«_аза_станны_ физикалы_ географиясы» п_нінен лекциялар жина_ы Та. азастанны физикалы географиясы пнінен лекциялар жинаы Таырыбы азастанны физикалы географиялы орны
Скачать 317 Kb.
|
Қазақстан климатының жеке элементтерінің режимі. Климат қалыптастырушы факторлармен бірге климатты анықтайтын бірнеше көрсеткіштер де бар. Олар: атмосфера қысымы, ауаның температурасы мен ылғалдылығы, жауын-шашын, жел, бұлттылық. Қазақстан климатының негізгі сипаттамасы осындай метеорологиялық элементтердің ұзақ жылдардағы орташа және абсолюттік мөлшерлері бойынша анықталады. Республикада климат батыстан шығысқа қарай құрғақтана түседі, ең құрғақ климат орталық аудандарда байқалады. Себебі, мұнда жыл бойына солтүстік арктикалық суық ауалармен бірге оңтүстіктің жылы ауа массалары ықпал етіп отырады. Соның әсерінен көктем мен күз маусымдарында аракідік аязды күндер, ауа райының сууы және қар көшкіндері сияқты табиғат құбылыстары болып отырады. Қазақстан территориясында үстемдік ететін метеорологиялық элементтерге жеке-жеке тоқталамыз: Ауа қысымы мен жел. Атмосфералық қысым- бұл ауаның барлық денелер мен жер бетіне түсіретін қысымы. Қалыпты қысым Ο˚С температурада 760мм-ге тең, қысымды өлшейтін прибор барометр деп аталады. Жер бедерінің күрделілігіне байланысты атмосфералық қысым өзгеріп отырады. Ауа қысымының орташа жылдық мөлшері жазықтық аудандарда 977-1022 мб-ға, Астанада 977 мб, Атырауда 1022 мб, Қ.О.-1003мб, ең төменгі мөлшері таулы аудандарға тән. Мысалы Алматыда 920мб. Ауа қысымы мен ауа температурасы бір-біріне кері пропорционал, яғни температура жоғарылаған сайын жаз маусымында қысым төмендейді, ал температура төмендеген сайын қысым керісінше жоғарылайды. Қазақстанның жел режимі атмосфералық циркуляция мен жер бедеріне байланысты анықталады. «Жел» дегеніміз - ауаның жоғарғы қысымды аймақтан төменгі қысымды аймаққа қарай горизонталь бағытта қозғалуы. Қыстыгүні оңтүстік пен оңтүстік-батыстан солтүстікке қарай жылдамдық 6м/сек-қа дейін желдер соқса, ал жаздыгүні батыстан солтүстікке, солтүстік-шығыстан оңтүстікке қарай бағытталған желдер соғып тұрады, олардың орташа жылдамдығы 2-3 м/сек. Ал таулы аймақтарда аңғарлық желдер соғады. Мысалы Шу және Іле аймақтарында аңғарлық желдердің бағыты батысқа қарай соғады. Жазықты және аласа таулы аудандарда жылдамдығы 40-45 м/сек жететін дауылды желдер тұрып, олар халық-шаруашылығына кері әсер етеді, мұндай желдер көбінесе Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында байқалады. Көлдер мен үлкен су қоймаларының жағалауларында бриз желдері соғады. «Бриздер» дегеніміз-атмосфералық қысымның өзгеруінен күндіз теңізден құрлыққа, түнде құрлықтан теңізге қарай соғатын желдер. Таулы аймақтарда аңғарға қарай соғатын құрғақ әрі жылы желдер-фендер деп аталады. Мұндай желдер Тянь-Шань тауларында жиі-жиі болып отырады. Ауа температурасы. Қазақстанда қаңтардағы ауаның орташа температурасы қиыр оңтүстікте -1-5˚С, ал солтүстікте -19˚-20˚С-қа жетеді. Қыста суық ауа массаларының тау алдында және тұйық аңғарларда жиналуынан таулы өңірлерде радиациялық суыну байқалады. Республика бойынша қысқы ең қатты суыну Алтайдың тау аралық қазан шұңқырларында болады. Ал, абсолюттік min -47˚-54˚С-қа төмендейді. Ең ыстық ай шілде, шілденің орташа температурасы 18-30˚С, ал абсолюттік max оңтүстікте 42-44˚С-қа жетеді. Жеке қалалар бойынша қаңтардағы ауаның орташа температурасы Петропавлда -19˚С, Астанада -17,7˚С, Оралда -14˚С, Атырауда -10,4˚С, Таразда -5˚С, Шымкентте -4˚С, ең аязды күндер Солтүстік Қазақстанда байқалып, ауа температурасы -50-53˚С-қа жетеді. Ал шілдеде, Петропавлда +19˚С, Астанада 20˚С, Оралда 23˚С, Атырауда 25˚С, Шымкентте 26˚С. Республикада 1 жыл ішіндегі аязды күндердің саны 90-200-ге жетеді. Мысалы, Қызылордада 148 күн, Оралда 177, Семейде 183күн, Астанада 200күн, Шымкент пен Таразда 100 күнге де жетпейді, ал таулы аудандарда биіктікке және географиялық орналасу ерекшелігіне қарай аязды күндердің саны артып отырады. Ауаның ылғалдылығы – бұл ауадағы су буының мөлшерін, жергілікті жердің ауа-райы мен климаттық ерекшеліктерді сипаттайтын көрсеткіш болып табылады. Ылғалдылықтың жылдық режимі ауа массаларының ауа температурасының алмасуымен және жауын-шашын мен буланудың мөлшеріне қарай анықталады. Республика территориясында жыл бойына түсетін жауын-шашын мөлшеріне қарағанда булану бірнеше есе артық, яғни түсетін жауын-шашын мөлшері солтүстікте 350-500мм, оңтүстікте 100-150мм, ал булану солтүстікте 550-1000мм, оңтүстікте 1000-1700мм. Ылғалдылықтың жетіспеуінен құрғақ күндер өте көп болады да, олар әсіресе Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда аймақтарында көп байқалады. Атмосфералық жауын-шашындар дегеніміз – бұлттардағы су буының конденсациялануы нәтижесінде жер бетіне жаңбыр, бұршақ, қар, қырау, түрінде түсетін ылғал. Биік таулы аудандарды ескермегенде, Қазақстан жері қуаң болып келеді. Жауын-шашынның таралуына көп жағдайда жергілікті жер бедері көп әсер етеді. Республиканың дала зонасында жылына орта есеппен 250-300мм жауын-шашын түседі, бұл көрсеткіш Орталық Қазақстанның көпшілік бөлігінде бірте-бірте төмендеп, 125-250мм-ге жетеді. Республика бойынша жауын-шашын ең аз түсетін аймақ – Балқаш көлі жағалауы мен Арал маңындағы Қарақұм өңірі, орташа жылдық жауын-шашын 100мм-ден аспайды. Батыстағы Үстірт пен Маңғыстау түбегінде 150мм түседі. Жер бедерінің биіктігі мен пішіндеріне қарай Қазақстанның биік таулы аудандарында жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 400-1000мм жетеді. Алтай тауларының батыс беткейлерінде 1500мм-ден артық ылғал түседі. Тау шыңдарынан етектеріне қарай ылғалдың мөлшері төмендеп, тауаралық қазаншұңқырларда 400-450мм, ал Зайсан қазаншұңқырларында 150мм жауын-шашын түседі. Іле Алатауында 900мм-ден аспайды. Ал, буланудың орташа мөлшері оңтүстікте 250мм-ден, солтүстікте 100мм-ге жетеді. Тау бөктерлерінде 200мм, таулы аудандарда 350-400мм. Жаздыгүні буланудың мөлшері артып, оның абсолюттік max оңтүстікте 1200 мм-ге көтерілсе, солтүстікте 500мм. Қазақстан территориясы бойынша жауын-шашынның таралуы өте әркелкі, мысалы жалпы бір жылда түсетін атмосфералық жауын-шашынның Оңтүстік Қазақстанда 60-65% салқын мезгілде жауса, керісінше Солтүстік Қазақстанда 70-80% жылы мезгілде түседі. Ол орманды дала зонасында жауын-шашынның көп бөлігі шілде айында жауады, тау баурайларында көктем мен күзде түседі. Қазақстан территориясын климаттық аудандастыру. Қазақстанда климатты ерекшеліктеріне қарай аудандастыру принциптерімен атақты климатологтар Б.П.Алисов пен А.А.Борисов айналысты. Ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда климаттық жағдайлар негізге алатындықтан, олар Қазақстан жерін (таулы аудандар қосылмайды) ылғал және жылу қорына қарай агроклиматтық аудандарға бөлді: Республиканың ең салқын және ылғалды өңірі болып саналатын қиыр солтүстік, ылғалдылық коэффициенті 1-ге тең. Сондықтан дәнді дақылдармен бау-бақша дақылдарын өсіру ұйымдастырылған. Қуаң қоңыржай жылы агроклиматтық облыс, оған Солтүстік Қазақстан облысы жатады. Ылғалдылық коэффициенті 0,7-1, жаздық бидай, тары, бұршақ және жүгнрі өсіруге қолайлы. Қуаң жылы облыс. Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары жатады, жаздық бидай және жүгері өсіруге тиімді. Аса қуаң жылы облыс. Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе және Семей, бұрынғы Торғай мен Жезқазған облыстарының солтүстігі жатады, ылғалдылық коэффициенті 0,5-0,7, күнбағыс, жүгері, картоп. Ауасы құрғақ жылы облыс, бұл 4 облыстың оңтүстігінде ендік бағытта батыс және шығыс шекараларға дейін созылады, егіс дақылдарының өсіп жетілуіне ылғал жеткіліксіз болып табылады. Ауасы құрғақ, қоңыржай ыстық облыс, оған Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбенің орталығы және бұрынғы Торғай облысының оңтүстік жағы жатады, ылғал мөлшері жеткіліксіз және топырағы сортаң болып келеді. Сондықтан мал шаруашылығына қолайлы. Ауасы тым құрғақ, қоңыржай ыстық облыс, бұл 6 облыс оңтүстікте қалыптасқан, мал шаруашылығы өсіріледі. Тым құрғақ ыстық облыс.Қазақстанның оңтүстік жазықтық бөлігін қамтиды, ылғалдылық коэффициенті 0,1-0,3. Бетпақ Дала мен Мойынқұм және т.б. шөлді аудандар мал жайылымында пайдаланады. Ол сырдария мен Шу өзенінің жайылмаларында күріш, жүзім және т.б. бақша дақылдары өсіріледі. Аса құрғақ және өте ыстық облыс. Қазақстанның оңтүстігі шөлді аудандарды қамтиды, қой және ірі қара мал шаруашылығы мен жүзім егісі дамыған. Сарыарқа облысы, мал шаруашылығы дамыған. Ылғалдылық коэффициенті 0,1-0,2. Зайсан қазан шұңқыры, ылғалға тапшы, ылғалдылық коэффициенті 0,2-0,5, мал шаруашылығы мен суармалы егін шаруашылығы өсіріледі. Жоңғар Алатауының тауалды және жазықтықтары, ылғалдылық коэффициенті 0,3-0,5, мал және суармалы егіншілік. Солтүстік және Батыс Тянь-Шань, мұндағы температуралық жағдай техникалық дақылдар және бау-бақша өсіруге қолайлы. Іле Алатауының тау бөктерлері. Ылғалдылық коэффициенті 0,5-0,7. Климаттық жағдайы күздік және жаздық дәнді дақылдар, жүгері, қант қызылшасы, темекі өсіруге тиімді. Іле аңғары-бұл Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы ең құрғақ әрі ыстық агроклиматтық облыс, суармалы егіншілік, бидай, қант қызылшасы мен темекі өсіріледі.Ылғалдылық коэффициенті 0,7-0,8. Тақырыбы: Қазақстанның ішкі сулары. Ішкі сулардың таралуындағы негізгі заңдылықтар мен ерекшеліктер Жоспар: 1. Мұздықтар мен мәңгі тоңдар; 2. Қазақстан өзендерінің гидрометриялық сипаттамасы және олардың экологиялық Жағдайы; 3. Қазақстанның көлдері мен теңіздері; 4. Жерасты сулары мен минералдық сулар; Ішкі сулар немесе беттік сулар дегеніміз жер бетінде үнемі немесе уақытша сұйық және қатты күйде тұратын, табиғаттағы су айналымымен тығыз байланыс орнататын маңызды табиғат ресурстары. Ішкі сулар ландшафтың басты компоненті бола отырып, қоршаған ортаға көп жақты әсер етеді. Қазақстанның ішкі суларын көптеген ғалымдар зерттеген. Атап айтсақ, мұздықтарды С.Е.Дмитриев, Н.Н.Пальгов, К.Г. Макаревич, П.А.Черкасов, өзендерді П.С.Кузин, И.С.Соседов, В.И.Коробин. В.А.Семенов, В.М.Болдырев, теңіздер мен көлдерді Л.С.Берг, А.Н.Косарев, И.А.Шикломанов, Г.Г.Муравив, Н.Т.Кузнецов және т.