Главная страница

348 бұйрықМектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың. "Білім туралы" азастан Республикасы Заыны 5бабыны


Скачать 147.81 Kb.
Название"Білім туралы" азастан Республикасы Заыны 5бабыны
Дата26.02.2023
Размер147.81 Kb.
Формат файлаdocx
Имя файла348 бұйрықМектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың.docx
ТипДокументы
#955148
страница8 из 19
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

3-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар


      40. Негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі 5-сыныпта – 30,5 сағаттан, 6-сыныпта – 30,5 сағаттан, 7-сыныпта – 33,5 сағаттан, 8-сыныпта – 34,5 сағаттан, 9-сыныпта – 36 сағаттан аспауы тиіс.

      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      41. Білім алушылардың инвариантты және вариативті компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі ҮОЖ-да белгіленеді.

      42. Апталық оқу жүктемесі Үлгілік оқу жоспарында (инвариантты және вариативті компоненттер) айқындалған оқу жұмыстарының барлық түрлерін қамтиды. Арнайы білім беру ұйымдарының оқу жоспарларында даму бұзушылығының түрін ескере отырып, міндетті түзеу компоненті қарастырылған. Арнайы білім беру ұйымдарының оқу жоспарларындағы инвариантты, түзеу және вариативті компоненттер білім алушылардың ерекше білім беруге қажеттіліктерін ескере отырып белгіленеді.

      Инвариантты компоненттен таңдалған вариативті компоненттінің таңдау бойынша пәндеріне "сыналды" / "сыналмады" қойылады.

      43. Сыныпты екі топқа бөлуге қалалық білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар саны – 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны – 20 және одан артық болғанда:

      1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – қазақ тілі мен әдебиеті;

      2) шетел тілі;

      3) көркем еңбек;

      4) информатика бойынша жүзеге асырылады.

      Білім беру ұйымдарында қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптардағы білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болған жағдайда, оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша сыныпты екі топқа бөлуге болады.

      Білім беру ұйымдарында көркем еңбек бойынша сыныптың толымдылығына қарамастан ұлдар мен қыздарға сыныпты екі топқа бөлуге болады.

Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      44-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      44. Сыныпты екі топқа бөлуге білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар саны – 24 және одан артық болғанда:

      1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – қазақ тілі мен әдебиеті;

      2) шетел тілі;

      3) технология;

      4) информатика бойынша жүзеге асырылады.

      45. Жоғарыда аталған пәндерден инклюзивті білім беру аясында сыныпты топтарға бөлу білім алушылардың жалпы саны ерекше білім беру қажеттіліктері бар әр балаға барлық білім алушылар санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.

4-тарау. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар


      46. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруіне, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі танытуына және кәсіптік бағдарлануына, сондай-ақ білім алушылардың бейіналды даярлығына бағытталады.

      47. Білім алушылардың дайындық деңгейі бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін "Тіл және әдебиет", "Математика және информатика", "Жаратылыстану", "Адам және қоғам", "Технология және өнер", "Дене шынықтыру" білім беру салаларының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.

      48. Білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер негізгі орта білім берудің базалық мазмұнын айқындау үшін негіз болып табылады.

      49. Негізгі орта білім берудің оқу бағдарламаларында білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер әрбір оқу пәнінің бөлімдері бойынша оқыту мақсаттарында нақтыланады.

      50. Оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесі білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың жеке даму траекторияларын қалыптастыруға және олардың оқытудың ұзақ мерзімді мақсаттарына кезең-кезеңмен қол жеткізуге ілгерілеуіне мүмкіндік жасайды.

      51. "Тіл және әдебиет" білім беру саласы бойынша негізгі орта білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер.

      Қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар үшін)/ "Орыс тілі" (оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптар үшін)/ "Ана тілі" (оқыту ұйғыр/өзбек/тәжік тілдерінде жүргізілетін сыныптар үшін):

      1) тыңдалым және айтылым:

      білім алушы қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, оқу-кәсіптік салалардағы мәтіндерін түсінеді; сөйлесу тәртібінің, бағалаудың ашық және жабық түрде берілген нысандарын таниды; әртүрлі өмірлік жағдаяттарда ауызша тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырады; тілдік қарым-қатынастың әртүрлі мақсаттары мен тактикаларын іске асыру үшін түрлі тілдік құралдарды пайдалана отырып, әңгімеге бастамашы бола алады және диалогты қолдайды; проблемалық сипаттағы ақпаратты жинақтай отырып, монолог құрастырады; өз пікірін қорғайды және дәлелдейді; өз пікірін білдіре отырып, әңгіме нысанасына қатысты сөйлеушінің көзқарасын бағалайды; тақырыбы/басы/соңы бойынша мәтін мазмұнын болжайды; өз сөздерін ресімдеу кезінде грамматикалық, стилистикалық нормаларды сақтайды;

      2) оқылым:

      білім алушы әртүрлі типтегі, жанрлар мен стильдердегі мәтіндерден негізгі және егжей-тегжейлі ақпаратты (мәтіндік, сандық, графикалық) түсінеді және өзінше түсіндіреді; мәтіннің астарлы мағынасын түсінеді; зерттеп, шолып, таңдап, белгілеп оқуды, арнайы ақпарат алу үшін оқуды, талдамалық оқуды, белгілі бір мақсатпен оқуды қоса алғанда, оқу стратегияларын пайдаланады; әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпараттарды алады, оларды талдайды және жинақтайды; қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени және оқу-танымдық аяларына қатысты мәтіндердің құрылымдық, лингвистикалық және стилистикалық ерекшеліктерін салыстырады; дәлелдер мен фактілерді ажырата отырып, ақпараттың өзектілігі мен құндылығы тұрғысынан мәтінді бағалайды;

      3) жазылым:

      білім алушы естіген және оқыған ақпараттарын жинақтай отырып, әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндерді жазады; ақпаратты ұсынудың әртүрлі нысандарын пайдалана отырып, мәтін құрастырады (оның ішінде, баспа); ұсынылған ақпаратты талдау және бағалау қабілетін көрсете отырып, өзінің проблемалық сипаттағы мәтінін (мақала, эссе, хат және т.б.) жазады; әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндердің құрылымдық-композициялық, тілдік ерекшеліктерін салыстырады; анықтамалық материалды пайдалана отырып мәтіндерді түзетеді және редакциялайды; белгілі бір тақырып бойынша қарапайым, күрделі және жан-жақты жоспар жасайды; орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық нормаларды сақтайды.

