348 бұйрықМектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың. "Білім туралы" азастан Республикасы Заыны 5бабыны
Скачать 147.81 Kb.
|
3-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар28. Бастауыш мектептегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі 27 сағаттан аспайды. 29. Білім алушылардың инвариантты және вариативтік компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында белгіленеді. 30. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болғанда: 1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда қазақ тілі бойынша; 2) шетел тілі бойынша; 3) цифрлық сауаттылық бойынша (1 сыныптан басқа) бойынша жүзеге асырылады. Білім беру ұйымдарында сыныптардағы білім алушылар саны қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушылар саны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болған жағдайда, оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда орыс тілі бойынша сыныпты екі топқа бөлуге болады. Тиісті мемлекеттік органдар шектеу іс-шараларын жүзеге асырған, карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда барлық оқу пәндері бойынша сыныпты топтарға бөлу бір сыныпта 15 білім алушыға дейінгі толымдылықпен жүргізіледі. Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 23.09.2022 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен. 31. Инклюзивті білім беру шеңберінде 30-тармақта көрсетілген пәндер бойынша сыныпты топтарға бөлу әрбір ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға сынып толымдылығындағы білім алушылардың жалпы санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады. 4-тарау. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар32. Білім алушылардың дайындық деңгейі "Тіл және әдебиет", "Математика және информатика", "Жаратылыстану", "Адам және қоғам", "Технология және өнер", "Дене шынықтыру" сияқты бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін әрбір білім беру саласының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады. 33. "Тіл және әдебиет" білім беру саласы бойынша бастауыш білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер. "Қазақ тілі" / "Орыс тілі"/ "Ана тілі", "Әдебиеттік оқу": 1) тыңдалым және айтылым: білім алушы әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; сөйлеушінің көзқарасын жеткізу жолдарын айқындайды, қорытындылар жасайды; пікірталастың тақырыбын түсінеді және сөйлеу нормасын сақтай отырып, оны талқылауға қатысады; сөйлеу барысында синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады; мәнерліліктің эмоциялық-реңкті құралдарын қолдана отырып, әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады; тыңдағандарына және оқығандарына қатысты пайымдайды, өз ойымен және эмоциясымен бөліседі; логикалық дәйектілікті сақтай отырып, өз көзқарасын дәлелдейді; берілген тақырып пен коммуникативтік нұсқауға сәйкес өзара байланысқан, логикалық тұрғыдан дәйектелген дербес пікір білдіреді; тілдік қатынастың әртүрлі тәсілдерін қолдана отырып, диалогқа қатысады; оқылған, тыңдалған ақпараттың негізінде рухани-адамгершілік құндылықтар туралы түсінікті талдайды; 2) оқылым: білім алушы халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті туындыларын оқиды, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын талдайды және іс-әрекеттеріне баға береді; көркем мәтіндерді көркем емес мәтіндерден ажыратады; көркем шығармалардың негізгі идеялары мен композициясын айқындайды; көркем туындының жанрын айқындайды, өзінің жауабына/таңдауына негіздеме береді; автордың бейнені сомдау үшін қолданған әдеби көркемдеуіш құралдарын айқындайды; жазушының өз кейіпкерлеріне қатынасы туралы қорытынды жасайды; мәтіндерді белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын қолдана отырып оқиды; шығармалардағы оқиғалар барысын болжайды; мәтін түрлерін (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) айқындайды; әңгімелерді/өлеңдерді мәнерлеп оқиды; өлеңді мәнерлеп жатқа оқиды; көркем