б. зерттеп, ғылыми сипаттама жасаған. Қазақстанның географиялық орны, жер бедері мен климаттық жағдайлар- дың әртүрлілігімен ішкі сулар да өте әркелкі таралған. Мысалы, құрғақ, аридті аудандарда өзендер мен көлдер өте сирек, ол солтүстікте, орманды дала зонасында тығыз орналасқан. Қазақстанның су қорларына мұздықтар мен мәңгі тоңдар, өзендер мен көлдер, су қоймалары мен бөгендер, теңіздер және жер асты сулары жатады. Мұздықтар мен мәңгі тоңдар. Мұздық дегеніміз атмосфералық жауын-шашыннан пайда болған мұз жиынтығы, тау беткейін және тау аңғарын бойлай төмен сырғитын мұз массалары. Көп жылдық тоңдар температура үнемі 0°-тан төмен болғанда тоңған жер қабатында қалыптасады. Қазақстан территориясындағы мұздықтар мен мәңгі тоңдардың көпшілігі Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань тауларының 3500-4000м биіктіктерінде кездеседі. Олар орташа жылдық температураның төмендеуі мен буланудың аздығынан қыс бойы жауған қар жамылғысы ерімей, бірте-бірте жиналып, қабатталуынан пайда болады. Қазақстан тауларындағы қарлардың жиналуы негізінен ауа массасының көктемгі және жазғы циркуля- циялық процестеріне байланысты болады. Атлант және Солтүстік Мұзды мұхиттардан келетін батыс желдері көптеген ылғалды ауа массаларын әкеліп, олар таулы аудандарға қар түрінде жауады. Тау басындағы мұздықтар мен қабатталған қарлар Қазақстанның табиғатына әсер ете отырып, өзендер мен көлдердің негізгі қоректену көздері болып есептеледі. Жазғы маусымдағы қарлар мен мұздықтардың еруі егістік шаруашылығында жерді қолдан суару үшін қолданылады. Қазақстанның әрбір таулы аудандарында қар сызығы әртүрлі биіктікте орналасқан. Қар сызығы дегеніміз тау басындағы қар жататын шекара, одан әрі қарай қар жыл бойы ерімейді. Қар сызығының биіктігі таулардың географиялық ендігіне, жауын-шашынның мөлшеріне, беткейдің еңістігіне және теңіз деңгейінен биіктігіне байланысты өзгеруі. Тян-Шань тауында қар сызығы 3500-3800м биіктікте жатса, Іле Алатауында 3370м биіктікте орналасқан. Қазақстан территориясындағы мұздықтардың жалпы саны 2724, ал жалпы олардың ауданы 1673,9 км². Олардың көпшілігі еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы абсолюттік биіктік 4000метрден асатын Тянь-Шаньның –Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей, Теріскей Алатауы мен Жоңғар Алатауы, Сауыр және Қазақстандық Алтай тауларында мұздық белдеуі түрінде орналасқан, Қазақстан бойыша ең мұзданған аймақ-Жоңғар Алатауы. Себебі, онда жалпы мұздықтардың жартысына жуығы шоғырланған (1-кесте). 1-кесте Қазақстан тауларындағы қазіргі мұз басудың таралуы
Таулардың абсолюттік биіктігі, олардың тілімделуі, күн радиациясының әркелкі таралуы және беткейлердің ылдилығы мұздықтардың морфологиялық белгілерін анықтайды, яғни Қазақстан тауларындағы мұздықтар 3 топқа бөлінеді: 1) аңғарлық мұздықтар, олар жалпы мұздықтар санының 19%, ауданының 66% алады; 2) тау беткейлерінің мұздықтары - 79% және 33%, 3) биікке көтерілген ежелгі денудациялық беткейлердің мұздықтары 2% және 1%. Қазақстандағы ең ірі мұздық Корженевский аңғарлық мұздығы, ол Іле Алатауының Талғар жотасының (4973м) оңтүстік беткейінде орналасқан, ұзындығы 12км, ауданы 35км², ең қалың қабаты 200метрге жетеді. Сол сияқты Іле Алатауының негізгі мұздықты аудандары солтүстік беткейдегі Есік, Талғар, Үлкен және Кіші Алматы, Тургень денудациялық бассейнінде орналасқан, олардың жалпы саны 194, ал жалпы ауданы 297 км². Ал Қазақстандық Алтай тауларында жалпы ауданы 207 км² болатын 300-ден астам мұздық бар. Мұздықтардың қоректенуі мен температуралық режимдеріне байланысты Абляция