      "Қазақ тілі мен әдебиеті (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін) / "Орыс тілі мен әдебиеті" (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін)

      1) тыңдалым:

      білім алушы мәтіннің негізгі мазмұнын, сондай-ақ сөйлеушінің ниетін білдіретін функционалдық маңызды мағыналы ақпаратты түсінеді; мәтіннен арнайы ақпаратты алады; терминдердің мәнін және әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени және оқу-танымдық аялары бойынша мәтіннің негізгі бөліктерін түсінеді; фактілер мен пікірлерді ажырата отырып, мәтіннің мазмұнын бағалайды; әртүрлі стильдегі және жанрдағы мәтіндердің негізгі проблемаларын айқындайды; мәтінде айтылған деректер мен құбылыстар, оқиғалар арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарды аша отырып, мәтінді талдайды; иллюстрациялар/негізгі сөздер/тақырыбы/басталуы бойынша айтылған ойдың мазмұнын болжайды;

      2) айтылым:

      талқылау, өзінің пікірін білдіру және оқиғаларды, пікірлер мен проблемаларды бағалау арқылы білім алушы оқылған тақырыптар аясындағы диалогты қолдайды; назарды өзіне қарату тәсілдерін пайдаланып және мақсатты аудиторияны есепке ала отырып монолог құрады, ұсынылған тақырып бойынша ақпаратты талдайды және жинақтайды; белгілі бір тақырып бойынша айтылған ойды бағалайды; сөйлеу нормаларын сақтай отырып, тілдің лексикалық және грамматикалық құралдарын пайдаланады;

      3) оқылым:

      білім алушы оқылған тақырыптар аясында белгілі бір күрделі тұтас және аралас мәтіндердің мазмұнын түсінеді; әртүрлі типтегі, стиль мен жанрдағы мәтіндердің ерекшеліктерін анықтайды; сөздердің айқын және астарлы мағынасын, көркем бейнелеуіш құралдардың мәнін түсінеді; өзектілігін, шынайылығын, пайдалылығын және құндылығын анықтай отырып, әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты алады; негіздемелі қорытынды шығара және оқығанына сыни тұрғыдан баға бере отырып, мәтіннің мазмұнын талдайды және жинақтайды; көркем шығарманың тақырыбын, идеясын, проблемасын, автордың көзқарасын анықтай отырып мәтінді салыстырады, белгіленген оқу стратегияларын пайдаланады;

      4) жазылым:

      білім алушы әртүрлі тілдік құралдарды пайдалана отырып, естігені және оқығаны негізінде әртүрлі типтегі, жанрдағы және стильдегі мәтіндерді жазады; әртүрлі деректерден ақпарат алу арқылы проблемалық сипаттағы мәтіндерді жазады; тұтас мәтіндердің негізінде сызбаларды, кестелерді, диаграммаларды жасайды; белгілі бір тақырып бойынша қарапайым, күрделі және жан-жақты жоспар жасайды; әртүрлі типтегі, стильдегі мәтіндердің мазмұнын салыстырады, талдайды және бағалайды; орфографиялық және грамматикалық нормаларды сақтайды; троптар мен тілдің көркемдегіш-бейнелеуіш құралдарын пайдаланады.

      "Қазақ әдебиеті" / "Орыс әдебиеті" / "Ұйғыр әдебиеті" / "Өзбек әдебиеті" / "Тәжік әдебиеті":

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) әдебиеттің негізгі даму кезеңдерін; әртүрлі жанрдағы шығармалардың мазмұнын, фольклорда халық тұрмысының, салт-дәстүрінің бейнелену ерекшеліктерін, әдеби терминдер мен әдеби бағыттарды, түрлері мен жанрларын, көркем шығармалардың бейнелі суреттеулерді біледі, өлең мәтіндері мен прозалық мәтіндердің фрагменттерін (таңдауы бойынша) жатқа біледі; оқылатын шығармалардан дәйексөздерді біледі;

      2) ұлттық көркем мұраның әлемдік мәдениеттегі мәнін; әдебиеттің мәдениеттің аса маңызды жетістіктерінің бірі ретіндегі рөлін; адам өміріндегі көркем әдебиеттің мәнін, әдеби терминдер мен әдеби бағыттарды, түрлері мен жанрларын, шығарманың тақырыбын, идеясын, проблемаларын, шығармадағы автордың көзқарасын, көркем шығармалардағы бейнелі суреттеулерді, шығармаларда ашық және астарлы айтылған мағыналарды түсінеді;

      3) әдеби тақырыпқа хабарлама, баяндама, эссе, сұхбат дайындау; жазбаша әңгіме құрастыру үшін әдеби кейіпкерлердің диалогын (оқығанының негізінде) дайындау – кейіпкерлердің біреуіне немесе бір топ кейіпкерге (топтық мінездеме), екі кейіпкерге (салыстырмалы мінездеме) мінездеме беру кезінде, өз бетімен оқыған кітапқа шағын жазбаша пікір дайындау кезінде; талдамалық сипаттағы өзіндік мәтін құрастыру кезінде, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қатыстыра отырып, оқыған мәтінге өзіндік түсініктеме беру процесінде; өзі үшін өзекті оқу ортасын анықтау және көркем шығармаларды бағалау; пікірталастарға немесе көпшілік алдында сөз сөйлеуге қатысу; қажетті ақпаратты іздестіру үшін алған білім, білік және дағдыларын; оқытылатын шығармаларды талдау үшін арнайы терминдер мен ұғымдарды; өзекті проблемаларды талқылау кезінде меңгерген дағдыларын; өз ойын білдіру, мәдени іс-шараларға қатысу үшін шығармашылық қызметтің тәсілдерін қолданады;