әдебиет туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды; 3) жазылым: білім алушы тиісті сөздерді негізді түрде іріктей отырып, әртүрлі типте, жанр мен стильде өз мәтіндерін құрастырып жазады; меңгерген грамматикалық, пунктуациялық және орфографиялық нормаларға сай жазады; жеткізудің түрлі тәсілдерін (суреттер, сызбалар, кескіндер, кестелер) қолдана отырып, мәтіндер жазады; жазудың гигиеналық және каллиграфиялық дағдыларын сақтайды; Қазақстан халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты тақырыптарға өзінің жеке көзқарасын білдіре отырып, шағын мәтіндер құрастырады. "Қазақ тілі" (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда,)/ "Орыс тілі" (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтінсыныптарда): 1) тыңдалым: білім алушылар қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени салалары үшін өзекті аудиовизуалды материалдардың мазмұнын түсінеді; мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, мәтіндегі басты және қосалқы ақпараттың мағынасын барынша толыққанды, терең және дәл түсіне алады; қарым-қатынас жасау жағдаяттарына, қарым-қатынас орнына және қарым-қатынасқа (коммуникацияға) қатысушыларға қарай сөйлеу стильдерінің қалай өзгеретінін түсінеді; түрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның/әңгіменің мазмұнын болжайды; 2) айтылым: білім алушы алдын ала дайындалған жазбалар мен жоспарды пайдалана отырып, әңгіменің, оқиғаның мазмұнын жеткізеді; оқығаны, естігені жөнінде сұрақтар құрастырады және көзқарасын білдіреді; ұсынылған тақырып пен белгіленген коммуникативтік тапсырма бойынша өзара байланысқан, логикалық жүйеге құрылған хабарламаны құрастырады; қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени саласында түрлі тілдік жағдаяттарға сай өзінің коммуникативтік ниетін білдіре отырып, диалогқа қатысады; 3) оқылым: білім алушы оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды; таныс емес сөздері бар мәтіннен негізгі ақпаратты, автордың тұжырымы мен бағасын түсінеді; көркем және көркем емес мәтіндерді ажыратып таниды; алуан түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты табады; идеяны, оқиғаларды және кейіпкерлер іс-әрекеттерінің себептерін түсінетінін көрсетеді; сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, таныс емес сөздер мен фразалардың мағынасын анықтайды; қазақ және әлем әдебиетінің көркем туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды; 4) жазылым: білім алушы тыңдалған мәтіннің, оқылған ақпараттың және көрген оқиғаның (тақырыптар, жекелеген деректер, пікірлер) қысқаша жазбаларын жасайды; орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық нормаларды ескере отырып, баяндау (баяндаусыз) сипатындағы мәтіндерді құрастыру үшін тиісті лексикалық бірліктерді пайдаланады. "Шетел тілі": 1) тыңдалым: білім алушы таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелесулердің негізгі мазмұнын түсінеді, таныс сөздер мен фразалардың айтылуын ажырата алады; түстер мен сандар туралы қысқа сұрақтарды түсінеді; таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелердің мазмұны мен мәнін болжау үшін мәнмәтіндік тірек сөздерді пайдаланады; баяу және айқын дыбысталып айтылған шағын әңгімелердің жалпы мәнін түсінеді; 2) айтылым: білім алушы өзі туралы тіркестер мен сөйлемдер құрастырады, сұрақтар құрастырады; сұрақтарға жауап береді; заттар мен оқиғаларды сипаттағанда негізгі сөздер мен фразаларды дұрыс интонациямен және екпінмен айтады; өзіне не ұнайтынын және не ұнамайтынын айтады; 3) оқылым: білім алушы қарапайым иллюстрацияланған сөздікті пайдаланады; тұрмыстық-әлеуметтік тақырыптағы көлемі шағын көркем және көркем емес мәтіндерді түсінеді; қысқа мәтіндердің негізгі ойын айқындайды; қысқа мәтіндерден нақты және детальді ақпаратты айқындайды; 4) жазылым: білім алушы жиі қолданылатын сөздердің жазылуы мен айтылуы арасындағы айырмашылықты білетіндігін көрсете отырып, дұрыс жазады; дауыстап оқығанда жай сөйлемдерді жаза алады; сөйлем соңында тыныс белгілерін дұрыс қояды. 