К_сіпорын экономикасы. Атырау мнай жне газ университеті
Скачать 2.6 Mb.
|
Кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметіКез келген экономиканың негізін жұмыс орындары құрайды. Жұмыс орындарында өнім өндіріледі немесе өндірістік қызмет түрлері көрсетіледі. Атап айтқанда, кәсіпорында өнім өндіріледі, жұмыстар жасалады, қызмет көрсетіледі, яғни тұтынудың негізі жасалып, ұлттық байлық көбейтіледі. Ұлттық экономиканың барлық кезеңдерiндегi негiзгi буыны кәсiпорын болып табылады. Осы кәсiпорында өнiм өндiрiледi, жұмыскер өндiрiс-құрал- жабдықтарымен тығыз байланыста болады. Кәсiпорын деп пайда алу және оны көбейту мақсатында бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтердi өндiрумен, оны өткiзумен айналысатын заңды түрде құрылған дербес шаруашылық субъект немесе заңды тұлғаларды айтады. Өндірістік кәсіпорын – тұтынушыларға қажетті өнімді,тауарды дайындауға қабілетті кәсіби ұйымдастырылған еңбек ұжымы бар мамандандырылған ұйым. Кәсіпорынның басты мақсаты барынша жоғары пайда алу және жоғары пайдалылыққа жету және жұмыс орындарын құырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту.Осы мақсаттарға жету үшін кәсіпорын алдына төмендегідей бірқатар міндеттер қойылады: тұтынушының сұранысына сай және қолда бар өндірістік мүмкіндіктерді пайдалана отырып жоғары сапалы өнім шығырып, қызмет көрсету және оны жүйелі түрде жаңартып отыру; иелігіндегі өндірістік ресурстарды ұтымды пайдалану; кәсіпорынның стратегиясы мен тактикасын жасау және жағдайлардың өзгеруіне қарай өзгерістер енгізу; өндіріске, еңбекті ұйымдастыруға және басқаруға алдыңғы қатарлы жаңалықтарды,инновацияны енгізіп отыру; өзінің жұмыскерлерінің жағдайын жасау, олардың біліктілігін арттыру, еңбек ұжымындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды жоғары деңгейде ұстау. Сонымен қатар, негізгі мақсаттарға ұмтылуда тұрған корпоративтік мақсаттардың барлығы бар. Олар иесінің мүдделері, капитал мөлшері, кәсіпорын ішіндегі жағдай, сыртқы орта және белгілі бір талаптарды қанағаттандыруы тиіс (нақты және өлшенетін, уақытқа бағытталған, қол жетімді және өзара қолдауға ие) болуы мүмкін. Бұл мақсаттарға: өнімдердің, жұмыстардың, қызметтердің көлемін барынша арттыру; ғылыми және технологиялық прогресті пайдалану негізінде өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету; бірқалыптылық пен тұрақтылық; нарық позицияларын ұстап тұру (жаңа нарықты сатып алу) және өндірістің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету; өндірістің күрделілігіне қол жеткізу және т.б.Осы мақсаттардың әрқайсысы да кәсіпорынның негізгі мақсаттарына қол жеткізу құралы болып табылады. Кәсіпкерлік мақсаттарды таңдау, бір жағынан, өз ресурстарымен кәсіпорынның қауіпсіздігін, ал екінші жағынан, сыртқы орта мен нарықтық жағдайды сипаттайтын бірқатар факторларға байланысты. Кәсіпорынның экономикалық жүйесіне әсер ету бағытына байланысты факторлар оң және теріс бөлінеді, сонымен қатар, орын алған жеріне байланысты ішкі факторларға жіктеледі, бұл өз кезегінде объективті (олардың пайда болуы басқарудың субъектісіне тәуелді емес), субъективті (мысалы, кәсіпорынның ерекшелігі мен тұлғасына қатысты, кәсіпорынның баға саясаты және т.б.) және сыртқы (мысалы, инфляциялық процестерге, мемлекеттік қызметке, отандық және әлемдік нарықта және т.б.). Өнеркәсіптік кәсіпорынның атқаратын қызметтері мыналар: өндірісте және жекеше тұтынылатын өнім шығару; тұтынушыға өнімді жеткізу және сату; өнімді сатып болғаннан кейін қызмет атқару, кәсіпорындардағы өндірісті материалдық-техникалық жабдықтау; кәсіпорын жұмысшыларының еңбегін ұйымдастыру және басқару; кәсіпорындағы өндіріс көлемін жан-жақты дамытып, ұлғайту; кәсіпкерлік қызмет; салықтарды төлеу, мемлекеттік бюджеттің және басқа да қаржы ұйымдарының міндетті және міндетті емес төлемдерін орындау; мемлекеттік заңдарды, нормативтер мен стандарттарды орындау. Сурет 1.Кәсіпорынның атқаратын негізгі функциялары Кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметі профессионалдық құрамы, квалификациясы бойынша ерекшеленетін еңбек, өндірістік, материалдық , қаржылық ресурстарымен сипатталады. Еңбек коллективінің күштері мен қабілетіне сай мекеме жұмысының нәтижелері көрініс табады. Еңбек ресурстарына өндіріс құралдары, яғни негізгі және айналым құралдары қажет. Өндіріске қажет материалдар, құралдар, энергиялық ресурстармен жабдықтауға, жұмысшыларға жалақы төлеуге қаржылай құралдар қажет. Кәсіпорын - түрлі өндірістерден және шаруашылықтардан тұратын күрделі жүйе. Кәсіпорынның жекеленген өндірістік буындары бойынша өндірілетін өнімнің атқаратын қызметіне қарай барлық өндірістер негізгі және көмекші өндіріс болып екіге бөлінеді.