      4) оқығанына өзінің көзқарасын дәлелмен тұжырымдай отырып, әртүрлі жанрда бейнеленген шығармаларды; тақырыпты, идеяны және шығарма композициясының, сюжет ерекшеліктерін, шығарманың тілдік ерекшеліктерін, негізгі эпизодтарын, кейіпкерлердің іс-әрекетін және амалдарын, жазушы стилінің ерекшеліктерін талдайды, оларды әлем әдебиеті туындыларымен және өнердің басқа түрлерінің туындыларымен салыстырады;

      5) көркем мәтіннің жанры және түрі жағынан ұқсас шығарманы талдау жолдарын таңдау; фактілерді, детальдарды тарихи деректермен салыстыру; әртүрлі жоспарлар құру үшін; әртүрлі ресурстарды пайдалану арқылы жазбаша мәтіндерді құрастыру үшін алған білімін, білігін және дағдыларын жинақтайды; шығармалардағы құндылықтарды қазақ және басқа да халықтардың құндылықтарымен өзара байланыстырады;

      6) оқылған шығарманы композициялық, стильдік тұтастығы, тілдік ресімделуі және қойылған коммуникативті міндеттерге қол жеткізу тиімділігі тұрғысынан; өнердің басқа да құралдары арқылы жасалған көркем мәтінді түсіндіруді бағалайды.

      "Шетел тілі":

      1) тыңдалым:

      білім алушы оқытылған тақырыптар шеңберінде мәтіндердің негізгі мазмұнын түсінеді; екінші кезектегі мәселелерді қалдырып, басты фактілерді анықтайды; оқытылған тақырыптар шеңберінде егжей-тегжейлі ақпаратты түсінеді; қосымша ақпарат алу мақсатында естігені негізінде күрделі сұрақтар құрастырады; түпмәтіндік мәнге сүйене отырып, естігені бойынша ой қорытады; оқытылған тақырыптар шеңберінде арнайы ақпаратты ажырата алады; оқытылған тақырыптар шеңберінде берілген дәлелдердің сәйкессіздігін анықтайды;

      2) айтылым:

      білім алушы оқытылған тақырыптар шеңберінде оқиғаның логикалық дамуын құрастырып, мәтіннің негізгі мазмұнын жеткізеді; формальды және формальды емес стильдерді қолданады; оқытылған тақырыптар шеңберінде ақпаратпен таныстырады; оқытылған тақырыптар шеңберінде мәтіннің атауы, иллюстрациялары, түйін сөздері, мәтін үзінділері және т.б. бойынша ықтимал мазмұнын болжайды; нақты ақпарат алу үшін қарапайым және күрделі сұрақтар қояды; оқу тапсырмаларын орындау үшін құрбы-құрдастарымен (жұпта, топта) бірлесіп жұмыс жасайды; оқытылған тақырыптар шеңберінде мәтіндерді салыстырады және қарама-қарсы қойып салыстырады; өз көзқарасын негіздей отырып, пікірін білдіреді;

      3) оқылым:

      білім алушы оқытылған тақырыптар шеңберінде әртүрлі стиль мен жанрдағы мәтіндердің негізгі мазмұнын анықтайды; оқытылған тақырыптар шеңберінде әртүрлі стиль мен жанрда берілген мәтіндердегі егжей-тегжейлі ақпаратты ажырата алады; түрлі ақпараттық ресурстарды (анықтамалық материалдар, сөздіктер, Интернет және басқалары) пайдаланады; оқытылған тақырыптар шеңберінде мәтіндегі арнайы ақпаратты және мәтіндердің әртүрлі стилі мен жанрларын анықтайды; мәтіннің атауы, мәтін үзіндісі, иллюстрациялары, түйін сөздері және т.б. бойынша мазмұнын болжайды; автордың көзқарасын немесе пікірін анықтайды; түрлі мәтіндерден алынған ақпаратты бағалайды;

      4) жазылым:

      білім алушы кестелерді, диаграммаларды, схемаларды, сауалнамаларды, формулярларды және т.б. толтырады; оқытылған тақырыптар шеңберінде жоспар құрады, мәтінді жазады, редакциялайды және түзетеді; коммуникативтік міндеттерге сәйкес мәтіннен үзінділер алады; бұрын оқыған тақырыптар бойынша алған біліміне сүйене отырып, шынайы және/немесе ойдан шығарылған өткен, осы шақтағы және болашақта болатын оқиғаларды суреттейді; оқытылған тақырыптар шеңберінде мәтіндегі сөйлемдер мен абзацтарды бір-бірімен байланыстырады және үйлестіреді; оқытылған тақырыптар шеңберінде берілген мәтіннің тыныс белгілерін сауатты және дұрыс қояды; тиісті ережелер мен форматты сақтай отырып, әртүрлі стиль мен жанрда мәтіндер құрайды.

      52. "Математика және информатика" білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) қарапайым математиканың, статистиканың және ықтималдық теориясының негізгі ұғымдарын; сандар жіктемесін; нақты сандармен есептеу амалдарын; қарапайым математиканың негізгі формулаларын; функция ұғымын, оның қасиеттері мен графигін; алгебралық теңдеулер, теңсіздіктер және олардың жүйелерін шешу тәсілдерін; көпбұрыштар жіктемесін; жазық фигуралардың негізгі түрлерінің қасиеттерін және белгілерін; комбинаторика ережелерін; оқиға ықтималдығының классикалық, статистикалық және геометриялық анықтамаларын; статистикалық деректерді жинау және өңдеу әдістерін;

      қолданбалы есепті шешу үшін математикалық модельді пайдалану алгоритмін; ақпарат, ақпараттық процестер, технологиялар және модельдер туралы ғылыми түсініктердің негізін; қазіргі заманғы қоғамдағы және әрбір адамның өміріндегі ақпараттық технологиялардың рөлін; компьютерлік жүйелер мен желілер құрылысының негіздерін, сондай-ақ олардың бағдарламалық қамтылыммен өзара әрекеттестігін; модельдеу, алгоритмдеу және бағдарламалау арқылы есептерді шешу тәсілдерін; әртүрлі сандық құрылғылармен дұрыс және қауіпсіз жұмыс жасау ережелерін біледі;