34. "Математика және информатика" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері. Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы: 1) "цифр", "сан", "координаталық сәуле", "санның үлесі", "жай бөлшек", "аралас сан", "санды өрнек", "әріпті өрнек", "теңдік", "теңсіздік", "бұрыштың градустық өлшемі", "пайыз", "жиын", "симметрия", "ақпарат", "объект", "файл", "папка", "затбелгі", "модель", "компьютер желісі", "Интернет" ұғымдарының мәнін; ондық санау жүйесіндегі разряд бірліктерінің мәндерін; жазық және кеңістік геометриялық фигураларының түрлерін және олардың элементтерін; шаршы және тік төртбұрыш периметрі мен ауданын есептеу формулаларын, бірдей дәрежелі бөлшектерді қосу және азайту принциптерін; операциялық жүйе объектілерінің қызметін; ақпаратты ұсыну түрлері мен өлшем бірліктерін; компьютердің негізгі құрылғыларын, енгізу мен шығару құрылғыларын; қолданбалы, сервистік бағдарламалардың және операциялық жүйенің мақсатын, компьютерде жұмыс істеген кезде қауіпсіздік техникасы принциптерін біледі; 2) натурал сандарға, шамаларға және олардың арасындағы байланысқа қатысты арифметикалық амалдардың мәні мен ретін; шамалар арасындағы қарапайым өзара тәуелділікті; жиындардың "қиылысуы" мен "бірігуіне" қатысты операциялардың мағынасын; пайызды бөлшек санмен өрнектеуді, бөлшек сандарды пайызбен өрнектеуді; тұрақты және айнымалы шамалар арасындағы айырмашылықтарды; компьютердің негізгі бөліктерінің қолданылуы, құрылымдарының, операциялық жүйе интерфейсі элементтерінің кіру және шығу құрылғысы; компьютерлік техниканың адам денсаулығына тигізетін әсері; ақпаратты және құрылымдарды зиян келтіретін бағдарламалардан қорғаудың маңыздылығы; ақпараттың авторларға сілтеме жасалған ілеспе қажеттілігін түсінеді; 3) өрнектер жазу үшін, санды өрнектерді түрлендіру үшін, есептер шығару үшін математикалық символдарды, арифметикалық амалдар мен қасиеттерді; натурал сандар мен арифметикалық амалдарды ауызша және жазбаша есептеу амалдарын; шамалардың стандартты және стандартты емес өлшем бірліктерін (ұзындық, аудан, көлем, масса, уақыт); шамаларды өлшеу құралдарын; есеп шарттарын жазудың математикалық тілі мен графикалық модельдерін; теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; периметр мен ауданды есептеу формулаларын (шаршының, тік төртбұрыштың, тікбұрышты үшбұрыштың); жиын элементтері арасындағы қатынастарды көрсету үшін Эйлер-Венн диаграммаларын; санның бөлігін және оның бөлігі бойынша санды табу білігін; ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге және жеткізуге арналған ақпараттық-коммуникациялық құралдарды; ақпараттың алуан түрлерімен жұмыс істеуге, модельдер құруға арналған қолданбалы бағдарламаларды; алға қойылған міндеттерді шешу үшін интернет қызметін; компьютерде жұмыс істеу принциптерін қолданады; 4) ауызша және жазбаша санаудың рационалды тәсілдерін; геометриялық фигуралардың ерекшеліктерін; сандық өрнектер мен айнымалысы бар өрнектердің мәндерін салыстыру нәтижесін; әртүрлі шамалар арасындағы тәуелділіктер (сан, баға, құн, жылдамдық, уақыт, арақашықтық, еңбек (жұмыс) өнімділігі, жұмыс ұзақтығы, жұмыс көлемі); заңдылықтарды және тізбектің жетіспейтін элементтерін табуды; күрделі емес комбинаторикалық және логикалық есептерді; есеп шартының сызба, кесте түрлеріндегі жазбасын; санаумен, өлшеумен байланысты деректер мен нәтижелерді; қолданбалы бағдарламалардың мүмкіндіктерін; желіде этикалық және құқықтық нормалардың бұзылу салдарын; мәлімделген талаптарға сәйкес іріктеп, түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты талдайды; 5) заттарды олардың белгілері мен кеңістіктегі орналасуына қарай сыныптауышын; шамалар арасындағы тәуелділіктің математикалық моделін; шынайы әлемнің нақты нысандары мен процестерінің бейнелер мен сызбалар түріндегі ең қарапайым модельдерін; ұсынылған мәліметтер немесе математикалық