Негізгі өндіріс өнімді шығарумен тікелей қатысты болатын үдерістерді қамтиды.Мысалы, мұнай мен газды өндіру процесі – бұл мұнайгаз өндіру кәсіпорнындағы негізгі өндірістік процесс. Қосымша өндіріс негізгі өндіріс қызметінің өнімді үздіксіз шығаруына арнап қалыпты жағдайларды қамтамасыз етеді.Мысалы, мұнайгаз өндіру кәсіпорнындағы жөндеу және көліктік қызмет көрсетуді қоымша өндіріске жатқызады. Кәсіпорындашаруашылық қызметтің бір түрі кәсіпкерлік деп қарастырылады. Кәсіпкерлік - меншік түріне қарамастан, азаматтар мен заңды тұлғалардың тауарларға (жұмысқа, қызметке) сұранысты қанағаттандыру арқылы пайда немесе жеке табыс табуға бағытталған жеке меншікке немесе мемлекеттік кәсіпорындарды шаруашылық басқару құқығына негізделген ынталы қызмет.Кәсіпкерлік қызмет өндірістік, коммерциялық, қаржылық, сақтандыру, делдалдық түрлеріне бөлінеді. Өндірістік кәсіпкерліктің негізін кез келген бағыттағы материалдық, интеллектуалдық, шығармашылық өндірісті құрайды. Мұнда кәсіпкер фактор ретінде өзінің жеке немесе сатып алған құралдары мен еңбек заттарын, жұмыс күшін қолдана отырып, тұтынушыларға немесе сауда ұйымдарына сату үшін өнім, қызмет, ақпарат, рухани құндылықтар өндіруді ұйымдастырады. Коммерциялық кәсіпкерлікте басты рөлді тауар-ақша, сауда-айырбас қатынастары атқарады. Мұнда бизнесмен басқа тұлғалардан сатып алған дайын тауарларды қайта сата отырып, саудагер немесе коммерсант рөлін атқарады. Коммерциялық кәсіпкерлік сауда мекемелері мен тауар биржаларында әрекет етеді. Кәсіпкерліктің ерекше бір түрі- қаржылық кәсіпкерлік. Қаржылық кәсіпкерлік коммерциялық кәсіпкерліктің ерекше бір түрі ретінде несиеге ақша беру, шетел валюталарын, бағалы қағаздарды сату-сатып алу опреацияларымен айналысады. Сақтандыру кәсіпкерлігінің мәні кәсіпкер сақтанушыны кездейсоқ жағдайлардың нәтижесінде мүлікке, құндылықтарға, өмірге зиян келген жағдайда белгілі бір мөлшерде төлем төлеуге кепілдік береді. Қызметтің бұл түрін қаржы кәсіпкерлігінің бір түрі ретінде қарастыруға болады. Мұнда кәсіпкер сақтандыру жарнасын алады және оны тек сақтандыру жағдайы болған кезде ғана қайтарады. Кәсіпкерлік қызметтің келесі бір түрі делдалдық кәсіпкерлік. Кәсіпкер- делдал өндірушілерден сатып алушыларға қажетті тауарларды өткізу шарттары туралы ақпарат алады және ол мәліметті сатып алушыға береді. Кәсіпкерлік қызметтің қандай түрі болса да, орындалатын орны кәсіпорын. Кәсіпорын қызметінде әр түрлі тәуекелдер кездесіп тұрады.Тәуекел – бұл жоспарланған табыс көлемін ала алмау, зияндар мен жоғалтулардың туындау ықтималдылығы. Басқаша айтқанда, қолайсыз жағдайлармен, экономикалық қызмет шарттарының кездейсоқ өзгеруімен байланысты күтілген табысты, ақшалай қаражаттарды немесе мүлікті жоғалтудың туындау қаупі. Ал, кәсіпкерлік тәуекел деп белгіленген іс-шара іске аспаған, сондай-ақ, басқару шешімдерін қабылдау кезінде қателіктер жіберілген жағдайда кәсіпкердің зиян шегу ықтималдылығын айтады.Кәсіпорын қызметінде тәуекелді көбінесе өндірістік, коммерциялық және қаржылық деп үшке бөліп қарастырады. Өндірістік тәуекел – өнім өндіру кезінде немесе өндірістік қызмет үрдісінде туындайды. Өндірістік тәуекелдің себептеріне жоспарланған өндіріс көлемінің төмендеуін, кәсіпкердің тапсырыс берушілерімен жасалған келісім бойынша өз міндеттемедерін орындай алмау ықтималдылығын, материалдық, еңбек шығындарының өсімін, баға саясатындағы қателіктер т.б. жатқызуға болады. Коммерциялық тәуекел – өнімді сатумен, шикізаттар мен материалдарды сатып алумен және т.б. байланысты орын алады. Оның негізгі себептеріне логистика жүйесіндегі кемшіліктер, шикізат тапшылығы немесе шикізаттар мен материалдармен өз уақытында және қажетті көлемде қамтамасыз ете алмау және т.б.жатады. Қаржылық тәуекелдер қаржы ресурстарының, яғни ақшалай қаражаттардың шығындарының ықтималдығымен байланысты. Қаржылық тәуекелдер екі түрге бөлінеді: -ақшаларын сатып алушылық қабілетімен байланысты тәуекелдер; -капитал салумен байланысты тәуекелдер (инвестициялық тәуекелдер). Өнеркәсіптік өндіріс – кәсіпкерліктің бірнеше салаларын қамтиды. Өндірістік саланың атап айтқанда өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс,акпараттық жүйе сала қызметі де осы өнеркәсіптік өндіріс саласына енеді. Сол сияқты өнеркәсіптік кәсіпорын кәсіпкерліктің ерекшелігімен, мамандандырылу деңгейімен, техникалық-технологиялық жағдайымен сипатталынады. |