      2) математиканың академиялық тілін; санды стандартты түрде жазу тәсілін; квадрат үшмүшенің түбірлері мен коэффициенттері арасындағы байланысты; түрлі қолданбалы есептерді шешуде математикалық модельдерді пайдаланудың маңыздылығын; аксиома мен теорема сияқты математикалық категориялардың мағынасын; жазықтықтағы геометриялық салулар мен өлшемдердің қағидаттарын; таңдау және бас жиынтықтың сандық сипаттамаларының мағынасын; сандық және сапалық талдау жүргізудегі статистикалық деректерді графикалық түрде берудің рөлін;

      компьютердің негізгі құрылғыларының өзара әрекеттестігін; қолданушының жүйемен жұмыс істеуіне арналған бағдарламалық қамтылымның қажеттілігін; барлық деректер мен нұсқауларды беру үшін компьютермен екілік кодты пайдалануды; ақпаратты өлшеу бірліктері арасындағы байланысты; ақпаратты және ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын қолданудың экономикалық, құқықтық және этикалық аспектілерін түсінеді;

      3) практикалық есептерді шешуде математикалық білімін; математикалық есептерді шешу алгоритмдерін; түпмәтінге сәйкес математикалық терминологияны; нақты сандарды есептеу амалдары; ауызша және жазбаша түрде дәл және жуықтап есептеуді; геометриялық есептерді шешуде жазық фигуралардың қасиеттерін; түрлі қолданбалы есептерді шешуде математикалық модельдерді; математикалық есептерді шешуде есептеу техникасын және бағдарламалық қамтылымды;

      қажетті ақпаратты жинау, ұсыну, өңдеу, сақтау және беру үшін ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың заманауи бағдарламалау құралдарын; объектілер мен процестерді (физикалық, биологиялық, экономикалық және ақпараттық) визуализациялау және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін олардың компьютерлік модельдерін; практикалық есептерді шешу үшін алгоритмдерді жазудың негізгі ережелерін және бағдарламалау тілдері мүмкіндіктерін; құжаттарды жасау, қарастыру және редакциялаудың бірлескен жұмысы үшін жергілікті және ғаламдық желі мүмкіндіктерін қолданады;

      4) заңдылықтарды талдайды және олардың негізінде математикалық модельдер құрастырады; статистикалық деректердің берілуінің түрлі нысандарын пайдаланып, статистикалық деректерді; рационал және иррационал өрнектерге жасалған түрлендірулерді; теңдеулерді, теңсіздіктерді және олардың жүйелерін шешуді; геометриялық фигуралардың өзара орналасуын; функциялардың қасиеттерін; математикалық модельдер құрастыру үшін мәтіндік есептердің шарттарын; графика, диаграмма және әртүрлі сызбалар түрінде ұсынылған деректерді және олардың нәтижелерін;

      шынайы және ойдағы объектілер мен процестерді зерттеуге арналған компьютерлік модельдерді; ең тиімдісін анықтау үшін компьютерде есептерді шешудің әртүрлі тәсілдерін; бар қателерді анықтау және оларды кейіннен түзету үшін бағдарламалау тілінде бағдарламалау кодын талдайды;

      5) математикалық есептерді шешудің алгоритмдерін; статистикалық деректерді өңдеу және талдау нәтижелері бойынша қорытындыларды; аксиомалар мен теоремалар арқылы дәлелді пікірлерді; геометриялық түрлендірулерді қолдана отырып құрастыру есептерін шешу тәсілдерін;

      өз идеяларын ұсыну және іске асыру үшін мәтіндер, кестелер, деректер қоры, графика мен мультимедиа түріндегі ақпаратты; электрондық кестелерде, 3D-редакторларда, сондай-ақ бағдарламалау ортасында объектілер мен процестердің (физикалық, биологиялық, экономикалық және т.б.) модельдерін жинақтайды;

      6) есептің түпмәтініне қатысты есептеулер нәтижесін; берілген параметрлердің мәндеріне байланысты функциялардың графиктерінің орналасуын; шамалардың жуық мәндерін және олардың стандартты түрде жазылуын; жүргізілген тәжірибелер санының артуына байланысты оқиға нәтижесінің абсолюттік және салыстырмалы жиілігін; ақпараттың сапасын, маңыздылығын, пайдалылығын және тиімділігін; пайдаланушының қажеттіліктеріне байланысты компьютердің пішін үйлесімін және бағдарламалық қамтылымын таңдауды; компьютерлік модельдің шынайы объектілерге сәйкестігін; алгоритмнің тиімділігін және оны орындаудың нәтижелерін; ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарының адам денсаулығына теріс әсер етуін бағалайды.