процестері жүреді. Абляция дегеніміз климаттық жағдайларға байланысты еру, булану және сыну нәтижесінде мұздықтар көлемінің кішіреюі. Соңғы 70-80 жыл ішінде Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Алтай тауларындағы мұздықтар жылына 20-30 метрге дейін еріп, көлемдері қысқаруда. Абляция кезеңі мұздықтарда әдетте 2-2,5 айға, яғни шілдеден қыркүйекке дейін созылады. Тілдері төмен түскен мұздықтар жаздыгүні 3м, кейде 5-6м қабаттары ериді. Жаздыгүні мұздықтарға келіп түскен жылудың 22% жоғарғы қабаттарын қыздыруға жұмсалса, 78% мұздықтарды ерітуге және булануға кетеді. Қазіргі кезде қоршаған ортаға антропогендік әрекеттердің таулы аудандардағы климаттың жылынуы және атмосферада көмірқышқыл газының көбеюінен мұздықтардың деградациялық (бұзылу) процесі жиілей түсуде. Осыған байланысты ғалымдардың алдын ала болжауы бойынша XXI ғасырдың ортасында Қазақстандағы қазіргі мұз басу екі есе қысқарып, ғасыр соңында түгелімен жойылады деп күтіледі, яғни құрлықты су басу қаупі төніп тұр. Қазақстан өзендерінің гидрометриялық сипаттамасы және олардың экологиялық жағдайы. Қазақстандағы өзендердің гидрографиялық жүйесі мен режимі жазықтық аудандарда ендік зоналық, ал таулы аймақтарда биіктік белдеулік бойынша сипатталады. Республика территориясы бойынша ылғалдың жеткіліксіздігі- нен, әсіресе шөлді аудандарда беттік ағындар сирек, өзендердің суы өте аз болып келеді. Көптеген өзендер құяр сағасына жетпей, арнасы кеуіп кетеді. Қазақстандағы өзендердің жалпы саны 85мыңға жетеді, олардың 8мыңға жуығы (10%) 10 км-ге созылса, тек 10 өзеннің ұзындығы 800 км-ден асады (2 кесте). 2-кесте Қазақстандағы ірі өзендердің гидрометриялық сипаттамасы
Республика территориясы бойынша өзендер әркелкі таралған. Яғни солтүстіктен оңтүстікке қарай өзендердің орналасу жиілігі азая түседі. Атмосфералық жауын-шашындар көп түсетін орманды дала және дала зоналарының әрбір 100 км² жерінде 4-6 км өзен болса, шөлейт зонасында 2-4км, ол шөл зонасында 0,5км-ден аспайды. Ал,таулы аудандарда жазықтарға қарағанда өзендер анағұрлым көп. Мысалы, Жоңғар Алатауының етегінде 100км²-қа 2-4км, ол орташа биіктіктегі бөліктерінде 12-16км-ге дейін жетеді. Сонымен бірге, Қазақстан таулы өзендерінің бір ерекшелігі сел процестері жиі болып тұрады. Сел дегеніміз таулы аудандарда жер сілкінуден, нөсерлі жауын-шашынның өтуінен, қар көшкінінен, мұздықтар мен қарлардың мөлшерден көп еруінен немесе тау беткейіндегі борпылдақ жыныстарының өзен арнасына құлауынан басталатын лай балшықты, күшті тау тасқыны. Қазақстан бойынша селге ең қауіпті аудан- Іле Алатауының солтүстік беткейі. Селден елді мекендерді қорғау үшін каналдар, көпірлер,бөгеттер салынып, ағаштар отырғызылады. Кіші Алматы өзенінің Медеу тұсында биіктігі 112 метрге жететін бөгет салынған. Жасанды өзендер болып саналатын каналдар егістікті суару үшін, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты сумен қамтамасыз ету үшін қолданылады. Қазақстандағы ең ірі канал Ертіс-Қарағанды-Жезқазған ұзындығы 1000км-ге жетеді,ені жоғарғы ағысында 40км-ге жетсе, тереңдігі 5-7метр. Каналдың бойында 100-ге жуық гидротехникалық құрылғылар салынған. Сонымен бірге, Арыс-Түркістан каналы ұзындығы 200км, Сырдария өзенінің бойында салынған Жаңадария-600км, Орал-Көшім-200км (Б.Қ.О), ол ұсақ каналдарға Шыршық, Чу, Көксу, Үлкен Алматы және т.б. Қазақстандағы өзендер мен каналдардың көпшілігі шаруашылық мақсатта қолданылып келеді. |