ол қылмыстық теріс қылықтар бойынша жүргізіледі. Отандық заң ғылымында қылмыстық құқық бұзушылықтың теориялық анықтамасы, санатқа бөлу, әкімшілік құқық бұзушылықтардың, қылмыстық теріс қылықтың және қылмыстардың аражігін бөлу мәселелері ең өзекті проблемалардың бірі болып қала беретінін атап өткен жөн. ҚР ҚПК 526-бабы егер күдікті белгіленсе, анықтау органы оған қатысты дереу қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасайды деп айқындайды. Адамның өзі болмаған кезде хаттама оны нақты белгілеген кезден бастап жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі шегінде жасалуы мүмкін. Алайда заң шығарушы хаттаманы одан кейінгі мерзімде толтырылуы мүмкін жағдайларды да қарастырған: - қылмыстық теріс қылықтың мән-жайларын, оны жасаған адам, оның тұрған жері туралы деректерді анықтау қажет болған кезде, 3 тәулікке дейін; - тиісті қорытынды алынған кезден бастап бір тәулік ішінде (сараптама жүргізу немесе маманның қорытындысын алу талап етілетін жағдайда); ҚР ҚПК сәйкес анықтау органы жасалған қылмыстық теріс қылықтың мән-жайы туралы күдіктіге қатысты хаттама толтырады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тек нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылық іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін ресімдейтін тергеу әрекеттерін және өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы. Күдікті және оның қорғаушысы, жәбірленуші істің анықталған мән-жайларына дау келтірмеген жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жиналған дәлелдермен шектелуге құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысанының ерекшелігі күдіктіні хаттамамен және іс материалдарымен таныстырғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы материалдарды бекіту үшін анықау органының бастығына жолдайды. Содан кейін ол хаттаманы іс материалдарымен бірге тікелей сотқа жолдайды. Прокурор тек сотта қатысуға міндетті. Сот талқылауында сот тергеуі жалпы режимде өтеді, онда судья сотталушыны, іс бойынша іс жүргізуге қатысатын басқа адамдарды, маманның түсіндірмесін және сарапшының қорытындысын тыңдайды, өзге де дәлелдемелерді зерттейді. Қажет болған жағдайда, ҚПК-да көзделген басқа да процестік әрекеттерді жүзеге асырады. Қылмыстық теріс қылықтары туралы істер сотқа түскен сәттен бастап он бес тәулік ішінде сотта қаралуы тиіс. Заңнамада көзделген кейбір жағдайларда хаттамалық нысанда аяқталған сотқа дейінгі іс жүргізу сотта бұйрықтық іс жүргізу арқылы қаралуы мүмкін. Бұйрықтық тәртіппен қараудың ерекшеліктері туралы анықтаманың келесі бөлігінде баяндаймыз. Бұйрықтық іс жүргізу. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы Заңымен ҚР ҚПК-ға бұйрықтық іс жүргізу енгізілген. Сотта бұйрықтық тәртіппен қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша қылмыстық істер, егер: 1) жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса; 2) күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе; 3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды көздесе; 4) күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады. Бұйрықтық іс жүргізудің мәнісі – қоғамдық қауіпсіздікке аса үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстық құқық бұзушылықтары бойынша заңнамада көзделген жағдайларда судьяның сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарауы. Бұйрықтық іс жүргізуде қылмыстық істер алдын ала тергеу (анықтау) тәртібімен және айыптау