      53. "Жаратылыстану" білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) бастапқы географиялық, биологиялық, физикалық және химиялық ұғымдарды; заманауи өмірдегі жаратылыстану ғылымының рөлін; негізгі биологиялық, физикалық және химиялық теориялар мен заңдардың мәнін; атақты ғалымдардың жаратылыстану ғылымдарының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін; энергия көздерін, оның түрлерін және қолданылу салаларын; практикалық және эксперименттік жұмыстарды орындау барысында қауіпсіздік техникасының ережелерін; физикалық және химиялық шамалардың өлшем бірліктерін; механика (кинематика, динамика, статика, сақталу заңдары), жылу физикасы (молекулалық физика және термодинамика), электр және магнитизм (электростатика, тұрақты және айнымалы электр тогы, магниттік өріс, электромагнитті индукция), оптика (геометриялық және толқындық), кванттық физика элементтері, атом физикасы, астрономия бөлімдеріндегі ұғымдарды, формулаларды, заңдарды және физикалық тұрақты шамаларды; атом-молекулалық ілімді, атомның құрылысы және элементтер қасиетін; химиялық таңбаларды; заттардың жіктелуін; химиялық және физикалық, биологиялық құбылыстарды; химиялық байланыс түрлерін және заттардың құрылысын; химиялық реакциялардың типін, жүру белгілерін және заңдылықтарын; бейорганикалық және органикалық қосылыстардың маңызды кластарын және олардың қасиеттерін; электролиттік диссоциация теориясын; химиялық элементтердің периодтық заңын және периодтық жүйесінің құрылымын; Қазақстанның химия және металлургия өнеркәсіптерінің маңызды салаларын; микробиология, молекулалық, жасушалық биология негіздерін; өсімдіктер және жануарлар ағзаларының ішкі ортасы мен мүшелер жүйесінің компоненттерін; өсімдіктердің және жануарлардың негізгі топтарын; тірі ағзалардың адам және табиғи кешен үшін маңызын; эволюциялық дамудың негізі мен заңдылықтарын; сұрыптау әдістерін; биогеоценоздар мен агроценоздардың құрылымын; тірі ағзаларға қоршаған орта факторларының әсерін, адам іс-әрекетінің қоршаған ортаға әсерін; географиялық зерттеулер әдістерін; аумақтық кешендерді; географиялық объектілердің, процестер мен құбылыстардың мәнін, жіктелуін, таралу және орналасу ерекшеліктерін; заманауи геоақпараттық жүйелердің жұмыс істеу ерекшеліктері мен қолдану аясын; географиялық қабық пен географиялық ортаның, геосфералардың құрамын, құрылымын, заңдылықтарын, дамуының басты кезеңдерін; карталардың түрлерін, жіктелуін және элементтерін; материктер мен мұхиттардың, жекелеген аумақтардың, елдердің және Қазақстан Республикасының табиғаты ерекшеліктерін; әлем, жекелеген өңірлер, елдер және Қазақстан Республикасы шаруашылығының аумақтық және салалық құрылымын, даму жағдайлары мен факторларын; халықаралық экономикалық қатынастардың мақсаттары мен нысандарын; елді мекендердің түрлерін, құрылымын, функцияларын, орналасу факторлары мен даму серпінін; ғаламдық және өңірлік демографиялық проблемаларды; жекелеген аймақтардың, елдердің және Қазақстан Республикасының демографиялық саясаты ерекшеліктерін; Қазақстан Республикасының экономикалық және саяси географиялық жағдайын, аумақтық-әкімшілік бөлінуін; Қазақстан аймақтарының табиғи-ресурстық әлеуетін; елдердің типологиясын; экономикалық жүйелердің модельдерін; халықаралық байланыстардың түрлерін; табиғатты қорғау және тұрақты даму шараларын біледі;

      2) шамалардың физикалық мағынасын, механика, электр және магнетизм, оптика, атом физикасы, астрономияның негізгі терминдері мен заңдарын; биологиялық, физикалық және химиялық құбылыстардың адам өміріндегі маңыздылығын; химиялық реакциялардың жүру жағдайларын; тотығу және қалпына келу процесін; органикалық және бейорганикалық заттар кластарының арасындағы айырмашылықтарды; ИЮПАК Теориялық және қолданбалы химияның халықаралық одағы халықаралық номенклатурасын; химиялық өндірістің технологияларын және ғылыми қағидаттарын; микробиологияның медицинадағы, ауыл шаруашылығындағы және өнеркәсіптегі маңызын; жасушалардағы молекулалар және органоидтар деңгейінде жүретін процестерді; өсімдік және жануарлар ағзаларының ішкі ортасы мен мүшелер жүйесінің функцияларын, өсімдік пен жануарлардың негізгі топтарының жіктелу қағидаттарын; метаболизм процестерін; жаһандық және жергілікті экологиялық проблемаларды; жердегі биокөптүрлілікті сақтаудағы Қызыл кітаптың рөлін; табиғи және әлеуметтік-экономикалық заңдылықтардың, процестердің, құбылыстардың мәнін; заманауи географиялық кеңістіктің, аумақтық кешендердің ерекшеліктерін; географиялық объектілердің, процестер мен құбылыстардың өзара байланыстарын; географиялық қабық пен географиялық ортадағы процестердің себептерін, кезеңдерін, салдарын, мәнін; геосаяси процестерді; геосаясат субъектілерінің рөлі мен ықпал өрісін, өзара әрекеттестігін; "Байқоңыр" ғарыш айлағының өңірлік және халықаралық маңыздылығын түсінеді;

      3) тірі және өлі табиғаттағы объектілерді, процестер мен құбылыстарды сипаттау үшін негізгі физикалық, химиялық, биологиялық, географиялық ұғымдар мен терминдерді; тәжірибелік-эксперименттік және зерттеу жұмыстарын қауiпсiз жүргізу әдістерін; қолданбалы және оқу тапсырмаларын шешу, практикалық және зертханалық жұмыстарды орындау барысында физика, химия, биология, географияның заңдары мен формулаларын; нәтижелерді ұсынуда графикалық тәсілдерді, өлшем бірліктердің Халықаралық жүйесін; алынған білімдерін биологиялық, физикалық және химиялық құбылыстардың жүру жағдайларын және процестерді түсіндіруге; ағзалардың әртүрлі топтарын сипаттаған кезде бинарлық номенклатураны; географиялық қабық пен географиялық орта компоненттерінің сандық және сапалық сипаттамаларын анықтау әдістерін; картометрия тәсілдерін, кеңістікте бағдарлау және навигациялық дағдыларды қолданады;

      4) ғылыми-жаратылыстану эксперименті нәтижесінде алынған деректерді; графиктік және кестелік нысанда берілген ақпаратты; заттардың қасиетінің сапалық және сандық құрамына және оның құрылымына тәуелділігін; заттардың қасиеті мен қолданылуы арасындағы себеп-салдарлық байланысты; адам ағзасының химиялық құрамын және оның дұрыс жұмыс істеуі үшін микроэлементтер мен макроэлементтердің маңызын; биологиялық процестер мен құбылыстардың заңдылықтарын; тірі ағзалардың мүшелер жүйесінің құрылысы мен функциясын; трансгендік технологияларды қолдануға байланысты проблемаларды; биогеоценоздағы заттар айналымының процестерін; географиялық қабық пен географиялық ортадағы процестер мен құбылыстардың себеп-салдарлық байланыстарын; жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктер мен ғылыми жаңалықтарды қолдану аясын; географиялық объектілердің орналасу факторларын; қоғамдық өндірістің ғылыми-жаратылыстану, әлеуметтік-экономикалық негіздерін; Қазақстанның географиялық және геосаяси жағдайын, саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының ерекшеліктері мен факторларын, оның дүниежүзіндегі рөлі мен орнын талдайды;