модельдер бойынша есеп құрастырады және оған кері есеп құрайды; берілген заңдылықтар бойынша тізбек құрастырады; практикалық міндеттерді шешу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, объектілер мен жағдаяттардың модельдерін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің мүмкіндіктері туралы білімдерін түрлі міндеттерді шешу үшін жинақтайды; 6) өлшем нәтижелерін; сандар, шамалар, геометриялық фигуралар туралы қарапайым тұжырымдардың ақиқаттылығын немесе жалғандығын; графика, кесте, диаграмма түрінде берілген деректерді; модельдің берілген критерийлерге сәйкестігін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің түрлі міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін бағалайды. 35. "Жаратылыстану" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері. Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы: 1) Күн жүйесінің ғаламшарларын және олардың ерекшеліктерін; Жер мен оның табиғаты туралы, Ғалам туралы негізгі жаратылыстану түсініктерін; ғылыми таным әдістерін: бақылау, эксперимент, тәжірибе; зерттеуді жоспарлау мен жүргізу барысындағы қауіпсіздік техникасы негіздерін; апатты табиғи құбылыстар кезінде әрекет жасау принциптерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың өмірлік циклдерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың негізгі органдарының құрылымы мен орналасу ерекшеліктерін және олардың функцияларын; өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың жіктелуін; фотосинтез процесінің негіздерін; жарықтың кейбір қасиеттерін; кейбір физикалық күштерді және олардың пайда болу себептерін; қуаттың кейбір түрлерін; Жер бетінде кеңінен таралған заттектердің құрамы мен қасиеттерін; түрлі денелердің қасиеттерін және олар қолданатын кейбір салаларды; пайдалы қазбалардың негізгі түрлерін және олардың маңызын, Қазақстан Республикасындағы пайдалы қазбалардың негізгі кеніштерін біледі; 2) қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың және Жердегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңыздылығын; жеке бас гигиенасын сақтаудың қажеттілігін; ағзаның қорғану функцияларын; табиғат компоненттерінің тірі ағзалар үшін маңызын; қоршаған ортаға енудің құралы ретіндегі ағзалар ерекшеліктерін; омыртқалы және омыртқасыз жан-жануарлардың қарапайым айырмашылықтарын; табиғат ресурстарын ұтымды пайдаланудың қажеттілігін түсінеді; 3) табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды зерделеу үшін кейбір зерттеу әдістерін; табиғи объектілерді, құбылыстар мен процестерді өлшеудің стандартты және стандартты емес бірліктерін; табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды өлшеудің қарапайым құралдарын; жүргізген зерттеулерді түсіндіруге қажет тиісті ғылыми терминологияны; өзі тұрып жатқан жердегі өсімдіктер мен жан-жануарларды жіктеу үшін олардың қарапайым белгілері туралы білімді қолданады; 4) табиғат компоненттері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды; материалдарды қолдану мүмкіндіктерін айқындау үшін олардың қасиеттерін; белгілі бір аумақтың жануарлар мен өсімдіктер әлемін; алуан түрлі өмір сүру орталарының ұқсастығы мен айырмашылығын; өз зерттеулеріндегі және түрлі дереккөздерден алынған материалдарды талдайды; 5) тірі және өлі табиғаттың объектілері мен құбылыстарына зерттеу жүргізуді жоспарлау және өткізу үшін алынған білімі мен дағдыларын; сурет, сызба, графиктер, диаграммалар, кестелер түріндегі ақпараттық материалдарды; қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты идеяларды; микро- және макроәлемнің объектілері, құбылыстары мен процестерінің имитациялық және географиялық үлгілерін жинақтайды; 6) табиғи объектілердің, құбылыстар мен процестердің даму факторлары мен жағдайын; адамның әрекеті мен қоршаған ортаның жағдайына ғылыми-техникалық прогрестің салдары; ғылыми-техникалық прогрестің адамның тіршілік әрекетіне әсері; жасалған болжамға өз зерттеулерінен алынған нәтижелердің сәйкестігін бағалайды. 