актісін толтырусыз хаттамалық нысанда сотқа түсуі мүмкін. Әдетте, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтайды. Бұл ретте, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тек нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылық іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін ресімдейтін тергеу әрекеттерін және өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам күдіктіні және өзге да қатысушыларды қылмыстық іс материалдарымен таныстырғаннан кейін және олардың өтінішхаттарын шешкеннен кейін шығарады. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша анықтау органы қылмыстық істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау үшін сотқа тікелей жолдайды. Онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша тергеуші (анықтаушы) қаулыны тергеу бөлімінің (анықтау органының) бастығына береді, ол келіскеннен кейін қылмыстық істі бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекіту мәселесін шешу және қылмыстық істі сотта қарау үшін прокурорға жолдайды. Шығарылған үкіммен келіспеген жағдайда, сотталушыға апелляциялық шағым беру құқығы беріледі. Сот практикасына жүргізілген талдауға және еліміздің судьяларының пікіріне сәйкес бұйрықтық іс жүргізу практикада толыққанды қолданылмайды. Бұған бірқатар проблемалар себеп болып отыр. Біріншіден, істі бұйрықтық іс жүргізу арқылы қарау туралы мәселе сотқа дейінгі сатыда шешіледі және көбінесе сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамға байланысты. Сол адам қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға негіз болған жағдайда оны қолдану туралы қаулы шығарумен сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтайды. Осындай процестік шешімнің алдында процеске қатысушыларға, ең алдымен күдіктіге бұйрықтық іс жүргізудің артықшылықтары туралы сауатты әрі түсінікті етіп жеткізу керек. Осыған байланысты, соттар прокурордан көрсетілген санаттағы істердің қаншасы түссе соншасын қарайтын болғандықтан, осы бағыттағы жұмыстарды қылмыстық қудалау органдары тарапынан жетілдіру қажеттігі байқалады. Екіншіден, статистикалық деректерді талдау сотта қарау кезінде қылмыстық-процестік заңнаманы бұзу фактілері анықталатынын және оның салдарынан судья оларды қылмыстық қудалау органына қайтаратынан айғақтайды. Бұл ретте, істер негізінен бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға қылмыстық-процестік заңнамада көзделген негіздің болмауына байланысты қайтарылғандарын байқауға болады. Атап айтқанда, күдіктінің кінәсін мойындағаны туралы көрсетілмеуіне, оның бар дәлелдемелерге дау келтірмегені туралы, істі өзінің қатысуынсыз қарауға келіскені туралы мәліметтердің болмауына байланысты. Бұл ретте, көп жағдайда прокурорды айналып өтіп, сотқа қылмыстық қудалау органынан тікелей түскен теріс қылық туралы істер қайтарылады. Осыған байланысты, Жоғарғы Соттың бұл мәселе жөніндегі ұстанымын қолдай отырып, прокуратураны өз атынан және өз қалауы бойынша сотқа өтінішхаттарды, материалдар мен істерді (оның ішінде бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен теріс қылықтар туралы) жолдауға құқылы бірден бір орган ретінде белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар прокуратура бұл шешімдері өзі дайындауға және оған жеке-дара жауапкершілік алуға тиіс.