      5) кесте, сызбанұсқа, хабарлама, баяндама, таныстырылым түрінде көрсету үшін жинақталған және өңделген деректерді, ақпараттарды; гипотеза, дәлел және түсініктеме жасауға арналған ғылыми модельдерді және дәлелдемелерді; эксперимент және зерттеулер жүргізу жоспарын; эмпирикалық қағидаларды, қағидаттар мен заңдылықтарды жүйелеу, жіктеу және анықтау үшін тірі және өлі табиғатта болатын процестер туралы білімдерді жинақтайды;

      6) жасалған эксперименттің нәтижелерін, зертханалық жұмыстарды жүргізу кезіндегі тәуекелдерді, түрлі биологиялық, физикалық және химиялық процестердің адамның тыныс-тіршілігі мен қоршаған ортаға әсерін; табиғи биогеоценоздар мен агроценоздардың жағдайын; өнеркәсіптің технологиялық қағидаттарының тірі табиғат компоненттері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға әсерін; пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланудың маңыздылығын; әртүрлі мақсаттар мен қызмет түрлері үшін географиялық объектілердің, процестер мен құбылыстардың жарамдылық және пайдалану дәрежесін бағалайды.

      54. "Адам және қоғам" білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) отан және дүниежүзі тарихы кезеңдерін; Қазақстан және дүниежүзі тарихының ежелден бастап қазіргі күнге дейінгі негізгі оқиғаларын, құбылыстарын, процестерін; отан және әлем тарихында маңызды рөл атқарған тарихи қайраткерлерді; тарихи даму барысында қалыптасқан ұлттық және әлемдік мәдениеттің маңызды жетістіктерін; тарих ғылымының базалық ұғымдарын; тарихи деректердің түрлерін; құқық пәні мен ұғымын; заманауи құқық жүйелерін; іргелі құқықтық және әлеуметтік құндылықтарды: адам құқығы, демократия, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет, заңдылық және құқық тәртібі; қазақстандық құқық саласының базалық мазмұны мен негізгі ұғымдарын; құқық дереккөздерін; гуманизмге, адалдыққа,отан алдындағы борыш пен толеранттылыққа негізделген құндылықтар мен нормалар мәнін; адамның өзіне, қоршаған әлемге, жалпы адамзатқа деген қарым-қатынасын ескеретін адамгершілік мінез-құлық негіздерін,әлеуметтік маңызды бағдарды; адамның жағымды және жағымсыз қасиеттері, эмоциялары мен сезімдері туралы ұғымдарды біледі;

      2) тарихтың барлық кезеңдері бойы отан және дүниежүзі тарихының дамуының тұтастығы мен үздіксіздігін сипаттайтын негізгі оқиғалардың, құбылыстар мен процестердің мәнін; Қазақстан мен түрлі әлем елдерінің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуының сипатты белгілерін; заманауи қоғамдық процестердің тарихи шарттылығын, адамзаттың мәдени әртүрлілігін; Қазақстанның тарихи жолының ерекшеліктерін, әлем тарихындағы оның рөлі мен орнын; отан және әлем тарихындағы көрнекті тұлғалардың рөлі мен орнын; өзін Қазақстан Республикасы азаматы ретінде сезінуі нысанында азаматтық және ұлттық біртектілігін; отан және әлем тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне, адам құқығы мен бостандығына, қоғам өмірінің демократиялық қағидаларына құрметпен қарау қажеттігін; мемлекет және құқықтың пайда болуы, олардың өзара байланысы; қазақстандық құқық салаларының негізгі ұғымдары мен базалық санаттарын; құқық мазмұнын, нақты құқықтық қарым-қатынастардың қатысушысы ретінде азаматтың міндеттері мен жауапкершілігін; әлеуметтік өмірдің негізгі салаларындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу қажеттілігін; тұлғаның құқығын құрметтеу қажеттілігін; адамның ұдайы өзін-өзі дамыту мен тану қажеттілігін; жалпы адамзаттық, этномәдени және ұлттық құндылықтардың өзара байланысын; сөзі мен әрекеті үшін жауапкершілікті; отбасындағы, ұжымдағы және қоғамдағы өзінің рөлін; болашақ мамандығын саналы таңдау маңыздылығын; өмірде өзара көмектің маңыздылығын; практикада салауатты өмір салты туралы білімді қолдана отырып, өз өмірі мен денсаулығын құндылық ретінде түсінеді;

      3) тарихи ойлау дағдыларын: өмірлік міндеттер мен мәселелерді шешу үшін; тарихи картадағы өзгерістерді, түрлі объектілердің орналасқан жерін анықтау кезінде; тарихи тұлғаларды, оқиғаларды, құбылыстарды, процестерді салыстыру кезінде; Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуын сипаттау кезінде; тарихи негізіне сүйене отырып, заманауи өмірдің құбылыстарына қатынасы бойынша өз ұстанымын анықтау кезінде; тарихи материалдармен жұмыс кезінде; күнделікті өмірде және практикалық әрекетінде құқықтық ақпаратты; құқықпен реттелген, күнделікті өмірде заңға сәйкес іс-қимыл мен мінез-құлық тәртібін таңдау кезінде; құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру тәсілдерін айқындау кезінде, сондай-ақ бұзылған құқықтарды қорғау кезінде; тиісті органдар мен ұйымдарға білікті заң көмегіне жүгіну кезінде; өзекті қоғамдық және құқықтық мәселелер бойынша пікірталастарға қатысу кезінде; қоғамға қызмет етуге бағытталған, проблемаларды шешуде шығармашылық тәсілді; адамгершілік нормаларына сәйкес түрлі мәселелерді сындарлы шешуде; басқа адамдармен және қоршаған ортамен тілектестік қарым-қатынас орнату кезінде алынған білімді, білікті және дағдыны қолданады;