36. "Адам және қоғам" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері. Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы: 1) білім алушының күнделікті өмірі өтетін отбасының, мектеп қоғамдастығының құрылымын, құрамы мен функциясын; адамның ең негізгі әлеуметтік функцияларын; "адам – қоғам" өзара байланысы туралы бастапқы мәліметтерді; "қауіпсіздік", "денсаулық" ұғымдары және олардың басты белгілерін; жеке тұлғаның, отбасының, қауымдастықтардың және тұтас қоғамның ерекшеліктерін және олардың адам өміріндегі маңызы мен атқаратын рөлін; тұтыну тауарларының негізгі түрлерін және олардың құрамын; Қазақстанның тарихы мен географиясы туралы жалпы мәліметті; Қазақстан халқы мен Қазақстан халықтарының негізгі дәстүрлері мен фольклорын; Қазақстанның әлемдегі орны мен рөлін; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін; жалпыадамзаттық құндылықтарды; оң және достық қарым-қатынас жасау принциптерін, этикет принциптерін, мектеп оқушысының құқықтары мен міндеттерін, саламатты өмір салтының принциптерін біледі; 2) өзінің Қазақстанның жас азаматы ретіндегі азаматтық болмысын және белгілі бір ұлтқа қатыстылығын; отбасының, туған жері мен Атамекенінің құндылығын; көпұлтты қазақстандық қоғамның құндылығын; Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің маңызын; қоғамдағы адамның адамгершілік мінез-құлық нормаларын; өз өмірінің мектеп өмірімен, ауыл, қала, ел өмірімен тығыз байланыста екендігін; қоғамға қызмет етудің маңыздылығын; әртүрлі елді мекен түрлерінің функционалдық және құрылымдық ерекшеліктерін; өз ойы мен сөзінің, іс-әрекетінің бір жерден шығуының маңыздылығын, олар үшін өз жауапкершілігін; ұлттық салт-дәстүрлердің мәнін; адам өміріндегі және қоғам дамуындағы саяхаттардың рөлін; адамның өзін тануы мен өзін дамытудың маңыздылығын; "еңбек", "өзара түсіністік", "өмірге қуанышпен қарау", "қиындыққа мойымау", "мейірімділік", "жомарттық", "кеңпейілділік", "патриоттық", "шығармашылық" ұғымдарының мазмұнын және маңыздылығын; саламатты өмір салтын ұстануы керектігін; табиғаттың өмірлік қуат көзі ретіндегі мәнін; табиғатқа қамқорлық көрсетудің маңызын түсінеді; 3) таным әдістерін қоғамдық процестер мен құбылыстарды зерттеу үшін, оқу тапсырмалары мен шығармашылық, танымдық, зерттеу, жобалау сипатындағы жұмыстарды орындау үшін; қарапайым қаржылық қарым-қатынастардағы жеке басының тәжірибесі мен білімін; салауатты өмір салты туралы, жеке бас гигиенасы туралы, тамақтану және күн тәртібі туралы білімін; дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету туралы қарапайым білімін; қоршаған ортаға бейімделудегі өзінің жеке және қоғам тәжірибесін; отбасында және ұжымда өзара оң және достық қарым-қатынасты сақтау мақсатындағы қатынас принциптерін қолданады; 4) Қазақстанның әлемдегі орнын; қазақ халқының және елде тұрып жатқан басқа да ұлт өкілдерінің мәдени және салт-дәстүрлерінің ортақ және ерекше белгілерін; жеке тұлғаның, отбасының, мектеп қауымдастығының даму факторларын; адам өміріндегі негізгі ресурстардың мәнін; денсаулық пен қауіпсіздік факторларын; адамның көңіл-күйінің, сезімі мен адамдар іс-әрекетінің көрінісі, олардың себеп-салдарын; өзіндік эмоционалдық күйін талдайды; 5) қоғамдық құбылыстар мен процестерді жүйелеу және топтастыру үшін білімі мен дағдыларын; қоғамның кейбір өзекті проблемаларын айқындау үшін білімі мен дағдыларын; кеңістікте (орын), уақытта (хронологияда), әлеуметтік ортада (қоғамда) бағдарлануы үшін жеке шешімдерін; отбасылық, тұлғааралық және қоғамдық салаларда коммуникация модельдерін; өмір қауіпсіздігі, саяхатты ұйымдастыру бойынша өз жобаларын, өзіндік рухани-адамгершілік дамуы бойынша шешімдерін жинақтайды; 6) адамгершілік нормасы тұрғысынан өзінің мінез-құлқы мен айналадағы адамдардың істерін; отбасының, қоғамның, мемлекеттің әрбір адам өміріндегі маңыздылығын; заманауи өмірдегі дәстүр мен фольклордың рөлін; тұтыну заттарының маңыздылығы мен құны бойынша құндылығын; сабақта өз жұмысына қанағаттану дәрежесін; тұлғааралық, қоғамдық және қаржы-экономикалық қарым-қатынас саласында өзінің ілгерілеу деңгейін, өзінің эмоциялық және физикалық қалпын; адамдардың тәртібін жалпы қабылданған адамгершілік нормалары тұрғысынан бағалайды. 