2-кесте. Үшіншіден, үкім шығару туралы шешім қабылдаған судья айыппұл тағайындай отырып, тек айыптау үкіміне қаулы етеді, ал жазаның басқа түрі тағайындалмайды. Заңда айыппұлды кейінгі шегеру көзделген. Сонымен қатар, тергеу практикасында бұйрықтық іс жүргізуді қолдану аясының тар болуының тағы бір себебі - күдіктінің материалдық жағдайына байланысты айыппұл төлеуге дайын болмауы. Осыған байланысты, бұйрықтық іс жүргізуді кеңінен қолдану мақсатында заңнамаға тиісті өзгертулер енгізе отырып, бұндай істер бойынша сотталушыға түзету жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты жазаның басқа да түрлерін тағайындау мәселесін қарастырған жөн деп санаймыз. Төртіншіден, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралған барлық істер бойынша шығарылған сот шешімі «үкім»деп атағаннан көрі классикалық нұсқасымен «сот бұйрығы» деп атаған дұрысырақ болар еді. Өйткені, бұл сөздің мағынасы бойынша іс бойынша сот талқылауы, оның ішінде дәлелдемелерді зерттеу жүргізілмейді. Қорытындының орнына: қылмыстық-процестік заңнаманы талдау жеделдетілген, қысқартылған тергеп-тексерудің және сот талқылауының барлық нысандарында іс жүргізудің қанда да бір түрін қолданудың негізгі өлшемшарты мен шарты – күдіктінің (айыпталушының, сотталушының) кінәсін мойындауы және келтірілген зиянды өтеуі болып табылады деген қорытындыны жасауға негіз береді. Сонымен бірге, ұлттық қылмыстық процесте күдікті өтінішхат беріп, ал жәбірленуші, сондай-ақ азаматтық талап қоюшы мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) істі дәлелдемелерді зерттеусіз қарауға (бұйрықтық іс жүргізу) келісім білдірген жағдайда іс жүргізудің қылмыстық істі мәні бойынша қарау нысандары бар. Қазіргі жағдайда судьялардың жүктемесін қысқартусыз және процестік нысандарды оңтайландырусыз азайту мүмкін емес деп есептейміз. Сонымен бірге халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қылмыстық сот ісін жүргізудің целерантты нысандары дамыған елдерде кеңінен қолданылады. 2. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ Aequĭtas sequĭtur legem. Заң бар жерде – әділдік бар. АҚШ Негізгі сотқа дейінгі іс жүргізу органы – полиция, оған қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстарды тергеп-тексеру функциясы жүктелген. Тергеп-тексеруге полициядан бөлек магистрант, Үлкен әділқазы және бірқатар басқа құрылымдар кірісе алады. Біздің түсінігіміздегі тергеуші АҚШ заңнамасында кездеспейді, онда полицей-қудалаушы бар. Бұл елде тергеп-тексеру органдары қызметкерлерінің жұмыс тәртібі мен шартын біркелкі регламенттейтін, бүкіл ел аумағында әрекет ететін және барлық аумақтың юрисдикцияларға таралатын заңнаманың болмауы - АҚШ-тағы тергеп-тексеруді ұйымдастырудың ерекшелігі болып табылады. АҚШ-та бірыңғай құқықтық жүйе жоқ. Федералды құқықтық жүйе және құқықтық штаттар жүйесі бар. Әр штатта өзінің конституциясы бар, ол Федералды конституция сияқты қылмыстық сот ісін жүргізудің бірқатар мәселелерін регламенттейді. Қылмыстық сот ісін жүргізудің нақты мәселелерін регламенттеуге бағытталған өзге де заңнамалық актілер бар. Біздің түсінігіміздегі қылмыстық іс қозғау институты жоқ деуге болады. Алдын ала тергеп-тексеру мыналарды қамтиды: полицияның анықтауы, қылмыстық қудалауды қозғау, одан кейін алдын ала сот тергеуі басталады. Полицияның анықтауы дегеніміз полицияның қылмыс туралы түскен ақпаратты жариялы және жасырын әдістер арқылы алдын ала тексеруі. Нақты іс бойынша іс жүргізу жасалған қылмыс туралы полиция ақпарат алған сәттен басталды деп саналады. Бірқатар ғалымдар қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің басталуын қылмыс туралы ақпарат алған және оны полицияда тіркеген сәтпен байланыстыратынын айта кету керек. Бұл сатының негізгі міндеттері тінту немесе қамауға ордерді негіздеу үшін мәлімет жинау, сондай-ақ қылмыс және оны жасаған адам туралы мәлімет жинау болып табылады. Әдетте, полиция бұл мақсатта жасырын тергеу іс-шараларын жүзеге асырады, сондай-ақ түсініктемелер, қажетті материалдарды (заттар мен құжаттар) алады, хаттамалар мен қорытындыларды толтырып, онда өз ойларын тұжырымдайды. Полицияның тергеу әрекеттерін жүргізуге де құқығы бар. Тергеп-тексеру жүргізу уақыты заңда реттелмеген. Полицейлердің қылмысты тергеп-тексеру жөніндегі қызметі процестік құжаттарды толтырумен және процестік нысандарды сақтаумен онша байланысты емес. Егер түбінде қылмыскер табылып, қылмыстық жауаптылыққа тартылады деген қандай да бір мүмкіндік болса, олар оқиға орнында қылмыс туралы ақпарат жинауға міндетті. Ордер шығару формальды түрде қылмыстық қудалаудың басталғанын білдіреді, ал қамауға немесе тінтуге ордер беру алғашқы айыптау актісі (ал жеңіл қылмыстар болса, бірден бір әрі түпкілікті) әрі іс бойынша іс жүргізудің ресми басталғанын белгілейтін бірден бір құжат болып табылады. Кейбір жағдайларда прокурордың өтініші бойынша қамауға алу туралы ордердің орнына сотқа шақыру туралы шақырту шығарылады, ол да қылмыстық қудалауды бастаудың формальды актісі болып саналады. Полиция қамауға алып, полиция учаскесінде қажетті тергеу әрекеттерін бітіргеннен кейін көптеген қылмыстарды тергеп-тексеру іс жүзінде аяқталады. Қарастырылып отырған іс жүргізудің ерекшелігі айыпталушыны ақтайтын және және оның жауаптылығын жеңілдететін дәлелдемелерді толықтай полициядағы алғашқы «қадамында» процеске қосылатын айыптаушы мен оның қорғаушысының ұсынатыны жөніндегі факт болып табылады. Соңғы сатысында жедел-іздестіру және тергеу әрекеттерін орындаған полицей өзінің тікелей бастығына іс бойынша не істелгені және анықталғаны туралы полиция есебін тапсырады. Анықтау органының бастығы материалдарды және қылмысты саралаудың дұрыстығын тексереді. Ол нақтылауға және қылмыстың бастапқы саралануын өзгертуге, осыған қарай істің ол одан әрі қозғалысы туралы (одан әрі талқылау үшін сотқа беруге) шешім қабылдауға құқылы. немесе дәлелдеменің жетіспеуіне байланысты іс тоқтатылуы мүмкін не полиция учаскесі деңгейінде шешілуі мүмкін («анықталған криминалдық шиеленісті полицияның реттеуі» деп аталады). Айыптауды қалыптастыру үшін материалдар прокурорға жолданады. Прокурор айыптау құжатын жасайды, онда айыптаудың мәні қысқаша баяндалады. Айыптау құжаты судьяға немесе оттың қылмыстық істі мәні бойынша қарайтын сотқа бергенге дейін туындайтын мәселелерді шешу жөніндегі өкілеттілігі бар өзге лауазымды тұлғасына ұсынылады. Әдетте, бұл құжатты талап немесе шағым деп атайды. Сот ісін жүргізудің келесі сатыларында ол айыптау актісі деп аталатын процестік құжатпен ауыстырылуы мүмкін. Осылайша, континенталдық құқыққа тән түсінік бойынша АҚШ-та алдына ала тергеу мүлде жүргізілмейді. Бұл сатысында жазбаша процесс жоқ, алынған мәліметтер тиісті полиция құжаттарымен рәсімделеді, олар дәлелдеме болып табылмайды және тергеу әрекеттері хаттамаларының күші болмайды. Алдын ала тергеу жүргізу мерзімдері де белгіленбеген. Жиналған материалдарды прокурорға беру полицияның ұзақ тергеп-тексеруінің соңы болып табылады, ол мағынасы бойынша біздің айыптау