      4) себеп-салдарлық байланыстарын анықтау мақсатында тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, процестерді; жалпы сипатты белгілері мен ерекшеліктерін анықтай отырып, Қазақстанның және басқа да елдердің тарихи дамуын; тарихи тұлғалар қызметінің нәтижесі мен уәждерін; тарихи паралелль өткізу жолымен Қазақстан мен әлемнің жекелеген мемлекеттерінің даму үрдістерін, қоғамдық, экономикалық, саяси және мәдени процестерін; проблемалық сұрақтарға жауап беру үшін түрлі тарихи дереккөздерді; бір тарихи оқиғаларға, құбылыстар мен процестерге түрлі көзқарастарды; түрлі таңбалы жүйеде (мәтін, карта, кесте, схема, дыбыс-бейне қатары) ұсынылған ақпараттарды; қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттейтін нормалар мен тетіктерді; құқықтық қатынастар субьектілерінің негізгі құқықтары мен міндеттерін; қоғамдағы құқықтық қатынастарға байланысты, күрделі емес практикалық жағдаяттарды; жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігін және құқықтық ережелерінің ерекшеліктерін; түрлі деректерден алынған құқықтық сипаттағы ақпараттарды; адамдарда тұлғалық өзін-өзі анықтау, өзін-өзі таныту, өзін-өзі бақылау қабілетін қалыптастыру нысандары мен әдістерін; материалдық және материалдық емес жоспардың қажеттіліктері және олардың қалау мен мүмкіндіктерге сәйкес келуін талдайды;

      5) жалпы заңдылықтарды анықтай отырып, тарихи құбылыстардың, процестердің сипатты белгілерін жіктеу, жүйелеу, жалпылау және саралау үшін түрлі дереккөздердегі ақпараттарды; қоғамда болып жатқан қазіргі заманғы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени процестерге бағдарлану үшін тарихи мәліметтерді; қоғамда әлеуметтік бейімделу үшін құқықтық және адамгершілік нормаларын ескере отырып, түрлі практикалық жағдаяттардағы мінез-құлық моделін жинақтайды;

      6) тарихи оқиғаларды, процестерді, құбылыстарды, тұлғаларды отандық және әлемдік тарихқа ықпалы тұрғысынан бағалайды, оларды әртүрлі түсіндіруді; әртүрлі тарихи дереккөздердің анықтығын; заманауи өркениеттің перспективасын, оның дамуындағы қиындықтар мен проблемаларды; қазіргі қазақстандық қоғамның әлемдік экономикадағы, саясаттағы және мәдениеттегі рөлін; қоғамдағы мемлекеттік-құқықтық институттардың қызметі, олардың дамуына өз үлесін қосу мүмкіндігін; қоғам өміріндегі оң және келеңсіз құбылыстарды; құқық қорғау мен заңдылық мәнін; нақты мәселелерді шешуде саналы белсенділік таныту қабілетін көрсету; адамгершілік нормаларына сәйкес белгіленген міндеттерді сындарлы шешу үшін өзінің ұжымда және топта ынтымақтасу қабілетін бағалайды.

      55. "Технология және өнер" білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер.

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) өнер түрлерінің әртүрлі стильдері, бағыттары мен жанрларының жіктеуіші мен ерекшеліктерін; музыка мен өнердің бейнелеу және суреттеу құралдарын; өнер түрлерінің стильдері мен жанрларының пайда болу тарихын; қазақ халқының және әлемнің басқа халықтарының сәндік-қолданбалы өнердегі салт-дәстүрлерін; әлемдік және ұлттық үздік музыка мен өнер туындыларын; халық және классикалық музыка аспаптарының жіктемесін; табиғи, жасанды және көркем материалдардың негізгі түрлері мен қасиеттерін; кейбір материалдардың қолмен, механикалық және көркем өңдеудің негізгі технологияларын; тамақ дайындаудың негізгі технологияларын; электротехникалық жұмыстардың негізгі түрлерінің жалпы сипаттамасын; электротехникалық материалдардың жіктемесін; технологиялық машиналардың, аспаптардың, аппараттар мен құралдардың жіктемесін; технологиялық машиналар мен жабдықтардың тұтынымдық және функциялық сипаттамасын; тоқыма бұйымдарын өңдеу, құрастыру және модельдеу негіздерін; өнер саласында қолданылатын заманауи ақпараттық технологияларды және бағдарламалық қамтылымды; жабдықтармен және құралдармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы қағидаларын біледі;

      2) адам мен қоғам өмірінде, қоршаған ортаны қорғау мен сақтауда өнер түрлерінің, техника мен технологияның маңызы мен рөлін; қазақ халқының және әлемнің басқа халықтарының музыка мен бейнелеу өнері туындыларының құндылығын; өнер түрлерінің стильдері мен бағыттарының тарихи кезеңдермен байланысын; шығармашылық ойды түрлі өнер құралдары арқылы жеткізудің ерекшеліктерін; табиғи және жасанды материалдар қасиеттерінің бұйымдардың функциялық және эстетикалық сапасына әсерін; шешім қабылдау, идеяларды дамыту, шығармашылық бұйымдарды жасау үшін топтық және ұжымдық жұмыстың маңызын түсінеді;

      3) әртүрлі өнер түрлерінде шығармашылық жобаларды жасау үшін; қарапайым электромонтаждау жұмыстарын жүргізу үшін; қоршаған әлемдегі образдарды, заттар мен құбылыстарды бейнелеуде көркем әдістер мен тәсілдерді, оның ішінде компьютерлік бағдарламалар мен қосымшаларды пайдалану арқылы; бұйымдарды, сондай-ақ өнер туындыларын жасау және дайындау барысында конструктивтік, көркем материалдардың түрлі қасиеттері туралы білімін; жаңа бұйымдардың прототиптерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын пайдалана отырып жасау үшін материалдарды өңдеудің негізгі технологияларын; өз идеяларын коммерциялық салада жүзеге асыру үшін шығармашылық өнімдерді жылжытудың түрлі тәсілдерін; өз еңбегін жоспарлау және ұйымдастыру әдістерін; қоршаған ортадағы экологиялық проблемаларды өнер арқылы көрсету тәсілдерін қолданады;