37. "Технология және өнер" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері. Бастауыш білімді аяқтағанда білім алушылар: 1) өнердің негізгі түрлері мен жанрларын; сызықтардың және формалардың негізгі түрлерін; негізгі және қосымша түстерді; сурет салуға және сәндік-көркем жұмыстарға керекті негізгі материалдар мен құралдарды; өнердің әр алуан түрлерінде жұмыс істеудің негізгі техникалары мен әдістерін; әлемдік және отандық өнер қайраткерлері туындыларының үздік үлгілерін; шығармашылық идеяларды берудің көркем әдіс-тәсілдерін; музыкалық сауаттылық негіздерін; әнді орындау және музыка тыңдау принциптерін; қазақтың дәстүрлі музыкасының негізгі түрлерін, жанрларын және стильдерін; халық аспаптар оркестрі мен симфониялық оркестердің музыкалық аспаптарының атаулары мен жіктеуішін; хор мен оркестр түрлерін; қазақтың дәстүрлі және классикалық музыкасының үздік үлгілері мен танымал орындаушыларын; Қазақстан композиторларының музыкасын және әлем халықтарының музыкасын; қарапайым компьютерлік музыкалық бағдарламаларды біледі; 2) өнердің өмірмен байланысын; орындау техникасының өнердің түрімен, стилімен, жанрымен байланысын; Қазақстанның сәндік-көркем өнеріндегі ұлттық салт-дәстүрлердің ерекшеліктері мен маңызын; қазақ халқының және басқа да әлем халықтарының мәдениетіндегі өнер туындыларының маңызын; музыканың адам өміріндегі маңызын; музыканың басқа өнер түрлерімен байланысын; қазақ халқы мен әлемнің басқа халықтарының мәдениетін көрсететін дәстүрлі музыканы; халықтық музыканың композиторлар музыкасы үшін негіз қалаушы рөлін түсінеді; 3) заттарды бейнелеудегі композиция заңдарын; өнердің мәнерлілік құралдарын; идеяларды дамыту үшін әртүрлі ақпарат көздерін және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды; шығармашылық жұмыс жасау үшін әртүрлі көркем материалдарды, құралдарды және техникаларды; шығармашылық жұмысты жасау үшін өнердің түрлері, стилдері мен жанрлары туралы білімді; қауіпсіздік техникасының ережелерін; жеке және ансамбльде, хорда/оркестрде ән айтуда, музыкалық аспаптарда ойнауда сезімді, көңіл-күйді жеткізу үшін, қарапайым шығармаларды, импровизацияларды, шығармашылық жобаларды, оның ішінде компьютерлік музыкалық бағдарламаларды пайдалана отырып жасау үшін музыкалық сауаттылық негіздерін; музыкалық құбылыстарды, қоршаған өмірдің құбылыстарын дыбыс тілі арқылы түсіндіргенде музыканың түрлері, стилдері және жанрлары туралы білімді қолданады; 4) өзінің қызметін жоспарлау үшін әртүрлі дереккөздерінен алынған ақпаратты; қазақ халқының және әлемнің басқа да халықтары өнерінің стильдері мен жанрларын; өнер туындыларын жасау үшін қолданылған материалдар мен техникаларды; эксперименталдық, зерттеу жұмыстарын жүргізуде көркем материалдар мен аспаптардың қасиеті мен сапасын; өзінің шығармашылық қызметінің процесі мен нәтижелерін; адам өміріндегі музыканың рөлі мен мәнін; дәстүрлі қазақ музыкасы мен әлем халықтары музыкасының ұқсастығы мен айырмашылығын, сондай-ақ мазмұнын; халық және симфониялық оркестрлердің музыкалық аспаптарының ерекшеліктерін; жеке музыкалық шығармашылық жұмыстарды жасау және импровизациялау үшін әртүрлі дыбыстар мен дыбыс әсерлерін талдайды; 5) шығармашылық жұмыстарды жасау үшін тәсілдер мен техникаларды, материалдың қасиеті мен мүмкіндіктерін; идеяны дамыту үшін түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып алынған ақпаратты; шығармашылық жобаларды орындау және идеяларды, оның ішінде музыкалық компьютерлік бағдарламаларды пайдалана отырып іске асыру үшін білімдерді, дағдыларды, ақпаратты, шығармашылық жұмысты әзірлеу үшін өнердің әртүрлі элементтерін синтездейді; 6) көркем және музыкалық жұмыстардың негізгі мақсатын, образдары мен идеяларын; шығармашылық жұмыстарды жасау үшін мәнерлілік құралдары мен материалдың қасиетін; көркем еңбек бойынша жеке/ұжымдық орындалған жұмыстарды; үйренетін музыканың адамгершілік-эстетикалық жағын, алынған шығармашылық қызмет нәтижесін, музыка мен көркем шығармашылықтың өмірдегі рөлін бағалайды. 