актімізге ұқсайтын рапортты толтырумен аяқталады. Полиция анықтауы істің мән-жайын терең әрі жан-жақты зерттеуді көздемейді. Сотқа адамның қылмыс жасауға қатысын көрсететін дәлелдемелерді жинау жеткілікті. Ағылшын-америка моделінің өзіне тән ерекшелігі - онда нақты сотқа дейінгі және түпкілікті іс жүргізу деп бөлінбейді, алайда кейбір ғалымдар АҚШ қылмыстық процесін сотқа дейінгі және сот іс жүргізуі деп бөледі. Бұл рәсімдер жүйесі, шын мәнінде, тараптарға өз мүдделеріне, істің дұрыс қозғалысын бақылауға мүмкіндік және құрал беретін айрықша тетік болып табылады. Оның үстіне, әрбір нақты оқиғада сот төрелігі деген негізгі мақсаты заңда немесе прецедентпен алдын ала айқындалған бір ғана билік органының мүдделер мен өзара бақылау теңгерімінде тұрақты түрде ұстап отыру арқылы «тиісті» шешімді қабылдауына кедергі келтіру басты мақсаты болып табылатын тетік құру. Басқаша айтқанда, тараптардың процесте өз мүдделерін жылжытатын тәсіліне баса көңіл бөлінеді, ал сот заңды немесе прецедентті қолданады. Бұған қоса жалпы және заңнамалық құқық нормаларына негізделген сот шешімі мазмұнының екінші орынға қоюдан ауытқымайды. Тараптардың ұстанымдарын салыстыра отырып, мүдделер жарысы немесе ойыны негізделіп нақты, дұрыс әрі бейтарап жүргізілген рәсім заң шығарушы алдын ала жазып қойған ортақ ережемен салыстырғанда барынша әділетті нәтиже береді деп саналады. Бұлай болатын себебі, «адамның өзіне таныс үлгілермен салыстыру негізінде әлі толық белгілі емес нәрсе туралы тым асығыс пайым жасайтын табиғи қасиетімен» байланысты қателесу тәуекелі азаяды. Сонымен бірге рәсімнің легитимділік қасиеті болғандықтан, ол заңда немесе прецедентте берілген әрі тез ескіретін нұсқасына қарағанда әлдеқайда икемді болып табылады. Бір жағынан жалпыға ортақ, екінші жағынан нақты істе қисынды болғандықтан, рәсім өздері берген процестік құралдардың пайдаланылу нәтижесіне жауап беретін екі тараптың қабылданған шешімді мойындауын жеңілдетеді. Міне, осы рәсім америкалық қылмыстық процесті айқындайтын сипаттама, оның басты элементі – процестік әділдік. Оның адамның құқығын құрметтеуден туындайтын құндылығы сот шешімінің тиімділігінен жоғары бағаланады, тіпті оған қарама –қайшы болуы да мүмкін. Күдікті оған алдын ала тыңдау кезінде айып тағылғаннан кейін ғана айыпталушы болып танылады. Бұл саты кезінде айыптаушы судьяға айыптың кінәлі адамға тағылғанын дәлелдейтін фактілерді көрсетуі тиіс. Мисдиминор істері (Misdemeanour – АҚШ пен Ұлыбритания қылмыстық құқығындағы әкімшілік құқық бұзушылықтармен шектесетін барынша қауіпсіз қылмыстар) және онша елеулі емес қылмыстар бойынша алдын ала тыңдау сатысы жүргізілмейді. Қылмыстық процесте айып тағу кезінде негізгі екі рәсім бар – мемлекеттік айыптаушының «ақпаратты» ұсынуы және айыптау актісін ұсынуы. Мазмұны бойынша ақпарат пен айыптау актісінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. «Ақпарат» беру рәсімі айыптау актісіне қарағанда қарапайым. Бұл қылмыстың ауырлық деңгейіне байланысты. Өйткені алдын ала тыңдау кезінде айып тағу сатысы тек фелония үшін жасалады, ал америкалық ғылыми ой фелонияны тар ұғымдағы фелонияға және жаһандық істерге бөледі. Фелония бойынша, яғни «ақпарат» бойынша айып тағу кезінде мемлекеттік айыптаушы төмен сатыдағы сотқа алдын ала тыңдау сатысындағы айыптау дәлелдерін қамтитын процестік құжатты ұсынады. Ол айыптау актісін өзі бекітеді. Тарихи тұрғыда «ақпарат» - формальды процестік акт емес, жеке адамның шағымы ғана, сондықтан қылмыстық қауіптілігі төмен істерде қолданылады. Үлкен әділқазыға балама болып табылатын алдын ала тыңдау кезінде кәсіби судьяның ашық отырысында қаралады, ол айыптаушы дәлелдерінің негізділігін айқындайды. Бұл процестік сатының міндеттері: 1. Бұл істі мәні бойынша қарайтын сотқа беру үшін «негіздің жеткілікті» болуын тексеру. 