      4) түрлі өнер туындыларындағы шығармашылық идеялар мен ойларды; өнер қайраткерлерінің және өзінің жұмысында пайдаланылған тәсілдерді, техникалар мен материалдарды; сапаны жақсарту мақсатында жасалған бұйымдардың прототиптерін; шығармашылық еңбек нәтижелерінің тұтынушылық мүмкіндігін; әлеуметтік-тарихи, өңірлік, ғылыми-техникалық, мәдени факторлардың өнер туындыларына ықпалын; өнердің, технологиялар мен өндірістің қоршаған ортаға және адамның тіршілік әрекетіне әсерін талдайды;

      5) әртүрлі өнер түрлері бойынша шығармашылық жобаларды, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып; әртүрлі материалдар және құралдарды пайдалану арқылы түрлі техникаларда жұмыс жасаудың әдістері мен тәсілдерін; түрлі стильдер мен жанрларда импровизация, аранжировка жасау үшін әртүрлі идеяларды; шығармашылық жұмыстарды жасау үшін гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша білім мен дағдыларды; материалдардың технологиялық және пайдаланылу қасиеттерін ескеріп, кейбір бұйымдарды жасау үшін конструкторлық және дизайнерлік шешімдерді жинақтайды;

      6) түрлі өнер туындыларындағы негізгі ойды, образдар мен идеяларды; ұлттық және әлемдік өнер туындыларының көркемдік және эстетикалық құндылығын; өздігінен/ұжыммен орындаған көркемдік, техникалық жұмыстарды; бұйымдардың функционалдық, эргономикалық және тиімділік мүмкіндіктерін; еңбек өнімдерінің тұтынушылық сапасын және технологиялық операцияларды орындаудың сервистік мүмкіндіктерін бағалайды.

      56. "Дене шынықтыру" білім беру саласы бойынша күтілетін нәтижелер.

      Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:

      1) дене шынықтыру сабақтарында қауіпсіздік ережелері мен техникасын; қимыл-қозғалыстарды, әр бағыттағы дене шынықтыру жаттығуларының кешендерін; дене шынықтыру сабақтары кезіндегі ағзадағы өзгерістерді (сыртқы және ішкі белгілері бойынша) және дене шынықтыру жүктемесінің режимдерін (жүрек соғуының жиілігі бойынша) бақылау әдістері мен тәсілдерін біледі;

      2) еңбекке қабілеттілік деңгейін арттыру үшін денсаулықты сақтау және нығайту қажеттілігін; күн режимінде дене шынықтыру жаттығуларының рөлін; дене шынықтырудың ағза жүйелерінің функционалдық күйіне ықпал етуін; салауатты өмір сүрудің қажеттілігін; орындалатын қимыл-қозғалыстардың күрделілік деңгейін; дене даярлығының түрлі сатыларында дене шынықтыру жүктемесінің талап етілетін қарқынына жету қажеттілігін түсінеді;

      3) денені жетілдіру үшін кең диапазондағы іс-қимыл дағдыларын; өзінің және топтың қызығушылығын есепке ала отырып, жеке және бірлескен дене шынықтыру сабақтарын болжау; өзінің және басқалардың дене шынықтыру тәжірибелерін байыту үшін білімі мен дағдыларын; оқу бағдарламасында көрсетілген спорт ойындары мен циклдік спорт түрлерінде тактикасы мен стратегиясын; бағдарламадағы спорт түрлері бойынша мектеп жарыстарында қазылық жасау кезіндегі қағидалар туралы білімін қолданады;

      4) болашақ оқуды және топтағы мінез-құлықты басқару үшін дене шынықтыру жаттығуларындағы жетістіктер мен тәжірибені; іс-әрекетті оңтайландыру негізінде өзі-өзі дамытуға және білімін жетілдіруге даярлығын және қабілеттілігін; қысқа және ұзақ уақытты жаттығулар кезінде ағзадағы физикалық өзгерістерді басқарудың түрлі әдістерін талдайды;

      5) қозғалыстың түрлері мен олардың ретін қозғалыстың жақсартылған комбинациясында; салауатты және қауіпсіз өмір сүруді қалыптастыруда білім мен дағдыларды; дене шынықтыру сабақтарының шеңберінде проблемаларды зерттеу және шешу үшін сын тұрғысынан ойлау құралдары мен білімін; адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайларда жеке және ұжымның қауіпсіз әрекеттерінің қағидаларын білуді жинақтайды;

      6) өзінің физикалық қабілеттері мен басқалардың қабілеттерін; түрлі дене жаттығуларын орындау кезінде туындайтын қиындықтар мен тәуекелдерді; денсаулықтың түрлі аспектілеріне дене жаттығуларының әсерін; салауатты өмір салтын таңдау мен қалыптастыруда, мектепішілік және мектептен тыс спорттық іс-шараларға қатысуда белсенді шығармашылық іс-әрекетке араласу үшін өзінің әлеуетін бағалайды.

      "Өмір қауіпсіздігінің негіздері" оқу курсының мазмұны 5-9-сыныптарда дене шынықтыру оқу курсының аясында 15 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен дене шынықтыру мұғалімінің оқытуымен іске асырылады. "Өмір қауіпсіздігінің негіздері" бойынша сабақтар міндетті болып табылады және оқу процесі кезінде жүргізіледі.

      57. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім алушылардың білімін бағалау критерийлерін қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бағалау критерийлері білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейлерін өлшеу үшін пайдаланылады.

      58. Бағалау критерийлері әрбір оқу бағдарламасы бойынша оқыту мақсаттарына сәйкес әзірленеді, сонымен бірге білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері ескеріледі.

      59. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау формативті және жиынтық бағалау нысанында жүзеге асырылады.

      60. Білім алушылардың білімін бағалау критерийлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      61. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін олардың білім алуына, даму бұзушылықтарын түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалады.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19


написать администратору сайта