38. "Дене шынықтыру" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері. Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы: 1) ағзаның дамуына ықпал ететін негізгі дене шынықтыру жаттығуларын, оларды орындаудың принциптері мен техникасын; дене шынықтыру жаттығуларын орындау барысындағы техникалық қауіпсіздік принциптерін; сергіту жаттығулары мен ширатып шынықтыру жаттығуларын орындау принциптерін; дене жаттығуларын орындау кезіндегі ағзадағы өзгерістерді бақылау тәсілдерін; дене даярлығын жақсарту үшін дене бөліктері мен бұлшық еттерді дамыту әдістерін біледі; 2) дене шынықтырудың денсаулықты нығайтудағы маңызын; дене шынықтыру мен спорттың елдің дамуындағы және сол үшін мақтаныш сезімін қалыптастырудағы рөлін; орындалатын жаттығулардың күрделілік деңгейін; түрлі физикалық жүктемелердің талап етілетін қарқындылығына қол жеткізу қажеттілігін; дене, психикалық және эмоциялық саламаттылықты сақтау мен қолдаудың маңызын; түрлі дене жаттығуларын орындау кезінде туындайтын тәуекелдерді түсінеді; 3) келісілген мақсаттарға қол жеткізу үшін өзіндік/бірлескен жұмысты орындау дағдыларын; кешенді дене жаттығуларын орындау кезінде қолданылатын композициялық амалдар мен ережелер туралы білімін; уақытты, кеңістікті, дағды мен қозғалыс координацияларын түсінетінін көрсете отырып, дене жаттығуларын орындаудың дұрыс бірізділігін; дене дамуындағы кемістіктерді және денсаулық үшін ықтимал тәуекелдерді жоятын арнайы жаттығуларды; дұрыс тамақтану мен қозғалу режимінің негізгі принциптерін қолданады; 4) болашақ оқуды және мінез-құлқын басқару үшін топта дене шынықтыру жаттығуларын орындаудағы өзінің жетістіктері мен тәжірибесін; дене шынықтырудың әр түріндегі жеке қабілеттерін және сенімділігін жақсарту; ортақ мақсатқа қол жеткізудегі ынтымақтастық және әділ жарыс жағдаяттарын талдайды; 5) қозғалыс түрлерінен тұратын белгілі бір қозғалыстар комбинацияларын, сондай-ақ түрлі спорт тактикаларын пайдалана отырып стратегияларды; дене шынықтырудың алуан түрлі жағдаяттарына бейімделу үшін білім мен дағдыларды жинақтайды; 6) әртүрлі физикалық жүктемелерді орындау кезінде туындайтын қиындықтар мен тәуекелдерді; өзінің және өзгелердің физикалық мүмкіндіктерін; мектепішілік және мектептен тыс спорттық іс-шараларға қатысу үшін өзінің мүмкіндіктерін бағалайды. 39. Білім алушыларға үй тапсырмалары олардың орындау мүмкіндіктері ескеріле отырып беріледі, 2-сыныпта 50 минуттан, ал 3-4-сыныптарда 1 сағат 10 минуттан (астрономиялық сағатта) аспайды. 40. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім алушылардың білімдерін бағалау критерийлерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Бағалау критерийлері ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін де ескере отырып, білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейін өлшеу үшін пайдаланылады. 41. Бағалау нақты бөлім/ортақ тақырып бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін қадағалау негізінде әрбір оқу пәні бойынша оқу бағдарламасында көрсетілген оқу мақсаттары жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады. 42. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау формативті және жиынтық бағалау нысанында жүзеге асырылады. 43. Бастауыш білім беру деңгейінде бағалау 2-сыныптан бастап формативті және жиынтық бағалауды қолдану арқылы жүзеге асырылады. 44. Бастауыш білім берудің оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. 45. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың білім алуы үшін, даму бұзушылықтарын түзету және әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасалады. |