2. Қорғаушыны және айыпталушыны айыптау материалдарымен таныстыру. 3. Заңдық мүмкіндіктер беру. Түрлі штаттарда алдын ала тыңдау рәсімі әр түрлі регламенттелген. Мысалы, Лос-Анджелес (Калифорния штаты) заңы бойынша алдын ала тыңдау істің сотта қаралуы сияқты ережеге сәйкес жүргізіледі – оған айыптаушы мен қорғаушы қатысады, куәлардан тоғыспалы жауап алу жүргізіледі. Штаттардың көбінде алдын ала тыңдау судьяның полицейден жауап алуымен және полиция есебін зерттеуімен шектеледі. Әділет департаментінің статистикасы бойынша істердің 2%-ға жуығы алдын ала тыңдау сатысында аяқталады. Көбінесе алдын ала тыңдау баспасөз бетіне және теледидар экранына түскен аты шулы істер бойынша жүргізіледі. Алдын ала тыңдауды төменгі сатыдағы соттың судьясы жүргізеді, ол магистр болып табылады. Бірінші сатыдағы сот ретінде магистратура ұсақ құқық бұзушылықтарды ғана қарай алады. Фелонияға жататын істер бойынша магистрат алдын ала тыңдауды ғана жүргізеді. Бірінші келу сатысында тағайындалған мемлекеттік айыптаушы алғаш рет алдын ала тыңдау сатысына келуіне болады. Федералдық ережеге сәйкес мемлекеттік айыптаушы «полицейге адвокат» болып табылады, «яғни полицияның есебімен танысқаннан кейін мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысын түзетеді және айыптауды магустратураға ұсынады». Алдын ала тыңдау қылмыстық процестің міндетті сатысы емес. Айыпталушы одан бас тарта алады. Әйтсе де судья өз қалауы бойынша немесе айыптаушының өтінішхаты бойынша алдын ала тыңдау кезінде айыптаудың дәлелдемелерін қарауға құқылы. Үлкен әділқазыдағы тыңдау кезіндегі сияқты магистр алдын ала тыңдауда айыпталушының сотқа тартылуының негізділігі мәселесін шешеді. Айыптаушы тек сот қарауы рәсіміне тарту үшін жағдай жасауға қажетті ең аз дәлелдемелерді ұсынады. Айыпталушы мен оның қорғаушысы айыптаушының дәлелдемелерін теріске шығаруға және өздерінің дәлелдемелерін көрсетуге құқылы. Бірақ, дәлелдеме материалы тағылған айыптың негізділігіне ғана қатысты болуға тиіс. Алдын ала тыңдауда қаралатын дәлелдің айрықша түрі – алибиді анықтау мәселесі болып табылады. Сотта алиби туралы айтылған жағдайда айыпталушы қылмыс жасалған сәтте нақты қай жерде болғанын, сондай-ақ өзі жауаптарына сілтеме жасамақшы болып отырған куәлардың аты-жөні мен мекенжайларын көрсетуі тиіс. Алиби фактісінің өзі алдын ала тыңдауда анықталмайды. Ұсынылған дәлелдемелер тек процестік көзқарас тұрғысынан тексеріледі. Кейін айыптаушы айыпталушының алибиін теріске шығару кезінде сілтеме жасайтын куәлардың тізімін беруі сотта қаралуынан кемінде 10 күн бұрын айыптаушыға беруі тиіс. Бұл процестік ережелер қорғаушының да, айыптаушының да қолдарындағы дәлелдемелерінің барлығын ашпайтынына байланысты екенін айтап өту керек. Қарсыласын күтпеген аргументтермен «есінен тандыру»үшін негізгі дәлелдемелерін сотта қарау сатысына сақтап отырады. Сонымен бірге, процестің жарыспалық сипатына сәйкес америкалық құқықта біздің жүйедегі сияқты айыпталушыны соттың алдында істің барлық материалдарымен таныстыру туралы ереже |